Дәріс 1. «Педагогикалық риторика» курсының жоғары оқу орындарында оқытылу барысының зерттелуі
Шешендік өнер – жер бетіндегі өнер атаулының ішіндегі ең қадірлі де, қасиетті өнер. Қай тарихқа көз салсақ та, қай халықтың болсын қоғам, мемлекет қайраткерлері, ғалымдары тілге шешен болғанын байқаймыз. Халқымыз да шешендік өнерге, шешен сөзге, шешен сөйлеуге келгенде тапқыр да алғыр. Қазақ халқы қашан да аталы сөзге тоқтай білген. Ал осындай ұлтымыздың асыл қазынасы, шешендік сөздер бүгінде жан-жақты зерттелу үстінде. Қазіргі таңда шешендіктанудың теориясына қарағанда оны оқыту мәселесі кенжелеу қалып келеді. Соның ішінде шешендіктанудың айрықша бір түрі – педагогикалық шешендіктануды оқыту мәселесі, яғни оның зерттелу тарихы.
Шешен сөйлеуге баулуда антикалық шешендіктану басым мәнге ие болғаны белгілі. Себебі шешендіктің барша негізгі заңдары мен ережелері тек осы тұста ғана жинақтала қалыптасқан. Ал кейінгі теориялық еңбектерде сол ежелгі гректер мен римдіктердің идеялары жетілдірілді әрі нақтыланды,.
Аристотельдің «Риторикасы» – таза теориялық трактат. Мұнда шешендіктануды оқыту әдістері туралы кең көлемде мағлұмат аз. Десек те, Аристотельдің "Риторикасы" шешендіктануды оқытудың әдістемелік-дидактикалық аспектілерін қарастыру тұсында ескерілуі өте орынды деп білеміз. Ғұламаның шешендіктану іліміне орай көзқарасының өзіне дейінгі осы ғылым саласы бойынша қалыптасқан қағидаларынан түгелдей бөлектігімен түсіндіріледі. Аристотель алғашқы рет шешендіктануды шешендік өнердің теориясы тұрғысыңда ғана емес, оның тек белгілі бір дәрежеде жеке ғылым саласына ғана қатыссыз "жалпылық" қырын тану бағытында қарастырады [3].
Грек елінде шешендікке үйрету (риторикалық) мектептеріндегі сабақтардың негізгі түрі декламацияға, яғни ойдан шығарылған тақырыпқа сәйкесті сөз сөйлеуге құрылды. Мұндай сабақтарды ешбір пайдасыз деп айта жаздап жүрсе де, олардың "ақыл мен тілге арналған таптырмас үздік гимнастика" ретіндегі рөлі ерекше еді. Осындай бағдарламаға негізделген мектептердің ұзақ жылдар бойы сақталғаны тарихтан мәлім.
Есімі антикалық тарихтың тұтас дәуірімен байланысты атақты шешен Марк Тулий Цицерон "Шешен туралы" трактатында диалогқа қатысушылардың іс-әрекеті туралы (аталмыш трактат тап осындай формада жазылған), тым кең тұрғыда болмаса да, шешендіктануды қалай оқыту керектігі мәселесін де қозғайды. Ғалым шешендікті меңгеруге ұмтылушыға қойылар ең басты талаптардың бірі ретінде мүмкіндігінше көбірек жазуды атай келе: "Кто вступает на ораторское поприще с привычкой к письменным работам, тот приносит с собой способность даже без подготовки говорить, как по писанному" [4], – деп қорытады. Ол мейлінше қалай көбірек жазуға болатындығы туралы кеңестерге қоса, шешенді баулу ісіне қажетті төмендегідей әдістемелік талаптарды да ұсына білген: 1) жадыны өлеңдер жаттау арқылы жаттықтыру; 2) ұқсауға ұмтылған үлгі болар тұлғаларды үлкен талапшылдықпен іріктеу, бұл ретте тек шешендерге ғана емес, сондай-ақ актерлерге де ден қою; 3) көп оқуға ұмтылу, сәйкесінше, оқылғанды дәріптеу, талдау, жөндеу, қарсы пікір айту, жоққа шығару; 4) көптеген ғылым салаларын меңгеруге ұмтылу (алғашқы кезекте, құқық пен тарихты), яғни өз таным көкжиегіңді кеңейту [4].
