ЖасушаныҢ жалпы патологиясы тақырыбынан машықтық дағды қалыптастыру
Сабақтың мақсаты:
· Клиникалық-зертханалық мәліметтерді сараптау машықтық дағдысын қалыптастыру
· Топта жұмыс жасау коммуникациялық дағдысын қалыптастыру
Оқыту міндеттері:
· Клиникалық-зертханалық мәліметтерді сараптауда теориялық білімін қолдана білу
· Топта жұмыс жасағанда коммуникациялық дағдысын жетілдіру
Сабақ жүргізудің тәсілдері:
Кіші топта жұмыс жасау, кейс-стади.
ТАПСЫРМАЛАР
Тапсырма Кейс-стади
№1 есеп. Токсикологиялық зертханада бір химиялық өндіріс орнындарынан шығарылатын қалдықтардың құрамына кіретін уытты заттың жасушаға әсерін зерттеді. Жасанды ортадағы қалыпты эпителий жасушасына өнімнің уытты мөлшерін енгізеді. Жасуша зақымдалуының көріністерін 3 сағат бойына әрбір 30 минут сайын бақылады. 3 сағаттан соң 85% жасушаның тіршілігін жоғалтқаны анықталды.
Сұрақтар:
1. Осы тәжірибедегі эпителий жасушаларының қайтымды (А) және қайтымсыз (Б) бүліністерін бағалау үшін қандай құрылымдық және биохимиялық нышандарды (белгілерін) ұсынуға болады.
2. Жасуша жағдайын бағалауға ұсынылған нышандарды негізге ала отырып, жасушадағы дерттік өзгерістерді және олардың даму тетігінің бірізділігін келтіріңіз.
№2 есеп. Тәжірибеде гемолиздік анемияның үлгісін алу үшін тышқандарға фенилгидразин енгізді, ол өз кезегінде жасушада бос радикалды тотығуды ынталандырады. Фенилгидразин енгізгеннен кейін жарты сағаттан соң жануардың қанында эритроциттердің мөлшерінің төмендегені, бос Hb және метгемоглобин анықталды.
Сұрақ
Эритроциттердің мембранасының зақымдануының даму тетігін және бос гемоглобин мен метгемоглобин түзілуін түсіндіріңіз.
№3 есеп. Терінің эпителий жасушасына жаңа антибиотиктің уыттық әсерін зерттеу үшін тәжірибенің екі топтамасы жүргізілді (А және Б).
А. In vivo тәжірибесінде тәжірибелік сызықтық егеуқұйрықтарда алты сағат бойы жануардың терісіне антибиотиктің ертіндісі бар жапсырғышты таңып қойды (дәрінің мөлшері емдік көрсеткіштен өте жоғары болды). Дәрінің тиімділігін жапсырғышты алғаннан кейін 8 сағаттан соң өмір сүру барысында теріні микроскоппен қарау арқылы бағалады. Кейіннен арасы 8 сағат сайын екі рет микроскоппен қарады.
Б. In vitro тәжірибесінде зерттелетін дәрі бар ортада эпителиалды жасушасының дақылын өсірді. Дәрінің мөлшері in vivo тәжірибесіндегі мөлшерге сәйкес келеді. 6 сағаттан кейін дақылды жуып, дәрісі жоқ ортада ұстауды жалғастырды. Дәрінің әсерін жарықтық әдіспен және in vivo тәжірибесіне сәйкес, сол мезгілде электронды микроскоппен тексеру арқылы бағалады.
Тәжірибелердің нәтижелері
А. In vivo: Жапсырғаннан кейін 8 сағат өткен соң эпителийдің майда ошақты некрозы мен дистрофиясы анықталды. Кейіннен осы дерттік өзгерістердің теріде өскені байқалды.
Б. In vitro: зерттеудің барлық сатыларында тері эпителийінде зақымдану белгілері анықталған жоқ. Тек басында жасушалардың агрегациясы байқалды, кейіннен жүргізілген тексерулерде анықталған жоқ.
1. In vivo жүргізілген тәжірибеде эпителий жасушасының бүлінісі тікелей немесе жанама деп ұйғаруға болады ма? Өзіңіздің ұйғарымыңызды растайтын мәліметтер келтіріңіз.
2. Дәрінің жасушаға бүліндірігіш әсерінің даму тетігі қандай? In vitro жүргізілген тәжірибенің нәтижелерін ескере отырып. сіздің көрсеткен даму тетіктеріңіздің қайсысы (қайсылары) дұрыс болып табылады?
