Рметті Әзілхан аға! 3 страница

Бір күні қарасам, Халима әлгі артылып қалған жіпті қасына қойып алып, содан бірдеңе тоқып отыр. Қолындағы тоқыма киім тоқитын ұзын инесі жалт-жұлт етеді.

— Мұның не жыпылдата тоқып жатқанын? – дедім мен оған.

— Әй, жай бірдеңе, — дей салды Халима.

— Жай болғанда не?

— Мына артық жіп босқа қалмасын деп, содан сетке тоқып жатырмын, — деді ол.

— Ол не керек, дүкенде сетка көп емес пе?

— Көп қой. Бірақ, олар кішкентай. Ішіне 2-3 килограммнан артық ештеңе сыймайды. Мен ішіне 7-8 килограмм сиятындай етіп, дүкендікінен үлкенірек тоқып жатырмын.

— Неге?

— Базарға барғанда азық-түлікті көбірек алып қайту үшін.

— 7-8 килограмм жүк ауыр ғой бір колға. Оны қалай көтересің?

— Қойшы, әйел ауырлықты сезуші ме еді?! — деді ол күліп.

Сөйтіп, ол алғашында өзіне бір торқапшық тоқып алды.

Кейін қыздары мен келіндеріне бір-бірден тоқып берді.

Одан артылған жіпті маған сыйлады.

— Мә, мынаны сен ал. Біреулерге кітап жіберсең, бандерольдың сыртын байлауға жақсы. Поштадағылар осындай жіпті үнемі пайдаланады, — деп синтетикадан иірілген бір буда жіптің қалдығын менің қолыма ұстатты.

Мен ол буда жіпті жазу үстелімнің оң жақтағы тартпасына салып қойдым.

Халима сол жіппен өз қолымен орап, менің бірнеше бандеролімді жөнелтті. Енді бандерольді ол жіппен өзім ораймын.

Бұрын, Халима ораған бандерольдер тап-тұйнақтай болушы еді. Мен ораған бандерольдер қобыраңқылау болып шығады. Оны поштадағы қыздар қабақ шытып қабылдайды. Кезекті бандерольді қобалақтап орап отырып, Халиманың әр іске тиянақты қарайтыны, қолы тиген нәрсе жұнттай жайнап шыға келетін қасиеттерін ойлап, күрсінемін.

Айналайын, Халима-ай! деймін ақырын.

Он сегізінші сөз

Осынша ұзақ сөйлегеніме ғафу өтінемін, ағайын. Бұл менің шырқыраған шыбын жанымның шерлі жыры ғой. Соны бүгін өздеріңіздей дос, бауыр, туыс, сыйлас, сырлас ағайын алдында айтып, ішімді бір босатып алуды жөн көрдім. Шерімді сіздерге айтпағанда, кімге айтамын? Ғафу өтінемін.

Бүгін — бар, ертең жоқсың!

Өмір деген осы, қымбатты достар.

Бар болыңыздар.

Бақытты болыңыздар.

Халиманың есімін ескеріп, оның қырқына келген бәрлеріңізге шын жүректен алғыс айтамыз.

Сіздер құрметтеген Халима өз қолында барды жұртпен бөлісуге әзір тұратын еді. Ал өзі ешкімнің ақысын жемеуге тырысатын. Біреуден пайда көре қоюға ұмтылмайтын.

Бір ыстық күні Халима екеуміз көк базардан қайтып келе жатып, көшеде такси күтіп тұрдық.

Машиналар қасымыздан зу-зу өтіп жатты. Бірақ такси жоқ. Көп тұрып қалдық. Жай машиналар қол көтергенде тоқтамайды, іші толы кісі немесе жүргізушінің қасында бастығы отырады.

Сөйтіп сарғайып тұрғанымызда бір машина келіп, қасымызға тоқтай қалды. Бізге тоқтамаған шығар деп ойладық.

