Quot;Батыр Баян" поэмасы

Мағжан Жұмабаев – бірнеше көркем поэма жазған құлашы кең эпик ақын. Ол өз заманының толғауы күрделі жайларын халқының өткен тарихын жырлау арқылы көрсетуге ұмтылды. Өйткені артта қалған казақ елін алға жетелеу сол халықтың өз қолынан ғана келмек. Сондықтан да халыққа күш берер осындай ерлік қайнарын Мағжан тарихтан іздеді. Өз шығармаларында кешегі өткен батыр бабаларымыздың ерлігін жырлады. Абылайды, Кенесарыны жырға қосты. Сол арқылы халқының қайратын ұштап, санасын оятуды ойлады.

Бұл тұрғыдан келгенде, "Батыр Баян" поэмасының маңызы ерекше. Поэманың оқиғасы бір кездегі қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік заманнан алынған.

...Қалмаққа қарсы жорыққа аттанбақ болған Абылай хан қол астындағы батырларын жинайды. Жалғыз Баян батыр ғана кешігіп келеді. Сөйтсе, бір кезде жорықта қолға түскен қалмақ қызы мен батырдың інісі Ноян екеуі көңіл қосып, қалмаққа карай кашып бара жатқан жерінен Баян қуып жетіп, екеуін де оққа байлап өлтірген екен. Қызда Баянның да ойы болған. Бірақ қалмақ қызы әр түрлі айламен жақындатпай жүріп, күндердің күнінде інісі Ноянмен сөз байласқан.

Бұдан кейін Абылайдың қолы жорыққа аттанады. Сол жорықта Баян батыр ерлікпен қаза табады.

Оқиға желісін Мағжан жай ғана баяндап шықпайды. Биік романтикалық сарынға құрылған бұл поэмада батырлық та, достық та, адамгершілік мейірім де, ашу-ыза да бар. Поэманың бас кейіпкері Баян батырдың өзі шығармада екі сипатта көрінеді. Інісі Ноян мен қалмақ қызының қылығына ашуланып, соңынан қуып жеткен шақтағы Баян мен екі жасты өлім кұштырғаннан кейінгі Баянның көңіл күйі, кескін-кейпі екі түрлі, бірақ нанымды. Бәрі де қарапайым адам баласының бойынан табылатын таныс жағдайлар.

Алыстан екі кара көрді Баян,

Кілегей қара бұлттай төнді Баян.

Ой жоқ боп, жүрек шоқ боп, құр екпін боп,

Сұңқардай сорғалаған келді Баян.

Бұл – Баян батырдың екі жастың артынан қуып жеткендегі кейпі. Ашу қысқан, сабырынан айырылған, жүрегін ашу мен ызаның оты жандырған алапат күш иесі. Алдынан тау кездессе де төңкеріп кетердей екпінді. Тіпті Ноянның өзі ағасының мына түрінен шошынып қалады.

...Ойламай, белді бекем будым неге?

Қозымды қас дұшпандай қудым неге?

Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,

Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?

Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,

Бір ата, бір анадан тудым неге?

Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым

Қанымен өз қозымның жудым неге?

Күнәсіз екі жасты өлтіргенше,

Өлмедім ішіп уын удың неге?

Туған бауырын оққа байлап, екі ғашықтың өлімі үстінде тұрған Баян осылай егіледі. Бірақ болар іс болды, өз қолын өзі кесе алмайды. Егіле тұрып ойланады. Жаңағы өзі қойған көп "неге?" жауап іздейді.

Жоқ, әлде, жоқ, жоқ... Әлде... Өлтірдім бе,

Інімді алты алаштың намысы үшін?! –

деп өзін жұбатады. Осылайша өзін-өзі бекіткен Баян батыр қалмаққа аттанып, сол жорықта ерлікпен қаза табады.

Поэманың бас кейіпкерлерінің бірі – қалмақ қызы. Ол Мағжанның ұғымында жай ғана тұтқын емес. Атағы алашқа әйгілі Баян батыр ғашық болған қыздың көркіне ақылы сай еді. Қыздың сұлулығын Мағжан аса нанымды суреттейді.

Сол сұлу сұлу екен атқан таңдай,

Бір соған бар сұлулық жиылғандай.

Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,

Сөздері – су сылдырлап құйылғандай.

Бір улап, көзқарасы бір айнытқан,

Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай.

