Кітабын оҚып болҒаннан кейінгі ой
Құрметті Әзілхан аға!
Мен ең алдымен, «Мәңгілік махаббат жырының» менің қолыма өз қолыңыздан тікелей табыс етілгеніне ризамын. Кітапты алған бойда бас көтермей оқып шықтым. Бұған дейін осы кітап туралы досым Сапаштан (Сапарғали Молдабеков) естіген едім, бірақ кітап дүкендерінің сөрелеріне түсе қоймағандықтан таппаған болатынмын. Алла Тағала сәтін салып, сіздің өз қолыңыздан алу бақытына кенелдім.
Кітапты үйге алып келген бойда оқуға кірістім. Шынымен де Сапаш досым айтпақшы, «бір бет орамал емес, екі бет орамал аздық» етеді екен. Сүйсініп, уайымдап, күрсініп, күңіреніп, түйсініп, жүрегің езіліп, жан-дүниең еміреніп оқитын кітап екен.
«Жанынан жылу, жүрегінен жыр» сыйлаған жарыңыздың жарқын бейнесін жарқ еткізіп, көркем әдебиет әлемінің мәңгілік кейіпкерлерінің қатарына көтердіңіз.
Құрметті Әзілхан аға, мен сіздің бұл кітабыңыздан інжу маржан тергендей болдым. Халима апаның әрбір өнегелі ісі санама сақталып, жадыма жатталды. «Мен қазақтың қызымын» деп мақтанатын халқымыздың әрбір бойжеткені бойына Халима апаның (мен де Найман қызы болғандықтан, ол кісіні апайым десем артық болмас) ізгілік істерінен нұр құйып алатын болса, от басына да, ұрпағына да, тіпті жалпақ жұртқа да сәулесін төгері сөзсіз.
Адам жүрегінің асыл қазынасы махаббаттың мәртебесін көтергендігіңіз үшін, ұлы іңкәрлікпен асыл жарыңызды шын сүйгендігіңіз үшін, аяулы жанның әрбір әрекетінен жақсылық көргеніңіз үшін, әр сөзінен шабытыңызға гауһар тергеніңіз үшін, жүрегін, жанын сізге ұсынған адамға адал, пәк, мөлдір, таза махаббатыңызды бергеніңіз үшін, әрбір ұстаған затын ардақтағаныңыз үшін, «Алашқа атын жайып» кітап жазып, өнегесін салмақтағаныңыз үшін мен сізге барша қыздар қауымының атынан ризашылығымды білдіремін.
Маған сыйға тартқан кітабыңызға: «Жұрт айтады: «Біреуден екеу жақсы деп, екеуден үшеу жақсы» деп. Мен ойлаймын: «Бәрін айт та бірін айт, әрбір бойжеткеннің өз Ерболы болған жақсы» деп. Сен де өз Ерболыңды тап, соған қосыл айналайын, сөйт те мені тойыңа шақыр. Жарай ма? Осы «Мәңгілік махаббат жыры» кітабымды саған сыйладым. Сенің өз мәңгілік махаббатыңды табуыңды тілеймін" деген қолтаңба жазып беріп едіңіз. Алла амандығын берсе, ол қуанышты күн алыс емес шығар. Тойымның төрінде мәңгілік махаббаттың жаршысы отырса, менен асқан бақытты жан болмас сол сәтте.
Құрметті Әзілхан аға, мәңгілік махаббат мекен еткен жүрегіңізден айналайын! Жаныңыздың жалауы ешқашан құламасын! Жырға толы, нұрға толы жүрегіңізден талай туындылар дүниеге келетініне кәміл сенем. Тек аман болыңыз!
Зор құрметпен:
«немере балдызыңыз», қызыңыз Назгүл САРЫБАЕВА.
«Хабар» арнасының редакторы. ҚызПИ.
22.10.2005 жыл.
* * *
ЖЫЛАП ОТЫРЫП ОҚЫДЫМ
Әз ағамыздың «Мәңгілік махаббат жырын» оқып әбден жыладым. Ағыл-тегіл болып жыладым, шер тарқаттым. Жүректің түкпір-түкпірінде жатқан небір сезімдерді оятты. Бірақ, өзімді бақытты сезіндім. Дүниеде осындай махаббаттың барына қуандым. «Ромео мен Джульеттаны» оқығанда осылай толқыған жоқ едім. Себебі біз үшін ол аңыз болатын. Ал, Әз аға мен Халима апамыздың арамыздан шыққан бүгінгі күннің азаматтары. Бүгінгі күннің Қозы көрпеші мен Баяны. Бұл кісілердің шынайы махаббаты ұрпаққа үлгі. Осы кітапты оқу орындары алып жатыр дегенге қуанамын. Өте қажет дүние. Әрбір жас адам осы туындыны оқып шықса өмірге үлкен жолдама алар еді. От басын құрған әрбір азамат өзінің тандап алған серігін адам ретінде, ерекше тұлға ретінде қабылдаса өмірдің небір қиындықтарынан жеңіл өтер еді.
Бұл кітап Әз ағамыздың Халима апамызға деген шынайы махаббатының жыры, әрине. Бірақ сонымен қатар ұлағатты ағамыздың ұрпақ тәрбиелеудегі еліміздің болашағымызға қосқан үлесі деп түсінсек қателеспейтін болармыз.