Жүргізуші еңкейіп, оң жақ есігін ашты да:

— Келіңіздер, аға, отырыңыздар,— деді.

Біз бөгеліп қалдық. Бізді бөтен біреумен шатастырып тұр ма деп ойладық.

Ол ойымызды ұққандай жүргізуші:

— Келіңіздер, мен сіздерге тоқтадым, – деді.

Біз артқы салонға кіріп, қатар жайғастық.

— Қарағым, біз саған қол көтерген жоқ едік қой, қалай тоқтадың? — дедім мен алда отырған жүргізуші жігітке еңкейе түсіп.

— Сіздерді таныдым. Сіз Әзілхан ағасыз ғой! — деді жігіт мойынын сәл бұрып.

— Мені қалай танисың, қалқам?

— Басынан махаббат кешкендердің бәрі сізді тануы керек қой. Сіздің "Махаббат, қызық мол жылдар" романыңыздың көп оқырмандарының бірімін.

— Бірақ, мені көрген жоқсың ғой.

— Көзбен көрмесең де, көңілмен танитын адамдар болады. Сізді теледидардан талай рет көргенмін. Сондықтан сіз маған таныстарымнан артық танымалсыз. Тек апайды көрген жоқ едім. Екеуіңізге қатар кездескеніме қуаныштымын.

— Әдіріс қалай, аға?

— Құрманғазы, 90. Интернационал көшесінің қиылысы. Ал мені теледидардан көрсең, апайыңды қалай таныдың?

— Сіз сияқты кісілер бөтен әйелмен бірге жүрмейді ғой. Сондықтан, аға.

Жігіт машинасын біздің үйдің қасына тоқтатты.

— Келдік қой деймін, аға, — деді.

— Рақмет, қалқам, – дедім мен.

Халима сөмкесінен суырып, ақша ұсынды.

— Мә, айналайын, көп рақмет. Күнсіп, көшеде көп тұрып қалып едік. Үйге жеткізіп салғаныңа ризамыз.

— Жоқ, апа мен сіздерден ақша алмаймын, – деді жігіт басын шайқап.

— Неге, қалқам?

— Сіздерден жолақы алу күнә болады, – деді жігіт басын одан сайын шайқап, Халиманың ақша ұсынған қолын кері қайтарып.

— Онда жол ақы емес, тәбәрік деп ал, айналайын. Балаларға атаң мен әжеңнің берген тәбәрігі деп кәмпит апарып бер.

Осылай деп Халима кесектеу қағаз ақшаны отырған орнында қалдырып, машинадан түсті.

Біз екеуміз жүргізуші жігіттің адамгершілігіне қайран қалдық.

Халима көркемдеп, нақыштап сөйлеуді мақсат етпейтін. Қарапайым сөздермен айтайын деген ойын айқын жеткізуге тырысатын. Бірақ, оның кейбір қарапайым сөздерінің өзі нақылға ұқсап кететін. Оны ол өзі де аңғармайтын. Анда-санда мен ғана байқайтынмын.

Мен инфаркт болып ауырғаннан кейін дәрігерлер маған көп жаяу жүруді мәслихат еткен. Сондықтан, Халима мені таңертең, жарық түсе, орнымнан тұрғызып, көшеде серуен жасатуға алып шығатын. Кейде "Динамо" стадионына немесе Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы балалар паркіне барамыз. Кейде одан да алыстап, бұрынғы Үкімет үйінің алдындағы (Абылай хан пен Төле би көшелерінің қиылысы) паркке де шығып кетеміз. Ол жердей біздің таныстарымыз: Әлжаппар Әбішев, Зейнолла Қабдолов, Жұмағали Ысмағұлов және басқалар кездесетін. Мен солармен әңгімелесіп, парк ішін аралап, қыдырыс жасаймыз. Ол кезде Халима мені жолдастарымның қасына қалдырып, өзі таяу тұстағы азық-түлік дүкендеріне қарай кетеді.