Лебізі – жібек лебі, жұмақ желі,

Кәусардай тартқан адам қалар қанбай.

Осындай ерекше сұлулық иесі – қалмақ қызының қайсарлығы мен ақылы да қайран қалдырады. Сөз салмақ болған Баянды "ағатайлап" жүріп, өзіне қарындас ретінде қарауға мәжбүр еткен. Түпкі ойында туған жұрты, ата-анасы жатыр.

Алаштың аруы боп кетсе-дағы,

Жанымен өз жұртынан айырылмаған, –

күйі, ақыры, жас Ноянды өз дегеніне көндіреді. Ноян қанша батыр болса да, қыздың сөзіне бас иеді. Мағжан суреттеген Ноян жастық албырттықтың, тазалықтың, шынайы сезімнің символы.

Абылай хан поэмада "кең ойлы данышпан", елге қорған болған хан ретінде көрінеді. Қол астына алаштың атақты батырларын жинаған қолбасшы. Поэма оқиғасында Абылай қалмақтардың алдағанына сеніп, амалсыздан кері қайтуға мәжбүр болады. Батырларының бәрі осындай бәтуаға келеді. Тек жалғыз Баян ғана:

"Апырым-ай, алаш арын жоқтамастан

Жөңкіліп бұл қайтудың мәні қалай?" –

деп, қасына жүз жолдас ертіп қашып кеткен қалмақтың соңынан қуады.

Поэманың өне бойындағы шиеленіскен тартысты, кейіпкерлердің көңіл күйін, іс-әрекетін, мінез-табиғатын Мағжан айрықша шабытпен жырлайды. Кейіпкер бойындағы бірбет қайсарлықты, асаулықты, сондай-ақ ниетінің ақтығын, жанының тазалығын қатар сипаттау арқылы ақын шығарманың ішкі драматизмін шарықтау шегіне жеткізеді. Оқиғаны баяндау барысында тау мен суды, күн мен аспанды, табиғат құбылыстарын кейіпкерлерінің көңіл күйімен, қалмақ кызының сұлулығымен астастыра отырып, поэмадағы әр түрлі характерлер кақтығысын ширата бейнелейді. Сонымен қатар, ақынның шеберлігі, өлең өрімі, сөз көркемдігі, образды суреттеу, романтикалық асқақтық тәрізді қасиеттер де поэмада кеңінен көрінеді.

Қорыта айтқанда, "Батыр Баян" поэмасы – тек Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығынан ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының қазыналы қорынан лайықты орын алатын аса көркем де құнды туынды.

Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің бұл жанрдағы тұңғыш жетістігі, тұңғыш роман. Әдеби ортада өзінен кейінгі көтерер жүгі, мақсатты мен бағыты бір көптеген романдарға алғышарт болды. Тек көркемдік жағынан ғана емес, тіл, форма жағынан да біраз дүниелерге сара жол болғаны анық. Роман алғаш жарық көргеннен бастап қазақ әйелдерінің бас бостандығының жаршысына айналды. 1910 жылы Қазанда басылып шыққан кітап қолдан-қолға тимей қазақ арасына тез тарап кетті. Сауаттысы жатып кеп оқып көзіне жас алса, сауатсыз халық сол оқығандарды жағалай отырып тыңдайтын. Сора-сора жас алып, өз бастарындағы жағдайды жіте көріп, сезіне жәбірленетін. Негізгі өзек әйел бостандығы болған соң әйел қауымы өре түрегелді. Талай басыбайлы әйел затына ой салғаны анық. Осы әйел бостандығын екі жас (Ғали мен Жамал) арасындағы махаббат мәселесі арқылы беру, романның оқырманның жанына жол тапқан кілті десек қателеспейміз. Бұл сөзімізді қаламгердің қызы Г. Дулатованың «Ардақтап өтем әкемді» атты естелігінде (Жұлдыз, 1990, 6 сан) былай дейді: «...Бұл кітабы да елге тез тарап кетті, бізге көршілес тылдан келушілер сылтау тауып, қалап әкететін болды. Жамалдың өлеңмен баяндайтын аянышты өмірінен қыз-келіншектер өз бастарынан кешкен қайғысын, мұң зарын көрді. Романды оқығанда олар көз жастарын тыя алмай, уһілеп отыратын. Үлкендер жағы кешкі отырыстарда «Бақытсыз Жамалдың» хикаясын әңгімелесе, жастар жиын-тойларда кітаптағы өлең жырларды әнге қосып айтатын».

