Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу тәртібі
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидалары
Жалпы ережелер
1. Осы Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 38) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 24) тармақшасына сәйкес әзірленді және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру тәртібін айқындайды.
2. Осы қағидалардың 9-тармағында көрсетілген тәсілмен бірдейлендіруге Қазақстан Республикасының аумағындағы ауыл шаруашылығы жануарлары жатады.
Ауыл шаруашылығы жануарларының төлі мынадай жасқа жеткен күнінен бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірмей бірдейлендіріледі:
бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар – туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
құлындар – төрт айлық жасынан бастап;
асыл тұқымды торайлар, әрі қарай өсіруге және өсімін молайтуға арналған торайлар және жұртшылық шаруашылықтарында күтіліп-бағылатын торайлар – үш айлық жасынан бастап;
ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіліп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, кейіннен сою үшін тоғыз айлық жасқа жеткенге дейін бордақылауға арналған торайлар – туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
тоғыз айлық жасқа дейін сойылмаған, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіліп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге және бордақылауға арналған торайлар – тоғыз айлық жасқа толған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін.
3. Тоғыз айлық жасқа дейінгі жылқылар мен торайларды қоспағанда, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіліп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, кейіннен сою үшін бордақылауға арналған ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірі он екі символдан тұрады, олардың мынадай белгілері бар:
бірінші екі символ – ISO – Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымының кодына сәйкес Қазақстан Республикасының литерлік коды (екі латын бас әрпі);
үшінші символ – облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың литерлік коды (латын бас әрпі);
төртінші символ – ауыл шаруашылығы жануары түрінің сандық коды;
бесіншіден он екіншіге дейінгі символдар – ауыл шаруашылығы жануарының реттік нөмірі.
4. Жылқының жеке нөмірі он символдан тұрады, олардың мынадай белгілері бар:
бірінші екі символ – ISO–Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымының кодына сәйкес Қазақстан Республикасының литерлік коды (екі латын бас әрпі);
үшінші символ – облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың литерлік коды (латын бас әрпі);
төртінші символ – жылқының сандық коды (4);
бесіншіден оныншыға дейінгі символдар–жылқының реттік нөмірі.
5. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіліп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, кейіннен сою үшін бордақылауға арналған тоғыз айлық жасқа дейінгі торайлардың жеке нөмірі осы Қағидалардың 3-тармағынасәйкес шошқаның (енесі жағынан ата-енесінің) жеке нөмірінен және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы, шаруа және фермерлік қожалықтардағы мал бастарының ішкі шаруашылық есебіне сәйкес шошқалардың (енесі жағынан ата-енесінің) торайлауында торайдың реттік нөмірінен тұрады.
6. Ауыл шаруашылығы жануарларына жеке нөмірлерді беру процессингтік орталық әр облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жеке өткізетін жеке нөмірлердің эмиссиясына сәйкес кезектілікпен жүзеге асырылады. Жеке нөмірлердің эмиссиясы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіліп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, кейіннен сою үшін бордақылауға арналған тоғыз айлық жасқа дейінгі торайларға жүргізілмейді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін бекітілген Қазақстан Республикасының, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың литерлік және сандық кодтар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларына арналған сандық кодтар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес беріледі.
7. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру рәсімі:
1) осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген тәсілдердің бірімен ауыл шаруашылығы жануарларына жеке нөмір беруді;
2) «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 2 маусымдағы № 367 бұйрығымен (нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу Тізілімінде № 6321 болып тіркелген) бекітілген тәртіппен мәліметтерді ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасына енгізуді;
3) ветеринариялық паспорт осы Қағиданың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша беріледі.
8. Жеке нөмірді беру ауыл шаруашылығы жануарларының түріне байланысты келесі тәсілдердің бірімен жүргізіледі:
1) сырғалау (тоғыз айлық жасқа дейін сойылмаған, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіліп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге арналған ірі қара мал, ұсақ мал, түйелер, шошқалар және торайлар үшін);
2) таңба басу немесе чип салу (жылқылар үшін);
3) татуировка (тоғыз айлық жасқа дейін сойылмаған, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіліп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге арналған торайлар үшін).
9. Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түріне қосымша келесі тәсілдермен жеке нөмір беруге жол беріледі:
1) электрондық бірдейлендіру тәсілі (ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін пайдаланылатын радиожиілікті белгісі бар сырғалар, болюстер, чиптер және басқа бұйымдар (құралдар));
2) татуировка;
3) таңба басу.
