Ежелгі римдегі мектеп пен тәрбие.

Таяу және Қиыр Шығыс ежелгi мемлекеттерiндегi (Египет, Израил-Иудей патшалығы, Иран, Сирия, Палестина, Үндi және Қытай) тәлiм-тәрбие мен мектептер

“Сеннаар жерi” немесе “Шинеар жерi” деген аумақты үшiншi өркениеттiң туып, дамуына үлес қосқан құтты мекен Қосөзен Тигр мен Евфраттың оңтүстiк жағалауында өмiр сүрген Шумерлер – (“қарабасты халық”) Библияда “Шумер” деген атпен тарихқа Сақ тайпаларының бiр тармағы болып енген халық.

Көптеген ғасырлар бойы “Шинеар” сөзi Библияны оқыған адамдарға түсініксіз болатын. Тек жүздеген жылдардан кейiн ғана үшiншi өркениеттiң бесiгi болып саналатын Таяу Шығыстағы Евфрат жағалауын жайлап тұрақтанған жұрт Шумер халқы деп аталған. Сөйтiп, ежелгi Шумер елi ретiнде дүниежүзiне белгiлi бола бастады. Шумер мәдениетi ертеден-ақ өз төңiрегiне танымал болғандықтан, ежелгi Египет мәдениетiнен кем болмағандығы тарихтан белгiлi.

Мәселен, Нiлде және Евфратта бiр мезгiлде (б.з.д. 6 - мыңжылдықтың соңында) қалалар салынып, жазу өнері және жер суғару жүйесi iске қосылған. Шумер мәдениетiнiң даму деңгейi байқатқандай, ғылым саласында аспан әлемi жайлы жаңа ұғымдар түзiп, шаруашылықта көптеген техникалық жаңалықтар ашып, мәдениет саласында тамаша дастандар мен көркемөнер туындылары дүниеге келдi. Жазудың алғашқы үлгiлерi пайда болды. Дiни көзқарастар мен дәстүрлердің негізі қалана бастады. Өркениетті бұл жаңалықтар басқа халықтарға, оның iшiнде вавилондықтарға, гректер мен еврейлерге, т.б. өз ықпалын тигізді. Қазiргi күнтiзбелерi, жер шарының градусқа бөлiнуi – осының барлығы ежелгi Сеннаар мәдениетiнде орын алған. Американдық шумертанушы С.Крамер: “… шумерлер байырғы түркiлер болған және олардың тiлi ежелгi түркi тiлiне жатады” дей келiп, өз пiкiрiн олар қыш ыдыс-аяқ жасау, дөңгелек арба, соқа-сепкiш, желкендi қайық, күмбез, шатырлы құрылыс және мыс пен қоладан бұйым-заттар құйып, темiрдi балқыту, тасты қашау, сырлау, әшекейлеу, т.б. қолөнерін меңгерген ел болған деп түйiндейдi.

Шумерлiктер Месопотамияда iрi Ур, Лағаш, Нипур, Умма, т.б. қалалар тұрғызып күштi мемлекет құрды. Олардың бесiншi мыңжылдықтан бұрын өркениеттi мемлекет болғанына таңданбайтын жан жоқ. Өйткенi шөл табиғатта, өте қатал ландшафтта егiн шаруашылығы мен сауданы, медицина мен астрономияны, әдебиет пен музыканы өркендеткен, басқару жүйесi мен дiни орталығы қалыптасқан ел болған. Археологиялық қазба жұмыстары көрсеткенiндей, Месопотамиядағы әрбiр iрi қалада мектептер жұмыс жасаған, шаруашылықтың, мәдениеттiң қажеттiлiгiне қарай хат танитын адамдар дайындаған.

Қосөзенде алғашқы хат тану, хатшы даярлау “Тақта үйлерiнде” (шумер тiлiнде – Эдубба) жүргiзiлiп, сазбалшықтан кептiрiлiп жасалған тақтаға үшкiр таяқша арқылы әрiп белгiлерi (б.з.д. 3-мыңжылдықта) түсiрiлген. Оқу орнын Эдубба әкесi (мектептiң әкесi) басқарып, мұғалiмдi “үлкен аға”, көмекшiсiн “кiшi аға”, оқушыларды “мектеп балалары” деп атаған. Оқу бұл мектептерде бұрыннан қалыптасқан үлкен отбасы қауымының тәрбие дәстүрi негiзiнде ұйымдастырылған. Ал бiрiншi мыңжылдықтың басында ағаш тақталарға сүрiлiп, әрiптер жазатын болғандығы жайлы, мыңдаған тақталар, қираған арбалар мен үй жануарларының сүйектерi, т.б. дәлел. Мысалы, Ниппура қаласындағы қазба жұмыстарынан кiтапханалар мен аталған мұрағаттар табылған.

Эдубба (мектеп) бiртiндеп дербестiк алып, бұл шағын мектепте бiр ғана мұғалiм мектеп жұмысын басқарумен қатар, жаңа үлгi-тақталар дайындап, ондағы жазуларды оқушылар жаттап, жаттығу тақталарына көшiрiп жазған. Мектептерде жазу, есептеу, сызу, сурет сабақтарын жүргiзетiн арнайы мұғалiм қызмет атқарған. Мектептердегi пәндердi оқыту, тәртiп сақтау мәселелерiмен арнайы адамдар айналысқан.

Мектепте оқыту ақылы болған. Ата-аналар балаларының хат тануына ерекше көңiл аударып, мұғалiмнiң тәрбие бергенiне қосымша төлемақы берiп тұрған.

Мектептегi оқу оқушыларға қарапайым бiлiм берiп, хатшылыққа немесе шағын шаруашылық қарекеттерiне дайындаған. Мектеп ағарту және мәдениет орталығы болған. Ол мектептердiң жанынан кiтапханалар (мысалы, Ниппур кiтапханасы б.з.д. 2-мыңжылдық) ашылып, онда бiлiм мекемелерiретiнде патриархалды-отбасылық тәрбие берiлген, оқушылар қолөнер элементтерiне үйретiлген. Өйткенi, ежелгi Қосөзен мемлекеттерiнде бала тәрбиелеуге отбасы жауапты болған. “Хаммурапи Кодексi” бойынша әкесi баланы өмiрге дайындау ісімен айналысып, өз қолөнерiн үйреткен.

Мектепте “тақта үлгiсiндегi” оқу материалын есте сақтап, оқушылар“тақта-жаттығуға” көшiрiп жазатын, ал негiзгi оқыту әдiсi – бiрнеше рет қайталау, мәтiндердi есте сақтау және есептердi шешу болған. Қиын сөздер мен мәтiндердi мұғалiм түсiндiргенде өзара пiкiрлесу әдiстерi қолданылған. Оқушылар жұпқа бөлiнiп, кейбiр қағидаларды мұғалiм басшылығымен дәлелдеп немесе терiске шығарып отырған. Бiздiң заманымызға дейiнгi екiншi мыңжылдықта оқушының бiр күндiк оқуы туралы тақтаға жазылған құжатта мынадай мәтiн келтiрiлген:

Мұғалiм: - Оқушы, бiрiншi күні қайда барасың?

Оқушы: - Мен мектепке барамын.

Мұғалім: - Мектепте не iстейсiң?

Оқушы: - Мен тақтамды дайындап, ертеңгi асты iшемiн. Маған ауызша сабақжәне жазба жұмыстарын бередi.

