ИманжҮсіп ҚҰтпанҰлы

(1863–1929)

Ақын, сазгер, әнші Иманжүсіп Құтпанұлы 1863 жылы Павлодар облысына қарасты Ақсу ауданында дүниеге келген.

Атасы Тұрғанбай датқа (1804–1850) Түркістан қаласы маңындағы Шілік өңірінің биі болған. Әкесі Құтпан Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске қатысқан. Иманжүсіп жас кезінен-ақ жырға, шешендік сөзге құмар болып, сал, серілер дәстүрін ұстап, саятшылық құрып, палуан атанады. Иманжүсіп суырып салма ақын, әнші болған. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди әндерін тамылжыта шырқаған.

Патшалық Ресей өкіметінің қысымына шыдамаған Иманжүсіп ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Ақмолаға келеді. Мұнда да әкімдердің зорлығына, әділетсіздігіне шыдамай, оларға шығарған өткір өлеңдерін айтады. Жалған жаламен тағы да қуғынға түседі. 1905–12 жылдары Өскеменге, 1914 жылы Жетісуға жер аударылады. Шұбарағаш, Ойжайлау, Лепсі, Қапалда тұрып, бірнеше рет жауапқа тартылған. 1913 жылы атамекеніне оралып, Сырдария губерниясының Шиелі болысына қоныстанған. Кеңес дәуірінде тағы да қудалау көрген Иманжүсіп Сарысуға көшіп, 1930 жылы 20 желтоқсан күні тұтқындалған. 1931 жылы наурыз айының екісінде ОГПУ жанындағы үштіктің шешімімен атылып, 1990 жылы толық ақталған.

Иманжүсіп – Жаяу Мұса, Мәди сияқты әділет, теңдікті жырлаған күрескер әнші. Оның әндері Арқада, Жетісуда кең таралған. «Сарымойын», «Бұғалы мен Тағалы», «Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау», «Әкем Құтпан болғанда, ағам Шонай», «Қысырақтың үйірі жирен ала», «Мен қалайша жалғанда тұрақтайын» секілді тағы басқа шығармалары бар.

1929 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында дүниеден өткен.

ИМАНЖҮСІПТІҢ ӘНІ

Мен жасымда, жігіттер, топтан астым,

Менменсіген талайдың көңілін бастым.

Қасыма ерген жігітке олжа салып,

Бір түнде сегіз қызды алып қаштым.

Абылай аспас Арқаның сары белі,

Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.

Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,

Нияздың Аюлы мен Қара көлі.

Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған,

Ұйпалақтап бауырыңнан түлкіңді алғам.

Есіл, Нұра, Ереймен, Қара қойтас,

Көзімнен бұлбұл ұштың, дүние жалған.

Күйгенжарды ауылым жанай қонды,

Әкем Құтпан кешегі қандай болды.

Қазы-қарта жемейтін қайран басым,

Түрменің қара наны балдай болды.

Қыран едім, қор болдым, торға түсіп,

Аспаныма шығармын бір күн ұшып.

Бар қатыны қыпшақтың ұл туса да,

Сонда да бола бермес Иманжүсіп.

Ішім жалын болғанда, құр денем сау,

Маған десең көз жасым жаңбыр боп жау.

Бүркіт ұстап басыңа бір шығайын,

Көзіме бір көрінші Ерейментау.

Қатар-қатар қаланған тастарың-ай,

Мұнарланып көрінген бастарың-ай

Сол бір жерлер есіме түскен кезде,

Көзімнен аға берді жастарым-ай,

Кісендеулі аяқ-қол, кетті тыным,

Тар қапаста өксумен өтті күнім.

Торға түскен торғайдай тыпыршиды,

Жаңғыртқан Сарыарқаны қайран үнім.

Жаламенен сорладым, мен не дермін,

Тарқамастан барады көңіл шерім.

Алтау ала болғанда ер құрбандық,

Осымен азғаның ба қайран елім.

ТОБАҒҰЛ МҰСАБАЙҰЛЫ

(1871–1937)

Тобағұл 1871 жылы қаңтар айында, қазіргі Семей облысы Таскескен ауданы «Овцевод» совхозының жерінде дүниеге келген.

Патшалық (1908) Кеңестік биліктің (1931) түрмелерін көріп, итжеккенге айдалған ақын әрі батыр.

1937 жылдың тамыз айында Тасарық деген жерде дүние салған.

ТҮРМЕДЕ

Күлдір де, күлдір кісінеген,

Ауыздық шайнап есінеген,

Күреңге мінер ме екенбіз!

