Химия кабинетінің педагогикалық және әдістемелік бөлімі
Кіріспе
Бүгінгі таңда химиялық өнеркәсіп күннен күнге дамып, химияның халық шаруашылығында қолданылуы кең өріс алуына байланысты білім беру жүйесінде химияны оқыту саласына үлкен көңіл бөлінуде. Химиядан тиянақты сапалы білім алуда жабдықталған химия кабинетінің алатын орны ерекше. Осыған сай «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Жалпы білім беретін мектептерге арналған физика, химия, биология кабинетерін оқу жабдықтарымен және құралдармен жабдықтауға аса көңіл бөліп отыр.
Химия кабинеті мұғалімнің оқушылармен оқу-тәрбие жұмысын жүргізетін және оның нәтижелерін қорытындылайтын орын. Оқу-тәрбие жұмысының нәтижелі өтуі, химия кабинетінің материалдық-техникалық базасына, оқу жабдықтарына тікелей байланысты.
Кабинеттік жүйе мұғалімнің өз пәнінен әдістемелік шеберлігін арттырады. Мұғалім химия кабинетін жабдықтау мен техникалық және басқа да құралдармен дұрыс жұмыс істеуді меңгеруге және оқушылардың өз бетімен жұмыс істеулерін ұйымдастыру үшін, ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді, газет-журналдарды үзбей оқуына тура келеді.
Оқыту процесінде алуан түрлі құралдармен оқушылардың жеке дара немесе топталып, өз бетімен іздене оқуына жағдай жасалады. Зертханалық және сарамандық жұмыстардың бағдарламасын нақтылы орындауға мүмкіндік туады. Сыныптан тыс арнаулы сабақтар өтіледі. Оқушының білімін орынды да мезгілді бағалауға мүмкіншілік туады.
Химия кабинеті негізінен үш түрлі талаптарға сай болуы керек: әдістемелік, еңбек гигиенасын қорғау және техникалық талаптар. Бұл талаптар оқу-тәрбие процесінің мақсаттарына
негізделген. Әдістемелік талап – білім беру, тәрбиелеу мақсаттарын жүзеге асыруды көздейді, сондай-ақ химиялық материалдарға және дидактика талаптарына, оқыту теориясы мен психология ғылымының жетістіктеріне сай болады. Әдістемелік талаптарға сәйкес химия кабинетіндегі жұмыстар бірнеше бөлімдерге бөлінеді: химиялық тәжірибелерді көрнекі көрсету; оқушылар эксперименті; оқушылар білімін бақылау және дамыту; әдістемелік шеберлікті жүйелеу. Әрбір бөлім кабинеттің материалдық бөлігі болып саналады. Алғашқы екі бөлім химияның өзіндік ерешелігіне сәйкес болса, соңғы бөлімнің әдістемелік жағынан басқа пәндерге ұқсастығы бар.
Еңбекті қорғау техникалық қауіпсіздік, тазалық-гигиеналық нормалар мен ережелерді қамтиды. Оқушылардың жұмысқа қабілеттілігін сақтап, денесінің дұрыс қалыптасуы, мүсіні мен көзі бұзылмауы үшін кабинет жиһазының гигиеналық талапқа сай болуы шарт.
Химия кабинеті – күрделі педагогикалық жүйе
Химия кабинетінің педагогикалық және әдістемелік бөлімі
Химия кабинеті– күрделі педагогикалық жүйе. Кабинетте химия пәніне қажетті оқыту құралдары, оқушылардың жұмыс орындары, мұғалімнің жұмыс орны, мұғалім мен оқушыларға ортақ жұмыс құралдары, сынып тақтасы, оқыту құралдарын сақтайтын орын – шкафтар, стеллаж, сөрелер, жәшіктер, шыны ыдыстар, құралдар, штативтер, реактивтер т.б. құралдарды жинап, таситын жайпақ табақтар; техникалық құралдар, бөлмені қараңғылауға, техникалық құралдарды меңгеруге керекті электр жүйесі мен қуат жүйелері, оқушылардың өздері әзірлеген жұмыстарын іліп қоятын шиттер, мұғалімге керекті ғылыми-әдістемелік құралдар, анықтамалықтар болады.
Қазіргі орта мектептің химия кабинеттері екі бөлмеден – сынып-зертхана және зертхана дайындық бөлмесінен тұрады. Сынып зертхана бөлмесінің ауданы 66-80 м2, ал зертхана дайындық бөлмесінікі 16-24 м2 .
Сынып-зертханада сабақ, сыныптан тыс жұмыстардың барлық түрі жүргізіледі. Типтік жоба бойынша химия кабинеті жоғары қабаттардың бірінде болуы керек.
Сынып-зертхананың қабырғаларында тұрақты пайдалануға арналған көрнекі құралдар ілінеді. Алдыңғы қабырғада сынып тақтасының үстіңгі жағына немесе жанына химиялық элементтердің Д.И.Менделеев жасаған периодтық жүйесі ілулі тұрады. Сол маңайға ретіне қарай тұздардың, қышқылдардың және негіздердің суда ерігіштік кестесі ілінеді. Элементтердің периодтық жүйесінің астына, сынып тақтасының үстіңгі жағына ұзын және жіңішке қағаз таспа түрінде металлдар кернеуінің электрохимиялық қатары және электртерістілік қатары кестелері бекітіледі. Сынып қабырғасының қолайлылау жеріне зертханалық ыдыстарды, құралдарды, реактивтерді пайдалануға араналған сурет-кестелер ілінеді. Ол кестелер оқушылардың сарамандық сабақтар мен зертханалық тәжірибелер кезінде анықтамалық мәліметтер алу үшін қажет болады. Осы жерге «Химия кабинетінде жұмыс істеудің ережелері» ілінеді. Бөлменің артқы жағына сыныптан тыс оқуға арналған ғылыми көп тараған кітаптардың мұқабалары бейнеленген және тізімдері жазылған плакат ілінеді. Сынып-зертхананың кейбір бос жерлеріне ретіне қарай керегінде пайдаланатын кестелерге, сызбанұсқаларға, диаграммаларға, портреттерге орын қалдырылады. Мұны оқытудың педагогикалық және әдістемелік бөлімі деп атауға болады.
Сынып-зертханада техникалық құралдарды пайдаланғанда бейнелерді түсіруге арналған экран болады, ол сынып тақтасының үстіне ілінеді. Экран сирек пайдаланатындықтан, сабақтан кейін зертханашы жинап алып, дайындық бөлмесінде сақтайды. Сынып-зертханада өртке қарсы қолданылатын құмы бар жәшік, өрт сөндіргіш асбест, киіз жапқыштар, т.б. құрладар көрнекі көрсету үстелінің маңында тұрады, сондай-ақ дәрі қорапша, көзілдірік, бетті қорғайтын жамылғы, резеңке қолғап, халаттар, шланг, айна т.б. болады.