Фтор және оның қосындылары
Фтор (Fluorum) Ғ - қалыпты жағдайда өзіне тән иісі бар, ақшыл сарғыш газ, галоген тобына жатады. Алғашқы рет 1810 жылы француз ғалымы физик А. Ампер алған, ол алғашқыда фторды флуор атымен атаған, ал кейіннен фтор (фторис) сөзінен алынған – бұзушы, қиратушы деген ат берген. Бізде бұл екі атауда сақталған, ал басқа елдерде флуор деп атайды. Француз химигі А.Муассон жарты ғасыр өткеннен кеиін фторды таза күйінде алған.
Фтор - табиғатта кең таралған. Ол көптеген минералды заттардың құрамына кіреді: флюорит СаҒ2, апатит-Са10, (Ғ,СІ)2 (РО4)6, криалит-Na3AtF6 және т.б. фтор су көздерінде де болады, өсімдік және жануарлар ағзасының құрамдас бөлігі.
Фтор алмасуының бұзылуынан, жануарлар арасында флюороз ауруы пайда болғаны анықталған. Бұл ауру ішетін судың құрамында фтордың қалыпты мөлшерден көп болуының салдарынан болады. Кейіннен, басқа елдерде бұл аурудың ауыл шаруашылық малдарында да жиі кездесетіні белгілі болды.
Фтор адам мен жануарлар ағзасына қажетті микроэлементтердің бірі болғандықтан, оның жеткіліксіз түсуі кері әсерін тигізеді.
Ветеринарлық токсикологияда, фтор қосылыстарының кейбір түрлеріне ғана жеке тоқталады. Осындай фторлы қосылыстардың бірі фторлы натрий, бұл қосылыс ауыл шаруашылығында әртүрлі мақсатта өте кең қолданылады.
Фторлы натрий (натрий фториді) және кремний фторидін шегірткелерге қарсы және өсімдіктердің зиянкестеріне қарсы дәрілеу үшін қолданады.
Натрий фторидін алмастыратын инсектицидтің бірі - фторлы кальций (СаҒ2). Осы химикаттарды дұрыс қолданбау малдың улануына әкеліп соғады. Фтор қосылыстарының уыттылығына оның судағы ерігіштігіне қарап баға береді. Мысалы, суда еритін натрий фторидінің (4%-ға дейін), басқа фтордың қосылыстарымен салыстырғанда уыттылығы жоғары.
Ауыл шаруашылығында жиі қолданылатын кейбір фтор препараттарының қысқаша сипаттамасы:
Фторлы натрий - лайлы, ақ түсті,иіссіз,кристалды ұнтақ,көп сақтағанда әртүрлі көлемді кесектерге айналады. Фторлы натрий кеміргіш жәндіктердің жұлдыз құрт сатысын жою үшін және сүректерді консервілеу үшін ерітінді түрінде қолданылады.
Фторлы натрийдің уытты мөлшері ірі қара малына және жылқыға 10 г-нан жоғары. Бірақ 50г-нан асқан жағдайда мал өлімге ұшырайтынын зерттеушілер анықтаған.
Фторлы кремнийлі натрий (Na2SіF6) - ұсақ, ақ немесе сәл сарғыш түсті, иіссіз, ауыр ұнтақ. Суда нашар ериді (1%-ке), сондықтан өсімдік зиянкестеріне қарсы тозаңдандыру, қоймалардағы кеміргіштерді жою үшін қолданады. Бұдан басқа фтордың қосылыстары ауыл щаруашылық малдарына антигельминтті зат ретінде де қолданады.
Уралит - күрделі құрамды, құрамында 77% фторлы натрий, 15% динитрофенол және 8% мифузорлы топырағы бар препарат. Паста және ерітінді түрінде қолданылады, сары түсті, сүйектерді консервілеу және оның шірімеуін алдын-алу үшін қолданылады.
Жануарлар уралитпен өңделген затты сүйсіне жалайтыны және фтор қосылыстарымен ластанған өсімдіктерді жейтіні белгілі. Бұл құбылыс фтор қосылыстарының дәмінің тұзды болуымен түсіндіріледі.
Токсикологиясы. Ауыл шаруашылық малдары жиі фторлы және кремний фторлы натриймен байланыста болуы мүмкін.