Сабақ бiтiсiмен мен үйге қайтып, әкеме жолығып, сабақтарды қалай оқығанымды әкеме айтып бергенде, ол қуанышқа бөленедi. Ертеңгiсiн тұрғанда шешемдi көремiн де: “Маған ертеңгi асты берiңiз, мен мектепке барамын, мектептен қалмауым керек. Кешiкпей барып, мұғалiмге иiлiп, сәлем беремiн” – деймін.

Әрине, оқушылар “Тақта үйiндегi” оқудың бiрiншi кезеңiнде оқу, жазу, есепке үйренсе, одан кейiн тағылымдық тарихты жаттап, аңыз-ертегiлердi, практикалық бiлiм мен дағдыларды игерiп, құрылыс жұмысына қажеттi iс құжаттарын дайындайды.

Мектептерде жазудан басқа тарих, математика, құқықтану, астрономия, механика, агротехника пәндері оқытылды. Онымен қоса әр саладағы өнердi игердi. Оқытужүйесiнде практикалық жағынан оқушыны iс жүргiзуге, сот және әкiмшiлiк мiндеттердi атқаруға дайындады. Мектептегi оқытудың басты әдiсi – оқу материалдарын көшiру, жатқа айту, дауыстап оқу болды.

Мектептерде (б.з.б. 2 - мыңжылдықтың бiрiншi ширегiнде) Аккад және Шумер тiлдерi оқытылып, кейiннен Шумер тiлi ғылым мен дiн тiлiне айналды. Тақталардағы жазылған жазуларға қарағанда Эдуббаны (мектептi) бiтiрген оқушы жазуды игеру, арифметикалық төрт амалдарды, ән мен музыка өнерiн, заң нормаларын үйренгеннен кейiн, ана тiлi, математика мен астрономиядан бiлiмдер алады. Сонымен қатар, оқушылар егiстiк жердi есептеу, өз иелiгiндегi заттарын бөле бiлу, шүберек маталар, темiр-терсек, шөп-шаламнан хабардар болып, қолөнер, мал бағу әрекеттерiне бейiмделу мiндеттелiнген.

Вавилон патшалығының шарықтау кезеңiнде (б.з.д. 2-мыңжылдықтың бiрiншi жартысында) сарайлар мен ғибадатханалар жанындағы ашылған мектептер кешендi бiлiм бере бастады. Ассириялық - жаңа вавилондық кезеңде (б.з.б. 1-мыңжылдықта) шаруашылық пен мәдениеттiң дамуымен бiрге Ежелгi Месопотамияда еңбектiбөлу үрдiсiнде хатшы мамандығы қажеттiлiгiнiң артуымен байланысты мектептерде оқытудың сапасы көтерiлдi. Мәселен, оқыту мазмұндарына философия, әдебиет, тарих, геометрия, заңтану, география пәндерi ендiрiлдi. Ассириялық - жаңа вавилондық кезеңде бай отбасындағы қыз балалар жазуға, дiнге, тарихқа және есепшотқа үйретiлдi.

Алғашқы пиктографиялық жазбалар табылған Ур қаласындағы Шумерлердiң жазу жүйесi мыңдаған әрiптерден құралып, ол таңбалар келе-келе 600-ге дейiн қысқартылған. Бұл тұңғыш әрiп таңбалары ХХ ғасырдың басында белгiлi ғалымдар Хоммель және Бертонулердiң ыждағатты еңбектерiнiң арқасында ашылды.

Ежелгi Шумер отбасы құқық кодексiнде жазылғандай балаларын құлдыққа сатуға рұқсат берген. Оны растайтын құжаттар бүгiнгi күнге дейiн сақталған. Кейде бала сату – асырап алушы “әке” баланың әкесiнен ақша берiп сатып алған жағдайда, құжаттар арқылы заңдастырылған. Оның бiр себебi, ертедегi Месопотамияда әйелдердiң патриархалды отбасында басбостандығы болмағандықтан, көп әйел алу шектелмеген. Ата-анаға күнкөрiс үшiн көп балаларының бiрнешеуiн сатуға ерiк берiлген.

Шумерлiктер егiншiлiкпен айналысқанда бидай, арпа егiп, арпадан ұн жасау, нан пiсiру, сыра ашытумен шұғылданған. Сонымен қатар, бұршақ, пияз, балықтарды аулап, iрi қара малдарды сүт үшiн ұстап, етiн пайдаланған.

Шумерлер қалалар салып, суда жүзген, әскери адамдарды ұстаумен қатар, ең бастысы жазуды жазып, оқуды оқи бiлдi. Шумер хатшылары өздерiнiң патшаларының ел басқару, жаугершiлiк жағдайларын қағазға түсiрген шежiрешiлер болған, олар алғашқы этикалық дастандар жазумен бiрге философиялық ой-толғауларында өмiрдiң мәнi, мақсаты жайлы да жазды.

Месопотамия жеріндегі Ур қаласында жүргізілген қазба жұмыстарында Шумер елінен сурет таңбалар түсірілген тақталарда (б.з.д. 3 – мыңжылдықта) балаларға арналған жазбалар табылған. Бұл кезең алғашқы қауымдастықтың тарауымен, яғни ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуі кезінде жазу-сызудың пайда болуымен байланысты туындаған.

Месопотамия халқының жартысынан көбісі құлдар деңгейінде болды. Оларды топ-топқа бөліп, үстерінен қарайтын адамдар белгіленді, оларға еңбектеріне қарай мемлекеттен бөлінген азық-түлік таратылып берілді. Азық-түліктерге қатал есеп жүргізілгендігі туралы шаруашылық есепшоттарының құжаттары табылуы есеп жүргізетін, хат танитын білімді адамдардың болғанын, оларды арнайы хатшылар дайындайтын мектептерде даярлап отырғанын дәлелдейді.

Қосөзен мектептерінің мақсаты оқушыларды белгілі бір мамандыққа бейімдеп, хатшы болуға даярлау еді. Ежелгі Шығыс мәдениетімен айналысушылардың зерттеулеріне қарағанда 70 %-ға жуық хатшылар патша және ғибадатхана әкімшіліктерінде қызмет жасаса, хатшылардың 20 %-ы жеке адамдарға, ал қалғандары дәрігер, жрец (абыз) болып және басқадай жұмыстар атқарған.

Мектепке тартылған оқушылардың көпшілігі шенеуніктер мен ауқатты отбасыларынан (тек ер балалар) шыққан. Шамамен 500-дей хатшы балалардың әкелері қала бастықтары, дін жақтаушылар мен хатшылар болған. Араларында кедейлердің және құлдардың балалары да оқығандығы туралы жазбаларда кездеседі.

Бірақ та, жазу тілі, оның техникасы өте қиын болғандықтан, оқушылардан ерекше тиянақтылық, ұстамдылық, қайсарлық қасиеттер талап етілген. “Тақта үйінде” жазу өнеріне оқушылар балалық шағынан кәмелетке толғанға дейінгі аралықтағы өмір жолын арнады.

Оқушылар ұзақ сонарлы сөздерді (өсімдіктер, жан-жануарлар, әртүрлі заттар, т.б.), әдеби және іс-құжаттар мәтіндерін (келісімшарт) көшіріп жазып, оқып, тіл байлықтарын дамытуға талпынатын.