Кенеп жейде, көк шекпен,

Ырыстан деген өсектен,

Құтылып шығып далаға,

Құстай түлер ме екенбіз!

Көңілдің кетіп қапасы,

Дұшпанның салған жапасы,

Жылаған жетім-жесірдің

Бізге де тиіп батасы,

Көрерге нәсіп болар ма,

Дүниенің жарық опасы!

Күңгір де, күңгір, күңгір үй,

Қаңқайып тұрған үңгір үй.

Білмейді жауап қатарға.

Рыздық айдап келтірді,

Ішінен тағам татарға.

Еркі өзінде бар болса,

Бір минут пенде жатар ма?

Терезеден телміріп,

Екі көзін сатар ма.

Осы тұрмыс ұмыт боп,

Жарық таң бізге атар ма!

Рақым қылар пенде жоқ,

Мұң-мұқтажыңды айтарға.

Темір кісен шешіліп,

Болар ма уақытым қайтарға...

Пешінен шыққан түтіні

Еліме сәлем айтар ма!

ОТЫЗ БЕС ДЕГЕН ЖАСЫМДА

Отыз бес деген жасымда,

Мехнат түсті басыма.

Ағайын-туған, қарындас,

Еркіменен көсіліп,

Келе алмады-ау қасыма!

Құмар едім шабысқа,

Саяқ кеттім алысқа.

Жүгірмейін десем де,

Шыдамадым намысқа.

Көп ұйғарды, мен салдым,

Қыл арқанды болысқа.

Ел кесігі жақпады,

Ғаділ деген орысқа!

Қамақ болып тұрағым,

Ішімдегі жалынды

Бәйіт жазып шығардым.

Елден хабар ала алмай,

Тарс (тас) жабылды құлағым.

Хайырлы қыл деп бір Алла,

Іштен толқып тынамын.

Орта жүздің ішінде

Қаракерей ұраным.

Жанға демеу жақсы аруақ,

Сізден медет сұрадым,

Жасығаным жарамас

Жасығанмен мұңайып,

Қайғы-шерің ұлғайып,

Жанашырың болмаса,

Қайырылып ешкім қарамас.

Жолдас болсаң жақсымен,

Жамандық ойға санамас.

Жарық дүние қызығы,

Бізге болды-ау зарығып,

Қайғыменен қарайдым,

Сағыныштан сарғайдым,

Бұл да Алланың бұйрығы!

Ел-жұртымның күйігі

Ішімде от боп жағылып,

Басымда ерік қалмай тұр,

Айдауылға бағынып,

Қапысы көп жалған-ай,

Құрбыласың сен қалай?

Құтылар амал болмай тұр,

Кең дүние тарылып,

Жеті атамнан бері қарай

Көрмеп едім тарығып.

Көп, көп сәлем айтыңдар,

Құрметті анама,

Талпынып ұшқан ақ сұңқар,

Қолыма қайтып қонар ма?

Мен сағындым жұртымды,

Жұртым еске алар ма?

Қайырылмастай күн туды,

Қатын менен балаға.

Ерден белгі табылмас,

Берік болмай жараға.

Бізді ұлықтар жазыпты,

Сарат деген қалаға,

Күнімді жатқа қараттың,

Азабын тарттым қамақтың.

Базарын қайран ғұмырдың,

Абақтыға тонаттым,

Қашықтығы Сараттың

Төрт мың шақырым жол дейді,

Бір кеткен соң елінен,

Пендеңнің ісі өнбейді,

Мен қайтейін қапа боп,

Қасіретін Еділден

Көрген адам зор дейді,

Айналасы заполют,

Терезесі темірден,

Қоршалған тор дейді.

Жырақтан дәм бұйырған,

Ырыстан боп жиылған

Тоғыз мыңдай қол дейді

Айдауылы түрменің

«Жиналыңдар, бол!» – дейді,

Құдай салды, мен көндім,

Күтейін деп ақырын,

Мұны жазған пақырдың

Естігені сол дейді.

ОШТАСУ

Айдалып Алматыда үш жыл жаттым,

Бұйырған Үйсін елдің дәмін таттым.

Болғанда төртінші жыл қайта айдалып,

Ай жарым күн-түн жүріп Арқа тарттым.

Жаны ашып келгендерді біз айтайық,

Жәмиғат біздің сөзге салса құлақ.

Жолшыбай көзі көрген мұсылмандар

Бәрі де жолың болсын деді шулап.

Сарғайып абақтыда жатқан басым,

Түскен соң қара жолға кеттім қунап.

