Рметті Әзілхан аға! 2 страница

1985 жылы біз Құрманғазы, 90-дағы жаңа үйге көшіп келдік. Көршілердің ішінде біз бірінші болып той жасадық. Жаңа көршілердің бірін қалдырмай тегіс қоныс тойына шақырдық. Коньяк ішіп отырғанда олар: "Біз де той жасаймыз!" деп күпілдесті. "Мен ертең жасаймын" деген жігіттер де болды. Алайда, ертең емес, екі айдан кейін, тіпті екі.жыл өткен соң ғана кейбір көршілердің есігін аштық. Әлі күнге дейін есігін ашпаған үйлеріміз де бар.

Халима осылай, өз міндетін ылғи алдымен өтеп отыруға тырысушы еді. Және ешкімнен ештеңе дәметпейтін. шақырған жерге баратын, шақырмағанға ренжімейтін. Өкпелеп, ешкімнің үстінен өсек айтпайтын.

Жұбан Молдағалиев Жазушылар одағына бірінші хатшы болғанда, ең алдымен жазушылардың әйелдерінің басын қосып, шай берді. Сонда Халима:

– Жұбақа, бұрын жазушылардың әйелдерін ешкім ескермейтін еді. Бізден ақыл сұрамасаң да, жұртқа жөн көрсеткеніңе рақмет, — депті.

Жұбан марқұм Халиманың осы сөзін аузынан тастамай, айтып жүруші еді.

Халима көп сөйлемейтін. Сөйлесе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ғана айтып тынатын.

Халиманың жұртты сыйлауында ешқандай қапа болмайтын. Сан қилы қонақ күтіп жүріп, ешқашан «шаршадым» деген емес. Қайта, керісінше қонақтарды разы етіп аттандырғанына қуанып, қуаттанып қалатын.

Он төртінші сөз

Су сұрасам — сүт, қарта сұрасам қазы, жая сұрасам — жал беретін еді Халима. Жанынан — жылу, жүрегінен жыр беруші еді маған. Ойымды жалғап, өрісімді кеңейтуші еді менің. Сөйлесек — әзіл, күлсек — күлкіміз таусылмайтын еді біздің. Кемері қуанышқа шүпілдей толып тұрған сол бір ғажайып рухани жан дариясы Халима кеткеннен кейін, суы тартылған теңіздей болып, шетсіз, шексіз шөлге айналды. "Балығы тайдай тулаған" сырлы, сұлу дарияның орнында сан алуан сағым ойнаған көлемді кеңістік қалды мен үшін.

Барлық әйел — бағалы! Әйелдер — ең ғажайып дүние! Бірақ, біз — еркектер олардың ғажаптығын қадірлей білмейміз.

Халима менің созсам қолымды, ойласам ойымды ұзартушы еді. Ақылыма ақыл, абыройыма абырой қосатын еді. Жатсам — жастығым, жантайсам төсегім болушы еді. Жабырқасам жадыратушым, жаңылсам түзетушім еді. Зейін зеректігімен, энциклопедиялық білімімен маған көз жазбай көмектесіп отырушы еді. Менің жан жарым, әдеби серігім, ардақты аяулым, асыл досым Халима осындай кісі еді!

Әр еркекке өз әйелінен асқан ару жоқ, асыл жоқ. Әр әйелге өз күйеуінен өзге дана жоқ, данышпан жоқ.

Ал Халима маған: "Сен атақты жазушымын деп асқақтап кетпе. Өзіңді қарапайым көптің бірі ғанамын деп есепте. Кемшілігіңді өзің айт, жақсылығыңды жұрт айтсын. Жұрт мақтады екен деп және мардымсып кетпе, жарай ма? " деп отыратын еді оңашада. Бір сөзбен айтқанда Халима менің өз өмірімнің аспанында жарқыраған жарық күнім болды. Менің Күнім!

