Лекция. ҚР-да әскери қызметпен сотталғандарға қатысты жазаны орындау тәртібі.

1. ҚР-да әскери қызмет бойынша шектеуді орындаудың тәртібі мен жағдайын құқықтық реттеу.
2. Сотталған әскери қызметшілерге қатысты абақтыда ұстау түріндегі жазаны орындау тәртібі мен жағдайы.

1. ҚР-да әскери қызмет бойынша шектеуді орындаудың тәртібі мен жағдайын құқықтық реттеу.
ҚР Қылмыстық кодексінің 44-ші бабына сәйкес әскери қызмет бойынша шектеу төмендегі тұлғаларға тағайындалады:
1. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген, сотталған әскери қызметшiлерге;
2. Шақыру бойынша әскери қызметiн өтеп жүрген офицерлерге;
3. Келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген, сотталған әскери қызметшiлерге осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген түзеу жұмысының орнына үш айдан екi жылғадейiнгi мерзiмге.
Соттың үкiмiне сәйкес әскери бөлiмнiң командирi соттан үкiмнiң көшiрмесi мен оны атқару туралы өкiм келiп түскен соң үш күннен кешiктiрмей бұйрық шығарады, онда келесі жағдайлар көрсетілуі тиіс:
1. Сотталған әскери қызметшi қандай негiзде және қандай мерзiм iшiнде лауазымды өсiруге және әскери атақ беруге ұсынылмайтыны;
2. Кезектi әскери атақ беру үшiн еңбек сiңiрген жылдарына қандай мерзiм есептелмейтiнi;
3. Сотталған әскери қызметшiнiң ақшалай үлесiнен әскери қызмет бойынша шектеудi өтеу кезеңiнде тиiстi бюджетке қандай мөлшер ұсталып қалатыны.
Бұйрық әскери бөлiмде жарияланады, сотталған әскери қызметшiнiң назарына жеткiзiледi және атқаруға қабылданады.
Үкiмнiң келiп түскенi туралы, тиiстi бұйрықтың шығарылғаны туралы және оның атқарылуға қабылданғаны туралы әскери бөлiмнiң командирi үкiмдi шығарған сотқа үш күн мерзiмде хабарлайды. Бұйрықтың көшiрмесi сотқа жiберiледi.
Жоғарыда көрсетілгендей, әскери қызмет бойынша шектеуге сотталған әскери қызметшiнiң жазаны атқару тәртiбiнде соттың үкiмiмен белгiленген мерзiм iшiнде лауазымын жоғарылатуға болмайды. Егер жасаған қылмысының сипаты мен өзге де мән-жайлар ескерiле отырып, сотталған әскери қызметшiнi бағыныштыларға басшылық етуге байланысты қызметте қалдыру мүмкiн болмаса, ол әскери бөлiмнiң тиiстi командирiнiң шешiмi бойынша әскери бөлiмнiң iшiнде де, басқа бөлiмге ауыстырылуына байланысты да басқа лауазымға ауыстырылады, бұл туралы үкiмдi шығарған сотқа хабарланады.
Соттың үкiмiмен белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн сотталған әскери қызметшi ҚР-ның заңдарында көзделген негiздер бойынша әскери қызметтен босатылуы мүмкiн. Бұл жағдайда әскери бөлiм командирi сотқа жазаның өтелмей қалған бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстыру туралы не жазадан босату туралы ұсыныс жолдайды.
Әскери қызмет бойынша шектеуге сотталған адамның үлес қаражатынан соттың үкiмiмен белгiленген, бiрақ жиырма проценттен аспайтын мөлшерде мемлекеттiң кiрiсiне ақша ұсталып қалады. Сотталған әскери қызметшiнiң ақшалай үлесiнен соттың үкiмiмен белгiленген ұстап қалу лауазымдық айлық ақысынан, әскери атағы бойынша үстеме ақысынан, ай сайынғы және өзге үстеме ақылары мен басқа да қосымша ақша төлемдерiнен есептеледi.
ҚР ҚАК 142 бабына сәйкес сотталған әскери қызметшiмен әскери бөлiмнiң командирi жасаған қылмысының сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiн, сотталған әскери қызметшiнiң жеке басын, сондай-ақ оның мiнез-құлқы мен әскери қызметке көзқарасын ескере отырып тәрбие жұмысын жүргiзедi.
Соттың үкiмiмен және әскери бөлiм бойынша жарияланған бұйрықпен белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн үш күннен кешiктiрмей әскери бөлiмнiң командирi әскери қызмет бойынша шектеу түрiндегi жазаның атқарылуын тоқтату туралы оның тоқтатылатын күнi көрсетiлген бұйрық шығарады. Бұйрықтың көшiрмесi үкiмдi шығарған сотқа жiберiледi.

