Сотталғандардың еңбегін құқықтық реттеу. 2 страница
Негізінде қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатудың барлық түрлері жазаны тағайындау мен атқаруды біреудің мойнына арту, жекелеу мен бірдейлеу, қылмыстық-құқықтық және қылмыстық-атқару нормаларының гуманизм қағидаларын жүзеге асыру үшін қызмет атқарады. Сонымен бірге, жазаны өтеуден мерзімінен бұрын босату мен жазаны өтеу түрлерінің қызметі бірдей – олар соттың үкімінде көрсетілген мерзім өткенге дейін немесе заңда көрсетілген жағдайдың қолданылмауына байланысты қызмет етеді. Осылардың бәрі де гуманизм қағидасының іске асырылуы деп саналады және көп жағдайда ол сотталғандарды түзелу ынтасын көтеруге бағытталған.
Бұдан бұрын атап өткеніміздей, мерзімінен бұрын босату жазаның мақсатқа жетуіне сай келуі тиіс. Заң шығарушы дәл осы жағдайды мерзімінен бұрын босатудың негізі ретінде алып және осыған байланысты босату негіздемелерін қалыптастырады.
Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын босатуды реттейтін ҚР ҚК және ҚАК баптарының мазмұндарын талдай отырып, заң шығарушының жазаны өтеуден босатудың екі негіздемесін көрсететіндігін байқауға болады: формальды – соттың үкімімен белгіленген жаза мерзімінің белгілі бір бөлігін өтеуі және материалдық – сотталған адамның түзелу дәрежесі, яғни сотталған адамның тұлғасын сипаттайтындай мәліметтер болуы тиіс, сондай-ақ, оның мінез-құлқы, жазаны өтеудің бүкіл кезеңіндегі еңбек пен оқуға деген көзқарасы.
Атап өту керек, заңда босату негіздемелерін босатудың түрлеріне қарай қолдану бірдей емес, ал мерзімінен бұрын босатудың қалған барлық түрлерінің бұл негіздемелерге мүлдем қатысы жоқ.
Мерзімінен бұрын босатудың формальды негіздемелері. Мерзімінен бұрын босатудың формальды және материалдық негіздемелерді қарастыра отырып, мына бір фактіге назар аудару керек, екеуі де айтарлықтай дәрежеде бір-бірімен өзара байланыста, бірінші негіздеме белгілі бір дәрежеде екіншісіне бағынышты. Сотталған адамның тұлғасын толық әрі жан-жақты зерттеу үшін және оның түзелу дәрежесі туралы қорытынды жасау үшін көбірек мерзім қажет – тым ауырырақ қылмыс жасаған болса, оның сотталған кезге дейінгі әлеуметтік жағынан босаңсуы молырақ, яғни жаза мерзімі де ұзағырақ болатыны заңды.
Әрине, өмір тәжірибесінде қауіпті қылмыскер нағыз мінезін жасырып жорта тәртіпті болып, сотталғандығына жалған өкініп, өзінің түзелгендігін өтірік көрсетіп, бостандыққа шығып кетуге ұмтылатын адамдар да болады. Алайда, бас бостандығынан айыру мерзімі ұзақ болған сайын мұндай жорта істеу мен алдаудың жолы қысқа, мұндай мінезді ашудың мүмкіндігі молая түседі.
Дегенмен, мерзімнің бір бөлігін өтеудің өзі дербес мәнге ие болады, өйткені осы мерзімі ішінде сотталған адамға оның жасаған қылмысының ауырлығына қарай жазалау-тәрбиелеу ықпалы көрсетілуі мүмкін.
ҚР-ның қылмыстық заңы қылмыс жасады деп танылған адамға заңмен белгіленген мөлшерде және ҚР ҚК Жалпы және Ерекше бөлімінің ережелерін ескере отырып әділетті жаза тағайындалады.
