Бап. Ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы азаматтардың құқықтары мен міндеттері

1. Азаматтар:
1) ұрпақты болуды еркін таңдау жасауға;
2) ұрпақты болу денсаулығын сақтау және отбасын жоспарлау жөнінде көрсетілетін қызметтерді алуға;
3) өзінің ұрпақты болу денсаулығының жай-күйі туралы дұрыс және толық ақпарат алуға;
4) жүктілік кезеңінде, босанғанда және босанғаннан кейін денсаулығын сақтауға;
5) бедеуліктен емделуге, соның ішінде Қазақстан Республикасында рұқсат етілген ұрпақты болудың қазіргі заманғы қосалқы әдістері мен технологияларын қолдана отырып емделуге;
6) жыныстық клеткалар донорлығына;
7) контрапепция әдістерін пайдалануға және еркін таңдауға;
8) хирургиялық стерилизациялауға;
9) жүктілікті жасанды түрде үзуге;
10) өзінің ұрпақты болу құқықтарын қорғауға құқылы.
2. Азаматтар өздерінің ұрпақты болу құқықтарын жүзеге асыру кезінде басқа азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға міндетті.
3. Қазақстан Республикасында адамды клондауға - генетикалық жағынан бірдей екінші адамды жасауға тыйым салынады.
4. Азаматтар балалардың санына және олардың некеде немесе некеден тыс тууының уақытына, туудың арасындағы ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін қажетті аралық жиілікке қатысты еркін шешім қабылдауға құқылы.
5. Кәмелетке толмағандар ұрпақты болу денсаулығын сақтауға, сондай-ақ имандылық және жыныстық тәрбие мен білім алуға құқылы.
Кәмелетке толмағандарға жыныстық білім беруді білім беру ұйымдарында арнайы әзірленген бағдарлама бойынша арнайы дайындықтан өткен адамдар кәмелетке толмағандардың жынысын, жасын, психофизикалық дамуының ерекшеліктерін және ата-аналарының пікірін ескере отырып, жүзеге асырады.
Кәмелетке толмағандарға имандылық және жыныстық білім мен тәрбие беру, ұрпақты болу денсаулығын сақтау, оларды отбасылық өмірге дайындау жөніндегі білім беру бағдарламаларын әзірлеуді білім беру саласындағы уәкілетті орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып қамтамасыз етеді.
6. Неке қию жасына жеткен еркектер мен әйелдер жыныстық клеткаларын сақтауға құқылы.
Жыныстық клеткаларды сақтау тәртібі мен шарттарын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

Бап. Әйелдердің жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңінде денсаулығын сақтау

1. Әйелдер жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген әдістерді қолдана отырып, денсаулығын сақтауға және көмек алуға құқылы.
2. Жүкті, босанатын және босанған әйелдерге денсаулық сақтау
жүйесі ұйымдарында медициналық, консультациялық және дәрілік көмек
кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі шегінде беріледі.
3. Жүктілік кезеңінде тексеру, емдеу және медициналық
араласу әйелдің немесе оның заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге
асырылуы мүмкін.
Тексеруді, емдеуді және медициналық араласуды кешеуілдету өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін жағдайдағы не айналасындағылар үшін қауіпті аурудан (аурулардан) зардап шегетін әйелдің өміріне қатер төндіретін жағдайларда тексеруді, емдеуді және медициналық араласуды жүзеге асыру туралы шешімді дәрігер немесе дәрігерлік комиссия қабылдайды.

Бап. Бедеуліктен емделу

1. Азаматтар денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда қауіпсіз және тиімді әдістермен, соның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсат еткен ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын пайдалана отырып, олардың тиімділігін, қолданудың оңтайлы мерзімдері, ықтимал асқынулар, медициналық және құқықтық салдарлар туралы толық әрі түбегейлі ақпаратты және олардың ағзаға әсер етуіне қатысты өзге де мәліметтерді міндетті түрде ала отырып, бедеуліктен емделуге құқылы.
2. Тіркелген некеде тұрған азаматтар ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын өзара келісім бойынша гана пайдалануға құқылы.
3. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын пайдалануға келісім берген азаматтар ата-аналардың болашақ баланы тәрбиелеуге және асырауға қатысты тең құқықтары мен міндеттеріне ие болады.

75-бап. Жасанды инсеминация, жасанды ұрықтандыру және
эмбрионды имплантациялау

1. Әйелдер жасанды инсеминацияға (ұрықтандыру мақсатында жатырға еркектің жыныстық клеткаларын жасанды түрде енгізу), жасанды ұрықтандыруға және эмбрионды имплантациялауға құқылы.
2. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын (жасанды инсеминацияны, жасанды ұрықтандыруды және эмбрионды имплантациялауды) жүргізудің тәртібі мен шарттарын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
3. Жыныспен байланысты аурулардың тұқым қуалау мүмкіндігі жағдайларын қоспағанда, ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын пайдалану кезінде болашақ баланың жынысын таңдауға жол берілмейді.
4. Адамның эмбрионын коммерциялық (сатып алу-сату), әскери және өнеркәсіптік мақсаттар үшін алуға болмайды.

Наши рекомендации