2. Сотталған әскери қызметшілерге қатысты абақтыда ұстау түріндегі жазаны орындау тәртібі мен жағдайы.
ҚР ҚК 46 бабында көрсетілген ережеге сәйкессотталған әскери қызметшiнi тағайындалған жазаның барлық мерзiмiнде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайында ұстауды бiлдiредi. Абақтыда ұстау бiр айдан үш айға дейiнгi мерзiмге белгiленедi.
Абақтыда ұстауға сотталған әскери қызметшiлер жазаны өтеу үшiн үкiмдi атқару туралы соттың өкiмi алынғаннан кейiн әскери жарғыларда белгiленген тәртiппен үш күн мерзiмде абақтыға жiберiлуге тиiс.
Абақтыда ұстауға сотталған әскери қызметшiлер жазаны абақтыда өтейдi. Офицерлер, сержанттық, старшиналық және қатардағы құрамдардың әскери қызметшiлерi өзге негiздер бойынша абақтыда ұсталатын әскери қызметшiлерден бөлек және жеке ұсталады.
Абақтыда ұстауға сотталғандар құлыпталатын жалпы камераларда қатаң оқшаулау жағдайында жазасын өтейдi. Еркектер мен әйелдер бөлек орналастырылады. Абақтыда ұстау түрiндегi жазаны орындау жөнiндегi қызметтi ұйымдастыру тәртiбi әскери жарғыларда айқындалады. Абақтыда ұстауға сотталғандардың айдауылсыз жүруiне тыйым салынады.
Абақтыда ұстау түрiндегi жазаны өтеу кезінде ҚР ҚАК- мен келесі жағдайларға тиым салынады:
- абақтыда ұстау түрiндегi жазаны уақыты әскери қызметтiң жалпы мерзiмiне және кезектi әскери атақ беруге арналған еңбек сiңiрген жылдарына есептеуге;
- жазаны өтеу уақытында сотталушыны кезектi әскери атақ беруге, жоғары қызметке тағайындауға, жаңа қызмет орнына ауыстыруға:
- әскери қызметтен босатуға ұсынуға, бұған денсаулығы бойынша қызметке жарамсыз деп танылған жағдайлар қосылмайды;
- абақтыда ұстауға сотталған әскери қызметшiлерге жазасын өтеу уақытында ақшалай үлес төлеуге.
Абақтыда ұстау түрiндегi жазаны өтеуге бұрын бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтегендер қабылданбайды. Абақтыда ұстау түріндегі жазаны ерекше тәртіптік батальондар немесе ерекше тәртіптік роталар атқарады. Тәртіптік бөлімдердің ұйымдық құрылымы мен олардың санын ҚР-ның Қорғаныс министрлігі белгілейді.
Тәртіптік бөлімдерге жалпы басшылықты кұрылымның тиісті бөлімшелері арқылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі іске асырады. Сотталғандарды абақтыға жіберу мен қабылдау ҚР-ның Қорғаныс министрлігі белгілеген тәртіппен іске асырылады. Абақтыда ұсталатын сотталғандарға ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің ережелеріне сәйкес негізгі түзеу амалдары, сондай-ақ әскери оқу жүргізіледі. Сотталған әскери қызметкерлер ҚР Қорғаныс министрлігінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген режим талаптарын сақтауға міндетті. Абақтыда ұстау түріндегі жазаны өтеу кезеңінде барлық сотталғандар өздерінің әскери атағы мен бұрынғы қызметінің сипатына қарамастан солдаттардың (матростардың) жағдайында болады және бөлімге белгіленген киім түрі мен айыру белгілері бірыңғай болады.
Абақтыда ұстау түрiндегi жазаға сотталғандарға:
- өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражатын ай сайын үш айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi
мөлшерде тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға жұмсауға;
- бiрiншi кезекте қажеттi заттар мен маусымдық киiм-кешек салынған посылкалар,
сәлемдемелер, бандерольдер алуға;
- адвокаттармен кездесуге;
- ұзақтығы кемiнде бiр жарым сағат болатын күнделiктi серуен жасауға рұқсат етiледi.
Ерекше жеке мән-жайлар кезiнде абақтыда ұстауға сотталғандарға жұбайымен (зайыбымен), жақын туыстарымен телефон арқылы сөйлесуге рұқсат етiлуi мүмкiн.
Сотталғандарды әскери оқыту әскери қызметшi жауынгерлiк қызметiн өткерiп жүрген уәкiлеттi мемлекеттiк орган әзiрлейтiн арнайы бағдарлама бойынша ұйымдастырылып, жүргiзiледi. Сабақтарды өткiзу үшiн қажеттi оқу-материалдық база жасалады.
Сотталғандарға үлгілі мінез-құлқы үшін алғыс айту немесе бұрын қолданылған жазаны мерзімінен бұрын алу түріндегі мадақтау шаралары қолданылады. Жазаны етеу тәртібін бұзғаны үшін сотталғанға сегіс жариялау немесе он тәулік мерзімге дейінгі жалғыз адамдық камераға ауыстыру түріндегі жазалар қолданылуы мүмкін. Мадақтау мен жазалау шараларын қолдануға гарнизонның бастығы мен әскери коменданты құқылы. Қамау түріндегі жазаны өтеу уақыты әскери қызмет істеудің саяси мерзіміне және кезекті әскери атақ беру кезеңі жылдарына есептелмейді. Жазаны өтеу уақытында сотталғанға кезекті әскери атақ беруге, жоғарғы лауазымды қызметке тағайындауға, жаңа қызмет орнына ауыстыруға, яғни әскери қызметтен босатуға ұсынуға болмайды, тек денсаулығы бойынша қызметке жарамсыз деп танылған жағдайда ғана болмаса.
Қамауға сотталған әскери қызметкерлерге жазасын өтеу уақытында ақшалай үлесі төленбейді.
Сотталғандар заң көмегін алу үшін қорғаушысымен оңаша кездесуге хақы бар. Бұл кездесудің уақытын шектеуге болмайды.
Ерекше жағдайларға - жұбайының (зайыбының), жақын туысының өлуіне немесе науқастың халсіз жатқанында, сотталғанға немесе оның отбасына апаттың салдарынан елеулі материалдық залал келтірілуіне байланысты, оған абақтыдан тыс жерге, бару-қайту жолын есептемегенде ұзақтығы жеті тәулікке дейін қысқа мерзімді уакытқа барып келуге рұқсат берілуі мүмкін. Сотталғанның абақтыдан тыс жерінде болған уақыты жазаны өтеу мерзіміне есептелмейді.
Сотталғандарға мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлерге көзделген демалыстар берілмейді.
Сотталғандар абақтының өндірістік кәсіпорындарына (объектілерге) немесе Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі белгілеген басқа объектілерге еңбекке тартылады.
Сотталғандарды әскери кәсіпорындардан жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік болмаған жағдайда, басқа мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарға режим талаптары сақталып еңбекке тартылуы мүмкін.
Сотталғандардың еңбегі еңбек туралы занда белгіленген еңбекті корғау, кауіпсіздік техникасы мен өндірістік санитария ережелері сақтала отырып, қолданылып жүрген зандарға сөйкес ұйымдастырылады.
Сотталғандар орындайтын жұмыстарға қолданылып жүрген зандарға сөйкес сол кәсіпорнында (ұйымда) белгіленген нормалар мен бағалар қолданылады. Сотталғандарға есептелген табыс сомалары теленбейді.
Сотталғандардың еңбегі үшін кәсіпорындардьщ (ұйымдардың) есептеген сомасының 55 пайызы абақтыны қаражаттандыру, оның өндірістік базасын құру мен дамыту, сотталғандарды материалдық көтермелеу және олардың әлеуметтік-тұрмыстық мұктаждарын шешу қорын кұру үшін аударылады, ал қалған бөлігі мемлекеттің кірісіне аударылады.
Сотталғандармен тәрбие жұмысын тәртіптік әскери бөлімнін командованиесі ұйымдастырып, жүргізеді. Ол Казақстан Республикасы ҚАК-нін 103, 106-баптарында жазылған принциптерде жүргізіледі.
Сотталғандарға әскери жарғылардың талаптарына сәйкес кажетті тұрғын-үй тұрмыстық жағдайлар жасалады.
Сотталғандар Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен нормалар бойынша азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
Сотталғандар заттай мүлікпен өздері үшін белгіленген нормалар бойынша қамтамасыз етіледі.
Сотталғандарды медициналық жағынан қамтамасыз ету әскери жарғылардың талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Стационарлық жағдайда емделуге мұқтаж сотталған емделу үшін госпитальге күзетпен жіберіледі және онда арнайы жабдықталған палаталарда ұсталады. Сотталғандарды госпиталь шегінде күзету ол орналасқан аумақ бойынша гарнизон бастығының күштерімен және кұралдарымен жүзеге асырылады.
Темекі үлесінің орнына акшалай өтемақы тәртіптік әскери бөлімнен босату кезінде колына беріледі.
Сотталғандар қолма-қол есеп айырыспай сатып алуына немесе посылкалармен, бандерольдерімен және сәлемдемелермен рұқсат етілетін бірінші кезектегі кажетті нәрселер мен тамақ өнімдерінің тізбесін Казақстан Республикасының Корғаныс министрлігі анықтайды.
Тәртіптік әскери бөлімде ұстау түріндегі жазаны өтеуші денсаулык жағдайы бойынша әскери-дәрігерлік комиссия әскери кызметке жарамсыз немесе бейбіт уақытта жарамсыз деп танылған адамдарды сот жазадан мерзімінен бұрын босатуы, не жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жұмсағымен ауыстыруы мүмкін.