Ежелгі Вавилон дәуірінде әдеби шығармалар (Гильгамеш туралы эпос, мақал-мәтелдер, өсиет, т.б.) шумер тілінде жазылғандықтан, іс-қағаздар да шумер тілінде толтырылған. Сол себепті, оқушылар тарапынан шумер тілін жаттау табандылықты, көп уақытты талап еткен.

Оқушылар шумер-аккад екі тілді мәтіндерді оқу үшін аккад тілінен шумер тіліне, одан қайтадан аккад тіліне аударып отырған. Бұған шығыс елдерінің кітапханаларында сақталған шумер-аккад тілдеріндегі сөздіктер және грамматикалық жаттығулар нақты дәлел бола алады.

Мектептерде оқушылардан шумер тілінде сөйлесу талап етілген, бұл талапты ұстамағандар жазаланып отырылған. Мектептерде балалар тарихтан, географиядан мәлімет алып, ертедегі патшалардың ерліктері және жорықтары жайлы әңгімелер тыңдап, Қосөзендегі қалалардың тізімдерін, аттарын, шаруашылықтарын жаттап алуға дағдыландырылған. Бірақ мектеп географиясының мазмұндық ауқымы тарлау болды. Мысалы, балаларды Африка мен Үндістанға апаратын жолдармен таныстырғанда ол елдердегі қалалар, сауда-саттық, шаруашылық мәселелері оқыту мазмұнында қарастырылмады.

Мектепте математиканы оқытқанда оқушылар есеп-жинақтарын көшіріп жазуға, жұмысты орындаушылардың еңбек ақыларын есептеуге, егін алқаптарын өлшеуге, т.б. практикалық әрекеттерге үйретілді. Математикамен бірге олар әр түрлі заң жинақтарын талдап, құқық нормаларымен таныстырылды.

Әсіресе, Вавилон патшасы Хаммурапидың б.з.д. ХҮІІІ ғ. заңдары мектепте кең түрде оқытылды.

Оқушыларды іс жүргізуге даярлауда сот және әкімшілік міндеттерін атқаруға практикалық жағынан дайындау мәселесіне ерекше орын берілді.

Шумер мектептеріндегі басты оқыту әдісінің бірі – оқу материалдарын қайта көшіру және бірнеше рет дауыстап оқып, жаттап алу болған. Шумер және Вавилон мектептеріндегі оқушы өз сабағын тақтадан көшіріп алатын болса, Египет мектебінде мұғалімнің ауызша айтуынан жазып алған. Шумер мектебінде жазуды (б.з.д. XVIII-XVI ғғ.) ендіргеннен кейін тақтадан көшіріп жазу әдісі сирек қолданыла бастаған. Сазбалшықтан жасалған тақтаның екінші бетінде оқушы мәтінді таза жазып, үлгі ретінде ұстайтын болған. Ал, тақтаның соңғы бөлігі тексерілгеннен кейін өшіріліп, қайтадан жазылып, қолды тез жазуға жаттықтырған. Оқушының тез жазуды меңгеруі мұғалім тарапынан әр уақытта қолдау тапқан.

Археологтардың қазба жұмысы көрсеткендей, Суз қаласында (б.з.д.2-мыңжылдықта) мектеп бөлмесінің бұрышында сазбалшық илейтін астау табылған, онда саз тақталары даярланған. Пайдаланылған және ұсталынған саз тақталарды арнайы астаушаға жинап, қайтадан илеп жаңа тақталар жасаған. Осы типтес екі бөлмелі мектепте, Евфрат өзенінің орта ағысына орналасқан Марен қаласындағы қазбадан анықталғандай, әр бөлмеде күйдірген кірпіштен құрастырған 3-4 оқушыға арналған орындықтар табылған. Бұл мектепте 30-40 % оқушы оқыған. Мектепте әрбір кіші оқушыға көмек көрсету үшін аға оқушы бекітіліп, тәртіпті қадағалап отыруға тиісті болған.

Ертедегі Вавилон дәуірінде шумер тілінде жазылған мәтінде әкесінің баласына айтқан кеңесі келтірілген. Мысалы, “Мектепке барғанда “мектеп әкеңе” тік тұрып орындаған тапсырмаларды айт. Дорбаңды ашып, тақтаңа жазу жаз, “аға оқушы” жаңа тақтағатапсырманы жазсын. Содан кейін тапсырманы орындаған соң қадағалаушыға көрсет, бірден маған кел, көшеде қаңғырма”, – дейді.

“Мектеп әкесі” (мұғалім) оқу тапсырмасының жалпы мазмұнын және көлемін анықтап, кей жағдайда оның орындалуын бақылаған, ал көпшілігінде “аға оқушы” баланы оқуға үйретіп, қолын жазуға жаттықтырған, әріптерді тақтаға түсіруге көмектескен, тақталар дайындап, көшірілетін мәтіндерді белгілеп, оның тиянақты орындалуын қадағалаған. Үй тапсырмасын тексеру, оқу материалын ұғындыру, әңгімелеу, ақыл-кеңестер беру “аға оқушының” міндетіне кірген.

Шумер мектептерінде мұғалім және “аға оқушыдан” басқа “қадағалаушы” да болғандығы жайлы деректер де кездеседі. Аға оқушылардың арасынан “қадағалаушы” міндетін атқаратын оқушылар болған. Олардың бірі мектептегі тәртіпті қадағаласа, екіншісі оқушылардың сабақтағы жұмыстарына назар салған. Әрине, мектепте жазалау болған, оқушы кешіксе, шумер тілінде сөйлегісі келмесе, сұраусыз сыныптан шықса, “қадағалаушылардың жазаларынан” құтыла алмайтын.

Месопотамияда сабақты түсінбегені үшін жаза қолданылмаған, қайта “аға оқушы” қол ұшын беріп көмектесуге міндеттелген. Егер оқушылар арасында дау-жанжал туса, “қадағалаушының” араласуына ерік берілген. “Аға оқушының” талабын орындамаған жағдайда мұғалім кіші оқушыны жазалауды “қадағалаушы” оқушыға жүктеген. Мысалы, “қадағалаушыға” оқушыларды шыбықпен ұруға, аяғын шынжырға байлауға немесе екі айға дейін мектепте үйіне жібермей ұстауға ерік берілген. Мұғалім оқушылар арасында күрделі дау-жанжал болғанда ғана араласып, шешім жасаған.

Әкеден балаға өсиет ету Ежелгі Таяу Шығыс қоғамына тән. Ежелгі Вавилон Хаммурапи кодексінде жазылғандай, әке баласына қолөнерін үйретуі тиісті болған.

Қосөзенде б.з.д. екінші мыңжылдықтың аяғы мен бірінші мыңжылдықтың бірінші жартысында мектеп арқылы білім беру ісі нашарлай бастады. Мәселен, мемлекеттік биліктің дәрежесі әлсіреген, шенеуніктерді даярлауға қажеттілік азайған кездерде, мектеп білімінің сапасы төмендей түсті. Бұл кезеңде мектептегі білім беру жеке дараланған оқуға көшті, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа білім беру дәстүрі отбасы тәрбиесі көлемінде жүргізілді.

Таяу Шығыс тарихын зерттеуші И.М.Дьяконов айтқандай, мектептегі оқудан жеке-дараланған оқуға көшу б.з.д. 2- мыңжылдықтың ортасынан бастау алғандығы байқалады.

Сонымен, шумер мектептеріндегі мектеп ұжымының бағыт-бағдары шумер қоғамының құрылымдық жүйесіне негізделді. Мәселен, патша билігі Египеттегі патша билігімен салыстырғанда әлдеқайда төмендеу болған. Осыған байланысты мектеп мұғалімінің ықпалы мұнда орташа деңгейде болды деп айтуға негіз бар.

