Дәріс 6. Педагогикалық шешендік тілдің стилистикалық ресурсы
Шешен бейнесінің қалыптасуындағы стиль мәселесі. Шешендікте шешен бейнесін қалыптастыру мәселесі өте –мөте құнды. Шешендік теорияда шешен бейнесі сөйлеу түріне қатысты екендігі айтылады. Шешен бейнесі сөйлеу стилі арқылы айырылады. Заманына қарай халықтың өмір сүру стилі өзгереді, халық өміріндегі сан салалық саяси өсу, ғылыми-техникалық даму, әр халықтың мәдени қалпы сөйлеу стиліндегі әр түрлілікке алып келеді. Мысалы қоғамдағы өзгеріс бұрынғы өсиет дау, тағылым түріндегі билер сөзінің орнына қазіргі шешендіктің түрлерін – саяси, тұрмыстық, білім-ғылым, діни сот, шешендіктерін қалыптастырды. Шешендіктің осы түрлері шешендердің бейнесінде қазіргі қоғамға тән ерекшеліктерді туындатты. Әр саладағы шешендердің әрқайсысына тән стилін қалыптастырды. Мысалы, саясат шешендері Қазыбек би мен Ә.Кекілбайұлының ойлау жүйесі мен дүниетанымдық көзқарасы, білімі, өмірлік ой-толғаныстары, соған сәйкессөйлеу стилі бірдей емес, бұлардың әрқайсысы – өз заманының көрегендері. Сондай-ақ әртүрлі сөйлеу түрлері ретінде танылатын шешендіктің қазіргі түрлерінде көсем болып жүрген шешендердің сөйлеу стилін салыстырсақ та, әрқайсысы сөйлеу мазмұнына, сөз қолданыстары, жеткізу мәнеріне қарай айырылады.
Қазіргі шешендікте де сөйлеу түрлеріне қарай шешендердің стилі әр басқа. Діни мазмұнда сөйлейтін шешеннің стилі саяси мазмұнда сөйлейтін шешен стилінен өзгеше. Немесе ғылым-білім мазмұнында сөйлейтін шешеннің сөз саптауы сөзін жалпы жұртшылыққа арнайтын журналистің сөзімен бірдей емес. Тіпті оқу білім тақырыбында сөйлейтін шешендердің өз ішінде айырмашылық бар: филолог пен математик, географ пен химик т.б. шешендердің стилі әр түрлі. Стильдегі айырмашылық тіл құралдарын пайдаланудан, шешен тілінің сөздік қорынан, тіл байлығын сөз мазмұнына қарай іріктеп жұмсаудан байқалады.
Шешеннің сөз саптауы лингвистикалық ережелер мен стилистикалық қағидаларды меңгерумен ғана өлщенбейді, тіл байлығын жетік білуге де байланысты. Шешендік тілдік қатынаста ең өзекті мәселе – шешеннің айтқан сөзін тыңдаушылардың толық түсініп, соған оң баға беруі. Шеешендіктану ғылымында сөзді түсіну дегеніміз – сөзді тілдік таңбалар ретінде қабылдау, шешеннің айтпағын қандай тілдік құралдармен жеткізгенін ұғыну деген сөз.
Шешендікте тілдік құралдарға жасалатын талдау лингвистикалық, грамматикалық, стилистикалық талдаулардан өзгешерек. Лингвистикалық талдау мәтінде қолданған сөздердің тізімін қарастырады, топ-топқа бөліп сипаттайды, грамматикалық жүйеге түсіреді. Лингвистика тілдік құралдарды сипаттағанда стилистикамаен бірігеді, яғин сөздерді қолданысы тұрғысы жағынан жалпыхалықтық, диалектілік, кәсіби т.б. сөздер деп топтайды. Сөйтіп стилистикалық белгісі жағынан сөздерді талдап, тіл тазалығы туралы ойлайды. Міне осы жерде лингвистика стилистикамен жақындасады.
