Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

Бөлім. Магистратура

Жалпы ережелер

1. Осы жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының негізінде әзірленді және магистратураның білім беру бағдарламаларының мазмұнына, магистранттардың білім траекториясына, білім беру құрылымы мен мазмұнына, магистранттардың дайындық деңгейін және академиялық дәрежені бағалауға қойылатын талаптарды белгілейді.
Осы стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) магистратура – тиісті мамандық бойынша «магистр» академиялық дәрежесін бере отырып:
ғылыми және педагогикалық бағыт бойынша кемінде 2 жыл нормативті оқу мерзімімен теориялық оқытудың кемінде 42 кредитін, кәсіптік практиканының кемінде 6 кредитін және ғылыми-зерттеу жұмысының кемінде 7 кредитін міндетті түрде меңгерту;
бейіндік бағыт бойынша кемінде 1 жыл нормативтік оқу мерзімімен теориялық оқытудың кемінде 18 кредитін, кәсіптік практиканың кемінде 2 кредитін және эксперименттік-зерттеу жұмысының кемінде 4 кредитін міндетті түрде меңгерту арқылы ғылыми, ғылыми-педагогикалық және басқарушы кадрларды даярлауға бағытталған жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасы;
2) магистрант – магистратурада білім алушы тұлға;
3) магистрлік диссертация – тиiстi ғылым саласының нақты мамандығының өзекті проблемаларының бірін магистранттың өз бетінше ғылыми зерттеуінің нәтижелерін жинақтау болып табылатын бітіру жұмысы.
2. Магистратура бағдарламаларын ведомостволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан магистратураның тиісті мамандықтары бойынша білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін лицензиясы бар жоғары оқу орындары жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары магистрлер даярлауды:
1) Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының жіктеуішіне;
2) осы стандартқа және магистратура мамандықтарының үлгілік оқу жоспарларына;
3) оқу жұмыс жоспарларына;
4) академиялық күнтізбеге;
5) магистранттардың жеке оқу жоспарларына;
6) пәндер бойынша оқу бағдарламаларына;
7) магистранттың жеке жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырады.
4. Ғылыми, педагог және басқарушы кадрларды магистратурада даярлау екі бағытта:
1) 2 жылдық оқу мерзімімен ғылыми және педагогикалық;
2) кемінде бір жыл оқу мерзімімен бейіндік бағыттарда жүзеге асырылады.
Жоғары оқу орны магистратурада оқу мерзімін алдыңғы дайындық деңгейінің білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келуіне және пререквизиттердің болуына байланысты өзгерте алады.
5. Бейіндік магистратура экономика, медицина, құқық, білім, өнер, қызмет көрсету және бизнес салалары үшін кәсіптік даярлығы терең басқарушы кадрларды даярлау бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асырады.
Бизнес ортасы үшін мамандар даярлау мақсатында жоғары оқу орны MBA бағдарламасын іске асыра алады. MBA кәсіптік білім беру бағдарламасы шеңберінде мамандар даярлау мазмұны мен деңгейіне қойылатын ең төменгі талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
6. Ғылыми және педагогикалық магистратура жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі және ғылым саласы үшін ғылыми-педагогикалық даярлығы терең ғылыми және педагогикалық мамандарды даярлау бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асырады.
7. Магистратурада білім алу тек күндізгі оқу нысанында жүзеге асырылады.
8. Магистратураның білім беру бағдарламасын меңгерген және магистрлік диссертациясын көпшілік алдында қорғаған тұлғаға «магистр» академиялық дәрежесі беріледі.
9. Осы стандартты қолдану мынадай мақсаттарға жетуді көздейді:
1) магистранттардың даярлық деңгейiне және жоғары оқу орындарының бiлiм беру қызметiне міндетті талаптар қою есебінен бiлiм сапасына кепiлділікті қамтамасыз ету;
2) білім беру қызметі субъектілерінің құқықтарын реттеу;
3) магистранттардың даярлығын және білім беру бағдарламаларының сапасын бағалаудың объективтілігі мен ақпараттылығын арттыру;
4) магистранттардың академиялық оралымдылығы үшін жағдай жасау;
5) Қазақстанның бірыңғай білім беру кеңістігінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
6) «магистр» академиялық дәрежесін тағайындау туралы Қазақстан Республикасы құжаттарының халықаралық білім беру кеңістігінде және халықаралық еңбек нарығында танылуын қамтамасыз ету.
10. Магистратура мамандықтарының үлгілік оқу жоспарлары осы стандарттың ережелеріне сәйкес келуі және білім беру бағдарламаларының құрылымына, көлемі мен мазмұнына, нормативті оқу мерзімдеріне және магистранттарды даярлау деңгейіне қойылатын талаптардың жиынтығын айқындауы тиіс.
11. Жоғары оқу орнының магистратура мамандықтарының тізбесі Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының бекітілген жіктеуішіне сәйкес болуы тиіс.
12. Магистратура мамандықтары шеңберінде жоғары оқу орындары Ұлттық біліктілік шегіне, кәсіптік стандарттарға сәйкес, Дублин дескрипторларымен және Еуропалық біліктілік шегімен келісілген білім беру бағдарламаларын өз бетінше әзірлейді.
Білім беру бағдарламалары оқыту нәтижесіне бағдарлануы тиіс.
13. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің әрбір деңгейінің білім беру бағдарламасын аяқтағаннан кейін студенттердің алған білімінің деңгейі мен көлемін, біліктілігі, дағдысы мен құзыреттерін сипаттайтын Дублин дескрипторлары оқу нәтижелеріне, қалыптасқан құзыреттерге, сондай-ақ ЕСТS кредит (сынақ) бірліктерінің жалпы санына негізделеді.

Наши рекомендации