Роман сол кездің өзінде екі рет басылып (1910, 1914) шыққандығының өзі көп дүниені айтқандай. Сол заман, сол кездің саяси көзқарасымен қарағанда бұндай тақырыптағы роман екі рет қатарынан басылу ел қалауы, талабы екендігі анық. Содан бері басылып келеді. Әлі басылып келеді. Оқырманын әсте жоғалтқан емес.

Енді романның көркемдік жағына ойыссақ. Қандай шығарма болсын өз заманында, өз әлеуметтік ортасында құнды болмақ. Заманың қалай болса жасар амалың да солай болмақ. Әр әдеби туынды, көркем шығарма өз заманының көркем бейнесі. Жоғын жоқтап, барын түгендейтін жансыз жанашыры. Дәл қазір бұл романның көркемдігін осы заман талабымен, талғамымен көрсете алмасымыз анық. Ол заман келмеске кетті. Роман формасы да өлеңмен басталып, қара сөзбен өріледі. Осы тұста автордың ақындық қасиетін баса айтып кеткен абзал. Роман әр тұсында жаңа бір белес, жаңа сюжет желісіне ауысқанда өлең арқылы ауысып отырғанын байқаймыз. Ғалидың да Жамалдың да аузына автор ішкі сезімін, толғанысын өлеңмен салып отырған. Мысалы, Жұманға атастырып, малға сатып жіберген ата-анасына ренжіп былай дегені бар:

Мен қайран ата-ананың сатқанына,
Бір тазды жалпақ елден тапқанына.
Атама мен не жазып ем қор қылғандай,
Болмаса бір мінезім жақпады ма? - деген бір ауыз өлең күллі қазақ қызының арызы іспетті. Тағы бірде:

Сен үшін бір басымды еттім құрбан,
Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап, - деп шын ғашығы Ғалиға берген сертін байқаймыз. Осы тұстан екеуінің жаңа тауықыметті өмірі басталады.

Романда өзінен кейін әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан тәсіл - хат. Ғали мен Жамалдың бір-біріне хат жазып хабар алысып, бағыт-бағдар алысқаны бір дара мотив екендігі белгілі.

Романда екі жастың басты жауы, қасіреті мен қайғысына бастауы болған Байжан мен санасыз Әке Сәрсенбайдың портреттері мен қоса Ғали мен Жамалдың портреті шебер жасалған. Біріне тоқталсақ, автор Ғалидің портретін жасауда біршама суреттеуге барады. «Бұл жігіт орта бойлы, қияпатты, азырақ бетінде қорасан дағы бар, жаңа мұрт шығып келе жатқан, сөйлеген сөзі сыпайы, әдепті, киімі ноғайшалау, Ғали есімді бір зат еді. Көлденеңнен қарап салыстырғанда бұл үйдегі жігіттердің афзалы Ғали, қыздардың афзалы Жамал секілді көрініп, екеуінің қатар отырулары бек жарасып кетті». Романда Ғалидің даралық бейнесі уақыт өткен сайын өсіп отырады, өсіп отырады. Жиын-отырыстарды. Ауыл арасындағы адамдардыңжиі мақтаулары мен ауызға алулары биікке көтеріп отырады. «Оқыған... білімді... өнерлі... көзі ашық... келбетті...» деген сияқты.

Ал Жамалдікі даралық образға романның бел ортасына жетпей көтерілген. Оның зеректігі, алғырлығы, асқан сұлулығы, шешендігі, туралығы бәрі-бәрі дара, типтік образға жеткен десек те болады. Тең теңімен, тезек қабымен. Теңіне жете алмай кеткен талай қазақ қыздарының тағдыры жатыр.

Қорыта айтқанда М. Дулатов «Бақытсыз Жамал» романын жазу үстінде қазақтың өзіне дейінгі дәстүрлі әдебиетіне сүйенген. Орыстан, батыстан үйренді десек мықтап қателесеміз. Қазақтың арыдан беріге дейінге фольклоры мен маржан әдеби жауһарлары тоғысып романның көркемдік тіліне, стиліне, формасы мен құрылысына қызымет еткен. Жаңғыртып, дамытып, өзіндік ізденіспен қанаттандырған.

Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.

Алыстан Алаш десе аттанамын,

Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ -

Мен неге, қазақтықтан сақтанамын?!