Әкенің баласына педагогикалық ықпалын мысал ретінде зерттеушілер “Хатшы әкенің қиқар баласымен әңгімесі” деген мәтінді келтіреді. Ол мәтінде әкесі баласының оқығысы келмей, көшеде бос жүрудің орнына мектепке барып, хатшы өнерін үйренуді міндеттейді.

Хатшы өнері – ең қиын мамандықтың бірі, бірақ адам өміріндегі ең қажетті мамандық болды. Әкесінің өзі хатшы болған, ал баласы осы қызметті қалауы тиіс, өйткені қоғамдағы қалыптасқан тәртіп – баласы әкесінің мамандығын үйреніп, оны жетілдіріп, күнкөріске айналдыруы керек. Ежелгі Вавилон дәуіріндегі негізгі құдайлардың бірі – “Энлил айтты” деген аңызда: “әкенің ісін баласы жалғастырғаны жөн, өйтпесе, ол ешқашанда абырой-атаққа ие болмайды. Міне, балам, құдайдың айтқан өсиетін орындау міндет”, – делінеді.

Демек, Таяу Шығыс жерiнде тұңғыш орнаған 300 жылдық Шумер мәдениетi оны өркениеттi ел ретiнде танытты. Содан кейiн, Шумер мәдениетi сақ аумағына ойысып, көне түрiк өркениетiнiң дамуына ықпалын тигiздi. Шумерлер тайпасы сақтардың азиялық тумасы б.з.д. 4-мыңжылдық соңында Тигр мен Евфрат алқабын игерiп, Қосөзенде Шумер мемлекетiнiң өркендеу кезеңiн басынан өткерді. Сөйтiп, шамамен олар жарты мың жыл өмiр сүрiп, үшінші мыңжылдықтың соңы мен екінші мыңжылдықтың басында Шумер мемлекетінің тiршiлiгi тығырыққатiрелдi. Өйткенi, Шумер мемлекетiнiң жан-жақтан қоршаған жаулары – Месопотамия территориясына басып кiрiп, өздерiнiң жаңа астанасын Вавилон қаласына орналастырды. Вавилон мемлекетiнiң өркендеуi шумер халқының саяси тәуелсiздiгiн жойып, шумерлiк өркениеттi түгелдей, яғни шумер жазуына, өнерiне, әдебиетiне, бiлiм жүйесiне, дiн ұстанымдарына шағын өзгерiстер енгiзе отырып, игерiп алды.

Жалпы айтқанда, шумерлер бiздiң заманымыздан бұрынғы 2500 жылдары Тигр және Евфрат өңiрiнде тiршiлiк жасап, соңында үздiксiз соғыс экономикасын, шаруашылығын төмендеткеннен кейiн Еуразия далаларына қоныс аударуға мәжбүр болғандықтан, олардың ұрпақтары сақтарға қосылып кеттi.

Ежелгі таяу және Қиыр Шығыс мемлекеттерінде тәрбие мен оқыту қалыптасу кезеңін бастан өткізді. Ежелгі Шығыс мәдениетіндегі қоғамдық құндылықтар жүйесінде адам ерекше орын алды. Сонымен, Қосөзендегі, Ежелгі Египеттегі, Үнді және Қытай секілді Ежелгі өркениет елдеріндегі мектепке төмендегідей сипаттама беруге болады (Кесте-2).

Кесте 2 - Ежелгі өркениет елдеріндегі мектеп

Р/с Елдердің аты Мектептерде сипаттама
1. Месопотамия (б.э.д. ІІІ-ІІ мыңжылдықта), Барлық Шығыс мәдениетінің көш басшысы, оның территориясында Ур, Урук, Лагаш сияқты ертедегі классикалық мемлекеттердің өркениеті өте жоғары болған Мектептерінде: ● барлық деңгейдегі хатшылар – эдубтер- тақта үйі, шумер және аккад тілдерінде оқу және жазуға даярлағанда олар тарих, география, геология, ботаника, математика, зоология, медицина, мифология, құқық және іс қағаздарын жүргізу, музыка, ән, әдебиеттерді оқып-үйренген. ● діни қызметкерлер- жазу, оқу, билер, музыка, әдеби сипаттағы жаттығулар. Көшіру, ақындық және діни мәтіндерді жаттау арқылы даярланды.  
2. Египет және Қосөзен (б.э.д. ІІ мың жылдықтың 2 жартысы б.э.д. І мың жылдықтың І жартысы) ● мектептегі білім беру орнына тәрбиесі аясында жеке оқыту келді; білім беру орталықтары храмдар бола бастады.  
3. Ежелгі Египет (б.э.д. ІІІ-ІІ мыңжылдық), Мектептері ● храмдар жанында: діни адамгершілік тәрбие, астрономия, математика, медицина ● фараон сарайы жанында: денелік және әскери жаттығулар, иероглифтерді оқу және жазу, мінез-құлық ережелері және сарай этикеті ● ірі мемлекеттік мекемелер жанында хатшылар даярлаған.   Элементарлық мектеп (5 жастан 12 жасқа дейін) оқу, жазу, арифметика және геометрия практикалық қолдану деңгейінде берілді. Кеңсе (12 жастан 16 жасқа дейін), атақтарды, географиялық атауларды, техникалық терминдерді, балықтардың, тастардың, өсімдіктердің атауларын жаттау. Жазудың әр түрлі типтерін және египет тілінің түрлерін меңгеру, айтысу өнері және ауызша, жазбаша этикет ережелерін білу
Үнді (б.э.д. І мыңжылдық), Білім берудің касталық жүйесі мектепке қабылдау- “екінші рет туылу” Мектептер ● брахмандардың жоғары касталары үшін (жрецтер) 6-12 жастан 22-24 жасқа дейін ● кшатрийлер үшін (әскерлер, биліктегілер) - өлеңдер мен әнұрандарды жаттау, философия, шешен сөйлеу, грамматика, әдебиет, математика, тарих, медицина, этика, билер, музыка. Сондай-ақ салықтар мен өтенімдерді жинайтындарды, казначейлерді даярлады. Вайшілер (саудагерлер, жер өңдеушілер, қолөнершілер) де оқи алды. Судрлар (тиісуге болмайтындар) білім алуға жіберілмеді. Б.э.д.VI-Vғғ. Буддизм пайда болды. Буддизм- адами ұмтылыстың ең жоғары мақсаты- жанның денеден ажырауы арқылы адам қанағаттануының ең жоғарғы күйіне жету деп түсіндірілді. Адамгершілік идеялар: туысқандық махаббат, қайырымдылық, тірілерді өлтіруге тыйым салу, ұрламау, ащыны ішпеу, өз бетінше қыдырмау т.б.
5. Қытай. Конфуцийге дейінгі кезең (б.э.д. IV мыңжылдық) Артықшылықпен пайдаланатын сөздік: жрецтер мен аристократия Аристократ ақ сүйектерді жазудың 6 түріне, оқуға, есептеудің 9 түріне, ауызша сөйлеу дағдыларына, өлеңдерді мәнерлеп оқуға шежірені оқып- үйренуге баулыды. Әскери дене тәрбиесі; садақпен атудың 5 түріне, дөңгелекпен жүрудің 5 түріне үйретілді. Жрецтік мектептер: космология, магия, музыка, би, жалпы білім беретін пәндер оқытылды.