№ 4 есеп. Жедел вирустық гепатит В –мен ауырған Т есімді науқастың бауырында келесі өзгерістер анықталды: гепатоциттердің өлшемі едәуір ұлғайған, олардың цитоплазмасы ірі ашық түсті вакуолдармен толған. Кейбір гепатоциттер кішірейген, олардың цитоплазмасы эозинофильді бояғышпен қанық боялған, ядросы бүріскен (кариопикноз). Қақпа венасы жолдары мен синусойдтарына лимфоциттер мен гистиоциттер сіңбеленген. Бауыр биоптатында каспазалар белсенділігі жоғарылағаны және ДНҚ-ның көптеген бөлшектері анықталды. Қан плазмасында аланинтрансаминазаның (АЛТ) және аспартаттрансаминазаның (АСТ) белсенділігі жоғарылаған.
1. Гепатоциттер өлшемінің өзгеруін (үлкеюі, кішіреюі, вакуольденуі), олардың В гепатит вирусымен зақымдануы кезіндегі қанық түске боялуын түсіндіріңіз.
2. Каспаза белсенділігінің жоғарылауы және бауыр тінінде ДНҚ бөлшектерінің жиналуы нені дәлелдейді?
3. Гепатоциттер зақымдануында гепатит В вирусы, лимфоциттер мен макрофагтар қандай рөл атқарады?
Есеп № 5.
Келесі көрсеткіштер негізінде зақымданған жасушалар түрін анықтауға бола ма? Қан плазмасындағы калийдің мөлшері – 5,5 ммоль/л (нормасы 3,5-5,0 ммоль/л), АСТ және АЛТ деңгейі жоғарылаған, зәрде миоглобин анықталған.
1. Жасуша мембранасы зақымдану патогенезін түсіндіріңіз
2. Жасуша мембранасы зақымдануының салдары қандай?
Есеп № 6.
Радиациялық зақымданудажасушалар бүлінді. Сәулесоқ ауруының дамуына келесілердің қайсысы қолайлы әсер етеді, қайсысы кедергі келтіреді және не себепті?
· Na/K АТФ-азаның тежегіштері
· Na/K АТФ-азаның әсерлендіргіштері
· Антиоксиданттар
· Ca каналдарының тежегіштері
· Буферлік ерітінділер
Есеп № 7.
Экспериментте иондағыш сәулеленудің әсеріне ұшыратылған егеуқұйрық тобының соматикалық жасушаларының геномын зерттеукөп мутация санын анықтады, бірақ ол егеуқұйрықтардың келесі ұрпақтарының геномында мутациялар саны біртіндеп азайды.
1. Бұл немен байланысты болуы мүмкін. Жауапты негіздеңіз.
2. Жасуша зақымдануындағы бейімделу серпілістерін келтіріңіз.
Есеп № 8.
Қанның қай маркерлері
ü Гепатоциттердің
ü Қаңқа бұлшықеті жасушаларының
ü Кардиомиоциттердің зақымдануын көрсетеді
Есеп № 9.
Аурудың алдын алу мақсатында пациент емханаға келді. Шағымы жоқ, қарап тексергенде қандай да бір дерттік ауытқулар анықталған жоқ. Қорытынды шешім қабылдау үшін қаны мен зәрін тапсыруға клиникалық зертханаға жолдама берілді. Зертханада дәрігер лаборант эритроциттерінің айқын гемолизін анықтады, қан жағындысындағы бұзылмаған эритроциттердің пішіні сфералық түрде болды. Істің мән жайын анықтау барысында белгілі болғаны қан алу кезінде оны сұйылту үшін натрий хлоридінің гипотониялық ерітіндісін қолданған.
1. Мембрана зақымдану патогенезін түсіндіріңіз және берілген жағдайда эритроциттердің гемолизге ұшырау механизмін көрсетіңіз.
2. Гемолизге ұшырамаған эритроциттердің пішіні неге шартәрізді болды ?
Негізгі:
1. Ә.Нұрмұхамбетұлы. Патофизиология. – Алматы; РПО «Кітап», 2007. – С. 293-311.
2. Патофизиология // Под ред. Новицкого В.В., Гольдберга Е.Д. Уразовой О.И.– Москва: Изд-во ГЭОТАР, 2010., том 1, с. 145-196
3. Литвицкий П.Ф. Патофизиология: Учебник для вузов. – М.: ГЭОТАР – Медиа, 2009. - С. 43-60.
