Дәріс 5. «Педагогикалық риторика» курсын оқытудың тәрбиелік негіздері

«Педагогикалық шешендіктану» курсын оқытуда, ең алдымен, тілдік мәдениетке үйрету, адамгершілік қағидаттар арқылы ізгі қарым-қатынасқа үйрету деп түсінген абзал, себебі Д.С. Лихачевтің пікірінше: «...язык человека – точный показатель его человеческих качеств, его культуры». Адамның қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырар бірден-бір ғылым саласы – шешендік өнер, яғни риторика болып табылады. Шешендіктанудың тәрбиелік қырлары жайында көптеген ғалымдар тарапынан айтылған ой ұшқындарынан аталмыш ғылым саласының тәрбиелік құндылығына көз жеткіземіз. Белгілі ғалым-зерттеуші З.И. Курцева шешендікке үйретудің тәрбиелік қырлары жайында төмендегідей тұжырым айтады: «Роль непрерывного курса риторики в воспитании и развитии личности» [107, 26 б.]. Ал ресейлік шешендік өнер тарихы мен теориясын зерттеуші тағы бір ғалым В.И. Аннушкин бұл турасында былай дейді: «Речевое (риторическое) воспитание не есть воспитание "контактности" или "коммуникабельности", оно предполагает прежде всего философичность и образованность, ответственность за сказанное или написанное слово, нравственно-этическую основу поступков» [108, 41 б.]. Сол секілді өзге де ғалым-әдіскерлер пікірі осыған келіп саяды:«В настоящее время риторическая культура понимается как «гуманистическая культура в целом, переведенная в форму речевой деятельности, направленной на поиск истины, совершенствование и духовное обогащение личности» [109], «Риторическую культуру определяют и как «культуру мыслеречевой деятельности – мысль –слово – поступок» [110]. Түптеп келгенде, риторикалық мәдениет адамға өз өмірін пайымдауға үйретеді, «Мен кіммін?», «Мен қандаймын?», «Менің мақсатым қандай?», «Қоршаған өмір мен ортаны жақсарту, ізгілендіру жолында мен не істей аламын?» деген сұрақтарға жауап іздей отырып, оның өзін-өзі саналы түрде тануына жол ашады. Сондықтан да қазіргі таңда риторикалық білімді, яғни адамгершілігі мол, тұлғалық қарым-қатынас қабілетіне ие, диалогтық негізде мәдени, өзара сыйластыққа толы қарым-қатынас жасауға бейімді кәсіби педагог тұлғаны тәрбиелеу – өзекті мәселелер қатарында.

Педагог-шешенге қойылатын талаптар:

– Педагог іс-әрекетінің (сөйлеу кезіндегі) барлық кезеңдеріндегі тілдік жауапкершілік: сөйленер сөз мазмұны мен оны жүзеге асыруды (айту немесе жазуды) алдын-ала ойластыру, өз тілдік мінез-құлқын әркез бақылауда ұстау;

– Педагог сөзі мен ісінің өзара берік байланысы;

– Педагогтің мәдениетті, кішіпейіл сөйлеуі – шәкірттеріне деген мейірбандық және құрмет сезімінің көрінісі;

Міне, осылайша, болашақ педагог мамандарды педагогикалық шешендіктанумен сусындату үрдісінде олардың рухани мәдениетін қалыптастыруға байланысты алуан түрлі міндеттер өз шешімін табады деп ойлаймыз:

– ұстаздық және адамгершілік парыз, ұлтына және Отанына деген сүйіспеншілік, ұстаздық имидж; ар-намыс, сұлулық, әділдік және т.б. қасиеттерді тәрбиелеу;

– қоршаған ортаға, қоғамға, жеке тұлғаға, сондай-ақ шәкіртке деген игі көзқарас орнату, толеранттылыққа тәрбиелеу, сыйласымды өзара іс-әрекетке үйрету;

– қатыгездіктен, жалғандықтан, әділетсіздіктен және т.б. жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ ұстау.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, рухани-риторикалық идеялар, ұстанымдар бір-бірімен тығыз байланыста болады. Олар студенттердің курс барысында танысатын ұғым-түсініктер мен ұсыныс, ереже, кеңес және т.б. секілді қолданбалы дағдылардан көрініс табады (мысалы, пікірталас түрлері туралы түсінік, пікірталасты жүргізушіге арналған ережелер немесе т.б.)