Ерте кездегi Таяу Шығыс (Египет, Месопотамия, Сирия және Палестина) өркениет адамзат қоғамының даму тарихы мен мәдениетiне ерекше ықпал жасады.

Антикалық кезден бастап Шығыс пен Батыстың байланысуына және Батыс өркениетiнің қалыптасуына Шығыстың тигiзген әсерi орасан зор болды. Сол себептен де ертедегi Таяу Шығыстың білім беру практикасын тыңғылықты зерттеу дүние жүзi тарихи - педагогикалық үрдiстiң тұжырымдамасын жасауға негiз болды. Ертедегi Таяу Шығыстағы мемлекеттердiң экономикалық-шаруашылық өмiр тiршiлiгiнде б.з.д. II-I мыңжылдықта елеулi ілгерілеу байқалды. Осы кездерде мектептердiң пайда болып дамуы мемлекеттiң оған деген қажеттiлiктерiнен туындаған. Алғашқы кездерде Таяу Шығыстағы мемлекеттiк саяси жүйенiң қалыптасуына байланысты оның дамуына бiлiм ұйытқы құралы ретiнде қаралғандығын байқауға болады.

Ежелгi Египеттегi патшалық кезеңде (б.з.б. 2800-2250 ж.ж.) отбасының тәрбие дәстүрi негiзiнде шенеунiктердi даярлау формасы тұрақты қалыптаса бастады. Тәжiрибелi шенеунiктер даярлауда қабiлеттi басшы болуға лайықты деген жеткiншектерден топ құрып, олардың басқару дағдысымен, құжаттар толтыру iстерiмен таныстырып, адамгершiлiк және рухани құндылықтарын қалыптастырып отырған.

Әрине, жинаған шәкiрттерiнiң санына байланысты жетекшiлiк жасайтын шенеунiктiң абырой-атағы қандай деңгейде екендiгi байқалады. Ауқатты отбасылардың балалары таққа жақын ақсүйектердiң балаларымен бiрге фараон (Египет) сарайларында тәрбиелендi. Сарай жанындағы тәрбиеде дене және әскери жаттығулар (жүзу, садақ ату, қашыққа жүгiру, атқа жегiлген екi дөңгелектi арбаны игеру, т.б.) ерекше орын алған. Сонымен қатар, оқу мен жазуға оқушыларды үйретiп, мiнез-құлық ережелерiн сарайда ұстануға дағдыландырылды.

Орта патшалық дәуiрiнде шамамен б.д.б. 2050-1700 жылдары Египетте мемлекеттiк басқарудың қалыптасуымен байланысты бiлiмдi адамдар қажеттiлiгiне орай мектептер ашылып, оқушылар жасына және бiлiм деңгейлерiне қарай топтарға бөлiндi.

Орта және жаңа патшалықтардағы мектептерде оқитын кедей отбасы балалары да ұшырасады. Өйткенi, мемлекеттiк билiкке қызмет ету орындаушы мiндетiн атқаратын қолөнершi және кедей отбасы балаларынан шенеунiктер даярлау және олар мектепте оқығандары үшiн мемлекет алдында қарыздар болатын. Египеттегi жалпы бiлiм беру алдында тұрған мақсат - хатшы даярлау едi.

Қарапайым халықтар арасында хат танудың ерекше қолданыс табуы мемлекетте жүргiзген шаруашылықтарының сұранысынан және хатшы мен дiн қорғаушыға деген қажеттiліктен туындайды. Қыз балалар жазу, оқуға үйретiлмей, мектептерге тартылмады, бiрақ олардан бишiлер мен әншiлердi дайындау мақсатымен арнайы кәсiби мекемелер ашылды.

Ежелгi Египеттегi мектеп бiлiм жүйесi екi басқыштан тұрды.

Бiрiншi саты – элементарлық мектеп. Осындағы кiшi жастағы балалар оқу мен жазуды игергеннен кейiн, бiрнеше жылдардан соң тәжiрибе жинақтаған жеткiншектер шенеунiктерге “көмекшi” ретiнде қабылданып, олар балалармен жүргiзген жұмыстарын қорытып, iс-тәжiрибелерiн мектеп “Ережелерiне” енгiзiп оқу материалдары ретiнде пайдаланды.

Екiншi саты – ежелгi Египеттегi бiлiм берудiң жоғары сатысында арифметика мен геометрияға (жер ауданын есептеу, құрылыс материалдарының көлемiн анықтау, т.б.) ерекше көңiл бөлiнген. Аталған пәндердiң теориялық мәселелерiне назар аударудан гөрi, классикалық мәтiндердi, мысалдарды жаттау, практикада қолдану дағдыларын қалыптастыру мектеп жұмысының негiзi болып саналған. Сөйтiп, ежелгi Египет мектептерiнде алғашқы күндерден бастап математикаға ерекше көңiл бөлiнген.

Египетте отбасы тәрбиесiнiң ықпалы басым болған. Мектептерде мұғалiмдi “әке”, оқушыны “ұлым” деп есептеу тәжірбиеге енген.

Мұғалiм сөйлемдi дауыстап айтса, оқушылар оны бар дауыстарымен қайталаған соң, саз балшықтан жасалған ыдыс-аяққа немесе тақтаға жазып түсiрген. Содан кейiн, қателердi жөндеу, жазылған жазуды дауыстап оқу, оқу барысында оқушылардың тыныш отыруы талап етiлген. Ережелерде көрсетiлгендей “қолыңмен жаз, ауызша оқы” деген ұстанымдар мұғалiмдер тарапынан қайталанып отырылған.

Ежелгi Египет мектептерінде оқушыларды жазалау тәрбие беру құралы ретiнде қаралған. Кейбiр деректерге қарағанда, мектептерде дүре соғу, ұру орын алған. “Ұл баланың құлағы арқасында, тек ұрған кезде ғана тыңдайды” деген ата-аналар арасында түсiнiк қалыптасқан. Әрине, тәжірбиеде кездесетiндей, жазалау да кейде ешқандай пайда келтiрмейдi. Бiр мұғалiмнiң айтқанындай: “Егер де жазалаудың басқа түрi болса, ол өз нәтижесiн берсе, мен сендей оқушының жүрегiне жол тауып, ақыл қосар едiм. Сонда сенiң саусақтарың жазуға бейiмделiп, аузың оқудан нәр алған болар едi” деген.

Месопотамияда бiрiншi мыңжылдықтың бiрiншi жартысында патша билiгiнiң әлсiреуiне байланысты, жекеменшiктiң белсендi түрде дамуының барысында мектептегi жүйелi оқудан гөрi отбасы тәрбиесiнiң ықпалы күшейе түскен болатын. Египет те осыған ұқсас үрдiстi бастарынан өткiздi. Кейiнгi патшалық дәуiрiнде (б.з.д. XI-VI ғғ.) мемлекеттiк билiк ықпалының төмендеуiне орай жеке меншiктiк қарым-қатынастар өрбiп, отбасы тәрбиесiнiң ықпалы арта бастайды. Отбасы тәрбиесiнде әкесi баласына мамандық жайлы бiлiмдер бередi. Мәселен, Египетте осы құрметтелген хатшы мамандығы әкеден балаға, ұрпақтан ұрпаққа берiлiп отырылды.

Египетте дiнді жақтаушылардың ежелгі көп құдайға табынушылық дәстүрiн ұстанған ғибадатханалар бiлiм беру орталықтарына айналды.