Темір тор, тар қапастан жеріген соң,

Құса боп ой қамаққа берілген соң,

Кезеңге Арғанаты шыққанымда,

Жыладым Тарбағатай көрінген соң.

Лепсіден дүйсенбі күн түстік жолға,

Кез болдық құдай қосып қайғы малға.

Келгенде Арғанаты бекетке,

Ағайын амандаса келді сонда.

Жақыпбек бұрын келді Бекбайұлы,

Жігіттің бағланы еді өзі құрбы.

Жақсының аруақ қонған тұқымы еді,

Келген соң жаны ашып, жылап тұрды.

Қаракөк бабасынан үзілмеген,

Кісінің баласы еді патша сынды.

Жанынан бес-он теңге ақша беріп,

Қош айтып, сол арада дұға қылды.

Қамбаймен келіп түстік Жүзағашқа,

Рақым қыл патша құдай көзде жасқа.

Сол жерде іздеп келіп амандасқан

Азырақ қоштасайын қарындасқа.

Ішінде Қаракерей Семіз Найман,

Атағы жайылған ел алты алашқа.

Баласы Даңғасардың болыс Омар,

Адамға құдай берсе, дәулет қонар.

Жасынан үздік шыққан бағыланым,

Іс қылды ағайынға көңілі толар.

Пәкизе Омарменен қатар тұрып:

«Қарағым, жолың болсын!» – деді-ау солар.

Пәкиза, Балпық қажы асқар белім,

Бір демеп көңілімді тастап едің.

Бар болса бізден қата кешіңіздер,

Кеудесін дұшпандардың басқан едім.

Тап болдық ағын судың таязына,

Қазанғап қалды Ойжайлау оязында.

Қайран ел ыстығыңа күйіп едік,

Ақ патша қуды Сібір аязына.

Пристоп жазған екен Ачитанға

Қол қойып пригауар қағазына.

Сарыарқа, қош-аман бол, сайран жерім,

Дәм тартса, бар ма жазмыш қайдан дерің?

Көгенге көп жақсыны тізіп бермей,

Басымды қатерге өзім байлап едім.

Кішіні үлкен аға құрмет еткен,

Қош деймін Қаракерей, қайран елім.

Сәлем де Балтабаек пен Сүбебекке,

Үзілмей келе жатқан қаракөкке.

Әрі қажы, әрі молла асылзатым,

Шыдамды батыр едің айтқан сертке.

Сәлем де Байбазар мен Тұтқышбайға,

Кісі еді тыныштықпен жүрген жайға.

Бас қосып Семіз Найман кеңес қылған,

Олардай берекелі ауыл қайда?

Дұғай-дұғай сәлем де Батырқанға,

Жатсам ұйқым келмейді ұзақ таңға.

Лепсіде үш күн келіп амандасты,

Жолығып рұқсат алып атұланға.

Босмойын Шәкіртпенен екі бағлан,

Кетпейді кімнен көшіп мына жалған.

Қапа боп тар қамауда жатқанымда,

Көтеріп көңілімді, есіне алған.

Шәкірт мырза ойымнан еш кетпейді,

Лепсіде жатқанымда іздеп барған.

Тар жер түгіл кең жерде жүргенімде,

Ат, ақша керегімнің бәрін алғам.

Қақпаған шаужайымнан бағландарым,

Жазғай-ақ көресіге есен-аман.

Осындай болам деген ойда бар ма,

Құданың құдіретіне не дүр шарам,

Жүруші ек түсімізде елге барып,

Жас ағып көзімізден тарам-тарам.

Ақтоғай бекетіне келдік жетіп,

Жас ағып екі көзден мөлт-мөлт етіп.

Айбатты, салтанатты болыс-билер,

Сол жерде амандасты құрмет етіп.

Сонан соң келіп кірдік пәтер үйге,

Құдайым салғаннан соң мұндай күйге.

Жолдастар қасымдағы сыртта қалды,

Жиылған қызмет етіп болыс-биге.

Ағайын, естен кетпес жылағаның,

Көл қылып көздің жасын бұлағаның.

Берікбол Түстікбаймен қатар тұрып,

Қонаққа бір күн бер деп сұрағаның.

Берікбол, жасыңыздан болың болыс,

Бабаңнан бері қарай алдың қоныс.

Тиянақ, халқымызға ауылымыз ең,

Қараған аузыңызға қазақ, орыс.

Түстікбай артық туған бағлан ерім,

Артылған құрбысынан кемеңгерім.

Құдайға малын айтып шалып еді,

«Аман бол, көргенше, – деп – батыр шерім!»

Кір жуып, кіндік кескен қайран Арқа,

Есімнен кетер ме екен, әсте менің!