Әр әйел — өз отбасының алтын Күні. Күн — көктегі Жерге жақын газ бейнелі ең ыстық жұлдыз екені, Жердегі бар тіршілік Күннен қуат алып, соның жылуы мен жарығы арқасында өсіп өнетіні аян.

Ал мен Жер әлемінің жердегі Күні әйелдер дер едім. Жер бетіндегі ең ақылды тіршілік иесі адамзат болса, адамзатты құрайтын адамдар әйел құрсағынан шығады. Әйелдің күйеуіне, балаларына сіңіретін еңбегін ешқандай электрондық есептегішпен есептеп шығара алмайсың. Әйел — Ана қарызын ешбір еркек, ешбір перзент өтей алмақ емес. Егер мен жүз жыл жасасам да, Халиманың маған сіңірген еңбегін, оның адамгершілік, әйелдік, ұрпағымды өрбіткен аналық қарызын өтей алмаспын деймін. Өтей алмаймын! Басқа еркектердің қалай бағалайтынын білмеймін, өз басым осылай ойлаймын.

Өзім өлгенде артымда қалдыруға қимайтын екі асылым бар еді. Оның біріншісі — өмірлік жан жарым Халимам, екіншісі жарғақ құлағым жастыққа тимей өмір бойы жинаған кітаптарым еді. Сөйткен қимас Халимам мені артына қалдырып, менен бұрын өзі өмірден өтіп кетті.

Бүгін сенен айырылып қалғаныма 40 күн болды, Халима. Қайтып келмесіңе көңілімнің сенгісі келмесе де, көзім жетті.

Қош, қалқам, қош!

Халима ауруханада жатып, менімен қоштасқан түнде былай деп еді:

Жұрт саған: "жылама!" дер. Жұрт саған: "берік бол!" дер. "Жылама!" деп айту оңай, жыламау қиын. "Берік бол!" деп айту оңай, берік болу қиын. Дәрігерлер: "Қыстыққанда жылап алған жөн" дейді. Мені сағынғанда оңашада отырып жылап ал. Бірақ көз жасынды балаларға көрсетпе!

Ол осылай деген еді.

Балалар үнемі қасымда болады. Тамағыма кесек кептеліп, көзіме жас жиналғанымен, олардың көзінше жарытып жылай алмай жүруші едім.

Кеше кешке, сағат 21-22 арасында оңаша қалдым. Жаннат үйіне бір шаруасына кеткен еді. Сол кезде кабинетке кіріп, жоғарыдағы көршілерім естіп қоймасын деп, балконның есігін жауып алып, Халиманың суретіне қарап отырып, еңіреп, егіліп жыладым-ай келіп. Соғыста жүріп, әкем өлгенде жылаған жоқ едім. Жорыққа келе жатып шешемнің өлгенін естігенде, жылаған жоқ едім. Жылайтын уақыт та жоқ еді ол кезде. Жылап отырғанда телефон шылдырады. Трубканы көтерсем досымыз Нұрекең (Нұрым Сансызбаев) екен. Өксігімді тиып, жылағанымды сездірмеуге тырыстым.

Артынан сылдыратып есік ашып, Жаннат келді. Мен ештеңе болмаған сияқтанып, екі көзімді алақаныммен сүртіп, жазу жазған болып, үстеліме еңкейіп отыра қалдым.

Мінеки, сексенге келгенде жақсы көрген жан жарынан айырылған адамның жағдайы осылай болады екен. Жол үстінде қазынасынан айырылған керуендей, мастығынан айыққан маскүнемдей, қалтасында бір тиын қалмай, алақанын үнемі алға қарай жайып тұратын соқыр қайыршыдай боп қалады екенсің! Әрине, балаларын да — байлық! Бірақ ол өзгеше дүние ғой.

Жылағанымды айтпауым керек еді. Айттым, ағайын, мен де адаммын ғой.

