Жұп.Мейірбек Сұлтанхан(Астана) мен Шалқарбай Ізбасаров(Атырау) айтысы
Мейірбек Сұлтанхан:
-Сөйлесін елге басын иіп балаң,
Ақын боп артар жүкті йыққа алам(ын).
Тас қайнатқан тамыздың ыстығындай,
Халқымның ықыласына күйіп барам(ын).
Айтыстың Алматыға көші келіп,
Жырымызды тыңдасын ұйып далам.
Бақыр басым бақыттан айналуда,
Тұрған соң топырағына тиіп табан.
Түсінде Алматыны көреді екен,
Көкелер Астанада ұйықтаған.
ЭКСПО Елордада салынғанмен,
Қадіріңді түйсігіме түйіп қалам(ын).
Көркіне Көктөбенің жете алмайды,
Көрмесін әкелсе де жиып ғалам.
Армысың Алматыдай ару мекен,
Секілді ақ жаулықты сүйікті анам.
“ЭКСПО”- деп ғимарат салмаса да,
Ғибраты бәрінен де биік қалам!
-Көргенде көрерменді күліп кірген,
Көңілден сейіледі күдік мүлдем.
Қолдайтын өздеріңдей халық бар да,
Қорқыныш, қобалжуды ұмыттым мен.
“Алтын домбыра” айтысы толығып тұр,
Біршама білімді қыз, білікті ұлмен.
Ақындарды теңесек телеарнаға,
Сөзімді ел отырсын ұғып бірден.
”КТК” секілденіп Айбек ағам
Кемшілікті айтады суық түрмен.
Әсем қыз қай кезде де ”Ұлттық арна”
Жеткізген жаңалықты тұнық тілмен.
”Асыл арна” секілді Мұхтар ағам
Жамағатқа жасайды үгіт бірден.
Жансая қай кезде де ”Hit TV” ғой,
Әзіліне әндерін кіріктірген.
Бибігүл жаңа ашылған ”Гәкку” құсап,
Әкетті ел назарын бұрып бірден.
Шалқарбайын кәдімгі ”Kaz Sport” ғой,
Шыққанын құлататын ұрып бірден.
Осында Бауыржандай ағам отыр,
Көңілінен көрінбейді күдік мүлдем.
Жасампаз шаруалар жасап жат(ыр)сыз,
Жасыңыз жаңа асса да қырық бірден.
Алматыға айтысты алып келіп,
Төлөнерге төр бердін тұрып бірден.
Мың алғыс Бауыржандай ағамызға,
”Елім”- деп, еңбекке жең түріп келген.
От ауыз, орақ тілді ақындарды,
”OTAU TV” секілді біріктірген.
-Шалқарбай, ”билеймін”- деп ентігуші е(ді)н,
Орындығын құласа мертігуші е(ді)н.
Өзіңді қойш(ы), қасындағы біздерді де
Ыстық шайға күйдіріп өлтіруші е(ді)н.
Сахнаның сындырып едендерін,
Бауыржан Байбекке сөз келтіруші е(ді)н.
Ақындардың жасап ед(і) рейтингін,
Соны айтқанда көңілім желпінуші е(ді)м.
Сол тізімнің соңында өзің жүрсін,
Бұл деген Шалқарбайдың «дерті» білсем.
Алған жүлделерінмен есептелер,
Рейтингтің ұнатпайсың сол түрін сен.
Сол рейтинг салмақпен жасалса ғой,
Сенімінді күшейтіп сен тұрушы е(ді)н.
Жансая Мусинаны біле алмадым,
Бибігүлдің алдында мен тұрушы е(ді)м.
Ешкімді де жолатпай маңайына
Ең бірінші орында сен тұрушы е(ді)н.
Ниетін ақпандағы қардай екен,
Цветін екінші сорт нандай екен.
«Атырауда тау жоқ»- деп айтқанменен,
Шалқарбайдың өзі де таудай екен.
Сен кеше оңашада мақтанып е(ді)н,
Мен соны ел алдында жалғай өтем(ін).
«Әкімім шапан тігіп берді»- дедін,
Байқасам, абыройын бардай екен.
Бақтықожа дейтұғын әкіміңіз,
Ақындарға жанашыр жандай екен.
Бағасы төрт жүз мыңнан асып тұрған,
Шапаныңның етегі шалғай екен.
Түймелері жарқырап сары алтындай,
Оюы жарқыраған шамдай екен.
Елбасы қырық мыңға костюм киед(і),
Мынанікі рахат жағдай екен.
Батыр боп Отан үшін отқа түскен,
Махамбеттей атаңыз нардай екен.
Ақын боп шапан үшін топқа түскен,
Шалқарбайдың беделі шалдай екен.
