Ылыми-зерттеу әдістемелік бөлімі. Дипломдық жұмысымның тақырыбын қазақ халықына тән, әрі таныс тақырып «Қансонарда» деп
Ансонарда
Дипломдық жұмысымның тақырыбын қазақ халықына тән, әрі таныс тақырып «Қансонарда» деп атадым. Осы тақырыпқа Ұлы Абай Құнанбайұлы 1882 ж. өлең жазған. Абай Құнанбайұлының осы тақырыпта жазған өлеңіне ғылыми тұрғыда көз жүгіртіп өтейік. Абайдың анық шеберленген ірі суретші және реалист ақын болғанын көреміз. Бұл өлең тұңғыш туа қалған, бірінші ғана көркем шығарма болуға мүмкін емес тәрізді. 1882 жылдағы «Қансонарда» сияқты өлеңмен бастап, нені көріп, нені сезініп, нені жыр етіп толғанса, бәрінде де әр дәрежеде реалистік шеберлікті танытады. Өлеңнің өрнегімен ізденгіш жаңалықтары соныдан соныға түсіп, үдеп, есіп отырады. Сондайлық тың арнаны өз тұсындағы және өзінен кейінгі қазақ әдебиетіне бұдан былайғы жол етемін деп«басқа шауып, төске өрлеген» жаңа заман ақынын біз ең алғаш көлемді түрде «Қансонарда» деген өлеңінен көре бастаймыз. Осы өлеңдегі табиғат көріністерін, өз сезімін және аңшылықтың қызулы, қызғылықты сәттерін сипаттағанда, Абай өзінің жаңаша қалыптанған ақындық мәдениетін танытады. Бұл реалист ақын болғанда, орыс классик. поэзиясының реалистік традицияларын өз бойына мол сіңіріп, жақсы меңгерген суретші ақын боп көрінеді. «Қансонарда» өлеңінде орыс халқының өмірінен, не орыстың классик. поэзиясынан тұп-тура ауысып келіп, араласып тұрған ешбір белгі, дерек жоқ. Бұндағы көретініміз - қазақ халқы мекен еткен жердің қысы туралы, табиғат, бүркіт салуға атқа мініп шыққан анық қазақтың аңшылар тобы, ермек үшін еңбек еткен ширақ, сергек, қажырлы әрекет үстіндегі адамдар. Көпшілік елдерде, бұл замандарда қолданбайтын бүркіт аңшылығы суреттелмек. Осы адам тобының мінездері, аңшылықтағы тәсіл-тәжірибелері, әр алуан динамикалық кесек әрекеттері толып жатқан ұсақ машық-мерзімі тұтас қазақтың өзі нетен тіршілігі болып шығады. Сейтіп барлық нақтылы фактілердің, жеке реальностардың баршасы нағыз қазақтың өзіне тән шындықтармен қалыптанудың үстіне, тұтасымен алғанда, осы өлең зор мәдениетті, ірі суретші тудырған шығарма екенін танытады. Сол өзгешеліктерін, ең алдымен, пейзаждан байқауға болады. Көз алдымызға қар басқан елсіз таудың тұрғысы, сағасы, қансонар күнгі анық болмыс күйін елестетеді. Анық қазақ сахарасындағы аңшылар ғана жүретін жым- жырт таудың елең-алаңдағы тыныштық шағын беруден бастайды. Тегінде, пейзаждың өзін суреттеуде көп ақын өздерінің стильдік өзгешелігін анық аңғартады. Шығыс ақындарының ескі дәстүрін алсақ, олар анық тауды шындық қалпында суреттемей, салыстыру үшін әр алуан тұспаларға бейімдеп керсөтетін. Тауы кейде тауға ұқсаса, кейде қиялдап, шұбарлап, әсірелеп айтқан тұманды, жұмбақты бір көріністерге ауысып кетер еді. Орыс поэзиясының, әсіресе Пушкиннен бері қарайғы классикалық реалистік стильге ауысқан үлгісін ескерсек, оның аса айқын бір өзгешелігі - әрдайым дәлшілдігі, шындыққа жақындығы оқшау тұрады. Абай да осы сияқты суреттейін деп отырған жайын және барлық куйлерін сол орыс поэзиясындағы нақтылы дәлшілдік негізге құрады. Қазақтың Абайдан бұрынғы поэзия үлгілеріне де тау анық реалистік, дәлдік болмысымен суреттелмейтін. Көбінесе «бұлғыр- бұлғыр, бұлғыр тау», «асқар-асқар тауларды» жалпылап әсірелеп айтқан, бұлдыр бейнеден ары бармайтын. Абайдың пейзажы, тауы шығыс ақындарының түманды тұспалына да соқтырмайды. Қазақ ақындары айтатын фольклорлік «заңғар тау», «қара аспан тауларға» да бармайды. Жаңаша берілген тау бейнесі кеше ғана өзінің жүріп өткен жерлердің, адыр таулардың ой-қырын, жотасы мен қорым тастарын, қия беттерін, соны қарға түскен іздерімен дәл әрі түгел көрсетеді. Екінші айқын бір жаңалық белгісі - тауды және барлық пейзажды тек сол тау үшін, пейзаж үшін ғана алмайды. Адамның