ДЕНСАУЛЫҚ» білім беру саласы
«Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны келесі ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады:
-дене шынықтыру;
- қауіпсіз мінез-құлық негіздері.
«Денсаулық» білім беру саласын ұйымдастыру және өткізу- балалардың өмірін қорғауға, денсаулығын нығайтуға және негізгі қимыл түрлерін қалыптастыруға бағытталған.
Мақсаты: Денсаулық сақтау технологиясын қолданып, ойындар мен жаттығулар арқылы денешынықтыруға қызығушылықты, қауіпсіз мінез-құлық негіздерін қалыптастыру.
Міндеттері:
- дене сапаларын қалыптастыру;
- тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларына жаттықтыру;
- негізгі қимылдарды жетілдіру арқылы балалардың қимыл тәжірибелерін байыту;
- шығармашылық, танымдық және сөйлеу қабілеттерін дене шынықтырудың түрлі нысандарында дамыту;
- балалардың дене қалыптарының дұрыс дамуына, қимылдарының үйлесімділігіне, жалпақ табандылықтың аладын-алуға медициналық - педагогикалық бақылау жүргізу.
І ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ
Дене шынықтыру
Бұрын үйретілген жаттығуларды қайталау, бекіту, қимыл біліктері мен дағдыларын жетілдіру.
Негізгі қимыл түрлері.
Жүру: Сапта бір қатармен, аяқтың ұшымен, өкшемен жүру; тізеден бүгілген аяқты жоғары көтеру; заттарды аттап өту, түрлі қарқында; тәрбиешінің белгісімен тоқтау; қозғалыс бағытын өзгерту, шашырап, заттар арасымен; адымдап алға қарай жүру; қадамды алмастыра жүру. Жүру мен жүгіруді қайталап кезектестіру.
Жүгіру: шашырап; жұптасып; бір қатармен; заттарды аттап; бір сызыққа қойылған заттар арасымен «жыланша» ирелеңдеп, кедергілерден өту арқылы; табиғи жағдайларда кедергілерден өту арқылы; түрлі жылдамдықпен – баяу, жылдам, орташа қарқынмен 1,5–2 мин үздіксіз жүгіру.
Секіру: бір орында тұрып, алға қарай 3–4 м қашықтыққа жылжу арқылы секіру; тізенің арасына қапшықты қысып, қос аяқтап; түзу бағытта (арақашықтығы 6 м); қос аяқтап заттар арасымен (арақашықтығы 4 м), оң және сол аяқтарымен кезектесіп заттар арасымен (арақашықтығы 3 м); орнынан биіктікке; арқаннан, сызықтан аттап секіру; оң және сол аяғын кезектестіріп секіру; биіктіктен секіру; 20 см дейінгі биіктіктікке секіру.
Лақтыру, қағып алу, домалату: қос қолмен допты жоғары, жіптің үстінен домалату, допты еденнен ыршытып жоғары лақтырып, қос қолмен қағып алу (4–5 рет); допты бір қатарға қойылған заттар арасымен домалату; допты қабырғаға ұрып және еденнен ыршытып қос қолмен қағып алу; 2–2,5 м арақашықтықтағы нысанаға допты, қапшықты, тасты, асықты дәлдеп лақтыру; допты екі қолымен бір- біріне (арақашықтығы 1,5–2 м) басынан асыра лақтыру; допты екі қолымен заттар арасымен жүргізу (арақашықтығы 4 м); алға қарай жылжып, қос қолмен допты лақтырып, қайта қағып алу (арақашықтығы 4–5 м).
Еңбектеу және өрмелеу. Биіктігі 40 см жіптің астынан қолды еденге тигізбей, бүйірімен еңбектеу; гимнастикалық орындық үстінде ішпен, арқаға қапшық қойып еңбектеу; көлбеу басқышпен өрмелеп гимнастикалық қабырғаға өтіп, сатыдан ұстай отырып қайта түсу; гимнастикалық орындық астынан еңбектеу; доға астымен еңбектеу (биіктігі 50 см); доғаның астымен қолына допты ұстап еңбектеу (биіктігі 50 см); құрсаудың ішіне кіру(биіктігі 50 см); көлбеу басқышқа шығу, доғаның астымен төрт тағандап, допты басымен итеріп еңбектеу; кедергілер арасынан және қолды еденге тигізбей доға астынан еңбектеу; қолды еденге, шеңбердің шетіне тигізбей оң және сол жақ бүйірімен топталып шеңбердің ішінен өту.