10. Сырғалау ауыл шаруашылығы жануарларының құлақтарының ортасына аспалы сырғаны, көк тамырын зақымдамай бекіту арқылы жүзеге асырылады. Аспалы сырғалар келесі тәсіл арқылы бекітіледі:
сырғаның бет жағы - ауыл шаруашылығы жануарының құлағының ішкі жағынан.
Ірі қара мал және түйелердің әр құлағына бір-бірден екі бірдей (бірдей жеке нөмір көрсетілген) аспалы сырға бекітіледі.
Ұсақ мал және шошқаларға оң құлағына бір аспалы сырға бекітіледі. Ұсақ малды және шошқаларды бірдейлендіру үшін осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес радио жиілікті белгісі бар сырғаларды ауыл шаруашылығы жануарларының сол жақ құлағына бекіту жолымен пайдалануға жол беріледі. Ауыл шаруашылығы жануарларының сырғалары өмір бойы шешілмейді.
11. Таңба басу ыстық немесе суық тәсілдермен жүзеге асырылады. Жылқыдан басқа ауыл шаруашылығы жануарларына таңба дененің сол жағына жамбас аумағына салынады.
Жылқыларға таңба денесінің сол жағына жауырын (клеймо), және жамбас аумағына (реттік нөмір), немесе тек жамбас аумағына (клеймо және реттік нөмір) осы Қағиданың 2-қосымшасына сәйкес салынады.
Таңба ең көбі алты символдан тұрады:
бірінші және екінші символдар (міндетті емес), ауыл шаруашылығы жануары иесінің клеймосы. Клеймо бір немесе екі латын немесе араб бас әрпі (тері) және/немесе сан(дар), геометриялық фигура(лар) болып табылады. Клеймо бір әріп немесе сан немесе фигурадан құралған жағдайда, таңба төрт символдан құралады. Клеймо ауыл шаруашылығы жануары иесінің қалауы бойынша салынады;
үшінші және төртінші символдар (міндетті) осы Қағиданың 3,4 және 5-тармақтарына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларының реттік нөмірінің алғашқы сандарының (соңғы екі нөмірден басқа) қорытындысы. Жылқыда бұл біріншіден төртіншіге дейінгі реттік нөмір сандарының қорытындысы, ауыл шаруашылығы жануарларының басқа түрлерінде біріншіден алтыншыға дейінгі реттік нөмір сандарының қорытындысы. Егер жануардың реттік нөмірінің алғашқы сандарының сомасында сома бір символды құраса, таңбаға бір символ салынады. Егер символда нөл бар болса, ол таңбаға салынбайды;
бесінші және алтыншы символдар (міндетті), осы Қағиданың 3, 4және 5-тармақтарына сәйкес берілген жануардың реттік нөмірінің соңғы екі саны. Жылқыларда бұл реттік нөмірдің бесінші және алтыншы сандары, ауыл шаруашылығы жануарларының басқа түрлерінде реттік нөмірдің жетінші және сегізінші сандары.
12. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің электрондық тәсілі (радио жиілікті белгісі бар сырғалар, болюстер, чиптер және бұйымдар (құралдар) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану (қолдану) жөніндегі тиісті ңұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің электрондық тәсілін жүргізуге арналған бұйымның (құралдың) нөмірі ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірімен сәйкес келуі міндетті емес, бірақ қосымша ветеринариялық паспортта көрсетіліп, дерек қорға енгізілуі керек.
13. Осы Қағиданың 15-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жануарларға татуировканы осы Қағиданың 3-тармағына сәйкес құлақ қалқанында еркін символдар жинағымен жасайды. Татуировканы құлақтың сыртының төменгі жағына салады.
14. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіліп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, кейіннен сою үшін бордақылауға арналған тоғыз айлық жасқа дейінгі торайларға арналған татуировка ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы, фермерлік және шаруа қожалықтарындағы мал басын ішкі шаруашылық тіркеуге сәйкес шошқаның (енесі жағынан ата-енесі) торайлануындағы реттік нөмірден тұрады.
15. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдар (құралдар) осы Қағидаға 4-қосымшадакөрсетілген нысанға, мөлшерге, сипаттамаларға сәйкес келеді.
16. Бірдейлендірілген ауыл шаруашылығы жануарларының бір әкімшілік-аумақтық бірлік аумағынан басқа әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына орнын ауыстырған кезде, ветеринариялық паспортқа және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру туралы дерек қорға ауыл шаруашылығы жануарларының орнын ауыстыру туралы мәліметтірді енгізе отырып берілген жеке нөмірлері сақталады.