4. Патофизиология. Основные понятия. // под ред А.В. Ефремова. – Москва: ГЭОТАР-Медиа. – 2008. – С. 22-25
5. Патологическая физиология: Учебник п/р Н.Н.Зайко и Ю.В.Быця. – 2-е изд. – М.: МЕДпресс-информ, 2004. – С. 136-162
6. Патофизиология в схемах и таблицах: Курс лекций: Учебное пособие. Под ред. А.Н.Нурмухамбетова. – Алматы: Кітап, 2004. – С. 33-42.
7. Патологиялық физиология бойынша сынамалық тапсырмалар // Қазак тіліне аударған М.Б.Байбөрі, редакциялаған Т.П.Ударцева, Н.Н.Рыспекова – Алматы.: «Эффект», ҚазҰМУ, 2007.- Б. 63 – 81
Қосымша
8. Патологическая физиология п/р А.Д.Адо, М.А.Адо, В.И.Пыцкого, Г.В.Порядина, Ю.А.Владимирова. – М.: Триада-Х, 2002. – С. 16-48.
9. Литвицкий П.Ф. Патофизиология: Учебник для вузов. – М.: ГЭОТАР – Медиа, 2007. - С. 43-60.
10. Патофизиология: Учебник для мед.вузов под/ред В.В. Новицкого и Е.Д. Гольдберга.-Томск: Том.ун-та, 2006, С. 66-89.
11. Литвицкий П.Ф. Патофизиология: Учебник: в 2 т. – М.: ГЭОТАР-МЕД, 2003. – Т. 1. – С. 89-140.
12. Воложин А.И. Общая патология клетки // Общая патология клетки // патологическая физиология под ред А.И. Воложина и Г.В. Порядина. М.: МЕДпресс. – 1998. – с. 41 – 104.
БАҚЫЛАУ
Ситуациялық есептер бойынша бақылау жүргізу
№ 5 тақырып. ОРГАНИЗМНІҢ ЗАҚЫМДАНУҒА ЖАЛПЫ ӘСЕРЛЕНІСТЕРІ (Жедел кезең жауабы, стресс, сілейме, кома)
Сабақтың мақсаты:
· Зақымдануға организмнің жалпы серпілісінің этиологиясы, патогенезі, организм үшін маңызы бойынша білімін қалыптастыру
· Патогенездің сызбанұсқасын құрастыру дағдысын қалыптастыру
· Тақырып сұрақтары бойынша пікірсайыс жүргізу дағдыларын қалыптастыру
Оқыту міндеттері:
· Зақымдануға организмнің жалпы серпілісінің этиологиясы, патогенезі, организм үшін маңызы бойынша білімін жетілдіру
· «Жедел кезеңнің» жауабы мен стрестің этиологиясын, патогенезін, қорғаныстық бейімделулік және патогендік маңызын ажыратуды үйрену
· Тақырыпты талдағанда 3 тілдегі медициналық атаусөздерді теориялық материалды талдағанда қолдануды үйрену
· Патогенездің сызбанұсқасын құрастыру дағдысын жетілдіру
· Топта жұмыс жасағанда коммуникациялық дағдыны жетілдіру
Тақырыптың негізгі сұрақтары:
1. Зақымдануға жалпы әсерленістер туралы түсінік, мысалдар келтіру.
2. «Жедел кезең жауабы», себептері, дәнекерлері және олардың әсері. «Жедел кезең жауабының» нәруыздары, олардың қызметі. Организм үшін «жедел кезең жауабының» маңызы. Жүйелік қабынулық жауап синдромы туралы түсінік.
3. Қан плазмасының протелиздік жүйесінің белсенденуі. Калликреин-кинин жүйесінің және комплемент жүйесінің маңызы.
4. Жалпы адаптациялық синдром (стресс), себептері, кезеңдері, даму тетіктері. Стрестің қорғаныстық – бейімделулік және дерттуындатулық маңызы. Адаптация дерттері туралы түсінік.
5. Сілейме. Этиологиясы және патогенезі бойынша жіктелуі. Жарақаттық сілейме, себептері, сатылары, қанайналымы және микроциркуляцияның өзгерістері.
6. Кома, түрлері, даму тетіктері.
Оқыту мен сабақ жүргізу тәсілдері:
Оқытушы мен студент арасында сабақтың негізгі сұрақтары бойынша пікірсайыс, дискуссия, тақырып көрсетілімін талқылау, патогенездің сызбанұсқасын құрастырып сараптау.
Бақылау тәсілдері:
Ауызша сұрау, патогенездің сызбанұсқасы, тестілеу.