Рметті Әзілхан аға! 1 страница
Сіздің сүйікті жан жарыңыз, әрі сенімді серігіңіз Халима апаның өмірден өткендігі жөнінде 4.08.2001 ж. күнге "Оңтүстік Қазақстан" газетінен оқып естідік.
...Сіз қазақ халқына керексіз. Сондықтан алдағы кезде денсаулығыңыз мықты болсын.
Aл Астана қаласында тұратын жазушы-журналист Қайсар Әлім былай деп жазыпты:
Адірлі Әзілхан аға!
Сау-сәлемат болдыңыз ба? Денсаулығыңыз қалай? Балалар аман ба?
Әзаға! Өз басыңызға, отбасыңызға түскен ауыр қайғының артының жақсылығын берсін. Өмірлік қосағыңыз Халима апамызда жоғалту Сіздің ғана емес, баршамыздың қабырғамызға батады. Марқұм Ол кісіні ұлтымыздың Ана, Жар, Келін, Ене, Жеңге дегізерлік асыл да ыстық ұғымдарының бар болмысын ашатын жиынтық Тұлға ретінде қабылдайтын едік. Халқына қадірменді, сүйікті жазушы Әзілхан Нұршайықов туралы өнегелі сөз туындай қалса, Халима апамыз да атаусыз қалмайтын еді. Тіпті, Сіздей ірі жазушыға тағдыр сол кісідей асыл адамды лайықтап жаратқан ба деп те толғанатынбыз. Әттеген-ай, бірақ мына тұрлаусыз өмірге не шара!?
Әз аға! Сіз Халима апамызды өмір бойы жырлап өткен махаббаттың адал қорғаушысысыз. Сонау ертедегі әңгімелеріңізді бастап "Махаббат, қызық мол жылдарға" дейін жалғасқан, одан бергі шығармаларыңызда да Ұлы махаббат тiнi бір үзілмейтінін, мына біз оқырмандарыңыз, жақсы білеміз. Сіз Алла дарытқан қаламгерлік талант, қуатыңызбен ғана емес, ұлт санасына Махаббат символын сіңірген ерлігіңізбен де өзгелерден оқшау, дара турасыз. Және де Махаббат туралы айтып, жазып қана қоймай, нақты өмірлік өнегеңізбен әр жүрекке әл берген мәңгілік маздақсыз!
Мықты болыңыз, Әз аға! Сіздің өмірлік абыройыңызды сомдап, бөліскен асыл апамыздың пейіште нұры шалқысын! Топырағы торқа болсын! Үлкен жазушының үлкен жарын халқы да ұмыта алмайды!
Сәлеммен, ініңіз Қайсар Әлім.
3.09.2001. Астана
әл-Фараби .көшесі. 15-үй 100-пәтер
("Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі)
Мінеки, Халима қазасын естіген оқырмандар маған осындай хаттар жазуда.
Оныншы сөз
Халиманың кең пейілдігіне қарай біздің үйде, өзінен-өзі бір ғажайып қор құрылды. Артынан оны біз "Халима қоры" деп атадық.
Олай деген себебіміз: Халима қайтыс болғаннан кейін онымен қоштасуға, көңіл айтуға келген ағайындар әркім өз күйлеріне қарай ақша тастап кетіп отырды: біреу 500, 1000, 2000, 3000, 4000, 5000, біреу 15000, біреу 20000 теңге, біреу — 50, 100, 500 доллар дегендей.
Сөйтіп, "Халима қорына" қазір 3000 долларға жуық қаражат түсті. Ол қорға кімнің қанша қаражат қосқанын жеке-жеке атап айтпай-ақ қояйын.
Осы арада мына бір екі оқиғаны да айта кетейін.
Біріншісі мынандай. Бір күні Халимаға жинақ кассасынан кассир қателесіп, 1000 сомды артық беріпті. Халима алған ақшасын санамай (санауға кассирге сенімсіздік көрсеткендей болармын деп ұялады), сөмкесіне сала салады. Үйге келіп санаса, артық ақша шығады.
