Сотталғандардың еңбегін құқықтық реттеу. 1 страница

1. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастырудың негізгі қағидалары.
2. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастырудың түрлері.

1. Сотталғандардың еңбек проблемасы көп аспектілі, сондықтан мұны қараудың белгілі бір өзіндік қиындығы бар. Бұл туралы ТМД елдерінде сотталғандардың еңбегін пайдаланудың орындылығы жөнінде әрдайым айтыс, талас пікірлер болып жүр. Айтысушылардың дәлелдерін қарастыра отырып, сотталғандардың еңбек проблемасы жөнінде өз көзқарасымызды белгілеп көрейік.
Сотталғандардың еңбегін пайдалануда қарсылары төмендегідей негізгі дәлелдерді келтіреді:
а) бұрынғы КСРО елдерінде сотталғандардың еңбегі қалыптантыс ұлғайтылып көрсетілген. Егер де ол занда ресми түрде мәлімденіп және сотталғандарды түзеудің негізгі амалы ретінде қаралған болса, ал тәжірибеде еңбекпен түзеу колонияларының барлық әрекеті шын мәнісінде өндірістік тапсырмаларды орындауға бағынған болатын. Еңбекпен түзеу мекемелері өндірістік кәсіпорын ретінде жұмыс жасап, жоспар орындап және пайда әкелуге міндетті болған. Бірінші орында қалай да болса өндіріс жоспарын орындау міндеті қойылған, ал түзеу мақсаты екінші орынға ысырылған;
ә) сотталғандар істейтін кәсіпорындары шығарған өнімдердің сапасы көбінесе төмен болды. Сондықтан нарықтықэкономикалық қарым-қатынасқа көшкенде онын көбі талапетілмей қалды, кәсіпорын өнім көлемін кенеттен төмендетіп алды.Электр, жылу, сумен жабдықтау шығындарын төлеуге мұндай өнім көлемінің шамасы келмеді. Түзеу мекемесі кәсіпорнының қуаттылығы тек 50% пайдаланыла бастады. Кәсіпорын бәсекелес өнім шығаруға аудару үшін қосымша қаржы талап етеді, ал оны табу қиын. Тіпті қылмыстық-атқару жүйесін ағымдағы қаржылаудың өзі қанағаттанарлық емес.
Сонымен, түзеу мекемелерінің кәсіпорнын жаңартуға қаржы жоқ және оны тапқан кезде шығаратын өнімнің сапасы қамтамасыз етілетініне кепілдік жоқ; бас бостандықтан айыру орындарындағы адамдар өне бойы өзгеріп тұрады, олардың көбінің тиісті мамандығы жоқ. Мамандық деңгейінің төмендігі, кадрлардың өзгеріп тұруы, адамгершілік еңбекке немқұрайлы қараушылық және басқа көптеген қиындықтар технологияны сақтау, яғни жоғары мәдениетті (өндірісті) қамтамасыз ету өнім сапасының кепілдігі мен бәсекелестігі болады;
б) барлық уақытта еңбек, қылмыс істеген адамдарды түзеудің амалы бола алмайды. Мысалы, өткен кездерде сотталғандар қылмысының сазайын тарттыру үшін азап шегуге (каторга) алысқа, өте ауыр жұмысқа айдалған болатын. Ендеше, еңбек пен еңбектің арасында айырмашылығы бар және оның тәрбиелеу мүмкіндігі де әр түрлі. Әрбір адамға кез келген еңбек жағымды әсер ете алмайды. Мысалы, бас бостандығынан айыруға музыкант, яғни скрипкашы сотталды дейік. Оны колонияда темір пісіруші, токарь немесе фрезеровшы т.б. болуды таңдап алуға мәжбүр етуі мүмкін. Ол, біріншіден, музыканттың қолын бүлдіреді, ал ең бастысы міндетті түрде еңбекке тарту арқылы түзегісі келген әрекеті қарсы нәтиже беруі ғажап емес.
Жоғарыда келтірілген жағдайдың пайда болмауы үшін құкық нормаларында сотталғандардың еңбегін ұйымдастырудың негізгі принциптері бекітілуі және оның рөлі терең анықталуы тиіс.
Сотталғандардың соның ішінде бас бостандығынан айырылғандар еңбегінің рөлі тәрбиелеу маңызымен аяқталмайды. Оны қолданудың экономикалық, тәртіптендіру, сауықтыру маңызы бар.

