Сурет. Пәндердің апталық қиындығының ең жақсы динамикасы.

Дене шынықтыру тәрбиесі, еңбек, ән-күй, сурет сабақтарын, қажудың алғашқы белгілері пайда болған кезде, 3-4- сағаттарға қою ұсынылады. Қимыл белсенділігі қажеттілігін жүзеге асыру және ой еңбегінен дене еңбегіне өту, осы сабақтарда оқушылардың белсенді демалуына мүмкіндік береді.

Қосарланған сабақтар және екі немесе үш қиын пәндердің қатарынан койылуы оқушылардың жұмысқа қабілеттілігіне теріс әсерін тигізеді.

Қосарланған сабақты бастауыш мектептерде жүргізуге рұқсат етілмейді. 5–9 сыныптар оқушыларына зертханалық, бақылау жұмыстарын, еңбек және нысаналы мақсаттағы дене шынықтыру тәрбиесі (шаңғы, жүзу) сабақтарын жүргізу кезінде, қосарланған сабақтар рұқсат етіледі.Негізгі және салалық пәндер бойынша қосарланған сабақтарды 5–9 сынып оқушыларына дене шынықтыру тәрбиесі сабағынан кейін немесе ұзақтығы 30 минуттан кем емес, динамикалық үзілістен кейін ғана жүргізуге рұқсат етіледі. Ал 10–11 сыныптарда қосарланған сабақтарды негізгі және салалық пәндер бойынша жүргізуге болады.

Сабақ, оқу аптасы мен оқу күні сияқты, жұмысқа қабілеттілік қисығына сәйкес құрылуы қажет: максималды жүктемені сабақтың ортасына береді, сабақтың соңына қарай төмендетеді.

Оқу үрдісінде жұмысқа қабілеттілігі мен пәнге қызығушылығын арттыру, жаңа ақпаратты жақсы меңгеру және сабақтың бірсарындылығын төмендету мақсатында техникалық оқу құралдарын (ТОҚ): видео–, кинофильмдер, дыбысты жазбалар, компьютерлік технологияларды белсенді түрде қолданады. Бірақ, сабақта ТОҚ көп қолданбау керек, себебі олар орталық жүйке жүйесіне, көру және есту анализаторларына түсетін жүктемені арттырады. Сондықтан, апта бойында, ТОҚ қолданумен жүретін сабақтар саны кіші сыныптар оқушыларында – 3–4, жоғары сыныптарда – 4–6 сабақтан аспауы қажет. Оқу сабақтарында дыбысты техникалық заттарды көрнекті дыбыс құралы ретінде ғана қолдануға болады.

Компьютерлік технологияларды сабақ оқытуда 2-ші сыныптан бастап қолдануға рұқсат етіледі. Компьютерде жұмыс істеу ұзақтығы жазу сабақтарында екінші сыныпта – 20 минуттан, үшінші сыныпта – 26 минуттан, математика сабақтарында екінші сыныпта – 15 минуттан, үшінші сыныпта – 20 минуттан аспауы керек.

Оқу күні құрылымындағы, зорлануды жоятын және белсенді демалу арқылы қажудың алдын алатын, міндетті құрамдас бөлігі - үзілістер. Үзілістер әрбір сабақтан кейін болуы керек. Олардың ұзақтығы 10 минуттан кем болмауы керек, ал екінші сабақтан кейін әдетте болатын үлкен үзілістің ұзақтығы 30 минут болуы тиіс. Бір 30 минуттық үзілістің орнына екі 20 минуттық үлкен үзіліс жасауға да болады. Таза ауада, қимылды ойындармен жүргізілетін үзілістер оқушының ағзасына ең тиімді әсер етеді.