«Педагогикалық шешендіктану» курсын оқыту үдерісінде студенттерді рухани тәрбиелеу жұмыстары алуан түрлі әдіс-құралдар арқылы жүзеге асырылады. Олардың ең негізгілері:

– Сабақ барысында кең қолданылатын рухани сипаттағы проблемалық сұрақтар (мысалы, әріптесіңнің жұмысы, сырт пішіні немесе мінез-құлқына мәдениетті, кішіпейіл түрде баға бере аласың ба? Себебі шындықты, яғни өзіңнің шынайы ойыңды айта тұрып, адамды ренжітіп алмау өте маңызды. Бұл – педагогтің негізгі қасиеті болуы тиіс. Осы сияқты проблемалық сұрақтар педагог-студент бойында сөйлеудегі кішіпейілділікке жауапкершілікпен қарауды үйретеді);

– Педагогтік іс-әрекеттегі қарым-қатынас тәжірибесін пайымдау бағытындағы тапсырмалар («Сөздің күлдіретін, жұбататын, жылататын, ренжітетін немесе т.б. жағдаяттарынан мысалдар келтір» («Мұғалім болу – өнер» сөзін дәлелдеу мақсатында), «Өз біліміңе, тәжірибеңе сүйене отырып, сөздің мән-маңызы туралы айтып бер». Мұндай тапсырмалар сөз мағынасын зерделеуге, оған терең үңілуді көрсетеді);

Рухани, адамгершілік сипаттағы түрлі шешендік тапсырмаларды, жағдаяттарды шешуге бағытталған тапсырмалар («Өз замандастарыңның сөздерінде жаргондық сөздерді пайдалануына қалай қарайсың?». Мұндай тапсырмалар сөйлеудегі жауапкершілік пен толеранттылыққа тәрбиелеуге арналады). Сан-қилы тілдік жағдаяттарды сипаттауда студенттер түрлі студенттік конференциялар ұйымдастырады. Олар өз салаларына қатысты біреуі филолог, біреуі математик, біреуі заңгер, т.б. болып, әр түрлі баяндамалар жасап, педагогтік мінез-құлыққа бейімделеді, қарым-қатынастың алуан жағдайларын ескере отырып, өзін қалыптастырады. Осы сияқты жаттығулар арқылы студенттер бір-бірін түсінуге, аудиторияның қатысымдық ниеттерін аңғарымпаздыққа, жақсы тыңдаушы болуға үйретеді;

– «Педагогикалық шешендіктану» курсында жүргізілер ойындар мазмұнында сайыскерлік элемент болады да, ойын барысында белгілі бір жеңімпаздарды анықтау – бұл ойындардың басты ерекшелігі боп табылады: кім (немесе қандай топ) тезірек (көбірек, батылырақ, көңілдірек, дәлірек немесе т.с.с.) айтады (сұрайды, оқиды, ойлап табады немесе т.б.). шешендіктану сабақтарында қолданылатын пікірталас ойындары студенттердің есту жадысын, байқағыштығын, ақпаратты қабылдау қабілетін дамытып, оларды қарым-қатынасқа жаттықтырады, аудиторияда тиімді де игі қалып-күй орнатып, студенттердің эмоционалдық шаршауын жояды. Түрлі пікірталас ойындарында түрлі тілдік жағдаяттардан шыға отырып, студенттер

– қисынды ойлауға,

– өз іс-әрекетін жоспарлауға;

– сұхбаттасушысының уәж-ниетін аңғаруға;

– өз ойлары мен сезімдерін игеру құралдарын меңгеруге;

– тұлғалық және топтық қарым-қатынасқа үйренеді.

Наши рекомендации