Ал, енді кезек беріп, бір көрейін,
Ақынды ақын қылар таңдай екен.
Сыртыңдағы шапанға әңгіме жоқ,
Ішіндегі адамы қандай екен?!
Шалқарбай Ізбасаров:
-Бағымыз халық қысқан тақымдікі,
Демеймін бар дүние зат ұрлықы.
Ол рас, әкім шапан тігіп берді,
Көбейіп Шалқарбайдың жатыр құты.
Осы шапаннан басқа мен де ештеңе жоқ,
Айтып жүрген сөзім де ақылдікі.
Жаңағы өзін айтқан тау тұлғам да,
Кешегі Махамбеттей батырдікі.
«Уақытша тұра тұр»- деп жалға берген,
Тұратын баспанам да жақындікі.
Қолымдағы қос ішек домбыра да,
Ауылдас термеші бір ақындікі.
Атағым осы отырған халықтікі,
Шапаным үстімдегі әкімдікі.
Көрдін бе менің өзімде ештеңе жоқ,
Аяқтағы туфли де папамдікі.
-Доданың болсақ-тағы талайында,
Мұнша халық болмап ед(і) маңайымда.
Бақыттан бас айналып мен отырмын,
Бейне бір жүргендей боп бал айында.
Бұл көне көз сарайын не көрмеді,
Елді жиып әр жылдың әр айында.
Бірақ мына тойымыз тым ерекше,
Бұған да дайындар ел табайым ба?
Мықты әншінің өзі де ән айта алмас,
Екі күн «Республика сарайында».
Ассалаумағалейкум, сәлем бердім,
Мұндайда үнсіз қарап қалайын ба?
Ақыны жанын салып жырлай алса,
Айтыстан жалықпайтын ағайынға.
-Жасаса кейінгіге тоқтау балаң,
Күн өтті-ау жау шапқылап аттандаған.
Егіліп «Елім-айлап» анам жылап,
Езіліп дұға қылған Хақтан бабам.
Жанардан жас, борбайдан қан сауғалап,
Сол тұста жәрдем берді Жаппар маған.
Өйткені, бұл сан ғасыр армандаған,
Азаттықтың ақ таңы атқан заман.
Тілім, дінім, дәстүрім қайта оралып,
Қазағым жоғын қайта тапқан заман.
Елтаңбасын елдіктің белгісі ғып,
Көк байрағын тұғырға қаққан заман.
Қабылдап айбыны асқақ Ата заңын,
Әділдіктің шырағын жаққан заман.
Қысқасы, әр таң атып шүкірлікпен,
Шаттықпен ұясына батқан заман.
Бабалары аңсаған бостандықты,
Балалары той қылып жатқан заман.
-Бауырым, несіне таң қаласың баптағанға,
Қайтеді мынау маған жақпағанда.
Әбден жаман үйреніп алыпсың ғой,
Ешкім сенің бетіннен қақпағанға.
Алып адам айтса , егер , жарасар ед(і),
Бұл сенің көлеміне шақ болар ма?
Жел соқса ұшайын деп зорға отырып,
Інім де осыншама мақтанар ма?
Қызылорда не істеген бейшараға
Арбаға жекті ме екен ақ боранда?
Әлде, бұл «адам бола қоймайды-ау»-деп,
Ақ күріш шығын ғой бақпаған ба?
Сөйттін де Астанаға тайып тұрдын,
«Қадамды бастайын»- деп-« сәтті оданда».
Әй, бірақ Қызылорда не істей алсын,
Астананың бабы да жақпағанға.
Осылай босқа шауып терлейсін-ау,
Семсеріңді ауырға сермейсің-ау.
Бақырып отырасын айтыс сайын,
Өлімші боп жүрсен де өлмейсің-ау.
Кенжебай, Жүкең сені қанша күтті,
Сонда да бір ыңғайға келмейсің-ау.
Ешкі құсап майынды ішке тығып,
Ешкімге де жақсы атақ бермейсің-ау.
Мейірбек Сұлтанхан:
-Әркімнен алғанынды санамай-ақ,
Көңіліңді көрсетші баладай-ақ.
Жылтыраған әдемі туфлиін,
Отыр ме екен Шалқарбай балаң аяп?
Әкеңнің бәтенкесін сұрайтындай,
Әкімін жіберіп пе ед(і) жалаң аяқ?
Өлеңі Шалқарбайдың сиқыр шығар,
Қисық сөзі әйтеуір қиқым шығар.
«Өзімде түк те жоқ»- деп тақылдайсың,
Тақыр кедей секілді битін сығар.