— 40 минуттан кейін келемін, содан кейін үйге қайтамыз, – дейді.

Халима, айтқанындай 40 минуттан кейін келіп, мені тротуар шетіндегі орындықта күтіп отырады. Қасына қойған торқапшығында нан, айран, сүт, қаймақ сияқты азық-түлік болады.

— Мынаның бәрін неге алғансың, ауыр ғой өзіңе, — деймін мен.

— Ауыр деп базардан қайтқан кездегілерді айт. Мынау маған қанаттың қауырсыныңдай ғана, — дейді ол күліп.

Мен еңкейіп, торқапшықты қолыма алып, салмақтап көремін.

— Мынауың жеңіл емес сияқты, – деймін содан соң.

— Саған солай көрініп тұрған шығар. Ауыр салмақ көтеріп үйренген кісіге жеңіл жүк қаңбақ құрлы көрінбейді, — деп іші толы кішірек тор қалтаны жерден лып еткізіп көтеріп алды.

— Қайта айтшы: мына сөзің нақыл сияқты болып шықты, – дедім жалма-жан блокнотымды іздеп қалтама қолымды сұғып.

— Қойшы, өйтіп нақылдың нарқын төмендетпе. Әр нақылдың философиялық мәні болады. Менікі мән-мағынасы жоқ тұрмыстық қарапайым сөз ғана ғой, — деп ілгері аяндады.

Мен сұраған сөзін қайталап айтпады.

Бір жолы таңертеңгі серуенімізді Республика сарайы жағына қарай бағыттадық. Сарайдан алыстап, Алматының шығыс жақ шетіндегі Дачная көшесіне дейін бардық. Бір сағаттан аса жүріп, үйден төрт-бес шақырымдай алыстап кеттік.

Сол жақ шеттегі дүкендердің бірінен Халима таңертеңгі тамаққа керектерін сатып алды. Содан кейін қайтадан үйге қарай беттедік. Он шақты шақырым жол жүрдік. Өзім шаршаған сияқтымын. Оны білдірмей:

— Шаршадың ба, Халима? — дедім.

— Қойшы, қасында күйеуі қатар жүрген әйел шаршаушы ма еді? – деді ол.

— Осы сөзіңді: "Жақсы күйеуі жанында жүрген әйел шаршаушы ма еді?" деп, түзетіп айтуыңа болмас па екен? — дедім мен әйеліме наз айтып.

Ол күліп:

— Мен сені сыртыма шығарып айтып, көзінше мақтамаймын, сен дандайсып кетпесін деймін. Ал ішімнен мақтаймын, үнсіз мақтанамын! Сен соны білмейсің бе? — деді Халима.

Оның бұл сөзі жаныма майдай жағып, көңілім судай тасыды. Жүрегім елжіреп, жарымды арқасынан қағып, қаусыра құшақтадым.

— Арқамнан сипағаның маған берген қаламақың ба? — деді ол бетіме күлімсірей қарап. — Мен ешқандай қаламақы дәметпейтін кісімін ғой.

Ол осылай деп қайтадан алға қарағанда анадайдан бізге қарай келе жатқан кісілерге көзі түсті. Содан кейін:

— Қой, ана кісілерден ұят болады. "Шал мен кемпірдің құшақтасып келе жатқанын қара!" деп күлер бізге. Қолыңды төмен түсір. Ұяттың не екенін өзің де білесін ғой, — деді наздана сөйлеп.

Мен қолымды Халиманың арқасынан темен түсірдім. Ол оң қолымен менің төмен салбыраған сол қолымның алақанын еркелете қысып, қоя берді.

Ол менің шаршағанымды сезді де, Кіші Алматы өзенінің жағасында таяу жердегі скамейкаларға қарай бұрылды.

— Дәрігерлер саған шаршамай жүр. Шаршасаң, қолма-қол тоқтап, демалып ал деген, — деп орындыққа әкеліп отырғызды.