Он бесінші сөз

Халиманың қайтыс болуына байланысты маған, балаларыма көңіл айтқан Пермьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы және Италия мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшілері Мұхтар Шаханов пен Олжас Сүлейменовке, Сенат депутаттары Өмірбек Байгелді мен Қуаныш Сұлтановқа, Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваға, халық жазушылары Дихан Әбілев пен Тұрсынхан Әбдірахмановаға, Қабдеш Жұмаділов пен Сәбит Досановқа, Мұзафар Әлімбаев пен Тұрсынбек Кәкішевке, жазушылар Сайын Мұратбеков пен Ғаббас Қабышевке, ақындар Жаппар Өмірбеков пен Есләм Зікібаевқа, академиктер Шапық Шөкин пен Манаш Қозыбаевқа, Серік Қирабаев пен Жүрсімбек Сыдықовқа, членкоррлар Сіләмхан Жапарханов және Майя Шығаева пен Әлия Бейсеноваға, профессор-ғалымдар Нығмет Ғабдуллин пен Жұмағали Ысмағұловқа, полковниктер Сұлтан Жиенбаевқа, Асқар Рахметуллинге, Олжабай Темірхановқа т.б. және Жазушылар одағына, "Маңғыстаумұнайғаздың" бас директоры Сағын Қырымқұловқа шын жүректен ризашылық айтып, олардың үй іштерімен тегіс сау-сәлемет болуларына тілектестігімді білдіремін.

Халиманың өз өтініші бойынша оны ақырғы сапарға аттандырып салуға басшылық еткен менің майдангер досым, Қазақстанның кешегі Қаржы министрі болған ардақты азамат Рымбек Байсейітов марқұмның бәйбішесі, адал досымыз Байсейіт келіні Мақыш қажыға, Үкіжан апайға, біздің бел құдамыз, Ресей әскери академиясының академигі, профессор Керейхан Аманжоловқа, бауырымыз, медицина ғылымының кандидаты, доцент Мұхтар Айтқазинге, сол сияқты " Қазақ әдебиеті" газетінде Халимаға арнап, өте жылы лебізді қоштасу сөз жариялаған Халиманың қайнысы, Халима барда №2 Қалекең аталған, қазір №1 Қалекең боп алғы шепке шыққан Қалмұқан Исабаевқа, аурухана медбикесі Маралға үй ішіміздің атынан ерекше алғыс айтамын.

Сонымен бірге, Халима 13 күн реанимация бөлімінде жатқанда күн сайын телефон соғып, Халиманың халін сұрап, менімен қоса қайғырып, қамығып отырған Орақ Смағұловқа, Әбілфайыз Ыдырысовқа, Қайсар Қасымбековке және Сәки Бекбаеваға ризалығым өзгеше. Сол сияқты тумаса да туғандай болып кеткен бауырларым Зейнеп Қанапияқызы Қалитова мен Сейдахмет Шопабаевқа, сол сияқты 1 миллион теңге ақшасын жұмсап менің екі кітабымды ("Қаламгер" мен "Өмір өрнектер") тегін шығарып берген, Халима апасының қорына қомақты үлес қосқан, қазіргі замандағы Атымтай Жомарттардың бірегейі іні-досым Нұртай Салихұлы Сабильяновқа жүрегімнің жылуы ерекше екенін мәлімдеймін.

Әр сөзімнің аяғын Халиманың бойына біткен адамгершілік асыл қасиеттерді айтып, түйіндеп келе жатырмын ғой. Бұл сөзімнің де соңын сондай бір мысалмен тиянақтайын.

Қаламгерлер мен ғалымдар, өнер адамдары мен мәдениет қайраткерлері өзінің жазуы үстелінің үстінде әртүрлі әсем статуэткалар, қыран құстың, айбатты аңның мүсіндері тұрғанын жақсы көреді. Соларды жинауға тырысады.

Бірақ, кейбір әйелдер күйеулерінің "жоқтан өзгеге" ақша шығаратындарын ұнатпайды.

— Қойшы, баламысың ойыншық жинайтын, керегі не олардың? — дейді.

