Жазбаша сӨйлеу тілініҢ бҰзылуы 4 страница
И. В. Прищепова өзінің зерттеу жұмысында ЖСТД балаларда дизорфография көптеген сөзсіз психикалық процестердің: сөзді естіп есте сақтау, зейін, ырғақтылық, түйсігінің және талдау, жинақтау, салыстыру, топтастыру операцияларының жетілмейтінінің салдарынан болады деп дәлелдейді. И. А. Денисова өзінің зерттеуінде ЖСТД балаларының дизорфографиясын алдын алу, түзету жұмысын ұйымдастыруды қарастырады.
Сонымен, қазіргі кезеңде жазуды зерттеу барысындағы өзекті мәселенің бірі дизорфография мәселесі болып саналады және ол мәселе өз бетінше бөлек бағытта қарастырылып толық зертеуді талап етеді.
А. Н. Корнев дизорфографияға мынандай анықтама береді: «Қажетті ережелерді білуіне қарамастан, орфографиялық дағдыларды қалыптасып, меңгере алмаудың салдарынан жазуда байқалатын тұрақты, ерекше қателердің түрлерін дизорфография деп атауға болады». Р. И. Лалаеваның анықтамасы «Дизорфография әр түрлі қателермен сипатталатын орфографиялық морфологиялық және дәстүрлі принциптерін менгеру мен пайдаланудың тұрақты және ерекше бұзылуы». Негізгі қиыншылықтар – балалар керек орфограмманы жаза алмайды және орфографиялық тапсырмаларды орындай алмайды. Орфографиялық талдау сөздің морфологиялық құрылымын талдау, жеткілікті сөз қорын, грамматикалық белгілеріне сәйкес тексеруге керек сөздерді табуды талап етеді.
В. В. Комарова, Л. Г. Милостивенко, Г. М. Сумченколардың тәжірибелерінде дизорфографиясы бар балалар түбірлес сөздерді табуды қиыншылыққа кездесетінін айтады.
Сонымен А. Н. Корневтің кейінгі зерттеулерінде де дизорфографилық қателердің тұрақтыланып кездесу, пайда болу себептеріне орфографиялық дағдылардың қалыптасуының алғы шарттарының дамымауы болып есептеледі деген деректер кездеседі. Оларға: фонематикалық, морфемдік, морфологиялық түсініктерінің және сөзсіз психикалық процестерінің жеткіліксіз дамуы жатады. Кейбір зерттеулерде (О. В. Елецкая) жалпы мектептің орта және жоғарғы сынып оқушыларында дизорфография анамнезінде ЖСТД, ФФЖ, ФЖ, дисграфия, дислалия (бастауыш сыныпта) әр түрлі неврологиялық симптомдары бар балалардың көбінде:
- сөзді естіп есте сақтау;
- әріптерді тану;
- диагностикалық процестерінің бұзылуы;
- сөздің ырғақтылығының бұзылуы;
- сөйлеу тілінің лексикалық-грамматикалық жағының бұзылуы кездеседі.
Дизорфографияның белгілері
Дизорфографиясы бар балаларда грамматикалық ұғымдарды қабылдап түсінуі қиындық туғызады. Мысалы, ондай балалар «дыбыс», «буын», «сөз», т.б. ұғымдарды есте сақтай алмайды немесе шатастырады. Олар өз бетімен орфограмманың мазмұнын айтып, қортынды жасай алмайды. Өтілген орфограммаларға дұрыс мысал келтіру, тексеруге керек сөздерді табу қиындық туғызады. Тексеруге пайдаланатын түбірлес сөздердің орнына көбінесе айтылуы ұқсас сөздерді айтады. Балалар «тексеру» сөздер неліктен түбірлес болу керек екенін дәлелдей алмайды.
Морфологиялық принцип бойынша орфограммаларды меңгеру морфемнің (жалғау, жұрнақ) лексикалық, грамматикалық мағынасын ажыратуын, сөз тіркестеріндегі, сөйлемдегі байланыстарын бақылау және синтаксистік қортындылау дағдыларының толық қалыптасуын талап етеді. Дизорфографиясы бар оқушылар көбінесе бастауыш пен баяндауыш, баяндауыш пен толықтауыш т.б. арасындағы байланыстарды табуда, қателер жібереді. Сонымен қатар тасымалға да көп қате жібереді. Оған тән қателер: бір әріпті тасымалдау, жалғау, жұрнақтарды түбірден ажыратпай тасымалдау ( мектепт-ен) мұндай қателердің жиі кездесуі оқушылардың есте сақтау қабілетінің төмен деңгейде екенін көрсетеді. Сөйлеу тілінде ауытқуы бар оқушылар логопедтің айтқан сөздерін тез ұмытып қалады, орфограммалардың анықтамаларын айта алмайды, орфографиялық сөздікті пайдалана алмайды.
