Токсикологиялық маңызы бар, уыттылығы жоғары және орташа гербицидтер.
Аталуы және синонимдері | Химиялық құрылысы | Препараттың қолданылу нормасы және уыттылығы (1 мг/кг) | Физикалық-химиялық қасиеттері және препараттың шығарылу формасы |
Динитроортокрезол, ДНОК, ДИНОК (аммоний және натрий тұздары) | Кең көлемде әсер ететін қосылыс. Гербицидті қасиеттерімен қатар өте күшті инсектицидті қасиеті де бар. 1 гектарға 3,5кг-дан – 15 кг дейін | Препарат 40 % аммоний тұзы түрінде шығарылады. Суда жақсы ериді, сары түсті. 0.2-1% ерітінді түрінде шашады. Жылқылар үшін өте қауіпті. | |
Пентахлор – фенол ПФХ, пентахлор және оның тұзы, натрий пентахлор феноляты. | Кең көлемде әсер ететін препарат. Жабайы шырмауықтармен күресу үшін мақта шаруашылығында қолданылады. | Пентахлор фенол 20% майиен араласқан ерітінді түрінде мақта алқаптарын өңдейтін десикант түрінде қолданылыды. Жануарлар мен құстарға өте қауіпті.. | |
2.4 (натрий және аммоний тұздары, амид, бутил, октил) | Дихлорфено окси сірке қышқылының туындылары | Дәнді дақылдарды өңдеу үшін қолданылатын селективті гербицид. 0,5-2,5 кг/га | Тұздары суда ериді, эфирлері ерімейді.Бутил эфирінің концентратында 60% 2.4-Д бар. Тұзды және эфирлі препараттарында фенолдфң иісі бар. |
Бутифос | Тиофосфат туындылары | Дефолянт. Егін жинаудан 10 күн бұрын шашады. Эмульсия немесе майлы ерітінді түрінде 1,5-2 кг/га мөлшерде. | Жағымсыз иісті ерітінді. 70% концентрат түрінде шығарылады. |
Карботион, вапам. | Металдитиокарбомин қышқылының туындылары. | Гербицид және фунгицид түрінде қолданады. Ашық және жабық алаңдарда қолданылады. 1500-2000кг/га. Уыттылылығы орташа. | Өзіне тін иісі бар, кристал зат, 40% суда еритін коннтрат түрінде шығарылады. Ерітіндіні дайындалғаннан кейін дереу қолдану керек. |
Карбин, барбан. | Хлор фенилкарбамат туындысы | Бидай, тары, қант қызылшасы, зығыр, күнбағыс дәндерінің арам шөптеріне арналған Мөлшері 3-5 кг/га | Белсенді зат қосылған органикалық еріткіштегі барбанның 12%-ды ертіндісі. |
Монуран, хлорфенидим. | Диметил мочевина туындысы | Жүйелі түрде әсер ететін гербицид. Мақта және қызылша өсіруде 15-20 кг/га мөлшерінде суспензия түрінде қолданылады | 40-50% ұнтақ түрінде шығарылады. Суда ерімейді, уыттылығы әлсіз. |
Хлор ИФК, ХИФК, хлорпрофам. | Жоғарыда аталған препа- раттар секілді әсер етед, бірақ құрамында хлор бар. | Жүйелі түрде әсер ететін гербицид. Мақта және қызылша өсіруде 15-20 кг/га мөлшерінде суспензия түрінде қолданылады | Химиялық таза препарат, ақ кристалды зат, техникалық түрінде қара-қоңыр түсті, 40% концентрат түрінде шығарылады |
Фенизан | Құрамында дикамб (360 г/л) және хлорсульфурон (22,2 г/л) бар, мөлшері 0,4 - 2 л/га; | астық тұқымдастар, сұлы және тарының арам шөптеріне қарсы қолданылады | |
Глифосат (раундал) | Гербицид, адамдар мен малдар үшін өте қауіпті | Арам шөптерге қарсы қолда-нылады, тері мен көзді тітір-кендіреді, бас ауырады, жүрек айниды, қан қысымы көтеріледі. |
Жылы қанды жануарлар үшін өте уытты гербицидтерге негізі бензолды ядро болатын қосылыстар жатады. Құрамында хлоры және күкірті бар гербицидтерде де хлорорганикалық инсектицидтерге тән қасиеттер байқалады. Құрамында хлор бар гербицидтерге фенооксисірке қышқылының барлық туындылары жатады. Уыттылығы төмен гербицидтердің физикалық-химиялық қасиеттері әртүрлі (симазин, дихлор, альмочевина, темір купоросы, күкірт және оның препараттары т.б.), көптеген гербицидтердің мұндай қасиеттері әрі толық зерттелмеген. Бірақ бұл қосылыстардың ұзақ уақыт бойы азықпен ағзаға түсуі, оған белгілі бір дәрежеде теріс әсер етуі де мүмкін.
