Леуметтік педагогиканың теориялық-әдіснамалық негіздері» курсының пәні, мақсаты мен міндеттері анықтаңыз.

«Әлеуметтiк педагогика» ұғымын алғаш рет XIX ғасырда немiс педагогы А. Дистервег енгізген. Бірақ араға көп уақыт салып қана әлеуметтік педагогиканың екі ғылыми-практикалық бағыты айқындалды. Оның бірі П. Наторп есімімен байланысты айқындалып, халықтың мәдени деңгейін көтеру мақсатында қоғамның тәрбиелік күштерін интеграциялау мәселесіне арналды. Екінші бағыт қараусыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, оларды қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталды. Бұл бағыт Г. Нол, Г. Боймер есімдерімен байланысты болды. Әлеуметтiк педагогика, бұл қоршаған ортаның тәрбиеге әсерi жөнiндегi ғылым. Әлеуметтiк педагогика мәселелерiн зерттеуде танымал Ресей ғалымы А. В. Мудрик әлеуметтiк педагогиканы адамның бүкiл өмiрi барысында жүзеге асырылатын әлеуметтiк тәрбиесiн қарастыратын ғылым ретiнде қабылдауға болады деп айтады. Көптеген әлеуметтік-педагогикалық еңбектерде әлеуметтік педагогиканың дербес ғылым ретінде қалыптасуының бастауларына ертедегі дін мен қайырымдылық шараларының үлкен ықпалының болғандығы айтылады. Діни мекемелердің қай-қайсысы болмасын қашан да жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттап келген. Кез келген діни еңбектер мазмұнында адамгершілік, адамға мейірімділік көрсету, жақындарына қамқор болу мәселелері ең маңызды орында қарастырылады. Әлеуметтік педагогика адамның әлеуметтік мәдени ортадағы әлеуметтік дамуы мен қалыптасуы құбылысын және индивидуалдық мүмкіндіктеріне қарай өзін-өзі танытуға деген қажеттіліктеріне сәйкес әлеуметтік қалыптасуын қамтамасыз етуге бағытталған, мақсатқа сай ұйымдастырылған, әлеуметтік педагогикалық қызметті зерттейтін педагогикалық білім саласы болып табылады. Әлеуметтік педагогикалық қызметтің субъектісі ретінде әлеуметтік педагог, тәрбиеші, ата-ана, олардың орнын басатын тұлға, әлеуметтік-педагогикалық функцияны атқаратын ұйымдастырушы бола алады.Әлеуметтік-педагогикалық қызмет адамды туғанынан бастап оның жеке тұлға ретінде (әлеуметтік тәрбие, әлеуметтік-педагогикалық сүйемел, көмек) оның әлеуметтік қалыптасу сатыларында және нақтылы қоғамның (қауымның) азаматы ретінде дамуына жағдай жасайды. Бұл үдеріс қалыптасқан дәстүрлері, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен әлеуметтік тәжірибесіне сәйкес жүзеге асырылады:

Әлеуметтік педагогика мынадай екі бағытта дамиды:

- жеке тұлғалық; - әлеуметтік.

Әлеуметтiк педагогика адамның әлеуметтiк тәрбиесiн, яғни бүкiл өмiрi барысындағы әлеуметтiк ортаның тәрбиелiк ықпалының нәтижесiн қарастыратындықтан, бүгiнгi педагогикалық еңбектерде «тәрбие» ұғымының өзi «әлеуметтендiру» ұғымымен қатар өзара сабақттастықта қарастырылып жүр. Тәрбиелеу, әлеуметтендiру түсiнiктерiнiң мақсат-мiндеттерi өте жақын. Адамның әлеуметтiк тәрбиесiнiң қоғамдағы орны мен рөлiн анықтау оның «даму», «әлеуметтендiру» процестерi арқылы анықталады.
Әлеуметтiк педагогика пәнiнiң зерттеу объектiсi - адамның әлеуметтiк ортамен өзара қарым-қатынасының жиынтығы негiзiнде оның қоғамдағы даму процесi болып табылады. Сонымен қатар, әлеуметтік педагогиканың ғылым ретіндегі негізгі мақсаты педагогикалық мақсатпен сабақтастықта тұлғаның әлеуметтік болмысына қатысты білімдерді интеграциялау болып табылады. Практикалық пән ретіндегі негізгі мақсаты - өзінің табиғи болмысынан алыстаған тұлғаны қалпына келтіруге көмектесетін технологияларды жасау.
Ал, әлеуметтiк педагогиканың пәнi - адамның әлеуметтенуiнiң және оның қоғамға бейiмделуiнiң педагогикалық аспектiсi болып табылады. Г. Нол мен Г. Боймер әлеуметтiк педагогиканың пәнiн анықтау барысында кәмелетке толмағандар тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алу және панасыз балаларға әлеуметтiк көмек көрсету деп тұжырымдайды. Әлеуметтiк педагогика адам мен қоғамның өзара әсерлесуi негiзiнде қалыптасу, қоғамға толық ену ретiндегi тұлғаның әлеуметтiк қалыптасуын ынталандырудың мақсатын, мiндетiн, мәнiн, мазмұны мен принциптерiн, әдiстерi мен формаларын зерттейдi.
Әлеуметтiк педагогика өзiнiң пәндiк өрiсiне ие және ғылым ретіндегі өзiндiк мiндеттерi айқындалған. Олар:
- тұлғаның даралық дамуын гармониялы бiрлiкте қарастыра отырып, ғылыми әлеуметтендiрудi қамтамасыз ету;
- тұлғаның дамуы мен әлеуметтену процесiне әсер етушi қарым-қатынастарды педагогикалық тұрғыдан реттеу;
- тұлғаның қоғамға және әлеуметтену процесiндегi педагогикалық ғылымдардың көпжақты әсерiнiң мүмкiндiктерiн зерттеу;
- әлеуметтiк ортаның педагогикалық потенциалын арттыру мен оны пайдаланудың шарттарын және тәсiлдерiн зерттеу;
- тұлға ұғымының мәнін, оның даму, қалыптасу кезеңдерін түсіну;
- адамның әлеуметтік болмысының түрлі формаларының (адам, жекелік, тұлға, субъект) шекараларын ажырата алу;
- тұлғаның дамуы мен өзін-өзі дамытуының өзара байланыстылығына талдау жүргізу;
- әлеуметтік детерминант, әлеуметтік қалыптасу, тұлға қызметі мен дамуы ұғымдарының мәнін ашу.

Наши рекомендации