Дизорфография
морфологиялық | синтаксистік |
Морфологиялық талдау қалыптаспаған. Түбірлес сөздерді табу қиындыққа соғады. Емлелерді біле тұра орфографиялық дағдыларды меңгере алмайды. Зейінді ерікті ұстауы, таралуы, естіп есте сақтауы жеткіліксіз. Қысқа сөздерде, ұзын сөзге қарағанда қателер сирек кездеседі. Жатқа жазуда, буындап айтқанда қателер азаяды, тұтас фразаны жатқа айтқанда қателер көбейеді | Жазудағы синтаксистік емлені, яғни пунктуацияны меңгеру қабілеті өте төмен. |
Баланың психикалық дамуының кешеуілдеуінің, зиятының бұзылуы, педагогикалық қараусыз қалу салдарынан жазудың бұзылуын автор ерекше
спецификалық, яғни дисграфиялық қателерге жатқызбайды.
И. Н. Садовникованың айтуынша, бұл «жалған дисграфия» деп аталады.
Жазбаша сөйлеу тілінің бұзылуын түзету логопедиялық жұмысының әдістемесі
Оқу мен жазудың бұзылу механизмдері көптеген жағдайда ұқсас болады, сондықтан логопедиялық-түзету жұмыстарының бағыттары бірдей келеді. Қазіргі кезеңдегі зерттеулерде жазудағы, оқудағы ерекше қателердің тұрақты кездесуіне, жалпы жазу, оқу дағдыларының қалыптасуына олардың функционалды базистерінің әсері зор деп есептеледі, ерекше көңіл бөледі. Жазу мен оқу дағдыларының қалыптасуына қажетті алғы шарттарын дамытуға бағытталған жұмыс түрлерін қарастырайық.
Кеңістікті бағдарлауын қалыптастыру
Кеңістік пен уақыттың кезектілігін анықтауға арналған жаттығулар сөздің дыбыстық, буындық және морфемдік құрылымын талдауға негіз болады. Сонымен қатар уақыт туралы ұғымдарын дамыту сөз қырын белсендетуге және етістіктің шарттарын түсінуге ықпалын тигізеді.
Кеңістікті бағдарлау жұмысы өзара тығыз байланысты екі бағытта жүргізіледі:
- өз денесін бағдарлау, оң сол дене мүшелерін ажырату;
- қоршаған кеңістікті бағдарлау;
Қоршаған кеңістікті бағдарлау жұмысын жүргізу барысында онтогенезде кеңістікті қабылдау және түсінігін ескеру қажет. Алдымен бала оң-сол қолын білуі қажет, соның негізінде дене мүшелерінің оң солын айыра бастайды.
Көріп талдау және жинақтауын дамыту
Бұл бағыттағы жұмыс кеңістікті бағдарлауын, әсіресе әріптің графикалық элементтерінің кеңістікте орналасуы, әріптердің ұқсас және айырмашылығын анықтаумен тығыз байланыста жүргізіледі.
Баланың сукцессивті қабілетін дамыту
Сукцессивті қабілеттін дамытуға арналған жаттығулар қимыл, кеңістік, уақыт, сөйлеу кезектілігін есте сақтап, жоспарлап іс жүзінде іске асыруға бағытталады.
Фонетикалық деңгейдегі түзету жұмысы
Фонетикалық деңгейдегі жұмыс екі бағытта жүргізіледі:
- сөздің дыбыстық құрамын талдау (жай түрінен күрделіге қарай)
- фонетикалық қабылдауын, яғни ұқсас фонемаларды ажырату.
