Тақырып хіх ғ іі жартысындағы Қазақстандағы
Педагогикалық ой -пікірлер
Дәріс жоспары
1. Мұсылмандық мектептерді реформалау
2. Жаңа әдістемелік мектептер мен медреселер.
3. Ш.Уалихановтың көзқарасындағы білім беру оқыту және тәрбиелеу жүйесіне байланысты мәселелер
4. Ы.Алтынсариннің педагогикалық ой пікірлері
5. А.Құнанбаевтің педагогикалық көзқарастары
ХІХ ғ. екінші жартысында Қазақстаннан жылына орта есеппен 3-3,5 миллион сомның малы сатылып отырды. Әсіресе алыпсатарлар тауарды ақшаға алып, оны ауылда тоқты-торымға, немесе келесі жылғы бұзауға қарыз беріп, халықтың қолындағы малын тегіннің аз-ақ алдында алып тонауға кірісті. Қазақ даласына ақша капиталының енуін, сауда-саттықтың күшеюін, адамдардың пиғылының ақшаға ауып, қайыр-садақа беру, имандылық, кішіпейілділік пен мейірімділік, қадір-қасиеттің азаюын, патша өкіметінің отарлау саясаты кезіндегі ел билеу жүйесіндегі жүгенсіздік пен парақорлық, зорлық-зомбылықтың күн сайын күшейіп бара жатқанын көзімен көріп жаны ауырған Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты “Зар заман” ақындары “заманның азуы, ақсақалдық тәртіптің ыдырауы” деп жаңалыққа тосырқай қарады. “Сары орыстың бәрі орыс – кәпірлер билеген заман” деп түңілді. Осы тығырықтан шығудың жолын көрсете білген ХІХ ғ. екінші жартысында қазақ даласынан шыққан прогресшіл-демократияшыл Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Ахмет сияқты ағартушы ойшылдар болды. Олар орыстың Н.Г.Чернышевский, В.Г.Белинский, Н.А.Некрасов, Н.Г.Герцен, Добролюбов сияқты демократ ұлдарының еңбектерін оқып-танысып, олардың халықшылдық идеяларынан қуат алды. Қараңғы қазақ елінің бақытқа жету жолы тек оқу-ағарту ісімен байланысты деп түсінді.
Қазақтың ұлы педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсарин өзінің “Өнер-білім бар жұрттар” деген өлеңінде тастан сарай салғызған, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған, теңізде кеме жүздірген, өнер мен техниканы еркін меңгерген батыс, орыс халықтарының өнері мен ғылым-білімін үйрену керек деп қарады. Ал ұлы ойшыл ақын Абай өзінің өлеңдері мен философиялық қара сөздерінде “Өнер-білім орыста тұр. Орыстың тілі, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі” деп насихат айтты. Салтыков-Щедрин, Лев Николаевич Толстой сияқты орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауымынан үйренуге шақырды. Ал Омбының кадет корпусында оқып орыс мәдениетімен тереңірек танысқан Шоқан Уәлиханов “Біздің келешегіміз орыс халқымен тығыз байланысты” деп есептеді.
Шоқан Уәлихановтың ағартушылық-халықшылдық көзқарасы (1835–1865). Қазақ топырағында ағартушылық-халықшылдық идеяның туын алғаш көтерген, қазақтың ұлттық мәдениетін орыс, батыс ғалымдарына танытуға ерекше еңбек сіңірген ғалым Шоқан Уәлиханов болады.
Ол өзін терең тарихшы, ерінбес этнограф, батыл саяхатшы, талмас географ, білгір әдебиетші, шебер суретші, жалынды публицист, нәзік психолог, тәлімгер ұстаз ретінде көрсете білді. Небәрі отыз-ақ жыл өмір сүрген Шоқан аз өмірінің ішінде бүкіл әлем ғылымдарының көптеген салаларын терең меңгеріп, шығыс елдері мәдениетін зерттеуде ондаған аса құнды еңбектер қалдырып кетті.