Өмірбаяны

Туған жері — Торғай уезінің, Сарықопа облысының бірінші ауылы(қaзipri Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты "Қызбел" ауылы). Әкесі — Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі — Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған. Әкесі балаларын жастайынан оқуға береді. Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Молдадан екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары, ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. Бұл мектеп Міржақыптың білімін толықтырумен қатар, азамат ретінде қалыптасуына да аса зор ықпал жасайды, Мұқан мұғалім ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған оқу орнының, дәлірек айтқанда, Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі болатын. Өз шәкірттеріне де ол осы рухта тәлім-тәрбие, терең білім береді.

Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды.

Бұл кезең патша өкіметінің отаршылдықты қазақ даласында күрт күшейтіп, қалың елге тізесін қатты батырып тұрған шағы болатын. Бұл жағдай сол кездегі қазақтың көзі ашық, оқыған, зиялы азаматтарына қозғау салды. Наразылық туды. Күресудің жолдары қарастырылып жатты. Оның негізгі жолы ретінде оқуға, білім алуға ұмтылыс күшейді. Бірте-бірте халық саяси құбылысқа айналып, ел ішінде отаршыл саясатқа қарсы ұлт-азаттық идеялары туындады. Патшалық Ресей де бірінші буржуазиялық-демократиялық дүмпудің қарсаңында болатын.

«Алаш» партиясының басшылары, сол жағында Ахмет Байтұрсынұлы, ортасында Әлихан Бөкейхан, оң жағында Міржақып Дулатұлы, 1917 жылғы сурет

Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» деп бар даусымен жар салады.

Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді.

Міне, осындай күрделі кезеңде, 1904 жылы Міржақып Омбы қаласына келеді. Осында ұлт зиялыларының ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен кездеседі. Бұдан кейінгі уақытта біpi — ұстаз, бipi — ізбасары ретінде жұптарын жазбайды. 1905 жылы МіржақыпАхмет Байтұрсынұлымен бipre Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысады. 1905 жылы патша өкіметіне қазақ халкының атынан петиция жазушылардың қатарында болады.

Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасыАхмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі баспен ойласа да, қорытар ойы бір еді, екі ауызбен сөйлесе де, шығар сөзі бір еді. Өйткені оларды туыстырған халқының мүддесі, ойландырған халқының қамы, сөйлеткен халқының мұң зары болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, «Ахаң, Жахаң» деп бірге атады. Пенделік бар қазақтан бас тартап, халқының бақыты үшін күрескен есіл ерлерді өз халқының жауы атандырып, кешегі күні Қызылдың қызылкөз жендеттері екеуін еріксіз айырып, екі жерде атып өлтіріп, атын өшіреміз дегенде де халқы олардың асыл есімдерін есінен шығарған жоқ, аялап жүрегінде сақтады, ардақ тұтты.

1906 жылы Петербургке барып қайтады. Бұл сапарынан ол саяси күрескер ғана емес, шабытты ақын болып оралады. 1907 жылы Петербургте шыққан "Серке" газетіне “Жастарға" деген өлеңін, бүркенпік атпен "Біздің мақсатымыз" деген мақала жариялайды. Мақалада Міржақып қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелейді. Патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанмен, бүркеншік аттың иесін таба алмайды. 1909 жылы Петербургте М. Дулатұлының "Оян, қазақ!" атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Бұл кітап та патша әкімшілігінің қуғындауына ұшырайды.

1913 жылы ол Ахмет Байтұрсынұлымен бipre "Қазақ" газетін шығарып, басылымның бұдан кейінгі жұмысына белсене араласады. 1920 жылы Ташкентке келіп, сондағы “Ақ жол" газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы жазықсыз қамауға алынады. Түрмеден шыққан соң, 1922-1926 жылы Орынбордағы ағарту институтында оқытушы болады. 1928 жылдың аяғында бip топ қазақ зиялыларымен бipre қамауға алынады да, он жылға сотталып, 1935 жылы тұтқында қайтыс болады.

Шығармалық мұрасы

Міржақып Дулатұлы — әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. Алғашқы кітабы — "Оян, қазақ!" деген атпен Петербург қаласындағы жарық көрген өлең жинағы. Одан кейін 1913 жылы Орьнборда "Азамат", ал 1915 жылы "Терме" атты өлеңдер кітаптары басылып шығады. Ақын өлеңдерінің басты такырыбы—ел тағдыры болды. Алғашқы кітабы "Оян, қазақ!" жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетеді. Қайта басылады. Кітаптың нeriзгi мазмұны халықты оятуға, әділетсіздікпен күресуге шақырған өлеңдер құрады. Сол себепті де кітап тұтқындалып, авторы қуғынға ұшырайды.

