Жүрек жетіспеушілігінің жіктелуі

ЖҮРЕК ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ ЖАЙЛЫ НЕГІЗГІ ДЕРЕКТЕР

Егер Сізде немесе Сіздің жақын адамыңызда жүрек жетіспеушілігі анықталса, толқу мен көптеген сұрақтардың тууы, әрине түсінікті реакция. Жүрек жетіспеушілігі — бұл кең таралған үдемелі ауру. Егер жағдайды дұрыс түсініп, дәрігердің ұсыныстарын орындап, кейбір әдеттерді өзгертсеңіз Сіздің көңіл күйіңіз біршама жақсарады және өмір сүру жасыңыз ұзарады.

Жүрек жетіспеушілігі дегеніміз не?

Жүрек жетіспеушілігі — бұл жүрек өзінің "насосты" функциясын игере алмауынан туындайтын ауру. Бұл кезде дене мүшелері мен тіндерінің қалыпты жұмыс атқаруы үшін қажетті оттегі мен қоректі заттар қан арқылы толық жеткізілмейді. Осыдан науқастар бұлшық еттерінде әлсіздікді сезінеді. Сонымен қатар, зат алмасу заттарының толық «утилизациялану» мүмкіндігі жойылып, өкпеде, іште және аяқтарда сұйықтықтар жиналады.

Жүрек жетіспеушілігі көбіне жүрек бұлшық етін зақымдайтын немесе оған қосымша күш түсіретін аурулардың асқынуы ретінде дамиды. Әңгіме, жүректің ишемиялық аурулары, артериалды гипертензия, жүректің қабыну аурулары (миокардиттер) жайлы болып тұр. Жүрек жетіспеушілігінің бастапқы кезеңдерінде ешқандай белгілері болмауы мүмкін, бірақ дұрыс ем қабылдамаған науқастарда, жүректің қай ауруы болмасын өршу белгілері пайда болады.

Жүрек жетіспеушілігі барлық жаста дамуы мүмкін, әсіресе қарт адамдарда көбірек кездеседі. 65 жасқа дейін адамдардың шамамен 1% жүрек жетіспеушілігімен сырқаттанады, әрі қарай оның таралуы ұлғая түседі. Жүрек жетіспеушілігі — 65 жастан асқан науқастарды ауруханаға жатқызудың ең жиі себебі болып табылады.

«Жетіспеушілік» деген атау, жуырда жүрек жұмысын тоқтатады деген мағынаны білдірмейді, ол тек ағзаның қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмайды деген сөз (әсіресе күш түскен кезде).

Жүрек жетіспеушілігі кезінде не болады

Жүрек жетіспеушілігі кезінде жүректің ағзаға қан айдауында қиындықтар туады. Бұл көптеген себептерден болуы мүмкін. Көбінесе жетіспеушілікке жүрек бұлшық еттерінің зақымдануы алып келеді (мысалы, ишемиялық аурулар немесе миокард инфарктінен) кейде артериялық қысымның жоғарылауынан жүрекке шектен тыс күш түскен кезде де дамиды. Зақымдану мен шектен тыс күштің түсуі жүректің жиырылуына, қанға толуына (босаңсуына) немесе осы екеуіне бірдей кері әсерін тигізеді.

Егер жүрек дұрыс жиырылмаса, ол қанды қажетті көлемінде айдап шығара алмайды. Егер жүрек қан көлемінен толық босай алмай, босаңсыса, келесі жолы оған аз мөлшерде ғана қан құйылады. Осыған сәйкес, әрине қан жеткіліксіз көлемде айдалып шығарылады.

Жүрек жетіспеушілігінің негізгі екі салдарына келетін болсақ: біріншіден, ағза қажетті көлемде қанмен қамтамасыз етілмейді де, жалпы әлсіздік пайда болады; екіншіден, қан жүрекке кіре берісінде жиналып қалады да, қантамырларындағы сұйықтық айналадағы тіндерге «аға» бастайды. Ал сұйықтық көбіне аяқтарда және құрсақ қуысында жиналады, сонымен қатар өкпеде іркіліп қалады.

Бастапқыда ағза бейімделеді және мүшелер мен тіндерге қажет қан көлемін ұстап тұру үшін, жүректің әлсіз қызметін компенсациялауға тырысады. Бірақ компенсаторлы механизмдер шектеулі уақыт аралығында ғана әсер ете алады. Шындығында, бұл бейімделудің (адаптацияның) өзі, алысқа көз жүгіртсек, жүректі қосымша әлсірете түсу.

Жүректің компенсаторлы механизмдері:

· қанды көбірек айдау үшін, жүректің жиырылу жиілігінің артуы (тахикардия);

· ұстап қалатын және айдайтын қан көлемін арттыру үшін, жүрек камералары көлемінің үлкеюі (дилатация) ;

· жүрек қаттырақ жиырылу үшін, жүрек бұлшықеттерінің қалыңдауы мен тығыздалуы (гипертрофия).

Ағза өз кезегінде айналымдағы сұйықтық көлемін арттырып, қанды бұлшық еттерден миға және басқа өмірлік маңызды мүшелерге қарай айдауға тырысады.

Ағзаның жүрек жетіспеушілігін ұзақ уақыт компенсациялау мүмкіндігі болғанымен, оның келтіретін пайдасынан гөрі, зияндығы көбірек. Өйткені бұл өзгерістер жүрекке қатты және одан да қаттырақ күш түсіріп, өзі сау емес мүшені одан әрі әлсерете түседі.

Жүрек жетіспеушілігінің жіктелуі

Әр пациенте жүрек жетіспеушілігінің өз ерекшелігі бар. Бұл жағдайда әртүрлі симптомдар дамиды және жүректің әртүрлі бөліктері зақымдалады. Осы себептен дәрігер Сіздің жүрек жетіспеушілігіңіз туралы айтқанда әртүрлі терминдер қолдануы мүмкін.

Жүрек жетіспеушілігінің негізгі екі түрі: — созылмалы және жіті.

Жүректің созылмалы жетіспеушілігі жиірек кездеседі, оның симптомдары баяу дамиды, ауырлығы бірте-бірте арта түседі.

Наши рекомендации