Олай болса, қылмыскер неғұрлым ауыр қылмыс жасаған болса, соғұрлым оның тұлғасы қауіпті болып көрінеді, соған орай сотталғанда ол жазаның да соғұрлым көбірек бөлігін өтеуі тиіс. Бұл ережені мерзімінен бұрын-шартты түрде босату мәселесін қарастырған ҚР ҚК 70-бабының 3-бөлігі төмендегідей жағдайда шектелуін айғақтай түседі:
- кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен бірін;
- ауыр қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын;
- аса ауыр қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін, сондай-ақ бұрын жазадан мерзімінен бұрын-шартты түрде босатылған адамға, егер мерзімінен бұрын-шартты түрде босату тағайындалған жаңа мерзімнің кемінде төрттен үшін нақты өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін.
Өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталып, жазасын өтеп жүрген адам негізінде жазаны өтеуден мерзімінен бұрын мерзімінің кемінде 25 жылын өтегеннен кейін босатылады.
Көптеген жағдайда заң ауыр науқасқа ұшыраған сотталған адамды жазасын өтеуден босату кезінде жазаның өтелмеген бөлігіне қатысты өтеуді мұндай жағдайды мерзімінен босатудың ерекшелігі деп санап, соған байланысты талаптарды қарастырмайды (ҚР ҚК 73-бабы).
ҚР ҚК 76-бабы өзінің мазмұнына қарай азаматтарды рақымшылық пен кешірім жасау жолымен босатуға байланысты негіздемені реттемейді. Кешірім жасау туралы өтініші Қазақстан Республикасы Президентінің атына жазасын өтеп жүрген кез келген уақытында жолданады. Ал рақымшылық жасауға келетін болсақ, онда іс жүзінде жазаның өтелген бөлігін ескеру қолданылады.
Мерзімінен бұрын босатудың материалдық негіздемелері. Егер іс жүзінде жазаның өтелген мерзімін есептеу ешқандай қиындық туғызбайтын болса, ал сотталғандардың түзелу дәрежесінің материалдық негіздемелерін анықтау күрделірек болып саналады. Заңнамаларда мұндай мәселе жөнінде ережелер жоқ болса да тәжірибе сотталған адамның өзінің сотталу фактісіне қалай қарайтынын, жазасын өтеуін, бас бостандығынан айыру кезіндегі мінез-құлқын режим талаптарын қалай орындайтынын, қоғамдық-пайдалы еңбекке араласуын сипаттайтын мінездемесіне сүйенеді.
Сөйтіп, мерзімінен бұрын-шартты түрде босату кезінде материалдық тұрғыдан алғанда, сотталған адамның түзелгендігі және оның сотталуы мен жаза қолданылуына себеп болған қоғамдық қауіптіліктің жоғалғандығы туралы дәлелдеме негіздеме болып табылады. Сотталған адамның түзелу дәрежесіне оның жазасын өтеп жүрген кездегі еңбекке адал ниетпен араласуына, қоғамдық жұмыстарға қатысуына, өзінің міндеттерін орындауына байланысты жазаны атқарушы лауазымды адамның берген мінездемесі бойынша баға беруге болады. Материалдық негізде жазаны өтеуден мерзімінен бұрын босатуды жүзеге асыру үшін соталған адамды мерзімінен бұрын босату туралы әкімшіліктің сотқа жолдаған өтініш-ұсынысы болуы керек.
Мерзімінен бұрын босату мәселесінде қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамаларының нормаларында кейбір келіспеушілік те кездеседі. Ол әсіресе, қылмыстық жазаның мақсаттарының бірі сотталушыны түзеу болып саналатындығы туралы ережеде тура көрсетіледі, солай бола тұрса да қылмыстық құқық нормаларында да, қылмыстық-атқару құқығының нормаларында да сотталған адамның түзелу дәрежесіне сипаттама беретін көрсеткіш жоқ. Заңның айтуынша, сотталған адамның түзелуі деп оның бойында құқықты құрметтейтіндей, адамға, қоғамға, еңбекке, нормаларға, ережелер мен адамзат қоғамының дәстүрлеріне деген дұрыс көзқарас қалыптастыратындай мінез-құлық пайда болуы керек. ҚР ҚАК 7-бабының 1-бөлігінде қалыптастырылған сотталған адамның түзелуі ұғымы сайып келгенде, адамның бойында сол айтылған қасиеттерді орнықтыру болып көрінеді.