Өзінің шығармашылық жолын ә дегеннен өлеңнен бастаған Міржақып проза жанрына да қалам сілтейді. 1910 жылы оның осы жанрдағы туындысы "Бақытсыз Жамал"романы Қазан қаласында басылып шықты. Бұл - қазақ әдебиетіндегі таза көркем проза үлгісінде туған тұңғыш роман еді. Кітап 1914 жылы екінші peт басылды.

Бұл жылдары Міржақып бірқатар мақалалар мен фельетондар жазады. 1922 жылы Ташкентте екі бөлімнен тұратын "Есеп кұралы" оқулығын бастырады. "Балқия" пьесасын жазады.

М. Дулатұлының шығармалары қазақ елінің тәуелсіздік алған кезінен бастап кеңінен жариялана бастады. 1991 жылы шығармаларының бip томдық, ал 1996-1997 жылдары екі томдық жинақтары жарык көрді. М. Дулатұлы шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізіліп, бірқатар кітаптар мен мақалалар жарияланды.

Өлеңдері

Өзінің алғашқы өлеңдерінен бастап туған халқының тағдырындағы қиындықтар мен ауыртпалықтардың сырына үңіліп, оның әлеуметтік тамырын әшкерелеуді мақсат еткен ақын Міржақьш "Оян, қазақ!" атты тұңғыш өлеңдер жинағьн мынандай өлең жолдарымен бастайды:

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас- ты.

Ресей патшасының отарлау саясаты, қазақ жұртының хал-жағдайы, өнер-білімнің аздығы, басқа да түрлі қacipeттep осы төрт жолға сыйып тұрған секілді. Онын үстіне бұл жолдарды Міржақып шығармашылығының өне бойына тартылған темірқазық, идеяның басты бағдардың көрінісі деуге де болады. Ақын үшін халқының өмірін жырлаудан асқан мәртебелі тақырып жоқ. Көп өлеңдерінде ол қазақ елінің ауыртпалықтағы, отарлық езгідегі жағдайын баяндай келіп, елдің мүддесіне қызмет ету—әpбip азаматтың парызы деген тұжырым жасайды. Атап айтқанда, "Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі", "Таршылық халіміз хақында аз мінәжат", "Сайлаулар хақында", "Жастарға", “Қазақтың ру басшыларына", "Атқамінер сұмдарға", тәрізді өлеңдерінде қазақ қоғамының сипаты, ондағы адамдар психологиясы, соларды көрген ақынның өкінішті күйі анық бейнеленген. Ақынның сол тақырыптағы шығармаларының бipi — "Шағым" өлеңі.

…Бір қарағанда "Шағым" өлеңі ақынның аз ғана сәттік көңіл күйінен туған тәрізді. Әйтсе де мұнда жеке бастың мұңынан гөpi әлеуметтік ой басым жатыр. Ел ішіндегі білімсіздік, бойкүйездік, жалқаулық, енжарлық, алауыздық тәрізді тольш жатқан кеселдерді көре тұрып, ақын мұңаяды. Тығырыққа тірелгендей болады.

Жүректен қашан шығар қадалған оқ,

Жандырған жанды нахақ сөнер ме шоқ?
Қажыған қам көңілді бip көтерер

Жанымда жан ашитын адам да жоқ, —

деп Міржақыптың өзі айтқандай, халқының тұрмысындағы әлгіндей керітартпа кемшіліктер оның жүрегіне оқ болып қадалады. Сондай сәттерде айналасынан өзіне серік болатын, тірек болатын адам іздейді. Таппай көңілі құлазиды. Дегенмен ақынның мұңы терең қайғыға ұласьш кетпейді. Өлеңінің соңында: "Әділдік аста қалған еш күні жоқ", — деп, түптің түбінде әділдіктің жеңетініне сенеді. Сол жолда өзінің бар күшін, өмірін аямайтынын былайша жеткізеді:

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі —

Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!

