Ылмыстық іс жургізу құқығының түсінігі және оның субъектілері.

Қылмыстық іс жүргізу дегеніміз бұл заңмен реттелген соттың, алдын ала тергеу, анықтау және прокуратура органдарының қоғам мен азаматтардың мүдделерін қылмыстық қиянаттардан қорғауға байланысты өз міндеттерін орындау мақсатында жеке тұлғаларды қатыстыра отырып атқаратын қызмет жүйесі.

Қылмыстық іс жүргізу басқа сөзбен айтқанда қылмыстық сот ісін жүргізу деп те аталады. Себебі, қылмыстық іс жүргізу алдын ала тергеу органдарының немесе прокурордың қызметімен аяқталмайды, қылмыстық іс жүргізудің жалғасы сот қызметі түрінде атқарылады.

Сот төрелігі дегеніміз бұл соттың қылмыстық істермен қатар басқа да істерді қарап шешу үшін мемлекет атынан атқарылатын қызметтің арнайы түрін айтамыз. “Сот төрелігі” ұғымының тікелей мағынасы сот қызметі болып табылады да, ал “қылмыстық іс жүргізу” ұғымы соттың қызметімен қатар алдын ала тергеу органдарының және прокурордың қызметтерін қамтиды.

Қылмыстық іс жүргізудің негізгі сатыларына мыналар жатады:

1. Қылмыстық істі қозғау;

2. Қылмыстарды алдына ала тергеу;

3. Басты сот талқылауын тағайындау;

4. Басты сот талқылауы;

5. Аппеляциялық саты сотында істі қарау;

6. Үкімді орындау.

Қылмыстық іс жүргізу субъектілері бұлар заңда көрсетілген құқықтары мен міндеттері болғандықтан іс жүргізу кезінде туындайтын құқықтық қатынастар жүйесімен қамтылатын мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары және жеке тұлғалар болып табылады. Оларға мыналар жатады:

Сот -сот билігі органы Қазақстан Республикасының сот жүйесіне кіретін, істі алқалық немесе жеке қарайтын кез-келген заңды түрде құрылған сот.

Бірінші сатыдағы сот– қылмыстық істі мәні бойынша қарайтын сот.

Судья –сот билігінің иесі; осы лауазымға заңда белгіленген тәртіппен тағайындалған немесе сайланған кәсіпқой судья (соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы, соттың мүшесі немесе тиісті соттың басқа да судьясы).

Төрағалық етуші– қылмыстық істі алқалық немесе жеке қарау кезінде төрағалық ететін судья. Сот отырысына төрағалық етушінің өкімдері процеске қатысушылардың барлығы және сот залындағы өзге де адамдар үшін міндетті.

Прокурор– өз құзыреті шегінде жедел іздестіру қызметінің, анықтаудың, тергеудің және сот шешімдерінің заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ қылмыстық процестің барлық сатыларында қылмыстық ізге түсуді өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын лауазымды тұлға: Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Бас әскери прокурор, облыстардың прокурорлары және соларға теңестірілген прокурорлар, аудандық, қалалық прокурорлар, әскери прокурорлар, көлік прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары мен көмекшілері, прокуратуралардың қадағалау саласы жөніндегі прокурорлары, аға прокурорлары және прокуратура басқармалары мен бөлімдерінің прокурорлары. Соттың қылмыстық істі қарауына қатысушы прокурор айыптауды қолдау жолымен мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекеттік айыптаушы болып табылады.

Тергеу бөлімінің бастығы– алдын ала тергеуді жүзеге асыратын органның тергеу бөлімшесінің бастығы мен өз құзыреті шегінде іс-әрекет жасайтын оның орынбасарлары.