Шындығына келгенде, сотталған адамның түзелуін тек қана жоғарыда тізілген қасиеттердің қорытындысымен ғана емес, сол түзелу тәрбиесін бере білген мекеме әкімшілігінің өздерінде жазасын өтеп шыққан адамдардың енді қайтып қылмыстық жолға түспейтіндігіне, түзелу жолына анық түскендігіне, бұдан бұлай олардың мұндай бас бостандығынан айыру орындарына түспейтіндіктеріне деген сенімділігі бойынша да анықтауға болады.
Жалпы ережелерді талдай келе, қылмыстық жауаптылықтан босату ұғымының ауқымы кең деп айтуға болады, сондықтан да ол өзінің мазмұнына қарай жазаның өзі қылмыстық жауаптылықты жүзеге асырудың бір жолы болғандықтан ол жазадан босатуды да қамтиды.
Қолданыстағы заңнамалар бойынша жазадан босату – бұл «адамды сазайын тартқызудан, жазаның мазмұны болып табылатын және жазаны өтеу кезіндегі сотталған адамның шын мәнінде сезініп, басынан өткізетін белгілі құқықтарын шектеу мен айырудан, сондай-ақ соттылықтан – тағайындалған жазаны өтеудің, соттаудың құқықтық зардаптарынан босату».
Заң шығарушы жазаны өтеуден босатудың негіздемесін тұжырымдай отырып, өзіның назарын босату ұғымының формальдық және материалдық жағына аудармайды және сондықтан ҚР ҚАК 168-бабында жазаны өтеудің төмендегідей тізімі берілген:
1. сот үкімі бойынша тағайындалған жаза мерзімін өтеу;
2. іс бойынша ақтау үкімі шығарылған немесе іс жүргізудің қысқартылуына байланысты сот үкімі күшінің жойылуы;
3. жазаны өтеуден шартты-мерзімінен бұрын босату;
4. жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жұмсақ түрімен ауыстыру;
5. кешірім жасау немесе рақымшылық жасау;
6. ауыр сырқат немесе мүгедектік;
7. заңда көзделген өзге де негіздер.
Заң жазаны өтеуден босатудың негіздерін анықтағанда тағайындалған жаза мерзімінің өтуін, соттың шартты-мерзімінен бұрын босату туралы шешімін, рақымшылық актісінің хабарлануын қажет етеді екен. Өзінің сипатына қарай босату негіздердің құқықтық нысандардан айырмашылықтары, яғни әкімшіліктің сотталған адамды босату жөніндегі әрекетін жүзеге асыруға негіз болатын босату негіздері бекітілген тиісті құжаттары болады.
Сот үкімі бойынша тағайындалған жаза мерзімін өтеуі бойынша босату. ҚР ҚАК 173-бабына сәйкес, бас бостандығынан шектеуге, қамауға және бас бостандығын айыруға сотталғандар, жаза мерзімінің соңғы күнінің бірінші жартысында босатылады. Егер жаза мерзімі демалыс немесе мереке күні бітетін болса, сотталушы жазаны өтеуден демалыс алдындағы немесе мереке алдындағы күні босатылады. Жазаның мерзімі айлармен есептелген жағдайда ол соңғы айдың тиісті күнінде, ал егер бұл айда тиісті күн болмаса – сол айдың соңғы күнімен бітеді.
Сотталған адамға босатылған кезде оған тиесілі заттары мен құндылықтары, оның жеке шотында сақтаулы ақшасы мен жеке құжаттары, сондай-ақ жазасын өтегені туралы немесе жазадан босатылғаны туралы құжат беріледі.