11 лекция.
Алдын ала қамауға алуды атқарудың құқықтық реттелуі.

1. Тергеу оқшаулағышы - алдын ала қамауға алудағы негізгі орын ретінде. Тергеу
оқшаулағышының пайдаланатын жері, міндеті және құрылымы.
2. Алдын ала қамауға алуды атқарудың құқықтық негіздері, тәртібі және шарттары.
3. Алдын ала қамауға алу орнынан босату негіздемелері мен тәртібі.

1. Тергеу оқшаулағышы - алдын ала қамауға алудағы негізгі орын ретінде. Тергеу
оқшаулағышының пайдаланатын жері, міндеті және құрылымы.
Алдын ала қамауға алу туралы ережелердің 4-бабына (Алдын ала қамауға алатын орын) сәйкес, алдын ала қамауға алатын орын деп тұтқындау (қамау­ға алу) түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленген тергеу оқшаулағышы таны­лады. Осыған орай, тергеу оқшаулағыштары өзінің атауы, мөрі, штаттық кес­тесі және басқа да рәміздері бар мемлекеттік арнаулы мекеме ретінде заңды тұлға болып табылады. Оларды өздерінің бастықтары басқарады. Қабылдау, орналастыру, қадағалау жүргізу, тұтқындалғандарды қажетті тамақтандыру нормасымен, дәрігерлік қызмет көрсету, жедел-іздестіру шаралары, ком­му­налдық-тұрмыстық қызмет көрсету, тұтқындалғандарды күзету және басқа да алдын ала қамау (тұтқындау) мақсатын қамтамасыз ету сияқты тергеу оқшаулағышындағы барлық жұмыстарды арнайы жасақталып, үйретілген қыз­меткер адамдар атқарады.

Тергеу оқшаулағыштары ҚР-ның ІІМ мен ҚР ҰҚК-нің қарамағында болып және тергеу мен сотталушыға қатысты арнайы бас бостандығынан айыру орны болып саналады. Тергелушіге және сотталушыға арналған бос­тандығынан айырудың мұндай орны 1918 жылғы кеңес үкіметінің алғашқы нормативтік құжаттарының бірі – «Бас бостандығына айыру жаза шарасы ре­тінде және оны өтеу тәртібі туралы» Уақытша нұсқауында айтылған. Мұнда­ғы бас бостандығынан айыру орындары арасында тергеудегі адамды сотқа дейін уақытша ұстауға арналған тұтқындау үйлері мен жалпы қамауға алу орындары (түрмелер) аталған, бұл жерде онша қауіпті емес ұсталғандар тұт­қындау үйінде, ал қауіптілері түрмелерде ұсталатын болған. Тергеудегі неме­се соттағы әскери қызметшілер әскери бөлімдер мен гарнизондардағы гаупт­вахталарда ұсталатын болды. Бұл нормативтік құжат тергеудегі адамды қыл­мыстық жазасын өтеп жатқан адамдардан бөлек ұстау принципін қарастыр­ды. Алдын ала қамау орындарын дамыту осы орындарды өз алдына бөлек мекеме түріне айналдырумен бірге жүргізілді. Мұндай оқшаулағыштар өз алды­на бөлек бас бостандығынан айыру орны болумен бірге басқа да бас бостан­дығынан айыру орындарында бөлім ретінде де ұйымдастырылды. Жалпы қа­мауға алу орны, түзеу үйлері, қамау үйлері, тергеудегілерге арналған оқшау­лағыштар, атап айтқанда бұрынғы ескі түрмелерге орналастырылды. Сол кез­ден және 1964 жылға дейін түрмелер алдын ала қамауға алу орны мен бас бостандығынан айыру жазасын өтеушілерге арналған еңбекпен түзеу мекеме­сі ретінде екі қызметті бірдей атқарып келді.

1964 жылдың 1-қаңтарынан алдын ала қамау орындарының өз алдына бөлек дербестігі принципі қалпына келтіріліп, көптеген түрмелер тергеу оқ­шаулағыштарына қайтадан жабдықталды, ал олардың міндеттері, қызметі мен тұтқындағыларды ұстау режимінің талаптары арнаулы нормативтік акті – КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1969 жылғы 11-шілдедегі және осы күнге дейін ҚР-ның аумағында қолданыста жүрген «Алдын ала қа­мау туралы ережелерінде» құқықтық мәртебеге ие болды. Алдын ала қамау орнына айналған тергеу оқшаулағыштары күдікті, айыпталушы және сотта­лушы деп саналған адамдарды бұлтарпау шарасы ретінде тұтқындауға арнал­ған орын болды.

Айыпталушы – заңмен белгіленген тәртіп бойынша айыпталушы ретін­де жауапқа тарту туралы қаулы шығарылған қылмыстық іс жүргізуге қатысушы адам.

Адамды айыпталушы ретінде жауапқа тарту оны қылмыс жасауға кінәсі бар деген қорытынды емес. Кінәсіздік презумпциясына байланысты адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі (ҚР Конституциясы 77-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы). ҚР-ның ҚІЖК 69-бабы «айыпталушы» деген ұғымға нақты анықтама береді. Сол бойынша, өзіне қатысты айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулы шықққан адам, не өзіне қатысты сотта жеке айыптайтын қылмыстық іс қозғалған адам, сондай-ақ оған қатысты анықтау органының бастығы айыптау хаттамасын жасаған және бекіткен адам айыпталушы болып танылады. ҚР ҚІЖК осы нормасы айыпталушының құқық көлемін де анықтайды.

Айыпталушы – қылмыстық жауаптылық пен сотқа тартылған адам. ҚР ҚІЖК 69-бабы іс бойынша басты сот талқылауы тағайындалған айыпталушыны сотталушы деп атайды.

Сезікті – тергеуші, анықтаушы қылмыс жасады деп күмән келтірілгендігін хабарлап, соған байланысты ҚР ҚІЖК белгіленген негіздерді және тәртіппен өзіне қатысты қыл­мыстық іс қозғалған, не ұстау жүзеге асырылған, не айып тағылғанға дейін жолын кесу шарасы қолданылған адам.

