Дәріс 4. Педагогикалық шешендік сөйленіс және тұлғааралық қатынас әдебі
Қазіргі уақытта зерттеушілердің шешендіктанудың психологиялық негіздеріне назар аудара бастағаны белгілі. Өз уақытында ерте дәуір шешендерінің өзі алдыңдағы аудиторияны есепке алудың, онымен тығыз байланыста жұмыс істеудің, тыңдаушылар назарын бағыттай алудың аса қажеттілігіне баса назар аударған. Жалпы шешендіктану ғылымына психология ілімінің қатысы мәселесіне қызығушылық өткен ғасырдың алпысыншы жылдары арта түсті. Көптеген еңбектерде кез келген үгіт-насихат жұмыстарының, әсіресе, пікірталас түрлерінің әлеуметтік-психологиялық жақтары барлығы көрсетілді. Яғни, «Педагогикалық шешендіктану» курсын болашақ педагог мамандарға меңгертуде, қауым психологиясын ескеру, сөздің оқушының көңіл-күйіне, сезіміне, іс-әрекетіне әсер ету заңдылықтарын жете білуін үйрету аса маңызды.
Педагогтің аудитория алдында сөйлеуінің қай-қайсысы болмасын – педагог шешеннің оқушы психикасына сөз арқылы әсер ету мақсаты тұрады. Біздің ойымызша, «Педагогикалық шешендіктану» курсын меңгертуде психология ғылымы мына мәселелерге көмектеседі:
– оқушылардың назарын аударта білу;
– оқушыларды ұйымдастыру шеберлігі;
– педагог шешен мен аудиторияның ортақ байланысы;
– аудиторияны басқару қабілеттілігі;
– әр түрлі аудиторияның әлеуметтік-психологиялық жағдайларын анықтау.
Педагог шешен мен мен аудитория арасындағы өзара байланыс – педагог сөзінің аудиторияға әсері, сондай-ақ аудиторияның кері нәтижелі қайтарымы. Мұндағы педагогтің басты мақсаты – мағыналы ақпаратты оқушыларға сендіретіндей етіп ұсыну. Педагог сөзі сөйлеу барысында алдындағы аудиторияның қалпын өзгертуге ұмтылады. Ол өзінің сөзімен, сұрақтарымен, өзіндік қалыппен, мінезбен, репликалармен тыңдаушыларға әсер етуі тиіс. Педагог алдындағы аудиторияны белгілі бір дәрежеде айтылған сөздің бөлінбес бір бөлшегі деп тануға тиіспіз. Сондықтан да педагог шешен алға қойған міндеттерін толық орындау үшін болашақ педагогтерге педагогикалық жоғары оқу орындары қабырғасында жүріп, «Педагогикалық шешендіктану» курсы негіздерін терең меңгере отырып, педагогке қажетті шынайы қарым-қатынастың арнайы білік-дағдыларын, сапалық ерекшеліктерін жан-жақты ұғу қажет.
Профессор А. Қыдыршаев бірінші «шешен-студент» аудиторияға әсер етудің құралдарын нақты да дәл, айқын білуі тиіс деп біледі. Оны төмендегіше көрсетеді:
1. дыбыстық каналдар:
– лингвистикалық (тіл арқылы);
– паралингвистикалық (дауыс күші, жоғары-төмендігі, тембрі, әуезі, интоноциясы, сөйлеу ырғағы, логикалық кідіріс, психологиялық кідіріс).
2. визуальды каналдар:
– кинетикалық (шешен тұрысы, ым-ишараты, дене қимылы (жест), бет қимылы (мимика), көзқарасы) [27].
Яғни, аудитория алдында ауызша сөйлеудің көптеген артықшылықтарының бірі – педагог ыңғайында сөз сөйлеуге қолданар кешенді құралдардың болуы. Олар дыбыстық, визуальдық, тілдік, тілдік емес құралдар.