Жағдайын жаман жігіт емес едін,
Әншейін әпенділік кейіпін шығар.
Ертегідегі Шық бермес Шығайбайдай,
Жал-жаясын жасырып жейтін шығар.
Құдай біледі, бұл ертең үй салса да
Көршісінен цемент пен шифр сұрар.
Әркімнің әр денесін ала берсең,
Өзіннің де бір күні итін шығар.
Шалқарбайдың сылтауы таусылған ба,
Сөзінен бас ауырып, ми тұншығар.
Айтыстан аяқ-асты жеңілсе де,
«Аузым апамдікі еді»-дейтін шығар.
-Шалқарбай, шаппа, шаппа, шапшаң ойла,
Алшан басып кіргенде ақ сарайға.
«Жырменен шашу шашам(ын)»-деп келгенде,
Абыройынды айрандай шашпа, абайла.
«Бейшара»-деп біздерді кекетесін,
Бұл деген бауырынды жасқамай ма?
Батыстың байларындай балпаңдайсың,
Қолына ұстамайтын ақша майда.
Түріңіз Атыраудан айтысқа емес,
Козиноға келгендей Қапшағайға.
«Ешкідей»-деп кекеттін Мейірбекті,
Ешкім білмес тапқандай асқан айла.
Қошқардай қоң біткенге мәз боласың,
Мақтануға болар ед(і) басқалайда.
Бауырым өзің келіп ұсталдын ғой,
Ақын деген тілінен ақсамай ма?
Сен секілді семірген мың қошқарды,
Мен секілді бір серке бастамай ма?
-Қолдаса, шын жүйріктің шабар жері,
Бапкердей Алматының бағамды елі.
Алтыншы желтоқсанды атап өтеп,
Ағайын назар салып, қарар бері.
Дәл бүгін прокурорлар мерекесі,
Құттықтаудың келіп тұр маған жөні.
Елдің сенім артары-сендерсіңдер,
Ерігіп шығарса да заң әрнені.
Сендердегі «пинсионный фонд» болмаса,
ЭКСПО-ға қаражат табар ма еді.
Соттың емес, сөйлеңдер көптің сөзін,
Қалай қарай соқса да заман желі.
Шынымен бекітілген заң болмаса,
«Қоғам да талайын» деп тарар ме еді.
Соған орай әр түрлі айыппұл бар,
Тәртіп бұзып жасаса адам нені?
Көшелерде семечка шаққанға да,
Түтіндетіп темекі тартқанға да,
Арақ ішіп мас болып жатқанға да,
Салынатын айыппұл санаулы еді.
Менің бірақ басқа бір арманым бар,
Тыңдағанның таңғалып қалар көбі.
Өтірік айтқандардың барлығына,
Өкіртіп айыппұлды салар ма еді?
Сол кезде біздің билік дағдарыстан,
Шығатын оңай жолды табар ма еді?
Жоғарыда отырған шенділердің,
Көбісінің қалтасын қабар ма еді?
Үкіметтен жымқырған ақшаларын,
Өзімізге қайтарып алар ма еді?
-«Заң» десе қоғамымның көп сұрағы,
Мейірбек осы ойларды топшылады.
Мысалға, шекарада өзбектермен
Жыл сайын арамыздан өрт шығады.
Қасынан малын іздеп қазақ өтсе,
Өзбектің қалтасынан оқ шығады.
«Бұл істің ақ-қарасын білеміз»-деп,
Тергеуші, прокурор, сот шығады.
Өлтірген өзбек емес, ақырында
Өлген қазақ кінәлі боп шығады.
Әншіден әуелеген ән қалады,
Ақыннан запыран мен зар қалады.
Жүгенсіздер жүр әлі тайран қағып,
Бағынады десек те заңға бәрі.
Мысалы, жолда тұрған полицийлер
Патшаның баласындай паңданады.
Арасында болмаса адалдары,
Көбісінің пара алу шаруалары.
Бабалары таяқпен мал бағып ед(і),
Балалары таяқпен жан бағады.
Қасынан Опел(OPEL)менен Пассад (PASSAD) өтсе,
Жемтік асы екенін аңғарады.
Көлігінің түтінін тексерсе де,
Қалтасын толтыруға қамданады.
Өкіртіп айыппұлды жазып беред(і),
Кедей байғұс содан соң зар қағады.
Ал, дөкейлердің Джиптері(JEPP) өтсе,
Көзін жұмып, басқаға алданады.
Үсенов секілділер әкесінің
Байлығына мас болып, малданады.
Олардан протокол былай тұрсын,
Правасын сұрасан шамданады.
Ремень тағып жүруге емес олар,
Номер тағып жүруге арланады.
Осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?