Цицеронша айтсақ, шешендіктану пәні оқытушысының міндеті – өз шәкіртінің тілін тек ұстарту, жона түсу ғана емес, бұған қоса оның жан дүниесін орасан зор маңыздылыққа не алуан ғылым салаларына қатысты қызғылықты да сан қырлы мазмұнмен кемерінен келтіре толтыру.
Цицерон "Шешен" атты еңбегінде шешендіктануды оқытудың жалпы жүйесін ұсына келе, аталмыш ғылым саласына біртіндеп тереңдей үңілудің бес сатылы деңгейін бөле-жара тармақтайды. Бірінші саты –бұл үздік шешен туралы түсінік. Цицеронша, үздік шешен – "это такой оратор, который умеет говорить просто, о высоком важно и о среднем умеренно" [4]. Екінші саты –арнайы риторикалық "ойлап табу", "орналастыру" канондарын қарастыру. Үшіншісі –сөзбен бейнелеуді жан-жақты таразылау. Төртіншісі –сөздердің үйлесім табуы. Ең ақырғы, бесіншісі –ырғақ мәселесі. Бұл орайдағы дүлдүл шешен тұжырымы төмендегіше: "Никакая мысль не будет полезна оратору, не будучи изложена складно и законченно, и никакие слова не явять свой блеск, не будучи тщательно расположены; и как тому, как другому яркость придается ритмом" [4]. Ал ырғақтылық өнеріне қабілеттілік пен көл-көсір табанды ұмтылысты жаттығулар арқылы қол жеткізіледі.
Талантты шешен Квинтилиан аса қомақты да мәнді "Шешеннің қалыптасуы" атты еңбегінде шешенді оқыту мен тәрбиелеудің кең көлемді бағдарламасын ұсынады. Ол шешендіктануды білім беру саласында орталық орынға қояды. Шешен педагогтың пікірінше, шешендіктанудың бес бөлімін үйлестіре қолдана білу білігі, егер сөйлеу өнері осы арналардан құралатынын ескерсек, табиғи дарындылық, теориялық оқып-үйрену, жаттығулар мен еліктеу есебінен қалыптасады. Табиғи дарындылықты жоғары қоя отырып, Квинтилиан: "Одни эти дарования без опытного наставника, без настойчивого учения, без непрерывной практики в письме, чтении и устной речи сами по себе ни какой пользы не принесут" [5], – деп баса көрсетеді. Әсіресе, ритор толымды тәжірибе молыға жинақталатын шешендік практикаға ерекше мән береді. Сондай-ақ шешеннің жетіле түсуіне еліктеуі көп септесерін, тек неге еліктеу керектігін дәл білуі әрі түсінуі қажеттігін атайды.
Шешендік практиканың иірімдері мен детальдарын тарата баяндауда мейлінше сарабдалдық танытқан Квинтилиан өз трактатында жекелеген арнайы тараулар бере отырып, шешеннің тыңдаушылар алдындағы тәртіп ережелері туралы (дене қимылы (жест), бет қимылы (мимика), тұрысы, тыныс алу қалпы, дауыс күші мен әуезділігі, саздылығы т.б.) жан-жақты екшелген талдаулар жасайды.
Түйіндей айтсақ, антикалықтардың әдістемелік тәжірибесіне сүйене айтсақ, шешендіктануды оқыта отырып, шешен сөйлеуге үйретуге қажетті қағидалар төмендегіше болады: 1) әр түрлі ғылым салаларын меңгеру; 2) ұдайы тәжірибе; 3) мүмкіндігінше көбірек жазу талабы; 4) үлгілі шешенге еліктеу.
