Дәріс 2. Педагогикалық риторика пәнінің мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны
Педагогикалық риторика пәнінің басты мақсаты- кез келген мамандықты меңгеретін, дәріс беретін оқытушының, яғни мұғалімнің сөйлеу өнерін, үйрету тілін өз саласына сай қалыптастыру. Ал әрбір маманның тілін жеке зерттеу ол дискурсологияның нысаны болып табылады. Дегенмен, педагогикалық риториканың негізгі қолданыс аясы институционалды дискурстар ( заң дискурсы, әскери, медициналық, педагогикалық, т.б. дискурстар) мен кәсіби терминдер шеңберінде болады. Осы тұрғыдан алғанда педагогикалық риторика әр бір кәсіп, мамандықтың теориялық негізін сөйлеу әдістерінің қандай түрімен тиімді жеткізуге, үйретуге болатынын қарастырады.
Теориялық негіздемесі. Педагогикалық риторика жалпы шешендік өнердің бір саласы болғандықтан, риторика теориясына негізделеді. Бірақ ол ритриканың құрамынан педагог (қай сала педагогы болсын) сөйленісінің тиімділігін зерттейтін сала ретінде бөлек енші алып қалыптасқан жас ғалым болып саналады. Педагогикалық риториканың жеке ғылым ретінде дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдардың пайымдалулары алғашқы кезде бірдей болады. Мысалы, инженерлік педагогиканы арнайы зерттеген Т.Л.Владимировна: «Білім беру мен тәрбиелеу саласындағы сөйленіс қарым-қатынасын оңтайландырудың (тиімді етудің) теориясы мен практикасын зерттейтін риториканың жеке түрі» деген тұжырым жасады.[1]. Л.Н.Горобцевтің ұстанымы бойынша «Педагогикалық риторика-тиімді педагогикалық коммуникацияның формалары талаптарын зерттейтін ғылым. Педагогикалық қарым-қатынасты пафостық, модальдық, т.б. түрлі риторикалық жанрлар арқылы сендіру, дәйектеп түсіндіру әдістеріне икемдеу тәжірибесін қарастыратын ғылым. Сондықтан бұл ғылым адамзаттық мәдениет пен өнер саласына тікелей қатысты.» [2]
Л.Н.Горобцевтің бұл пайымдауынан педагогикалық риториканың коммуникация теориясы мен риторика ғылымын сабақтастыра туындаған пәнаралық ғылым ретінде қабылдаймыз. Осындай болжамдар бірнеше ғалымдардың зерттеулерінде де кездеседі. Мысалы, А.А.Мурашев пен А.К.Михальская педагогикалық риториканы: «синкреттік пән» деп санады және «бұл пәннің негізгі зерттеу нысаны оқыту мен тәрбиелеу үдерісіндегі қатынас» болып табылады. «Сондықтан педагогикалық риторика педагогикалық қарым-қатынас аясындағы тілдік коммуникацияның теориясын қарастырады» деп таныды[3].
XX ғасырдың 70 жылдары туындаған осындай идеялардың негізінде әрі оқулықтың тиімді тілін арнайы зерттеу қажеттігінен, білім туралы тілді зерттеу мұқтаждығынан, мұғалімнің кәсіби үйрету тілін сапаландыру мақсатынан педагогикалық риторика пәні қалыптасты. Ең алғаш Ресейде Москва педагогикалық мемлекеттік университетінің профессоры Н.А. Ипполитованың «Педагогикалық риторика » курсының бағдарламасы 1998 жылы жарық көрді. Бағдарлама төмендегідей бөлімінен тұрады:
1. Шешендіктану пәні ретінде;
2. Қарым-қатынас;
3. Мұғалімнің сөйлеу әрекеті;
4. Сөйлеу жанрлары;
5. Педагогикалық шешендік идеал секілді бөлімдерден тұрады [4].
Бұл бөлімдерде адамның сөйлеу әрекеті, адамдар қалай сөйлеу керек, коммуникативтік және сөйлеу жағдаяты, мұғалім мен оқушының жағдаятқа байланысты қарым-қатынас ерекшелігі, адамдар ненің көмегімен сөйлеседі, сөйлеу сапасының кооммуникативтілігі дегеніміз не, вербалды қарым-қатынастан басқа қандай қарым-қатынас сөйлеуді қамтамасыз етеді, мұғалімнің кәсіби әрекетіндегі тыңдау мәдениеті, сөз және жазба (жазу мәдениеті) – сөйлеу әрекетінің бір түрі т.б. көптеген мәселелерді көтереді. Әр бөлімде алты-жеті осындай өзекті мәселелер қамтылғын. Сонымен қатар әр бөлімде бақылау сұрақтары мен тапсырмалары тақырыпқа сәйкес беріледі және бағдарлама соңында реферат және хабарлама тақырыптары көрсетілген. [4]. Сондай-ақ бөлімге сәйкес пайдаланылған әдебиеттер тізімі бар. Және мұғалім үшін сөйлеу мәдениетінің жауапкершілігі жоғары деңгейде болуын талап ететін қағидалар берілген.
Педагогикалық риториканың міндеттері:
- Кәсіби мұғалімнің сөйленіс имиджін қалыптастыру;
- Педагогтің шешен сөйлеу құзіреттілігі мен біліктілігін қалыптастыру;
- Педагогке қарым-қатынас жасаудың риторикалық ілімін үйрету;
- Кез келген мамандық педагогіне дәріс беру, үйретудің риторикалық амалдары мен үйренушінің түсінгенін тексеру үдерісінің логикалық жолдарын таныту;
- Педагогтің тілдік тұлғасын қалыптастыру;
- Студент үшін идеал болатын нағыз педагог тұлғасын қалыптастыру.
Педагогтің риторикалық қызметі -кез келген педагогикалық қарым-қатынас жағдаятында әр түрлі жанрдағы (леция, тезис, сұрақ – жауап, колллоквиум, ситуациялық сұрақ т.б.) кәсіби мәтінді құру және талдау жасау қызметі.
Педагогикалық қатысым – кәсіпке қатысты түрлі сөйленіс жағдаяттарының топтамасы. Сөйленіске қатысушылардың құрамына басты рөлді ұстаз атқарады, ал қалған қатысушылар тиімді сөйленіс тәсілінің жүзеге асырылуымен білім мен тәрбие алады.
Педагогтің риториканың обьектісі –кез келген кәсіби мамндықты үйретуші –педагогтың шешендік (сөйлеу, имидж, тұлға) мәдениетін қалыптастыру.
Педагогтің риторика пәні –элитарлы тілдік тұлға ретінде танылатын педагогтің риторикалық меңгерту модельдерінің талаптары мен тәсілдерінің, түрлі амалдарының жинақталған жүйесі.
Шешен педагогтің сөйленісіне қойылатын талаптар:
1. Ой жеткізуде идеяның аргументі үнемі болуы тиіс;
2. Вербалды қолданыстармен қатар бейвербалды көмекші қолданыс болуы міндетті;
3. Этос, пафос, логос риторикалық категорияларына сүйену қажет.