Тепе-теңдік: заттардан аттап жүру; шектелген беткей үстімен адымдап, аяқ ұшымен жүру; орындық үстімен текшелерден аттап, әр қадам сайын допты алдынан немесе артынан қолдан-қолға ауыстыра отырып, басына қапшық қойып жүру; арқан бойымен бір жақ жанымен қырындап (өкшені арқанға, аяқ ұшын еденге) жүру; кедір-бұдыр тақтай үстімен жүру.
Сапқа тұру, қайта сапқа тұру. Сапқа бір қатармен тұру; сап түзеуден бір және екі қатармен қайта тұру; бір орында және қимыл үстінде оңға, солға бұрылу; қатарда – қолды алға, сап түзеп жүргенде және шеңбер жасағанда – қолды жан-жаққа созып тік тұру; секіріп және аттап оңға, солға айналып бұрылу, айнала аттап және секіріп өту.
Музыкалық-ырғақтық жаттығулар. Музыка ырғағына сәйкес түрлі қарқында қимылдар жасау. Өздеріне таныс дене жаттығуларын музыка әуенімен әсем де, ырғақты етіп орындау. Аяқты өкшеге кезектестіріп қойып, топылдату. Бір қырымен тізе бүге отырып жүру. Қарапайым музыка ырғағына сай қолды шапалақтау. Түзу бағытта шоқырақтап жүру. Жұптасып, шеңбер бойымен қозғалу.
Жалпы дамытушы жаттығулар
Қол мен иық белдеуіне арналған жаттығулар. «Қол кеуденің алдында» қалпынан қолды жанына қарай созу, «қолды желкеге қою» қалпынан қолды жоғары көтеру және жанына қарай созу. Қол саусақтарын айқастыру «құлып», алға-жоғары көтеру (алақанды сыртқа қарай айналдыру). Қолды бір мезгілде жоғары-артқа бір мезгілде және кезектесіп көтеру.
Кеудеге арналған жаттығулар. Допты басынан асыра (алға және артқа) бір-біріне беру. Қолды алға созып оңға, солға бұрылу. Гимнастикалық қабырғаға қарап тұрып, белінің тұсынан жіңішке тақтайшаны ұстап, алға еңкейіп, иілу.
Гимнастикалық қабырғаға арқасымен тіреліп тұрып, қолын белінің тұсына сай рейкадан ұстап, аяқты кезектестіре бүгу және тік көтеру. Алға еңкейіп, алақанын еденге тигізу, айқасқан қолдарын артына көтеру, екі жанына созылған қолдарын жоғары көтеру. Тізерлеп тұрып, алға еңкею, отыру.
Дене күшін арттыратын жаттығулар. 5 метрге дейін қолмен жүру (екінші бала бірінші баланың аяғынан ұстап жүреді).
Іштің бұлшық еттеріне (пресс) арналған жаттығулар. Екі бала жұптасып жасайды: бірінші бала қолын желкесіне қойып, шалқасынан жатып, денесін көтереді, екіншісі оның аяғына отырады (5–6 рет); гимнастикалық қабырғада қолдарымен тартылып тұрып, аяқтарын қосып сермейді (5–6 рет).
Арқаға арналған жаттығулар: топтасып отырған күйі алға, артқа «әткеншек» жасап домалау (5–6 рет), 3 метрге дейін қолдың көмегімен етпетінен жатып еңбектеу.
Аяққа арналған жаттығулар. Аяқтың ұшымен тұру. Аяқтың ұшын жерден алмай, өкшені жоғары көтеріп-түсіру. 2–3 рет қатарынан жартылай отырып, тұру. Қолды алға созып, қолмен тізеге сүйеніп, қолмен тізені құшақтап және басты иіп жүрелеп жүру. Аяқты кезекпен алға және жан-жаққа қойып, отыру. Ұсақ заттарды аяқтың саусақтарымен қысып алып, орнын ауыстыру.
