Тақырып: тіл дамыту жұмыстары

Тіл дамыту – қазақ тілін оқытудың, білім мен тәрбие берудің ең маңызды да салмақты мәселесі. Ол арқылы жасөскінді тіл өнеріне баулу, туған тілінің қыры мен сырын меңгерту, ойын жатық та көркем етіп жеткізе білу, мәдениетті де сауатты жаза білу әрекеттері жүзеге асады.

Қазақ тілін оқытуға байланысты тіл дамыту жұмысын ұйымдастырудың негізгі мақсаты – дұрыс, сауатты жазып, оқушының ауызша және жазбаша ойын грамматикалық және стилистикалық жағынан дұрыс сөйлем құрап, жүйелі сөйлеуге үйрету.

Тіл дамыту жұмыстарын оңтайлы жүргізу үшін мұғалімнің лингвистика саласынан терең білімі ғана емес, психология, педагогика саласынан да терең білімі болуы керек. Тіл дамыту ең алдымен тіл ғылымы саласынан берілетін білімге тікелей байланысты жүруі керек. Тіл дамыту жұмысы мынадай төрт бағытта жүргізіледі: бірі – мәдени, әдеби сөйлей білу номаларына үйрету, яғни орфографиялық дағдыны меңгерте отырып, оқушыға мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру. Екіншіден, лексикалық жұмыстар жүргізу арқылы оқушының сөздік қорын байыту, тілдің лексика және фразеология бөлімдерінен кеңірек білім беру көзделеді. Үшіншіден, жаңа сөздер үйрету, сөздерді үйрете отырып, жаңа сөздер жасайтын формаларды меңгерту арқылы сөз бен сөздердің байланысын, сөйлем құратып үйрету, сөйлемнің құрылысын білдіру арқылы синтаксистік лексикадан білім беру. Төртіншіден, оқушының ойын жазбаша дұрыс, сауатты жаза, әрі сөйлей білуге үйрету мақсат етіледі. Қазақ тілін оқытуға байланысты тіл дамыту жұмысы да мынадай дидактикалық принциптерге негізделе жүргізіледі: 1) сөйлеу мен ойлаудың бірлігі принципі; 2) тіл дамыту жұмысында ауызекі сөйлеу мен жазба тілінің бір-бірімен байланыстылық принципі; 3) тіл дамыту жұмысын грамматик, орфография, пунктуация және әдебиетпен байланыстыра жүргізу принципі; 4) тіл дамыту жұмысын стилистикамен байланысты жүргізу принципі.

Сайып келгенде, қазақ тілі сабақтары бойынша жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарын жоғарыда айтылған принциптерді ескере отырып ұйымдастыру пайдалы.

Қазіргі білім беру талаптары тіл дамыту жұмыстарына жаңа мақсат, жаңа міндет жүктейді. Оқытуды технологияландыру тіл дамыту жұмыстарын репродуктивті тәсіл емес, эвристикалық, шығармашылық, яғни продуктивті тәсілдермен жүргізілуі керек. Тіл дамыту жұмыстары бүгінгі таңдағы сабаққа қойылатын талап негізінде жүргізілуі қажет. Тіл дамыту жұмыстарын әр сабақта өтіліп жатқан тақырыпқа сай жүргізіліп отырған жөн.

Дидактикалық принциптердің бірі - оқыту жүйесінде көрнекі құралдарды пайдалану.

Балаларға ана тілін үйретуде көрнекіліктің алатын орны жөнінде К. Д. Ушинский «Көрнекілікке үйретуді ана тіліне үйретуден бөлу мүлде қате, егер де балаға сөз үйретуге қиналатын болсаңыз, сыныпқа кірерде мазмұны жағынан балаларды сөйлеуге ынталандыратындай бірнеше сурет ала кіріңіз. Олар сіздің суретіңізді көрісімен, өздері де сөйлеп қоя береді. Сонда сіз өзіңіздің үйрететін сөздеріңіздің олардың қалай қиыншылықсыз үйренгенін де білмей қаласыз» – дей келіп, көрнекілік бақылампаздықты, ойлауды дамытады және балалардың бақылағандарын сөзбен дұрыс айтып беруге, одан логикалық қорытындылар шығаруға дағдыландырады» – деген еді.

Мектепте жас ұрпаққа сапалы білім мен адамгершілікке тәрбиелеу міндеттерін шешу, сабақтағы мұғалім сөзін өмірмен, көрнекілікпен ұштастыру тек жақсы жабдықталған оқу кабинеттеріне байланысты екені іс жүзінде дәлелденіп, кабинет жүйесімен оқыту оқу-тәрбие ісінің қажетті арнасына айналды. Мұғалімдер өзіміздің ұстаздық іс-тәжірибемізде кабинеттік жүйемен оқытуды жетілдіру, көрнекіліктерді тиімді пайдалану әдістерін жақсарту мәселелерімен шұғылдануда.

Қазақ тілін оқытумен байланысты мынадай көрнекіліктерді пайдалану керек: затты табиғи түрінде көрсету, графикалық (схема, таблица), көрнекілік, бейнелеу көрнекілігі (иллюстрация жасау, фотоларды көрсету, суреттер, диафильмдер, проблемалы сұрақтар, кеспе қағаздар, т.б.).

Осындай көрнекіліктермен қатар техникалық құралдарды пайдалану (магнит таспасы, кодоскоп, эпидоскоп, кинофильмдердің фрагменттерін) арқылы оқушылардың есту және көру сезімдерін дамытуға үнемі көңіл бөліп отыру қажет. Қазіргі уақытта мектептегі оқу-тәрбие ісінде мыңдаған тәжірибелі мұғалімдер мен әдістемешілер қазақ тілін оқыту барысында техникалық құралдарды, атап айтқанда, проекциялық дыбысты жазып алатын аппараттарды, диафильм, видеофилим, теледидарды пайдалану сабақты жандандыратынын, оқушылардың сол пәнге қызығушылығын арттыратындығың, өздігінен ізденуі мен шығармашылық бағытта ізденістер жасауына мүмкіншіліктер жасайтындығын дәлелдеп отыр. Техникалық құралдарды пайдаланып өткізілген сабақта оқушылар жалықпайды, жаңа оқу материалын қабылдауда олардың әртүрлі сезім мүшелері (көру, есту т. б.) қатысады, оқуға қызығушылығы артып, түсіндірілген материалдарды тез қабылдауына мүмкіндік туады

Қазақ тілі сабақтарында көрнекілік грамматикалық ұғымдарды немесе ережелерді ұғынуға, түсінуге жеңілдік келтіріп қана қоймайды, сөйлеу ситуацияларын туғызуға да мүмкіншіліктер жасайды. Сабақта көрнекілік мұғалімнің қойған мақсатына қарай қолданылады: өтілген материалдарды қайталау, жаңа материалдарды түсіндіру және бекіту, қайталау сабақтарында пайдаланылады.

Наши рекомендации