Экономикадағы қолайсыз жағдай, өндірістің құлдырауы сотталғандарды жұмысқа орналастыруды қиындатып жіберді. Қазіргі уақытта Республикада пайдалы еңбекпен орта тізіммен есептегенде сотталғандардың 27% ғана жұмыс істейді. Ал қол бостық мұндай криминогенді ортада теріс ықпалын көрсетеді, көбінесе ыдыратушылық әсер етеді, әр түрлі құқық бұзушылыққа, соның ішінде қылмыс істеуге мүмкіндік береді. Сотталғандардың еңбегі еркіндігінен айыру орындарында жөнге салу мен тәртіп сақтаудың маңызды амалы болып есептеледі. Қылмыстық-атқару жүйесін ағымдық қаржыландырғанда баға мен төлемнің (тариф, азық-түлікке және электр куатына) өсуін еске алмайды. Жыл бойында жоспарланған бюджеттік қаржының тек жартысы бөлінеді, ал ол сотталғандардың мөлшерлі тамағына жетпейді. Дәрі-дәрмек, киім-кешек алуға бюджеттен ақша бөлінбейді деуге болады. Сондықтан, сотталғандар еңбегінің экономикалық маңызы - оның экономикалық дағдарыс жағдайында түзеу мекемелерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етіуіне мүмкіндік беру және сотталғандардың тағам мен бірінші кезектегі керекті тауарлар алуын қанағаттандыру, ол босатылғаннан кейінгі айларда отбасына керекті қаражат жинауға көмектеседі.
Адам құқық және сотталғандармен айналысу туралы Халықаралық актілер қылмыстық жазаны қолдануда тәжірибе дәлелдегендей сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру принциптерін бекітті.

Негізгі принциптерінің бірі - ол сотталғандар еңбегі, оларға азап шектірмеу талабы. Бұл жағдай Қазақстан Республикасы заңдарында да белгіленген. Ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің жалпы бөлімі нормаларында бұл жағдай жанама түрде ескерілген.

Азаматтық пен саяси құқық туралы Халықаралық пакт (8-бап, 3-тармақ), сотталғандармен айналысуды: Ең аз үлгісі Ережесі (71-бап, 2-тармақ) соттың қарарымен ұстауда отырғандардың мәжбүрлі немесе міндетті түрде еңбек етуін мақұлдамайды. Сонымен, халықаралық құкық актілер - сотталғандардың еңбек етуінің міндеттілігін таниды, бірақ сотталғандардың міндетті еңбек етуінің занда көрсетілуін онын мәжбүрлік еңбек екенін білдірмейді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 1-тармағын былай деп жазған дұрыс болатын сияқты: "Соттың үкімімен жазаны өтеуге сотталғандар, дәрігер куәландырған күш-қуаты мен техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес еңбек етуге міндетті. Сотталғандардың еңбегі еріксіз еңбек дәрежесіне жатқызылмайды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 1-тармағында дәл емес, былай делінген: "... Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі". Халықаралық құқық еріксіз еңбекке тыйым салады, ал жоғарыда айтылған еңбектің бәрі де еріксіз еңбекке жатқызылмайды. Қарастырылған Қазақстан Республикасы Конституциясының нормасы сәтсіз баяндалған. Ол Республикада еріксіз еңбек рұқсат етілетіндей тәрізді болып көрінеді, ал олар дүниежүзілік тәжірибеде оған жатпайды.

Еңбектің міндеттілігі сотталғандардың бір қатарына таратылмайды. Бұлар негізінен еңбекке жарамсыз немесе еңбекке шектеулі жарамды адамдар: зейнеткерлер, I және II топтағы мүгедектер, екікабат әйелдер және емшектегі балалары бар әйелдер. Олар егер де дәрігерлер тарапынан қарсылық болмаса өз еркімен еңбекке тартылуы мүмкін.
Негізге алынатын принциптің бірі бойынша сотталғандардың еңбегі олардың алған мамандығымен байланыстырылуы тиіс. Сонымен бірге халықаралық құжаттардың ұсынуы бойынша мүмкіндігіне қарай сотталғандарға жұмыс бергенде, босатылғаннан кейін адал еңбекпен айналысатындай мамандығын көтеретін немесе жаңа мамандық алатын жұмыспен қамтамасыз ету керек. Сотталғандардың талабын және олардың мамандық дайындығын сол өндірістен пайда табуға ғана бағындырмау тиіс.
Түзеу мекемесінің әкімшілігі, еңбекті түзеу амалы ретінде қолдана отырып, сотталғанның еңбегін пайдаланғанда әрбір нақтылы жағдайда оның мінездемесіне қарай жекелеп шешуі тиіс. Енбектің міндеттілігі принципі сотталғанның жұмысты өз қалауымен орындай алатын мүмкіндігімен егер де тәртіп пен түзеу мекемесінің басқару талабына қарсы келмесе, яғни белгіленген нормативтік актілер ережесімен тыйым салынған болмаса сай келуі керек.