Шоқанның шығыс елдерінің ауыз әдебиеті үлгілерін жастайынан көп білуге, біріншіден, оның өскен ортасы: әжесі Айғаным мен әкесі Шыңғыс әсер етсе, екіншіден, Шыңғыс ауылдары қазақтың әнші-күйші, сал-сері, өлеңші-жыршы, ақындары жиі-жиі жиналып, өнер сайысына түсетін ортасы болды. Шоқан тіпті Омбыдағы кадет корпусында оқып, еуропаша білім алып жүрген кездің өзінде де қазақ-қырғыз елінің әдебиеті мен мәдениетінен қол үзбеді. Оған себеп, сол кездегі Батыс-Сібір губернаторының орталығы Омбы қаласында қазақ-қырғыз сұлтандарына арналып салынған қонақүйдің болуы, қазақтың болыс-сұлтандары жандарына ақын, әнші, күйші, сазгер өнер адамдарын ерте келіп, Омбыдағы қонақүйде жиі өнер сайысын ұйымдастыруы, Шоқанның өзінің орыс достарын осы жиынға алып барып, қазақ өнерін тамашалауы болды. Оның үстіне, патша үкіметінен қуғын көрген, орыстың демократ-интеллигенттер тобының саяси сенімсіздігі үшін Сібірге жер аударылып Омбыға жиналуы, солардың ішінде жан-жақты білімді, озық ойлы Иван Васильевич Ждан-Пушкин, Николай Федорович Костылецкий, Александр Андреевич Сотников, Василий Петрович Лобадевский, т.б. Шоқанға сабақ беруі, ал оның өз достары Н.Г.Потанин, С.Ф.Дуров, Ф.М.Достоевский, А.Н.Майков сияқты ақын-жазушылардың, этнограф, фольклорист ғалымдардың болуы келешек ғалым Шоқанның Батыс, Шығыс елдерінің әдебиеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен тұрмыс тіршілігін, діні мен тілін терең зерттеуге әсер етті.
Ш.Уәлиханов Шығысты зерттеуші ұлы саяхатшы П.П.Семенов - Тянь-Шанскийдің нұсқауымен Батыс – Сібір генерал губернаторы Госфорттың тапсырмасы бойынша 1856-1857 жылдары Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың, Қытайдың Жоңғария даласына бару сапарында ол шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ, қырғыз, ұйғыр, дүнген халықтарының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін, фольклорлық шығармаларының шығу тарихы мен ерекшеліктерін зерттеуге арнап, “Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы записка”, “Жоңғария очерктері”, “Қырғыздың Манас жыры туралы”, “Шаман дінінің қазақтар арасындағы қалдықтары”, “Абылай”, “Ұлы жүз қазақтары туралы”, т.б. деген еңбектерін жазды.
Шоқанның алдына қойған басты мақсаттарының бірі – өз халқының өмірін жете зерттеп, кең даласы мен дархан халқын, өзіндік көне мәдениетін берісі орыс, әрісі еуропа жұртына таныстыру еді.
Шоқан өз халқының ар-намысын қызғыштай қорғап, қазақ халқын “тағы халық” деп қарау мүлде қате, теріс түсінік дей келіп, өз халқының тарихын мәдениеті ерте танылған елдермен сабақтастыра зерттейді. “Біздің халықтың бай және поэзиялық құны жоғары, реалистік әдебиеті бар. Ол шығыстың эпосына емес, индогермандық эпосқа ұқсайды…”. Қазақтар да бәдәуилер сияқты жаратылысынан өлеңші және ақын” дейді.
Шоқан өзінің “Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы” деген еңбегінде Ресейде тіршілік ететін тілі, діні, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі басқа бірнеше ұлттар мен ұлыстардың тұратынын, оларды билеу жөнінде заң жобасын жасау үшін Джон Миль айтқан “Әр сословиедегі адамдардың ақыл-ой, адамгершілік және саяси саналары туралы дәлме-дәл ғылыми зерттеулер жүргізіп алу керектігін қостай келе, ел билейтін әкімдердің, әсіресе басқа ұлт өкілдерінің, сол халықтың тарихын, салт-дәстүрлерін, психологиялық ерекшеліктерін жақсы білмей тұрып билік айтуы аса қиындық келтіреді” деді. Шоқан қазақтар арасындағы дау-жанжалдарды өз араларынан белгіленіп қойылған, сол ұлттың салт-дәстүрін, ел билеу заң жобаларын жақсы білетін билерге шешкізу керек, тек кісі өлтіру, ел тонау сияқты өрескел қылмыстарды ғана округтік ресми сотқа қарату керек дейді.
Ол қазақ әкімдерін жоғарыдан тағайындау арқылы емес, халықтың өзі сайлап қоюы керек, тек сөйтсек қана әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігі күшейеді деп қарады.
Оның шығыс халықтарының әдебиеті мен мәдениеті, тілі мен діні, наным-сенімдері туралы тебірене жазған еңбегінің бірі – “Жоңғария очеркі”.