Авторлық сөз қолданыстарды талдау кезінде лингвистика автор қолданған сөздердің сөздігін жасайды. Сөздікте автор қолданған көркемдегіш тілдік құралдарды қарастырады. Осы жағынан лингвистика риторикаға жақындайды.
Ал стилистика шешендікке қай жағынан көмектеседі десек, біріншіден, шешендік сөздің стильге қатысты толықтық, қысқалық, тазалық тәрізді талаптарын көрсетеді. Шешендік сөздің толықтығы дегеніміз – ойдың толық қамтылып, баяндалуы, ал қысқалығы дегеніміз – ойдың мейлінше үнемделіп берілуі, тазалығы дегеніміз – басы артық сөздің қатыстырылмауы. Екіншіден, стилистика мәтінді стильдің түрлеріне қарай шешен баяндама, шешен тілді мақала, шешен әңгіме, т.б. деп жіктейді: ғылыми, ауызекі, публицистикалық, т.б. шешендік сөздерді әсерлілігіне қарай рациональды стиль, романтикалық стиль, орта стиль деп айырады. Рациональды стильді – төменгі, романтикалық стильді жоғарғы стиль деп те атайды. Рациональды стиль дегеніміз – ойдың қатаң тәртіппен, байыпты талдаумен, эмоционалды-эксперссивті сөздерсіз «салқын қандылықпен» ұсынылуы. Романтикалық стиль дегеніміз – тыңдаушылардың сезіміне, көңіл-күйіне әсер ететін көркемдеуіш құралдардың, эмоционалды-экспрессивті сөздердің молырақ жұмсалуы; орта стиль дегеніміз – жоғарыдағы екі стильдің де элементтерінің қолданылуы. Осылайша, шешендік тілдік құралдарды зерттегенде лингвистика мен стилистика жетістіктерін пайдаланады. Шешендік пен лингвистиканы кез келген сөйлеудің түсінікті болуын қадағалау міндеті біріктіреді, ал стилистиканы шешендік пен авторлық даралыққа ұмтылу мақсаты біріктіреді. Шешендік лингвистика мен стилистика жетістіктеріне сүйеніп, ол өзіндік мақсатына қарай тілдік элементтерді грамматикалық мағыналардан тыс қызметте де жұмсай алады. Мысалы сөйлемнің айтылу сазына қарай бөлінетін түрлерін өз мағынасында жұмсаумен қатар, сұраулы сөйлемді сұрау мағынасынан бөлек риторикалық сұрақ түрінде көркемдегіш тәсіл ретінде пайдаланады. Сол сияқты шылауларды да өзінің қызметінен басқа, бір нәрсеге ұқсату, теңеу қызметінде қолдана алады немесе сөз тіркестерін заңды грамматикалық байланысында жұмсап қана қоймайды ( мысалы, анықтауыш), даралық қолданысқа түсіріп, арнаулы мақсатта (эпитет) жұмсайды. Сондықтан шешендік талдауда жалпы лингвистикаға, стилистикаға тән категорияларды түгендемей-ақ авторлық қолданысқа тән ерекшеліктерді талдау қажет. Бұдан шешендер үшін туындайтын тағылымдар:
- Шешен бейнесі дегенді сөйлеу түрлеріне қатысты түсіну;
- Қазіргі шешендіктің түрлерін сөйлеу стиліне қатыстыра анықтау;
- Бұрынғы шешендік пен қазіргі шешендікті салыстыра отырып түйіндеу;
- Әр саладағы қазіргі шешендердің сөйлеу стильдерін салыстыра талдау;
- Монологтық шешендік сөздерге лингвистикалық, стильдік грамматикалық талдаулар жасап, әр талдаудың өзіне тән ортақ заңдылықтарын табу;
- Лингвистикалық, стилистикалық талдаулардың айырмашылықтарын аңғару;
- Шешендік талдаудың стилистика мен лингвистикаға қатысты жағын айыру;
- Монолог түріндегі шешендік сөздерді стильдің түрлеріне қарай ажыратып топтау;
- Монологтық шешендік сөздерді төменгі, жоғарғы, орта стиль түрлеріне қарай меңгеру.