Бас бостандығын шектеу, қамау немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан босатылған сотталған адамның жеке ісінде сақтаулы тұрған төлқұжаты немесе жеке басының куәлігі, еңбек кітапшасы мен зейнеткерлік куәлігі оған босатылған кезде қолына беріледі. Сотталған адамның жеке ісінде төлқұжаты, жеке басының куәлігі, еңбек кітапшасы мен зейнеткерлік куәлігі болмаған жағдайда жазаны атқарушы мекеменің әкімшілігі олардың алынуына алдын ала шаралар қолданады..
ҚР ҚАК 175-бабына сәйкес, жазасын өтеген соттылығы бар адамдар үшін көзделген шектеулермен ҚР-ның азаматтар үшін белгіленген міндеттерді орындап, құқықтары пайдаланылады. Мұндай шектеулер тек заңда ғана көзделуі мүмкін.
Түзеу мекемелерінің тәжірибесінде бас бостандығынан босату кезінде мекеме бастығы немесе оның орнын басатын адам әрбір босатылатын адаммен жеке-жеке әңгіме өткізеді, босату туралы құжаттарының дұрыс толтырылуын тексереді, әкімшілікке деген арыз-шағымын сұрастырып біледі, әкімшілік қадағалау жасалуы мүмкіндігін ескертеді, сондай-ақ қажет болған жағдайда әкімшілік қадағалау жасау туралы заңның ережелерін түсіндіреді.
Жаза мерзімін өтеу – жазадан босатудың ең кең орын алған түрі. Заңмен қарастырылған кейбір жағдайларда мерзімінен бұрын жазадан босату жүзеге асырылады. Мерзімінен бұрын босату түрлерінің бірі іс бойынша ақтау үкімі шығарылған немесе іс жүргізудің қысқартылуына байланысты сот үкімі күшінің жойылуы болып табылады.
ҚР ҚІЖК 438-бабының талаптарына сәйкес, айыптау үкімі ҚР ҚІЖК 37-бабының 1-бөлігіндегі 1-12-тармақтарында және 38-бабының 1-бөлігінде көзделген негіздер болғанда жойылуы және қысқартылуы мүмкін.
Әдетте, тәртіп бойынша істің қысқартылуына байланысты үкімнің жойылуы арыз-шағым мен наразылық білдіру бойынша кассациялық іс жүргізуде орын алуы мүмкін. Әрине, сот ҚР ҚІЖК 431-бабында көзделген басқа да шешімдермен бірге істі кассациялық тәртіппен қарай отырып, заңда көрсетілген негіздер бойынша үкімнің күшін жоя және істі қысқарта алады (ҚР ҚІЖК 37 және 38-баптары).
Мұндай негіздердің қатарында ҚР ҚІЖК 37-бабының 1-бөлігінде көрсетілген төмендегі қылмыстық ізге түсуді болдырмайтын жағдайлар жатады:
- қылмыс оқиғасының болмауы;
- әрекетте қылмыс құрамының болмауы;
- егер ол жасаған әрекет үшін жаза қолдануды жойса, рақымшылық ету актісінің салдары;
- мерзімнің ескіруіне байланысты;
- ҚР ҚІЖК 33 және 34-баптарында көзделген қылмыстар туралы істер бойынша жәбірленуіші шағымының болмауы;
- жеке айыптаушының ҚР ҚІЖК 33-бабының 2-бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген қылмыстар туралы істер бойынша айыптаудан бас тартуы;
- өзі туралы белгілі бір айыптау бойынша соттың заңды күшіне енген үкімі не қылмыстық ізге түсудің мүмкін еместігін белгілейтін соттың күшін жоймаған қаулысы бар адамға қатысты;
- белгілі бір айыптау бойынша қылмыстық ізге түсу органының қылмыстық ізге түсуден бас тарту туралы күшін жоймаған қаулысы бар адамға қатысты;
- қылмыстық іс қозғау оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін қажет жағдайларды қоспағанда, қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті есі кіресілі-шығасылы жағдайда жасаған адамға қатысты;
- әрекет жасаған кезде заңға сәйкес қылмыстық жауаптылық жүктеу мүмкін болатын жасқа толмаған адамға қатысты;
- іс бойынша іс жүргізу қайтыс болған адамды ақтау немесе істі басқа адамдарға қатысты тергеу үшін қажет жағдайларды қоспағанда, қайтыс болған адамға қатысты;
- ҚР ҚК ережелеріне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататын адамға қатысты.