Балалардың фонематикалық түсінігі (қабілеті) фонемалардың әр түрлі нұсқаларын бақылап, оларды өзара салыстырып, талдап, қортындылау нәтижесінде қалыптасады. Фонематикалық түсінігінің қалыптасуына артикуляциялық кинестезияның маңызы зор. Сондықтан артикуляциялық аппараттың жұмысына алғашқы сабақтан бастап балалардың зейінін, көңілін аудару керек. Сабақтың бастапқы кезеңінде алдыңғы қатардағы дауысты дыбыстар және айтылуы сирек бұзылатын дауыссыз дыбыстар (П,М,Н,Ф,Т,К ...) өтіледі. Бұл кезеңде артикуляцияның сиппаттамасына терең тоқталмай, оның негізгі белгілеріге ғана тоқталған жөн.
Дыбыстарды ажыратуын анықтау, бекітуге бағытталған логопедиялық
жұмыс әр түрлі анализаторға (сөйлеу, есту, қимыл, көру т.б.) сүйене отырып жүргізіледі.
Шатастыратын дыбыстарды ажырату жұмысы екі кезеңнен тұрады:
- алғашқы кезең;
- шатастыратын дыбыстарды естігенде айтқанда ажырату.
Бірінші кезеңде шатастыратын дыбыстардың әрқайсысының айтылуы мен естілуі жеке анықталады. Ол жұмыс мынандай кезектілікпен жүргізіледі: көру, есту, сезіну анализаторларына сүйене отырып дыбыстық артикуляциясы мен дыбысталуын анықтау; оның буындағы орнын анықтау; сөздегі орнын анықтау (сөздің басында, ортасында, аяғында); сөздегі дыбысты, оның орнын анықтау; қандай дыбыстың алдында, қандай дыбыстан кейін естілуін анықтау; дыбыстың сөйлемдегі, текстегі орнын анықтау.
Екінші кезең шатастыратын дыбыстарды қатар айтылуы мен естілуін салыстыру. Ажырату жұмысы жоғарыда көрсетілген кезектілікпен жүргізіледі. Бірақ негізгі жұмыстың мақсаты ажырату болғандықтан сөздік материалдар шатасатын дыбыстарды бірдей қамту керек. Түзету жұмыс барысында дыбыстарды ажыратуын бекітетін жазбаша жаттығулар ерекше орын алады. Дисграфияны түзету жұмысының алдында міндетті түрде дыбыс айту кемшіліктерін түзету қажет.
Әдетте дыбыс айтуын түзету жеке логопедиялық сабақ барысында жүргізіледі, содан скейін дисграфия тобының сабағына қатысады. Түзету жұмысының барлық кезеңінде балалардың танымдық процестерін, сөз қорын, грамматикалық құрылымын дамытуға бағытталған жұмыс түрлері қарастырылады.
Акустикалық -- артикуляциялық ұқсас дыбыстарды ажырату
Бұл бағыттағы жұмысты алдымен ұқсас дауысты дыбыстардан бастап, содан кейін ұқсас дауыссыз (қатаң, ұяң) дыбыстармен жалғастыру керек. Жұмыс барысында кейбір төмендегі тәсілдерді пайдалануға болады.
Кинетикалық ұқсас әріптерді ажырату
Кинетикалық ұқсас әріптерді ажырату жұмысы сурет, геометриялық фигура, музыкалармен іс-әрекет жасай отырып көріп-қабылдауын, кеңістікті бағдарлауын анықтаудан басталады. Жұмыс барысында бейнелер мен әріптердің құрылымын, олардың ұқсас және айырмашылығын көріп талдауын, жинақтауын дамытуға бағытталған жаттығулар кең пайдаланды. Бұл бағыттағы қолданылатын барлық жаттығулардың негізгі мақсаты фонема-артикулема – графема-кинеманың арасындағы байланысты бекіту. Дұрыстығын бақылау үшін барлық төрт анализатор іске қосылады.
Фонематикалық талдау және жинақтауын дамыту
Фонематикалық талдау, жинақтауға дыбыстық талдаудың қарапайым және күрделі түрі жатады. В. К. Орфинскаяның мәліметтері бойынша дыбыстық талдаудың қарапайым түрі тек арнайы оқыту барысында дамиды. Талдау, жинақтау дағдылары белгілі кезектілікпен жүргізіледі.
