Тақырып: Қазақ тілін оқыту әдістерінің жүйесі

Оқушыларға теориялық білім мен практикалық дағды беру оқыту әдістерінсіз жүзеге аспайды. Оқушылардың қазақ тілінен алған білімі мен білігін, дағдысын қалыптастыру жолында мұғалімнің жүргізген жұмысы оқыту әдістеріне тікелей байланысты.

Педагогика теориясында бұған мынадай анықтама берілген: «Білім беру әдістері оқушылардың білім мен білігін, олардың практикалық дағдысын қалыптастыру жолындағы мұғалімнің жүргізетін жұмыстарының тәсілі және оқушылар жүргізетін жұмыстың мұғалімнің басшылығымен орындалатын тәсіл». Қазақ тілін оқушыларға меңгертуде оқыту әдістерін тиімді, жүйелі қолдану өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Әдіс грек сөзінен енген сөз. Оның бастапқы ұғымы “зерттеу” деген мағынаны берген. Бертін келе алғашқы мағынасы кеңейіп, “белгілі бір пәнді оқытудың әдісі” дегенді білдіреді.

Дидактика ілімінде оқыту әдістерін топтауда бірізділік жоқ. Ғалымдар оқыту әдістерін әр түрлі топтастырады. Атап айтқанда, И.А.Каиров, Н.К.Гончаров, Б.П.Есипова, Л.В.Занковтың редакциялауымен жарияланған “Педагогика” оқулығында оқыту әдісінің мынадай 9 түрі бары айтылған. Профессор Е.Я.Голант оқыту әдісінің 8 түрін береді.

П.А.Зайченко он түрін көрсетеді. И.Я.Ларнер мен М.Н.Скаткин оқыту әдісінің бес түрін көрсетеді.

Қазақ тілін зерттеуші әдіскер – ғалымдар оқыту әдістерін төмендегідей саралайды:

Х.Арғынов синтаксистен оқушыларға білім беруде мынадай оқыту әдістерін пайдалануды тиімді деп санайды: байқау әдісі, түсіндіру әдісі, әңгіме әдісі.

Ал Ә.Исабаев болса, қазақ тілінен білім беру әдістерін былайша топтайды:

Қазақ тілін практикалық жақтан үйрету әдістері (Қазақ тілін әдебиет материалымен байланыстырып өту әдісі, түсініксіз сөздерді үйрету әдісі, диалогтық және монологтық сөйлеуді үйрету әдісі және мәнерлеп оқу әдісі).

Қазақ тілін теориялық жақтан үйрету әдістері (Әңгіме әдісі, хабарлау әдісі, түсіндіру әдісі, тәжірибе әдісі, кітапты пайдалану әдісі).

Қазақ тілін теориялық және практикалық жақтан үйрету әдістері (дайын материалды талдау әдістері, фонетикалық талдау әдістері, морфологиялық талдау әдісі, синтаксистік талдау әдісі, тілдің материалдық түрін өзгерту әдісі, тілдік тапсырмалары бар мазмұндау әдісі, қазақ тілі бойынша сөйлем құрату әдісі, тілдік тапсырмалары бар шығарма жаздыру әдісі, орфографиялық талдау әдісі, көшіріп жазу әдісі, диктант жазу әдісі).

З.Бейсенбаева мына әдістерді көрсетеді: табиғи әдіс, сұрақ-жауап, сурет әдісі, сөйлем мен сөзді толықтыру, мәтінмен жұмыс әдісі.

Профессор Н.Оралбаева, Қ.Жақсылықова “Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі” оқулығында қазақ тілін оқытумен байланысты мына әдістерді көрсетеді: баяндау, түсіндіру, ойландыру, жалқылау, жалпылау, әңгімелесу, еліктеу, жаттығу, ана тілімен салыстыру, көрнекілік, топ, экскурсия әдісі.

Ж.Сүлейменова әдістерді жалпыдидактикалық және жеке пәндік деп екі топқа бөліп қарастырады.

Жалпыдидактикалық топқа ауызша хабарлау немесе сөз әдісі (баяндау, түсіндіру, әңгімелеу, пікірталас, дәріс); көрнекілік әдісі (иллюстрациялау, демократиялау), бейне әдіс (электронды оқулық), практикалық әдіс (жаттығу, тәжірибе жасау, экскурсия), кітаппен жұмыс жасау әдісін жатқызады.

Жеке пәндік топқа ана тіліне сүйену немесе салыстыру (еліктеу, аударма, грамматикалық талдау, коммуникативті –ситуативтік, драматизациялау); лингвистикалық сөздіктермен жұмыс (сан әдісі); апроксимация, грамматикалық ойын әдісін жатқызған.

Әдіскер-ғалым К.Назарғалиева оқыту процесіндегі негізгі мақсат – таным-білімді меңгеру және меңгерту, оқытушы мен оқушының әрекеттерінен тұрады, сондықтан оқыту әдістерін саралауға өзге емес, осы қағида басшылыққа алынуға тиісті деп, оқыту әдістерін екі топқа бөліп топтастырады.

Оқыту әдістері: ауызша баяндау, информациялық хабарлау, түсіндіріп оқыту, әңгімелеу, демонстрациялау, экскурсия, тексеру, жүйелеу, бағалау.

Оқу әдістері: әңгімелесу, оқулықпен, кітаппен, қосымша материалмен жұмыс, жоспарлау, тапсырманы орындау, бақылау, зерттеу, қайталау, графикалық жұмыс, жаттығу, оқыған материалын баяндау.

Қазіргі қазақ тілін оқыту әдістемесінде тілді қатысымдық бағытта үйрету, яғни қазақ тілінің әлеуметтік рөлін, аясын кеңейтуді осы бағытта жүзеге асыру қажеттігі маңызды болып есептеледі. Қатысым әдісінің ерекшеліктері мен тілді меңгертудегі мәні мен алатын орнын ажыратып, айқындау – қазіргі көкейкесті мәселе. Тілді үйретуге қатысты әдісті сөз еткенде арнайы қарастырылуға тиісті мәселенің бірі осы – қатысым әдісі. Қарастырылып отырған “коммуникативный метод” “коммуникация” сөзімен байланысты шыққан. “Коммуникативный метод” дегенді “қатынас әдіс” дегеннен гөрі қазақтың ұлттық сөздік қорындағы “қатынас”, “қатысу” сөзін жаңғыртып, “қатысым” деп алған ұтымды. Қатысымдық әдісті зерттеу орыс және шет тілдерін оқыту әдістемелерінде бірсыпыра жетістіктерге жеткенін атап айту керек.

Наши рекомендации