Сөйтіп, күйеулерінің көңілін суытып тастайды.

Бір күні Халима екеуміз Орталық әмбебап дүкеніне бардық. Өкіл қызымыз Роза Мұқанова өзінің Алпамыс деген тұңғышын үйге ертіп келіп, біздің батамызды алғысы келетінін айтқан. Біз балаға сыйлық іздедік. Не аламыз деп ойладық. Балалар ойыншығы бөліміне барып, әр ойыншыққа бір үңілдік. Ақыры бір үлкен ойыншық машина сатып алдық. Тегі жапондардың "Джип" машинасының моделі болса керек.

Әмбебап дүкенінен шыға беріс бір бұрышта менің мыстан құйылған арғымақ аттың статуэткасына көзім түсті. Жалқұйрығы төгілген, қаз мойын сұлу ат. Үстінде ертоқымы бар. Сары мыстан құйылыпты.

Бала күнімде атқа көп мінген кісімін ғой. Осындай бір бәйге атына мініп, бір тойда өзгелерден озып келгенім де бар.

Кешегі Ұлы Отан соғысының бас кезінде зеңбіректі ат жегіп сүйрететінбіз. Зеңбірек командиріне жеке ат берілетін. Мына статуэтка майданда өзім мініп, жаумен соғысқан жауынгер атыма ұқсап, көзімді тарта берді.

Мен еріксіз мыс тұлпарға бұрылдым, қолыма алып, сүйсіне қарадым. Бағасы да қымбат екен — 600 теңге. Алғашында оны ала қояйын деп те ойламаған едім. Атқұмар жас күнім есіме түсіп, жай қызыға қарағанмын. Егер арзан болса үйдегі жазу үстелімнің үстіне апарып қояр едім дегенмін іштей. Оны қайта-қайта сипап тұрған себебім сол болатын.

Сол сәтте Халима қол сөмкесін ашып, кассаға қарай жөнелді.

— Қайда барасың? — дедім мен.

— Қазір, — деді де, қайырылмастан кетіп қалды.

Кассадан қайтып оралды да, қолындағы чегін үн-түнсіз сатушыға ұсынды.

— Не алмақ едің, Халима, — дедім мен.

— Саған бір мыс тұлпар мінгізейін деп едім, — деді ол маған күлімсірей қарап.

Мен абыржып қалдым.

— Халима-ау, бұл қымбат ойыншықты несіне алдын? Мен ойыншық ойнайтын бала емеспін ғой, — дедім күліп.

— Сенің көзің түскен нәрсені әпермесем, менің көңілім көншімейді ғой, — деді ол ойыншықты оратып жатып.

— Бұл мыс атқа мен мінемін бе сонда?

— Ленинградтағы I Петр ескерткіші сияқты, "мыс салт аттым" боласың менің.

— Бұл теңеуің қисынға келер ме екен: I Петр кім, мен кім? Соны ойладың ба өзің? — дедім қайтадан жымиып.

— Ойладым: Сен I Петр болмасаң да, Қобыландының Тайбурылы тәрізді бір тұлпардың мүсіні үстелінің үстіне тұрсын деп шештім, — деді ол да күліп.

— Мүмкін ауылды есіңе түсірер, балалық шағынды ойына оралтар. Бәлкім бір ат жайында жазуыңа тура келсе, соған септігі тиер. Тұрсын көз алдында.

Сол мыс тұлпардың мүсіні күні бүгінге дейін менің жазу үстелімнің үстінде тұр. Оған көзім түскен сайын Халима көз алдыма келеді. Оның менің ойымды айтпай ұғатыны ойыма оралады.

Халима үндемей үйрететін, үнсіз ұқтыратын еді. Балаларын айтпай аялап, менің ішімдегіні білдірмей білетін еді. Үйге келген-кеткен кісінің не ойлағанын сездірмей сезетін еді. Олардың досын да, қасын да құрметтеп шығарып салатын еді.

