Жүйке жүйесінің бұзылыстарында екіншілік эндогендік себепкер ықпалдар қалыптасуының маңызы

Нейронаралық байланыстардың бұзылыстары. Жүйке жүйесі бұзылыстарының негізінде нейронаралық байланыстардың эндогендік өзгерістері жатады. Осының нәтижесінде белсенділігі көтерілген жүйке жасушасы пайда болады. Бұл жасушада қозу үрдісі тежелу үрдісінен басым болады да, ол көптеген серпіндер өндіре бастайды. Осындай жүйке жасушасы эпилепсияланған нейрон деп аталынады.

Жүйке жасушасының белсенділігі көтерілуі мына себептерден болуы мүмкін:

● жүйке жасушасында бірден қозу үрдісі қатты көтеріліп кетуден; Ол қоздырғыш аминқышқылдарының (глутамин, аспарагин, L-гомоцистеин қышқылдары) әсерлерінен жүйке жасушасының ішіне натрий, кальций иондары енуі артып, оның мембранасында қатты деполяризация туындауынан болады. Осыдан жүйке жасушаларында қозу үрдісі пайда болып, оның серпін өндіру белсенділігі артьш кетеді.

● жүйке жасушасында тежелудің тапшылығынан; қалыпты жағдайда нейрондардың тежелуіне әкелетін жүйкелік медиатор болып гаммааминомай қышқылы (ГАМК) және глицин есептеледі. Нейрон мембраналарында бұл тежегіш нейромедиаторларды қабылдайтын рецепторлар болады. Олардың әсерлерінен хлор ионы нейрон ішіне енеді. Содан нейронның тежелуі болады. Сол себепті тежелудің бірінші тапшылығы мыйда ГАМК аз өндірілуінен немесе оны қабылдайтын рецепторлардың сезімталдығы төмен болуынан дамиды. Осыдан нейронның белсенділігі көтеріліп кетеді де, ол көптеп серпін өндіре бастайды;

● нейрон белсенділігінің көтерілуі оның тежеуші әсерден шығып кетуінен дамиды. Бұндай жағдай нейронның дефферентациясы нәтижесінде болады. Нейронның белсенділігі көтеріліп, онда қозу үрдісі тежелуден басым болуында, нейрон ішіне Са2+ иондарының көптеп енуі маңызды.

Белсенділігі көтерілген жекелеген нейрондар ОЖЖ-нің бұзылыстарына әкелмейді. Ал, өте қуатты серпіндер ағынын туындататын белсенділігі тым көтеріңкі нейрондар тобының жиынтығы ғана ОЖЖ-нің бұзылыстарына әкеле алады. Осындай тым қуатты серпіндер ағынын туындататын, белсенділігі өте жоғары және өзара әрекеттесе алатын нейрондар топтарының жиынтығын күшейген дерттік қозу генераторы (КДҚГ) дейді (Г.Н.Крыжановский). Ол тежелудің бірінші бұзылыстарынан (сіреспе уытының, стрихниннің, пеницилиннің т.б. әсерлерінен), қоздырғыш аминқышқылдарымен (глутамин, аспарагин т.б.) синапстардың ұзақ түрткіленуінен, мыйдың ишемиясы мен ишемиядан кейінгі реперфузияның әсерлерінен, нейрондардың деафферентациясынан дамиды.

Бұл генератор, ешбір сыртқы әсерсіз-ақ, өзінің белсенділігін жоғары деңгейде өз бетінше ұстап тұрады. Күшейген дерттік қозу генераторы ОЖЖ-нің басқа құрылымдарына белсенді түрде әсер етіп, оларды дерттік серпілістерге жұмылдырып, дерттік жүйеге біріктірсе, ол дерттік анықтаушы (детерминанта) делінеді.

Дерттік детерминанта - дерттік жүйені қалыптастыратын, анықтайтын және басқаратын негізгі эндогендік құбылыс. Сондықтан осы дерттік анықтағыштың белсенділігін дәрі-дәрмектердің жәрдемімен төмендету немесе оны хирургиялық әдіспен жою арқылы ОЖЖ бұзылыстарын емдеуге болады. Мәселен, мыйдың сыртқы қыртысындағы белсенділігі көтерілген нейрон ошағын хирургиялық әдіспен алып тастау арқылы қояншық ауруын емдеуге қол жеткізеді.

Дерттік жүйе - деп ОЖЖ-нің бүліністерінен пайда болатын жаңадан қалыптасқан дерттік өзгерістерді дамытып тұратын функциялық құрылымды айтады. Бұл жүйенің мысалы болып, дерттік қасыну рефлексін келтіруге болады. Тәжірибеде егеуқүйрықтардың жұлынында күшейген дерттік қозу генераторын жасанды түрде туындату арқылы дерттік қасыну рефлексін байқауға болады. Бұл жағдайда тәжірибелік жануарлар артқы аяқтарымен қатты қасына бастайды. Уақыт өткен сайын қасыну, тері мен еті жыртылғанына қарамай, күшейе береді. Осындай еріксіз қозғалыстар адамдардың да жүйке жүйесінің көптеген дерттерінде кездеседі.