Түзеу мекемелерінің ішкі тәртіп Ережесінің §50 11-тармағына сәйкес сотталғандардың еңбегін пайдалануға тыйым салынады: а) әскери бөлімдердің штабында, жеке құрам орналастырылған үйлерде, яғни қарулар мен құжаттар тұрған жерлерінде; ә) дәрі-дәрмектерді есепке алатын, сақтайтын, сондай-ақ беретін жерлердегі жұмыстарда және де жарылғыш, уландырғыш заттар бар жерлерде; б) ерікті жалдамалы қызметкерлер бағынатын лауазымды жұмыстарда. Егер де олар мемлекеттік мүлікті талан-таражға салғаны, қызмет орнын пайдаланып қиянат жасағаны, парақорлығы үшін және олар талау, тонау, ұрлық, жалған құжаттар істегені; алаяқтық жасаған қылмыстары, бөтеннің затына қол сұғушылыққа байланысты болып, сондай-ақ сот үкімімен мұндай құқықтан айрылған болып жазаны өтеп жүрсе сотталғандар жауапты материалдық пен есеп-бухгалтерлік лауазымды жұмысқа жіберілмейді.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың еңбегін ұйымдастырудың басты қағидаты - ол сотталғандармен жұмыс істеу әдісі, бостандық жағдайындағы еңбек етуге жақын болып, соған үйренуі тиіс. Республика экономикасының нарық қатынасына көшуіне байланысты сотталғандардың еңбек әрекетің ұйымдастыруда түгелдей өзгерістер енгізу керек.

Республика үкіметі деңгейінде түзеу мекемесі кәсіпорнының мемлекеттік қаржыға еңбекті пайдаланғанынан түскен табыстарын аударғанда жеңілдіктер беру туралы бұл кәсіпорындарда мемлекеттік тапсырысты бірінші кезекте орналастыру, түзеу мекемесі кәсіпорындарының өнімдерімен төмен қамтамасыз етілген халықтың мұқтажын қанағаттандыру, бұл мекемелердің шаруашылықтағы дербестігі туралы мәселе шешілуі керек. Сірә, әр түрлі меншіктегі кәсіпорындарын кұру қажет сияқты. Инвесторларды тарту үшін түзеу мекемесін салықтан босату немесе түзеу мекемелері кәсіпорындарына елеулі женілдіктер беру мәселесін мемлекет шешуі керек.

Кәсіпорнында жұмыс жасап жүрген және жасауға тілек білдірген сотталғандар үшін ұстау орнында олар күш-куат көбірек жоятын болғандықтан тәуір жағдай жасалуы керек. Сонымен қатар олардың демалыс алуда, мадақтауда, тағы басқа да заңмен белгіленген жеңілдіктер берілуде артықшылығы болуы керек. Занның мадақтау нормаларын бекітуі адамның таза еңбек етуі мен адал табыс табуы талабына мемлекеттің дұрыс көңіл аударуы, түзеу мекемесі әкімшілігі мен сотталғандардың арасындағы еңбек етудің міндеттілігі жөніндегі қайшылық мәселесін болдырмауы керек.