Он алтыншы сөз

Бүгін, Халиманың қырқына құран оқуға, келген Асылхан қажыға да алғысымды білдіремін. Асекең қажы емес, жас молда кезінде, 1988 жылы біздің досымыз, жазушы, филология ғылымының докторы, менің "Махаббат, қызық мол жылдары" романындағы Жомартбектің прототипі Мырзабек Дүйсенов қайтыс болғанда жаназасын шығарған еді. Біз Асекеңді бірінші рет сонда көргенбіз. Халима сонда Асекеңнің кішіпейілдігіне, нысаптылығына, дүниеқор еместігіне ерекше риза болған. Кейін: "Мен өлгенде Асылхан бауырымды шақырыңдар. Рәтбектің керегі жоқ!" деп әзіл-шыны аралас айтып та отыратын. Мені ауруханаға шақырып алып өсиет айтқанда да Асекеңнің атын ұмытпаған. Асекенді апайының жаназасына шақырған едік. Бірақ, мешіттен келген молдаға жол беріп, Асекең кішпейілдік көрсеткен. Міне, апайының қырқына Асекеңнің өзі келіп отыр. Ол кісіге ерекше ризалық білдіретін себебім сол.

Асылхан қажының Халима апасы ылғи мені аяйтын еді. Жүрегім жарымжан болғандықтан ауыр жүк көтертпеуге, артық жұмыс істетпеуге тырысатын. Үстел басында түнде ұзақ отырғызбайтын.

— Шаршадың, деміңді ал. Қалғанын ертең жазасың, — деп қолтықтап, орнымнан тұрғызатын.

Кейде өзінің екі қолы бірдей ұйып, қиналып қалатын сәттері болатын. Сонда:

— Білегімді уқалап жіберші, — дейтін.

Мен алдымен бір білегін уқалай бастаймын. Үш-төрт рет уқалап шыққаннан кейін:

— Жарайды, жетеді, шаршап қаласын, — деп білегін тартып алатын.

Мен:

— Әкел, тағы да уқалайын, — деймін.

— Жоқ, болды, — деп ол басын шайқайтын.

— Ендеше екінші білегіңді әкел, — деймін.

— Жоқ, бұл қолым онша ауырып тұрған жоқ, — деп екінші білегін ұсынбайды.

Екінші қолын өзім алып, білегін, иығын уқалай бастаймын. Тағы да екі-үш реттен кейін ол:

— Болды, жақсарып қалды. Енді деміңді ал. Сенің алақаның бір сипаса, мен құр атқа мінгендей боп көтеріліп қаламын ғой, — деп арқамнан қағып, қасында отырған мені орнымнан тұрғызатын.

Мен жазу үстелімнің басына барып, қайтадан жұмысымды жалғастырамын.

Халиманың осындай жанашырлық әрекеттері көп еді. Мен оның бәрін өмір бойы айтып тауыса алмайтын шығармын.

Тағы бір мысал айта кетейін.

Бір жолы Халима ауруханада жатқан маған келемін деп, тізесін жаралап алыпты. Үлкен қызымыз Жанар екеуі аялдамаға жете бергенде трамвайдан қалмайық деп, тұра жүгіреді.

Дәл алдында тұрған әлдебір темір қазықтай байқамай, Халима соған сүрініп, құлап түседі. Қозғала алмай қалады. Жанар оны орнынан әрең тұрғызады. Халима ақсаңдап, аялдамаға әрең жетеді. Аялдамадағы орындыққа отырып қараса, тізесінен қан саулап тұр. Алақандай жерінің терісі сыдырылып қалған. Жалма-жан өзінің ішкі көйлегінің етегін жыртып жіберіп, екеуі қан саулаған жараны таңады.

— Сізді үйге апарып салып, ауруханаға мен барып келейін, мам, – дейді Жанар.

Халима басын шайқайды.

— Әзілханды өз көзіммен көріп қайтуым керек! — дейді.

Ақсаңдап келесі трамвайға мініп, ауруханаға жетеді.

