Бап. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары

1. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
2. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің лауазымдарына қойылатын біліктілік сипаттамасын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың, оның ішінде білім беру мен ғылыми ұйымдар басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босатуды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

Бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің ар-намыс кодексі

1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің ар-намыс кодексі (бұдан әрі - Кодекс) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің азаматтар мен жалпы қоғам алдындағы өз қызметі үшін моральдық жауаптылығын белгілейді.
2. Медицина және фармацевтика қызметкерлері өз қызметінде:
Қазақстан Республикасының заңнамасын және осы ар-намыс кодексін басшылыққа алуға;
Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығының нығайтуға жәрдемдесуге;
Тек қана пациенттің мүдделерінде шешімдер қабылдауға;
Қазақстан Республикасы медицина және фармацевтика қызметкерінің жоғары атағына кір келтіретін іс-әрекет жасауға жол бермеуге;
өзінің қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы атқаруға;
өзінің кәсіби білімін үздіксіз жетілдіруге;
өзінің жеке пайдасын басшылыққа алып, профилактика және емдеу мақсатында әдістер мен құралдарын жарнамалауға әрі пайдалануға жол бермеуге;
еңбек тәртібін мүлтіксіз сақтауға;
денсаулық сақтау ұйымдарының мүлкін ұқыпты ұстауға әрі тиімді пайдалануға;
сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға;
қызметтік ақпаратты пайдакүнемдік және өзге де мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге;
жеке басының үлгісімен ұжымда тұрақты әрі жағымды моральдық-психологиялық жағдай жасауға ықпал етуге;
басқа медициналық қызметкерлер тарабынан Кодекс нормаларының бұзылуы фактілеріне жол бермеуге әрі жолын кесуге;
өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде киімнің белгіленген нысанын сақтауға міндетті.
Пациенттермен қарым-қатынаста медицина және фармацевтика қызметкерлері:
жасына, жынысына, ұлтына, дін ұстануына, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік,лауазымдық және өзге де жағдайларына немесе өзге де мән-жайларға қарамастан әрбір адамның құқықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
оған мұқтаж әрбір адамға медициналық көмек көрсетуге;
адам өмірін сақтау өзінің борышы екенін әрдайым есте ұстауға;
азаматтардың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне сенімін нығайтуға жәрдемдесуге;
пациенттерге қатысты қаржылық және өзге де бопсалау фактілеріне жол бермеуге, өз әріптестері тарабынан осындай іс-әрекеттердің жолын кесу жөнінде күш-жігер жұмсауға;
өз іс-әрекетімен қоғамның тарабынан негізделген сын айтылуына жол бермеуге, сынға сабырлылық танытуға, өз қызметіндегі кемшіліктерді жою әрі оны жақсарту үшін сындарлы сынды пайдалануға міндетті.
Өз әріптестерімен қарым-қатынаста медицина және фармацевтика қызметкерлері:
Жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, сыпайылық әрі биязылық танытуға;
Егер пациенттің мүддесі талап етсе, риясыз көмек көрсетуден бас тартпауға және әріптестерден кеңес сұрауға;
Басқа медициналық қызметкердің кәсіби біліктілігіне жұрт алдында күмән келтірмеуге;
Қазақстандық медицинаның дәстүрлерін және жетістіктерін байытуға міндетті.
3. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің осы Кодексті сақтауы олардың кәсіби борышы болып табылады.
4. Денсаулық сақтау ұйымының ұжымы оның басшысының шешімі бойынша медицина және фармацевтика қызметкерлерінің осы Кодексті сақтамауы фактісін қарайды және қараудың нәтижесі бойынша қоғамдық айыптау шығаруы мүмкін.
5. Денсаулық сақтау ұйымының басшылары осы Кодекс мәтінінің көрнекі үгіт орындарында орналастырылуын қамтамасыз етеді.

Наши рекомендации