Ол Орталық Азия елдерінің бұрын шығыстағы ең мәдениетті, ең бай ел болғанын, ал бүгінде сопылық пен тағылық үстемдік құрғандығын, соның салдарынан бір кездегі бүкіл әлемге әйгілі болған Самарқан мен Ташкент, Ферғанадағы кітапханалар, обсерваториялар мен архитектуралық көне ескерткіштердің тозып, мүжіліп, олардың мұнаралары ғана қалғанын қынжыла сөз етеді.
Шоқан өзінің осы еңбегінде ұйғыр, қытай, дүнген, қазақ, қырғыз жұрттарының салт-дәстүріне, мәдени ескерткіштері мен діни көзқарастарына тоқталады.
Шоқан қырғыз жұртының Ыстықкөл маңына қашан, қалай келгенін, олардың арғы тегінің (XІV-ХVғғ.) Енисей (Енесай) өзені бойында болғанын, буряттармен қаны бір бауыр, тілі ұқсас туыс екенін айта келеді де, олардың моңғол-қалмақ жұртымен соғысып қуғынға ұшырағаннан кейін, үш мың шамасындағы отбасының XІV ғасырдың басында Алатаудың күңгей беті мен Ыстықкөл бойына ауып келіп орналасқанын, жергілікті түркі тайпаларымен қан араласуынан қырғыз халқының пайда болғанын сөз етеді.
Шоқан 1858 ж. Қашқарияға бару сапарында Ыстықкөл бойындағы қырғыз ағайындарының ауылдарын аралай жүріп, “Манас” жырының “Көкетайдың асы” деген бөлімін жазып алып, орысшаға аударып, Еуропа ғалымдарына ұсынуды мақсат еткенін айтады. Шоқан: “Манас” жырында қырғыздардың тұрмыс қалпы, әдет-ғұрпы, салт-санасы, географиясы, түсініктері, тіпті олардың халықаралық қатынастары баяндалған” деп аса жоғары баға берген. Сөйтіп, “Манас” жырына терең талдау жасай келеді де, “Алтынорда дәуірінің батырлары Едіге, ЕрКөкше, Орақ сияқты казақ батырларының аттарының да бұл жырда кездесетінін айтады. Бұлар тарихта болған адамдар. Едіге Темірланның генералдарының бірі, Алтынорданың әскербасы. Ал Орақ пен Мамай Едігенің ұрпағы деген сияқты көптеген тарихи мәліметтердің бетін аша келіп, Шоқан қазақ, өзбек, қырғыз жұрттарының аңыз-әңгіме, ертегі-дастандарындағы ұқсастықты тұрмыс-тіршілік, кәсіби ұқсастығынан іздестіреді. Солтүстік Азия мен Орта Азияның көшпелі халықтарының ерекше бір ортақ қасиеттеріне негіздей отырып, олардың түп атасы — түрік “- дегенге келтіреді.
Шоқан өзінің “Шаман дінінің қазақтар арасындағы қалдықтары” атты еңбегінде қазақтар мен қырғыз жұртының арасында шаман дінінің ұзақ уақыт бойы ислам дінімен қатар өмір сүріп келе жатқанын, тіпті бұл жұрттардың дінге деген сенімінің онша күшті емес екендігіне назар аударады. Шоқан шаман дінін ұстаушылар табиғатқа табынғанды жақсы көрген дейді.
Ауруларды бақсы-балгерлердің отпен емдеуін, қазақтардың оларды сәуегей, емші, музыкант, әулие деп қарағанын, моңғол тілінде шаман “ұстаз” деген сөз екенін, ал ұйғырларда сауатты адамды “бақшы”, түрікмендерде ақын-жыршыларды “бақшы” деп атағанын айта келіп, Қорқыт пен Көрұғлылар осы шамандардың мұсылмандар арасындағы өкілі болған деген қорытынды жасайды.
Сондай-ақ, бақсылар аурулардың иесі болады деп қараған, оны ұшықтау, қағу (суық су бүрку, малдың өкпесімен қағу т.б.) арқылы емдегенін, ал малға топалаң, қарасан, т.б. жұқпалы індет келсе отқа табыну, отпен аластау арқылы тыймақ болғанын, отқа түкіруге, онан аттауға, басуға болмайды деп қарап, оттың киесінен қорқатынын, қылмысты істерден адалдығына сендіру үшін “оттың киесі соқсын” деп қарғанатынын, өлген адамның үйінде жеті түн май шамнан шырақ жағып қоятын ырымдардың бәрі шаман дінінің қазақ арасындағы қалдығы екенін баса айтады.