Токсикологиясы. Бензол, фенол және крезол қосылыстарының ағзаға түсіп, оны уландыру процесі жақсы зерттелген. Мысалы, ДНОК-ң екі нитротобы бар екені белгілі. Бұл препараттың мал ағзасына еніп, ұлпалар мен қан сарысуына таралуына жақсы жағдай жасайды. Сонымен қатар, нитроқосылыстардың өкпе, ішек және зақымдалған тері арқылы да сіңірілетіні белгілі. Әсіресе, фенол мен крезол туындыларының майда ерітілген туындылары тез сіңгіш келеді. Нитроқосылыстар канның ақзаттарымен тығыз байланысты, сондықтан өлген малдың қан сарысуынан көп мөлшерде кездестіруге болады. Фенол қатарындағы нитроқосылыстар ағзадан бүйрек арқылы өте жай бөлінеді. Олардың тек аз бөлігі ғана уыттылығы төмен қосылыстарға айналады. Күйісті малдарда бұл заттар мес қарын микрофлорасы әсерінен белгілі бір дәрежеде заласызданады. Олардың жай бөлінуі қосылыстардың ағзада жиналып қалуына жағдай туғызады.
Фенол және крезол туындылары ұлпалардағы фосфорлану құбылысын бұзады. Бұл қосылыстарды тексеру барысында тері астына еккенде иттерді өлтіре әсер ететін уытты мөлшері 1кг салмағына 25мг, препаратты ауыз арқылы жібергенде оның мөлшері екі есе көбейтіледі. Нитроқосылыстардың уыттылығы қоршаған орта температурасына байланысты. Қысқы кезеңге қарағанда бұл заттар жылдың ыстық кезеңдерінде қауіптірек.
Құрамында ДНОК бар (немесе басқа да нитрофенол қосылыстары) азықтармен сауылатын, етке өткізілетін малдарды, сонымен бірге құстарды азықтандыруға жол берілмейді.
Фенооксисірке қышқылы туындыларының уыттылығы зертханалық малдарда жақсы зерттелген. Бұл препараттардың уытты мөлшері ірі малдарға қарағанда зертханалық жануарлар үшін көбірек. Егер тышқан мен егеуқұйрықтар үшін ол 1кг салмаққа 400 мг болса, онда иттерге олардың уыттылығы 4 есе жоғарылайды (1кг салмағына100мг). Мүйізді ірі қараның фенооксисірке қышқылы туындыларының уытты әсеріне төтеп бере алатын 1 реттік мөлшері 1кг салмағына 500-1000 мг, ал олар азық арқылы апта бойы 1кг азықта 100 мг мөлшерде ішке түсіп тұрса, уланудың клиникалық белгілері байқалады. Созылмалы түрде улану олардың белгілі бір уақыт ішінде аз мөлшерде ағзаға түсіп тұруы салдарынан болуы мүмкін. Бос күйіндегі фенооксисірке қышқылының, оның тұздарының және эфирлерінің өзара өзгешеліктері бар. Қышқылдар эфирге қарағанда уытты, ал эфирлер тұздарға қарағанда уытты болады.
Гербицидтердің көпшілігі карбаматтар және мочевина тобына жатады. Бұл препараттардың кейбіреуінің ортадан төмен, көпшілігінің уыттылығы аз болады. Гербицидтердің әсер ету аясы өте кең,бір мезгілде гербицид және фунгицид ретінде әсер ете алады.
ИФК мен хлор ИФК құрылымдарының өзара айрықшылығы бір хлор атомының қосылуында, бірақ осыған байланысты уыттылық 3 есеге жоғарылайды. Бұл жерде мынадай қорытынды жасауға болады, карбамин қышқылы алифатты тізбегіндей, сонымен қатар бензол ядросындағыдай белсенді заттарды тасымалдаушы болып табылады. Карбамат тобындағы гербицидтердің қалдықтары бар азықтарды қолдануда ешқандай шек қойылмайды.
Зертханалық жануарлардың (қоянның) асқазан-ішек жолына (1кг салмағына 2-3г) массивті мөлшерде хлор-ИФК препаратын енгізген кезде қандай оксигемоглобин метгемоглобинге айналып, анемия мен формалы элементтердің дегенерациясы дамиды.
Улану кезіндегі клиникалық белгілері. Үй жануарлары болсын, жабайы жануарлар болсын гербицидтермен уланған кезде білінетін клиникалық белгілері уытты заттардың құрамына, түсу мөлшеріне және басқа да түрлі жағдайларға байланысты болады. Жануарлар уыттылығы жоғарылау фенол мен крезол препараттарымен уланғанда мынадай клиникалық белгілері байқалады/ тәбетінің болмауы, шөлдеу,терең әрі жиі тыныс алу (кейбір малдарда ауыр түрде уланғанда терлеу байқалады), несеп бөлінуінің төмендеуі, жалпы бұлшық еттер әлсіздігі, ентігу. Жіті түрде уланғанда күйісті буаз малдарда іш тастау байқалуы мүмкін. Дене температурасы басында қалыпты болады, өлер алдында көтеріледі. Клиникалық белгілері ағзаға у түскеннен соң немесе бірнеше сағат өткеннен кейін біліне бастайды.