Ал М.В. Ломоносов "Шешендікке қысқаша басшылық" атты трактатында осы орайдағы іс-әрекеттің практикалық бағыттылығына мән береді. Ғалым шешендік өнерге: "Шешендік дегеніміз – кез келген нақтылы зат туралы шебер сөйлеу өнері және сонысымен өзгелерді өз ойына ойыстыра білу" [6], – деп анықтама береді. Шешендікке үйретудің бес сатылы жүйесін ғалым төмендегіше көрсетеді: 1) табиғи дарындылық; 2) ғылымилық; 3) авторларға еліктеу; 4) жаттығу; 5) өзге ғылым салаларын меңгеру.
М.В. Ломоносов шешендіктануды оқытудың антикалық қағидаттары мен әдістеріне сүйенеді. Цицерон пікіріне қосыла келе, туа біткен қабілеттіліктің мәнін еш төмендетпестен, атақты антикалық ритордың "Ақындар туа, шешендер жүре қалыптасады" деген қағидасын әрі қарай дамытады. Шешендікті меңгерудің анық та қанық, нақты әдістерін (ережелерді оқьп-үйрену, үздік риторларға еліктеу, жаттығу және бақылау) белгілеу, мысалдарды молынан келтіру М.В. Ломоносовтың аталмыш еңбегінің дәл мағынасындағы практикалық қалпын танытып тұр.
Орыс филологтерінде алғашқыларының бірі К.П. Зеленецкий "Риторика туралы зерттеулер" (1846) атты еңбегінде шешендіктану ғылымындағы даралықты, заңдар мен міндеттердің ерекшелігін баса айтады. Антикалық дәуірде қалыптасқан шешендіктанудың бес бөлімді сатысына қарсы К.П. Зеленецкий төрт бөлімнен құрылған төмендегідей өзіндік жүйесін ұсынады:
1) сөйленер сөздің логикалық құрылымының теориясы; 2) оның қалыптасуының лексикалық-грамматикалық теориясы; 3) оның өзіне тән шешендік қалпының теориясы; 4) троптар мен фигураларды меңгеру және сөйленер сөздің толық құрамды теориясы /сөйленер сөз композициясы, түрлері мен стильдері [7].
Кеңес дәуіріндегі сөз сөйлей білуді, сөзді құбылта, ойната қолдана білу шеберлігін кәсіби жоғары дәрежеде игертуді меже тұтқан еңбектердің бірі – Е.А. Ножиннің "Ауызша сөйлеу шеберлігі" атты зерттеуі [8]. Автор шешендік өнерді шаршы топ алдында сөз сөйлеуге даярлық пен сөйлесу, дидарласу іспеттес іс-әрекеттерге қатысты тілдік қызметтің ерекше түрі ретінде сипаттайды. Зерттеудің міндеттері: 1) көпшілікпен жанды қалыпта сөйлесу шеберлігінің, шешендік өнердің мәні туралы белгілі мөлшерде жүйелі түсінік беру; 2) шешеннің аудиториямен қарым-қатынасының күрделі үрдісін көз алдымызға келтіру, ойша моделін жасау. Осы үрдіске орай ілгергі іс-әрекет барысында ұшырасар мәселелер шоғырын айқындау; 3) ауызша шешен сөйлеу шеберлігін өз бетімен немесе топтық сабақтар арқылы меңгерушілерге сала бойынша қажетті кешенді білім, білік және дағды жинақтауға көмектесу.
Жоғарғы таразыланған антикалық дәуірдегі, орта ғасыр дәуіріндегі, алыс-жақын шетелдердегі зерттеулерден мынаны көруімізге болады. Ауызша шешен сөйлеу шеберлігіне, яғни адамдармен көзін жеткізе, қызықтыра, сендіре сөйлесе білу дағдысына әркім де ие бола алары белгілі. Мұндай жағдайда адамның жеке қасиеті, ынта-жігері, шешендік өнерді меңгеруге ұмтылысы аз рөл атқармасы анық. А.С. Макаренкоша айтсақ, "талант болып тумадым деп өкінудің қажеті шамалы, таланттар сирек болады, ал өз ісінің майталман шебері болу – әркімнің қолындағы іс, тек жатып ішер жалқаулықтан сақтасын де". Бұл ретте іске шығармашылық тұрғыда келу керектігі жоққа шығарылмайды, қайта сала бойынша сәйкесті білім, білік және дағдыларды меңгеру ауадай қажет.