2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде сотталғандарды еңбекке жұмылдыруды ұйымдастыру туралы жеке тарау берілген. Онда сотталғандарды түрліше еңбекке тарту жөнінде бірқатар баптар берілген. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру үлгілерін зерттеу мақсатында бұл заң бөлімінің мазмұнынын баяндау орынды сияқты. Ол сотталғандардың еңбек әрекетінің келесі түрлерін белгілейді:

- түзеу мекемелерінің кәсіпорындары жүйесінде;
- қылмыстық-атқару жүйесіндегі мемлекеттік кәсіпорындарында;
- әр түрлі меншік нысанындағы мекеме аумағында не сыртындағы кәсіпорын объектілерінде;
- мекемедегі жай шаруашылық қызметтерінде;
- дербес еңбек қызметімен айналысуды.
Жеке өндіріс әрекеті.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жеке өндіріс әрекетіне өндіріс олардың жеке бастауы әрекетімен тәуекел етіп және занмен белгіленген жауапкершілікке алғаны жатады.
Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері жеке өндірістік әрекеті іске асырғанда мыналарға міндетті:
- олар қол қойылған шарттағы міндеттерін орындауға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шартты, несиені, есеп және басқа міндеттерді, өзге объектілердің жекеменшік құқық бұзғаны, қоршаған ортаны ластағаны, еңбектегі қауіпсіздік жағдайын сақтамағаны, денсаулыққа зиян келтіріп тұтынушыларға өнімді кезінде өткізбегені үшін жауап беруі тиіс;
- жалданып жұмыс істеп жүрген азаматтарды әлеуметтік, медициналық және басқа да міндетті түрлерімен қауіпсіздендіруді іске асыру, олардың еңбек ету әрекетіне заңға және ведомстволық нормативтік актілерге сәйкес жағдай жасап, қамтамасыз ету;
- жұмыс істеп жүргендерге еңбекте қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз ету және олардың денсаулығы мен еңбекке жарамдылығына зиян келтірілгенде заңмен белгіленген тәртіппен жауап беру;
- Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген тәртіппен бухгалтерлік және статистикалық есеп жүргізіп отыру. Олар мемлекеттік органдарға жалпы мемлекеттік жүйеде тиісті экономикалық ақпарларды жинау мен өңдеуді жүргізу үшін ақпар береді;
- жерді және басқадай жаратылыстың қорын тиімсіз пайдаланғаннан, қоршаған ортаны ластағанынан, өндірістегі қауіпсіздік ережесін бұзғаннан, қызметкерлердің халықтың өнімді тұтынушылардың денсаулығын қорғауда тазалық-санитарлық норма мен талаптарын орындамаудан келтірілген зияннынң орнын толтыру;
- жаратылысты қорғау және басқа да мемлекеттік органдарға Республика заңдарымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің өндірістік әрекетің өз шеңберінде тексеру міндеттеліп, оларға ақпар беріп отыру.
Қылмыстық-атқару жүйелерінің мекемелері жеке өндірістік іскерлікті жүзеге асыра қалғандағы құқыктары:
- жеке өндірістік әрекетін бастап және қосымша тіркеуден өткізбей жүргізе беруге;
- жеке адамдар мен зандық тұлғалардың заңды құқығы мен заттарын, ой мүдделері меншігін, қаржы мүмкіндіктерін шартқа отырып пайдалануға;
- өз еркімен жабдықтаушы мен өз өнімдерін тұтынушыларды таңдап алуға, оған Қазақстан Республикасы заңдары көрсеткен көлемде және жасалған шартқа байланысты баға белгілеуге;
- Қазақстан Республикасының зандарына сәйкес сыртқы экономикалық әрекет жасауға;
- өзінің жеке өндірісін басқару ісінде әкімшілік-өкілеттілік әрекет жасауға;
- еңбек туралы заңдар мен ведомстволық нормативтік актілерге сәйкес жұмысшылар мен қызметкерлерді жалдауға немесе шығаруға;
- жеке өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлердің штатын бекітуге;
- шығарылатын өнімдер мен барлық міндетті төлемдерді және аумақтық баскару органдары әлде қылмыстық-атқару жүйесінің бас басқармасы құрған арнайы қорға бережақты төлегеннен кейінгі қалған пайданы жұмсауға;
- мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің. медициналық және әлеуметтік қауіпсіздігі қызметтерімен пайдалануға;
- Республикалық және шетел банкілерінің несиесін пайдалануға және заңдармен белгіленген ретпен валюта алуға;
Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесі жеке өндірістік әрекетін өз бетімен жоспарлайды және сотталғандар мен қамалғандарға жеткілікті жұмыс орнын құру қажеттілігіне, шығарған бұйымдарына тұтынушылардың талабы мен көрсететін қызметіне сүйене отырып даму болашағын белгілейді.