Халима жұрт көзінше көп сөйлемейтін. Ал екеуміз оңаша қалғанда өзара әңгімеміз таусылмайтын. Сондай кезде Халиманың аузынан нақыл іспеттес сөздер шығып жататын.

Ондай сөздердің кейбіреулерін мен тұра қалып, блокнотыма түртіп алатынмын. Халима мен өз басыма келген әлдебір ойды түртіп алып жатқан болар едім, мен жазып болғанша, орнынан қозғалмай, тоқтап тұратын.

Мені ешқашан асықтырмайтын. Ойымды үркітпеуге тырысатын.

Халима әйел болып, мен үйде жоқта немесе ұйықтап жатқанда ешқашан қалтамды ақтарған емес. Жасырған ақшасы немесе әлдебір бөтен әйелден алған құпия хаты бар деп ойламайтын. Маған шексіз сенетін. Сондықтан да ол маған келген хаттардың бірін де ашып оқымай, өз қолыма әкеп беретін. Кім жазыпты? Не депті? деп ешқашан сұрамайтын. Мен жоқта келген хаттар ашылмастан үстелімнің үстінде қаттаулы тұратын.

Оқығаннан кейін олардың маңыздыларын жан жарым Халимаға өзім айтып отыратынмын.

Өзін жұрт қадірлеп, құрметтеген Халима осындай кісі болатын.

Он тоғызыншы сөз

Бүгін, Халиманың қырқы күні Сіздерге қоштасу қолтаңбасы жазылған 40 кітапты шын ықыласпен сыйлаймын.

Анау тізімде бүгін кітап алуға тиіс адамдардың аттары көрсетілген. Ол тізімге өткен жолы кітап алған кісілер де қосылып кеткен сияқты. Ол адамдардың бұл жолы алмауларына болады.

Бұл жолы да кітап жетпей қалған адамдарға Халиманың жылы болғанда, амандық болса, қымбатты Мұхтар Құл-Мұхаммед бауырым шығартып жатқан "Махаббат, қызық мол жылдар" романын жеткілікті етіп өздеріңізге үлестіріп беруге уәде етемін.

Махаббат демекші, Халима екеумізді бір-бірімізге махаббат жалғастырды. Бір кездегі бала махаббатымыз мәңгілік махаббатқа айналды.

Өз ойымша, махаббат деген адамзат сезімінің алтын құсы сияқты. Махаббат бірін-бірі білмейтін алыс жақта дүниеге келген екі жастың жүрегін ұя еткен алтын құстың (немесе аққу құстың) ақ үрпек балапанына ұқсайды. Өз ұяларының төрінде талпынып өскен екі алтын балапан есейгеннен кейін, жүректері дірілдеп, көңілдері алабұртады. Әлдекімді іздегендей болып, жан-жағына қаранып, таранып, талпына бастайды. Өз жанымен үндес біреу бар екенін іштей сезеді. Бірақ, оның қайда екенін, қашан кездесетінін екеуі де білмейді. Олар ұядан шығып, әрқайсысы өз тіршілігімен, аспан кеңістігін самғап ұша бастайды.

Өз ұяларынан әлдебір алыс жерде немесе атамекен өз тоғайының шетінде Тағдыр ол екеуін ойламаған жерден кездестіреді. Бірі үшін бірі жаратылған екі жүрек үнсіз үйлесіп, бір ырғақпен соғып, қатар түзеп, Өмір деген көк аспанның қиырына қарай бет түзеп, қанаттарын қатар сермеп, шаттана шырқай жөнеледі...

