Ыркүйек сенбі 2007 жыл, ашығуымның алтыншы тәулігі
Таңертең көңілім көтеріңкі ояндым, түнда жақсы ұйықтадым. Таң ата беліме ерекше қуат құйылды, таңертең тұрғанда белімнің ауырғаны кетіпті, тек аздап қана ауырады, осының өзіне жаным керемет сүйсінуде. Тұрғаннан кейін бал мен лимон қосылған ыстық су іштім. Бұрынғы шартиып тұрған қарын жоғалды, сидам жігітке айланып келемін, жүрісім де жеңілдей бастады.
Сәуле Бердібекқызы екуміздің «Табысқа жетудің кілті» атты кітапты ыңғайлап қалдым. Сағат 16-да «Алтын ордаға» барып өзіне таныстырдым, қатты ұнады. Осы жерде 2 кесе саумал ішіп үйге қайттым. Кешке ішім өтті, тағы да қап-қара қоқыстар шығуда, көңіл күйім жаман емес, белім аздап қана ауырады, жүрсем білінбейді.
9 қыркүйек жексенбі 2007 жыл, ашығуымның жетінші тәулігі
Таңертең 5-те оянып, бірден кітап жазуға кірістім, сағат 14-ке дейін тапжылмай жұмыс істедім. Түстен кейін демалып, біраз теледидар бағдарламаларын көрдім. Көңіл күйім көтеріңкі. Түсте ыстық суға бал мен лимон қосып қалауымшы іштім. Белімнің ауырғаны басылды. Күндіз ыстық судың алдында «Таң» сусынының 1 құмырасын ішкенмін, түстен кейін ішім 2 қабат өтті, қап-қара қоқыстар әлі шығуда. Қоқыстар шыққан сайын жеңілдеп келе жатқанымды сеземін.
Махамбетәли келіп 5 кітаптың әрқайсысынан 10-нан алып кеті, тек «Ақыл есті билеп алған жоқшылық пен кедейшіліктен құтылуға бола ма?» деген кітаптан 20 алды. Жалпы берген кітаптардың құны 20500 теңге болды, Ақтауға апарып сатып көремін деді.
Кешке компьютермен «Секрет» көрдім, көп нәрсеге көзім жетті, көңіліме ұялады. Мен кейбір нәрселерді дұрыс ойламай жүр екенмін. Енді ойлау жүйемді өзгертуге шешім қабылдып, осы шешімді жазып қойдым.
Рахпармен сөйлестім, халі жақсы екен, 20-да келемін дейді. Айнамкөз телефон шалды, олардың да халдері жақсы. Ұйықтауға сағат 22-ге таман жаттым.
10 қыркүйек дүйсенбі 2007 жыл, ашығуымның сегізінші тәулігі,
Таңертең 6-да ояндым, көңіл күйім тамаша! Өзімді жақсы сезінемін, белімнң ауырған мүлдем жоғалды десем де болады. Тұрғаннан кейін ыстық бал, лимон қосылған судан екі кружка іштім. 7-8 цинк, 5 кардицепс капсуласын қабылдадым, шаршау жоқ. Сағат 7-ден кете жазуға отырдым. Күні бойы жазу жаздым, ұйықтауғ түнгі 23-ке таман жаттым. Жұмысты шабыттанып істеудемін.
11 қыркүйек сейсенбі 2007 жыл, ашығуымның тоғызыншы тәулігі,
(құрғақ ашығу)
Таңертең ерте оянып кітапты жанталасып жазып бітіріп қалдым. Көңіл күйім сергек, бүгін құрғақ ашығуға бел будым, себебі улар әлі жөнді шықпай жатыр. Осыны өзім ішкі болмысыммен толық сезінудемін, ішкі даусым құрғақ ашық деп айтып тұрмын, ішкі дауысты да тыңдай білу керек.
Түске таман терезені өлшеп кетті, пластикаға ауыстыруға Арсений жіберіпті. Осының алдында Арсений мен Айнұр үлкен телевизор, микроволновый тамақ жылытқыш әкеп берген, енді терезелеріңді түгел пластикаға ауыстырып береміз дейді. Алланың осынысына да тәуба!
Сағат 12-ге таман Сәуле Бердібекқызының атынан баяндалатын «Табысқа жетудің кілті» атты кітабымды жазып бітірдім, сонан кейін «Алтын орда» базарына барып Сәулеге көрсеттім. Жұмабек деген азаматпен таныстым, ертең 100 мың теңге уақытша бере тұрайын деді. Сәуле кітап шығаруға қажетті қаржыны жинастыруда.
Бүгін күні бойы аузыма нәр салған жоқпын, өзімді жеңіл сезінемін, бірақта кешке қарай әлсірей бастадым.