Бұған Халима қатты қысылды. Өзін кассаның ақшасын ұрлап әкеткендей сезінді. Жүгіріп, үстел басында жұмыс істеп отырған маған келді.
— Жүр, мына артық ақшаны апарып берейік. Бұл ақша кассир әйелдің мойына мінеді ғой. Обал ғой! – деді.
Халима мені қасына ертіп, ол артық ақшаны Фурманов пен Калинин көшелерінің қиылысындағы жинақ кассасына апарып өткізді. Өзіне осыдан жарты сағаттан аса бұрын ақша берген кассир әйелге барып:
— Сіз маған қателесіп, 1000 сом артық беріпсіз. Мен оны қолма-қол санамағаныма ғапу өтінемін, санасам сол алған бойда өзіңізге қайтарып беретін едім, — деді.
Кассир әйелдің екі көзі бақырайып кетті. Мың сом мойнына мінсе оңай ма? Сотталып кетуі де мүмкін ғой. Халимаға қайта-қайта басын иіп, рақмет айтты.
— Түу, қандай рақат болды. Бақандай мың сомды кассадан ұрлап алғандай үрейім ұшып еді, — деді маған Халима кассадан шыққаннан кейін.
Сол күні кешке бұл оқиғаны достарымыз Тұрсынбек пен Күбіра Кәкішевтерге айттық.
— Бекер өйткенсіңдер, десті олар. — Өзі келген олжаны қайтарып берулерің дұрыс болмаған.
— Ондай олжамен байымай-ақ қояйын. Маған арым мен ұятым қымбат. Ешкімнен ештеңе алмай, тек жүргенім — рахат, — деді Халима, өзімен-өзі сөйлескендей жайлап қана.
Енді екіншісін айтайын. Мен үйде жоқта Талдықорған облысынан бір жас ақын біздің үйге бір қойдың етін алып келіпті.
— Бұл кімге, қалқам? — деп сұрайды Халима.
— Сіздерге, — дейді бейтаныс жігіт.
— Не себептен? ..
— Сыбағаларыңыз ғой, жеңгей.
— Біз сізді, сіздер бізді білмейсіздер. Танымайтын кісіге ешкім сыбаға сыйламайтын сияқты еді ғой, шырағым.
— Ағайды сыртынан білеміз ғой.
— Сыртынан білетіндерге алыстан сыбаға тасымайды. Не қызмет істеуші едіңіз, қарағым?
— Мұғаліммін, жас ақынмын.
— Жазушылар одағына мүшесіз бе?
— Жоқ, үміттімін.
— Онда, қалқам, жоғары шығып, шай ішіңіз. Бірақ, мына сыбағаңызды мұнда қалдырмай алып кетіңіз. Осында ақын ағайларыңыз бар шығар.
— Бар ғой, апай.
— Бар болса, солардың біріне апарып сыйлаңыз. Ал ағаң Жазушылар одағына өтуіңе қойсыз да көмектеседі. (Ол кезде мен Жазушылар одағына мүше қабылдайтын комиссияның торағасы болатынмын). Ал мынадай "сыбаға" әкелгеніңізді білсе, ол кісі ренжиді, көмектеспей қоюы да мүмкін, — дейді Халима жігітке жайлап.
Жігіт қипақтап тұрып, ақыры қойын арқалап алып кетуге мәжбүр болады.
— Қарағым, алыстан келген екенсіз, шай ішіп кетпейсіз бе? — дейді Халима оған қайтадан.
— Жоқ, рақмет, апай, — деп жігіт төрге шықпай, дәлізден қайтады.
Мұны да кезінде Кәкішевтерге айттық. Сырлас достарымыз ғой. Олар күлді:
— Ой, сіздер қызықсыздар. үйлеріңізге өзі келген ақшаны апарып бересіздер. Өзі келген қойды қайтарып жібересіздер. Біз болсақ: ақшаны қалтаға басып, етті де жеп алар едік, — деді Тұрсынбек.