Қыз бен жігіт те сол екі алтын балапан сияқты. Олар да бірінен бірі аулақта өсіп, ақыл толтырады. Бой түзеп, ер жетеді. Көрік, келбетін, тәртіп, тәрбиесін жұрт мақтап, көптің аузына ілінеді. Олардың жүрегі жақсы сыңар іздейді. Өстіп жүрген екі жас кездейсоқта кездесіп, ойда жоқта танысып, табысады. Қос жүрек жымдасып, бүкіл дене бір бітімге айналады. Содан кейін қол ұстасып, өмірдің белгісіз бел-белестерін бетке алып, ілгері ұмтылады. Бірінен-бірі бір елі ажыраспай, тағдыр айырғанша тату-тәтті тамаша өмір сүреді. Мәңгілік махаббат деп осыны айтатын болармыз.

Менің ұшқан ұям Семей облысының шығыс жағындағы Ақбұзау ауылы болса, Халиманың алтын ұясы сол облыстың батыс жағындағы Шыңғыс тауындағы (Абай ауданы) Жүрекадыр ауылы еді. Екеуіміз 1939 жылы Семей қаласында кездестік. Жанымызбен жанымыз жалғасып, артынан тәніміз бен тәніміз табысты. 9 жыл бір-бірімізге ғашық болып, 54 жыл қол ұстасып өмір сүргеннен кейін, екеуіміздің тәнімізді ажал айырды. Ал жанымыз жұптасқан күйінде қалды. Мәңгілікке жұптасқан бұл екі жан мен өлген күні ғана тірілік тұлғасынан айырылады. Бірақ, Абай:

— Ақыл мен жан мен өзім, тән менікі.

"Мені"мен "менікінің"мағынасы екі.

"Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

"Менікі" өлсе-өлсін, оған бекі, деген ғой.

Сол кемеңгер айтқандай: Халима екеуіміздің ақылымыз бен жанымыз — мәңгілік махаббатымыз ешқашан өшпес деп үміттенемін. Басымыздан біз кешкен мәңгілік махаббатың ұлт ұрпағының жүрегінде өмір сүретініне сенемін.

Соңғы айтар сөзім:

— Еркектер! Әйелдеріңді қадірлеп, құрметтеңдер. Бұл қысқа ғұмырда саған тиетін мәңгілік бақыт, байлық, ұлылық — өз әйелің ғана! Одан айырылғанда кеудеңнен жаның шығып, салдырап қу сүйегің қалғандай күй кешесің!

— Әйелдер! Күйеулеріңді күтіңдер, аялап ардақтаңдар. Өмір деген өткінші дүниеде ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік ештеңе жоқ.

— Жастар! Қыздарды қадірлеп, құрметтеңдер: аялаңдар, ардақтаңдар, абыройын төкпеңдер. Өзің үшін жаралған "алтын балапанды" тауып, мәңгілік махаббатқа жетуге тырысыңдар.

2-4 қыркүйек 2001 жыл

Алматы, Абай даңғылы, 26

"Транзит " кафесі.

Жиырмасыншы сөз

(Халиманың жылын бергенде айтылған)

Бүгін менің жан жарым Халимадан адасып, сыңарынан айырылған аққудай аңырап қалғаныма 360 күн болды. Халиманы Жер-ананың құшағына берерде қабір басында сөйлеген сөзімде:

— Мен бүгін кеудемдегі жарты жанымнан айырылдым — жарымжан (жарты жан) болып қалдым, — деген едім.

Сол жарты жан қалпымда 360 күн өмір сүрдім. Жыл өтсе де жарты жаным бүтінделген жоқ. Бүтінделмейді, жарымжан қалпымда жазылмастан Өмірден өтемін.