Тергеу бөлімінің бастығы тергеу ісін жүргізуді тергеушіге тапсырады, тергеушілердің жүргізуіндегі қылмыстық істер бойынша олардың дер кезінде іс-әрекет жасауына, тергеушілердің алдын ала тергеу және күзетпен ұстау мерзімдерін сақтауына, прокурор нұсқауларының, істер бойынша нұсқаулар береді; алдын ала тергеу жүргізуді бірнеше тексерушіге тапсырады; заңда көзделген жағдайларда тергеушіні іс бойынша іс жүргізуден шеттетеді; өз құзыреті шегінде өзіне бағынысты алдын ала тергеуді жүзеге асырушы органның бір тергеу бөлімшесінен қылмыстық істі алады және алдын ала тергеуді жүзеге асырушы сол не өзге де өзіне бағынысты органның басқа тергеу бөлімшесіне береді; аяқталған қылмыстық істерді прокурорға жолдайды. Тергеу бөлімінің бастығы қылмыстық іс қозғауға, қылмыстық істі өзінің іс жүргізуіне алуға және бұл орайда тергеушінің өкілеттігін пайдалана отырып, жеке дара алдын ала тергеу жүргізуге құқылы.

Тергеуші –өз құзыреті шегінде қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеуді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген лауазымды адам: ішкі істер органдарының тергеушісі, ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеушісі және қаржы полициясы органдарының тергеушісі.

Тергеуші істің жағдайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге, барлық шараларды қолдануға, оның қылмыс жасағандығын көрсететін жергілікті дәлелдер жиналған адамдарға қатысты айыпталушы ретінде тарту, айып тағу, айыптау қорытындысын жасау жолымен қылмыстық ізге түсуді жүзеге асыруға міндетті.

Қылмыстың сипатына қарай анықтау органдарына: заңмен белгіленген құзыретіне сәйкес қылмыстың белгілері мен оларды жасаған адамдарды табу, қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында қажетті қылмыстық іс жүргізу және жедел іздестіру шараларын қолдану.

Мыналар анықтау органдары болып табылады:

1) Ішкі істер органдары; 2) ұлтттық қауіпсіздік органдары; 3) қылмыстық жазаларды орындау және қамауда ұстау тәртібімен байланысты қылмыстар туралы істер бойынша - әділет органдары; 4) қаржы полициясы органдары; 5) контрабанда және кеден төлемдерінен жалтару туралы істер бойынша – кеден органдары; 6) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрамаларында шақыру немесе келісім-шарт бойынша әскери қызметін атқарып жүрген әскери қызметшілер; әскери жиындарды өткеру кезінде запастағы азаматтар; әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің азаматтық қызметкерлері олардың қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты немесе осы бөлімдердің, құрамалардың және мекемелердің орналасқан жерінде жасаған барлық қылмыстары туралы істер бойынша – әскери полиция органдары.

Анықтаушы– өз құзыретінің шегінде қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік лауазымды адам.

Анықтаушы, алдын ала тергеу жүргізілуі міндетті қылмыстық істер бойынша кідіртуге болмайтын жағдайларда анықтау органының бастығының тапсырмасы бойынша қылмыстық іс қозғауға, сондай-ақ шұғыл тергеу әрекеттері мен жедел іздестіру шараларын жүргізуге, ол туралы жиырма төрт сағаттан кешіктірмей прокурор мен алдын ала тергеу органын хабардар етуге міндетті.

Сезікті.Тергеуші, анықтаушы қылмыс жасады деп күмән келтірілгендігін хабарлап, соған байланысты Қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген негіздерде және тәртіппен өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалған, не ұстау жүзеге асырылған, не айып тағылғанға дейін жолын кесу шарасы қолданылған адам сезікті болып танылады.

Сезікті ұсталған немесе айып тағылғанға дейін бұлтартпау шаралары қолданылған жағдайда ұсталған немесе бұлтартпау шаралары қолданылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей, өзі таңдаған немесе тағайындалған қорғаушымен алғашқы жауап алуға дейін оңаша және құпия жолығу құқығы қамтамасыз етіле отырып, одан жауап алынуы тиіс. Ұсталған сезікті телефон арқылы немесе өзге де тәсілмен дереу өзінің тұрған жеріне немесе жұмыс орнына өзінің ұсталғандығы және ұсталып отырған жері туралы хабарлауға құқылы.