Шоқан осы мақаласында шаман дінінің түсінігі бойынша, ырымдар мен әдеттер жамандықтан, бақытсыздықтан сақтайды деп қарағанын, ал қазақтар арасында осындай ырымдардың көптігін сөз етеді.
Шоқан әр заттың, кейбір хайуанаттардың киесі бар деп санайтынын, қазақтардың үйге жылан кірсе, ақ құйып шығаруын, жас баланың бесігіне қасқырдың немесе бүркіттің тұяғын, үкінің қанатын іліп қоюы, жастығының астына айна, тарақ жастауы т.б. ырымдардың сол затты киелі деп қараудан туған дейді.
Шоқан Петербургтегі орыс география қоғамының шақыруымен 1860 ж. ақпанында Петербургке келіп, 1861 жылғы мамырға дейін бір жылдан астам сонда болып, Қашғария сапары жөнінде Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінде есеп береді. Өзінің бұрынғы Омбыда кездескен орыс достарымен және осы сапарында Н.Г.Чернышевский, И.С.Тургенев, Т.Г.Шевченколармен кездесіп пікірлеседі. Шоқанды Қашқария сапарының қорытындысы бойынша Александр ІІ патша арнайы қабылдап, “Әулие Владимир” орденімен марапаттап, штабс-ротмистерлік әскери атақ және ақшалай сыйлық береді.
Шоқан мемлекеттік жауапты істермен айналыса жүріп, халықты оқу-ағарту ісіне шақыруды үнемі есінде берік сақтаған. Халықтың келешегі тек оқу-ағарту, мәдениет ісімен байланысты деп қараған. Шоқан 1862 жылы өзінің досы Ф.М.Достоевскийге жазған бір хатында Атбасар округіне ағасұлтан болуға талпынғанын, өкімет қаржысымен орыс-қазақ мектептерін ашып, балаларды тегін оқытпақ болғанын білдіреді. Шоқан әдебиетші, тарихшы, фольклор зерттеуші, саяхатшы ғалым болуымен бірге сурет, бейнелеу өнерімен де айналысқан. “Ыстықкөл сапарының күнделігінде” жол сапардан алған әсерлерін баяндаумен бірге түрлі түсті қарындашпен, қаламұшпен салған суреттерін Ресей сурет академиясының президенті Ф.П.Толстойға табыс етіп, үлкен баға алған.
Шоқан қазақтың музыка мәдениетін де зерттеп, келелі пікір білдірді. Шоқанның 1855-1856 жылдары жазған “Қазақ халқы поэзиясының формалары” атты еңбегінде “Ер Көкше, Ер Қосай” мен “Орақ батыр” жырларынан мысалдар келтіре отырып, жырдың жалпы сипаттамасын қарасөзбен әңгімелей келіп, бас кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен ой-пікірін суреттеу өлеңдері қобызбен сүйемелдеп, әнмен айтылған деп жіктей келіп, қобыздың түркі елдерінің көне аспабы екенін, оның ойнауы өте күрделі, үні тартымды да әсерлі деп жоғары бағалайды.
Шоқан өмірінің соңында (1864 ж. шамасында) Черняевтың армиясымен Әулиеата бойында болып, айдауда жүрген атақты әнші-композитор Жаяу Мұсамен танысып достасады.
Оның өз замандастары Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Тәттімбет, т.б. өнер адамдарымен қарым-қатынаста болуы тарихи шындық.
Ы.Алтынсариннің педагогикалық ой пікірлері. Балғожа би өзінің немересі Ыбырайды орысша оқытып, әкімдік қызметке даярлау мақсатында 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясының жанынан қазақ балалары үшін ашылған орыс-қазақ мектебіне оқуға берді.
Ыбырай 1857 жылы Орынбордағы жетіжылдық орыс-қазақ мектебін үздік бағамен бітіріп, әуелі атасы Балғожа биге хатшы, кейін Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1864 жылдан өмірінің ақырғы күніне дейін (алғашқыда Торғайда мұғалім, кейін уездік басқарманың мектеп инспекторы болып) оқу-ағарту саласында аянбай еңбек етеді.