Қоғамда әділеттің қалмағаны.
Біздегі бассыздыққа біз түгілі,
Көзі соқыр адам да таң қалады.
-Ғұмырым ұқсамасын бос өткенге,
Сөйлейін жырдың отын көсеп мен де.
Бұл күнде интернетті а(лы)п қарасан,
Толып тұр ақпарат пен өсектерге.
Алматыда бір қызық жағдай болды,
Ғаламторды шулатқан кеш өткенде.
Бір жігіт есекті әбден жәбірлепті,
Мәз болып, ұрып, соғып, кесектеуге.
Біздегі полициялар қырағы ғой,
«Зияны тиіп жатыр »-десек те- «елге».
Сол жігітті тауып алып, жазалады,
Онысына жоқ менің еш өкпем де.
Есекті зәбірлеген дұрыс емес,
Жүгінді арқалаған неше өткелде.
Әй, бірақ мұндайларды келе қоймас,
«Қауіпті қылмыскер»-деп есептеуге.
Ең қауіпті қылмысты мен айтайын,
Санамыздан келмейді «өшеді» -деуге.
Ақанов Мақсат жаңа айтып кетті,
Айтатыным дәл бүгін осы еді менде.
Педофилдер дәл бүгін өрт қойып жүр,
Бүгін ғана бүр жарған көшеттерге.
Кішкентай бүлдіршінді аулап-сулап,
Азғындықпен тартады төсектерге.
Осындай азғындармен алыспасан,
Өкінішін ертең-ақ өседі дем де.
Сақшылардың бәріне айтатыным,
Еңбек ет,ел алдына есеп бер де.
Алдымен жазаны қолданыңдар,
Қылмыс жасап, Заң алдын кесе өткенге.
Есекті қорлап жүрген адамға емес,
Адамды зорлап жүрген есектерге!
-Қоса алмайтын баладай бірді екіге,
Құрғақ сөзді айтпағын құр көпіре.
Көмірдей қатқан қара жігіт едің,
Шықпаған шахтерлардай күн бетіне.
Тоқсандағы атамның қатты ұқсайсын,
Елу алты жастағы суретіне.
Айтыс сайын селкілдеу-мына сенің
Азаматтық жата ма міндетіне?
Жоқ, әлде Сайлаубектей жерлесінен,
Бойына жұқтырып алған індеті ме?
«Ізін көрем» дейтін бір ән бар еді,
Жатталған құлағынды күнде түре.
Сол әннің сөзі саған қатты келед(і),
Тыңдасын көрермендер бірге күле.
Туфлиінің ізін көрем, ізін көрем,
Бір басқанда кетпейтін бір жетіге.
Шалқарбай діріл, діріл, дірілдейді,
Жер сілкініп жатқандай түнгі екіде.
Тюрквижннан бас бәйге алып келген,
Ол әннің келе алады кім бетіне?
«Ізін көрем» дейтін ән жазылған-ау,
Ізбасаров ақынның құрметіне.
Шалқарбай Ізбасаров:
-Сөздері қарсыластың батыл болса,
Әр адам қамданады батырларша.
Денеміз діріл, діріл, дірілдесе,
Қимылда сан құпия жатыр қанша.
Ән салам(ын), жыр да төгем(ін), би де билейм(ін),
Сонымды сөз қылады ақын барша.
«Жігітке жеті өнер де аз» дей тұғын,
Бауырым, білмейсін-ау нақылды онша.
Сен қайта, ізімді көріп от(ыр)сын,
Онынды «бақыт» -деп қой, ақыл болса.
Әйтпесе, із-түссіз елді тонап,
Шетелге қашып кеткен әкім қанша.
-Албырттық таныттың-ау ағаңа тым,
Жармаса бермесенші жағама тым.
Жалаң аяқ жүргенім жоқ, әзілім ғой,
Өз-өзіме жетеді адал ақым.
Кімнің сөзден ұсталғанын мен айтайын,
Жансын ғой байыбына баралатын.
«Қошқарларды бастайтын серкемін»-деп
Сөз айттын өз жанына жағалатын.
Қошқарға серке салған кімді көрдін,
Дені сау адам малды бағалатын.
Өгізге бұқа салып өрістегі
Адамдай сөйлейсің-ау төл алатын.
Саятқа айғыр салып топ бастатсан,
Тұлпар да тұқымыменен жоғалатын.
Әй, бірақ таңғалатын ештеңе жоқ,
Елу жыл сайын заман жаңаратын.
Қазір өзі заман ғой, еркекке еркек,
Әйелге әйел ғашық бола алатын.
Шаңдыры шыққан серкем сондықтан да,
Сәті келді сөзіңнің оңалатын.