Аталған өлең азамат ақынның алдына қойған мақсатын қаншалықты айқын түсінетінін байқатады. Ақынның мақсаты—халқының тағдырына ара түсу, елі үшін еңбек етуге, бел буу. Сол себепті де ақынның өлеңдері ел ішіндегі надандықты, әділетсіздікті әшкерелейді, олардан арылудың жолын іздейді. Мәселен, "Таршылық халіміз хақында аз мінәжат" өлеңінде қазақ ауылының көpiнісі суреттелш, ондағы ішкен-жегенге мәз, жайбарақат тіршіліктің беті ашылады. Ел ішіндегі бірліктің, ынтымақ пен бірауыздылықтың жоқтығын айта отырып, ақын ел билеу жүйесіндегі жүгенсіздік пен әділетсіздікті сынға алады.

Міржақыптың осы тәрізді азаматтық, әлеуметтік сарындағы өлеңдерінің тақырыбы да, айтар ойы да, кұрылысы да, айтылу ерекшеліктері де әр алуан. Ақын бірде халықтың тағдырын, бүгінгісі мен келешегін толғаса, бірде жастарды оқу-білімге шақырған насихат айтады немесе күнделікті өмірдегі құбылыстарға қатысты адамгершілік мәселесін қозғайды, ал енді бірде патша өкіметінің озбыр саясатын, ел билеушілердің әділетсіздігін сынайды.

Міржақьш қаламынан туған көркем де күрделі туынды — "Алашқа" өлеңі. Ақын халқына қарата сөйлеп, оның өткендегі өмірін есіне түсіріп, жақсы мен жаманды, кешегі мен бүгінгіні салыстыра отырып, бірқатар әлеуметтік шындықтың бетін ашады.

Ақын алдымен күні кеше төскейі төрт түлік малға толған бетегелі қырлардың, онда көшіп-қонған берекелі ауылдардың сәнін әсем суреттейді, ел баскарған ақылды хандар мен билерді еске алады.

Салтанат Сарыарқада кұрған қазақ,
Толықсып жүрген кеше күнің қайда? —

деп келш, ел ішінен халқының сөзін сөйлейтін шешендер мен елін, жерін қорғайтын ерлер, ақылдың кені іспетті дана қарияларын іздейді. Солар бар жерде елдің берекесі де артык болмақ

Бірақ өмір Міржақьш ойлағандай емес. Би — парашыл, қарттары — қарау. Бірлік жоқ, алауыздық үстем. Ақын осыған өкінеді.

Алашым, айтқанды алсаң, без бұлардан

Еш нәрсе тәуіп бермес, білгенге ермес.
Қой бағьш қасқыр қашан опа қылған,

Көре бер өз бетіңмен күніңді өлмес,

— деп, туған халқын ойлануға шақырады. Қойды қасқырға бақтырғандай әділетсіз заманның жайын түсіндіреді. Ел басқарушы залымдарға сенбей, өз күшімен күн көру қажеттігін айтады.

Мiржақып ел ішіндегі кемшіліктерді әшкерелей отырып, халқына одан арылудың жолын көрсетеді. Өзінің "Шәкірт", “Насихат ғумумия" тәрізді бірқатар өлеңдерінде өнер мен білім жинаудың пайдасын бipiншi кезекке қояды. Tіпті адамгершіліктің өзі білімнен, оқудан басталады деген ой айтады.

"Бақытсыз Жамал" романы

Халық тағдыры М. Дулатұлының прозалық шығармаларына да арқау болды. 1910 жылы оның "Бақытсыз Жамал" атты романы жарық көрді. Бұл роман жазушының шығармашылық жолындағы ірі табыс қана емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі елеулі көркем туынды болды. "Бақытсыз Жамал" қазақ әдебиетінде көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман еді. Міржақып осы шығармасы арқылы бұдан кейін жазылған Т.Жомартбаевтың "Қыз көрелік", С.Көбеевтің "Қалың мал", С.Торайғыровтың"Қамар cұлу", т.б. романдарына жол ашты. Бұлардың бәрі де сол кезектегі аса маңызды әлеуметтік мәселеге арналды. Қазақ ауылының тұрмысы жайында жазылды. Әйелдердің бас еркі, қоғамдағы жағдайы туралы баяндады.

