Хирургия бөлімінің еңбек жұмысын ұйымдастыру
Хирургия бөлімінің жұмыс нәтижесі тәжірибесі мол мамандармен қамтамасыз етілуіне және олардың еңбегінің дүрыс ұйымдастырылуына байланысты. Жұмыс кестесін әрбір кезекте бір тәжірибесі мол дәрігермен бір жас дәрігерді қосып жасаған дұрыс.
Себебі жас дәрігер тәжірибелі дәрігерден оқып үйренеді. Егер кезекте бір дәрігер-хирург істейтін болса, онда тәжірибелі дәрігерді науқастар көп келетін кезекке қойған абзал.
Емдеу жұмысын ұйымдастыру. Хирургиялық оталардың мөлшері мен түрі — дәрігер-хирургтің тәжірибесіне байланысты.
Ота емханалық жағдайларда, тек қана отадан кейін үйіне өз бетімен немесе біреудің көмегімен кететін науқастарға жасалады. Жасалатын оталар ішінде тіс жұлу отасы көбірек кездеседі.
Емханада жасалатын ауыр оталар қатарына: дистопия, жартылай ретенция, ретенция болған тістерді алу, периостит, лимфаденит кезіндегі іріңді шығару, жұмсақ тіндердің жарақатын тігу, жақ сүйектері сынғанда, шығып кеткенде орнына салу жатады. Бұл оталар жоспарланбаған топқа жатады.
Емханаларда жоспарлы түрде жасалатындарға оталарға: тісті реплантация, трансплантация, имплантация жасау, тіс түбірінің ұшын кесу, жақ-бет аймағындағы жұмсақ тіндерде, сүйектерде кездесетін кішігірім қатерсіз ісіктерді, биопсия, сары сулы ісіктерді, сілекей бездерінің түтіктерінде орналасқан тастарды алу, сонымен бірге кішігірім ақауларға пластика жасау, секвестрэктомия және пародонтит ауруларын хирургиялық әдіспен емдеу жатады.
Бөлімнің (бөлімшенің) жұмысы бөлмелерді науқас қабылдауға дайындықтан бұрын басталады. Бөлменің санитарлық жағдайын тексереді күнделікті әрбір кезек басталар алдында мейірбике екі залалсыздырылған үстел дайындайды. Оның бірі құралдарға арналса, екіншісі таңу жабдықтарына арналған. Егер бөлмеде екі мейірбике болса, бірі залалсыздырылған үстелді қолмен жасақтау әдісімен айналысып, екіншісі дәрігерге науқастарды қабылдауға көмектеседі.
Мейірбике жалпы жағдайлары ауыр науқастарды дәрігерге бірінші кезекпен кіргізеді, қалғандарын дәрігерге жазылу уақытына байланысты кезекке қояды. Науқастарды дәрігерге тек сыртқанамамен ғана кіргізу керек. Қабылданғаннан кейін дәрігер науқастарды зерттеп, нақтамасын қойып, емдеу кезегін белгілейді.
Жоспармен жасалатын оталарды арнайы кітапшаға тіркеп, олардың күндерін белгілейді. Барлық қорытындылар және дәрігер нұсқаулары мекеменің арнайы іс қағазына жазылады. Науқасты зерттеу нәтижесінің мәліметтері, дәрігердің іс-қимылдары, нұсқаулары және ем нәтижесі сырхатнамаға жазылып, науқасты қайта қарау керек болса, уақыты, күні, бөлменің саны және дәрігердің аты-жөні көрсетіледі. Осы науқастардың сырхатнамасы дәрігер бөлмесінде сақталады.
Үйінде көмек көрсетілетін науқасқа, дәрігер мейірбике бөледі.
Ота жасалатын бөлменің жұмысын ұйымдастыру. Ота алдында дәрігер медбикені жасалатын оталардың тізімімен таныстырып, оған керекті құралдар мен материалдарды дайындауға тапсырма береді. Залалсыздандырған заттарды екі үстелға бөледі, бірі таңу жабдықтары, екіншісі құралдар үшін. Хирургке ота жасауға көмекші қажет. Оның қызметін тәжірибелі мейірбике, дәрігер немесе жоғары курс студенттері атқарады. Отадан кейін науқасты 30 мин-тен 1 сағатқа дейін уақытша демалатын бөлмеге жатқызған жөн.