Фенооксисірке қышқылының препараттарымен уланғандағы клиникасы фенол мен крезол препараттарымен уланғандағы белгілерге қарағанда әлсіз білінеді. Бұл кезде жалпы бұлшық ет әлсіздігі, тәбеттің болмауы УҚПЕ-да артқы аяқтарымен қозғалыс байланысының бұзылуы байқалады.
Карбаматтар тобындағы гербицидтермен уланғанда клиникалық белгілер онша білінбейді, олар біраз уақыт өткеннен соң байқалуы мүмкін. Малдың мінез құлқында айтарлықтай өзгерістер байқалмайды, сонымен қатар ағзаның негізгі жүйелерінің қызметтерінде де зақымданулар болмайды.
Балау және болжам. Гербицидтермен жіті улануда балау оңай. Әдетте анамнез негізінде қарап анықтайды. ауыр дәрежеде уланғанда болжам қолайсыз.
Емі. гербицидтермен уланғанда жүргізілетін ем жоқ. Жүрек қызметін және жалпы тонусын реттейтін дәрілер арқылы симптоматикалық ем жүргізіледі.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістер. Гербицидтермен жіті уланғанда асқазан-ішек жолдарында, бауыр және бүйректе аздаған өзгерістер болады. Фенол- крезолды гербицидтермен созылмалы түрде уланғанда бұл өзгерістер әсіресе бауырда жақсы байқалады.
Алдын – алу шаралары. Жануарлардың, құстардың, балықтардың және пайдалы жәндіктердің улануын болдырмау үшін ауыл шаруашылығында бірқатар игілікті шаралардың жүргізілуі тиіс. Жануарлардың өңделген жерлермен қатынасын болдырмау. Бұл негізінен уыттылығы орташа препараттарға және уыттылығы төмен заттарға байланысты. Еліміздің мақта өсіретін аудандарында гербицидтердің дұрыс қолданылуын бақылау - уланудың алдын-алу барысында ерекше орын алады.
Триазин туындылары
Симметриялы триазин туындылары нәтижелілігі жоғары (жақсы әсер ететін) гербицидтер. Оларды жүгері, бұршақ, картоп,пияз, сәбіз, т.б. алқаптарды химиялық тұрғыдан өңдеу үшін қолданылады. Көбінесе,олар суда нашар ериді, сілтілер мен қышқылдардын әсерлеріне төзімді, жануарлар үшін уыттылығы төмен,кумулятивті қасиеті қатты білінбейді, топырақта 14 айға дейін сақталады.
Атразин - ақ кристалл ұнтақ, суда нашар, органикалық еріткіштер мен қышқылдарда жақсырақ ериді. Топырақта 2 жылға дейін сақталады, 50% дымқыл ұнтақ күйінде шығарады. Оны жүгері алқабындағы арамшөппен күрес үшін 3-8кг/га мөлшерімен пайдаланады.
Препараттың уыттылығы жоғары емес (ЛМ50 850-3000 мг/га). Кумулятивті әсері әлсіз байқалады.
Симазин- ақ түсті кристалл, иіссіз. Суда және органикалық еріткіштерде нашар еритін зат. Техникалық препарат 50% әсер ететін затты құрамына енгізеді. Атразин тәрізді қолданады, тамырға әсер ететін тұрақты, күшті гербицид болып есептеледі. Зертханалық жануарлар үшін уыттылығы 1400-4000 мг/кг. Ал оны 4-8кг/га мөлшерінде пайдаланады.
Пропазин - ақ түсті кристаллды зат. Су және органикалық еріткіштерде дұрыс ерімейді,өсімдік майларында жақсы ериді, 50% дымқыл ұнтақ түрінде шығарылады, 3-6кг/га мөлшерде қолдану керек.Зертханалық жануарлар үшін уыттылығы төмен (6000мг/кг). Кумуляция коэффициенті - 3,7. Пропазиннің әсерінен жануарлар ағзасында тепе-теңсіздік туындайды.
Прометрин- ақ, әлсіз, жағымсыз иісті ұнтақ. Суда нашар. органикалық еріткіштерде жақсы ериді, 50%дымқыл ұнтақ ретінде шығарылады, зертханалық жануарлар үшін уыттылығы төмен. Қояндарда 250-500мг/кг прометрин әсеріне жалпы күйдің төмендеуін, эритроцит және альбумин мөлшерінің азайғанын , лейкоциттердің көбейгенін байқауға болады.
Мезоранил - кристалды зат, суда нашар, органикалық еріткіштерде жақсы ериді. Қырыққабат алқаптарында арамшөппен күресу үшін қолданылады (3-10кг/га). Тышқандар үшін орташа өлтіріп әсер ететін мөлшері- 635мг/кг. Триазин туындыларының ішінде кешенді препараттар да шығарылады.
Карагард - уыттылығы төмен гербицид, орташа өлтіріп әсер ететін мөлшері (зертханалық жануарлар үшін) 1000мг/кг-нан жоғары. Токсикоздың ауыр түрі жануарларда демікпе, жалпы күйзелу, шөлдеу, тәбеттің төмендеуімен сипатталады.