Фонетикалық талдаудың күрделі түрін дамыту
Дыбыстық талдаудың күрделі түріне сөз құрамындағы фонемалардың кезектілігін, оның санын, басқа дыбысқа қатысты орнын анықтау жатады. 2-3 дауыстыдан тұратын қатары, дауысты, дауыссыздардан тұратын қатарға қарағанда жеңіл талданады. Сондықтан фонематикалық талдау, жинақтауды қалыптастыруды алдымен тек дауысты дыбыстар қатарынан (ау, уа) бастап, кейін (ум, на) содан соң бір-екі, одан да көп буынды сөздерге көшкен тиімді.
Фонематикалық талдаудың күрделі түрін қалыптастыру барысында, мынаны ескерген жөн. Кез келген ойлау іс-әрекеті даму барысында бірнеше кезеңнен өтеді: материализация негізінде іс-әрекетті игеру, сөйлеу негізінде, ойлау негізінде ( П. Я Гальперин бойынша)
I кезең - көмекші тәсіл мен іс-әрекетке сүйене отырып, фонематикалық талдау мен жинақтауын қалыптастыру. Алғашқы жұмыс барысында текше (фишка), сөздік графикалық схемалар сияқты көмекші тәсілдер қолданады.
II кезең - фонематикалық талдауды сөйлеу негізінде қалыптастыру. Сөз айтылады, бірінші, екінші, үшінші, т.б. дыбыстар анықталады, дыбыс саны анықталады. Қойылған сұрақтар арқылы сөздің дыбыстық құрамы талданады. Мысалы: «тал» сөзінде бірінші дыбыс қандай? Екінші, үшінші дыбыс қандай? Барлығы неше дыбыс? Неше дауысты дыбыс? т.б.
III кезең - ойлау негізінде фонематикалық талдауын қалыптастыру. Оқушы сөзді атамай, естімей яғни елестету негізінде сөз құрамындағы дыбыстың санын және кезектілігін анықтайды.
Буындық талдау мен жинақтауын дамыту
Буындық талдауды дамыту процесінде сөздегі дауысты дыбысты анықтауға және буынға бөлудің негізгі ережесін (сөзде қанша дауысты дыбыс болса сонша буын болады) меңгеруге көңіл бөлу керек.
Алдымен дауысты дыбыстың буындағы, сосын бір буынды сөздердегі орнын анықтайды ( басында, ортасында, соңында) белгілейді. Ол үшін әр түрлі тәсілдер пайдаланады, текшемен, дөңгелекпнен, түсті «қағаздармен белгілеу сияқты.
О________ , О__________ , О _________ ,
Жұмыс барысында төмендегідей тапсырмаларды қолдану тиімді:
● сөздегі дауысты дыбыстарды жазу.
. ( қора – о – а)
● буындық құрамына байланысты суреттерді іріктеу немесе цифрді көрсету.
● суретті пайдаланып сөздің түсіп қалған буынын табу:
ба – пан, бал -, - шина
● суреттегі заттардың атын атап, бірінші буынын бөліп сөз (сөйлем құрау). Мысалы: « сабын » « қалам » (сақс)
● ретсіз берілген буындардан сөз құрау ( қу, шаң, ыр; ла, ба, пан)
● сөйлемнен белгілі буынды сөздерді табу (2-3 буынды сөздер)
Сөз деңгейіндегі түзету жұмысы
Бұл деңгейдегі түзету жұмысының негізгі міндеттері:
1. жаңа сөздерді, олардың мағынасын меңгеру негізінде сөз қорын молайту;
2. сөз қорын сапалы молайту (сөздің, сөз мағынасын, астарын түсіну негізінде).
3. сөз қорын дөрекі, жаргонды сөздерден тазарту.
Бұл кезеңде оқушылар сөзді буындық және морфемдік талдауға, жинақтауға, сөздің мағынасын, синонимін, антонимін және амоним сөздерді бақылауға жаттығады.
Түзету жұмысы мынандай бағыттарда жүргізіледі:
- оқушылардың белсенді сөз қорын тексеру;
- сөз қорын анықтауға және байыту (синоним, антоним, амоним, жаңа сөздер пайдалану арқылы);
- сөздің буындық құрамын талдау және жинақтау;
- буын түрлері (ашық, жабық);
- екпін;
- сөз құрамы (сөз түбірі, түбірлес сөздер, күрделі сөздер, жалғау, жұрнақтау).