Спорттық жаттығулар
Шанамен сырғанау. Төбешіктен бір-бірлеп және екі-екіден шанамен сырғанау. Шанамен төбешікке көтерілу.
Сырғанау. Өздігінен мұзды жолмен жүгіріп келіп сырғанау; сырғанау кезінде тізені бүгіп және орнынан тұру.
Шаңғымен жүру. Оң және сол аяқтарымен сырғанай отырып, бірінің артынан бірі кезектескен адыммен алға жылжу. Қиылысқан бос жерлермен жүру. Бір орнында тұрып айналып оңға, солға аттау, екі жаққа шеңбер жасау.
Велосипед және самокат тебу. Шеңбер бойымен және тура жолмен қос дөңгелекті велосипед тебу. Оңға және солға бұрылу.
Жүзу. Судың таяз жерінде отырып және жатып аяқпен қимылдар жасау (жоғары және төмен). Судың ішінде қолымен алға, артқа жүру (аяғы денесімен деңгейлес созылған). Иек, көз деңгейіне дейін суға отыру, суға бетін батыру, суға үрлеу.
Судағы аэробика. Бұрылыстар жасай отырып, суда қимылдар жасау.
Спорттық ойын элементтері
Баскетбол. Кеуде тұсынан қос қолмен допты бір-біріне лақтыру.
Допты оң және сол қолмен алып жүру.
Бадминтон. Воланды ракеткамен белгілі бір жаққа бағыттай отырып қағып лақтыру.
Футбол. Берілген бағытқа допты оң және сол аяқпен домалату. Доппен затты айналдыра жүру. Допты шұңқырға, қақпаға домалату. Допты қатарынан бірнеше рет қабырғаға соғу.
Хоккей. Берілген бағытта, қақпаға доптаяқпен шайбаны сырғанату, оны қақпаға енгізу.
Дербес қимыл белсенділігі
Ойындарды дамытуға ықпал ететін, спорттық жабдықтармен және түрлі құралдармен қамтылған қозғалыстық ортаны жасау.
Көпнұсқалық ойындар үшін кеңістікті ұйымдастыру. Ойындар, қозғалыстар, жаттығулар картотекасын құру.
Құрдастарымен жарыстар ұйымдастыру, олардың ережелеріне бағыну дағдыларын қалыптастыру.
Шынықтыру және сауықтыру жұмысы
Балаларды ауа райына сәйкес киіндіріп, күнделікті таза ауаға шығуларын ұйымдастыру.
Балалардың қарапайым су шараларын жүргізудің дербес дағдыларын бекіту.Жергілікті шаралардың температурасын біртіндеп төмендету.
Ертеңгілік гимнастиканы (10-12 минут) орындауға қызығушылықтарын ояту.
Дене бітімін және аяқ өкшелерінің нығаюын қалыптастыру.
Күтілетін нәтижелер:
- дене бітімін дұрыс қалыптастыруға бағытталған ертеңгілік гимнастиканың жаттығулар кешенін орындай алады;
- негізгі қимылдардың алуан түрлерін орындауда, сандық және сапалық көрсеткіштерге ие;
- салауатты өмір салты дағдыларын ұстанады, дене қасиеттерін танытады;
- тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында қауіпсіз мінез- құлық білімдерін игерген;
- қозғалыс ойындарында ойын ережелерін сақтайды, шығармашылық, танымдық және сөйлеу қабілеттерін көрсетеді;
- бір қатарға қайта тұра алады, сап түзеп жүруден бір және екі қатармен қайта тұра алады, бір орында бұрылады;
- спорттық ойын элементтерін меңгерген;
-гигиеналық шараларды дербес орындайды;
- шынықтыру шараларының маңыздылығы мен қажеттілігін түсінеді;
- шараларды орындау кезінде ересек адамның көмегімен қауіпсіздік ережелерін орындайды;
- дене бітімін дұрыс қалыптастыру мен аяқ табанын нығайтуға арналған жаттығуларды орындау дағдыларын меңгерген.