Сұрет. «Жел раушаны». Тұрғын үй ауаны ластайтын өнеркәсіп нысанының жел ең жиі соғатын жағынан орналастырылған

Жел раушаны жергілікті жердегі желдердің басым бағыттары туралы көрнекі мағлұмат береді. Тұрғын және қоғамдық ғимараттарды ауаны ластайтын көздердің жел басым соғатын жағынан орналастыру қажет, бұл ластаушылардың таралуын шектеуге немесе оның алдын алуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылғандардан белгілі, адам ағзасы тіршілік үрдісінде ауаның температурасының, ылғалдылығының, қозғалысының, жылу радиациясының әр қайсысынын жеке әсеріне емес, бірлескен әсеріне ұшырайды. Адам ағзасының қоршаған ортамен жылу алмасуы үрдістеріне әсер етіп, адам ағзасының жылылық жағдайы мен ортаның жылылық жағдайын анықтайтын, осы факторлардың кешені микроклимат деп аталады.

Микроклимат көрсеткіштеріне ауаның температурасы, ылғалдылығы, қозғалу жылдамдығы, қоршаған заттардың беттерінен берілетін жылу радиациясы жатады.

Микроклимат, қалыптасатын жеріне байланысты, жабық бөлмелердегі (тұрғын, қоғамдық, өндірістік, арнайы қондырғылардың, әскери техниканың, көліктің) және жеке аумақтардың (елді мекендердің, жердің, ықшам аудандардың және т.б.) микроклиматы деп бөлінеді. Адамның жылу тепе-теңдігіне әсер ету дәрежесі бойынша микроклиматты комфортты және дискомфортты - салқындататын және қыздыратын деп бөледі.

Комфортты микроклимат жылу реттейтін механизмдердің зорлануын тудырмайды. Жылу сезінуі жақсы және орталық жүйке жүйесінің жұмысы да оңтайлы, дене және ой жұмысына қабілеттілігі, сонымен қатар, қолайсыз факторлардың әсеріне төзімділігі де жоғары болады.

Дискомфортты микроклимат, керісінше, жылу реттейтін үрдістердің зорлануымен, жүйке жүйесі мен анализаторлардың жұмыс көрсеткіштерінің нашарлауымен, әр түрлі мүшелер мен жүйелердің функционалдық жағдайының бұзылуымен, ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуімен сипатталады, сонымен қатар, әр түрлі жедел және созылмалы аурулардың дамуына себепші болуы мүмкін. Қыздыратын дискомфортты микроклимат жедел және созылмалы гипертермиялардың әр түрлі белгілерінің дамуына (жоғарыдан қараңыз), ал салқындататын дискомфортты микроклимат – жергілікті және жалпы гипотермияларға және олармен байланысты ауруларға және ағзаның функционалдық жағдайының бұзылуларына әкеледі.

Микроклимат факторларының кешенді түрде әсер ететінін ескеріп, өте жоғары да емес және тым төмен де емес температуралар ауаның ылғалдылығы мен қозғалысының қолайсыз шамаларымен бірге әсер еткенде, ағзаның қатты қызыуна және қатты салқындауына әкелуі мүмкін екендігі есте болуы керек. Созылмалы дененің қатты қызуы тіпті, ауа температурасы 26-28ºС кезінде де, бірақ ылғалдылығы 80% жоғары және ауа қозғалысы 0,3 м/сек төмен микроклимат жағдайында ұзақ уақыт болған кезде, пайда болуы мүмкін. Созылмалы дененің салқындауы ауаның температурасы 12-14ºС және одан төмен, салыстырмалы ылғалдылығы 60% және одан да жоғары болған кезде байқалуы мүмкін. Жедел суықтан болатын патология 0ºС төмен температура кезінде жиі дамиды, бірақ ауның жоғары ылғалдылығы мен ауаның жоғары қозғалу жылдамдығы бірге әсер еткенде, плюс температура кезінде де дамуы мүмкін.

Бөлме микроклиматын гигиеналық бағалау үшін, субьективті және обьективті көрсеткіштерді қолданады. Субьективті бағалау адамның жылу сезіну бойынша жүргізіледі, оның келесі 7 сипаттамасы болуы мүмкін: өте суық, суық, салқын, комфортты, жылы, ыстық және өте ыстық.

Обьективті бағалау адамның жылылық жағдайы мен микроклимат көрсеткіштеріне жүргізілген аспаптық зерттеулердің нәтижелері негізінде беріледі. Адамның жылылық жағдайын зерттеу үшін, дененің әр түрлі бөліктеріндегі тері бетінің температурасы мен тер бөлінуінің қарқындылығы жиі анықталады.

Микроклиматтық жағдайлардың адам ағзасына қолайсыз әсерлерінің алдын алу үшін, біртұтас шаралар кешені жүргізіледі. Бұл шаралардың ішінде микроклимат параметрлерін гигиеналық нормалау ерекше орын алады. Оны, климаттық жағдайларын, жыл мезгілін, тәулік уақытын, бөлменің сипаты мен қолданылуын, оның ішіндегі жұмыс істейтін адамдардың атқаратын жұмыстарының түрлерін, адамдардың денсаулық жағдайы мен жасын ескеріп, дифференциалды түрде жүргізеді (VII, IX, X, XI тарауларды қараңыз). Микроклиматтың қолайсыз әсерінің алдын алуда гигиеналық нормативтер мен талаптарға сай микроклиматтық жағдайларды жасауға бағытталған шаралар маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта жылыту, желдету, ауаны кондиционерлеу, бөлменің қызуын немесе салқындатуын төмендетуге мүмкіншілік беретін терезелердің дұрыс бағытталуы, ғимараттардың қабырғаларын қалыңдату, күннен қорғайтын құрылыстарды орнату, жалюзилерді, перделерді пайдалану және т.б. қолданылады.

Өндірісте өндірістік үрдістердің технологиясын жетілдіреді немесе өзгертеді, жылу шығаратын көздерді оқшаулайды, жұмыс орындарын экрандайды, салқын ауаның ағынын немесе су бүркіндісін ыстықты төмендететін перде ретінде қолданады.

Шаралардың келесі тобы рационалды киімдерді таңдау және еңбек пен демалудың, тамақтанудың, су ішудің қолайлы режимдерін, сонымен қатар, шынықтыруды ұйымдастыру жолымен адамның жылылық жағдайын жақсартуға және ағзаның қарсы тұру қабілетін жоғарылатуға бағытталған.

Өндірістегі микроклимат жағдайларының қолайсыз әсері салдарының алдын алуға, емдеу - алдын алу шараларын жүргізіп те, қол жеткізеді. Мысалы, жұмысқа орналасатын адамдарды алдын ала жүргізілетін медициналық тексеруден өткізіп,денсаулық жағдайында қарсы көрсетілімдері болса, жұмысқа алмайды. Жұмыс істейтіндердің ағзасының қатты қызынуына немесе салқындауына байланысты денсаулықтарындағы бұзылыстарын анықтау мақсатында, кезеңдік медициналық тексерулер, профилакторияларда, санаторияларда емдеу, цехтің денсаулық пунктінде әр түрлі сауықтыру шараларын және басқаларды жүргізеді.

Наши рекомендации