Айыпталушы.Өзіне қатысты айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулы шыққан адам, не өзіне қатысты сотта жеке айыптайтын қылмыстық іс қозғалған адам, сондай – ақ оған қатысты анықтау органының бастығы айыптау хаттамасын жасаған және бекіткен адам айыпталушы болып танылады.

Іс бойынша басты соттың талқылауы тағайындалған айыпталушы, сотталушы, өзіне қатысты айыптау үкімі шығарылған айыпталушы, сотталған адам, өзіне қатысты ақтау үкімі шығарылған айыпталушы, ақталушы деп аталады.

Айыпталушы: заңға қайшы келмейтін құралдармен және тәсілдермен өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және қорғануға дайындалу үшін жеткілікті уақыты мен мүмкіндігі болуға; өзінің не үшін айыпталғандығын білуге және өзін айыпталушы ретінде тарту туралы қаулының көшірмесін алуға; қылмыстық ізге түсу органынан өзіне тиесілі құқықтар туралы дереу түсіндірме алуға; қылмыстық процесті жүргізуші органнан өзінің құқықтарын және мүдделерін қозғайтын іс жүргізу шешімдерін қабылдау туралы хабардар етілуге, бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулының көшірмесін алуға; өзіне тағылған айып бойынша түсініктеме мен айғақ беруге; айғақ беруден бас тартуға; дәлел ұсынуға; өтініш пен қарсылық мәлімдеуге; ана тілінде немесе өзі білетін тілде айғақ беруге және түсінісуге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; қорғаушысы болуға.

Қорғаушы- заңда белгіленген тәртіппен сезіктілер мен айыпталушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын және оларға заң көмегін көрсететін адам.

Қорғаушы ретінде адвокат қатысады. Күдіктілердің, айыпталушылардың, сотталушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды адвокатпен қатар күдіктінің, айыпталушының, сотталушының жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкілдері, кәсіподақтың және осы бірлестіктер мүшелерінің істері бойынша басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдері жүзеге асыра алады. Шетелдік адвокаттардың іске қорғалушылар ретінде қатысуына, егер бұл Қазақстан Республикасының тиісті мемлекетпен жасасқан халықаралық шартында өзара негізде көзделсе, заңнамада белгіленген тәртіппен жол беріледі.

Бір адам, егер сезіктінің, айыпталушының біреуінің мүддесі екіншісінің мүдддесіне қайшы келетін болса, олардың екеуіне бірдей қорғаушы бола алмайды. Адвокаттың өзіне қабылдаған сезіктіні немесе айыпталушыны қорғаудан бас тартуға құқығы жоқ.

Жәбірленуші.Қылмыстық процесте оған тікелей қылмыспен моральдық, дене және мүліктік зиян келтірілді деп ұйғаруға ол жөнінде негіз бар адам жәбірленуші болып танылады.

Жәбірленушіге қылмыспен келтірілген мүліктік зиянды, сондай – ақ осы Кодексте белгіленген ережелер бойынша өкілге арналған шығындарды қоса есептегендегі оның алдын ала тергеу мен сотқа қатысуына байланысты келтірілген шығындарды өтеу қамтамасыз етіледі.

Куә.Айғақ беру үшін куә ретінде іс жүргізу үшін маңызы бар қандай да болсын мән-жай белгілі болуы мүмкін кез келген адам шақырылуы және одан да жауап алынуы мүмкін.

Куәнің: қылмыстық жазаланатын әрекет немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін оның өзі, жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары үшін ізіне түсуге әкеп соқтыратын айғақ беруден бас тартуға; өзінің ана тілінде немесе өзі білетін тілде айғақ беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; одан жауап алуға қатысушы аудармашыға ескерту жасауға; жауап алу хаттамасына айғақтаманы өз қолымен жазуға; анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың іс – әрекетіне шағым жасауға, өз құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты өтінішін мәлімдеуге құқығы бар. Куәнің, егер адвокат қандай да бір басқа сапада іске қатыспаса, өзінің адвокатының қатысуымен айғақ беруге құқығы бар. Адвокаттың келмеуі тергеуші белгілеген уақытта айғақ алуды жүргізуге кедергі келтірмейді.