Інім қалай бұл сөзді аңғармайды,
Дәйексіз айтқан сөзде дәм болмайды.
Сіңірі шығып жүрген сүйретіліп,
Серкелер топ бастаса сән болмайды.
Інім-ау «серкемін»- деп секең-секең,
Жар басында ойнаған жөн болмайды.
-Ақының өз ойына оралсын, ал
Жебе боп олқылыққа қадалсын әр(і).
«Өтірік айтпаңдар»-деп тәлім берген,
Кешегі аталарым адал шығар.
Ол дәстүр «модадан» қалды бүгін,
Кеткен соң сол кешегі хабаршылар.
Өйткені, ол өтірік кәсібіміз,
Шындықты айтқан адам жаман шығар.
Күйеуі жарын алдап үйіндегі,
Жүргесін, жалған сөйлеп балаң шығар.
Ауылыңа аудан әкім келе қалса,
Әрине, төрге келіп, жоғары шығар.
«Ауыл бәрі жақсы»-деп алдағасын,
Дейді-«көп іс жасалып қалған шығар».
Ауданға облыстан әкім келсе,
Қолына күрек алып, бәрі алқынар.
Елбасы келе қалса облысқа,
Көшеге толып тіпті адам шығар.
«Бәрі бізде жақсы»-деп Елбасыға,
Жалған ақпар береді қазаншылар.
«Елдің жайы жаман»-деп тұрғаным жоқ,
Алайда, ақ сөйлеген адал шығар.
Өтірікпен өспейміз өрге қарай,
Дейді көбі-«өзгерген заман» шығар.
Елбасы бәрін көріп тұрмағанмен,
Оданда көкте биік қараушы бар.
Алдамшы өмір осылай өтерсің-ау,
«Өтірік» жазылмаған жараң шығар.
Мына бес күн пәнилік бабалардың,
«Жалған»-деп атағаны содан шығар.
-Алдымда сөйлесе елім тасқын болып,
Демеңдер «бар айыпты аштың не ғып».
Жан түршігер бұл күнде оқиға көп,
Естісен, кетеді екен қашқын келіп.
Шаранасын тастаған «шал ана» көп,
Адасқан, азабы мол көштің керіп.
Тірідей жетім қылған сәбилерді,
Аналар көрер ме екен бес күнде ғұт?
Кешегі «алтын құрсақ» аналардың,
Тәлімін тал бесіктен өстім көріп.
Сол әзиз аналардың өр тұлғасы,
Әлі тұр көз алдымда кескінделіп.
Ал, бүгінгі әйелде айырма көп,
Кетті ме дін әлсіреп, дәстүр кеміп?
Кеше біз езгі көрген ел болсақ та,
«Имансыз халық» болып естілмедік.
Ал, бүгінде «жаһантану осы екен» -деп,
Несіне жаулыгынды шештін келіп?
Батыстың бәтшағарын үлгі қылып,
Еліріп, етегінді кестін келіп.
Одан соң бала жаста бала тауып,
«Жастықпен»-деп ақталар-«ес білмедік».
Арсыз адам ана бо(лы)п жарытпайды,
Жатқаны содан шығар бәстің кеміп.
Көкек әке, тексиз ұл, арсыз әйел,
Дегенде қалмады тіл еш көрмедік.
Қызыңды қырық үйден тыя алмасаң,
Үй түгіл, ұлтын кетер босқын болып.
Біздікі жаңашырлық білдіру ғой,
Кетпесін тек иманы достың кеміп.
Әйтпесе, ардан безген арулардың
Етегін күзетпейді ешкім келіп.
-Мен бүгін ұқсамайын сыр бергенге,
Айтулы бұл додана бір келгенде.
Мейірбек,сегіз қырлы жігіт едің,
Жас та болса, болатын үлгі ерлерге.
Домбыра шерткен қолы күрек таппай,
Жұмыссыз болып бұл да үлгерген бе?
«Екі қолы бос жүрсін»-демеген ғой,
Алла саған сүйріктей тіл бергенде.
Магистратураға түсе алмапсың,
Біліміңді тексерер сын келгенде.
Ағылшыннан құлапсын емтиханда,
Білімін қаратқан соң бірден жерге.
«Үш тұғырлы-тіл»-деген Нұр ағамның,
Саясаты тұсынан сыр берген бе?
Әншейінде,атой сап «Елбасым» деп,
Жылардай болушы едің жырды өргенде.
Ал, істе мүлде бөлек болып шықтың,
Бұдан әрі қақпа енді мүлдем кеуде.
Мұныс, Мейірбектің қатты ұқсайды,
Өзінің ішкі есебін білгендерге.