Гезагард (прометрин) - өзіне тән әлсіз иісі бар, суда еритін, ақ түсті кристалл. Көкөніс және бұршақ тұқымдастар алқабындағы астық тұқымдас арам шөптерді жою үшін, егіс науқаны кезінде, топыраққа бүрку арқылы қолданады. Уыттылығы төмен. ЛМ50 – тышқандар мен атжалмандарға 1700-3750 мг/кг. Топырақ құрамында 7 айға дейін сақталады.
Триазин туындыларының патогенезі жануарлар ағзасына егістіктегі (жүгері, бұршақ, картоп, сәбіз, т. б) арам шөппен бірге түседі. Бұл пестицидтер жергілікті тітіркендіу әсерінсіз бірден қанға өтеді. Торшадағы нуклеин қышқылдарының алмасуын бұзады, бұл ақ зат алмасуының бұзылуына әкеліп соқтырады. Олардың әсер ету механизміндегі басты нәрсе- антифолилік белсенділік.
Атразин, пропазин, симазин торшаның бөлінуін тоқтатады, хромасомалардың бірігуін тудырып, хромасомды мутациялық, цитогенетикалық әсер тудырады. Бұл белгілер оны жануарларға 1,30 ЛМ50 мөлшерде құрсаққа еккенде болуы мүмкін.
Агелон әсерінен дене салмағы төмендеп, гемоглобин, эритроцит саны азайып, бауырдың белок түзу қызметі бұзылады. 1,20 ЛМ50 мөлшерінде карагард жануарларға төмендегідей әсер етеді: өсімі төмендейді, ОЖЖ қозады, лейкоцитоз, өкпе ұлпасында сульфгидрильді топтар көбейеді.
Созылмалы улануда ОЖЖ-нің қозуы күшейеді,ұлпа тыныс алуының қарқындылығы бәсеңдейді, бауырдың антитоксикалық және ақуыз түзетін қызметі бұзылады. Бауыр, өкпе, жүрек, т.б. сульфгидрильдік топтар көбейеді, лейкоцитоз, гипергликемия, протромбинді индекс және малдардың өсіп, өну қабілеті төмендейді, карбангидраза, пероксидаза ферменттерінің белсенділігі азаяды. Әсіресе, еркек малдар сезімтал келеді. Эмбриотоксикалық әсері де байқалады.
Клиникалық белгілері. Жалпы күйдің, тәбеттің төмендеуі, сілекей ағу, тыныс алудың жиілеуі, өкпеде сырыл, т.б. қозғалыс өзгереді. Жүндері ұйпаланып, тері зақымданады (құрғақтық,эритема, өліеттену сияқты белгілер көрінеді). Зәр бөлу жиілейді, терлеу, көз және мұрыннан су ағу, атаксия өршіп, коматозды күй байқалады.
Патолологиялық - анатомиялық өзгерістер. Өкпеге қан толған, асқазан, ми қыртыстарында нүктелі және дақты қанталаулар бар. Шажырқай мен ішкі ағзалар қанға толған, бауыр майлы дистрофияланған, кейбір торшалар өлі еттенген, жүрек еті мен бүйрек дистрофиясын байқауға болады. Созылмалы түрінде жүдеу, арықтау, қарынның кілегей қабығының гиперкератозы, бүйрек пен бауыр дистрофиялануы байқалады.
Балау. Анамнез жинау, клиникалық белгісі, патанатомиялық өзгерістер, азық, азық қоспаларын,патологиялық зер заттарды химиялық- токсикологиялық тексеруден өткізу.
Емдеу және алдын-алу. Күйдірілген магнезия, тұтқыр препараттар (танин, танальбин) қолдану арқылы асқазанды жуу. Адсорбциялайтын зат ретінде белсенді көмірді пайдалануға болады. Антидот ретінде «В» тобындағы витаминдердің құрамына кіретін ораний қышқылын қолданады. Ол қан түзілу, амин қышқылы, нуклеин қышқылы, пурин, пиримидин синтездеріне қатысады. Оны барлық жануарларға 0,1-0,2 мг/кг мөлшерінде береді, бұлшық етке егуге немесе ішке беруге болады.
Фенол туындылары
Фенол туындылары екі топқа бөлінеді. Хлор туындылары (пентахлорфенол, натрий пентахлорфеноляты) және нитро туындылары (динитрофенол, динитроорторезол, нитрофен, динитрофенил карбонат). Бұларды әмбебап пестицид, инсектицид, акарицид, фунгицид, бактериоцид, гербицид ретінде кең қолданылады. Бірақ олардың барлығы жануарлар үшін өте уытты.