Ауыл-ауылдарды аралап, халықтан қаржы жинап, Торғайда, Ырғызда, Тобылда, Қостанайда орыс-қазақ бастауыш мектептерін ашады. Қостанай, Торғай, Ақтөбе өңірінде қолөнер училищесін, қыздар пансионатын, Красноуфимскіде мұғалімдер мектебін ашып, бар күш-қайратын, ақыл-парасатын халық ағарту ісіне жұмсайды. Қазақ халқының келешегі тек өнер-білімде деп түсінген Ы.Алтынсарин өз ойын іске асыру жолында екі бірдей кертартпа күшпен алысып бақты. Оның бірі – қазақ даласындағы ислам дініне негізделген татарша оқу болса, екіншісі - патша өкіметінің отарлау саясатына негізделген қазақ балаларына христиан дінінің заңдарын оқытуды көздеген миссионерлік саясат еді. Миссионерлік саясатты қолдаушылар мүмкін болғанша қазақ жастарын орысша оқыта отырып, өз ұлтының тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен мүлде бездіріп, орыстандыруды-шоқындыруды көздеді.
Ыбырай діни оқудың өзін адамгершілікті, гуманизмді насихаттауға бейімдеу керек деп қарады. Осы мақсатпен ол 1883 жылы өзінің “Мұсылмандық тұтқасы” атты оқу құралын жазып, Қазан қаласында араб әрпімен, өзінің досы Н. И. Ильминскийдің көмегімен бастырып шығарды.
Ы.Алтынсариннің “Мұсылмандық тұтқасы” (“Шараит-ул-ислам”) кітабын жазып шығаруына екі түрлі жағдай себеп болды: біріншіден, сол заманда қазақ ауылдарында оқытылатын діни кітаптар (“Иманшарт”, “Кәлем шариф”, “Әптиек” т. б.) араб тілінде жазылғандықтан, оның мазмұнын не молда, не оқушы түсінбей, құрғақ жаттаумен болды. Ал діни оқулықтардың мазмұнын жете түсінбеген дүмше молдалар дін-шариғат қағидаларын өздерінше бұрмалап, теріс түсініктер беретін. Ыбырай ислам дінінің аяттарындағы адамгершілік, иманжүзділік, қайырымдылық қағидаларын өзінің педагогикалық көзқарастарына негіздей отырып түсіндіруді көздеді.
Ол діннің өзін тәрбиенің құралы деп қарады. Мысалы, Ыбырай осы кітаптың кіріспесінде: “...Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ. Мәселен, біреу намаз оқыса да, ол намаздың керектігіне көңілі дұрысталмаса, әлбетте, ол намаз болып табылмайды...” Құдай тағала ешкімді жамандық жолға бұйырмайды, мынау жамандық, мынау жақсылық деп көрсетіп, адам баласына қай жолға түссе де ықтияр береді”, - деп адамның жамандық, яки жақсылық іс-әрекетін Алла тағала істетті дейтін молдалардың жалған насихатына қарсы шығады.
Өзінің ағартушылық, тәлімгерлік ісінде Ыбырай талай қиыншылықтарға кездесті. Оның елден қаржы жинап, орыс-қазақ мектептерін ашып, дүнияуи пәндерді оқытуды енгізіп, мәдениет атаулыны насихаттауын көре алмай өшіккен ел ішіндегі кейбір қожа-молдалар оны “шоқынған кәпір” деп өсек таратса, енді біреулер 1884 жылы Ішкі істер министрлігі мен Орынбор генерал- губернаторына “үкіметке қарсы ойы бар”, “социалист” деп, өтірік арыз жазып, қаралауға дейін барды.
Ы. Алтынсарин болса, өзі ашқан орыс-қазақ мектептерін миссионерлік бағыттағы жат пікірден де, шығыстың жаттамалы діни оқуынан да қорғап бақты. Жастарға шынайы білім беретін дүнияуи пәндерді (жаратылыстану, география, тарих, есеп, т.б.) оқытуды іске асырды.
Ол орыс-қазақ училищелерінің шәкірттеріне сол кездегі прогрессивтік, гуманистік идеяда жазылған К.Д.Ушинскийдің “Балалар әлемі”, Л.Н.Толстойдың “Әліппе және оқу кітабы”, Б.Ф.Бунаковтың “Әліппе мен оқу құралы”, Тихомировтың “Грамматиканың элементарлық курсы” атты оқу құралдарын пайдалануды ұсынды.
Ы.Алтынсарин алдыңғы қатарлы орыс педагогтарының оқу құралдарын басшылыққа ала отырып, қазақ ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлеріне негізделген екі төл оқу құралын (“Қазақ хрестоматиясы”, “Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы”) 1879 жылы жазып бастырып шығарды.