Бүгін 360 күн. 360 күн бойына Халиманы жоқтаумен келемін: күн сайын күрсінемін, күңіренемін. Оны ойлап уһілегенде көкірегім қарс айырылады. Ол қайтыс болғанда 20 шақты газетте қазанама (некролог) жарияланды. Ол қайтыс болғаннан бері бір журнал, 3-4 газетте жоқтау сөзім шықты. Қазақ радиосынан Халиманың қасиеттерін айтып 4 рет сөз сөйледім. Бір рет теледидарға шығып, жарты сағат ол туралы әңгіме айттым. Әрине, оның бар жақсылығын айтып жеткізе алғам жоқ. Бірақ аз сөзімнің өзін көңіліме медеу еттім. Бұл 360 күнде күнделік дәптеріме Халиманы жоқтап 500 жол өлең жаздым. Екеуміз бір-бірімізді ең алғаш көрген күннен бастап, ең соңғы сағатымызға дейінгі оқиғалар тізбегінің тізімдерін қағазға түртіп, бастыларын дараладым. Сөйтіп, ол туралы жазуларды екшеп, үлкен романға әзірлік жасадым. Роман жазсам деймін. Жазып үлгірермін деп үміттенемін.

Мен Халимаға 9 жыл ғашық болдым. Одан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл тату-тәтті, ләззатты өмір сүрдік. Жұбымыз жазылған жоқ. Дүниежүзіндегі көп ғашықтардың (Петрарка мен Лаураның, Данте мен Беатриченің, Қозы Көрпеш пен Баянның, Қыз Жібек пен Төлегеннің т.б.) қолы жетпеген мәңгілік махаббаттың алтын тәжін біз басымызға кидік!

Мен университетте отыз қыздың ортасында оқыдым. Оған дейінгі бозбала күнімде де, соғыс кезіндегі солдаттық шағымда да, студенттік уақытымда да бірде-бір қыздың кеудесіндегі қос анарына қолым тиген емес.

Мен журналист, жазушы болып жүріп, талай елді араладым. Талай көрікті әйелдерді көрдім. Бірақ, олардың ешқайсысына қол созған емеспін.

Халиманың ғана алмасын уыстадым. Тек Халиманың ғана етегін аштым. (Ұлы сөзде ұят жоқ!).

Біз Халима екеуміз бір-бірімізге пәк күйімізде қосылдық. Пәктігімізді мәңгі сақтадық. Пәк қалпымызда бір-бірімізден көз жазып қалдық. Мінеки, біздің махаббатымыздың мәңгілік болған себебі сол!

Сол мәңгілік махаббатың жібек жібінің үзілгеніне бүгін бір жыл болды, ағайын.

Халима адамдық дәуренін басынан өткеріп, ұзатылған қыздай болып, мәңгілік мекеніне қарай аттанды. Ол былтырғы жылдың 28 шілдесі еді... Халима мінген пәуеске-катафалканың соңынан 3 автобус, 27 жеңіл машина тізіле сап түзеді. Осы ұзын көштің алдында бір, сол жағында бір қызыл белбеуі МАИ машиналары қошемет көрсете ілесіп жүрді. Қызыл белбеулі машиналар алдан қарсы келе жатқан көліктердің бәрін төбеге ұрғандай тоқтатып, жол шетіне шегелеп тастады. Осыған көз тоқтатқан жігіттердің бірі:

— Апырай, мына Халима жеңгеміз министрдің әйелінен кем болмады-ау өзі! — депті.

Сонда оның қасында отырған екінші бір ініміз:

— Тіпті, кейбір министрдің өзінен кем емес десе де болады! – дейді.

Бұл диалогты мен артынан естідім. Мінеки, сондай салтанатпен барып, қазақтың асқар Алатауының Кеңсай төбесіне жайғасқан Халиманың басына бүгін сонау Маңғыстаудан арнайы әкелінген ұлутас деп аталатын сүттей аппақ ақ тастан өрілген алты қанат ақ отау көтерілді. Осыдан 1500 жыл бұрын салынған махаббаттың мәңгілік күмбезі Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейітіне ұқсайды. Өзіндей емес, әрине, пішіндес. Мен сол ұқсастығына қуанамын. Өйткені ол бейітті алғаш көргенімізде Халима: "Кейін екеуміз де осылай қатар жатсақ-ау!" деген еді. "Адаспай, алжаспай, ажыраспай!" дегені болар. Оның ол арманы орындалды. (Бір күні мен де жанына жайғасамын ғой).