"Бақытсыз Жамал" романының оқиғасына арқау болған мәселе де осы, ескі әдет- ғұрыптың қыспағына түскен қазақ қызының тағдыры. Сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүруді армандаған бойжеткеннің трагедиялық жолы. Шығарма сол кезеңдегі қазақ даласының шынайы тыныс-тіршілігін көрсететін эпизодтан басталады. ... Жайлауға жаңа көшіп қонған ауыл. Саумалкөл маңына жағалай тігілген киіз үйлер. Бие байлап, қымыз сапырған жайма-шуақ ауыл адамдары. Қыстай араласа алмай, сағынысқан жұрт енді бірін-бірі қонаққа шақырып мәз. Үй жағалап қымыз ішкен жастар... Осылайша жайбарақат жатқан ауылға патша ұлықтары келе жатқаны туралы хабар тарайды. Абыр-сабыр басталады. Ауыл сыртына үй тігіледі. Арнайы үйге келіп түскен екі ұлықты "ләббай, тақсыр" деп күткен ауылнайдың сөзінде де ерекше бір мақтаныш сезіледі. Міржақып Дулатұлы осы шағын көріністі суреттеу арқылы өз заманының тұрмыс-жағдайын, адамдардың психологиясын дәлме-дел береді. Ауыл адамдарының өзара әңгімелерінен, ауылнай бастаған белсенділердің іс-әрекет, мінез-құлықтарынан жазушы мол сыр ұқтырады. ...Дәл осындай абыр-сабыр сәтте ауыл қазағы Сәрсенбайдын әйелі босанып, дүниеге қыз бала келгені туралы қуанышты хабар жетеді. Дүниеге келген бұл сәби романның бас кейіпкері Жамал болатын. Табиғатынан зерек жаратылған Жамал молдадан ескіше, жаңаша оқып, хат таниды. Түрлі хисса-дастандарды көп оқиды. Бірқатарын жатқа да айтатын болады. Сөйтіп елдің көзіне түсіп, қыз айттырам деушілердің назарына ілігеді. Жамал он бес жасқа келді. Сұлулық, ақыл, салтанат үшеуі бір-біріне муафиқ келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды. Бұл айтылмыш артықшылығының үстіне сөзге бек ұста болып, өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды. Олай-бұлай қалжыңмен сөйлескен бозбаланы сөйлетпейтін еді. Ел ішінде тілді бозбалалардың көзі түсе бастап, шет елдерге де "Сәрсенбайда бек көркем бір ақын қыз бар" деген лақап жайыла бастады. Көркіне ақылы сай болып бойжеткен Жамалды Байжан деген бай баласы Жұманға айттырады. Қыз шешесінің қарсылығына қарамастан, Сәрсенбай болашақ құдасының байлығына қызығып, құдалыққа келіседі. Бірақ бай баласы топас, нашар болады. Жамал оны менсінбейді. Сөйтіп жүргенде бір тойда оқыған, мәдениетті, жаңаша киінген, сыпайы, әдепті Ғали деген жігітпен танысын, көңілдері жарасады. Арада біраз уақыт өтіп, қыздың Жұманға ұзатылар шағы туғанда, Жамал Ғалимен қол ұстасып қашып кетеді. Жастарды қудалау басталады. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан Ғали ауырып қайтыс болады. Қайғыға батқан Жамал көп ұзамай Жұманға ұзатылады. Көрмеген қорлықты көреді. Ақыр аяғында бір боранды күні Ғалидың қабірінің басына барып, жылап жатып қайтыс болады. Романда оқиға желісі—суреттелетін ауыл өмірі, әр түрлі әлеуметтік топтар өкілдері арасындағы қарым-қатынастар мен жекелеген адамдар түсінігіндегі қайшылықтар шырмауына түскен Жамал мен Ғалидың мөлдір махаббаты, өз еркіндіктеріне жету жолындағы үмтылысы осы арнада өрбиді. Ақыр аяғында трагедиямен аяқталады. М. Дулатұлы бұл оқиғаны кездейсоқ болған бірді-екілі жай ретінде қарамайды. Ғашықтар трагедиясын ол қазақ даласындағы әлеуметтік мәселе дәрежесіне көтереді. Сол арқылы қазақ қыздарының бас еркі, жастардың өз қалауымен өмір сүру қажеттігі туралы ой ұсынады. Жазушы үшін әйелдің бас бостандығы, өзінің сүйгеніне қосылып, өмір сүруге мүмкіндік алуы ең бір түйінді мәселе болды. Ол әйелдің арын аяққа басатын ескі әдет-ғұрыпқа үзілді-кесілді қарсы шығады. Міржақып Дулатұлының романдағы Жамал бейнесін сомдаудағы жаңалығы да өзінің осы идеясына негізделеді. Романдағы Ғали — сол замандағы оқыған, мәдениетті жастарының жиынтық бейнесі. Сырт келбетіне ақылы сай жігіт Ғалидың әрбір іс-әрекетінен, сөйлеген , жазған хаттарынан бұл қасиет айқын аңғарылады. Ал шығармадағы Байжан бай, оның баласы Жұман, сондай-ақ Жамалдың әкесі Сәрсенбай, үлкен шешесі Қалампыр — ескі психологияның адамдары. Оларға адамгершіліктен гөрі байлық, шен мақтанышы қымбатырақ. Тұтастай алғанда, "Бақытсыз Жамал" романы сол кездегі тарихи-әлеуметтік шындықты шынайы да көркем бейнелеуімен, авторлық идеяның айқындығымен өзінен кейінгі қазақ прозасының өркендеуіне дәстүрлі жол көрсетті, үлгі болды.