— Біз шәкірттерінен сыбаға жеп дәндеген Кәкішев емеспіз ғой, — дедім мен де күліп.
— Қойшы, олай деме, Әзілхан, – деді Халима менің иығымнан қағып, – Өзіне ұзақ жыл білім берген ұстазына шәкірттері сыбаға жіберіп, немесе әкеп беріп жатса, оның несі айып? "Ойыннан от шығады" дегендей, мен екеуіңнің осындай әзілдеріңнен қарадай қысылып отырамын.
— Осы апамның ақылы болмаса, сіздің қалай күн көргеніңізді көрер едім, — деді Тұрсынбек мені мұқатқандай болып.
Мен үндемедім.
Өйткені, Тұрсынбектің сөзінің жаны бар еді.
***
Кім, қанша бергенін өзі де біледі ғой.
Сонда да бұл қорға ("Халима қорына") 500 теңгеден қосқан екі адамның, 500 доллардан қосқан екі азаматтың аттарын ерекше атағым келеді. Олар кім дейсіздер ғой?
Гули Назымбекова деген ұйғыр әйелі мен Наталья Федоровна Байгельдинова деген орыс әйелі. Екеуі екі мекеменің тазалықшысы. Мына арқадан аяздай қысқан нарық заманында екі тазалықшының 500 теңгеден әкеп үлес қосуы жан мырзалығы, тұрмыстық ерен ерлік емес пе! Біз "алмаймыз" деп едік, олар: "Біз адам емеспіз бе? Ана емеспіз бе? Бізде жүрек жоқ деп ойлайсыздар ма?" деп, еркімізге қоймады.
Енді 500 доллардан бергендердің кімдер екенін айтайын. Олардың біріншісі шымкенттік бауырларымыз Нұрмұхан, Нұржан, Бақмағамбет Әжіметовтар. Екіншісі астаналық ініміз, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Оның үстіне Мұхтар бауырымыз Халима апайының аруағына арнап менің "Махаббат, қызық мол жылдар" романымды Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында жаңадан бастырып шығарып беруге уәде етті. Қазір ол роман қымбатты Кәдірбек бауырымның басшылығымен "Атамұра" баспасында теріліп жатыр.
"Көп түкірсе көл" деген осы, ағайын, "Халима қорына" түскен бұл ақшаны оның басына ескерткіш орнатуға жинап отырмыз.
"Халиманың қорына" үлес қосқан сіздердің бәрлеріңізге үш рет иіліп, шын жүректен алғыс айтуыма рұқсат етіңіздер.
Халима атақты емес-ті, көптеген қарапайым аналардың бірі, көптеген жазушылардың бірінің жан жолдасы, әдеби серігі ғана. Соған қарамастан менің кішкентай Халимама мұндай үлкен құрмет көрсетілуі көңілімді тербеп, көзіме жас келтіреді. Аруағыңнан айналайын, асылым!
Он бірінші сөз
Мына менің саусағымда алтын сақина бар. Енді осы сақина туралы бір ауыз сөз айта кетейін.
Мен өмірімде саусағыма сақина салмаған кісімін. Кейбір жазушылар мен ақындар саусақтарына тоқпақтай алтын сақина салып жүргенде "мақтаншылық қой!" деп ішімнен күлетінмін.
Енді, міне, Халима қайтыс болғаннан тура 30 күннен кейін саусағыма алтын сақина салып, "сәнденетін" болдым. Мұнда не мән бар?
Тамыздың 25-і күні таңертең, кеше қайтыс болған Әлжекеңнің (Әлжаппар Әбішевтің) балаларына барып, көңіл айтып қайтуға қамдандым. Конвертке 5000 теңге салып ала барайын деп (Халима болса Әлжекеңнің жабдығына 5000 теңгеден кем қоспас еді), кішкене сейфімді аштым. Онда Халиманың өзім демеуші болып, бір кітабыңды шығарып беремін деп жинап жүретін ақшасы болушы еді. 5000 теңгені содан алмақ болдым.