Болашақ педагог маманның сөйлеу әрекетінде қиялдың орны ерекше белгілі. Себебі, педагог белгілі бір дәрежеде әртістің қызметін атқарады. Қиял суреттеулерден құрала отырып, ойдың ұшқырлығына себеп болады. Қиялдың шығармашылық қиялға айналуы педагог шешен үшін өте тиімді. Кез келген құбылыс, көрініс оқиға адам тілінде беріледі. Бұл педагог психологиясының шығармашылық қызметі [52]. Олар өзіне, студенттік өмірге, қоғамға қатысты мәселелер бойынша әңгіме ғана емес, педагог әрекетінде жиі кездесетін пікірталас түрлері мен жағдаяттарға қатысып, өздерінше тұжырым жасап, талқылауға белсене қатысуы тиіс. Бұл ретте педагог маманның оқыған шығармаларындағы оқиғаларды одан әрі өрбітіп, мәтін құрастыруы, сюжетті суреттер бойынша әңгіме құрастырып, бейнеленген заттар, оқиғаларды ойша жалғастыруы, мақал-мәтелдердің мазмұнына қарай мәтін құрастыруы, т.б. жұмыстар маман тілін дамытуды жетілдіру мүмкіндігін кеңейтеді. Себебі, педагогтің іс-әрекеті мақсаттылық, шешімділік, тұрақтылық, дербестік, белсенділік, өзін-өзі ұстау секілді қасиеттерге негізделмек.
Ғалым А.А. Леонтьевтің пікірінше, сөйлеу әрекеті, белгілі бір динамикалық құрылымға ие болады екен. Тілдің интеллектуал қызметін ала отырып, ғалым ол құрылымды былай көрсетеді:
– сөйлеу әрекетін жоспарлау;
– оны жүзеге асыру;
– салыстыру мен бақылау [60].
Психологтар сөйлеу әрекетін екі түрге бөліп, оларды сырттай сөйлеу және іштей сөйлеу деп қарастырады, десек те олар бір-бірімен тығыз байланысты. Өйткені, олардың физиологиялық негізі бір. Бірақ олардың бір-бірінен ерекшелігі сырттай сөйлеуде адам сөзін тыңдаушыға дәл жеткізу үшін, ойын тілдің грамматикалық нормасына сай құруға тырысады. Іштей сөйлегенде ойдың екінші біреуге түсініктілігі қажетті болмағандықтан, грамматикалық нормаларды толық сақтауға мән берілмейді. Сырттай сөйлеу тыңдаушысына бағытталады, ал іштей сөйлеу біреудің сөзін түсіну, ұғыну үшін жұмсалады деп санайды.
Түйсіну мен қабылдау адамның сезім мүшелерімен байланысты болмақ. Олай болса, көзбен көріп, қолмен ұстаған нәрсені мектеп оқушысы емес, жоғары оқу орны студенттері де ол нәрсе, құбылысты танып білуі бейнелеу үдерісі арқылы іске асса, қабылдау арқылы оларды толық ажыратып, танитын болады. Сөйтіп, педагог ол затты өзіндік ерекшелігіне сәйкес объективті түрде таниды, әрі өзінің қызығуы мен зейініне қатысты субъективті түрде қабылдайтын болады. Осылайша қабылдағанын педагог маман өзінің белсенді ойлауымен талдап, қорытынды шығара білуі және оны ауызша да, жазбаша да жүйелі жеткізе білуі тиіс. Сонда ғана түйсіне таныған зат, құбылыс, оқиға педагог тілін дамыту нысаны болады.
Оқыту, тағы басқа жұмыстардың бәрі адамның зейініне қатысты, өйткені зейін қойып тыңдау – дұрыс ұғуды, түсінуді қамтамасыз ететін факторлардың бірі (К.Д. Ушинский, Қ. Жарықбаев, М. Мұқанов т.б.). Оқушының зейінін сабаққа тартудың жолын іздеу – педагогтің міндеті. Ол негізінен сабақтың тартымды ұйымдастырылуына байланысты, әрі оқушыларды сабаққа қызықтыра білуге де қатысты.