Пентахлорфенол (ПХФ) - әлсіз, фенолға тән иісі бар, кристалды зат, суда нашар, органикалық еріткіш пен майда жақсы ериді, сақтауға төзімді, ұшқыр. Мақта, соя, картоп, қызылша алқаптарында инсектицид, фунгицид, гербицид, десикант, дефолиант ретінде 20-30 кг/га мөлшерінде пайдаланады. Жануарлар үшін өте уытты, тышқан үшін ЛМ50-187 мг/кг, атжалманға-125, қояндарға өлтіріп әсер ететін мөлшері 70-160 мг/кг, 20% майлы ерітінді түрінде шығарады. Түсі қоңыр, ішке түссе, асқазан, ішек, бауыр, бүйрек қызметтері бұзылып, гипохромды анемия дамып, дене қызуы көтеріледі. Кумулятивті әсері-орташа, тері және кілегейлі қабықтарды тітіркендіреді. Натрий пентахлорфеноляты- қоңыр түсті ұнтақ 15-25/кг/га мөлшерінде гербицид ретінде пайдаланылады. Зертханалық жануарлар үшін өте уытты. Кумулятивті әсері орташа, кілегейлі қабықпен теріні тітіркендіреді. Суда ериді. Жүгері, соя, картоп көктемей тұрып, арамшөптерге қарсы (беде, жоңышқа) пайдаланылады.
Динитрофенол – сары түсті кристалды зат, суда нашар ериді, жарылғыш зат, инсектицидтік қасиеті бар. Жануарларға өте уытты. Атжалман үшін орташа өлтіріп әсер ететін мөлшері 40мг/кг, қояндарға-200, итке-25 мг/кг. Жергілікті жерді тітіркендіріп әсер етеді.
Динитроортокрезол (ДНОК) - жағымсыз иісті, суда нашар еритін сары түсті кристалл зат. Құрамында 25-40 %-ды дуст немесе суспензия түріндегі әсер етуші заты бар аммоний тұзы күйінде шығарылады. Қысқа төзімді зиянкестермен арамшөптерге қарсы, бау-бақшалармен жүзім алқаптарын өңдеу мақсатындағы инсектицид және фунгицид ретінде қолданылады. Қолдану мөлшері астық тұқымдастар үшін 3-5кг/га, бау-бақщалармен жүзім алқаптарында 10-20кг/га.
ДНОК жануарларға өте уытты. Тышқанға ЛД100-40мг/кг, атжалманға-85, мысыққа-60, қойға-200 мг/кг. Тері мен кілегей қабыққа тез сіңеді. Препараттың гонадотропты, эмбриотоксикалық әсері бар. Нитрофен-қою қоңыр, паста тәрізді,өткір иісті, 70% әсер ететін заты бар масса. Нәтижелілігі жоғары фунгицид, инсектицид, акарацид, гербицид ретінде бақшаларда, алқаптарда қолданады.(40-75кг/га мөлшерде). Жануарларға улылығы орташа. Тышқанға ЛД50-450мг/кг,атжалманға 700-800, мысыққа 250 мг/кг. Кілегей қабықты тітіркендіреді.
Дихлорфеноксисірке қышқылы (2-Д) – таза күйдегі, фенолдың әлсіз иісі бар, суда нашар ерйтін, түйіршікті зат. Сақтауға төзімді. Шабындықтар мен жайылымдардағы арам шөптерді жою үшін және арборицид ретінде, 10%-ды ұнтақ түрінде, 10-12 кг/га мөлшерінде қолданылады. ЛД50 – иттерге 100 мг/кг; тышқан, үй қояндары және теңіз шошқалары үшін 300-1000; тауықтарға – 2000-4000; балапандарға – 360-820; мүйізді ірі қараларға 500 - 2000 мг/кг. Қойлар өте сезімтал келеді (1000 мг/кг), Эмбриоуытты әсер етеді. Ірі қаралар мен қойларға төменгі уытты мөлшері - 100 мг/кг. Сиырларға күніне 10 мг/кг мөлшерінде 4 апта әсер етсе, сүттің мөлшері күрт төмендейді. Торайларға күніне 200 мг/кг-нан беріп отырса 3 айдан кейін жаппай қырылып қалады. Егер шошқаларға күніне 500 мг/кг мөлшерінде қолданса, төлінің дамуы баяулайды. Туылған торайларда қан аздық, әлсіздік, салмақсыздық (100г) байқалады. Көпшілігі туылғаннан кейінгі алғашқы күндері-ақ өлім-жітімге ұшырайды. Препарат балықтар мен аралар үшін өте уытты.
Дихлорфенокисірке қышқылының аминді тұзы (2,4-ДА) – 40-50 %-ды суда еритін дайын қоспа (концентрат) түрінде шығарылатын, өткір иісті, күңгірт сұйықтық. Сауда тораптарында 10 %-ды “аминді ерітінді” деген атпен белгілі. Арборицид ретінде бидай, күріш, жүгері және тары алқаптарын арам шөптерден арылту мақсатында қолданылады. Қара топырақты жерлерде тез ыдырайды (3-6 апта). Құмдауыт жерлерде ыдырау мерзімі ұзақтау (3 айға дейін). Мөлшері – 1-12 мг/кг. ЛД50 – тышқандар үшін – 980-1200 мг/кг; тауықтарға – 1950; 10-күндік балапандар үшін 560 мг/кг. Кумулятивті әсер етеді. Ірі қаралар мен қойларға ең төменгі уытты мөлшері - 100 мг/кг. 2,4 Д-ын сиырларға күніне 10 мг/кг мөлшерінде 4 апта берсе, сүттің мөлшері күрт төмендейді. Торайларға күніне 200 мг/кг-нан беріп отырса 3 айдан кейін жаппай қырылып қалады. Егер шошқаларға күніне 500 мг/кг мөлшерінде қолданса, төлінің дамуы баяулайды. Туылған торайларда қан аздық, әлсіздік, салмақсыздық (100-380г) байқалады, көпшілігі туылғаннан кейінгі алғашқы күндері-ақ өлім-жітімге ұшырайды. Препарат балықтар мен аралар үшін өте уытты.