Фтор ионының әсер етуіндегі басты ерекшелігі, оның ағзадағы энзимді құбылыстарының (процестердің), ұлпалардың оттегін қабылдауының және бұлшық еттерде сүт қышқылы түзілуінің төмендеуімен сипатталады.
Ағзаға көп мөлшерде түскен фтор қандағы кальций,фосфор және қан ақуыздарына әсер етіп, минерал алмасу құбылысын бұзады.
Фторидтер қанның ұйығыштығын төмендетеді. Фторидтермен улану жас малдарда және буаздық кезеңде ауыр өтеді, өйткені мұндай жағдайда жануарлардың фторға деген сезімталдығы жоғары болады.
Фтор қосылыстары азықпен көп мөлшерде түскен жағдайда, сүйек ұлпаларында көп шоғырланғанда, мал тәбетінің төмендегені байқалады.
Егер рационда кальций,фосфор және Д-витамині көбейсе, жануарлардың фтордың уытты әсеріне төтеп беру қабілеті күшейеді.
Американдық ғалымдардың мәліметі бойынша, минералды азықта фтордың мөлшері ірі қараға 0,3%, қойға 0,35%, шошқаға 0,45% құстарға 0,6%-тен аспау керек.
Басқа фторлы қосылыстармен фторлы натрийдің ағзаға мүлдем қауіпсіз мөлшері 1кг салмаққа: ірі қараға - 30-50мг: қой мен шошқаға - 70-100; шөшелреге - 150-300; күрке тауықтарға - 300-400мг. Осы мәліметтерге қарап, фторлы қосылыстардың мөлшерлерінің кең ауқымды әсер ететіндігін байқауға болады.
Фтордың қосылыстары ерімейтін қосылыстар түрінде сыртқа нәжіс, зәр арқылы бөлінеді.
Зәрдің 1 литріндегі фтордың мөлшері 10мг-нан асса, онда огранизмде фтордың көп мөлшерде екенін немесе жіті уланғанын немесе созылмалы интоксикация салдарынан сүйек ұлпаларынан шыққанын байқаймыз.
Уланудың клиникалық белгілері. Фтор және оның қосылыстарынан улану жануарларда жіті және созылмалы түрде өтеді. Созылмалы түрде өтуін көбінесе флюороз деп те атайды. Жіті улану – фторлы және кремнийдің фторлы натрийін жануарларға гельминтоз кезінде антигельментик ретінде қолданғанда және азықтық жеммен бірге ағзаға түсуінен, жануарлардың фтор және оның қосылыстарын қолданатын кәсіпорындардың жанында ұзақ ұсталуынан немесе жайылуынан болады.
Ірі қара малы фторлы натриймен жіті улану кезінде малда жалпы әлсіздік, шаншу, құрсақ қабырғасы аумағының ауырсынуы, бұлшық еттердің тартылуы байқалады. Өкпе, жүрек қызметтері бұзылады, тыныс алуы жиілейді, тамыр соғуы әлсірейді, дене температурасы қалыпты жағдайда немесе сәл жоғарылайды. Ұзаққа созылған жағдайда температурасы 36С°-қа дейін төмендеуі мүмкін.
Таз қарынның желге толуы байқалады. Малдың тәбеті болмайды, кейде зерттегенде ауыз қуысының кілегейлі қабықтарының ісініп, қызарғанын, көз қарашығының үлкейгенін, мүйізді қабатының бұлдырауын көруге болады. Уланудан кейін 2-3 тәуліктен соң несеп құрамынан фтор кездестіруге болады. Зәр қоюлау және түсі әдеттегідей күңгірттеу. Мал тыныс алу орталығының және жүректің параличінен (салдануынан) немесе ауыр жағдайда 2-3 тәулік ішінде мал өледі. Мал жазылған жағдайда қалпына келу процесі әсіресе, асқорыту аппаратының қалпына келуі ұзаққа созылады. Фтормен созылмалы улану кезінде малдың өнімділігі едәуір төмендейді. Алғашқыда сүттің бөлінуі күрт азаяды, мал арықтайды, тәбеті төмендейді, ал соңынан флюорозға тән клиникалық белгілер көрініс табады. Созылмалы түрдегі уланудың айқын көрінісі ірі қарада алғашқыда терісі құрғайды, серпімділігі жоғалады, түктері сынғыш келеді, іші өту, тәбетінің төмендеуі байқалады. Тіс эмальдарының дақтануы, уланудың созылмалы түрінің алғашқы белгілерінің бірі.