іс-әрекеттерін тартыс-талабымен, неше алуан мінездері- мен араластырып, арнаулы қарым-қатынаста, шарпысу қалпында алады. Адамның да іс-әрекетін, сезімін тегіс табиғат ортасында береді. Шығарманың өзі сюжетті, оқиғалы поэма, баллада үлгісінде жазылмаса да, бар өлең бастан-аяқ динамикалық суреттерден құралады. Әрекет пен оқиға жағынан барған сайын байып, өсіп, үдеп бара жатады. Өлеңнің ішінде сәт сайын құбылған толып жатқан өзгеріс, қимылдар болғандықтан қай оқушыға болсын әсерлі, қызықты тиетін, ойға қонымды, көңілге иланышты шындық танытады. Салқын күнде, аппақ қардың үстінде бусанып тамған қызыл қан тамшысындай жанды шындық. Адамды алсақта, құр аталып қойған емес, арнаулы қимыл-әрекет үстінде көрінеді. Сонарды күткен үлкен аңшы мен қағушылар ерте аттанған. Сонардың да аңшы тілейтін сонары бар. Бұл «ұзақ сонар» емес. Қар кеше күндіз жауып, кеше тоқтаған болса, түлкінің ізі түні бойы жортқан ұзақ шиыр боп кетер еді. Ол ізбен түлкіні табу оңай емес. «Келте сонар» болса, ол да жақсы емес. Қар түні бойы жауып, таң атар алдында ғана тоқтаса, түлкінің ізі қысқа жортуылды ғана көрсетер еді. Бұндай із кез келсе, түлкі тез табылатындығы рас. Бірақ ең аз болған жерлерде оңай кезігуді күту қиял сияқты. Анық жақсы сонар қардың ел жатқанша жауып тоқтаған түнінде болады. Бұнда түлкі көбірек кездеседі. Жортуылы да ұзақ сонардай, шексіз алыс болмайды. Сөйтіп Абай сонардың ішінде аңшыға көп көздесетін шындықты алады. Аңшылықтың қызығы мол. Оның шарты да зор. Астыңда жақсы, мықты ат болу керек. Үсте ыңғайлы, ықшам киім, қасында тату жолдас- барлығы да аңшылықтың әрі шарты, әрі қызықты шындығы. Осы топтың кейбіреулері қағушы болып, сай-сағаны кезінде, біреулері тау басында томаға тартып отырады. Дәл осы сәттен бастап түлкіні алып, көңіл жайланып, «үйірімен үш тоғыз» боп қанжығаға байланып, сүйсінгеннен насыбайларын атқан шаққа шейін өмір шындығынан шалғай жатқан бір қимыл, бір қозғалыс, бір сезім жоқ. Абай осы өлеңде өзі айтатын жайларды аса жақсы біліп, оны үлкен дәлшіл шындықпен жырлайтындығын танытады. Өлеңнің композициясын алсақ, ауызша поэзияда жиі кездесетін, ілгерілі-кейінді аттап түсіп отыратын, бірі ілгері, бірі кейін орынсыз жүретін ауыспалы хал жоқ. Өлең жазушы-ақынның шығармасы. Оны барлық мезгіл мен іс-әрекетті бастан-аяқ ретімен бұлжытпай бергендіктен көреміз. Алдын-ала ойланып алған ретті жоспар барлығы даусыз. Шындыққа, нақтылы деректілікке ерекше мән берген ақын, реалистік дәстүр бойынша, өз шығармасының барлық бұйымын, бар түрманын түтас ету керек. Соның белгісін бұл шығармада Абай өзінің сөздігінен де айқын танытады. «Сонар», «қағушы», «қайтқан із», «Бүркіттің қайқаң қағып аспанға шығуы», «Түлкінің көре тұра қалуы», «үйірімен үш тоғыз» десу - бәрі де аңшылықтың өзіне тән тілі. Сол өзгешелікпен қатар ақын қиялын да өткірлеп, сол асығыс, қарбалас, тайталастар үстінде шебер түрдегі соны теңеуді де табады. «Қар - аппақ», «бүркіт - қара», «түлкі - қызыл» дей келіп, сол бір қайнаған қимылдарды қымсынған ұяң сұлудың асығып шомылған қозғалыстарына ұқсатуы да шеберлік айғағындай. Бұнда натуралдық үлгіде екі жайды «ананы көр де, мынаны көр» деп ұқсата салу жоқ. Табиғатты, түлкі мен бүркітті түгел қосып, бір бейне етіп, әқетті сұлудың динамикалық әрекетіне ұқсатуда көп ассоциация туғызатын терең де кең метафора танылады. Шын шебер реалистің ғана қаламына оралатын өзгеше үлгі. Осындай белгілеріненде әрі мазмұн, әрі түрі түгел қабысып келіп, ірі табысқа айналған ақындық туыс танылады.
Менің қолөнер туындымда осы тақырыпқа тоқталған себебім, ағашты бедерлеу арқылы қазақтың кең даласындағы осы көріністі бейнелеп көрсету болып табылады.Бейнелердің қимыл – қозғалыстарын композициялық құрылым арқылы сомдап, іс – әрекеттерін шындықпен қалыптастырып көрсету.