Әрбір дертке өз бетінше дерттік жүйе қалыптасуы тән. Мәселен, қояншық ауруына, паркинсонизмге, қорқыныш сезіміне, құбыжық (фантомдық) ауыру сезіміне т.б. мый қызметінің бұзылыстарына өзінің дерттік жүйесі қалыптасады.

Сайып келгенде, жүйке жүйесінің әртүрлі бұзылыстарында салдарлық эндогендік себепкер ықпалдардың - «күшейген дерттік қозу генераторы-дерттік анықтаушы-дерттік жүйе» қалыптасуы маңызды орын алады. Бастапқы кезінде дерттік жүйе дерттік анықтаушыдан тікелей байланысты дамиды. Сол себептен дерттік анықтаушының белсенділігі артқанда дерттік жүйенің де белсенділігі көтеріледі. Ал, дерттік анықтаушы аластанғанда дерттік жүйеде жоғалады. Артынан дерттік жүйе, анықтаушы аластанса да, қалыптасқан күйінде сақталып қала береді.

Эпилепсия (қояншық ауруы)

Аяқ астынан күтпеген жерден қайталанатын тырыспа-селкілдек ұстамалары пайда болуына бейімділікпен көрінетін психоневрологиялық сүлде дертті эпилепсия дейді. Бұл ұстамалар әртүрлі болады. Бірақ олардың барлығының даму негізінде, қуатты серпіндер пайда болуына әкелетін, мый жасушаларының өте жоғары электр белсенділігі жатады. Бұл кезде оның салдары үш түрлі болуы мүмкін:

√ серпіннің пайда болу шегінде тоқтауы;

√ серпіннің мыйдың жақын орналасқан бөліктеріне тарап, кедергіге ұшырауынан тоқтауы;

√ серпіннің тұтас жүйке жүйесіне тарап тоқтауы – ықтимал.

Бірінші екі жағдайда ұстаманы үлестік(ошақты, шектелген, орныққан бүліністен дамыған), соңғы жағдайда денеге жайылған ұстама дейді. Үлестік ұстаманы ұстама алдында мыйдың белгілі құрылымдарының қатысуын көрсететін айқын клиникалық және электрофизиологиялық нышандар болуынан аңғарады. Мәселен, біржақ бет пен қолдың селкілдек ұстамасы әдетте эпилепсия ошағы мый қыртысының алдыңғы орталық қатпарының ортаңғы төмен бөліктерінде, фотопсия мый қыртысының шүйде бөлігінде болуын көрсетеді. Жайылған қояншық ұстамасы кезінде науқастың сана-сезімі әрдайым жоғалады, ал үлестік ұстама кезінде ол кейде жоғалады, кейде сақталады.

Бұл дерт ел арасында 1,5-2% жиілікпен кездеседі.

Эпилепсияның пайда болу тегіне байланысты идиопатиялық және әйгіленімдік түрлерін ажыратады. Біріншісінің пайда болу себебі әлі анықталмаған, оның дамуын науқастың тектік ерекшеліктеріне байланысты нейрондардың көтеріңкі қозымдылығымен түсіндіреді. Әйгіленімдік эпилепсия мыйдың құрылымдық бүліністеріне (мәселен, мый жарақаты, қан құйылу, қабыну, тыртық) байланысты дамиды. Барлық кездесетін эпилепсияның 50-75% идиопатиялық эпилепсияға жатады.

Этиологиясы. Көптеген дерттер (қызба, ауыр гипоксия, уыттану, дененің сусыздануы немесе сулануы, ацидоз немесе алкалоз т.б.) кездерінде тырыспа-селкілдек ұстамалары байқалады. Дегенмен эпилепсияның нағыз себебі әлі күнге дейін белгісіз. Оның пайда болуы тұқым қуалаушылыққа бейімділік пен сыртқы орта факторлары, оның ішінде бұрынғы басынан өткен аурудың маңызы бар деп есептеледі.

Патогенезі. Бүгінгі таңда эпилепсия ұстамасының даму жолдары әлі толық зерттелмеген. Г.Н. Крыжановский оны мыйда дерттік күшейген қозу ошағы (генераторы), дерттік детерминанта және дерттік жүйе қалыптасуымен түсіндіреді. Дерттік күшейген қозу ошағы:

√ қоздырғыш аминқышқылдарының (аспарагин, глутамин т.б.), гипоксияның әсерлерінен нейрон мембраналарында тұрақты деполяризация пайда болу нәтижесінде;

√ мыйда тежегіш нейромедиаторлардың (ГАМҚ, глицин) түзілуі бұзылудан немесе оларды қабылдайтын рецепторлардың белсенділігі төмендеп кетуінен. Бұндай жағдай сіреспе уытының, стрихниннің т.б. әсерлерінен байқалады;

√ мый нейрондарына шеткері тіндер мен нейрондардан тежегіш ықпал болмауынан (мәселен, деафферентация кезінде);

√ мый нейрондарын қоршаған құрылымдардың өзгерістері нәтижесінде пайда болады.