Адамның жасы ұлғайған сайын «бұл дүниеге не үшін келдім» деген сауал мазалайды екен. Менің білгенім адам баласы дүниеге тек қана сүю үшін келеді. Сол сүю деген биік сезім арқылы адам керемет іс атқарады, артында із қалдырады. Әсем ән, құдіретті күй, зәулім үйлер, ғұлама істердің бәрі махаббаттың құдірет күшінен туындайтын дүниелер. Сезімі жоқ адам да бірдеңе жасар-ау, бірақ оның бәрі үлкен сүйіспеншіліктен шыққандай болмайтыны хақ. Адамды биікке көтеретін, ерен еңбекке баулитын құдірет күштің аты — махаббат. Осындай керемет сезімді алпыс үш жыл бойы өмірінің соңына дейін кіршіксіз қалпында алып келген Халима апамыз сөз жоқ бақытты адам. Ағамыз кездескенде «апаңмен аз да емес, көп те емес, өмір кештім» деген еді. Бар болғаны бас-аяғы алпыс үш жыл. Осы уақыт асыл жандар үшін аз ғана серуендей өте шығыпты. Міне, өмірді жетік түсінген адамдардың кіршіксіз сезімдері осындай.
Адал да, ақ сезімдері мәңгі бірге болғай!
Алма Шамшарқызы ТҮСІПБЕКОВА,
бұрынғы комсомол қызметкері.
Алматы қаласы.
03.07.2006 жыл.
* * *
АСА ҚҰРМЕТТІ ӘЗІЛХАН АҒА!
Сізге хатты кешіктіріп жазғаныма кешірім сұраймын! Уәде бойынша, «Мәңгілік махаббат жыры» (немесе екінші хаты «Халима») кітабыңыздан алған әсерімді жазып отырмын.
Шындығын айтқанда, оны жазып, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сияқтымын. Дегенмен де барымды салып көрейін.
«Халимаға хат» бөлімін поэзиямен бермегенде кітап бірнеше том болар еді. Бұныңыз таптырмас шешім.Оқырман қауым жазушыларды білгенімен, олардың жеке өмірін біле бермейді. Аяулы Халима анамыз — сіз үшін Жаратушыдан кейінгі адам. Текті тұқымнан шыққан. Анасының ақ сүтімен бойына бар жақсылық ұялаған. Өсіп, жетілген соң кітаппен достасқан. Сіздердің махаббаттарыңызға да себепші болған сол — кітап. Оған дәлел, «Гоголь» кітапханасындағы тосын кездесулер.
Соғыстан аман оралуыңызға себепші болған — Анамыздың өзіңізге деген махаббаты. Ауырып жатқанда, «Халима! Халима! Халима!» деп атымды үш рет атап, «Біз аманбыз, Сені ұмытқан жоқпыз!» десең жетеді, немесе «Абайдың бірер өлеңін оқысаң да болады» деген сөзі әр адамды тебірентпей қоймайды. Анамыздың айтып кеткендерін бұлжытпай орындап жүрген қарт солдатқа Құдай қуат берсін! Бірде өзіңізді сыртыңыздан қоғамдық көліктің ішінде отырып көріп қалдым. Бағдаршамнан топты бастаған командирдей жинақы, тың өтіп бара жатқыныңызды көріп көңілім жадырап қалды. Тіпәй, тіпәй!
Кітаптың ерекшелігінің ғылыми түрде қалай аталатындығын білмеймін, айнадай шындық айтылған. Анамыздың азасына жиналған қауымның сөзінен-ақ көрініп тұр. Елдің айтқандарын топтастырып, қиюын келтіріп ағаштан салған орыстың әдемі үйіндей кітапты ғұмырымда алғаш кездестіруім. Өкіріп жыладым, екі езуім құлағыма жеткенше күлген жерім де болды.
... Анамыз туралы кеш білгеніме өкіндім. Жақсы адам кеудесін соқпай көлеңкеде жүретіні атам заманнан белгілі нәрсе ғой. Көзі тірісінде араласқан адамдарға қызғанышпен қараймын. Болашақта Кеңсай — 2 зиратындағы ақ күмбез, махаббат символы болады делінген. Ол — хақ.
Досым Болатбекпен кітап жөнінде пікір талас кезінде қазақта Халима анамыздай қанша қыз бар екен деп армандадық,қыздардың, құлағына алтын сырға, ары кеткенде бес-алты болар деп тоқтадық,Олар қайда жүр екен, жастары қаншада екен деген ынтазарлық та болды.
Өзіңіз қолтаңба жазып берген кітабыңыз, кемпірінен айрылған қайын ағам Дәулетбай Мәжитұлы үшін дәрі болды. Ол кісі өзіңізге дән риза.
Бұл шығармаңыздың тек жастарға ғана емес, кез-келген жастағылар үшін тәлім-тәрбиелік мәні зор.
Келініңіз Әлима бас ал май оқып шықты. Ұзақ болған әңгіме дүкеннен соң, сен енді Халима болуың керек дедім. Бір әріп жалғасаң, болып тұр емеспін бе, — деп әзілдеді. Жоқ, айналайын, оқығаныңды қорытып, болуға тырыс деп өтіндім. Мүмкін мен артық кеткен де шығармын.
... Кітапты жақында кітап сөрелерінен көруге асығудамын. Көбірек сатып алып, жақын достарыма теңдесі жоқ сыйлық, жасағым келіп жүр.
Өз қолыңызбен екі кітап толтырып, мөріңізді басып, қолтаңба жазып берген кітабыңыз — мен үшін сыйлықтың алды!
Әзілхан аға, ғұмырлы боп, махаббаттың туын ұзағынан желбірете беріңіз!
Сәлеммен,
Сапарғали Бегалыұлы МОЛДАБЕКОВ.
30.09.2005 жыл, Алматы.