Зейін аударту ұғымы – тілдік қарым-қатынас психологиясының негізгі басқыштарының бірі. Көпшілік зейіні қабылдауды, есте сақтауды, ойлауды бағыттайды. Оларды үдетеді не кемітеді. Десек те ол тұрақсыз, өзгеріске ұшырауға бейім. Зейіннің тұрақтылығы берілер ақпараттың көлеміне, сан түрлілігіне, оның аудитория мүддесіне сәйкестілігіне, педагог шешен сөзін құлпырта білуіне, аудиториясын жалықтырмауына тікелей байланысты.
Зерттеу тәжірибелері мен нәтижелерінен көретіміздей, аудиторияның зейінін аударту мен қызығушылықтарын арттыруда белсендірудің негізгі құралдары:
– елегізетін сөз басы;
– үзік күйдегі тезис;
– талқылаудың сұрақ-жауап түрі;
– экспрессивті тұжырымдау немесе релаксация.
Таным әрекеті үдерісінің келесі бір күрделісі қабылдау. Оқыту және тілдік мәліметтерді ұғыну – қабылдауға байланысты. Ал қабылдау берілген анықтамаларды, мағлұмат, мәліметтерді іріктеу арқылы жүзеге асып отырады. Студенттің сөйлеу шеберліктерін қалыптастыруда психикалық танымдық дүниенің бірі – қабылдау арқылы адам ойын тіл арқылы білдіреді, өйткені ойлау, қиял сияқты күрделі психикалық үдерістер түйсіну мен қабылдаудың негізінде дамиды, есте сақталады. Ал заттың атын атамай, ол затты түсіну мүмкін емес. Сондықтан педагогтің шешендік шеберлігін дамыту үшін қабылдаудың маңызы зор. Педагогтің логикалық ойлауы есте сақтау қабілетіне де қатысты. Ес сөйлеуді қамтамасыз ететін құралдың бірі іспетті. Бірақ ес оймен тікелей байланысты.
Жоғары оқу орындарында «Педагогикалық шешендіктану» курсын оқыту арқылы педагог шешеннің этикалық мәдениетін қалыптастыруда педагогикалық шешендіктанумен өте-мөте байланысы мол ғылым саласы ретінде кинемика ғылымы туралы айту орынды. Ол педагог этикетінің құрамды бір бөлігі әрі сөйлеу тиімділігінің факторы ретінде ым, ишарат, дене қимылы (жест) және бет қимылы (мимика) рөлін атқарады. Педагогтің күнделікті әрекетіндегі сөйленер сөздің өзінде де ым, ишарат рөлінің маңызы басымдырақ. Ал педагог маман аудитория жағдайында ым, ишарат, дене қимылы – ақпараттарда берудің бірден бір негізгі құралы. Ол сөздің әсерін одан әрі арттыруға септеседі. Педагог шешенге аудиторияны сендіруге көмектесері хақ. Ым, ишарат ұлттық шешендік өнерімізбен де тығыз байланысты.
Педагог шешен өзі – сөз авторы, режиссуры, әрі орындаушысы. Сондықтан да оған қойылар талап та әр түрлі болуға тиісті.
Әр педагог шешенде бұл қасиеттер әр түрлі дәрежеде дамыған және туа біткен темпераментімен, мінез-құлық өмірлік тәжіриебесімен, мінез, қабілет ерекшеліктерімен астарласып, түрлі нәтижелер беретіні белгілі.
Қорыта келгенде, педагог-студентті шешен сөйлеуге үйретуде олардың логикалық мәдениетін қалыптастыру – маңызды негізгі бағыттардың бірі. Сөз жүйелі болуы үшін, педагог маманның ой жүйесі, білік-дағдылары дұрыс қалыптасуы керек.