Ол қазақ жастарын оқытып-тәрбиелеу ісіне ең басты мәселе деп қарады. “Халық үшін қызмет ететін білімді адамдардың қатарын көбейту арқылы қазақ қоғамының мешеулігін жоюға болады, сондықтан жастарды оқытып-тәрбиелеу ісінен артық еш нәрсе жоқ”,— деп ой түйді.
Хрестоматияға енгізген шығармаларды іріктеуде, біріншіден, әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінен хабар беру принципі көзделсе, екіншіден, оқушыларды адалдыққа, еңбекке, ұқыптылыққа, талаптылыққа тәрбиелеу, адамгершілік жақсы қасиеттерді олардың бойына дарыту көзделді, үшіншіден, жастардың, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының түсінігіне жеңіл, тілі жатық әңгімелерді беруге тырысты.
Ыбырай аударып, хрестоматияға енгізген орыс жазушылары Пауэльсонның, Ушинскийдің, Толстойдың әңгімелерінде де қайырымдылық, кішіпейілділік, талаптылық, еңбексүйгіштік сияқты зор адамгершілік қасиеттер дәріптеліп, оған қарама-қарсы жауыздық, екіжүзділік, дүниеқорлык, т.б. жексұрын мінез-құлықтарды әшкерелеу өзекті орын алады. Ыбырай осы арқылы жастардың ізгі жүректі, инабатты, талапты, ел-жұртына пайдалы азамат болуын көздейді.
Ыбырай Алтынсарин қазақ даласында дүнияуи мектептер ашу, оқушыларға арнап тұңғыш оқулықтар жазумен бірге, мектептің материалдық базасын күшейтуге баса зер салды. “Мектеп дегеніміз шын мектепке ұқсас болуы үшін оған қаржыны көбірек бөлу керек… Өйткені мектеп – білім берудің басты құралы” деп қарады. Ол оқушылардың бойына адамгершілік қасиеттерді ұялатуға бар күшін жұмсады. Ол өзінің досы Н.Н.Ильминскийге жазған бір хатында “Шәкірттер кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын… Мен балаларды жазалауды сүйетін онша қатал адам емеспін… Бірақ, кейде, балаларды тентектіктен тыймай да болмайды. Тентек етіп өсірсең, балалардың адамгершілік қасиетін бұзып аласың” деп өзінің педагогтік ұстанымын айқын көрсетеді.
Ыбырай Алтынсарин өзінің біраз еңбектерін қазақ халқының салт-дәстүрлерінің ерекшеліктерін зерттеп, этнографиялық очерктер жазуға арнады.
Ол 1870 жылы Ресей география қоғамының Орынбор өлкетану бөлімшесінің тапсыруы бойынша “Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрлерінің очеркі” мен “Орынбор ведомствосы қазақтарының құда тұсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очерктері” атты екі еңбегін жазып тапсырды. Бұл еңбектер орыс зиялы қауымына қазақ қоғамының әр алуан тұрмыс-салт ерекшеліктері туралы түсінік берген тұңғыш жазба еңбектер еді.
Ыбырайдың қазақ халқының салт-дәстүрлерін зерттеудегі мақсаты — дәстүрдің озығы мен тозығын ғылыми түрде талдап, өзінің көзқарасын білдіре отырып, мән-мағынасын ашу, озық дәстүрді тәрбиенің құралы ету болатын. Қазақтың салт-дәстүрін жан-жақты зерттеп, жинақтаумен бірге, әр ауыл мен болыс сайын мектеп ашып, мектеп жанынан монша, кітапхана салып, қайтсем қазақ елін мәдениетті елдердің қатарына жеткіземін деп арпалысқан Ыбырай “қазақ халқы деген оқу-білімге сусап отырған халық, әттең, бұл іске оқыған адамдардың жаны ашымайтыны есіңе түскенде, кейде күйінесің” деп, ел билеуші орыс әкімдеріне қатты реніш білдіреді.