17. Шыққан елінде бірдейлендірілген импортталған ауыл шаруашылығы жануарлары бұрын берілген жеке нөмірін сақтап қалады. Карантиндеуден кейін импортталған жануарлар туралы деректер осы Қағидамен бекітілген тәртіппен ветеринариялық паспортты бере отырып, дерек қорға енгізіледі.
18. Шыққан елінде бірдейлендірілмеген импортталатын ауыл шаруашылығы жануарлары белгіленген межелі орны етті өңдеу кәсіпорны, сою пункттері, сою алаңдары (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдары) болса және карантиндеу біткеннен кейін жеті күн тізбелік күннен аспай союға жататын болса, онда ауыл шаруашылығы жануарлары бірдейлендіруге жатпайды.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу тәртібі
19. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға деген қажеттілікті айқындап, облыстың жергілікті атқарушы органына ақпарат береді:
1) ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейін – ағымдағы жылға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға деген қажеттілік жөнінде;
2) ағымдағы жылдың 1 наурызына дейін – келесі жылға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға деген қажеттілік жөнінде;
3) осы Қағиданың 28 және 29-тармақтарында көрсетілген жағдайлардың туындауына қарай ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға деген қажеттілік туындаған кезде.
20. Осы Қағиданың 19-тармағына сәйкес алынған ақпарат негізінде облыстың жергілікті атқарушы органы, сондай-ақ республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы облыс, республикалық маңызы бар қала, астана бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға деген қажеттілікті айқындап, процессингтік орталыққа ақпарат береді:
1) ағымдағы жылдың 15 ақпанына дейін – ағымдағы жылға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға деген қажеттілік жөнінде;
2) ағымдағы жылдың 15 наурызына дейін – ағымдағы жылға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға деген қажеттілік жөнінде;
3) осы Қағиданың 28 және 29-тармақтарында көрсетілген жағдайлардың туындауына қарай ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға деген қажеттілік туындаған кезде.
21. Процессингтік орталық осы Қағиданың 20-тармағына сәйкес алынған ақпарат негізінде ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерінің эмиссиясын жүргізеді. Бұдан кейін процессингтік орталық:
1) Жүргізілген ауыл шаруашылығы жануарларының эмиссиясы нәтижелерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына жеткізеді;
2) ірі және ұсақ ауыл шаруашылығы жануарларының бірдейлендіруін жүргізуге арналған атрибуттар мен бұйымдардың (құралдардың) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына тасымалдануын (жеткізуді) жүзеге асырады.
22. Облыстың жергілікті атқарушы органы:
1) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді, ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерінің эмиссиясын жүргізуге арналған атрибуттар мен бұйымдарды (құралдарды) процессингтік орталықтаналуына қарай ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарына олардың қажеттіліктеріне сәйкес ірі және ұсақ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған атрибуттар мен бұйымдар (құралдар), ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерінің эмиссиясына сәйкес жылқылардың жеке нөмірлерін және ветеринариялық паспорттар бөледі;
2) жүргізу мерзімін анықтай отырып тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуді ұйымдастырады;
3) дерек қордың үнемі жүргізілуін ұйымдастырады.
23. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы:
1) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді, ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерінің эмиссиясын жүргізуге арналған атрибуттар мен бұйымдарды (құралдар) процессингтік орталықтан алуына қарай, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған атрибуттар мен бұйымдар (құралдар), ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерінің эмиссиясына сәйкес жылқылардың жеке нөмірлерін, ветеринариялық паспорттар бөледі;
2) жүргізу мерзімін анықтай отырып тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуді ұйымдастырады;
3) дерек қордың үнемі жүргізілуін ұйымдастырады.
24. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы:
1) ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымға ірі және ұсақ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған атрибуттар мен бұйымдарды (құралдар), ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерінің эмиссиясына сәйкес жылқылардың жеке нөмірлерін, ветеринариялық паспорттар береді;
2) жүргізу мерзімін анықтай отырып тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуді ұйымдастырады;
3) дерек қордың үнемі жүргізілуін ұйымдастырады.
25. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйым (бұдан әрі – ветеринариялық ұйым):
1) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу уақытын және орнын анықтайды;
2) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізеді;
3) осы қағиданың 9-тармағында көрсетілген бірдейлендіру тәсілдерімен жануарға жеке нөмір береді;
4) дерекқордың жүргізілуін жүзеге асырады (дерекқорға мәлімет енгізу);
5) осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес жануар иесіне ветеринариялық паспорт береді.
26. Ветеринариялық мекеме осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген тәсілдермен бірдейлендіру жүргізу барысында осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жургізу туралы ведомость (бұдан әрі – ведомость) ресімдейді.
