Саңырауқұлаққа қарсы қолданылатын антибиотиктер
Саңырауқұлаққа қарсы антибиотиктерге амфотерицин В, нистатин, леворин, натамицин /пимафуцин/, гризеофульвин жатады.
Амфотерицин В /Amphotericinum/. Шығарылатын түрі: флакон 50 000 ЕД /венаға –еріткішпен бірге/, ингаляцияға-еріткішсіз; май 15г, 30г.
Қолданылуы: жүйелі микозда – ішкі мүшелердің, өкпенің, орталық жүйке жүйесінің зақымдалуында және жоғарғы, жүйелі кандидамикозда.
Бұл ауруларда оны көктамырға қолданады, ішке ішуге тиімсіз, себебі асқорыту жолында нашар сіңеді.
Жағымсыз әсері: уландырғыш әсері өте жоғары, сондықтан қосымша әсерлері көп: бүйрек қызметін бұзады, гипокалиемия, жүрек аритмиясын туғызады, қанның құрамын өзгертеді /анемия, лейкопения/, тері бөртеді. Венаға қолданғанда флебиттер, дене қызуы көтерілуі, қалтырауы, қан қысымы төмендеуі мүмкін.
Нистатин- Nystatinum. Шығарылатын түрі: таблетка 250 000; 500 000 ЕД; май 10% 15г; балауыздар 250 000 және 500 000 ЕД
Қолданылуы: жоғарғы кандидамикозда, яғни, терінің, асқорыту жолдарының кілегей қабықтарының, өкпенің, зәр шығару жолдарының, қынаптың зақымдалуында. Нистатин кең спектрлі антибиотиктермен ұзақ емделгенде пайда болатын кандидамикоздың алдын алу үшін де кеңінен қолданылады.
Жағымсыз әсері: Нистатин теріден және асқорыту жолынан өте нашар сіңеді, сол себептен аса қауіпті қосымша әсерлер байқалмайды. Тек кейбір жағдайда нистатинді ішке ішуге қолданғанда диспептикалық бұзылулар және дененің қызуы көтерілуі мүмкін.
Леворин /Levorinum/. Шығарылатын түрі: ұнтақ-сыртқа; таблетка 500 000 ЕД; май 30г; 50г.
Қолданылуы: жыныс мүшелерінің трихомониазында және асқорыту жолының, әйелдер жыныс мүшелерінің, терінің, кілегей қабықтардың кандидамикозында.
Жағымсыз әсері: аллергиялық тері бөртпелер, қышыма, жүректің айнуы, диарея.
Гризеофульвин /Griseofulvinum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,125; флакон 100 мл суспензия. Ішке ішуге қолданылады.
Дерматомикоздардың әртүрлі түрлеріне әсер ететін саңырауқұлаққа қарсы антибиотик. Кандидоздарға әсері тиімсіз.
Қолданылуы: дерматомикоздарда/бас, тері,тырнақтың зақымдалуында/. Жағымсыз әсері: бас айналтады, бас ауыртады, жүрек айныйды, аллергиялық реакциялар, лейкопения туғызады.
Синтетикалық саңырауқұлаққа қарсы дәрілер
Бұл топқа кетоконазол, клотримазол, миконазол, микозолон, флуконазол және т.б. жатады.
Кетоконазол /Низорал/-Ketoconasolum. Шығарылатын түрі: таблетка 0,2г
Имидазол туындысы тобының препараты.
Қолданылуы: жоғарғы және жүйелі микоздарда, шаштың, терінің, асқорыту, зәр шығару жолдарының және басқа да ішкі мүшелерінің зақымдалуында.
Жағымсыз әсері: жүрек айныйды, құстырады, іш өткізеді, бас ауыртады, бас айналтады, бауырдың қызметін бұзады.
Қолдануға болмайтын жағдайлар: жүктілік, емізу кезеңі, бауыр, бүйрек аурулары.
Клотримазол /Clotrimazolum/. Шығарылатын түрі: май 1% 20г; флакон 15 мл ертінді; интравагинальді таблетка 0,1г. Тек сыртқа қолданылады.
Имидазол тобының саңырауқұлаққа қарсы препараты.
Қолданылуы: дерматомикоздарда, тері және кілегей қабықтардың кандидамикозында. Жүктілік кезінде қолдануға болмайды.
Миконазол /Miconazolum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,25; ішке –гель 40г; сыртқа- сұйықтық 30г; ампула 1% 20мл /венаға/
Имидазол туындысы тобының препараты, әсері клотримазолға ұқсас.Ішке және парентеральді қолданылады. Уландырғыш қасиеті жоғары, сондықтан соңғы кезде негізінен сыртқа қолданылады.
Қолданылуы: асқорыту жолының, ауыз қуысының микоздарында, дерматомикоздарда, жоғарғы кандидамикозда /тері, тырнақ, қынап/.
Жағымсыз әсері: ішке қолданғанда – жүректі айнытады, диарея, аллергиялық реакциялар; венаға қолданғанда – бас айналтады, тері бөртеді, инъекция орнында флебит болуы мүмкін. Бауыр ауырғанда және жүктілікте қолдануға болмайды.
Флуконазол /Fluconazolum/. Дифлукан. Шығарылатын түрі: капсула 0,05; 0,1; 0,2: шырын 0,5%; ампула 0,2% /венаға/
Қолданылуы: жүйелі кандидамикозда, ауыз қуысы, өңеш, қынап, кандидамикозында, дерматомикозда, криптококкоз менингитінде.
Жағымсыз әсері: бас ауруы, жүректің айнуы, диарея, тер бөртпесі.
Қолдануға болмайтын жағдайлар: жүктілік, баланы емізу кезеңі, балаларға /16 жасқа дейін/.