Ы. Алтынсарин өзінің ориенталист досы В.В.Катаринскийге жазған хатында: “...ең жаманы халықтың караңғылығымен емес, қоғамның әл-ауқаты мен мәдениетін көтеруге көмектесу үшін үкіметтің өзі қойған білімді адамдармен күресуге тура келеді” деп қынжылуы да тектен-тек емес еді. Ыбырай орыс мәдениетінен нәр ала отырып, патша өкіметінің отарлау саясатына, патша чиновниктерінің қарапайым халыққа жасап отырған қысымына ашық наразылық білдірген. Ол жөнінде өзінің “Орынбор листогы” газетіне (1880 ж. 4 сәуірде) жазған мақаласы туралы В.В.Катаринскийге жолдаған хатында: “...Осы мақаламда қазақ еліне орыс переселендерін (көшіп-қонушы орыстар) әкеп орнатпақ болған пікірге қарсы екенімді білдірдім”, — дейді. (Бұл жерде Ыбырай орыс патшасының 1879-1880 жж. орталық Ресей мен Украина жерінен орыс крестьяндарын көшіріп, Қазақстанның шұрайлы егістік жерлеріне орналастыру туралы заңы жайында сөз қозғап отыр (С.Қ.)).
Ыбырайдың Орынбор генерал-губернаторы Проценко тарапынан қуғынға ұшырауы, оның Ыбырай ашқан мектептерді жауып, өзін инспекторлық қызметтен босатпақ болып, ісін сотқа беруді ұйғаруы да осы кез болатын. Ыбырай өзінің орыс достары Н.И.Ильминский мен В.В.Катаринскийлердің қолдауымен ғана бұл істен аман қалған еді.
Халқы үшін жар құлағы жастыққа тимей, оқу-ағарту жолында аянбай еңбек еткен Ы.Алтынсариннің ғылыми және әдеби еңбектерінің бүгінгі жастарға берер ғибраты мол асыл мұра.
Абай Құнанбаевтың (1845-1904) педагогикалық көзқарастары.Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін салушы ғана емес, сонымен бірге ұлы ойшыл педагогы.
Оның поэтикалық шығармалары мен “ғақлия” сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы.
Ұлы ойшыл адамдар жаратылысында бірдей емес дейтін нәсілдік көзқарасқа қарсы шыға отырып (отыз төртінші қара сөз), “адамның туысы, дене бітімі, шыққан жері, бармақ жері бәрі бірдей… Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу – жан құмарлығы”… (жетінші, қырық үшінші сөз) деп ой түйіндей келе, “адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым… ол талаптылықпен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі…” деген қорытынды жасайды.
Абайдың дүниені тану жөніндегі көзқарасында диалектикалық сарын басым. Ол табиғат құбылыстары бір-бірімен өзара байланыста, үнемі өзгерісте, дамуда болады, адам қоршаған ортаны – табиғаттың ішкі сырын білім-ғылым арқылы танып біледі – деп қарады.
Ол қазақ халқының саяси-экономикалық және мәдени жағынан артта қалушылығы – оның феодалдық-патриархалдық қатынасынан, рулық талас-тартыс етек алған көшпелі тұрмысынан деп қарайды. “Күнде ұрлық, күнде төбелеспен күн кешкен” алты бақан алауыз елінің “жақсыларына” налыған Абай “малыңды жауға, басыңды дауға” салып, өміріңді қор қылмай татулас, бірлесіп ел боп “егіннің ебін, сауданың тегін” үйрен, “жан аямай кәсіп қыл” деп өсиет айтты. Ол қазақ ауылындағы тап тартысын көре білді, сол таптық қанаудан құтылудың жалғыз жолы оқу, ағарту мәселесі деп қарады.
Ол оқудағы мақсат халыққа адал қызмет ету деп ұқты. Жастарды білім-ғылымды меңгеруге шақырды.
Сол кездегі кейбір оқыған жастардың білімді шен алу, шекпен кию үшін пайдаланып, парақорлықпен, алдап-арбаудың құралы етуге тырысқанына ызаланған Абай:
Ойында жоқ олардың
Салтыков пен Толстой.
Я тілмаш, я адвокат,
Болсам деген бәрінде ой, –деп сөкті.
Тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде деп ұққан Абай:
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып білім алған.
Би болған, болыс болған мақсат емес,
Өнердің бұдан өзге бәрі жалған, - дейді.
Ел болу үшін қала салып отырықшы болу керек, егіншілікті кәсіп ету, мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде ғана тұр деп жар салады. Өнер-білімсіз қоғамның пайдалы азаматы болудың мүмкін емес екендігін терең түсінген ол: “Барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет… өнер де, ғылым да орыста тұр. Орыстың ғылымы, өнері дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі…” – деп озық мәдениетті орыс халқын өнеге етті. Абай бас қатыратын жаттамалы діни оқуға қарсы болды.