Адамды сезікті деп тану үшін мыналар қажет: адамды қылмыс жасады деп сезіктену үшін негіз болатын дәлелдемелер; ұстау үшін немесе айып тағыл­ғанға дейін бұлтартпау шарасын қолдану үшін заңмен қарастырылған не­гіздер мен шарттар; бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы, немесе ұстау туралы қаулы, немесе ұстау туралы хаттама.

Сезікті адам деп ұсталғаннан кейін 72 сағаттан және айып тағылғанға дейін бұлтартпау шаралары кезінде 10 тәуліктен артық емес уақыт ішінде ға­на саналады (ҚР ҚІЖК 68-бабының 3-бөлігі).

Қамаудағы адамдардың денін дәл осы адамдар (сезікті, айыпталушы, сот­талушы) құрайды. Тергеу оқшаулағышында бұлтартпау шаралары қолданыл­ған қамауға алынған адамдардан басқа да әртүрлі санаттағы сотталғандар ұсталады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 69-бабына сәйкес, іс бойынша айыптау үкімі шығарылған адам сотталған адам деп та­нылады.

Бұл жерде тергеу оқшаулағышында отырған сотталған адам туралы айт­қанда, үкім заңды күшіне енген 10 күн ішінде олар жазаны өтеу орнына жө­нелтілуі тиіс екенін естен шығармауымыз керек, алайда кейбір санаттағы сотталғандар тергеу оқшаулағышында ұстала береді. Ондай санаттағы адам­дардың қатарына мыналар жатады (ҚР ҚАК 72-ші бабы):

- жазаны өтеу орындарына айдалуға жататын сотталғандар;

- тергеу оқшаулағышында шаруашылық жұмыстары үшін қалдырылған сотталғандар;

- басқа адам жасаған қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттерін жүргі­зуге немесе осындай
істерді сотта қарауға байланысты түзеу мекемелерінен ауыстырылған сотталғандар;

- жазасын түзеу мекемелерінде өтеп жүрген, бірақ қылмыстық жауап­тылыққа тартылған және
қамауға алу (тұтқындау) түрінде бұлтартпау шара­лары таңдалған сотталғандар;

- соттың анықтауы бойынша арнаулы үлгідегі психиатриялық ауруха­наға мәжбүрлеп емдеуге
жіберуге жататын адамдар;

- жолшыбай-басқа жерге ауыстырылатын қамалғандар мен сотталған­дар;

- өлім жазасына сотталғандар.

Осы аталған санаттағы адамдар әр алуан құқықтық жағдайларға ие болады және мұны тергеу оқшаулағышының қызметкерлері жақсы түсіне біліп, заң­намалардың түрлі саласын тиісінше қолдана білулері тиіс. Осыған байла­нысты олардың арнайы дайындықтары, тиісті іскерлік, имандылық, дене кү­шіндік және басқа да қасиеттері болуы керек.

Тергеу оқшаулағышына төмендегіше негізгі міндеттер жүктеледі:

- қамауға алынған адамдарды ұстаудың тәртібін ұймдастырып және оны қамтамасыз ету,
сондай-ақ заңды күшіне енген үкімдердің орындалуын қамтамасыз ету;

- тергеу мен соттан жалтаруға немесе қылмыстық іс бойынша шындық­ты ашуға кедергі
келтірмейтіндей, қылмыстық іс-әрекеттер жасай алмай­тындай жағдайда, тиісті мәнде
қамаудағыларды оқшаулау мен күзету;

- қажетті тіршілік-тұрмыстық жағдай туғызу, белгіленген норма бой­ынша тамақ беру және
басқа да материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету түрлеріне, сондай-ақ ондағы адамдарға
дәрігерлік көмек көрсетуге жағдай жасау;

- алдын ала қамауға алу туралы Ережелердің, қылмыстық іс жүргізу заңнамаларының
баптарындағы, Әділет министрлігінің нормативтік актіле­ріндегі нұсқауларды, сондай-ақ
тергеушілердің тапсырмаларын, прокурор мен соттың өкімдерін дер кезінде және бұлжытпай
орындау;

- тергеу оқшаулағышындағы шарауашылық жұмыстарын орындау үшін қалдырылған
сотталғандарға қатысты жазаны атқару.

Тергеу оқшаулағышын ҚР-ның ІІМ құрып және жояды. Оған арналған ғимараттарды жобалау мен құрылысы белгілі бір талаптарға сай жүргізіледі: құрылыс алаңы таңдап алынады – ол тәртіп бойынша қалаға таяу, шеткері, темір жолы немесе басқа да жолдар жа­қын өтетін, тұрғын үй-жайлардан, мәдени-тұрмыстық ғимараттар мен меке­мелерден, ұра-жардан, жерасты коммуникациясы өтетін жерлерден жырақ ыңғайлы орынға орынға орналасуы тиіс. Тергеу оқшаулағышының аумағы онда ұсталатын бас бостандығынан айырылған әрбір адамға шаққанда, әрі әкімшілік үй-жайын (штаб, бақылап-өткізу пункті), режимдік корпус, шаруа­шылыққа арналған ғимараттар (монша, кір жуатын, тамақ сақтайтын орын, аурухана), өндірістік орын, күзеттік дабылдағышы бар қоршау және басқа да құрылыстарды қоса есептегенде 50-70 шаршы метрден келуі керек.

Әсіресе ерекше талаптар режимдік корпустағы камералық орындар құры­лысы мен қайта салу жұмысында сақталуы тиіс. Олар сыртқы орта мен ара­лас бөлмелерден оқшауланып, беріктігі қамтамасыз етілуі керек. Камералар құрғақ, ауа кіретіндей, жарық түсетіндей болуы керек. Тұтқындалғандардың оқшаулағыш ішіндегі жүріс-тұрысын азайту үшін әрбір камерада су құбыры мен дәретхана болуы керек. Қамаудағылардың табиғи қажеттіліктерін ескере отырып оларды таза ауаға шығарып отыру қажет, ол үшін кірпіштен салын­ған режимдік корпустың жоғарғы қабатында заңмен белгіленген уақыт бой­ынша сейілдеу алаңы жабдықталуы тиіс.

БҰҰ І-Конгресінде (Женева, 1955 жыл) қабылданып, Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің 1957 жылғы 31-шілдедегі және 1977 жылғы 13-мамыр­дағы қарарларында қамаудағыларды ұстаудың төменгі қалыпты тәртібі қабылданып, ол осы қарардың 10-14-баптарында былайша белгіленген: «қа­маудағылар пайдаланытын барлық орындар, әсіресе барлық жатын орындар санитарлық нормалар мен талаптарға жауап беретіндей болуы керек, бұл жерде басты назар климаттық жағдайға, олар ұсталатын бөлменің көлеміне, оның жарықтығы мен жылылығына, ауа алмасуына салынуы тиіс. Қамауда­ғылар тұратын және жұмыс істейтін орындарда күндізгі жарықта оқи ала­тындай және жұмыс істей алатындай тиісті мөлшердегі терезелер болуы ке­рек, жасанды желдеткіштің бар-жоқтығына қарамастан таза ауа кіріп тұруы тиіс; жасанды жарық қамаудағылардың көзіне зақым келтірмейтіндей оқуға және жұмыс істеуге лайық болуы керек. Санитарлық қондырғылар ондағы­лардың табиғи қажеттерін өтеуге ыңғайлы, таза әрі әрқашанда жұмыс істеп тұруы тиіс.

