Дәріс 12. Педагог маманның сөйлеу мәнерлілігін қалыптастырудағы шешендік құралдардың қолданылуы

Дұрыс сөйлеу тіл грамматикасын, сөзді қолдану және дыбыстау (произношение) ережелерін (нормаларын) мұқият сақтауды керек етеді. Сөздің әсерлі болуы, ұғымдылығы, мәнерлілігі де дұрыс сөйлей білгенде ғана іске асады. Сөз (тілдік) нормасын бұзу оның түсінікті болуына кедергі жасап қана қоймай, педагог шешенге сенімсіздік тудырады, сөздің негізгі ойын күңгірттендіріп, тыңдаушының ойына күдік тудырады, сөздің ықпалдылығын жоққа шығарады. Жалпы грамматикалық нормаларды елемеу сөзге деген салақтықты тудырады, сөздің қисынын, ойдың жүйелілігін бұзады. Лексикалық норманы бұзу (сөз қолданудағы қателік, диалект және жаргон сөздерді орынсыз пайдалану, тұрақты сөз тіркестерін бұзу т.с.с.) педагог шешеннің алдына қойған мақсатына жетуге кедергі жасайды, кейде сөздің мәніне қарама-қарсы күлкілі жағдайлар туғызады. Сөз бұрмалаушылықта (о йақ, бұ йақ, қай йақ т. с. с.) аудиторияның ықылас-ынтасын кемітіп, кері психологиялық әсер береді. Бұл тұста ана тілін бұрмалап, немесе өзге тіл сөздерін араластырып сөйлеу т.с.с. құбылыстар педагог шешен сөзіне нұқсан келтіретіні студенттерге баса ескертіледі.Мұндай ағаттықтарға жол бермеу үшін педагог шешен өз тілін үздіксіз ұстартып, жетілдіріп, грамматикалық анықтамалар мен сөздіктерге жиі-жиі үңіліп, зерделей қарап, өз сөзін өзі бақылап отыруға тиіс. Дұрыс сөздің тағы бір қасиеті – оның қысқалығы. Әрі қысқа, әрі нұсқа сөйлеген шешен тыңдаушының уақытын алмай, төзімін сыйлап, қажетсіз қайталаулардан, майда-шүйде детальдарға тоқтала беруден бойын аулақ салады.

Көне грек данышпаны Плутархтың "сөздің кұдіреті – аз сөзбен көп мағына беруде" деген сөзі – педагогтің ұстанатын қағидасына айтылуы керек. Жас педагог кейде шетелдік терминдер мен архаизмдердің де тура мағынасын ажырата білмейді. Архаизмдерді оңды-солды қолдану да сөздің ұғымды болуына кедергі жасайды. Ал жаңа терминдерді (неологизмдер) орынсыз пайдалану педагогтің білімділігін көрсетпейді, керісінше, оның парасатының төмендігін айғақтайды. Сөз байлығы – сөзді қарабайырлықтан сақтап, оған жарқын сезімдік реңк қосатын синонимдердің, сөздің әсерлі де бейнелі болуын қамтамасыз ететін, "жан кіргізетін" фразеологиялық тіркестер мен мақал-мәтелдердің молдығы. Айталық, "тыңдау" деген қарапайым сөздің "ден қою", "көңіл бөлу", "назар салу", "кұлақ қою" деген сияқты тіркестік синонимдері бар. Қайсысын қолданған дұрыс? Мұны, әрине, шешеннің өзі шешеді. Алайда бір ғана "тыңдау" сөзін пайдалана бергеннен гөрі кейде оны синонимдердің бірімен алмастыру педагог шешеннің сөзіне әр қосып, әсерін арттыратыны анық. Бұған фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер мен афоризмдер жататыны белгілі. Сөз байлығының тағы бір құралы – дауыс екпіні, интонация. Дауыс әуезін шебер өзгерте отырып сөйлеген педагог табысқа жетуге бір табан жақын тұрады. Демек, актерлік қабілет те белгілі бір дәрежеде педагог шешеннің ажырамас серігі болып табылады. Тілімізді шұбарлап жүрген тағы бір кесел – К. Луковскийдің анықтамасы бойынша, "канцеляриттерді", яғни кеңсе қағаздарында пайдаланылатын сөздерді орынсыз қолдану: "шешім қабылдау", "шара қолдану", "күн тәртібі" т.с.с. Мұндай жасанды да жансыз тіркестер педагог сөзінің сұрқын кетіріп қана қоймай, мағынасына да күңгірт рең дарытады.Шешендік сөз тыңдаушының ақыл-ойына, сана-сезіміне әсер етеді. Демек, шешен сөзі қызу қанды, әсерлі де сезімге толы болғанда ғана тындаушының жүрегіне жетіп, өтімді болмақ (Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді). Ғалымдар мұндай сөз адамның ойына, жадына, назарына оң әсер ететінін анықтаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, баяндаудағы ой ұшығын үйлестіргеннен кейін, дәрістің композициясын қабылдап, кең көлемді тезистік жоспарын құрастырғаннан соң, сөйленер сөзіміздің логикалығы мен айғақтылығы қалыпты болуы үшін, біз сендіру амалдары мен айғақтама нұсқаларын таңдауымыз керек. Ал, бұл орайда, педагог шешен кәсібилігінің тілдің мәнерлегіш құралдарын електен өткізу орынды. Егер де шешендік сөз тыңдаушылардың елестетуін оятып, олардың сезіміне әсер етпесе, осынысымен олардың ілгері тәртіп қалпын анықтамаса, онда бұндай сөз өнерге баланбайды. Алуан болжау, сілтеме, айғақтармен ақыл-ойға, ұғым-түсінікке әсер ету – бұл ғылыми баяндаудың не ғылымның міндеті. Бұл арада логика басым мәнге ие. Мәнерлегіш құралдардың міндеті эмоциональды фон құру, айтылған іргелі ойларға қатыстылық сезімін ояту. Бұл жағдайда басым мәнге өнер ие болады, яғни ұсынылған идеялардың безендірілу техникасы, сөздің, идеялық ұшқынның өзегі болар мазмұнның сыртқы кабатының өзіндік орны бар.

СЕМИНАР ЖӘНЕ ПРАКТИКА САБАҚТАРЫНЫҢ ҚЫСҚАША СИПАТТАМАСЫ (ЖОСПАРЛАР, СЕМИНАР ЖӘНЕ ПРАКТИКА САБАҚТАРЫН ЖҮРГІЗУГЕ АРНАЛҒАН ТАПСЫРМАЛАР, СОӨЖ, СӨЖ);

Наши рекомендации