Сөзімен қақсағанмен Елбасыны
Ісімен қолдай алмай жүргендерге.
Мейірбек Сұлтанхан:
-Иә, рас,қазір менің жұмысым жоқ,
Сөзіңді дұрыс айттың, бұрысы жоқ.
Жұмыссыз жүргенімнің себебі-сол,
Кришам болатындай туысым жоқ.
Сұраған ставкасын ұстататын,
Ақшаға толып тұрған уысым жоқ.
Сенің тауып айтқан емес,бұл тақпақ әнін,
Жұмыссызбын, несіне ақталамын.
Ел құсап портфель ұстап, костюм киіп,
«Еңбектің кодексін» жаттамадым.
Ақындық-Алла берген қызметім,
Кеудеме келген жырды ақтарамын.
Өзіннің де көзіне көрініп тұр,
Екі аяқты көтеріп жатпағаным.
Екі қолға бір күрек таппасам да,
Қолыма домбыра алсам, шаттанамын.
Сегіз сағат жұмысқа бармасам да,
Сегіз сері бабамдай бақ табамын.
Әкім бо(лы)п кресло да отырмай-ақ,
Ақын бо(лы)п жүргеніме мақтанамын.
Ел-жұрттың мұң-зарына ортақ болсам,
Емес пе сенімінді ақтағаным.
Ақын бо(лы)п,Алла жазса, талай жерге,
Ақиқатын Алаштың а(лы)п барамын.
Сондықтан,«жұмыссыз» деп Мейірбекке,
Жөн болар босқа кінә тақпағаның.
Шыбын жаным кеудемнен шыққанынша,
Шырылдап,шындық іздеп аттанамын.
Халқымның сөзін сөйлеп,қазақ үшін-
Қызыл тілмен қызмет атқарамын.
-Не дейді Шалқарбайдай ұландарын?
Қарқылдап күлдіндер-ау бұған бәрін.
«Серке»-деп мен астарлап айтым едім,
Сөзіміздің қадірін біле алмадың.
Серке Қожанқұловты білер едің,
Театрдың болсан егер ұғар мәнін.
Ермек Серкебаевты кім білмейді,
Ер болып талай жерде ту алғанын.
Қазақтың білесің бе бір кездері,
«Серке» деген газетті шығарғанын?
Сақтасын арам ниет, залым сұмнан,
Таңдайыма адалдан табылсың дәм.
Магистратураны сөз ғып тұрсын,
Халыққа хабар беріп,мәлім сырдан.
Жетпей қалған баллымды әңгіме ғып,
Жел сөзін жеңіл екен қауырсыннан.
Ағылшыннан өте алмай қалғаным рас,
Салымыз суға кетіп, сағым сынған.
Сұрақтары сұрапыл киын екен,
Амал жоқ, өте алмадым ауыр сыннан.
Бұйырса,келер жылы түсемін ғой,
Жалықтым, ести, ести жауыр сыннан.
Сен бірақ, маған бола бас ауыртпа,
Жайым жоқ бас жарылып, жағым сынған.
Аллаға шүкір,Алаштың ақынымын,
Әуелеп естілетін әнім шыңнан.
Одан да қандасынды айтпайсын ба,
Мүдірмейтін орысша, ағылшыннан.
Аузына алпыс тілді сыйдырса да,
Ана тілде сөйлеуді ауырсынған.
-Ешқашан аспанынды енді Алашым,
Қайғының қара бұлты торламасын.
Ақиқаттың шығайық биігіне,
Қырандай қанатымды қомдағасын.
Тіл жайлы тілімізге тиек етсек,
Жауыр болған жайды айтып, толғанасын.
Ана тіл әлі күнге жоғарыдан,
Неліктен ала алмай оң бағасын?
Орыс тілі бөгет бо(лы)п тұр орта жолда,
Жоғарыға бермей тұр жолдамасын.
Қазақша міңгірлесе министр көп,
Қағаздан көтеретін зорға басын.
Мазаққа қалып жүрген депутат көп,
Шайнап берген, жұта алмай қолдағы асын.
«Курметти мирзалар»-деп сөйлейтұғын,
Әкімдерді көргенде қорланасын.
Елбасы да ұрысты шенділердің
Көбісіне көңілі толмағасын.
Он бес жылда аю да тіл үйренер,
Басына қажеттілік орнағасын.
«Патшағарлар» шаршатты-ау патшаны да,
Шәкірті тыңдамаса , молдаға сын.
Кідірәлі Болмановты кім білмейді,
Әншілікпен танытқан зор бағасын.
Сол ағам соңғы кезде шығарып жүр,
Неше түрлі қуыршақ,бал-баласын.