Бекіш би, көргенімше сіз де аман бол,

Кез қылған құдай қосып бір сапар жол.

Күнәлі көптен бөлек еш жерім жоқ,

Баласы Семіз Найман дұғада бол!

Мәміш би жасынан-ақ туған артық,

Айдын көл ағайыным жатқан шалқып.

Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай,

Тереңнен тұнушы едің, түптеп тартып.

Баласы Төлегетай бұрып мойын,

Мәміш би жасынан-ақ туған артық.

Босатпай тұрып алды жолдың бойын.

Құдірет кісенімнің құлпын бұзып,

Қазақтың қашан көрем жиын-тойын.

Сүлеймен дұғай сәлем бағланыма,

Алланың пенде риза салғанына.

Сүлеймен Тұрысбекпен көп жылады,

Қош айтып, көз ұшында қалғанында.

Шаймерден, қош-аман бол, Сопы Рақым,

Ағалар ойлап тұрсам дүние жақын.

Қой сойып, қонақ қылды үш күн, үш түн,

Ойлаған шын пейілмен жолдас хақын.

Керейде дұғай сәлем Оразбайға,

Кісі еді желігі жоқ, қоңыр майда.

Жүретін бір қалыпта қайран ерім,

Солардай берекелі кісі қайда?

Байғамыт Терлікбаймен құдаларым,

Мың жылдық құдалыққа шыдағаным.

Қысталаң кезде қайыр іс қылғаның,

Ойынан кете ме еш тірі адамның.

Берікбол, Кәкімжан мен Болатбайым.

Аллаға қылған ісің бәрі дайын.

Кісісі Тойұғлы атам бәрі келді,

Білгізіп есен-аман, мәні-жайын.

Біреуі Оспан Жәутік көрінбеді,

Көп айтып басқа сөзді не қылайын.

Көп сәлем дұғай, дұғай қайран мырза,

Жасыңнан еліңізге болдың тұлға.

Бабаңнан бері қарай ер дарыған,

Намысың кеткен емес қазақ ұлға.

Қоңыр мен Есенсары бағыланым,

Көп ойлап құрбыларды қамығамын.

Дуаннан іздеп келіп амандасқан,

Кісіні ойламаған неғыламын.

Сәлем де Байқұлжаға дұғай, дұғай,

Рауа хажатыңды берсін құдай.

Жұрт билеп, қажы болып бабаң да өткен,

Болады кімге жолдас дүние сұмырай.

Айқасқан тай-құлындай құрбыларым,

Сібірге біз айдалдық жылай-жылай.

Байқұлжа, жаннан артық ғазиз басың,

Сағынып көп жылаған көзде жасым.

Айырылып ел-жұртымнан болдым пақыр,

Болады қай уақытта жарылқасын.

Секілді қалың тоғай қайран Тоғым,

Ағайын, қош-аман бол, қарындасым.

Жер мен көк сәулет алған Күн мен Айдан,

Сөзімді мен бір пақыр жұртқа жайған.

Аман бол қалың орман Қаракерей,

Орта жүз омыртқасы қайран Найман.

Бір шөкім топырағыңды ала кеттім,

Топырақ бұйырар деп енді қайдан.

Аман бол келгенің де, келмегенің,

Жүрегім шор боп бітті шерден менің.

Шыдамас намыс үшін уа, дариға,

Қолымды қиын жерге сермегенім.

Алдым тор, артым мылтық ентелеген,

Ұлықтың неше көрдім тергегенін.

Ел үшін еркек тоқты біз құрбандық,

Еншіге заң-зәкүннен он жылды алдық.

Қырандай қолға түскен көрбаламыз,

Жетелеп бара жатыр әлсіз жарық.

Еркіндік ер жігітке арман екен,

Алдында айдауылдың болдық ғарып.

Қайрансыз кен буады көкіректі,

Құдайым көл қылғайсың көп тілекті.

Шырылдап артта қалды бала-шаға,

Ұлықтар итжеккенге һүкім етті.

Келгенде отыз беске ойнап күлер,

Біз көрдік темір тұсау текіректі.

Ұмытпас Қаракерей бес боздағым,

Қорғаншақ көп жаманның несі кетті?!

Аман бол сәлем айтқан, айтпағаның,

Арасын енді айырдым ақ-қараның.

Кеміріп кісен жеді қызыл етті,

Артыма елді қимай көп қарадым.

Дұғасы халайықтың қабыл болып,

«Қайран ел, дәмің жазсын!» – деп барамын.

иманжҮсіп ҚҰтпанҰлы - student2.ru

Наши рекомендации