ҚР ҚІЖК 38-бабы қылмыстық ізге түсуді жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін және ақтамайтын жағдаятар бойынша қылмыстық жауаптылықтан босататын қылмыстық істі қысқартатын мән-жайларды қарастырады. Мұндай жағдайда сот сотталушы адамды қылмыстық жауаптылықтан босату жөнінде айыптау үкімін шығаруға құқылы.
Іс жүзіндегі қылмыстық атқару тәжірибесінде мерзімінен босату түрінің шартты-мерзімінен бұрын босату мен жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруы жиі қолданылады.
ҚР ҚАК 169 бабы шартты-мерзімінен бұрын босату мен жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру тәртібін қарастырады. Сотталған адамға қатысты бұл тұрғыдағы шартты-мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы мәселені шешу үшін жазаны атқарушы мекеме немесе орган белгіленген тәртіп бойынша шартты-мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы сотқа ұсыныс жасайды.
Шартты-мерзімінен бұрын жазаны өтеуден босату туралы, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы және рақымшылық жасау туралы ұсыныста сотталған адамның тұлғасын, жазаны өтеудің бүкіл мерзіміндегі тәртібі мен еңбек пен оқуға деген көзқарасын сипаттайтын деректердің бәрі көрсетілуі тиіс. Мерзімінен бұрын босатудың мұндай түрі үшін міндетті түрдегі формальды негіз жазаның белгіленген бөлігі өтелген болуы керек.
Шартты-мерзімінен бұрын босатудан жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру түрінің айырмашылығы ол тек қана бас бостандығынан айырылуға сотталған адамдарға қолданылады. Жазаның басқа түріндегі жазаларға неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру қолданылмайды.
Жазаны ауыстырудың негізі сотталған адамның түзелуі болып саналады, ал оның одан әрі түзелуіне бас бостандығынан айыру жазасын өтеу жағдайындағы емес, жазаның неғұрлым жеңіл түрі себеп болады.
ҚР ҚК 71-бабының мазмұнына қарайтын болсақ, заң бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру мына төмендегідей екі жағдай болуы керек:
- сотталған адам кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшін жазасын өтеуші болмауы керек;
- сотталған адам сот тағайындаған мерзімнің үштен бірін өтеген болуы керек.
Бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру тәртібі шартты-мерзімінен бұрын босату түрімен бірдей. Бас бостандығынан айыруды жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру соттың міндеті емес, құқығы.
Шартты-мерзімінен бұрын босатудың немесе неғұрлым жеңіл жазаға ауыстырудың бастапқы мәселесі ең әуелі отрядта, содан кейін мекеменің әкімшілік комиссиясының қарауымен осы мәселенің дұрыс шешілген нәтижесі туралы шешімі ұсыныс ретінде сотқа тапсырылады. Мәселе нәтижесіз шешілген жағдайда екінші қайталап қарау 6 сағаттан кейін қолға алынады. Бұл жерде ұсынысты қарудың барлық әрекеті жаңадан басынан бастап басталуы тиіс.
Сот шартты-мерзімінен бұрын босату мен жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы істі тәртіп бойынша түзеу мекемесінде, жұмыс пен оқудан қолы бос басқа сотталған адамдардың және мекеме өкілдерінің міндетті түрдегі қатысумен ашық сот мәжілісінде қарайды. Істі бұлайша қарау сотталған адамдарды мерзімінен бұрын босату түрінің тәрбиедік тиімділігін арттыра түседі.
Сотталған адамды мерзімінен босатудың бұл түрінің негізі соттың анықтауы болып табылады.