“Ақыл – ардың сақтаушысы” деп қарап, адамгершілік мәселелерін жоғары бағалап, ар тазалығы үшін күресуді дәріптеген ұлы ағартушы –
Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр, талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап…
Терең ой, терең ғылым іздемейді
Өтірік пен өсекті жүндей сабап, – деп кейбір жастардың іс-әрекетіне кейістік білдіреді.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой.
Бес асыл іс көнсеңіз, – деп, ел қамын ойлаған жастардың бойында қандай қасиеттердің болуы керектігін тізбектейді. Ақылды азамат болу үшін адам бойындағы қасиеттердің қалыбы үш нәрсеге байланысты екендігін айтады:
“…Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек”, – деп адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық, салғырттық, жалқаулық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді еске сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдылардан бойын аулақ ұстау, нәпсіні ақылға жеңгізу, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді қастерлейді.
Ұлы ойшыл Абай адамның өсіп, жетілуіндегі тәрбиенің рөліне ерекше тоқтала келе, өзінің он тоғызыншы қарасөзінде “Адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап, татып, естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарында болады. Естіген нәрсені есте сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді”, – деп ақыл-естің тәрбиенің жемісі арқылы жетілетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді. Абай “сүйекке біткен мінез сүйекпен бірге кетеді” дейтін теріс көзқарасты әшкерелеп, адам мінезі өмір барысынан сабақ алып, өзін қоршаған әлеуметтік орта әсерінен өзгеріске енеді, ол іс-әрекет арқылы көрінеді деген тұжырым жасайды. Адам мінезінің түрлерін адамгершілік, моральдық, имандылық тұрғыдан қарастырып, оларды жақсы және жаман деп жіктейді. Әдептілікті, сыпайылықты, құмарлықты, тәуелсіздікті, беріктікті жақсы мінезге жатқызса, сенгіштікті, арсыздықты, мақтаншақтықты, қулықты, жауыздықты т.б. жаман мінез деп есептейді. “Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал” – дейді. Яғни адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызы мен мәніне ерекше тоқталады. Абай: “Адам баласы бір-бірінен ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі ақымақтық”, – дей келе, адамды тәрбиелеудегі қоғамдық ортаның рөлінің ерекшелігін саралап көрсетеді. “Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның өзінің замандастарының бәрі виноват”, – дейді. Нәсілдік көзқарасқа қарсы Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге байланысты екенін дәлелдей келіп, өзінің отыз жетінші сөзінде: “Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім”, – деді.
Абай жастардың белгілі бір мамандықты игеруін қуаттайды. Өзінің отыз үшінші қарасөзінде “Егер мал керек болса, қолөнерін үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды” деп, жастардың сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі азамат болуын, белгілі бір өнер үйреніп, пайдалы іспен шұғылдануын, адал еңбекпен мал табуын уағыздаған ұлы ақын оларға:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болса, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан, - деп өмірден өз орныңды таба біл, қоғамның пайдалы азаматы бол деп өсиет айтады.
Абай махаббат мәселесіне де ерекше көңіл бөліп, жастарды жұбайлық өмірге үлкен жауапкершілік сезімімен қарауға шақырады. Өзінің “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат” (1891) деген өлеңінде отбасы өмірінің этикасын, ерлі-зайыптылардың бір-бірімен сыйласымды өмір сүруін ескерте келіп, күнделікті тіршілікте кездесетін қиындық атаулыны қол ұстаса отырып жеңе білуге жастардың әзір болуын талап етеді.
Абай әйелдің бас бостандығын, жастардың сүйгеніне қосылып махаббатты өмір сүруін қорғаушы болды.
Ұлы ақын Абайдың педагогикалық көзқарасындағы басты нысана “Атаның баласы болма, адамның баласы бол… жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін” деген гуманистік ой-пікірді қуаттауы еді. Оның жастарды тәрбиелеудегі педагогикалық көзқарастары дүниежүзілік педагогика классиктері Ж.Руссо, Д.Дидро, И.Кант т.б., орыстың ойшыл ұлы педагогтары: Л.Н.Толстойдың, К.Д.Ушинскийдің ағартушылық ой-пікірлерімен терең қабысып жатыр.
Абай ұрығын сепкен оқу, өнер-білім, адамгершілік, әдеп, мораль мәселелері бүгінде қазақ халқының рухани азығына айналып отыр.