Монша қондырғылары мен су себелеткіш шүмектер саны жуынатын адам­дарға жетерліктей болуы керек, ауа райы ыстық аймақтарда қажет болған жағдайда, ал ауа райы салқын жақтарды ең болмағанда аптасына бір рет та­залық сақтау үшін жуынып-шайынып тұруы тиіс. Қамаудағылар үнемі пай­даланатын жайлар қашанда жинақы және қатаң тазалықта болуы тиіс».

Тергеу оқшаулағышының барлық қызметі ҚР ІІМ-нің бұйрығымен тағайындалатын тергеу оқшаулағышы бастығы­ның басқаруымен жүзеге асырылады. Оған барлық бөлімдер мен қыз­мет­тердің жұмыстарын, жеке құрамның өзара әрекеттестігін, оқуы мен тәр­бие­сін ұйымдастыру жүктеледі. Ол қызметкерлердің қызметтік дайындығын қамтамасыз етіп, қамаудағыларға ғана емес, барлық жеке құрамға қатысты заңдылықты сақтауды қатаң бақылайды. Тергеу оқшаулағышы бастығының жедел жұмыстар жөніндегі, күзет және режим жөніндегі, қамаудағылармен тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарлары, сондай-ақ жеке құрамның әлеуметтік жұмыстары жөніндегі көмекшісі болады.

Тәрбие бөлімін тергеу оқшаулағышы бастығының орынбасары немесе аға нұсқаушы басқарады. Нұсқаушылардан басқа тәрбие бөлімі жұмыстарын жүргізетін қызмет құрамына клуб бастығы (клуб болса), кітапханашы, кино­механик, радист кіреді.

Арнаулы бөлімді бөлім бастығы немесе аға инспектор басқарады. Ол бірқатар қызметтерді атқаруға арналған, әсіресе мұнда қамалғандар мен сот­талғандардың іс-қағаздары толтырылады, тергеу оқшаулығышында ұсталу­шылардың жеке және жалпы сандық есебін жүргізіп, олардың жүріс-тұры­сын бақылайды; тиісті құжаттарды ақпараттық аппараттарға жөнелтіп отыра­ды; сотталушылардың кешірім сұрау, босату туралы өтініштерін жасайды; тергеу оқшаулығышы қызметіне байланысты ведомстволық нормативтік ак­тілер мен құжаттарды сақтап және солардың тіркеу есебін жүргізеді.

Жедел бөлімді тергеу оқшаулағышы бастығының жедел жұмыстар жө­ніндегі орынбасары немесе жедел бөлім бастығы басқарады. Оның құрамына қамаудағылар мен сотталушылардың режимды сақтау жөніндегі, олардың тарапынан бола қалған құқық бұзушылықтарды ескерту жөніндегі, сондай-ақ жедел қызметтер мен тергеу аппараттарына көмек көрсететін жедел қызмет­шілер кіреді.

Күзет қызметі тергеу оқшаулағышы ұсталған адамдаға қатысты тиісті күзету мен қадағалауды жүзеге асырады. Бұл қызмет құрамына тергеу оқ­шаулағышы бастығының кезекші көмекшісі, ауысымдық кезекші бақылау­шылар, әскери және арнайы дайындық бойынша аға нұсқаушысы кіреді. Бұл қызметтің қызметкерлері бас бостандығынан айырылғандарды қабылдап, ор­наластырады, оларды басқа бас бостандығынан айыру орнына, тергеу және сот органдарының шақыруы бойынша жіберуді ұйымдастырады, күнсайынғы сейілдеуге шығарып отырады, орналасқан жерлерін, кездесу орындарын, оқ­шаулағыш ішіндегі жүріп-тұруын тексеріп бақылайды, тінту жүргізеді, по­сылка мен сәлемдемелерді қабылдап және оларды таратады.

Қаржы бөлімі тергеу оқшаулағышы қаржы қызметін қамтамасыз етеді, ақша қаражаты мен құндылықтардың есебін жүргізу мен сақтауды қамтама­сыз етеді, тергеу оқшаулағышындағы адамдардың сақтауындағы ақша мен құнды заттарды алып, сақтайды.

Медициналық бөлім емдеу-алдын алу мен ауруға қарсы күрес шараларын жүргізуді ұйымдастырып және олардың өткізіліуін қамтамасыз етеді. Оны бөлім бастығы әрі аурухананың бас дәрігері басқарып, бүкіл дәрігер-қызмет­керлердің жұмысына басшылық жүргізеді.

Шаруашылық бөлімі өзінің бастығының басшылығымен тамақ сақтай­тын, монша, кір жуатын орын, киім мен аяқкиім жөндейтін, шаруашылық құ­ралдарын жасайтын шеберханалар, сондай-ақ қазандық, гараж және басқа да шаруашылық обектілерінің қызметкерлерін біріктіріп, судың, электр қуаты­ның, жылудың үнемді жұмсалуын, ғимараттар мен құрылыстардың дұрыс пайдаланылуын, оларға жөндеу жұмыстарының жүргізілуін, жиһаздармен, керек-жарақ құралдармен қамтамасыз етуді жүргізеді. Мұндай жұмыстарды жүргізу үшін шаруашылық бөлімінің штатында түрлі саладағы мамандар бо­лады.

Кадрлар тобы бақылаушы және еркін жалдамалы қызметкерлерді таңдау мен оларды жұмысқа қабылдауды жүзеге асырады және ол бірнеше инспек­торлардан тұрады. Алдын ала қамауға алу туралы Ереженің 4-бабы алдын ала қамауға алу орындарының тізімін береді. Осы Ереже де, ҚР ҚІЖК де алдын ала қамауға алудың ең негізгі орны тергеу оқшаулағышы деп атайды, алайда кейбір жағдайларда бұлтартпау шаралары түріндегі тұтқындауға түскен адамдар түрмеде, уақыт­ша ұстау оқшаулағышында, гауптвахтада ұсталуы мүмкін.

Ереженің аталған бабының 4-бөлігімен жекелеген жағдайларда бас бос­тандығынан айыру орнында жазасын өтеп жүрген адам мен басқа қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған бұлтартпау шарасы ретінде тұтқындау таңдалған адамдар түзеу колониясының айыптық оқшаулағышы мен тәрбиелеу колониясының тәртіптік оқшаулағышында ұсталуы мүмкін.