— Біздің қолтықтасып келе жатқанымызды Қабанбай батыр көшесінен көргенде Тұманбай бауырымыз (Молдағалиев):

— Біздің заманның Қозы Көрпеші мен Баян сұлуы! — деп масаттанушы еді.

Біздің өзара әзілдесіп, жарқылдап күліп келе жатқанымызды Абай даңғылы бойынан көргенде Мұзафар пен Шапау достарымыз (Әлімбаевтар):

— Біздің Қыз Жібегіміз бен Төлегеніміз! — деп қуанушы еді.

Тұрсынбек пен Күбіра марқұм достарымыз (Кәкішевтер) бізді қанаттаса ұшып келе жатқан қос аққуға теңейтін еді!

Біздің Алматыда, Семейде, Павлодарда, Мәскеуде, Невельде, Подольскіде (әскери мұрағат), Киевте, Бресте (қаһарман қала) жұп жазбай қол ұстасып жүргенімізді көргендер көп. Солардың бірсыпырасы Халиманың жылына жайылған осы үлкен дастарқанның басында отыр.

Жақында, "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған мақаламда мен "Жақсы жарға жан пида!" деп жаздым. Халима мен үшін жанын пида етті. Тірлігінің әр секундін, әр сәтін маған арнап өмірден өтті. Мені: "Аз уақыт болса да артымда қал, балаларымызға басшылық ет!" деп бұл дүниенің босағасына байлап кетті.

Біз тірлікте жұп жазбай өмір сүрдік. Өлгенде де қатар жатамыз. Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың аспанмен таласқан зәулім мазары Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданының жерінде тұр. Ал сол облыстың Абай ауданында туып, қамсыз сәбилік шағын Аягөзде өткізген, жетімдік қасіретті күндерін Семейде өткерген, Ұлы Отаны соғысы кезінде Қиыр Шығыста, Мәскеуде әскери қызмет атқарған, қалған өмірін, аналық ұлы міндетін Алматыда аяқтаған Абай қызы, Аягөз аруы, Семей сұлуы, Мәскеу жауынгері, Алматы тұрғыны Халиманың, — менің Халимамның, баға жетпес бақытым болған Халима Қалиәкпарқызы Өзбақанова — Нұршайықованың, кешегі Баян сұлу мен Еңлік арудың сіңлісі Халиманың күмбезі күмістей жарқырап, ақбас Алатаудың иығында тұр!

Биыл күзде "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" жырының 1500 жылдығы кең-байтақ Қазақстан жерінде кеңінен аталып өтеді. Осы ұлттық рухани ұлы мереке қарсаңында Аягөз жерінде жерленген Баян сұлудың сіңлісі Халиманың басына ақ күмбез көтерілуін әрі ұлттық ырым, әрі адами мақтаныш етемін!

Мақтанды деп айыпқа бұйырмаңыздар, ағайын. Сөкпеңіздер. Ханның қызы емес, патшаның бәйбішесі емес, қарапайым қазақ қызы, менің момақан Халимамның басына мұндай ескерткіш орнатылғанына қалай қуанбайын. Қаражат қамдап, жарғақ құлақтары жастыққа тимей, осы күмбездің көтерілуіне аянбай қызмет еткен балаларыма мәңгі разымын! Халима жеңгесінің қайтыс болғанын газеттен естіп, сонау алыста Ақтауда жатқан ардагер азамат, белгілі сәулетші, атақты ақын, аяулы философ інім Сайын Назарбекұлы ықылас білдірді. Алыс Ақтау қаласынан арнайы келіп, жеңгесіне дұға бағыштап, жатқан жерін көріп, осы бой көтерген күмбездің жобасын жасады.

Сол жоба бойынша Маңғыстаудан әкелінген шөгіп жатқан ақ түйе тәрізді ақ тастарды өз қолымен нанша тіліп, Есберді Олжабаев інім күмбезді көтерді.

Наши рекомендации