Осы көрсетілгендердің әсерінен бақылаудан шығып кеткен тым қуатты серпіндер өндіретін белсенділігі күшейген нейрондар топтамасы қалыптасады. Бұл кезде қоздырғыш нейрондардың ішіне натрий мен кальций иондарының енуі артып, калий иондары жасуша сыртына шығады. Содан нейрон мембраналарында әрекет ету потенциалы қалыптасып, қоздырғыш нейрондардың бір мезгілде деполяризациясы болуынан олар тым артық жүйкелік серпіндер өндіре бастайды. Қалыпты жағдайда нейрондардың деполяризациясы тежеуші жүйкелік медиаторлар түзілуін сергітеді. Қозу кезінде АТФ ыдырауынан пайда болған аденозинде нейрондардың белсенділігін тежейді. Көрсетілген тежегіш тетіктер иондық каналдар, тежегіш нейрондар мен синапстар бүлінгенде бұзылады. Солармен қатар, мый тіні құрылымы өзгерістері кезінде мыйда қозу толқындары айналып жүруіне қолайлы жағдай пайда болады. Осындай дерттік күшейген қозу ошағы ОЖЖ-нің басқа құрылымдарына әсер етіп дерттік детерминантаға (анықтаушы эндогендік себепкер ықпалға) айналады. Бұл детерминанта мыйдың басқа құрылымдарын жұмылдырып біртұтас дерттік жүйе қалыптастырады. Содан бастапқы пайда болған дерттік күшейген қозу үрдісі мый қыртысының қимылдық орталықтарына тарап, барлық қаңқа бұлшықеттеріне жайылған тырыспа-селкілдек ұстамалары дамуына әкеледі.

Қозу толқындарының басқа құрылымдарға тарауы әртүрлі тетіктер арқылы жүзеге асады:

√ нейрон мембранасының ұстамалы деполяризациясы кезінде жасушалар сыртында калий иондарының көбеюі көрші нейрондардың деполяризациясын туындатады.

√ нейрон деполяризациясының жиілігі артуы жүйке аяқшаларына кальций иондары көптеп енуіне әкеледі. Ол өз алдына қоздырғыш нейрондардың синапстарына жүйкелік медиаторлар босап шығуын көбейтеді. Кальций электр тәуелді глутаматтық иондық каналдар арқылы енеді. Бұл каналдар синапстар арқылы жүйкелік серпіндердің өткізілуіне қатыспайды. Өйткені олар бұл кезде магний иондарымен бөгеліп тұрады. Ал, нейрон мембранасының деполяризациясында магнийлік бөгет болмайды. Өте жиі деполяризация кезінде тежегіш синапстардың әсері азаяды. Бұл кезде мыйда ГАМҚ көп болғанына қарамай оны қабылдайтын рецепторлардың сезімталдығы төмендейді. Осы өзгерістердің барлығы жиналып әсер етуден мембрананың бір мезгілде деполяризациясы болып тырыспа-селкілдек ұстамалары пайда болады.

Кейде тырыспа-селкілдек ұстамасы кезінде мыйдың бүлінген аумағына жақын немесе алыстау орналасқан аумақтарда жаңа бүліну ошақтары пайда болады. Осылай қосымша эпилепсиялық ошақ қалыптасады.

Идиопатиялық эпилепсия кезіндегі биохимиялық және құрылымдық өзгерістер әлі анықталған жоқ. Тышқандарда өткізілген тәжірибелерде 2 хромосоманың генінде нүктелі мутация болатыны белгілі болды. Бұл жануарлардың мый қыртысында ГАМҚв қабылдайтын рецепторлар көбейетіні байқалды. Бұл рецепторлардың әсерленуінен таламус нейрондарының гиперполяризациясы болуы жылдам кальций каналдарын (Т-каналдарын) әсерлендіреді. Абсанс ұстамасы дамуын көру төмпешігі нейрондарының бір мезгілде деполяризациясымен және жылдам кальций каналдарының әсерленуімен байланыстырады.

Сонымен қорыта келгенде, мый жарақаты, инсульті, экзогендік және эндогендік уыттанулар, гипогликемия, электролиттер алмасуының, қышқылдық-сілтілік үйлесімділіктің бұзылыстары, рецепторлар мен иондық каналдардың тұқым қуатын ақаулары иондық насостардың қызметтері бұзылыстарына, нейрондарға натрий мен кальцийдің енуі артуына, калийдің жасуша сыртына шығуына, нейронаралық ортада калийдің көбеюіне және кальций мен магнийдің азаюына әкеледі. Осыдан қоздырғыш нейрондардың белсенділігі артып, тежегіш тетіктер әлсірейді, дерттік күшейген қозу ошағы қалыптасады, ол мыйдың басқа құрылымдарын жұмылдырып дерттік детерминанта және дерттік жүйе қалыптастырады, тырыспа-селкілдек ұстамалары пайда болады.

Наши рекомендации