12 қыркүйек сәрсенбі 2007 жыл, ашығуымның оныншы тәулігі,
(құрғақ ашығу)
Таңертең ерте тұрып біраз жата тұрдым. Кешке біраз шөлдеген сияқты болдым, бірақ шыдадым. Бүгін шөлдеу сезімі жоқ, бірақта ернім аздап кеберси бастады. Түске таман «Алтын орда» базарындағы Сәуленің офисіне Тілеуберді Құлиев екеуміз бардық. Сәуле маған 235 мың теңге ақша берді. Оның ішінде Жұмабектікі 100 мың теңге, осының 185 мыңына өзімнің қарызымды жаптым, 40 мың теңгесін «Табысқа жетудің кілті» деген жаңадан шығатын кітапқа Сәуле Бекболатованың атынан төледім. Сәулеге 195 мың теңге қарызбын. Кітап шығып кетсе бәрі орын-орнына келейін деп тұр. Сатуды Сәуле Бердібекқызы ұйымдастырады. Түсте кітапқа суретке түстік. Кешке қарай шөл қысты, шыдадым. Сағат 19-да үйге келіп жуынып алғаннан кейін ата-бабаларыма Құран сүрелерінен аяттар оқып аузымда «Таң» сусынымен және бал мен лимон қосылған шырынмен аштым. Көңіл күйім көтеріңкі, Жаратушыдан байлық тілеудемін. Кешке ішім өтті, тағы да қап-қара қоқыстар шығуда.
13 қыркүйек бейсенбі 2007 жыл, ашығуымның он бірінші тәулігі
(30 күндік оразаның басталуы)
Таңғы сағат 3-те тұрдым, жуынып алып Ыстық суға бал мен лимон қосып дайындап алып, өзім білетін Құран сүрелерінің аяттарынан оқып ауыз бекітуге бір Алланың риздығы үшін деп аузымды бекіттім. Жаратушыдан байлық сұрадым. Иман Валерия Порохова арабшадан аударған Құранды таңғы 5-ке таман оқи бастадым. Біраздан кейін демалуға жаттым. Бүін күні бойы демалып, теледидар көрдім, ұйықтадым. Түске таман Тілеуберді Құлиев телефон шалды, кітапқа айтатын сыным бар дейді. Ертең 11-ден аса баратын болдым. Кешке, ымырт жабылғанда өзім білетін Құран сүрелерінен аяттар оқып аузымды бекіттім. Біраз ғана бал мен лимон қосылған қайнаған салқын су мен «Таң» сусынын іштім.
14 қыркүйек жұма 2007 жыл, ашығуымның он екінші тәулігі
Таңертең 5-тен аса тұрып, өзім білетін Құран сүрелерінен аяттар оқып аузымды біраз ғана бал мен лимон қосылған қайнаған салқын су мен «Таң» сусынын ішіп ауыз бекіттім. Таң атқанша Құран кітабын оқыдым. Түнде керемет тамаша ұйықтадым! Көңіл күйім сергек, көңілім көтеріңкі.
Сағат 8-ге таман ішім өтті, тағы да таусылмайтын қап-қара қоқыстар шықты, адамның ішіне осыншама қоқыс болуы мүмкін деп басқа біреу айтса сенбес едім, өзімнің басымнан өтіп, күнделікті көріп отырғаннан кейін жағамды ұстауға мәжбүрмін. Түстен кейін Әсел мен Серіктің үйіне бардым, кешке монша жағып түстім.
15 қыркүйек сенбі 2007 жыл, ашығуымның он үшінші тәулігі
Таңертең тұрғаннан кейін, түске дейін қайта моншаға сібірткімен ұрғыланып түстім, ағыл-тегіл терледім. Түстен кейін Рафик екеуміз «Алтын орда» базарынын 11 мыңға еркек қара тоқты сатып алып ордаға апарып құрбандық сойдық. Біраз дастархан мәзірін алдым, шелпек пен бауырсақты Сәуле үйінен кешке пісіріп алып келді. Сәуле Серік күйеу баласы екеуі кешке келді. Сағат 19-дан аса ауыз аштық. Аида (Ақгүл) де құрбандық шалып үйден тамағын дайындап алып келіпті, оныкін ауыз ашарда жеді. Батадан кейін Менің құрбандығымды жеді, үйге біраз ала қайттық. Мен Сәулелердікіне қонуға бардым. Көңіл күйім көтеріңкі, өзімді жеңіл сезінемін.
16 қыркүйек жексенбі 2007 жыл, ашығуымның он төртінші тәулігі
(құрғақ ашығу)
Таңертең 7-де тұрып Аталар жолының «Асан ата» ордасына бардым, сағат 9-да жеттім. Бүгін 5 атаның басына барып бата алатын күн. Бұлар Сарыбай ата, Қайназар ата, Сүйінбай ата, Жамбыл ата, Түктібай аталар. Сағат 11-ге таман шықтық. Маған Сарыбай ата намазға жығылып намаз оқып, 19 күннің ішінде Арыстанбаптың басына барып кешірім сұрап «Ақ ұлдың» алдына келіп жүрегіңе мөрді қайта басқызу керек деп айтты. 7 айдан кейін сырты сары «Ата жолы» туралы кітап жазасың деді.