Жазаны өтеуден рақымшылық жасау немесе кешірім жасау тәртібімен босату. Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабының 6-тармағына сәйкес, азаматтарға рақымшылық туралы акті шығару құқығы ҚР Парламентінің үлесіне тиеді. Парламент актісінің үлгісі ҚР Конституциясының 62-бабының 1-бөлігінде көрсетілген. Рақымшылық мемлекеттік құқықтық акті ретінде белгілі бір жеке адамдарға қатысты хабарланады, мысалы, абайсыздықта қылмыс жасаған әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға қолданылады.
Рақымшылық актісі қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан, ал сотталғандар мен жазасын өтеп жүргендерді жазаны өтеуден босату мүмкіндігін қарастырады. Сонымен бірге, рақымшылық тек қана белгілі бір жағдайларда ғана қолданылуы мүмкін: жазаның белгілі бірі бөлігі өтелген шақта, сотталушыға жақсы мінездеме берілгенде және басқа жағдайларда. Рақымшылық туралы актімен жазасын өтеп жүргендер қосымша жазадан босатылуы, ал негізгі жаза мерзімі қысқартылып немесе жазаның жеңілірек түрімен ауыстырылуы мүмкін. Жазасын өтеп шыққан адамдар немесе оны одан әрі өтеуден босатылғандардан соттылығы алынып талалуы мүмкін.
Қылмыстық іс жүргізу заңнамаларына сәйкес рақымшылық актісі белгілі бір бір қылмысқа жаза қолданбауды белгілеген болса, ондай қылмысқа қылмыстық іс қозғалмайды, қозғалған іс қысқартылады. Мысалы; ҚР-ның «Халықаралық отбасы жалына байланысты рақымшылық жасау туралы» 1994 жылғы 5-қазандағы Заңының 12-тармағы былай деп қаулы еткен: «Осы Заң күшіне енгенге дейінгі осы Заңның 1-3-баптарында көрсетілген адамдар жасаған қылмыстарға байланысты тергеу істері мен соттар әлі қарамаған істер қысқартылсын». Осы Заңда көрсетілген адамдар қатарына бұрын жауапқа тартылмаған кәмелетке толмағандар, бас бостандығынан айырумен қатысы жоқ жазаны өтеп жүрген әйелдер, әскери борышын өтеп жүрген кезде қаза тапқан әскери қызметкерлердің жесірлері, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер, 60-тан асқан еркектер мен 55-тен асқан әелдер, І және ІІ-топтағы мүгедектер және басқа да санаттарғы сотталғандар жатады.
Қылмыстық іс сотта жатқан жағдайда ол қысқартылмайды, соттың үкім шығаруымен және жаза тағайындауымен қарастырылады, бірақ сотталған адам рақымшылық актісінің негізінде негізгі және қосымша жазаны өтеуден соттың үкімінде міндетті түрде көрсетілген тәртібі бойынша босатылады.
ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 168-бабында рақымшылық жасау мен кешірім жасауды сотталған адамды жазадан босатудың негізі ретінде қарастырады, алайда рақымшылықты қолданудың тәртібі рақымшылық актісін қабылдаған органмен анықталады.
Қазақстан Республикасының азаматына кешірім жасау ҚР Конституциясының 44-бабының 15-тармағы бойынша Президентпен жүзеге асырылады.
ҚР ҚК 76-бабының 3-бөлігі белгілі бір жеке адамға ол жөнінде айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда кешірім жасау туралы актіні ҚР-ның Президенті шығаратындығын белгілейді.
Кешірім жасау туралы акті өлім жазасына кесілген адамдарға ғана қатысты емес, жазаның басқа да барлық түрлерін атқаруға қатысты қолданылады. Тәртіп бойынша ҚР-ның Президенті қылмысы үшін сотталған адамдардың жазасын толығымен өтеуден босатылатындығы туралы Жарлық шығарады. Президент қызметінің өзінің ерекшеліктеріне қарай кешірім жасау мәселесімен оның Аппаратындағы ҚР Бас Прокуратурасы мен Жоғарғы сотымен кешірім жасау туралы ұсыныстарды алдын ала қарастыратын арнайы басқарма айналысады.