Кейбір жағдайларда түрмелер де жақын жерде сотталғандарға арналған тергеу оқшаулағышы болмаған кезде бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алынған адамға, сондай-ақ шаруашылық жұмыстарын атқару үшін қалды­рылған сотталғандардың қылмыстық жауапқа тартылған жағдайында бұл­тартпау шарасы түрінде тұтқындау таңдалғанда тергеу оқшаулағышының қызметін атқарады.

Бұлтартпау шарасы түріндегі тұтқындалған уақытқа ұстау оқшаулағышын­дағы адамдар онда үш тәуліктен артық болмауы тиіс. Арасының алысты­ғынан немесе қатынас үшін тиісті жолы жоқ мүмкіндік болмаған жағдайда тұтқындалғандарды ұзағырақ мерзімде, бірақ 30 тәуліктен асырмай уақытша ұстау оқшаулағышында отырғызуға болады.

Қылмыс жасағаны үшін бұлтартпау шарасы түрінде тұтқындау таңдалған әскери қызметшілер гарнизондық гауптвахталарда немесе сотталғандарды отырғызуға арналған гауптвахталарда 20 тәуліктен артық емес уақытқа, ал қажет болған жағдайда тергеу мерзімі аяқталғанша ұстауға болады. Гаупт­вахтадарды жабдықтау, оларда тұтқындалған әскери қызметшілерді қабыл­дау, орналастыру және ұстау тәртібі ҚР Қарулы Күш­тері гарнизондық қарауыл қызметінің Жарғысымен, ҚР Қарулы Күш­терінің Тәртіптік жарғысымен және Алдын ала қамауға алу ту­ралы ережелермен белгіленеді.

Сөйтіп, алдын ала қамауға алу туралы ережелерінің 1-4 баптарын және ҚР ҚІЖК талдайтын болсақ, алдын ала қамауға алу туралы ережелерінің 4-бабында көрсетілген жүйедегі тергеу оқшаулығыштары негізгі орын болып саналады да, ал қалғандары (түрмелер, уақытша ұстау оқшаулығышы, гауптвахталар) тек уақытша және белгілі бір жағдайда ғана тергеу оқшаулығышының қызметін атқарады.

Қамауда ұстау мерзімі ҚР ҚІЖК анықталады және ол қылмыстық іс жүргізу курсын оқып-үйрену пәні болып табылады, сондықтан ол бұл тақырыпта қарастырылмайды. Қа­растырылып отырған тақырыптың оқып-үйрену пәні алдын ала қамауға алу­ды орындаудың құқықтық реттелуі, яғни алдын ала қамауға алу туралы ере­желерінің мазмұны болып саналады.


2. Алдын ала қамауға алуды атқарудың құқықтық негіздері, тәртібі және шарттары.
Мемлекет өзінің құқық қолдану қызметінде бұлтартпау шараларын заңды және негізді түрде қолданылатындығына кепілдік беруге міндетті. Бұл про­курор мен соттардың бұлтартпау шараларын таңдау мен қолдануында тергеу органдарының шектен шығып кетпеуін көздейтін заңмен белгіленген ша­ралар тізімінің негізділігімен, шарттарымен және тәртібімен қамтамасыз еті­леді.

Қылмыстық іс жүргізу теориясы тұрғысынан алғанда бұлтартпау шарала­рын қолданудың негіздемелері жеткілікті негіздер – жалпы және арнайы не­гіздерді қарастыру болып табылады.

Бұлтартпау шараларын қолданудың жалпы негіздеріне адамды қылмыс жа­сады деп айыптауға (сезіктенуге) мүмкіндік беретін іс жүзіндегі нақты дерек­тер, яғни қылмыстық іс-әрекеттің жасалу фактісі мен оны жасаған адамды дәлелдейтін дәлелдемелер жатады.

Бұлтартпау шараларын қолданудың арнайы негіздері айыпталушының тө­мендегі мына әрекеттерді жасайтындығын немесе жасағандығын дәлелдейтін жеткілікті нақты дәлелдер болып табылады:

- анықтаудан, алдын ала тергеуден, соттық талқылаудан немесе үкімді орындаудан
жасырынады;

- қылмыстық іс бойынша шындықты ашуға бөгет жасайды;

- өзінің қылмыстық әрекеттерін жалғастырады (ҚР ҚІЖК 139-бабы).

Бұлтартпау шараларын қолдану туралы мәселелерді шешу барысында қыл­мыстық іс жүргізу заңнамасы қылмыстық ізге түсуді жүзеге асыратын мем­лекеттік органдар мен лауызымды адамдарға тек жоғарыда айтылған арнайы негіздерді ескеріп қана қоймай, айып тағудың ауыртпалығын, айыпталушы­ның тұлғасын, оның жас шамасын, денсаулығын, отбасылық жағдайын, кәсі­бін, мүліктік жағдайын, тұрақты тұратын мекенінің бар-жоқтығын және бас­қа да мән-жайларды біліп алуды міндеттейді.

Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларын қолданудың құқықтық негіз­дері туралы айтқанда, олардың елеулі айырмашылықтарына назар аударған жөн. Жоғарыда бұлтартпау шараларын қолдану негіздері қарастырылды, де­генмен, бәрінен бұрын бізді қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларын орындау рәсімдері қызықтыруы тиіс, өйткені бұл жерде мәселе бұлтартпау шараларын орындау төңірегінде көтерілмек.

Әкімшілік қамауға алу. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен қарастырылады және ол өте ерекше жағдайларда кейбір әкімшілік құқық бұзғанда 15 тәуліктік мерзімде, ал төтенше жағдайларда әкімшілік құқық бұзғанда 30 тәуліктік мерзімде қолданылады. Осыған байланысты ол әкім­шілік жазалардың ең бір қатаң түрі болып саналады.

Тәртіптік қамауға алу әскери қызметкерлердің әскери тәртіпті немесе қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайында қолданылады. Ол мерзімді немесе мер­зімнен тыс қызмет ететін солдаттар мен матростарға, сержанттар мен стар­шиналарға 10 тәуліктік мерзімінде қолданылады. Әскери қызметші-әйелдер­ге, сондай-ақ полк командирлеріне, 1-рангалы кеме командирлеріне, құрама командирлеріне, командирлердің орынбасарларына, құрама штабының бас­тықтарына, полковник немесе 1-рангалы капитан сынды аға офицерлерге тәртіптік жаза ретінде гауптвахтаға қамау қолданылмайды.

Қамауға алу процессуальдық бұлтартпау шарасы түріндегі бұл жаза ҚІЖК көзделген жеткілікті негіздер болған жағдайда ҚР-ның барлық азаматтарына қолданылады. Бұлтартпау шарасының бұл түрін қолдану үшін тергеушінің, анықтаушының бұлтартпау шарасын таңдау жөніндегі қаулысы негіз болады. Қаулыда айыпталушының қамауға алудың себептері мен негіздері көрсетілуі тиіс.

