Тамақтану режимі. Тоқтық сезімі және тағамның сіңімділігі.
Рационалды тамақтанудың маңызды шарттарының бірі - тамақтану режимі. Тамақтану режимі деп, тағамды қабылдау уақыты мен жиілігін және оны мөлшері мен сапа жағынан жеке қабылдаулар бойынша бөлуді түсінеді.
Тағамды қатал бекітілген уақыттарда қабылдаса, сол уақытқа шартты секреторлық рефлекс пайда болады, бұл адамның тағамға тәбетін жақсартады, астың қалыпты қорытылуына ықпал етеді, ал тәуліктік рационды бірнеше бөліп қабылдау, тағамның сіңімділігін жақсартады, ас қорыту жолына түсетін артық ауырлықтарды болдырмайды және ұзақ уақыт бойына тоқтық сезімін қамтамасыз етеді. Тағам қабылдау аралығы 4-5 сағат болса оптимальды болып есептеледі.
Тамақтану режимі адамның жасына, физиологиялық жағдайына, жұмыс ерекшеліктеріне, т.б. байланысты. Үлкен адамдар үшін күніне 4 рет тамақтану қолайлырақ: 1-ші таңертеңгі ас – тәуліктік рационның 25 %; 2-ші таңертеңгілік ас - 10 %; түскі ас - 45 % және кешкі ас құрамында - 20 % . Екінші таңертеңгілік астың орнына, түскі ас пен кешкі астың арасында бесінділік ас қабылдануы мүмкін.
Үш рет тамақтану кезінде, әрбір қабылдау уақыттарының арасында аштық сезімі пайда болуы және жұмыс қабілетінің төмендеуі мүмкін. Бұл кезде мынадай етіп бөлу ұсынылады: таңертеңгі асқа тәуліктік рационның 30 %; түскіге - 45 %; кешкіге - 25 %.
Жұмысты түнгі кезекте істейтіндер үшін мынадай тамақтану режимі тиімді: кешкіге тәуліктік калориясының 20-30 %; түнде тамақтануы - 20-15 %; жұмыстан кейінгі таңертеңгі асқа - 20 %; түскіге - 40-45 %.
Тағамды жеке қабылдаулар бойынша бөлуде, рационның тек энергиялық құндылығы бойынша ғана емес, сондай-ақ, тағамдық азықтарды да дұрыс бөлу қарастырылуы қажет.
Ақуыздарға бай азықтарды - ет, балық, жұмыртқа, бұршақ тұқымдастар, тағы басқаларды, таңертеңгі және түскі рационға енгізу қажет, себебі, олар ұзақ уақыт асқазанда ұсталады, ұзақ қорытылады, оның үстіне ет тағамдарының жүйке жүйесіне қоздырғыштық әсері бар. Кешке еті көп тағамдарды қабылдаған кезде, ол қалыпты ұйқыға кедергі жасайды.
Кешкі асқа асқазанда ұзақ ұсталынбайтын жеңіл тағамдарды қабылдау ұсынылады, мысалы, сүт-өсімдік тағамдарын.
Жеке тағам түрлерін қабылдау ретінің де маңызы бар. Түскі ас алдындағы салқын жеңіл дәм бастапқы сөлдің бөлінуіне ықпал етеді. Бірінші ыстық тағам - жеңіл мөлдір көже (артық қанығу тудырмау үшін) температурасына және құрамындағы экстрактивті заттарына байланысты басталған секрецияны әрі қарай күшейтіп, тығыздау және қоректірек, екінші тағам түрінің жақсы қорытылуына ықпал етелі. Десертке түскі астың дәмділігін қанағаттандыратын, тәтті тағам түрі ұсынылады. Тоқтық сезімі, тағамның көлеміне және оның асқазанда болу уақытына байланысты. Асқазан тола және онда ас қорыту үрдісі жүріп жатқанда, аштық сезімі туындамайды. Өсімдік тағамдарының көлемі үлкен болып табылады. Нан мен картоп жақсы қанықтырады (тоқтық сезім береді), басқа көкөністер мен жемістер азырақ қанықтырады. Сонымен бірге, көлемі тым үлкен тағам, оның толық өңделмеуіне, сіңімділігінің төмендеуіне, адамның ішінде қолайсыз ауырлық сезімі пайда блуына әкеп соғады.
Асқазанда тағам ұзағырақ болған сайын, тоқтық сезімі де ұзағырақ болады. Әсіресе, майлары көп жануар текті азықтан жасалған тағамдар асқазанда ұзақ уақыт болады және жақсы қанықтырады. Семіздігі орташа ет асқазанда - 4-5 сағат қорытылады, майлы және ысталған ет - 6-7 сағатқа дейін, қаймақ, ашытқан қаймақ, майлы сүзбе - 7-8 сағатқа дейін, жұмыртқа - 1,5-2 сағат қорытылады. Сүт және өсімдік тағамдары қысқа уақытқа тоқтық сезімін береді, олар асқазаннан ішекке тезірек өтеді. Мысалы, сүт асқазанда- 1-2 сағат, нан - 2-2,5 сағат, қайнатылған күріш, орамжапырақ, картоп -3-4 сағат болады.
