Тілші: — Әзілхан аға, жарыңызды отырыстарда, әлде бір басқосуларда қызғанған күндеріңіз болды ма? Оның ше?

Ә.Н:— Болды. Халима екеуміздің ең алғаш қосылған кезіміз еді. Онда Халима "Суық бұлақ" мектебінде мұғалім болатын. Мектепте Бірінші май мерекесіне арналған кеш болды. Мұғалімдер, ауыл активтері, әйел-еркек көп жиналды. Кейбір ер мұғалімдер, ауыл жастары Халиманы қайта-қайта биге шақырады. Халима бас тартпай бәрімен де билеп кетеді. Өзіңнің өлдім-талдым деп қолың әрең жетіп, жаңа ғана үйленген жарыңды бөтен біреудің құшағында көру қиын екен. Қызғаныштан ішім күйіп кетті де, сыртқа шыға жөнелдім. Түн болатын. Далада жауын құйып тұр екен. Есік алдындағы электр бағанасына сүйеніп, жауынның астында тұрдым да қойдым. Бір уақытта іштен жүгіріп Халима шықты. Қараңғыда әрі жүгірді, бері жүгірді. Анда-санда "Әзіл! Әзіл!" деп дауыстап қояды. "Иә!" дедім бір кезде даусым әрең шығып. Ол жүгіріп жаныма жетіп келді.

— Айналайын-ау, қайда жүрсің? Неғып тұрсың жауынның астында? — деп құшақтай алды. Құшақтаған кезде жаңағы ашуымның қайда кеткенін білмей қалдым.

— Ішім күйіп кетті, — деппін аузыма не сөз түскенін аңғармай.

— Неге?

— Сені басқа біреулер құшақтағанда!

— Жаным-ау, ол бидің тәртібі ғой. Биге кім шақырса, соны мен ортаға шығып билеу керек. Шықпай қою көргенсіздік болады, — деді ол мені аймалап.

— Білмеймін! — деп мен басымды шайқадым.

— Жүрші ішке кірелік. Мен енді ешқашан да ешкіммен билемеймін! Биі құрсын! — деді менің қолтығымнан алып.

Содан кейін ол өзгемен ешқашан биге шыққан емес.

Оның да бір рет мені қызғанғаны бар. Ол кезде Павлодарда тұратынбыз. Облыстық газеттің редакторы кезім. Очерктерім республикалық газеттерге үсті-үстіне жарияланып, очерк кітаптарым бірінен соң бірі шығып жатқан уақыт. Өзім шешен, өзім көсеммін. Ел сыйлайды, халық құрметтейді. Ойын-тойларынан қалдырмайды. Қонаққа жиі шақырады.

Сол күндердің бірінде басшы азаматтардың бірі қонаққа шақырды. Әйелдерімен бірсыпыра адам жиналған екен. Әзіл айтып, әңгіме соғып отырдық. Ән де айтылды, би де биленді. Билемеген Халима екеуміз ғана. Мен биді шын білмеймін, ол білсе де "білмейді". Бір кезде біреу:

— Ал, "Сүйіс" ойынын ойнайық, — деді.

Ол бұрын естімеген ойыным еді. Сөйтсем, қазақша орамал тастау ойынына ұқсайды екен. Бастаушы ойын шарты бойынша маған:

— Сіз кімді жақсы көресіз? —деді.

Мен жан-жағыма қарасам, қарсы алдымда Гүлшара деген келіншек отыр екен. Гүлдей майысқан, әжептәуір өнді әйел болатын. Облыстың басшы қызметтерінің біріне Алматыдан жаңадан келген жігіттің әйелі еді. Соған көзім түсіп кетті де:

— Гүлшараны, — деп қалдым.

— Дәлелдеңіз.

Мен Гүлшараның қасына барып сайрай кеп жөнелдім.

— Әйелдің бәрі сұлу. Сіз де сұлусыз. Сұлулықтың үстіне сізде жайдары көңіл, жұмсақ мінез бар екен. Осындай сұлу да сүйкімді хор қызыңдай әйелді сіздің күйеуіңіз күнде сүйеді. Ол бақытты кісі. Ал сіз маған бетіңізден бір рет сүйгізсеңіз, өмірі ұмытпастай сыйлық жасаған болар едіңіз, деп еңкейіп, келіншекке басымды идім. Келіншек "рахмет", "сүймей-ақ қойыңыз" немесе "қолымнан сүйіңіз" дейтін шығар деп ойладым. Сөйтсем "сүйіңіз" дегені сызылып. Мен келіншекті құшақтап, бетінен сүйдім.

Ойын шарты орындалды. Жұрт қол шапалақтады.

Той тарқап, біз үйге келдік. Әйелімде үн жоқ. Бірнеше күн осылай болды. Мен не жаздым деп ойлаймын. Себебін таба алмаймын. Әбден көңілім күйзелді. Сөйтсем, ол анада қонаққа барғанда бейтаныс келіншектің бетінен сүйгеніме өкпелеп қалыпты.

— Жүз грамм арақ ішіп едің, бас салып бөтен әйелдің бетінен сүйдің. Екі жүз грамм ішсең, етегіне жармасатын түрің бар. Менің көзімше бөтен әйелдің бетінен сүйгеніңе ішім күйді. Мені қойшы, сонша жеңілтектік көрсеткенің жұрттан ұят болды. Мен жалпы қызғаншақ әйел емеспін, оны өзің білесің. Қызғанбайтыным мен саған шексіз сенемін. Бірақ, мына қылығыңа қиналмай қала алмадым, — деді.

Осыдан кейін мен ойын-тойда "Сүйіс" ойынын көрсем аттонымды ала қашатын болдым. Бұрын әзілдеп әйелдерге әр нәрсені айта беретін едім. Оны да мүлде қойдым. Сегіз жыл Павлодарда болғанда жасаған бір "қылмысым" жұрт көзінше бір әйелдің бетінен сүю болыпты. "Сүйіс" орнынан сырт қалғаным сияқты, өмір бойы қарта ойнаған кісі емеспін. Арақты да аз іштім. Ойын-тойда екі рөмкеден артық тамағымнан өтпейді. Табиғаттың маған берген осындай бір шектеуіші болды. Жұрт зорласа да жүрмейтін еді. Осының бәрі ортамызда ешқандай ұрыс-керіс, дау-жанжал шықпауына себеп болды.

Наши рекомендации