Ақша салған дорбаны ашып қарасам, оның түбінде бір алтын сақина жатыр. Бетінде "Халима. 1997" деген жазу бар. Бұл Халиманың 1997 жылы операцияға жатар алдында жасатып, қыздарына, келіндеріне, немерелеріне таратып берген жүзіктердің біреуі. "Бұл кімге арналған екен? Балаларының бәріне таратып беріп еді ғой", — деп таңдандым.
Осылай деп ойлап, саусағыма салып қарасам — маған дәп-дәл екен. Саған да сақина жасаттым деп Халима маған айтпаған еді. Жалпы, Халима біреуге жақсылық жасаса, оны жария етпейтін. "Мен өйттім, бүйттім" деп ешкімге айтпайтын. Сол әдеті бойынша маған жасатқан сақинасын мен өлгеннен кейін өзі тауып алып, саусағына салсын деп ойлаған болуы керек.
Көзіме жас келді. "Бұл сақинаны өмір бойы саусағымнан шығармаспын!" деп өзіме-өзім ант бердім.
Түсте балаларыма Естай ақынның Хорлан сұлудан алып қалған алтын сақинаны өмір бойы саусағынан түсірмей жүріп, өлгенде өзімен бірге ала кеткенін, сол сақинаның иесіне арнап, "Хорлан" деген атақты ән шығарғанын айттым.
— Сол сияқты сендер де мен өлгенде бұл сақинаны саусағымнан суырмаңдар,— дедім.
Балаларым мұңайып отырып, бас изесті.
— Папа, айтқаныңызды орындаймыз. Ал сіз "Хорлан" деген ән шығарған Естай атамыз сияқты "Халима" деген кітап жазасыз ба? – деп сұрады олар.
— Амандық болса, жазамын, қалқаларым, — дедім балаларыма.
Мен Халиманы кей түнде түсімде төрт рет көремін. Күндіз үйдегі суреттеріне қарап, көз алдыма елестетемін. Ал мына Халима қалдырып кеткен алтын сақина арқылы түнде оны қасымда жатқандай сезінемін. Күндіз көшеде қолтықтасып қатар келе жатқандай күйде боламын. Сақина алтыны күндіз — күнге, түнде — шам жарығына жалт етіп қалғанда Халиманың жарқ етіп, өзіме қиыла қараған мейірімді көзін көргендей боламын. Халима мәңгі менімен бірге деп сезінемін!
Естай ақынның Хорлан қыздың сақинасын саусағынан неге түсірмей өткенін енді түсіндім. Ол қолы жетпей қалған асыл арманның өкініші ретінде сақтаған екен. Ал мен қолым жеткен ғашықтық жеңісінің жалтылдаған жалауы ретінде сақтаймын!
Мәңгілік махаббаттың өшпес сәулесі деп сақтаймын!
Мінеки, бұл кішкентай сақинаның кішкентай тарихы осындай. Жас кезімде қолыма жүзік салмай, сексенге тақағанда саусағыма алтын сақина салып, "сәнденуімнің" себебі сол!
Халима жасатқан бұл жүзіктер бүгін оның қыздары мен келіндерінің, немерелері мен шөбересінің саусақтарында жүр. Ертең ұрпақтан ұрпаққа ауысады. Осы жүзіктер арқылы да Халима есімі алдағы XXII ғасырға да жететін шығар деп үміттенемін. Бәлкім, одан да арыға кетер. Алтын тозбайды ғой.