Кулинарлық өңдеу әдістері және азық түрлерінің тағамда араласуы да, қанықтырғыш (тоқтық) дәрежесіне әсер етеді. Қуырылған және пісірілген ет, ұсақ кесілген етке қарағанда, көбірек қанықтырады, пісірілген картопқа қарағанда, қуырылғанының тоқтығы көбірек. Шала піскен жұмыртқаға қарағанда, қатырып пісірілгені тоқ келеді. Ет, картоппен және нанмен араласқанда, ең көп қанығу береді.
Тағамның сіңімділігі, ішектен сіңген тамақтық заттардың пайызбен берілген санының, тағаммен қабылданған тамақтық заттардың жалпы санына қатынасымен сипатталады.
Тағамның сіңімділігіне көп факторлар әсер етеді: оның тегі (өсімдік, жануар текті), химиялық құрамы, ауыз қуысында алдыңғы механикалық немесе ферменттік өңделуі, тағамның майдалану дәрежесі, орталық жүйке жүйесінің жағдайы, органолептикалық қасиеттері, тағамның әр түрлілігі, т.б.
Жануар текті тағамдардың сіңімділігі, өсімдік текті тағамдарға қарағанда, жоғары - орта есеппен 95 %, ал өсімдік тағамдарының сіңімділігі - 80 %, аралас азықтан жасалған тағамдардікі - 82-90 %-дан аспайды. Өсімдік текті тағамдар азырақ сіңеді, өйткені, құрамында ас қорыту сөлдерінің тағамдық заттарға жетуін қиындататын және асқорыту жолдарынан өтуін жылдамдататын жасұнық бар. Осыған байланысты, тағамдық заттар жақсы қорытылып және сіңіп үлгермейді. Егер, өсімдік азықтары жасұнықтан тазартылса (ақ нан, макарондар т.б.), жануар текті сияқты олардың да сіңімділігі жоғарылайды.
Жануар текті ақуыздар майлар мен көмірсулардың сіңімділігін жоғарылатады. Көмірсуларды басым қабылдаған кезде, ақуыздар мен майлардың сіңімділігі төмендейді, ал көмірсулардың сіңімділігі жоғары болып қалады. Майлы тағамдар нашар сіңеді. Минералды заттар, көмірсулы тағамдарды қабылдаған кезде жақсы сіңеді. Егер, тағам ауыз қуысында жеткілікті дәрежеде механикалық және химиялық (ферменттермен) өңдеуден өтетін болса, сіңімділігі едәуір жоғарылайды, оған тағамды әбден шайнап, асықпай жеу ықпал етеді.
Тартылған ет, езбе (пюре) және т.б. түрлерде дайындалған майлы, ботқа тәріздес тағамдар жеңілірек сіңеді. Майдалау, әсіресе, өсімдік азықтары үшін қажет.
Тағамның сіңімділігіне, оның ас қорыту бездерінің секрециясын күшейтетін қабілеті де әсер етеді. Асқазан секрециясын ең күшті қоздыратындар құрамында экстрактивті заттары көп, балықтың сорпасы (уха). Көкөністен жасалған сорпалардың да, сөл бөлдіретін қабілеті жоғары. Майлы тағамдар асқорыту бездерінің секрециясын тежейді, сүт және нан оның сөл бөлуін аздап ынталандырады.
Асқорыту бездерін күшті тітіркендіргіші, адамның тағамға тәбеті, оның қозуы сол тағамды жеу кезінде және жақсы органолептикалық қасиеттерінен (иісі, дәмі, түрі) пайда болады. Тағамның жоғары температурасы (бірінші тағам түрінде 70-750, екіншіде - 65-700 ), оның хош иісін күшейтеді, майларды сұйық күйінде сақтайды, ас қорыту мүшелеріне қан келуін күшейтеді және тағамның сөл шығаратын әсерін күшейтеді.
Бірыңғай тамақтану, адамның тағамға тәбетін төмендетеді және асқорыту сөлдерінің өнімін азайтады, сондықтан күніне және бүкіл апта бойына тағамдарды алмастырып әр түрлі ету қажет.
Азықтардың тәуліктік тізімі азықтардың 6 тобын қамтуы қажет: 1. сүт, сүт өнімдері; 2. ет, ет өнімдері, жұмыртқа, балық; 3. нан, бөлке, макарон, жарма т.б.; 4. майлар; 5. көкөніс; 6. жеміс-жидектер.