Лекция. Жазаны өтеуден босату. Түзеу мекемелерінен босаған адамдарға көмек көрсету және оларға бақылау жасау. Шартты түрде сотталғандарға бақылау жасау.

1. ҚР-дағы жазаны өтеуден босатудың негізі.
2. Жазаны өтеуден алдын ала босатуға ұсыну тәртібі.
3. Жазаны орындауды кейінге қалдыру.
4. Жазаны өтеуді тоқтату.
5. ҚР-да жазадан босатылған адамдарға бақылау жүргізу.

Қылмыс жасады деп танылған адамға үкім шығара отырып, сот мемлекет­тік мәжбүрлеу шарасы болып табылатын және сотталған адамның құқықта­ры мен бостандықтарынан айыру немесе шектеумен көрінетін жаза тағайын­дайды.

Жаза тағайындау кезәнде сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, кінәлінің тұлғасы мен жауаптылықты жеңілдететін жә­не ауырлататын істің мән-жайларын ескереді. Осы айтылған мән-жайлардың біреуінің бар болуы Ерекше бөлімдегі баптардың санкциялары шеңберінде жазаның нақты мөлшерін көрсетеді және жаза мақсатына жету мүмкіндігіне қарай жаза тағайындалады.
Сонымен бірге, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру түріндегі жаза­ның мақсатына жету үшін жазаның мерзімі мен кінәліні талқылау фактісінің өзі де белгілі бір мәнге ие болады. Кінәліні босату сәті жақындаған сайын (мерзімнің аяқталуы немесе мерзімінен бұрын) жаза айтарлықтай дәрежеде өтеле түседі, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру қанағаттандырылуына байланысты қылмысқа деген қоғамдық көзқарастың өткірлігі азаяды және азаматтардың ол туралы ұмыта бастайды. Осыған байланысты ең бастысы жаза өтелгеннен, мақсатқа қол жеткізілгеннен кейінгі жағдайда өткенді қайта көтерудің қажеттігі жоқ сияқты болып көрінеді. Осыдан келіп, заң белгілі бір жағдайда «соттың үкімімен белгіленген мерзімінің өтуі бойынша сотталған адамды жазаны өтеуден босату» ретіндегі мерзімінен бұрын босату мүм­кіндігін шешеді.

Жазадан мерзімінен бұрын босату мәселесі аса маңызды әлеуметтік, тәр­биелік және заңдық мәнге ие болады.

Бүгінгі материалдық жағынан қиын жағдайдағы мерзімінен бұрын босату отбасы жайының, отбасындағы материалдық жағдайлардың, көптеген мұқ­таждықты қанағаттандыру және сол сияқты мәселелерді шешуге мүмкіндік туғызады. Атап айтқанда, отбасына балаларды тәрбиелеу ісіне араласатын, отбасы мүшелерін белгілі бір дәрежедет қамтамасыз етіп, асырайтын әке немесе шеше оралады. Әдетте, мерзімінен бұрын босап шыққандардың көбісі лайықты өмір салтын құрады, еңбекке араласады, қылмыс жасамауға тыры­сады. Әлбетте, бұған мерзімінен бұрын босатудың әлеуметтік негізділігі мен осы институттың пайдалы екендігіне көз жеткізуге болады.
Жазадан мерзімінен бұрын босатуы ұғым туралы айтқанда, бұл жерде кей­бір құқықтық институт бойынша оның шектеуден аз да болса арылмай қала­тынын сөз етуге болмайтын сияқты.

Бұл тұрғыда өзара кейбір шектеулері бар қылмыстық жауаптылықтан бо­сату, жазадан босату және жазаны өтеуден босату сияқты ұғымдар бір-біріне жақын сияқты.
Оқымысты құқықтанушылар қылмыстық жауаптылық сатысын үш кезеңге бөледі: біріншісі – айыпталушы ретінде адамды жауапқа тартқаннан кейін қылмыстық іске алдын ала тергеу жүргізу кезінде; екіншісі – сот әділдігін жүзеге асыру кезінде; үшіншісі – жазаны өтеу кезінде. Қылмыстық жауап­тылықты бұлайша үш кезеңге бөлу қарастарып отырған босату түрлерін шектеу үшін айтарлықтай маңызы бар.