Вавилон қалаларында сауаттылықтың жоғары деңгейге жеткендiгi сонша хатшылардың арқасында кедейлердiң – малшылардың, дихандардың, балықшылардың, тоқымашылардың көпшiлiгi сауаттанып шықты. Халық арасында сауаттылықтың көтерiлуiне жазуға арамей әлiппесiн енгiзу көп көмегiн тигiздi. Элефантин қаласынан табылған (б.з.д. V ғасыр) арамей тiлiндегi құжаттар әскери колонияның адамдары (арамей, иудей, т.б.) арасында да сауаттылықтың кең жайыла бастағанын аңғартады.

Египет шаруаларының бiразы сауатты болғандығын Египеттегi “Ақыл-кеңес” авторының: “Балаңды жазуға, жер жыртуға, аң аулауға, қапқан салуға, жыл мезгiлдерiн ескеруге үйрет” деп ақыл-кеңес бергендiгi дәлелдейдi.

Сонымен қатар, Египет мемлекетiнде Месопотамиядағы сияқты оқушы жастарды ежелгi мәдени салт-дәстүрлермен таныстыру дiн иелерi – абыздардың тiкелей қадағалауымен жүргiзiлген, оларға әдеби және ғылыми бiлiм беру iсi жүктелген. Дәрежесi жоғары дiн иелерi бiлiмдi өздерiнiң басты әлеуметтiк үстемдiгiнiң құралы ретiнде санаған.

Египетте медициналық бiлiмдi қалпына келтiруге ынталы болған парсы патшасы Дарий I (б.з.б. 522-486 ж. ж.) жоғары лауазымды Египет адамының бiрiне тапсырма берген. Ол Нейт құдайының храмы жанынан медициналық мектептi ашу туралы жазба түрде “бiрде-бiр кедей баласы оқуға алынбасын” деген нұсқау берген.

Египетте Рим үстемдiгiне дейiн (ж.ж.с. I-IV ғасырларда) дiн иелерi “Өмiр үйiн” (мектеп, кiтапхана, мұрағат) ұйымдастырып, өз балаларының бiлiм алуына мүмкiндiк жасаған. Грек тарихшысы Диодор Сицилийскийдiң (ж.ж.с. I ғ.) жазба деректерiнде Египеттiң дiн иелерi өз балаларына “қасиеттi” жазуды, геометрия, арифметика және астрономияны оқытқан. Египеттiң қалған балаларының көпшiлiгi отбасында немесе туған-туыстарының көмегiмен әке жолының мамандықтарын игерген. Қолөнершiлердiң балалары жалпы халықтық (демотикалық) тiлде оқу мен жазуға үйренумен шектелген, оларға арналған мектептерде спорт және музыка пәндерiне назар аудармағаны туралы деректер тарихшы Диодор жазбаларында берілген.

Диодордың айтуынша, мектептердегi бiлiм беру, жоғарғы топ (жрецтерге) және төменгi топ (қолөнершiлер) балаларын оқытудағы айырмашылық эллиндiк дәуiрде де сақталған, шаруалар мен қолөнершiлерге мамандық әкеден балаға берiлiп отырған. Таяу Шығыс өркениетiне байланысты материалдарды талдау бұл тұста оқыту әдiстерi мен тәрбиелеудiң жаңа нышандары пайда бола бастағанын көрсетедi, бiлiм беру практикасында оқушының жеке тұлғасына ықпал жасауға, оның оқуға деген ынтасын, ықыласын дамытда сезiледi. Оқу үрдiсiнде оқушылардың белсендiлiгi жоғары бағаланған. Эллин заманындағы папирус қабығына жазылған жазуда оқушы әкесiнiң бiрi: “Құрметтi төрешi, менiң балам түсiнбеген оқуын сұрайды, өйткенi, оқудың нәтижесi болмаған болар, баланың еркiн қиюға болмас” деп ойын бiлдiрген. Египет педагогтары эллин кезеңiнде дәстүрлi қатал талап қойып оқыту әдiсiн жиi пайдаланған: “Марапаттау мен таяқ ақылшының қолындағы салмағы тең құрал” деген мәтел бұған нақты дәлел бола алады.

Оқушыны жазалау өзiн ақтайтын тәрбие құралы деп санаумен қатар, баланың iшкi жан дүниесiне ықпал жасау бiрiншi орынға қойылған. Адам мiнез-құлқының адамгершiлiк қасиеттерiнiң қалыптасуы, содан бастау алатындығы жайлы ежелгi жазба ескерткiш: “Құдай тентек баланы тәрбиелеу үшiн жер жүзiнде таяқты жаратты, ал ақылды балаға арды бердi. Ол алдына келген қастықтан бойын аулақ ұстайды. Бала өзiн сақтыққа бейiмдеп, ақылға мойын бұрса, қатты жазалауға ұрынбайды”,-деп түйiндейдi.

Ежелгi Иранда отбасы тәрбиесi басым болды, бұл тәрбие қаталдығымен өзгешеленеді. Баланы жетi жасқа дейiн ата-анасы ерекше құрметтеп, оның талабын орындаттырған. Одан кейiн бала әке-шешелерiнiң тiлiн алмаса, яғни, олардың талап-тiлектерiн үш рет орындамаған жағдайда баласын өлтiрiп тастауға құқылы болған. Өйткенi мұндайда баланы жын-шайтан билеп алған, ендi ол өмiрден өз орнын таба алмайды, сондықтан өлтiру одан ерте құтылудын жолы дегендей түсiнiк орын алған.

Мектептерде оқуға жетi жастан бастап қабылданып, алғашқы бiлiм алу Авестадағы қасиеттi кiтаптар жинағындағы дiн негiзiндегi адамгершiлiк нақылдарды оқудан басталған. Оқушылар саз балшықтан жасалған тақтаға таяқшамен сүрiп жазып, жазу дағдыларына үйретiлген. Мектептi аяқтағанда оқушылар әскери және шенеунiк дайындықтарынан өткен соң дiн қорғаушы мамандығын игерулерi тиiс болған.

Ал, Бен-Сира (Палестина б.з.б. II ғ.) иудей тiлiндегi кiтапшасында практикалық өмiрден туындаған тәжiрибенi бiлiмнiң құрамдас бiр бөлiгi ретiнде санайды. Ақылдылықты iздейтiн адам билiкте қызмет жасап тәжiрибе жинақтайды және басқа елдерге саяхат жасау барысында адамдар арасындағы мейiрiмдiлiк және қастандық қатынастарынан қорытынды жасайды. Шенеунiк мұратына жеткiзу Таяу Шығыстағы бiлiм берудiң басты мақсатының бiрi ретiнде саналған. Эллин дәуiрiнде де шенеунiк өмiр жолын, тiршiлiгiн, адамдармен қарым-қатынасын оқыту, үйрету сол қалпында сақталып қалғандығын оны Бен-Сираның “философиялық тұрғыдан” негiздеуге тырысқандығынан да байқауға болады. Оның көзқарасы бойынша шенеунiк адамдағы ақылдылықты жетiлдiрудiң басты шарты болып табылады, адамның бос уақытын үнемдеп, көп жетiстiкке жетуге өзiн даярлауға, дамытуға тәрбиелейдi.