«Айгөлек»-деп ән салып сол қуыршақ,
Қазақша тақпақ айтса таңданасын.
Әліппенің жаттауды әріптерін,
Ағалар енді қашан қолға аласын?
Осыдан соң қарным қатты ашады,
«Ессіздіктің» таба алмай ем, дауасын.
Биліктегі білімпаз ағалардың,
Миына қазақ тілі қонбағасын.
Ең болмаса Кідірәлі шығаратын,
Қуыршақтай ақылы болмағасын.
-Бас жарылса былғайды бөрік ішін,
Бағын тайса төгілер мол ырысын.
Аталар ат үстінде «Аттан» салған,
Қан беріп қарыс, сүйем жерің үшін.
Жарықтықтар шыдады жаңбырға да,
Ұрпағы кемпірқосақ көру үшін.
Бабаларын қалдырған байтақ жерді,
Барынды сал қызғыштай қору үшін.
Қабанбай қара жерді қорғаған жоқ,
Қысылғанда Қытайға беру үшін.
Алаштың ар да туған арыстары,
Аянбап ед(і) сойылыңды соғу үшін.
Әлімхан Ермековты айту керек,
Ерліктің жасап кеткен ең ірісін.
Ленин менен бетпе-бет сөйлесіпті,
Шекараңды дұрыстап бөлу үшін.
Қазақтың меншігіне алып қалған,
Орысқа кетіп жатқан облысын.
Әлімхан Ермековты ұмытпайық,
Тағдыры тауқыметке толы кісің.
Ал, бұл күні қоғамға қарап тұрсаң,
Көресін көп шикілік көрінісін.
Келешеке болады кім жауапты,
Келімсекке таптатқан төрің үшін?
Қытайға кетіп жатқан мұнай менен
Үндіге кетіп жатқан көмір үшін.
Еврей енші салған көліңменен,
Кәріске кетіп жатқан кеңін үшін.
Қазағым, есіңді жи, еңсе тікте,
Біреудің жалтақтамай көңілі үшін.
Ермеков шекараңды бекіткен жоқ,
Еріккеннің ермегі болу үшін.
-Ағайын,ақындарға сеніп тұрсын,
«Сөйле»- деп сөз кезегін беріп тұрсын.
Қазағым,Азат күнге жеткеннен соң,
Шаңырағынды шаттықтан керіп тұрсын.
«Қазақта ел болмады»-деп жүргендер,
Жеңіл сөзбен әншейін желік қусын.
Тарихымды келсе егер танығысы,
«Тарих-и-Рашидиді» көріп білсін.
Дулати, Қашқаридың жазбалары,
Өткеннің өнегесін мол ұқтырсын.
«Көшпенділер» романын қолына алып,
Көз жанарын кітапқа зорықтырсын.
Күлтегін жазуына назар салып,
Тоныкөкпен білімін толықтырсын.
Бағаңды ешкім сенің кеміте алмас,
Өткенің тұр тарихқа толып тылсым.
Азаттығын Алашым, мәңгі болып,
Есігіңнен береке еніп тұрсын.
Ертеңін Егеменді еліміздің,
Ертегідей күндерге жолықтырсын.
Бастысы, шын жүрекпен еліңді сүй,
Байтақ жұрт баға жетпес көріктімсін.
Кенесары секілді әр бір қазақ,
Келешектің жолында жорық қылсын.
Бәйгеге басын тігер күн туса да,
Кеудесі «Отаным»-деп соғып тұрсын.
-Сұр жебедей көрінген дәлдігіміз,
Бүгінгінің Кенені мен Жамбылымыз.
Ұтымды сөздер айттық деп ойлаймын,
Ұрттағаннан білінер дәмді қымыз.
Алашымның аспаны ашық бүгін,
Тоқтады, толастады жаңбырымыз.
Аққу, шаян, шортандай аңыздағы,
Әр тарапқа тартпайық әр біріміз.
Бірлігіміз қазағым мықты болса,
Сақталад(ы) «бірлік» деген сандығымыз.
Қазағым дағдарыстан аман өтіп,
Тауқыметке тап болмай тағдырымыз.
Мызғымай мың жылдыққа бет алса екен,
Бес жүз елу жыл толған хандығымыз.
Нұртілеу Иманғали айтатындай:
«Бай қуатты болайық барлығымыз».
Шалқарбай Ізбасаров:
-Болмайды бата менен баға бөтен,
Мен оны бақытыма балап өтем(ін).
Бауыржан Байбек ағам осында отыр,
Мен оны ағайынға хабар етем(ін).
Ақындар да әкімдер сияқты ғой,
Жұртымның тағдырына алаң етем(ін).
Халықтың малын жеген басшы қанша?