Әдетте мамандандырылған стоматология емханалары кеңес беру - методикалық орталық болып есептеледі. Оларға басқа мекеме, аудан дәрігерлері науқастарды кеңес алу үшін жібереді. Бұл емханаларда кеңес беруші болып ғылыми атағы бар дәрігерлер істейді. Осымен қатар оларға облыстық, аудандық, емханалар бекітіледі.
Әрине, хирургия бөлімдері жұмысының ішінде аурудың алдын алу қызметі жоғары орында болуы қажет.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында «Дәрігер-стоматологтың бақылауында болатын науқастардың диспансерлік үлгісінің жобасы» берілген.
Хирургиялық стоматология ауруханасы жұмысын ұйымдастыру.Қазіргі хирургиялық стоматология мен жақ-бет хирургиясы ауыз қуысына жасалатын оталардан бастап, өте қиын қатерлі ісікті алу және күрделі пластикалық оталармен айналысады.
Осыған байланысты хирургиялық аурулар ауыз қуысында, жақ сүйектерде, бетте, мойында орналасқан науқастарға толық көмек көрсету үшін облыстық, қалалық, аудандық ауруханалардың құрамында жақ-бет хирургиясының бөлімдері жұмыс істеуі қажет.
Ота бірлестігінің санитарлық-гигиеналық талаптары. Ота бірлестігінің(көлемі, едені, қабырғалары, есік-терезелері, жарықтығы температурасы және т.б.) тиісті құжаттарға сәйкес болуы тиіс.Ота бірлестігі ота жасайтын, ота алдындағы, залалсыздандыру жасайтын, ұйықтату арналған, құрал-саймандар тұратын, құралдар сақталған, хирург және мейірбике отыратын, материалдар тұратын, гипс салатын, душ қабылдайтын бөлмелерден тұрады.
Мүмкіндігіне қарай ота жасайтын екі бөлме болуы қажет. Бірі жақ-бет аймағында пластикалық оталар, екіншісі ауыз қуысына және іріңді оталар жасайтын бөлме. Оларға кіретін есіктер бөлек болуы қажет. Егер екі бөлме болмаған жағдайда, бірінші кезекте «таза» ота жасалынып, екінші кезекте іріңді оталарды жасауға болады. Осыдан кейін бөлмені, ондағы жиһаздарды антисептикалық (хлорамин, лизол, сулема т.б.) ерітінділерімен тазалап жуғаннан кейін, бактериоцидтік шаммен тазартады. Клиникадағы ота бөлмесіне көп студенттер, курсанттар кірмеуі үшін, отаны теледидар арқылы алыстан көрсететін бөлме дайындаған жөн немесе оталық бөлменің төбесін (күмбезін) жақсы көрінетін әйнекпен жабу қажет.
Жақ-бет бөлімінде науқастарды таңатын екі бөлме қажет. Олардың бірінде «таза» оталардан, екіншісінде іріңді оталардан кейінгі науқастарға жәрдем көрсетіледі.
Бөлімде ота бірлестігі, таңу бөлмелерінен басқа, тіс және ауыз қуысын емдеу, дәрігер-протезист, ауыз қуысын тазалайтын бөлмелер болулары қажет. Осымен қатар шағын (1—2 орынға) тіс-техникалық лабораториясы болғаны жөн. Егер ауруханада кино-фото лабораториясы болса, оны жақ-бет хирургиялық бөлімі кеңінен пайдалануы қажет.
Әрбір бөлімде, оның мүмкіншілігіне қарай, отадан кейін науқастар жататын екі (ер, әйелдер) бөлме, төсек басында оттегін, азот қышқылың жіберетін бөлмелі қалқанша және сорғыш резервуармен қосылатын штуцер болуы керек.
Жақ-бет аймағындағы аурулардың ауруханалармен қамтамасыз ету үшін (Ф.А.Любилов, Г.А.Попов, Т.М.Лурье зерттеулері бойынша) 10000 тұрғынға 1,7 төсек керек.
Республикалық, облыстық, қалалық, ауруханалардағы жақ-бет хирургиялық бөлімдер сол жерлердегі орталық ұйымдастыру және әдістемелік орын болып табылады. Олар студенттер және курсанттар оқытатын орталық клиника болып саналады. Бөлмелер штатына сол ауруханаларда жұмыс істейтін стоматологтардың барлығы кіреді.