Қолөнершiлер мен шаруалардың бiлiмдерi, Бен-Сираның пiкiрiнше, практикалық тұйықтығымен сипатталынады: “Олар өздерiнiң қол күшiне сенедi, бейiмiне қарай өз iсiнiң шеберлерi” деген мiнездеме бередi. Олардың қажымай-талмай жасаған еңбектерi адамдар қоғамына қажет, бiрақ Бен-Сираның топшылауынша кедейлердiң балалары және олардың әкелерi ақыл-парасатты ұғынуға қабiлетсiз, дүние мен қоғамдағы құбылыстарды толық қабылдай алмайды делiнедi.

Сонымен бiлiм саласындағы кейбiр өзгерiстер ежелгi Таяу Шығыс қоғамының әлеуметтiк эволюциялық жолмен дамығандығын көрсетедi. Б.з.д. екiншi мыңжылдықта Египет пен Месопотамиядағы ескi мәдени-тарихи негiздегi экономикалық-саяси және мәдени даму көршiлес елдер Сирия, Палестина және Финикияға ықпал жасаған. Сирия, Палестина аумағы Египет пен Месопотамия өркениетiнiң қиылысында орналасқандықтан, ұзақ жылдар бойы олардың әсерi болғандығы анық. Италия археологтары тапқан жәдiгерлерi Сирияның Эбле қаласында мемлекеттiк басқару жүйесiнде – бұл әсердiң елеулi болғандығын көрсетедi. Патша әкiмшiлiгiнiң қызметiн анықтайтын сансыз құжаттарды (Эбле мұрағатында он мыңдаған құжаттар бар) толтыру хатшылардың қолынан өткенiн көрсетедi. Түптеп келгенде, Эбледе (б.з.д. екiншi мыңжылдықтың екiншi жартысы) мектеп тақталарына жазылған суреттер, жазулар, шумер және аккад тiлдерiндегi грамматикалық жаттығулар, сөздiктер, оларды тексерген мұғалiмнiң қойған қолы ұшырасады. Мұндай материалдар Сирияның басқа қалаларынан, соның бiрi Угарит қаласынан да (б.з.д. бiрiншi мыңжылдық) табылған. Содан кейiнгi б.з.д. екiншi мыңжылдықта Сирия мен Финикиядан табылған 29 жүйелi әрiптерден кейiн, мектеп практикасында 22 белгi-әрiптер пайдаланылды. Соның арқасында жазу үрдiсi жеңiлдеп, жазу мен оқуға талаптанушылар саны көбейiп, бiлiм алу ауқымы кеңейе түскен.

Палестина мемлекетiнiң эллиндiк ықпалға қарсылық көрсетуiнiң басты себебi дiни ұстанымдардың ішкі қайшылығында болды. Эллиндiк бiлiм беру мектептерiнiң дербестiгi храмдық қауымдастықтардың дәстүрлi жеке билiгiн ескермейтiн болды, оның үстiне қарапайым халық пен билiк басындағы адамдар арасындағы қайшылықты күшейттi, екi мәдениеттiң бiр-бiрiне қарсы тұруына жағдай жасады. Эллиндiктерге және оны қолдаушы Сирия патшасы Антиоха IV Эпифаннаға қарсы Маккавей көтерiлiсi (б.з.д. 166 ж.) басталып, 20 жылға созылған көтерiлiстiң ақырында елдiң тәуелсiздiк алуына қол жеткiздi. Сөйтiп, Палестинада эллиндiк тәрбиенiң ошағы жойылды.

Мектептегi оқытуда оқу материалдары төңiрегiнде пiкiр-талас туғызу, мұғалiм мен оқушылар күнделiктi өмiр-тiршiлiк жайлы өзара әңгiмелесу әдiстерi мұғалiм тарапынан дидактикалық сипат алып, оқу үрдiсiнiң маңызды бiр құрылымы ретiнде қаралып, бұл ұстаным мектеп практикасына толықтай енген.

Жоғары сатыдағы оқу ауызша жүргiзiлген, өйткенi өкiм шығару және оның мазмұны тек ауызша баяндалған, оларды жазбаша қалдыруға рұқсат берiлмеген. Соттың шешiмдерi, пiкiрталас тудыратын мәселелер ауызша айтылып, бiрiнен-екiншiсiне ауызша таратылған.

Сонымен Ежелгi Шығысқа тән бiлiм берудегi дәстүрлі оқыту әдiстерi көпке дейiн сол қалпында сақталып, одан әрi жетiлдiрiле түскен. Оқушыларға бiлiм беру түгелдей ауызша баяндаумен шектелген жоқ, дәстүрлi оқытуда шығармашылық жазу элементтерi де орын алған.

Әрбiр мұғалiм мазмұнына қарай топталған аңыздарды, белгiлi авторлардың шығармаларын дидактикалық сипатына қарай жүйелеп, оқушыларға оқыту әдiстерiн (әңгiмелесу, сұрақ-жауап, т.б.) қолдана отырып ауызша баяндайды. Ал оқушылар болса өз сезiмдерiне, қабiлеттерiне қарай аңыздардан өзiне керегiн таңдап алып отырған.

Қытайда б.з.д. бiрінші мыңжылдықтың ортасында педагогикалық бiлiмнiң көлемi арта түскен. Ежелгi Қытай қоғамы шаруашылығының бұл тұста дағдарысқа ұшырауы бала тәрбиелеуге деген ықыластың артуына ұйытқы болған. Себебi қоғамның тұрмыс-тiршiлiгiн жөнге келтiрудегi таптырмайтын құралдың бiрi – бiлiм деп саналды. Сондықтан балаларды тәрбиелеуде рухани iзденiстiң ұстайтын бағыты – оқытуда және тәрбиелеуде үлгi тұтуға болатын құбылыстар мен материалдарды мектептерде жүйемен беруге бағдар алу талап етiлдi.

Отбасында, мектептердегi тәрбие үрдiсiнiң деңгейiн көтеру, оның мәнiн, заңдылықтарын ашу жолында Конфуций ерекше тер төктi.

Ежелгi Қытайдағы мыңдаған жылдардағы тәрбие дәстүрлерiн және өзiнiң жеке меншiктi мектебiндегi педагогикалық тәжiрибесiн талдай келiп, Конфуций адамның мiнез-құлқын жөндеу, оны ақыл-ой жағынан кемелденген қоғамдық тәрбиенiң басты мұраты деп белгiлейдi. Конфуцийдiң этикалық-саяси iлiмiн зерттеушi Л.С.Переломовтың пiкiрiнше, Конфуций адамның табиғи қасиетiн қалыптастыру, яғни мемлекеттiң, қоғамның үлгiсiне сай тәрбиелеу үшiн алдымен адамның табиғатын бағдарлап алып, содан кейiн белгiлi бағытта оған нәтижелi ықпал жасау қажет деп есептеген.

Адамның табиғи ұмтылысын iске асыруға жағдайлар жасау, оның мұратқа жетуге өзiнен-өзi талпынып, дамуына мүмкiндiк туғызады. Конфуций әлеуметтiк-саяси iлiмiнде “Дао” ұғымын қолданған, оның мәндiк мағынасы: “адамды шындыққа, адалдыққа бағыттай басқару, мақсатты ықпал жасап тәрбиелеуде “Дао”- ны меңгеру, бұл адалдыққа, шындыққа, мақсаттылыққа, талаптылыққа апаратын басты жол” деп санаған.