27. Ветеринариялық ұйымға ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, шаруа және фермерлік қожалықтардың ауыл шаруашылығы жануарларына жеке нөмір беруге жол беріледі:
ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, фермерлік, шаруа қожалықтарының ветеринариялық дәрігерлерінің сырғалау рәсімін жүргізу үшін еркін нысанда қабылдау-беру актісін ресімдей отырып кейіннен аспалы сырғаларды (осы Қағидалардың 4-қосымшасынасәйкес ірі және ұсақ жануарларға жеке нөмір салынған) беру арқылы;
ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, шаруа, фермерлік қожалықтардың ветеринариялық дәрігерлерінің чип салу және таңба басу ресімдерін жүргізуі үшін жеке нөмірді беру арқылы.
Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, фермерлік, шаруа қожалықтарының ветеринариялық дәрігерлерінің бірдейлендіру рәсімдерін жүргізу қорытындысы бойынша күнтізбелік он күн ішінде ведомость ресімделеді және ветеринариялық ұйымға беріледі.
28. Ірі жануарлардың аспалы сырғаларының біреуі жоғалған немесе бүлінген кезде (ауыл шаруашылығы жануарының жеке нөмірін анықтау мүмкін болмаған жағдайда) ауыл шаруашылығы жануарының иесі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринариялық ұйымына аспалы сырғаның түпнұсқасын беру туралы өтініш бере отырып жүгінеді.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринариялық ұйымы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына осы Қағидалармен белгіленген тәртіппен ауыл шаруашылығы жануарын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымға (құралға) деген қажеттілік туралы ақпарат береді.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринариялық ұйымы аспалы сырғаның түпнұсқасы түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ауыл шаруашылығы жануарын бірдейлендіруді жүргізеді.
29. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйым (құрал) бүлінген (ауыл шаруашылығы жануарының жеке нөмірін анықтау мүмкін болмаған кезде) немесе жоғалған кезде: ірі жануарларда екі аспалы сырға және ұсақ жануарларда аспалы сырға, радио жиілікті белгісі бар сырға, болюстер, чиптер және басқа да ауыл шаруашылығы жануарын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдар (құралдар) иесі жануарды шаруашылық жүргізуші субъектінің басқа ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерін жануарлардың ветеринариялық паспорттарымен және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерек қормен салыстырып тексеру жүргізілгенге дейін сырғасы, болюсі, чиптері және ауыл шаруашылығы жануарын бірдейлендіруді жүргізу үшін пайдаланылатын басқа да бұйымдары (құралдар) бүлінген немесе жоғалған жануардың жеке нөмірін анықтау үшін оқшаулайды.
Бірнеше ауыл шаруашылығы жануары ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдар) жоғалтқан жағдайда, сырғасы, чиптері, болюстері бүлінген немесе жоғалған ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірін белгілеу ветеринариялық паспортта көрсетілетін (жынысы, ауыл шаруашылығы жануарының түсі, қосымша белгілері) қосымша белгілері бойынша жүргізіледі.
Көрсетілген жағдайларда ауыл шаруашылығы жануарының иесі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринариялық ұйымына осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен жүгінеді. Осы тармақта көрсетілген себептерге байланысты ауыл шаруашылығы жануарларын қайта бірдейлендіру, осы Қағидада белгіленген тәртіппен ауыл шаруашылығы жануарына отыз күн тізбелі күннен асырмай жаңа жеке нөмір бере отырып жүргізіледі.
Ауыл шаруашылығы жануарына жаңа жеке нөмір берілген кезде дерек қорда және ветеринариялық паспортта ауыл шаруашылығы жануарының бұрынғы бірдейлендірілген нөміріне қоса, осы Қағиданың 38-тармағында көзделген шараларды жүргізе және ауыл шаруашылығы жануарын қайта бірдейлендіру себебін көрсете отырып, тиісті ақпарат (қайта бірдейлендірілді) көрсетіледі.
30. Жеке тұлғаларға тиесілі ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру осы Қағиданың 6-қосымшасындакөрсетілген нысан бойынша жасқа жеткенге үш жұмыс күнінен кем емес уақыт қалғанда, ауыл шаруашылығы жануарларының иелері берген арыздың негізінде жүзеге асырылды.
Ауыл шаруашылығы құралымдары мен шаруа қожалықтарына тиесілі ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру ветеринария саласында қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның тиісті бөлімшесіне және ветеринариялық ұйымына басшы ұсынған алдағы бұзаулау (төлдеу, торайлау) кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.