Аурухананың реанимация бөлімі төменгі қабатта. Мен палатаның терезе жағындағы төсекте жатқанмын.

— Сізге сыртта кісілер келіп тұр, — деді есік жақтағы төсекте жатқан көршім терезені нұсқап.

Басымды көтеріп қарасам, балконның кенересінен қылқиып, екі адамның басы көрінеді: Халима мен Жанар. Биіктігі кісі бойына жуық балконның кенересіне иектерін сүйеп, екеуі мен жаққа үңіле қарап тұр екен.

Мен төсектен басымды сәл көтеріп оларға үңілдім.

Халима: "Тұрма, қозғалмай жат" деген белгі беріп, маған оң қолын жоғары көтеріп, қайта-қайта шайқады. Содан кейін ол сол жақ қолының алақанын бетіне тигізіп, басын қисайтты. Онысы "Жастығыңа жат" деген белгісі екенін ұқтым. Ұқсам да олардың жүзін көре түскім келіп, "жарайды" дегенді ымдап, басымды изедім де, кеудемді түртіп, төрт саусағымды көрсеттім. Оным: "Менің халім жақсы — төрт" дегенім.

Халима екі қолын жоғары көтеріп, алақанын соқты. Сөйтіп, қуанғандарын білдірді. Жымиып, қайт-қайта басын изеді.

Содан кейін мен сұқ саусағымды шошайтып, оларға қарай нұсқадым. Бұл: "Өз халдерің қалай?" дегенім еді.

Ол екеуі "Біздің халімізді сұрап жатыр" дегендей, біріне-бірі бас изесті де, Жанар бес саусағын тарбитып жоғары көтерді. Халима бас бармағын шошайтып, оң қолын қайта-қайта жоғары сілтеді.

Мен де қуана күліп, оларға басымды изедім.

Содан кейін Халима маған "жат" деген ишараны қайтадан жасады.

Мен:

— Сендер де үйге қайтыңдар, – деп оң қолымды жайқадым.

Халима басын изеді. "Бетіңнен сүйдім" деген ишара жасап, иегін көтеріп, еріндерін үш рет бүрістіріп, маған қарай ұмсындыра қозғады. Онысы үш рет сүйдім дегені еді. Содан кейін бас бармағын қайтадан көрсетті. "Біз үшін уайымдама" дегені деп ұқтым.

Мен жастығыма жантайдым. Олар үйге қайтты.

Содан мен реанимация бөлімінде он үш күн жаттым. Халима күн сайын келіп, терезеден қарап кетіп жүрді. Ылғи күліп, бас бармағын көрсетеді. Жағдайлары жақсы екен деп, оған мен қуанамын.

Содан кейін мені аурухананың кардиология бөліміне көшірді. Онда он бес күн жаттым. Онда да Халима күн сайын палатаға кіріп, қасымда болып кетіп жүрді. Қабағын бір шытпайды. Қуана келеді. Мені қуантып, үйге қайтады.

Бір күні Халима палатаның есігінен шығарда аяғын ақсаңдай басқанын байқап қалдым.

— Халима, неге ақсайсың? — дедім оған.

— Жай, әшейін. Көп отырғанға аяғым ұйып қалды. Қазір басылады ғой, — деді ол күліп.

Мен қала бердім.

Сөйтіп, күндердің күнінде ауруханадан шығып, үйге келдім. Халима өзі қолтықтап, ауруханадан алып қайтты.

Үйге келгеннен екі-үш күн кейін Халиманың оңаша бөлмеге барып, тізесін қарап жатқанын көрдім.

— О не, Халима? — дедім.

— Жай, әшейін, — деп Халима етегін жаба салды.

— Тізеңді жаралап алғансың ба? Көрсетші, — дедім.

Етегін сәл көтеріп қарасам, тізесіндегі алақандай жараны көріп, шошып кеттім.

— Айналайын-ау, жаман жараланып қалыпсың ғой. Қашан? Қашан? – деп бәйек болдым.