Сөйтіп, қамауға алу түріндегі мәжбүрлеу шарасын қолдану үшін негіз про­курор рұқсат берген қамауға алу түріндегі мәжбүрлеу шарасын таңдау ту­ралы тергеушінің немесе анықтаушының хаттамасы немесе қамауға алу тү­ріндегі мәжбүрлеу шарасын таңдау туралы соттың қаулысы болып табылады.

Соттылыққа жатпайтын, жұмыстан босатуға негіз болып саналмайтын және еңбек өтелімін (стаж) үзбейтін тәртіптік және әкімшілілік қамауға қара­ғанда процессуальдық мәжбүрлеу шарасы ретіндегі қамауға алу (арест) кол­данылған кезінен бастап азаматтың кінәлілігі туралы мәселені бұлтартпау шарасының бұл түрін жою немесе өзгерту жөнінде шешкенге дейінгі мәж­бүрлеу түрімен көрінентін бас бостандығынан айыру болып саналады. Деген­мен, тергеу мерзімі айтарлықтай ұзақ болғандықтан (бір ай, екі ай, алты ай, бір жыл) мұндай жағдайда жұмыстан босату мен еңбек өтелімін үзілу де мүмкін.

Қамауға алу (арест) қылмыстық жаза шарасы саналмайды. Іс жүзінде қылмыстық жазаның бар­лық түрі қатаң бір мақсат тұтады: атап айтқанда, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу, сотталған адамды және басқа адам­ды қылмыс жасаудан сақтандыру. Қамауға алу көмегімен сотқа дейінгі қыл­мыстық іске қатысуға, қылмыстық іс жүргізудің нәтижелі барысына кедергі келтірмеу үшін, айыпталушының анықтау жүргізуден, тергеуден, соттан жа­сырынуының алдын алуға мен болдырмауға, қылмыстық іс бойынша шындықты ашуға, қылмыстық іс-әрекет жасаумен айналыспауға, сондай-ақ үкімнің орындалуын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасалады.

Қамауға алу түріндегі мәжбүрлеу шарасын таңдау туралы қаулы дұрыс процессуалдық жолмен жасалуы тиіс. Қаулыда қамауға алынған адамның жасаған қылмысының түрі көрсетілмесе, қамауға алу түріндегі мәжбүрлеу шарасын таңдау үшін негіз келтірілмесе, қабылданған шешімнің себебі ай­тылмаса қаулы заңды деп саналмайды. Егер адамның аты-жөні және басқа да деректері дұрыс жазылмаса да қаулы заңсыз деп саналады. Қаулы, сонымен бірге, егер оған қамауға алу түріндегі мәжбүрлеу шарасын таңдау туралы қаулы қабылдаған адамның немесе органның қолы қойылып, белгісі соғыл­маса, сотпен рұқсат етілмесе, қабылданған қаулыда (анықтауда) ше­шім қабылдаған адамның дерегі, қаулының қабылданған күні көрсетілмесе де жарамсыз немесе заңсыз болып табылады. Егер қаулыда (анықтауда) көр­сетілген кемшіліктер бар болатын болса (бір, екі, үш), онда ол тергеу оқшау­лағышының атқаруына жатпайды. Қамауға алу туралы қаулының процес­суалдық нысанын қатаң түрде сақтау орынсыз, жөн-жосықсыз қамауға алу­ды болдырмайды. Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алынған адамдарға қатысты алдын ала қамауға алу ережесімен қамауға алудың шарттары мен тәртібі, яғни қамауға алу режимі белгіленген. Дәл осы режим істерді тергеу­дің нәтижелі болуы үшін және соттық қарау мүддесінен туындайтын оқшау­лауды қарастырады. Осы санаттағы адамдарға арналған режим талаптары олардың тергеу оқшаулағыштарында қылмыстық іс жүргізу заңнамаларына сәйкес белгіленген мерзім ішінде ғана ұсталуын; арнайы орын-камералар­да; қатаң тәртіп ережелерін белгілеуді; тергеу оқшаулағышымен қатысы жоқ мекемелер мен азаматтардың байланысын елеулі түрде шектелуін қажет етеді.

Тергеу оқшаулағыштарында дағдарыстық жағдайдың бой алуы алдын ала қамауға алынатын жүйелердің халықаралық стандартқа жауап бере алмайтындығы себебінен болып отыр. Әлі күнге дейін құқық қорғау органдары қамалғандарды ұстау саясатын кінәсіздік презумпциясы, ізгілік, әлеуметтік әділеттілік сияқты конституциялық қағидалардан алшақтата жүргізуде, оның үсіне ұстал­ған­дарды қорқыту, мәжбүрлеу, азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін аяқасты етуде. Мақсатқа ғана қайшы емес, тіпті ойға кел­мейтін сорақылықтар бой алып, бүлікті бұрқ ете түсіретіндей жаппай тәртіп­сіздік етек жайған. Қамалғандардың телефонмен сөйлесу, телехабарлар көру, кітап-журнал-газет оқу, өз ақшасын жұмсап пайдалану, таза төсек-орынмен қамтамсыз етілу сияқты құқықтарының шектелуінде шек жоқ. Мұндай келеңсіз жағдайлардың болуы тергеу оқшаулағыштарының тозығы жетіп, күзет қондырғыларының іске жарамсыз болып қалуы, кәсіби ортаның нашар­лауы, осының бәрі осы саладағы білікті де білімді мамандардың жетіс­пеушілігінен деп айтуға болады.

Тергеу оқшаулағыштарының қызметіне қамауға алынғандарды ұстау ре­жимінің, олардың тіршілігінің, денсаулықтарының сақталуы, тамақтандыры­луы және басқа да мәселелері жергілікті және сонымен бірге орталық мем­лекет органдарының назарларынан тыс, көздерінен таса болып жатқан ведом­стволық тұйықтылық та айтарлықтай теріс әсер етеді. «Бүгінгі күні біз ет, май, қант және басқа да тамақ өнімдерінің жарты нормасын ғана беруге мәж­бүр болып отырмыз. Дәрі-дәрмектік препараттар мен тамақ өнімдерінің же­тіспеушілігінен құрт ауруларынан емдеудің де халі мүшкіл. Түзеу колонияла­ры мен тергеу оқшаулағыштарында мүліктік жабдықтарды, күртелер, шәпке­лер, шалбарлар, көрпелер, құстөсектер, ақжаймалар және басқа заттарды алуға қаржы жоқ». Бұл сөздер осыдан бірнеше жыл бұрын Қарағанды облыстық ішкі істер Бас басқармасы бастығының аузымен айтылған еді. «Әлі де сотталғандардың құр аурумен науқастануы жалғасу үстінде. Өткен жылы бас бостандығынан айыру орындарында осы науқастан 1413 адам қай­тыс болды, бұл жалпы қайтыс болғандардың 75% құрайды. Өткен жылы сонымен бірге СПИД ауруымен ауырғандар саны өсіп, ол 1020-ге жетті».
Сезіктілерді, айыпталушылар мен сотталғандарды алдын ала қамауға алу жүйесіндегі дағдарыс осы жүйені түбірімен қайтадан құруды талап етеді. Тергеу оқшаулағыштарына реформа жүргізу қамауда ұстау режимін, орнала­стыру жағдайларын, тамақтандыруды ұйымдастыру, қамауға алынғандарға өркениетті елдердегідей сотталғандарға денсаулығын сақтауға, ойдағыдай тіршілік етуі мен құқықтық қорғалатындығына кепілдік берілетіндей халықа­ралық стандартқа сай коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсетуге жақындас­тырыла түсуі керек.