2,4 Д - ның натрилі тұзы (диканирт) – фенолдың иісі тәрізді, суда жақсы еритін, ашық сұрғылт ұнтақ. Ауыл шаруашылығы алқаптарын арам шөптерден тазарту үшін 1-3 кг/га мөлшерінде қолданылады. ЛД50-ақ тышқандар үшін 370 мг/кг, ат жалманға –710, тауықтарға - 665, үй қояндары үшін - 800 мг/кг. Кумулятивті әсері әлсіз.
2,4 Д – ның бутилді эфирі (2,4 - ДБ) – фенолдың иісі секілді иісті, суда нашар, органикалық еріткіштерде жақсы еритін, күңгірт-құба түсті сұйықтық. Шабындықтарды, жайылымдарды және бау-бақшаларды арам шөптерден арылту үшін қолданылады. Мөлшері 0,4 – 18 кг/га, топырақта 4 – 6 апта, өсімдік құрамында 56 күнге дейін сақталынады. Уыттылығы орташа гербицид. Зертханалық жануарлар үшін ЛД50- 400 - 1250 мг/кг, жабайы құстарға 1000 - 1350 мг/кг. Бұзауларға препараттың 1000 мг/кг мөлшері өлтіре әсер етсе, қойларға, егер күніне 250 мг/кг мөлшерінде қолданып отырса, 9 күннен кейін жаппай қырылып қалатыны жайлы деректер бар.
Клиникалық белгілері. Токсикоздың өтуіне байланысты жіті түрінде тәбеттің төмендеуі, шөлдеу, құсу секілді белгілер байқалады. Жануарлар терлеп, сілекейі шұбырып, іші өтіп, іші түйнейді. Дене қызуы төмендеп, салмағы кемиді, кілегейлі қабықтары бозарады, сарғаяды, тыныс алуы жиілеп, тахикардия, аритмия, бұлшық ет дірілі байқалады, қозғалыс координациясы бұзылады. Эритроцит, лейкоцит мөлшері төмендеп, метгемоглобин көбейеді (әсіресе балапандар қанында). Сиырлардың сүттілігі төмендейді. Осы сиырлардан туылған бұзаулардың салмағы және қанындағы лейкоцит мөлшері азаяды. 2,4 – Д-ның бутилді эфирін қайталап қолданған кезде, төлдердің анамолиясы және өлі тууы кездеседі. Орталық жүйке және жүрек – қан тамыр жүйесі зақымданады.
2,4 – Д-ның аминді тұзымен созылмалы улануы малдың жалпы күйзелуі, тәбетінің болмауы, диарея, жақ асты лимфа түйіндерінің үлкеюі, кілегей қабықтарының бозаруы, тамыр соғуының жиілеуі, мұрнынан су ағу және тыныс алудың нашарлауы секілді клиникалық белгілермен ерекшелінеді. Сонымен қатар, эритроцит, лейкоцит және гемаглобин мөлшері төмендейді. Тауықтың мекиендері 2,4 Д препаратының әсеріне өте төзімді. Ал әтештері уланған кезде, айдары және сырғалығы көгеріп, көлемі үлкейеді, жемсауынан үнемі күңгірт түсті шырыш бөлініп тұрады, тыныс алуы жиілеп, қиындайды. 2,4 – Д-ның бутилді эфирімен өңделген жайылымдарға 52 – 78 сағат өткеннен кейін ғана мал жаюға болады.
Патогенезі. Динитрифенол қосылыстарының уытты әсері құрамында темірі бар ақзаттардың функциясының тежелуімен білінеді, фенол туындылары организмге түскеннен кейін, тотығу-тотықсыздану процестерін бұзады. Фенол туындылары энергия алмасуын бұзып, АТФ синтезін тежейді. Нәтижесінде ағзадағы жылу алмасу өзгеріп, қанның формалық элементтері гемолизденеді және метгемоглобин саны көбейеді.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістері. Ішкі мүшелер қанға толған, өкпеде ұсақ ошақты және жайылмалы (диффузды) қанталаулар байқалады, өлік сіресіп қалады. Тыныс алу мүшелерінің кілегейлі қабықтары сарғыш-қызыл, қанға толған. Ас қорту жүйесінің кілегейлі қабықтары сарғайған. Бауыр алаланып, қанға толған. Бүйрек, талақ, ұйқы безі көгерген.
Балау. Кешенді түрде жүргізіледі.