Міржақып Дулатұлының Абай шығармашылығын зерттеуі

2010 Қазақстан пошта маркасы

Дулатұлының Абайға арналған алғашқы қысқа ғана мақаласы татардың «Уақыт» газетінде 1908 жылы жарияланған. Ақынның ой-өрісі, білім деңгейі, туған жері, шыққан ортасы айтылып, әдеби мұрасына жалпылама баға беріліп, оның орыс әдебиетімен, әсіресеЛермонтовпен үндестігі ескертілді. 1914 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай» мақаласы ақынның опат болғанына он жыл толуына орай арналып жазылған. Мұнда әдебиеттің, оның көрнекті өкілдерінің халық тарихында алатын орны айрықша бағаланады. Абайдың қадірін білмеу, оны елеп ескермеу ұлттың үлкен кемшілігі ретінде аталады, әдебиет елдің жаны деп көрсетіледі. Абайдың ғұмыр жолын қысқаша баяндап, түңғыш кітабының шығу тарихы, оған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы және ақын балалары мен інілерінің қатысуы, Семейде Нәзипа Құлжанова өткізген әдеби кеш туралы сөз болады. Ең құнарлы ой -

Абай қазақтың жаңа әдебиетінің басы, негізін салушы деген тұжырым, алғашқы жарық жұлдыз деген балама. Орыстың бірінші жазушысы Ломоносов деп санап, Абайдың өз халқының тарихындағы орны онымен қатарлас

деген салыстырма жасайды.[1] Абай шығармаларын жариялау, насихаттау, оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін мұражайлар салдыру керектігін толғана сөз етеді.

Абайдың қазақ халқы тарихындағы мәртебелі орнын басқа елдер әдебиетімен сабақтастықта алып қарап, дәл тауып, дұрыс бағалап берген Дулатұлының келешек заманда ұлы ақынның атақ-абыройы, мерей-даңқы өсіп, жаңа буынмен емірене табысатынын ерекше әулиелікпен көре білген. Дөрекі социологиялық, таптық, атеистік көзқарас, дүниетаным тұрғысына түскен кезде зерттеушілер абайтануда толып жатқан солақайлыққа, сан-алуан қателікке ұрынғаны белгілі. Ал Кәкітай Ысқақов, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы Абайдың шығармаларын тануда ұлттық, халықтық, эстетикалық таза талғаммен ешқашан мәнін жоймайтын бағалы байламдар жасай алды. Абай шығармаларындағы сарын-әуезді, ой-пікірді, идея-нысананы алаш азаматтары терең сезіп, тебірене насихаттай білген. Әдебиеттің барлық жанрында бірдей қалам тартқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтік іске жанын салып араласқан қайраткер Міржақып Дулатұлының өмірлік мақсатының биік нысанасы, тапжылмас темірқазығы - біркүндік даңқ, өтпелі дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы, өзін-өзі билеуі, отарлық езгіден құтылуы, ол қуғын-сүргін керіп, түрмелер азабын тартып жүрген азапты күндерінің өзінде де, ақтық демі біткенше бүл жолдан тайған жоқ. Қазақ жұртының бүгінгі, болашақ буындарына алаш деп ұран салып, келешек үшін арыстанша алысқан Міржақып Дулатұлымен бауырындай етіп табыстыратын, айналып келгенде, осы мәңгілік жасайтын асыл қасиеттер.[2] [3][4]

Наши рекомендации