Мектепке дейінгі балалардың күн тәртібіне қарағанда, оқушылардың күн тәртібінде жаңа құрамдас бөлік – үй тапсырмасы пайда болады, олардың ұзақтығы кіші сыныптарда 1–2 сағат болып, жоғары сыныптарда 4 және одан да көп сағаттарға дейін жетеді. Өздігінен орындауға берілетін тапсырманың үлкен көлемі мен күрделілігі, жұмысты ұтымды ұйымдастыра алмау, тақырыпты түсінудегі қиыншылықтар, үй тапсырмасын орындауға жұмсалатын уақыт шығынының едәуір көбеюіне әкеледі.

Бұл жағдай балалардың таза ауада болу уақытының шұғыл қысқаруына және соның нәтижесінде белсенді қимыл әрекетінің және ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуіне себеп болады. Үй тапсырмаларының шамадан артық жүктемелерінен болатын теріс құбылыстарды болдырмау үшін, олардың рұқсат етілген ұзақтығын сақтау (9.7 кесте) және тапсырма орындаудың белгілі бір стереотипін қалыптастыру қажет. Сабаққа дайындалуға мектептен келгеннен және тамақ қабылдағаннан кейін бірден кірісуге болмайды. Сабақ оқуға дейін, 1,5–2 сағат алдымен қимылды ойындарға, содан кейін, демалыстың соңына қарай таза ауада тыныш серуендеуге жұмсау керек. Сабаққа дайындалуды үнемі бір уақытта бастау және әрбір 40–45 минуттан кейін қысқа үзілістер жасау керек. Егер тапсырма орындауы 2–3 және одан көп сағаттарға созылса, таза ауада ұзағырақ үзіліс жасаған дұрыс болып табылады.

Таза ауада болу – күшті сауықтыру, дамыту және шынықтыру әсері бар, оқушылардың күн тәртібінің қажетті құрамдас бөліктерінің бірі. Оның ұзақтығы кіші сыныптағы оқушыларда 3–3,5 сағаттан, жоғары сыныптағы оқушыларда 2–2,5 сағаттан кем болмауы керек.

Сабақтан бос уақытта, өз қалауы бойынша демалу ағзаға қолайлы әсер етеді. Сабақтан тыс іс–әрекеті әр-алуан: үйірмелерге қатынасу, музыкамен айналысу, жабыстыру ісімен, хореографиямен, спортпен шұғылдану, кітап оқу, теледидар көру, компьютерде ойнау, концерттерге бару, қоғамдық пайдалы жұмыс, үйге көмек беру және т.б түрінде болады. Мәжбүрлеу элементі жоқ, демалудың бұл түрінде, жағымды сезімдер қалыптасады, орындалған жұмысына қанағаттану сезімі пайда болады, өзіне деген сенімділік, балалардың икемділігі дамиды және т.б. Бірақ, өз қалауы бойынша шұғылдану уақыты және жүктеме дәрежесі бойынша шектеусіз бола алмайды. Рұқсат етілген деңгейлерден артық болуы, әдетте айқын қажу белгілерінің дамуына және жиі көніл аударуды қажет ететін патологияға әкеп соғады. Әсіресе бұл теледидардың алдында көп сағат отыруына және компьютерге құмарту белгілері пайда болған компьютермен жаһандық әуестенуіне байланысты.

Өз қалауы бойынша айналысатын жұмыстар белсенді демалуы мен ұйқы уақытын қысқарту есебінен жүргізілмеу тиіс. Түнгі ұйқының ұзақтығы кіші сыныптардағы оқушыларда – 10 сағаттан, орта сыныптардағы оқушыларда – 9 сағаттан, ал жоғары сыныптардағы оқушыларда – 8–8,5 сағаттан кем болмауы керек. Сонымен бірге, 6 жасар оқушыларда 1 сағаттық күндізгі ұйқы міндетті түрде болуы керек. Күндізгі ұйқы 7 жасар балаларға да және оқу жүктемелері көбейген кезеңдерде әр түрлі жастағы балаларға да ұсынылады.

Наши рекомендации