Лексикалық деңгейде қолданылатын кейбір жұмыс тәсілдеріне тоқталайық.
|
Синтаксистік деңгейдегі түзету жұмысы
Бұл деңгейдегі түзету жұмысының негізгі бағыттары:
1. Оқушылардың сөйлеу тіліндегі кездесетін қате тіркестерін түзету, сақтандыру, саналы түрде сөйлем құрауын игеру.
2. Синоним, амоним, антоним сөздермен синтаксистік құрылымдармен таныстыра отырып оқушылардың байланыстырып сөйлеуін дамыту.
Логопедиялық жұмыс барысында сұрақ қою арқылы сөйлемдегі сөздердің байланысын, септік жалғаулар мен жұрнақтардың мағынасын түсініп дұрыс меңгеруіне көңіл бөлу қажет. Түзету жұмысының негізгі бағыттары:
- сөз тіркестері мен сөйлем құрау;
- көпшіл жалғаудар арқылы сөз өзгерту;
- септік жалғаулар;
- сөйлемдегі сөздердің байланысын сұрақ қою арқылы анықтау;
- жалғау және жұрнақтар мағынасын анықтау, дұрыс пайдалану.
Грамматикалық деңгейдегі түзету жұмысы
|
Дисграфияның әр түрінің логопедиялық түзету жұмыс бағыттары
Дисграфияның әр түрлері әртүрлі себептермен ерекшеленеді, сондықтан түзету жұмысында да ерекшеліктері болады. И. Н. Садовникова (1997), Р. И. Лалаева «2001), Л. В. Венедиктова (2001), т.б. жазбаша сөйлеу тілін түзету логопедиялық жұмысы ақаулықтың түріне, механизміне байланысты жүргізілетінін негіздеген.
Акустикалық сипаттағы жазудың бұзылуын түзету жұмысында балалардың фонематикалық қабылдауын және де дыбыстық талдау мен жинақтауын дамытуға бағытталған тәсілдерді қолдану қажет. Л. Г. Парамонованың (2004) пайымдауынша, артикуляторлы-акустикалық дисграфияны түзету жұмысы дыбыс айтуын түзету мен осы дыбыстарды анық естіп ажыратудан бастау керек. Сонымен қатар, ғалым фонематикалық талдау, жинақтауын қалыптастыруға көңіл бөлу қажет деп есептейді. Ал, аграмматикалық дисграфияны түзету жұмысында жазбаша жаттығуларды кеңінен қолдану арқылы баланың сөйлеу тілінің грамматикалық жағын қалыптастыру қажет деп санайды.
Дисграфияның түріне байланысты түзету жұмысында біршама өзгешеліктер болғанымен, дисграфияның барлық түрінде ортақ бірқатар маңызды жағдайларды ескеру қажет. Біріншіден, алдымен жазу процесіне қажет операцияларды қалыптастыру қажет. Мысалы, акустикалық дисграфияда бала ұқсас дыбыстарды ажырата алмайды, сол себептен ол әріптерді алмастырады. Бұл жағдайда алдымен дыбыстарды ажыратуын дамыту қажет. Бұл жұмыс бағыты дисграфияның барлық түрінде қолданылады. Екіншеден, жұмыс барысында сақталған анализаторға сүйену қажет. Мысалы, бала С-Ш дыбыстарын ажырата алмайды, өйткені есту анализаторының функциясы жеткілікті дамымаған, онда алдымен баланың көңілін артикуляциялық аппараттың қалпына, қимылына аудару керек. Яғни, мұнда көру, қимыл, сезім анализаторын жұмысқа қосу тиімді.
Дисграфияның әр түріне қатысты түзету әдістемелеріне кеңінен тоқталайық.
Аграмматикалық дисграфияны түзету.
Р. И. Лалаева аграмматикалық дисграфияға мынандай сипаттама береді: «Аграмматикалық дисграфия сөйлеу тілінің грамматикалық жағының (морфологиялық, синтаксистік) жетілмеуі... Жазуда сөйлем деңгейіндегі аграмматизмдер сөздің морфологиялық құрылымының бұзылуымен, жалғау, жұрнақтарды алмастырумен, септік жалғауды дұрыс қолданбауымен, күрделі сөйлемдерді құрастырудағы қиыншылықтарымен, сөйлемдегі сөз кезектілігін сақтамау, таспап кетуімен сипатталады».