Конфуций дәлелдегендей, адамдар табиғаты бiр-бiрiне жақын, бiрақ әдет-дағдылары мен мiнез-құлықтары жағынан айырмашылықтары бар. Ал, адамдардың мiнез-құлықтарындағы айырмашылықтарға тәрбиелiк тұрғыдан ықпал жасағанда, барлығына бiрдей бiркелкi тәрбиелiк iс-шаралар жүргiзiлуi керек.

Сонда да болса кей адам өз қабiлетiне қарай “Дао” ұстанымын толықтай игерсе, кейбiреулерi “Дао” адамгершiлiк нормаларын бойларына қалыптастыра алмайды. Конфуций адамдарды бiлiмдiлiгiне (даналығы), бiлiмдi алғаны мен қолданудағы жеткiлiксiздiгiне, бiлiмдi игеруге қабiлетсiздiгiне қарай адамдарды төрт санатқа бөлген. Бiрiншi санатқа ерекше ақылдылығымен, даналылығымен бiлiмдi менгерген және тыңдаушыларына жүйелей жеткiзе алатындар кіреді. Бұл қасиет аспанның құдiретiнен жаралған. Екiншi санаттағы адамдар тиянақты оқу, iздену арқылы бiлiмдi игеретiндер: бұлар жетi терiн төгiп, еңбегi арқылы бiлiм алатын аспан балалары туа бiткен ақылдылығымен мiнезделедi. Үшiншi санатқа жататындар оқудың қиындығына қарамай оқиды. Төртiншi санатқа кiретiндер оқуды қиындық көретiн бiлiм алуға қабiлетсiз адамдар деп бөлген.

Конфуцийдің айтуынша, соңғы санатқа жататын адамдар оқудан қиындық көрген соң оқуды жалғастырмайды, яғни, олардың оқуға бейiмi болғанымен, ынтасы жоқ немесе тiптен оқығысы келмейтiн жандар.

Конфуций адамдарды төрт санатқа бөлудегi алдына қойған дравидтiк-арилiк дәуiрде тәрбие мен оқытуда, әрбiр оқушы өзiнiң адамгершiлiк ақыл-ой және дене күштер мен қасиеттерiн дамытулары тиiс. Мәселен, брахмандар интеллектiлiк қабiлеттерiн дамытса, кшатрлар - күшi мен жау жүректiлiгiн, вайшылар - еңбексүйгiштiк пен төзiмдiлiгiн, шудлер - бағыныштылығын тәрбиелеген.

Осы типтес идеалдық тәрбиелер үндiстердiң ертедегi эпостарында да ұшырасады. “Бхагават – пуран” аңызында құдайшыл және ақыл-парасатты Кришна бейнесі арқылы үндiарилық тәрбиенiң үлгiлерi берiлген. Эпикалық патша - әскери және шопан - қатар-құрбыларымен ойын-сауықта және еңбекте бiрге ойнап, бiрге еңбектенiп өседi.

Идеалдық тәрбие алған Рамаға ерте үндiлердiң “Махабхарата” эпосы кейiпкерiнiң адами қасиетi бiлiмдiлiгiне, ақыл-ойына, күштiлiгi мен ерлiгiне ешқандай адам сәйкес келмейдi. Ол адамдармен қарым-қатынастарында адал, үлкен-кiшiнi сыйлай бiлетiн, бос уақытында әскери өнермен айналысатын, заңдар мен салт-дәстүрлердi ұстайтын, шешендiк өнердi игерген, толық қалыптасқан адам ретiнде саналады. Сонымен қатар қасиеттi және оқу құралы мiндетiн атқарған “Бхагавадгит” кiтабында оқушыларды тәрбиелеу мен бiлiм берудiң мазмұндары мен жолдары анықталған Ұстаз бейнесінде құдайшыл Кришна болса, оқушы бейнесінде – патшаның баласы Арджун алынған. Қиындық жағдайға ұшыраған Арджун ұстазы Кришнадан кеңес сұрап, танымның бiр сатысынан екiншi сатысына көтерiлiп, бiлiмiн толықтырды. Бiлiм алудың алгоритмдiк жолы, мұғалiм жаңа бiлiмдi түсiндiредi, содан кейiн көлемдi бiлiм материалдарын бөлшектеп ұғындырады. Кришна Арджунның алдына айқын мақсаттар қойып, оны өздiгiнен бiлiм алуға ынталандырып, оқудың әдiс-тәсiлдерiмен қаруландырады.

Үндістанда б.з.д. бiрiншi мыңжылдықтың орта шенiнде отбасы – қоғамдық тәрбие дәстүрi қалыптасып, жоғары үш кастаның балаларын есею рәсiмiнен өткеннен кейiн мектепке қабылдайтын. Брахман баласы 8 жаста, кшатр 11 жаста, вайшы 12 жастан бастап бiр-бiрiнен айырмашылығы бар бағдарламалармен оқытылды.

Мысалы, Брахман оқушылары толық бiлiм алу бағдарламасымен оқыса, кшатрлар әскери өнерге, вайшылар ауылшаруашылық жұмыстар мен қолөнерге бағдарланған толық емес бағдарламалармен оқыды. Оқу мезгiлi сегiз жылдан аспай, оқығандарын ауызша айтып беру, оқу мен жазуға үйретiлдi. Толық бағдарламамен оқыған брахман балалары поэзия мен әдебиет, грамматика мен философия, математика, астрономия пәндерiнен сабақтар алды. Мұғалiмнiң үйiндегi оқу отбасылық қарым-қатынас түрiнде ұйымдастырылып, оқушылар мұғалiмнiң отбасы мүшесi ретiнде есептелiп, отбасыаралық қарым-қатынастар ережесiне дағдыланды.

Бiрiншi мыңжылдықтың ортасында (б.з.д.) ежелгi үндi өркениетiнде жаңа дәуiр басталды. Үндi мемлекетiнiң экономикалық, рухани өмiрлерiндегi өзгерiстер тәрбие мен оқытуға ықпалын тигiздi. Жаңа дiн – буддизм ежелгi үндi халықтарының өмiр-тiршiлiктерiне ауқымды өзгерiстер әкелдi.

Буддистiк оқу дәстүрiнiң басында Будда немесе Шакия - Муни (б.з.д. 623-544 ж.ж.) тұрды. Ол жоғары рухани жетiстiкке жеткен тұлға, буддизм касталардың теңсiздiк ұстанымын жоққа шығарып, адам дүниеге келгенде бiрдей болып келедi, олай болса адам тең құқықты, сол себептен буддистiк қауымдастыққа әрбiр адамды ниетiне қарай қабылдаған.

Буддистiк iлiм бойынша тәрбиенiң басты мақсаты – адам жанын жетiлдiру, өзiн-өзi танып, өзiн-өзi дамытуға тиiс. Буддистiк дәуiрде оқу бағдарламаларына өзгерiстер енгiзiлiп, грамматикаға ерекше көңiл бөлiндi. Сол кездерде ежелгi үндi елiнде буынды әлiппе - брахми мектептерге енгiзiлiп, әлiппе – буынды жазу бiлiм сапасын көтерген. Элементарлық бiлiмдер дiни мектептерде және зайырлы оқу орындарында берiлдi. Дiни мектептерде бiлiм сословиелiк сипатта болса, зайырлы мектептерде оқушыларды кастасына, дiнiне қарамай оқытатын.

Кейбiр буддистiк монастырларда жоғары деңгейдегi философиялық ежелгi трактаттар, математика, дәрiгерлiк бiлiмдер берiлген.

Наши рекомендации