Егер қылмыстық жауаптылықтан босату бірінші сатыда жүзеге асырыла­тын болса, онда адам келесі сатылардың бәрінен де босатылады. Егер осы­ның соңғысы орындалатын болса, онда адамның жалпы қылмыстық жауап­тылықтан босатылатыны туралы сөз болады. Мұның бәрі айыпталушының жасаған қылмысының құрамын талдау, оны қылмыстың заң баптарының мазмұнымен және алдын ала тергеу жүргізген тиісті органдардың тиісті қо­рытындыларымен салыстыру барысында көрінеді. Мұндай нәтиже қылмыс­тық істі негізді түрде қысқарту жасалуымен көрініс табады.
Екінші сатыда, қылмыстық іс енді сотта қаралғанда, кінәліні қылмыс жа­сады деп тану мен жазаның түрі мен мөлшерін тағайындау туралы мәселе шешіледі. Сотталушыны осы сатыда босату жазадан босату болып табылады. Бұл қылмыстық істің барлық материалдарын талдаудан өткізу кезінде сотта­лушы жаза алғанға дейін соттың оны жазадан босату туралы шешім шыға­руымен түсіндіріледі, яғни сот белгілі жағдай бойынша жаза тағайындамай­ды, керісінше жазадан босату туралы шешім қабылдайды және сотталушы үшін жазаны өтеу міндеті туындамайды, өйткені ол тағайындалған жоқ.
Үшінші сатыда қылмыстық жауаптылықтан босату соттың тағайындаған жазасын өтеу кезінде жүзеге асырылады. Сондықтан, бұл жерде тек қана сот­талған адамның жазаның нақты бір түрімен белгіленген құқықтары мен бос­тандықтарын шектелуіне шыдау міндеттерінен босату туралы сөз қозғауға болады.
Біздің қарастырып отырған мәселеміз жазаны өтеуден босату болып отыр­ғандықтан, босатудың басқа түрлері де ең бастысы босатудың осы түріне ке­ліп саяды.
Жазаны өтеуден босатудың қылмыстық жауаптылықтан босату сияқты бір­қатар жалпы ерекшеліктері бар. Бұлардың ең басты ұқсастықтары мынада, адам қылмыстық жауапқа тарту мен жазаны өтеуге байланысты туындайтын қажет емес зардаптардан құтқарады. Сонымен бірге, осы екі жағдайда да сөз жылмыс жасаған адам жөнінде болып отыр ғой. Жазаны өтеуден босату ке­зінде бұл соттың үкімінің заңды күшіне енуімен куәландырылатын болса, ал қылмыстық жауаптылықтан босатуда бұл сот-тергеу органдарының қаулысы­мен айғақталады.
Ең маңызды айырмашылықтардың бірі босату негізіне байланысты. Кінә­ліні қылмыстық жауаптылық пен жазадан тек қана қылмыстық жауаптылық­ты, соның ішінде жазаны өтеуді одан әрі жүзеге асырудың қажеті жоқ деп саналғанда ғана негіз бар деп есептеуге болатыны белгілі. Бұған егер, мәсе­лені шешер кезде адамның қауіптілігі онша емес деген жағдайда ғана жол бе­ріледі. Мысалы, алғаш рет кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адам, егер ол қылмыс жасағаннан кейін айыбын мойындап өз еркі­мен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе, немесе келтірген зиянды өзгеше түрде қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүм­кін (ҚР ҚК 65-бабы). ҚР Қылмыстық кодексінің бұл бабы жазалануға тиісті әрекет жасаған адамды қылмыстық жауаптылықтан босатудың жаңа түрі бо­лып табылады. Бұл жағдайдағы босатудың мәні қылмыстық ізге түсуді, қыл­мыстық жауаптылықтан босатуды жүзеге асыратын органдардың шешім қа­былдауында және сотқа жүгінуі міндеті мен белгіленген жаза шарасына шы­дауында болып отыр.
Мұндай шешім тиісті органдардың қылмыстық іс қозғаудан бас тарту не­месе қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысымен хатталады.