Өзі жасатқызған жүзіктерінің бірін кіші қызы Жаннаттың саусағына салып жатып, Халима былай деген екен:
– Әкелеріңнің артында кітаптары қалады. Сол арқылы оны естеріңе түсірерсіңдер. Менің артымда не қалады естелікке осы жүзіктен басқа? Әкеңнің кітаптары мен менің жүзіктерімді жоғалтпай сақтап, өз шөбере, шөпшектеріңе беріп кетіңдер. Олар да өз балаларына беріп кетер...
Халима жалғыз Жаннат қана емес, барлық келіндеріне, күйеу балаларына (оларға да арнап жүзіктер соқтырыпты), немерелеріне де солай депті. (Кейін өзі аттас Халима деген шөбересі туып, ол бір жасқа келгенде оның құлағына арнап, кішкентай алтын сырға және соқтырып берді. Үйде Халиманың сол сырғаны шөбересінің құлағына салып жатқан кезде түсірілген сурет те сақтаулы).
Он екінші сөз
30-тамыз күні Олжас Сүлейменов үйге келіп көңіл айтқанда (бұрын Римнен телефон соққан ғой), оған Халимадан қалай айырылып қалғанымды айтып, жанымның мұңын шақтым. Жанарыма жас іркіліп, бірнеше рет тоқтап та қалдым. Олжас та үнсіз егіліп отырды. Бірақ, көзінен жас шығармауға тырысты. Жас шығармағанымен, үйдің іші қоңыр салқын, балконның ашық есігінен самал соғып тұрса да, маңдайы мен самайы тершіп, үстел үстіндегі ақ салфетка қағаздан екі рет алып, мандайын, бетін, көзінің алдын сүртті.
Қасындағы кісі:
— Әзеке, босамаңыз, — деп қалып еді, Олжас басын шайқады.
— Халимадай ақылды ападан айырылып қалғанда қалай босамайды?! — деп жолдасын тыйып тастады. (Жолдасы құран оқытуға ерте келген Амантай Асылбек болатын). — Әуезов сияқты ұлылар отырған осы орындықта отырып, Халима апайдың қолынан талай дәм татып едім мен де.
Ол осылай деп үнсіз отырып қалды. Менің көз алдыма Халиманың қолынан дәм татқан ағалар мен інілер елестеді. Олар өз қалыптарымен бір-бір көрініп, бой көрсеткендей болды. Ол кісілер кімдер еді?
Халима асты да дәмді, жұғымды етіп пісіретін. Оның ас пісіру шеберлігін кінәмшіл, кірпияз ағамыз, ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтың өзі мақтаған болатын. Ол кісінің:
— Кейбір үйге барсаң, тамағына тісің батпай қайтасың. Ал Халима келіннің пісірген асына тойғаныңды сезбей де қаласың! — дегенін өз құлағыммен естіген болатынмын. Бұл сөзді ол ағамыз біздің үйден қонақтан қайтып бара жатқанда, машина ішінде айтқан еді. Ғазиза жеңгей екеуін мен машинамен үйлеріне өзім апарып салған болатынмын.
