Практикалық дағдыны қалыптастыру сабақтары.
Бұған мына сабақтар жатады: бекіту сабағы, семинар сабақ, тексеру сабағы, практикум-сабақ, сынақ-сабақ, баспасөз конференциясы сабағы, коллоквиум-сабақ, талдау сабағы және қайталау сабағы. Практикалық дағдыны қалыптастыру сабақтары оқушылардың дене және ой дағдыларын ширату және оқушылардың қазақ тілінен алған білімдерін нығайтып отыру үшін өткізіледі.
1. Бекіту сабағы. Бұл сабақ мектеп оқушыларының қазақ тілінен күнделікті алған білімдерін нығайту отыру мақсатында жүргізіледі. Бекіту сабағы лексиканы, фонетиканы, грамматиканы, орфографияны, пунктуацияны және тіл ұстартуды үйретуге байланысты жүргізіледі. Бұл сабақ теориялық білімді бекіту мен оларды қандай объектілер негізінде жаттықтыру сияқты мәселелерді қамтиды.
2. Семинар сабақ.Қазақ тілінен өтілетін семинар-сабақ оқушылар білімін тереңдету мақсатында жүргізіледі. Семинар-сабақ өзінің мазмұнына қарай мынадай түрлерге бөлінеді: а) лексика бойынша өтілетін семинар сабағы; ә) фонетика бойынша өтілетін семинар сабағы; б) морфология бойынша өтілетін семинар сабағы; в) орфография, орфоэпия және пунктуация бойынша өтілетін семинар сабағы.
Семинар сабақ өткізу мақсатына қарай мынадай негізгі түрлерге бөлінеді: 1. Тапсырылған сұрақтарды талқылау сабағы. 2. Хабарлама немесе баяндамалар жасау сабағы. 3.Экскурсия әсерлерін талқылау сабағы. 4. Мамандармен кездесу сабағы.
3. Пресс-конференция сабағы.Мектеп оқушыларына қазақ тілінен теориялық білім мен практикалық дағды беру процесінде пресс-конференция сабағын өткізіп отыру қажет. Оқушылардың іскерлігі мен танымдық белсенділігін арттыратын жұмыс түрін пресс-конференция сабағы деп атаймыз.Пресс-конференция сабағы өзінің негізгі мазмұнына қарай мынадай түрлерге бөлінеді: фонетика, лексика, морфология, орфография, орфоэпия, синтаксис, пунктуация және тіл ұстарту бойынша өтілетін пресс-конференция сабақтары. Сондай-ақ бұл сабақ көлеміне қарай екі топқа бөлінеді: 1) Тілдік салалар бойынша өтілетін пресс-конференция сабағы. 2) Тілдік тақырыптар бойынша өтілетін пресс-конференция сабағы.
4. Тексеру сабағы.Тексеру сабағы оқушылардың қазақ тілінен өткен тақырыптарын қаншалықты меңгергендігін байқатады. Ол оқушылардың дағдыларын тексеру үшін арнайы өткізіледі. Осы мақсатпен жүргізілетін тексеру сабағына мына сияқты методикалық талаптар қойылады: теориялық білімнің қаншалықты меңгерілгендігін анықтау; алынған мәтіндердің жетік, объект жағынан толық болуы; жазба жұмыстарының мақсаты анық болуы.
5. Талдау сабағы.Талдау сабағы оқушылардың ауызекі тіліндегі және жазба жұмыстарындағы жіберген қателерін арнайы талқылау үшін өткізеді.Бақылау диктантындағы қателерді талдау сабағы методикалық жүйе бойынша өткізіледі.
6. Сынақ-сабақ. Сынақ-сабақ – оқушылардың қазақ тілінен алған білімі мен дағдысын тексерудің тиімді әрі қолайлы түрі. Бұл сабақ, біріншіден, оқушылардың алған білімдерін тексеру мақсатында өткізілсе, екіншіден, өтілген тілдік материалдарды қайталау, жинақтау және қорыту бағытында жүргізіледі. Сынақ-сабақта қазақ тілінен өтілген тілдік материалдарды бір жүйеге түсіру, негізгі мәселелер бойынша білімдерін анықтау және тілден алған білімдерін практикалық күнделікті өмірде қолдана білу мақсаты көзделеді.
7. Қайталау сабағы.Өткен қазақ тілі материалдарын оқушылар ойына толық қалыптастыру мақсатында жүргізілетін жұмыс түрін қайталау сабағы деп атайды. Қайталау сабағын жүйелі жүргізу үшін оған мынадай талаптар қойылады:
1) Қайталау сабағының негізгі мақсаты анық болуы тиіс.
2) Қайталау сабағының түрі белгіленуі қажет 3) Қайталау сабағы жоспар негізінде өтілуі жөн. 4) Қайталау өткенді еске түсіріп қана қоймай оны терең ұғынуға көмектесуі керек. 5) Қайталау түрлері бір-біріне байланысты түрде өткізілуі тиіс. 6) Қайталау оқушылардың белсенділігін арттыруы қажет.
Қайталау сабағының мынадай түрлері бар: Бастапқы қайталау – өткен бір жылдық (календарлық) тілдік материалдарды оқу жылы басында еске түсіру мақсатында жүргізіледі. Күнделікті қайталау – өткен материалдар мен жаңа тақырыпты ұштастырып, жаңа сабақты неғұрлым тиімді де жүйелі алып бару үшін өткізіледі. Мерзімді қайталау–өтілген тілдік тараулар мен күрделі тақырыптарды бір арнаға түсіру мақсатында жүргізіледі. Мерзімді қайталау үшін әр кезде өтілген тараулар мен ірі тақырыптар іріктеліп, сұрыпталады. Қорытынды қайталау–оқу жылы бойы өтілген тілдік материалдарды немесе курсты түгел жинақтап пысықтау мақсатында жүргізіледі. Бұл қайталау оқу жылының соңғы апталарында өткізіледі.
8. Конкурс сабақ.Конкурс – сабақ оқушы білімінің деңгейін сынауда аса үлкен қызмет атқарады. Ол оқушы ойының жетіктігін байқау мақсатында өткізіледі. Конкурс латынның concursus – «жарыс» деген сөзінен алынған. Оның негізгі мағынасы жарысқа түсу, жарыста, жиында, топ ішінде сынасу дегендерді білдіреді. Оқушы білігінің іскерлігі осы конкурс-сабақпен өлшенеді.