Ол күлді де:

— Қойшы, ештеңе де емес. Дәрігер жазып берген майды жаққаннан кейін жазылып, қара қотырланып қалды ғой, деді ол мені тыныштандырып, басымнан сипап.

Содан соң қалай жараланғанын айтты.

— Оны маған баяғыдан бері неге айтпадың? — дедім бойым шіміркеніп.

— Өзің ауырып жатқанда сен мен үшін мазаланбасын деп айтпадым. Айтпай-ақ қоятын едім, өзің көріп қалдың ғой, – деп өзінің алдына тізерлеп отырған мені қолтығымнан көтеріп, еденнен тұрғызды.

Халиманың маған деген махаббатының күші осындай еді. Мен үшін өз жанын ешқашан аяған емес. Мен қиналмасын деп өмір бойы өзінің ауырғанын, өзінің қиналғанын бір рет те білдірген жоқ.

Мен осындай асыл жардан айырылдым. Қазір іңірде төсекке жатарда Халиманы ойлаймын. Түнде түсімде Халиманы көремін. Таңертең төсектен тұрарда Халима туралы естеліктерімді шалқамнан жатып, қағазға түртемін.

Жақсы жар жадыңнан өшпейді екен. Тасқа қашалған Күлтегін жазуындай болып, жүректе, мәңгі сақталады екен.

Он жетінші сөз

Бүгін жасы 80-ге тақаған ардақты Ананың қырқын өткізіп отырмыз. Бұл, бір жағынан, той есепті де.

Бірақ, бұл тойды мен өткізіп отырғам жоқ. Менің алатын зейнетақым пәтерақы (7000 теңге) мен айлық ішетін дәріме де (12000 теңге) жетпейді.

Бұл тойды өткізіп отырған Халима екеуміздің балаларымыз: Жанар, Жаннат, Арнұр, Жаннұр, күйеу балаларымыз Серік пен Джейсон, келіндеріміз Света мен Ғалия, немерелеріміз Сабина мен Сәкен, Дина мен Алма және Әлия. Осылардың қатарына ұлы әжесінің үйдегі суретін сағат сайын сүйіп, оңы үнемі іздейтін шөбереміз титімдей Халиманы да қосамын.

Мен осы балаларыма Абай даңғылының бойындағы "Транзит" кафесінде, шын жүректен әкелік, аталық шексіз алғысымды білдіргенмін.

Бұл балалардың шешесі, әжесі, қымбатты Халима үй ішіне керекті заттарды үнемі жиып-теріп жүретін. Базарға барсақ темір-терсек сататын дүкенге соқпай кетпейтін. Бірде балға мен балта сатып алса, бірде егеуге назары ауатын. Үлкенді-кішілі темір шегелерді де көзінен қағыс қалдырмайтын.

Біржолы шаруашылық заттар дүкенінен қол орақпен шалғы орақ сатып алды.

— Мұны қайтесің? — дедім мен күліп.

— Балалар саяжайдың шөбін шауып үйренсің, соған керек, деді ол.

Бір жолы Мәскеуден қайтқанымызда Халиманың тас үйдің қабырғасын тесіп, шеге қағуға керек деп, қобдишаға салынған тас тескіш (дрель) сатып алғаны есімде. Сол құрал жалғыз біздің үйдің ғана емес, бірнеше басқа үйлердің де қажетіне жарады.

Дүкендерде болмайтын шаруашылыққа керекті кейбір заттарды Халима өз қолымен жасап алатын.

Бейбітшілік, 159-дан Құрманғазы, 90-дағы жаңа үйге көшерде Халима кітаптарды буып-түюге деп дүкеннен бір буда (1000 метрлік) синтетикалық жіп сатып әкелді. Бірнеше синтетикалық талшықтан құралған, үзілмейтін мықты жіп. Соларды кесіп-кесіп, кітап будық. Бір буда жіптің жартысы артылып қалған.

Наши рекомендации