Зертханалық зерттеу кезінде зақымдалған сүйектерде фтордың мөлшері қалыптағыдан 5-6 есе көбейгенін анықтаған. Американдық зерттеушілердің мәліметтері бойынша жануарлар сүйегінің құрамында фтордың мөлшері 0,6мг-ға дейін жоғарлайды.
Ұсақ мал. Ұсақ малдардың (қой, ешкі) клиникалық белгілері аз дәрежеде зерттелген. Фторидтермен уланғанда қойларда ірі қаралардан ерекшелігі, оларда уланудың жіті ағымы жиі кездеседі, улану фторды антигельминт ретінде қолдану салдарынан болады. Фтордың ағзаға ұзақ уақыт енуінен уланудың созылмалы түрі туындайды. Жіті интоксикация кезінде қойларда, ірі қара малында көрінетін клиникалық белгілер байқалады, яғни мазасызданады, тыныс алуы жиілейді, құрсақ аумағы ауырсынады, сілекейі ағады, іші өтеді. Бірнеше тәуліктен кейін мал өлімге ұшырайды. Жіті улануда ешкілер күйзеледі, бұл кезде қоршаған орта әсеріне ешқандай реакция болмайды, азық пен судан бас тартады, сүт түзілуі азаяды, ал ауыр жағдайда сүттің бөлінуі мүлдем тоқтайды, нәжіс пен зәрдің бөлінуі жиілейді. Дене температурасы қалыпты.
Шошқа. Ересек шошқалар фтор қосылыстарына төзімді келеді. Бірақ, соңғы жылдарда бұларда улану бір емес бірнеше рет байқалған. Улану аскаридоз және басқа да гельминтозды ауру кезінде фторды антигельминтті препарат ретінде қолдану салдарынан болады. Уланған малдың жағдайы күйзелген, тәбеті болмайды, мазасыздану байқалады, малдың нәжісі сұйық және жиі бөлінеді, бұлшық еттері дірілдейді. Ал қалған клиникалық белгілері басқа жануарларға ұқсайды.
Жылқы. Уланудың әлсіз дәрежесінде мал күйзеледі, тәбеті төмендейді, қатты шөлдейді, қозғалысы қиындайды, сұйық нәжіс бөлінеді, бұлшық еттердің фибриллярлы дірілі байқалады. Кілегейлі қабықтарын зерттегенде оның сары немесе қаралау түске (уралит) боялғанын көреміз. Тыныс алуы, тамыр соғысы жиі. Дене қызуы қалыпты немесе субфебрильді. Өлімге душар ететін немесе ауыр түрінде мал мазасызданып, қозады. Шаншу белгілері жиі байқалады. Кілегейлі қабықтары гиперемияланады, ісінеді, мал дефекация кезінде ауырсынады. Тамыр соғуы (80-100) және тыныс алуы (40-60) жиілейді (минутына). Зәр қоюланады және түсі күңгірттенеді. Өлім жүректің және тыныс алудың салдануынан туындайды. Осы симптомдарға қарамастан дене температурасы қалыпты болады.
Мысық пен ит. Бұларда жіті улану кезінде құсу, іші өту және депрессияның айқын көріністері байқалады.
Құстар. Бұлар да фтордың қосылыстарымен қатынаста болуы мүмкін (соның ішінде, фторлы барийді кеміргіштерге қарсы қолдану кезінде). Клиникалық белгілері қозу,құсу, іші өту және салдану құбылыстарының көрінуімен байқалады.
Патолологиялық - анатомиялық өзгерістер. Өлексе тез сіресіп қатады. Ұлтабар түбі, ащы ішектің кей жерлері қанталап қабынған, өліетке айналған. Олардың кілегейлі қабығы оп-оңай сыдырылады, оның астындағы қабаты кілкілдеп қалыңдаған. Сиырдың бауыры сарғайған, әрі морт сынғыш келеді, бозарған, ал жылқы бауыры ұлғайған. Бүйректердің көлемі үлкейген, оларды қан кернеген, оның үстінгі қабатында қан дақтары көрінеді. Жүрек еті болбыр, оның түсі қоңыр. Шошқаның ащы ішегі бір-бірінің ішіне кіріп қатпарланған. Құстың етті қарнының ішкі қабығы астыңғы қабаттардан айрылған, оның ішектері қабынған, кейде бауыр жарылған.