Емдеу. Асқазанды натрий гидрокарбонаты, калий перманганаты, магний тотығы қосылған жылы сумен шаяды. Белсендірілген көмір мен тұзды іш айдағыштарды береді. Арнайы у қайтарғыш ретінде 1% - ды ерітінді күйіндегі метилен көгін (0,5-1мг/кг мөлшерде) қолданады, оны 40% - ды глюкоза ерітіндісімен қосып берсе, әсері анағұрлым күштірек болады. Антидот ретінде натрий тиосульфатының 10% - ды ерітіндісін вена тмырына енгізсе болады (ірі малға-100мг, ұсақ малға-10мг). Майлы іш айдағыштар және сүтті пайдалануға болмайды.
Алдын-алу. Бұл пестицидтердің азық пен суға түсуіне жол бермеу керек.
Хлораттар
Әсері күшті дефолиант ретінде магний хлоратын, кальций хлоратын, кальций хлорат- хлоридін, натрий хлоратын қолданады. Мақта, соя, картоп, қант қызылшасы, қарасора, жүзім алқаптарында қолданылады (7-35кг/га).
Магний хлораты- ақ түсті кристалл ұнтақ, суда жақсы ериді. Құрамында 60% магний гидраты, 40% магний хлориді бар. Уытты мөлшері тышқандарға ЛД50-620мг/кг, теңіз тышқанына-1000мг/кг-нан асады. Кумулятивті әсері әлсіз байқалады. Мал қанындағы магнийдің орташа мөлшері - сиыр қанында 2-3мг/% болады, ал 3,2мг/%- дан асып кетсе, гипермагнемия қалыптасады. Магний ионының антогонисі-кальций ионы.
Кальций хлораты- ақ түсті, кристаллды ұнтақ,суда жақсы ериді, зертханалық жануарларға уыттылығы төмен. Тышқандарға ЛМ50-1112 мг/кг.
Кальций хлорат-хлориді - ақ түсті,өте ұсақ, жеңіл, жұмсақ ұнтақ, суда оңай ериді. Белсенді дефолиант. Уыттылығы төмен пестицид. Құрамындағы кальций хлораты мен кальций хлоридінің ара қатынасы 1:2. Натрий хлораты- ақ түсті, майда, жұмсақ ұнтақ зат, суда жақсы ериді, жарылғыш зат. Химиялық өңдеу үшін қолданылады.
Патогенезі. Ағзаға сіңгеннен кейін торшалық және субторшалық деңгейде зат алмасуға әсер етеді. Қалқанша безінің ингибиторы (тежегіші), натрий, калий, магний, кальций иондары биологиялық мембранадан ешқандай қиындықсыз өтіп, торшадағы зат алмасудың соңғы өнімдерін сыртқа шығаратыны белгілі. Сөйтіп, натрий-калий алмасуы бұзылуы ағзаға елеулі әсерін тигізеді. Хлораттар жергілікті жерге тітіркендіріп әсер етеді. Магний хлораты әсерінен бауырдың ақзат түзу қызметі, көмірсу, май алмасу, ұйқы безі ферменттерінің (трипсин, симпаза, липаза) белсенділігі бұзылады. Нәтижесінде, адинамия, тыныс алудың бұзылуы, гематоэнцефалиялық және басқа да барьерлердің өткізгіштігі өзгереді, гемоглобин мөлшері кемиді. Лейкоциттердің фагоцидтік белсенділігі төмендеп, өсіп-өну функциясы, бүйрек қызметі тежеледі (бүйректен қан кету). Өлексені сойып зерттегенде кілегейлі қабықтардың зақымданғанын, ішектің катаралды қабынғанын, ас қорту жолының кілегей асты қабығының домбығуы мен инфильтрациясын байқауға болады. Ішкі ағзалар қанға толып, дистрофиялық өзгерістер пайда болады.
Емдеу және алдын алу. Пестицидтерді сақтау, қолдану ережелерін қатаң сақтау. Асқазанды адсорбенттер (белсендірілген көмір) және жұмсартқыш заттар қосылған жылы сумен шаю. Натрий хлориді изотониялық ерітіндісі, глюкоза, адреналин ерітіндісін (1/1000), эфедрин
(5%) 1 мл-ден тері астына жіберуге болады. Антидот ретінде кальций хлориді қолданылады (10% - ды ерітінді, 0,5мг/кг). Қалыпты жағдайдағы магний мөлшері- магний хлораты, натрий хлораты және хлоридімен уланғанда магний препараттары антидот бола алады.
Мочевина туындылары.
Бау-бақша өнімдерін және мақта, картоп, қант қызылшасы, дәнді бұршақ еккен кезде химиялық өңдеу үшін және өңделмеген жердегі арамшөпті жою үшін пайдаланылады. Бұларға арезин, гербан, дикуран, диурон, дихлораль мочевина (ДХМ), дезанекс, поротан, линурон, патфан,тепсин-м, тенфан, феурон, метурин, монурон, небурон тәрізді гербицидтер жатады. Олардың бәрі – ұнтақтар, суда нашар, органикалық еріткіштерде жақсы ериді. Сыртқы ортада екі жылға дейін сақталады. Жануарлар үшін уыттылығы төмен, бірақ кумулятивті әсері күшті, кейбіреуі тітіркендіріп әсер етеді.