Куә: анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың шақыруы бойынша келуге; іс бойынша барлық өзіне белгілі жайларды шын хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге; егер оған анықтаушы, тергеуші немесе прокурор ескерткен болса, өзіне іс бойынша белгілі мән-жайлар туралы мәліметті жарияламауға; тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде және сот отырысы кезінде белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.

Қасақана жалған жауап бергені үшін және жауап беруден бас тартқаны үшін куә Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген қылмыстық жауапқа тартылады. Айғақтар беруден бас тарту немесе қылмыстық процесті жүргізуші органның шақыруы бойынша дәлелді себептерсіз келмеу әкімшілік жауапқа тартуға әкеп соғады.

Сарапшы.Іске мүдделі емес , арнаулы ғылыми білімі бар адам – сарапшы ретінде шақырылуы мүмкін.

Сарапшының: қылмыстық істің сараптама жүргізуге қатысты материаларымен танысуға; өзіне қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды беру туралы өтініш білдіруге; қылмыстық процесті жүргізуші органның рұқсатымен тергеу әрекеттерін жүргізуге және басқа да іс-жүргізу әрекеттеріне қатысуға және оған қатысушыларға сараптама жүргізуге қатысты сұрақтар қоюға; өзі қатысқан тергеу немесе өзге де іс жүргізу әрекеттерінің хаттамасымен, сондай – ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеті мен жауаптарының толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаға енгізуге жататын ескертулер жасауға; сараптаманы тағайындаған органның (адамның) келісімі бойынша өз құзыреті шегінде тек алдына қойылған мәселелер бойынша ғана емес, сонымен бірге іс үшін маңызы бар және қз бастамашылығымен анықталған өзге мән- жайлар бойынша да қорытынды беруге; өзінің ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақ беруге; айдармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашылан бас тартуға; қылмыстық процесті жүргізуші органның сараптама жүргізу кезінде өз құқығына нұқсан келтірген әрекетіне шағым жасауға; өзінің арнаулы білімінен тыс мәселелер бойынша, сондай – ақ, егер өзіне берілген материалдар қорытынды беру үшін жеткіліксіз болған жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға; сараптама жүргізу кезінде келтірілген шығындарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу оның қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмесе орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.

Маман.Тергеуге және сот әрекеттеріне маман ретінде қатысу үшін іске мүдделі емес, дәлелдерді жинауда, зерттеуде және бағалауда, сондай-ақ техникалық құралдарды қолдануға жәрдем көрсету үшін қажетті арнаулы орта білімі бар адам шақырылуы мүмкін. Кәмелетке толмағандар қатысатын тергеуге және өзге де іс – жүргізу әрекеттеріне қатысушы педагог те, сондай – ақ оны сарапшы етіп тағайындаған жағдайларды қоспағанда, тергеу және өзге де іс жүргізу процестеріне қатысушы дәрігер де мамандар болып табылады.

Аудармашы.Аударма жасау үшін қажет тілді меңгерген және сезікті, айыпталушы, сотталушы, олардың қорғаушылары не жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкілдері , сондай – ақ куәлар және өзге де процеске қатысушылар іс бойынша іс жүргізілетін тілді білмеген жағдайларда, сонымен бірге жазбаша құжаттарды аудару үшін тергеу және сот іс – әрекеттеріне қатысуға тартылған іске мүдделі емес адам аудармашы ретінде шақырылады.

Сот отырысының хатшысы.Сот отырысының хаттамасын жүргізетін, қылмыстық іске мүдделі емес мемлекеттік қызметші сот отырысының хатшысы болып табылады.

Сот приставы.Соттар қызметінің және сот шешімдерін орындаудың белгіленген тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі өзіне заңмен жүктелген міндеттерді орындаушы лауазымды адам сот приставы болып табылады.

Наши рекомендации