Түзету жұмысының негізгі міндеттері:
- заттың атауын, іс-әрекетін, сипатын білдіретін сөздерді мағынасымен сәйкестендіруін қалыптастыру, дамыту, жетілдіру;
- сөздің морфологиялық құрамы туралы түсінігін қалыптастыру, дамыту, жетілдіру;
- сөйлеу тілінің грамматикалық жағын қалыптастыру, дамыту, жетілдіру.
Аграмматикалық дисграфияны түзету логопедиялық жұмысының мазмұны:
- балалардың сөз қорындағы сөздердің мағынасын анықтау және әр түрлі сөз таптарын жаңа сөздермен, сөзжасам дағдыларын менгерту арқылы сөз қорын молайту. Түбірлес сөздерді біртіндеп менгерту;
- сөз тіркестерін, сөйлем арасындағы байланысты, әр түрлі синтаксистік құрылымдардың модельдерін менгеру арқылы сөйлеу тілінің грамматикалық жағын анықтау, дамыту және жетілдіру;
- байланыстырп сөйлеу тілін мына бағыттарда дамыту:
· әңгіменің кезектілігін анықтау;
· әңгіме құрастыруға қажет сөздік материалды іріктеу;
· үлгі бойынша сөйлем құрастыру, қайта құрастыру дағдысын жетілдіру.
Оптикалық дисграфияны түзету.
Оптикалық дисграфияны түзету жұмысының негізгі міндеттеріне:
- көріп қабылдауын, талдау, жинақтауын дамыту;
- жазуда шатастыратын әріптерді ажырату жатады.
Логопедиялық түзету жұмысының негізгі мазмұны:
- түр, түс, көлем туралы түсініктерін анықтау;
- өз денесін, қоршаған ортаны бағдарлау;
- әріптерді құрастыру, қайта құрастыру;
- әріптерді табу, бөліп айту.
Логопедиялық түзету жұмысының негізгі бағыттары:
- көріп қабылдауын және тануын (гносисын) дамыту;
- көріп есте сақтауын анықтау және кеңейту;
- кеңістік түсінігін, қабылдауын дамыту;
- көріп талдау, жинақтауын дамыту;
- шатастыратын дыбыс және әріппен жұмыс.
Ажырату жұмысы келесі кезектілікпен жүргізіледі:
- жеке әріптерді ажырату;
- шатастыратын әріптерді буында ажырату;
- шатастыратын әріптерді сөзде ажырату;
- шатастыратын әріптерді сөйлемде ажырату;
- шатастыратын әріптерді мәтінде ажырату.
Жоғарыда аталған жұмыс бағыттары негізінде перспективті жоспар құрастырылады.
Оптикалық дисграфияны түзету барысында қолданылатын жұмыс тәсілдерін қарастырайық.
1. Көру гнозисін қалыптастыру мақсатымен қолданатын тәсілдер:
- контурмен сызылған заттарды атау;
- бірінің үстіне бірі сызылған суреттерді атау;
- заттың жетіспейтін бөлшегін толықтырып сызу, атау;
- түрі, түсі, көлемі бойынша заттарды іріктеу;
- суреттегі айырмашылықтарды табу.
2. Көріп есте сақтауын (көру мнезисін) дамыту:
- 10-шақты суреттің ішінен 4-5 суретті есте сақтап атау, көрсету;
- әріптердің ішінен тек дауысты, дауыссыз әріптерді есте сақтап атау;
- алғашқы кезектілікті сақтап әріптерді, сандарды, фигураларды орналастыру;
- «не өзгерді?», «не жоғалды?» ойындары.
3. Әріпті тануын, әріп бейнесін ажыратуын қалыптастыру:
- графикалық ұқсастардың арасынан әріп табу
Л-М; А-Д; К-Ж; Ж-Х; П-Н; Ш-Щ;
- бірінің үстіне бірі жазылған әріптерді атау;
- дұрыс, қате жазылған әріптерді анықтау;
- элементтері бойынша әріп құрастыру;
- бір әріптен екінші әріп құрастыру (х-ж; т-г; р-в, т.б.);
- әріптердің ұқсастығын, айырмашылығын анықтау.
Оптикалық дисграфия, дислексияда әріп бейнесін бекіту үшін, әріпті бір ұқсас затпен сәйкестендіру (О - дөңгелекпен, З - жыланмен, т.б.) немесе тақпақтар жаттау сияқты тәсілдер қолданған тиімді. Мысалы,
«А» әріпі әрдайым
Алфавиттың алдында.