Жіті түрінде асқорыту ағзаларының кілегейлі қабықтары зақымдалады. (ауыз қуысы, асқазан, ішек). Бірақ, бұл өзгерістер жануарлар бір тәулік немесе одан көп күн ауырғанда байқалады.
Ал,созылмалы түрде уланғанда патологиялық өзгерістері айқын білініп, алдымен сүйек ұлпалары зақымдалады, тістері бұзылады, олардың үйкелуі, мүжілуі жоғары,түсі қоңырлау. Сүйектері ерекше ақ түсті, буындарда экзостаз байқалады. Гистологиялық зерттеу кезінде остеопороз көріністері айқындалады. Бауырында майлы қайта түрлену құбылысы (перерождения), бүйректе созылмалы паренхиматозды нефритке тән өзгерістер байқалады. Жүрек бұлшық еті, басқа бұлшық еттер сияқты болбыр, ақшыл түсті. Кілегей қабықтың астында қан ұюлар байқалады. Асқазан – ішек жолдарында созылмалы қабыну белгілері көрінеді, лимфа түйіндері (әсіресе шажырқайлық) үлкейген.
Балау. Фтор қосылыстарымен улануды балау едәуір қиын. Алдымен, шаруашылықта құрамында құрамында фтор бар қосылыстар мен минералды зат бар-жоғын анықтап аламыз. Клиникалық белгілердің балауда алатын орны шамалы.
Емі. Фтор ағзада кальциймен қосылып, нәтижесінде кальций мөлшері азайып, ұлпалардың декальцинациясы туындайды. Осыған байланысты жіті улану кезінде кальций препараттарын, 10% - ды хлорлы кальцийді венаға егеді және асқазанды жылы сумен жуып-шаяды. Бұдан басқа созылмалы улану кезінде (флюороз) ірі қара малының рационына алюминий препараттарының (сульфат және хлорид) 0,5%-ға дейінгі мөлшерін қосуға болады. Соңғы кезде фтормен улануда антидот ретінде магнезия сульфатын ірі қараға 800г, ұсақ малдарға 100г зонд арқылы береді. Тамыр арқылы хлорлы кальций (200-300мл 10%-ды ерітінді түрінде баяу жібереміз), ауыз арқылы магнезия сульфатын беруге болады. Соңғысының мөлшерін 3-4 есе азайтып береміз. Ал қалғанына симптопатикалық (кофеин, жылу) ем жүргіземіз.
Алдын - алу шаралары. Фтормен уланудың алдын алу үшін, ең алдымен минералды азықтың құрамынан осы элементтің мөлшерін анықтаймыз. Көптеген минералды тыңайтқыштардың құрамында фтордың белгілі мөлшері болады, сондықтан жануарлардың, құстардың улануы байқалады. Минералды азықты берер алдында, оның құрамындағы фтордың деңгейі оның тағайындалған мөлшеріне сәйкес келуін қадағалау керек.
Малға беретін азық пен судың құрамындағы фтордың мөлшері бір литр суда 1мг-нан аспауы тиіс. Құстар сүтқоректілерге қарағанда фтор қосылыстарынан улануына өте төзімді келеді. Егер құстың азығының құрамында фтордың мөлшері 300-400мг/кг-ға дейін рұқсат етілсе, ал ірі қараға 10 есе аз болуы керек, яғни 30-40мг/кг.
Талдау. Фторды анықтау зертханалық жағдайда жүргізілуі қажет. Зерттеу үшін әр түрлі зерзат (жануарлардың органы, дән, шөп, құрама жем, су, т.б) жіберуге болады. Бұдан басқа сапалы анықтау үшін көптеген реакциялар қояды. Асқазан ішіндегі жынның құрамында фтордың бар-жоғын тез анықтау үшін және де тіс пен сүйекті зерттеу үшін, Николаев әдісі бойынша күкірт қышқылын қолданады.