Қияметке олар қалай барады екен?
Халықтың қамын жеген ортаңдағы
Жас әкімге көңілін шын толады екен.
Жиырма төрт сағат бойы елді ойлайтын
Бауыржан да мен сияқты адам екен.
-Тасталмай парасат пен пасықтарша,
Байыпты сөйлеген жөн асыққанша.
Армандап көрейінші, қара аспанды
Төндіріп қалың елді жасыққанша.
Қазақстан ертегі еліңдей боп,
Шіркін-ай, Алла нұры шашып қылса.
Өз дінін, өз тілін мен өз дәстүрін,
Үйлесім тауып жатса ғашықтарша.
Қара алтының өзі өңдеп, өзі өңдіріп,
Инвесторлар іргеден қашық қылса.
Әр ауылда заводтар бой көтеріп,
Тұрғындары жасайтын кәсіп болса.
Полицийлер сенделіп, қылмыс таппай,
Түрмелер медресе мен мешіт болса.
Дәрігерлер жұмыссыз қа(лы)п, аурухана
Жас отулар тұратын лашық болса.
Бала саны көбейіп жылдан-жылға
Әр үйде он-он бестен бесік тұрса.
Кім білед(і),кейде осылай қиялдаймын,
Тәңір бізге бұл күнді нәсіп қылса.
-Осынау жұлдымыз жанған шақта,
Қазағым көрінейік алдансақта.
Елім үшін Алладан тілейтінім,
Халқымды бітпейтұғын даудан сақта.
Онсызда соқпақтардан аман өттік,
Адасып әкететін жолдан сақта.
Қазынамды бұйыртып қазағыма,
Қайғысы көп қай араз малдан сақта.
Сыртыңнан күліп кірген жаннан сақта,
Бәрінен іштен шыққан жаудан сақта.
Айрандай ұйып от(ыр)қан бірлігімді,
Іркіттей ірітуден Аллам сақта.
-Тілегіммен ағайын,
Тәмәмдайын жырымды.
Ағайын сен де аман бол,
Қолдаған екі күн ұлынды.
Мейірбек сен де аман бол,
Жаратқан ием өзіңе
Берсінші мәнді ғұмырды.
Қазаққа біткен дұшпан көп,
Қадайын соған сұғымды.
Оның бірі-күңшілдік,
Маңғаздық пен міншілдік,
Аяқтан шалар «Елім»-деп,
Еңіреп жүрген ұлыңды.
Тағы бір жауың-шашпалық,
Қарызданып той жасар
Ойламай бірсікүнінді.
Тағы бір жауың-жалқаулық,
Қазаққа болған жұғымды.
Ең жаман жауын-өтірік,
Алдайтын бірің-біріңді.
Қағазбен жасап жұмысты,
Қағазбен жасап шығынды.
Тағы бір жауың-арсыздық,
Жезөкше менен көгілді,
Түсіретұғын құныңды.
Сыртта емес екен дұшпанын,
Іште жүрген іріңді.
Осыларды жеңсек болғаны
Айтайын, халқым шынымды.
Қай дұшпан сырттан келсе де,
Жыға алмайды туыңды.
Мейірбек Сұлтанхан:
-Қазағым бүгін қандайды,
Қарасан көзін талмайды.
Тәуелсіздікке жете алмай,
Қаншама күндер, қаншама түндер сарғайды.
Егілме,халқым,егілме,
Тыныштық болсын елімде.
Соғысып жүрген содырлар,
Сирияның күні, Сирияның күні өлімде.
Қазағым-менің жыр әнсін,
Биікке самғар қырансын.
Татулық болса-бастысы
Дағдарыстанда, дағдарыстанда шығарсын.
Ұлттық банк айтса «ертегі»,
Көңілдің күйін шертеді.
Халыққа берген уәдесі
Жүректі тербеп, жанынды емдеп езеді.
Құларсын, қазақ, тұрарсын,
Жыларсын дағы шыдарсын.
Теңгенің түскен бағасын,
Жаным-ау кімнен, жаным-ау кімнен сұрарсын?!
-Өртенгімен базары,
Алматым кірген ажары.
«НұрОтан» деген жалғыз сөз,
Жанынды тербеп, жүректі емдеп жазады.
Көп сұрақ жатыр көңілде,
Көп сұрақ жатыр жерімде.
Басқасын қойшы, бастысы-
Тыныштық болсын, тыныштық болсын елімде.
Шалқарбай деген ұлансын,
Орныңнан енді тұрарсын.
Туфлиіннің жаңасын,
Бақтықожадай, Бақтықожадай әкіміңізден сұрарсын.
Жыл.
Алматы қаласы
Республика сарайы