Заң қылмыстың жасалу фактісін белгілейтін болғандықтан қылмыстық жауаптылықтан босатудың бұл түрі іс жүзінде ақтаушы болып саналмайды, бірақ қылмыс жасағаннан кейін шын өкініп айыбын мойындап келгеннен кейін және оның мінез-құлқы дәлелдегеніндей оның қоғамға қауіптілігі жоқ болуына байланысты қылмыстық жауаплыққа тартудың орны жоқ деп санал­ғандықтан оны жауаптылықтан босату ҚР ҚК 65-бабында көрсетілген негіз­дер бойынша жүзеге асырылады. Заңда көрсетілгендей айыпталушының жа­нын сала шын өкінуі мыналардан байқалады: айыбын мойындап өзінің келуі; қылмысты ашуға жәрдем көрсетуі (қылмыс жасаған қарулары мен құралда­рын өз еркімен тапсыруы, қылмыстың жасалған жерін хабарлауы, ұрланған мүліктің қайда, қашан жасырылғанын көрсетуі, қылмыс жасауға басқа да қатысушыларды көрсетуі). Ол сонымен бірге келтірілген шығынды өз еркі­мен өтеумен, бүлінген мүлікті жөндеумен, жойылған заттың орнын дәл сон­дай затпен толтырумен, келтірілген моралдық нұқсанды қалпына келтірумен, жәбірленушінің емделуіне көмек көрсетумен және басқа да жағдайлармен жүзеге асырылады.
Мұндай жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатуға жасалаған қылмыс пен оны жасаған адамның онша қауіпті еместігі негіз болып саналады: кіші­гірім немесе орташа ауырлыққа жататын қылмыстың бірінші рет жасалған­дығы. Жазасын өтеуден босату кезінде босатылушы адамның жасаған қыл­мысының қауіптілігі жоғары да болуы мүмкін.
Қарастырып отырған бұл институттың айырмашылығы сол, қылмыстық жауаптылықтан босатуда адам әлі сотталған жоқ және жазасын өтеп жүрген жоқ. Жазаны өтеуден босатылушы іс жүзінде заңмен белгіленген бойынша жазаның ең болмағанада аз бөлігін өтеген болуы керек.
Сонымен бірге қылмыстық жауаптылықтан босатылатын адам сотталған деп саналмайды да, ал жазаны өтеудан босатылатын адам сотталған деп қала береді.
Сөйтіп, қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату түрлерін арасындағы айырмашылықтарды төмендегі шектеулер бойынша көрсетуге болады:
1) - шын өкінуіне байланысты (ҚР ҚК 65-бабы);
- қажетті қорғану шегінен асуына байланысты (ҚР ҚК 66-бабы);
- жағдайдың өзгеруіне байланысты (ҚР ҚК 68-бабы);
- ескіру мерзімінің өтуіне байланысты (ҚР ҚК 69-бабы);
2) - жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдердің жазаны өтеуіне байланысты (ҚР ҚК 72-бабы);
- ауруға шалдығуына байланысты (ҚР ҚК 73-бабы);
- төтенше мән-жайлардың салдарынан жазадан босату мен жазаны өтеуді кейінге қалдыруға байланысты (ҚР ҚК 74-бабы);
- айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтуіне байланысты (ҚР ҚК 75-бабы);
- рақымшылық жасалуына байланысты (ҚР ҚК 76-бабы);
- кешірім жасалуына байланысты (ҚР ҚК 76-бабы);
- кәмелетке толмағандарға тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шараларын қол­дануға байланысты (ҚР ҚК 81-бабы);
- шартты түрде соттауға байланысты (ҚР ҚК 63-бабы).
3) жазаны өтеуден босатылатын топтар:
- шартты түрде сотталғандар (ҚР ҚК 63-бабы);
- мерзімінен бұрын-шартты түрде босату (ҚР ҚК 70-б, ҚР ҚАК 168-б);
- рақымшылық жасауға байланысты (ҚР ҚК 76-б, ҚР ҚАК 168-б);
- кешірім жасауға байланысты (ҚР ҚК 76-б, ҚР ҚАК 168-б);
- жаза мерзімін өтеуіне байланысты (ҚР ҚАК 168-бабы);
- іс бойынша ақтау үкімі шығарылған немесе іс жүргізудің қысқартылуына байланысты сот үкімінің күші жойылғанда (ҚР ҚАК 168-бабы);
- жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыруға бай­ланысты (ҚР ҚК 71-б, ҚР ҚАК 168-б);
- ауыр сырқат немесе мүгедектік (ҚР ҚАК 168-бабы);
- заңда көзделген өзге де негіздер (ҚР ҚАК 168-бабы);

Наши рекомендации