Халиманың қолынан басқа да талай тамаша адамдар дәм татты. Біздің дастарқанымыздың ең алғаш қадірлі қонағы болған ұлы жазушы-академик Мұхтар Әуезов ағамыз болды. Ол кісіні қалай қонақ еткеніміз туралы мен өзімнің "Екі естелік" деген кітабымда айтқанмын. Одан кейін Қазақстанның халық жазушылары: Ғабиден Мұстафин, Әбділдә Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Әлжаппар Әбішев, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Мұзафар Әлімбаев, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Ғафу Қайырбеков, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Тұманбай Молдағалиев; атақты ақын-жазушылар: Әди Шәріпов, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин, Сәду Машақов, Ғабдол Сланов, Рахметолла Райымқұлов, Өтебай Қанахин, Медеу Сәрсекеев, Қалмұхан Исабаев, Қалихан Ысқақов, Дүкенбай Досжанов, Қабдікәрім Ыдырысов, Мағзұм Сүндетов, Жайсаңбек Молдағалиев, Кәкімбек Салықов, Оразбек Сәрсенбаев, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Роза Мұқанова; жазушы-профессорлар: Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Бағыбек Құндақбаев, Мұрат Хамыраев, Мырзатай Серғалиев;академиктер: Сақтаған Бәйішев, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Евней Бөкетов, Зейнолла Қабдолов, Көпжасар Нәрібаев; министрлер: Рымбек Байсейітов, Тұрғанбек Қатаев; Кеңес Одағының Батырлары: Махмет Қайырбаев, Қасым Қайсенов (Халық қаһарманы); Социалистік Еңбек Ерлері: Күләй Шарбақбаева, Жазылбек Қуанышбаев, Ділдәш Итбасова; халық әртістері: Сабира Майқанова, Асанәлі Әшімов; партия-кеңес қызметкерлерінен: Кенжебай Мақин, Аманолла Рамазанов, Жұмабай Ахметов, Ертай Айдарғалиев, Екейбай Қашағанов, Айтбай Назарбеков; дәрігерлерден: Мұхтар Айтқазин, Марат Баязитов; әскерилерден генерал Абай Тасболатов сияқты тамаша аға-бауырларын қошаметтеп күтті.
XX ғасырдағы замандас жазушылардан Халиманың дастарқанынан дәм татпағандары кемде-кем болар. Тіпті, мені өте ұнатпайтын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі Мәскеуде Халиманың тәтті шайын тамсанып отырып ішкен. Бұлардан өзге Халиманың қолынан шетел азаматтары да дәм татты. Олар: И.И. Ляпин (Мәскеу), Т.С. Сартақова (Мәскеу), Г.А. Горышин (Ленинград), генерал А.И. Карпелюк (Киев), В.Г. Ласкович (Брест), атақты маршалдың қызы Маргарита Георгиевна Жукова (Мәскеу), В.М. Сулименко (Харьков), генерал Н.И. Луцев (Подольск), Фредерик Компи (АҚШ), Джейсон Компи (АҚШ), чех полковниктері Станислав Мистр мен Иосиф Пелын (Праға), Семен Руфов (Якутия), Бетани Шрайберт (АҚШ), Сәбит Жаданов (Мәскеу), Валентин Речмедин (Киев), Шәкен Оналбаев (ҚХР), Оразхан Ахметов (ҚХР), Батырхан Құсбегин (ҚХР), Сафван Кудси (Сирия), Саид Хаурания (Сирия), Аднан Бағаджати (Сирия) және бір кәріс жазушы (Солтүстік Корея).
Халима қол өнеріне ғана емес, қонақ күтуге де талантты еді. Өзі танымайтын, маған да бейтаныс оқырмандарды да қабақ шытпай қабылдап, құрметтеп күтіп, қуантып шығарып салатын. Танымаса да кейбіреулеріне шапан кигізіп, сәлемдеме беріп жіберетін. Сол танымайтындар ішінде біздің үйден шапан киіп қайтқан оқырмандардың бірі Атырау қаласындағы балық комбинатының жұмысшысы Өтебай Бейсенғалиұлы бауырымыз еді. Жалпы танитын, танымайтын ағайындардан Халиманың қолынан жиырма шақты адамның шапан киіп кеткендері есімде...
...Содан соң, Олжас бетін сүртіп болғаннан кейін, еңсесін көтеріп тіктелді де:
— Әзеке, қайтеміз? Тағдыр солай болса — не шара?! Өзіңіз аман болыңыз, балаларыңыз аман болсын! — деп қайта еңкейіп, мені бетімнен сүйді (екеуміз қатар отырғанбыз). Содан кейін сағатына қарады. Сағат 6-да антиядролық халықаралық жиналысқа қатысқандарға банкет беріледі екен, соған баруға рұқсат сұрады.
— Бар, айналайын, — дедім мен.
Бір сағаттай бірге болып, Олжасты екі жолдасымен шығарып салдым. Құшақтасып қоштастық.