Алдын ала қамауға алу тәртібінің ең маңызды кезеңі қамауға алынатын­дарды қабылдау мен орналастыру болып табылады. Режим талаптарын жү­зеге асыру мен сотталған адамдардың санасы мен психологиясына белсенді түрде тәрбиелік ықпал ете бастау қабылдау сәтінен басталады.

Тергеу оқшаулағышына қабылдау мен бұлтартпау шараларын атқару үшін тергеушінің немесе анықтау жүргізген адамдардың қаулы түріндегі сот санкциясы; анықтау немесе айыптау үкімі түріндегі соттың шешімі негіз болады. Осы айтылған құжаттардың бәрі де лауазымды адамдармен қол қойылған және тиісті мекеменің елтаңбалы мөрімен растал­ған болуы керек.

Басқа жаққа апарылатын сотталғандарды уақытша орналастыруға қабыл­дау жеке іс-қағаздары мен жөнеуші тізім негіз болады.

Екі жасқа дейінгі балалары бар әйелдердің қолдарында баласының тууы туралы куәлігі мен бала осы әйелдікі екенін растайтын құжаттары болуы керек.

Тергеу оқшаулағышына жеткізілген адамдардың өздері жеке тінтуден, ал олардың жеке заттары қараудан өткізіледі. Бұл камераларға бас бостандығы­нан айыру орындарында ұстауға тыйым салынған немесе қылмыстық іс бойынша тергеуге кедергі келтіретін, не қашу мен өзге де қылмыстық әре­кеттер жасауға мінкіндік беретін заттар мен мүліктері алып өтпеуі мақсатын­да жүзеге асырылады.

Тергеу оқшаулағышына қабылданатын адамдар арнайы дәрігерлік тексе­рістен және санитарлық өңдеуден өткізіледі. Оларды камераларға бөліп орна­ластыру жедел бөлімі бастығының келісімімен, ал кәмелетке толмағандарды тәрбие бөлімінің келісімімен жүзеге асырылады.

Күзетілетін қамауға алынғандарды камераларға орналастыру мынадай талаптарды сақтаумен жүзеге асырылады: бұрын бас бостандығынан айыру орындарында болып шыққандар – ондай жерде болмағандардан; ауыр қыл­мыс жасады деп айыпталушы немесе сезікті адам – қамаудағы басқалардан; аса қауіпті қылмысты қайталап жасаушылар – басқалардан; сотталғандар сот анықтаған түзеу колониясының режиміне сәйкес – бір-бірінен; шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар – ҚР азаматтарынан; өлім жазасына кесілгендер бір-бірінен және басқа да санаттағы сотталғандардан; бір қылмыстық іс бойынша сезікті немесе айыпты деп саналатындар, егер істі жүргізуші адамның нұсқауы болған жағдайда бір-бірінен бөлек ұсталады.

Осы аталған бір-бірінен бөлек ұсталатын адамдардан басқа: әйелдер – еркектерден, кәмелетке толмағандар – ересектерден; өзімен бірге баласы бар әйелдер мен бес айдан артық мерзімдегі жүкті әйелдер – басқа әйелдерден; ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, сот органдары мен әділет мини­стрлігінің бұрынғы қызметкерлері – сотталғандардан; тергеу оқшаулағышы­ндағы шаруашылық жұмыстары үшін қалдырылған сотталғандар – басқа сот­талғандардан бөлек камераларда, ал басқа жаққа апара жатқан сотталғандар мүмкіндігінше мүлдем бөлек ғимараттарда ұсталуы тиіс.

Сонымен бірге, заңмен белгіленген оқшаулау тәртібі тергеу оқшаулағышы ішіндегі бас бостандығынан айырылғандардың барлық жүріс-тұрысы (оқ­шаулағыш аумағы мен дәлізде жүріп-тұру, сейілдеуге шығарғанда, санитар­лық тазалау, еңбек ету, тәрбиелеу және режимдік шараларды ұйымдастыр­ғанда) қатаң сақталуы тиіс.

Алдын ала қамауға алу орнындағы адамның құқықтық жағдайы Ереженің 6-бабымен анықталады, онда алдын ала қамауға алу орнында ұстаудағы адам ҚР заңнамаларымен белгіленген міндеттер мен құқық­тарға, алдын ала қамауға алу туралы Ережелер мен қамауда ұстау режим­деріне сәйкес шектеулерге ие болады.

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамның құқықтық жағдайы осы аза­маттардың ҚР аумағында болу кезіндегі ҚР заңнамаларымен белгіленген міндеттер мен құқықтарға, Алдын ала қамауға алу туралы Ережелер мен қамауда ұстау режиміндегі шектеулер­ге сәйкес анықталады.

Қамауға алынғандар мыналарға міндетті: белгіленген тәртіпті қатаң сақтау мен әкімшіліктің талаптарын бұлжытпай орындау; өзін өзі күтіп, киі­ніп, камералардағы тазалықты сақтау; таңертең тұрғанда төсегін жақсылап жинау; тергеу оқшаулығышының дәлізінде жүргенде қолын артына ұстап жүру; оқшаулағыш қызметкерлерімен және өзара сыпайы сөйлесу; басқару құрамы есігінің алдында сапқа тұру; тергеу оқшаулағышының қызметкер­лерімен сөйлескенде «азамат бастық», «азамат майор», «азамат пропорщик» деп сөйлесу керек.

Оларға мыналар тыйым салынады: тергеу оқшаулағышының қызмет­керлерімен салғыласып, сөз алмастыруға; көрші камералармен қабырғаны тықылдатып, қағаз жазысып және айқайласып сөйлесуге; камера терезелері­не сыртқа заттар тастауға; қабырғаларға жазу жазып, шимайлауға; камера­ның есігіндегі тесікке тым жақын келуге немесе оны жабуға; ақша мен құнды заттар ұстауға; спирттік ішімдік пен есірткі қолдануға; карта немесе басқа да құмар ойындар ойнауға; денесіне инемен піскілер жазу жазып, сурет салуға, оқшаулағыш дәлізімен өткенде темекі шегуге. Сонымен бірге оларға қамауда отырған біреудің жеке заттарын өзінің немесе басқаның пайдасы үшін сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға немесе иемденуге тыйым салынады.

Наши рекомендации