Патогенезі. Ішке түскенде асқазанның кілегейлі қабықтарын тітіркендіруі мүмкін. Қанға сіңгеннен кейін, қалқанша безінің қызметтін бұзады. Алдымен ОЖЖ қоздырып, кейіннен тежейді. Гемодинамикалық ауытқулар болады (кілегейлі қабықтар мен терінің көгеруі). Мочевина туындылары ақуыз құрылысын бұзатын (дихлоральмочевина, диурон, которан,т.б.), денатурациялаушы агенттерге жатады. Бұл топтың гербицидтері ыдыраған кезінде ағзаға уытты әсер ететін бауырда метаболиттер түзеді де, ағзаға улы әсер етеді. Мысалы: хлоранилин қан морфологиясын бұзады, диурон - қандағы эритроцидтердің санын азайтады. Дихлормочевина әсерінен қанның формалық элементтері азаяды, эритроцидттердің шөгу жылдамдығы жылдамдайды.
Құрамында фтор қосылыстары бар которанның ыдыруынан көмірсу алмасуы бұзылып, фторлимон қышқылы түзілуі әсерінен Кребс циклінің бірден-бір маңызды ферменті - аконитаза блокадаланылады. Оған қоса, жүректің биоэлектрлік белсенділігі өзгереді. Ағзаға метуриннің көп түсуі нәтижесінде витаминдер алмасуы бұзылады. Мысалы: бауыр, бүйректе аскорбин қышқылы 50%- ға кемиді. Гемоглобин, эритроцит санының кемуі салдарынан таяқша және сегментядролы лейкоциттер саны көбейеді. Монурон әсерінен бауырдағы гликолиз бұзылып, гексогиназа және фосфор фруктогиназа белсенділігі төмендейді. Бауыр митохондриясында никотин-амид коферменттеріннің саны азайып, гликолиздің бұзылуына әкеп соғады. Фенурон ағзаның өсіп, өну функциясын бұзады.
Клиникалық белгілері. Алдымен жануарлар қозады,содан кейін тынышталады. Тәбеті төмендейді. Аз қозғалып, өсіп-дамуы баяулайды. Күйістілер арасындағы буаз малдар іш тастауы мүмкін. Мочевина туындыларына әсіресе, тауық сезімтал, олар әлсіреп, қанаты салбырап, әрең қозғалады. Қояндарға линуронды бір рет пайдаланғанда 1000мг/кг жабығу,демікпе, жүрек қызметінің өзгеруі білінеді. 10-күн бойы пайдаланса, жүдеу, диарея, қозғалыс координациясының бұзылуы байқалады. Тауықтарда 3000-5000мг/кг жалпы күйдің тез нашарлауы, демігу, айдары мен сырғалығының көгеруі, өлім-жетім болады. 250мг/кг мөлшердегі линуронды30-күн бойы азықпен бергенде, олар арықтап және жұмыртқа беруі тоқтағаны байқалған. Линуронның әсерінен (30-күн бойы 100мг/кг мөлшерде) қойлардың қандағы лейкоцидтің саны көбейіп, 250мг/кг линурон мөлшерінің әсерінен жалпы күйдің төмендеуі, бұлшық ет дірілі, жүрістің бұзылуы, кейінен бұлшық ет тонусы әлсіреп, қабықтың сарғаюы мен гематурия болады.
Патолологиялық - анатомиялық өзгерістер. Ішкі мүшелер қанға толған, мидың преваскулярлы және перицеллюларлы қабаттарының домбығуы білініп, қалқанша без қанға толады. Фолликулярлы эпителий проферацияға ұшыраған. Бауыр, өкпе зақымданған. Ленурон, фенурон және тағы басқа препараттардың әсерінен бауыр, бүйрек, кілегейлі қабықтар, талақ зақымдалып,өкпе, эндокард пен перикардтың қанға толғанын көруге болады. Текоранмен уланса, тері және шажырақай қан тамырлары қанға толып, миокард дистрофияланады. Тоқ ішек және аш ішектердегі катаралды қабыну білінеді. Дихлормочевина әсерінен уланған өлексені сойып көргенде, бауырдың майлы дистрофиялануы байқалады. Қалқанша без ашық қызыл түсті және көлемінің ұлғайғанын байқауға болады.
Балау. Анамнездік деректер жинап, клиникалық және патанатомиялық белгілерге көңіл бөліп, азықты химиялық-токсикологиялық талдаудан өткізеді.
Емдеу және алдын-алу. Синтетикалық мочевина туындыларын пайдалану барысында техникалық қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтаған жөн. Емдік мақсатта мочевинаның ыдырау өнімдерін бейтараптау үшін формалин ерітіндісін пайдаланылады. Ми және өкпедегі домбыққан ісікті кетіру үшін, қалыпты мөлшердегі кальций хлоридін пайдаланады. Сонымен қатар, аскорбин қышқылы мен глюкозаны да пайдалануға болады. Алдын-алу үшін мочевина препараттары арнайы, қауіпсіз орындарда сақталынып, өз керегінше қолданылуы керек. Которонның мөлшері азықта 4 мг/кг-нан аспауы керек.