Он үшінші сөз
Халима көршілеріне, таныстарына, жақындарына ілтипат білдіріп, сыйлық жасап отырушы еді.
Біздің үйдің ауласына сонау Қырбалтабай ауылынан бір үлкен сары цистерна-машина келіп, сүт сатады. Оны Халима екеуміз "Біздің ауылдың сары сиыры" деп атайтынбыз. "Сары сиыр келді ме екен?" деп, таңертең терезеден қарайтынбыз.
Ол машинаның басшысы Серік деген жігіт. Қасында Яша деген шофері бар. Сол екеуіне Халима айт, той, мейрамдардан сарқыт апарып беріп отыратын. Екеуміздің қосылғанымызға 50 жыл толған тойымыздан, әкеміз Нұршайықтың 100 жылдық тойынан, немереміз Сабинаны ұзатқан тойдан сарқыттар апарып бергенін білемін. Ол жігіттер: "Біздің апай!" деп Халиманы құрметтеп, жақсы көретін. Ұзын шіреттің арт жағында тұрған Халиманың бидонын жүгіріп келіп өздері алып, сүт құйып беретін. Халима олармен сыйластығын пайдаланып, ешқашан шіреттің алдына қарай ұмтылмайтын. Сүт жетсе кезекте тұрып алып, жетпесе қайтып келетін. Сүт жетпей қалды деп ешқашан ренжімейтін. Ондай күндерде екеуміз қолтықтасып, гастрономға барып, сүтті содан алып келетінбіз.
Біздің аулаға Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Бурное селосынан (қазіргі Бауыржан Момышұлы ауылы) келіп, Айбала деген келіншек қаймақ, май, қымыз, қазы сағатын. "Біздің Баукең ағамыздың ауылының дәмі" деп Халима Айбаланың әкелгендерінен үнемі сатып алып отыратын. Айбаланың үйіндегі енесіне шай, қант, балаларына кәмпит те беріп жіберетін. Маған: "Баукең ағаның ауылына сәлемдеме жібердім" деп қуана хабарлайтын.
Дос, жолдастардың қыз ұзату, келін түсіру тойларына барғанда Халима келіннің немесе қыздың қолына алтын сақина салатын. Ондай жүзіктерді ювелирлік дүкендерді аралап жүріп, арнайы сатып алатын. Немесе олардың той жабдығына ақша апарып қосатын. Өзіміз қатыса алмаған тойларға да артынан сыбағасын апарып беретін. Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Софы Сматаев, Кәдірбек Сегізбаев тағы басқалардың тойларына осындай сыйлықтар апарғаны есімде. Кісісі өлген үйлерге қаражат қосатын. Сөмкесіне конверт салмай бармайтын.
1997 жылы төрт той болды: Әлжекең Әбішев пен Дихан баба Әбілев — 90-ға, Тұрсынбек Кәкішев — 70-ке, Есләм Зікібаев бір жыл бұрын 60-қа толды.
Тойлары өткеннен кейін, Халима екеуміз олардың басын қосып, үйге қонаққа шақыруға қамдандық. Халима қатты әзірленді. Ол қонағасын біз: "Екі 90, бір — 70 және 60-тың тойы" деп атадық. Немесе қысқартып, "Үш ғасырдың тойы" деп те айтатынбыз. Өйткені, төртеуінің жасын қосқанда 310 жыл болып шығады екен. Біз үш ғасырды төрімізге шығарамыз деп қуандық. Төртеуіне 4 шапан әзірледік. Бірақ, Дихан ауырып келе алмады. Есләм басқа бір тойға кетіп қалды. Әлжекең мен Тұрсынбектің иықтарына шапандарын жауып, сарқыттарын қолдарына ұстатып. (Әлжекең Халиманың сарқыт бергенін қатты ұнататын), құрметтеп шығарып салдық. Шығарып салғанда жаяу жібергеніміз жоқ: машинамен әкеліп, машинамен үйлеріне жеткіздік.