Осы 5 атаның басында Қамбар, Қайрат, Серік, Илья, Баян, Үміт, Баянның әке-шешесі, бизнесмен ағасы т.б. жүр екен. Баянның шешесі «аққу» Лариса орысша аталардың батасын беріп жүр екен. Кешке таман мен де осы топқа қосылдым, алдында Түктібай атаның мазарының қасында өн бойымдағы қаралық пен тіл-көз кету үшін жерге 3 қабат әрлі-берлі аунан алғанмын. Ларисаның орысша береген батасында Түктібай атаның маған айтқаны: Мен ерекше өкілеттілік алып туған адам екенмін, бірақта 3 жасымда қаралық бар жерді басып кетіппін, содан өмір бойы сергелдеңде екенмін. Маған жүрегің көсемдердікі, артыңнан мыңдаған адамдарды ертіп, сөзіңмен ұйытып жүретін көсем боласың дедеі. Мына 40 күндік аштықты да тегін ұстап жүрген емес сияқтымын, жоғары әлем менің толықтай тазаланғанымды қалайтын тәрізді. Сондай-ақ намазға жығылып күнделікті Алладан тілек тілесем керемет өзгерістер болады деді.
Кешке Ильямен «Алтын ордаға» жетіп алдым. Онан кешкі 20-да үйге келіп Құран аяттарынан өзім білетін сүрелерді оқып. аузымды бал мен лимон қосылған ыстық сумен және шұбатпен аштым.
Кешке қарай өзімнің шаршағанымды сездім, аталар бата берген кезде отырған орнымнан тұрғанда басым айланып құлап кете жаздап тұрып жүрдім, бірақта осы әлсіздігімді жан баласына сездірген жоқпын. Түнде жақсы ұйықтадым, жата салысымен қатып қаппын.
17 қыркүйек дүйсенбі 2007 жыл, ашығуымның он бесінші тәулігі
Таңертең тұрып душқа түсіп жуынып алдым. Сағат 10-ға таман Жомарт келіпті, пропискаға отырамын деп. Бірақ осылай істесе қолма-қол әскерге алып кетеді екен, сол себепті керегі жоқ деген ұйғарымға келдік.
Аузымды бал, лимон қосылған сумен және «Таң» сусынымен аштым, ішім өтіп , 2 қабат үлкен дәретке отырдым. Ішімнен тек сұйық қана шығуда. 12-ге таман жаргілікті дәрігерге барып тексерілдім, Екі қолымның да қан қысымы 110/90 екен өте тамаша! Салмағым 98,4 кг болды. Жарты айдың ішінде 5-ақ кг салмақ жоғалттым. Өзімді жақсы сезінемін, бірақта шаршаңқырап тұрмын. Бүгін күндіз бал, лимон ыстық сумен, «таңды» шөлім қанғанша ішудемін. Күні бойы үйден шыққан жоқпын, демалдым.
18 қыркүйек сейсенбі 2007 жыл, ашығуымның он алтыншы тәулігі
(құрғақ ашығу)
Таңертең жоғары, көтеріңкі көңіл күймен ояндым. Өзімді жақсы сезінемін. Түс кезінде Рзабек Өтебаевтің офисіне барып өзімен жолықтым. Тілеуберді Құлиевті шақыртып алдым. Жазып жатқан «Табысқа жетудің құпиясы» атты кітабымды талқыладық. Рзабек: «Кітапты баспадан шығаруды, сатуды өз мойныма аламын» – деді. Мен аванс ретінде 3000 доллар сұрадым. Жауабын 20. 09. күні берейін деді.
Кешке таман Сәуле Бекболатованың офисіне келдім, осы жерде ветеринария ғылымдарының кандидаты, дәрісіз шипагер 71 жастағы Сейткер Медеубаев «Сейтбаба» деген азаматпен таныстым. Ол кісі жылжымайтын мүлікпен жұмыс істейді екен. Тел: 8777 247 51 79 Осы адамның Қапшағайда 42 га жері бар екен, осы жерді 0,08 га 400 жанұяға тегін бөліп берсем дейді. Осылай істегенде осы 400 жанұя түгелдей тұтынушы болып, өзі осы адамдарды сумен, жарықпен т.б. қамтамасыз етіп күнделікті түсіп жататын табыстың көзін таппақшы. Өте керемет идея!
Ақылға қонбайтын қалыптан қорықпа!
Есіңде болсын –
Ақылға қонбайтын қалыпты,
Кей кезде данышпандық дейді. Әсет Мұқашбектегі
Маған осы жерді бөлетін, инфроқұрылым жоспарын жасауды жасайтын орындаушы директор бол деп қолқа салды. Ойланатын шаруа.
19 қыркүйек сәрсенбі 2007 жыл, ашығуымның он жетінші тәулігі
Таңертең сағат 5 болмай оянып, өзім білетін Құран сүрелерінен аяттар оқып: аузымды бал, лимон қосылған қайнаған ыстық сумен және қымызбен бекіттім. Көңіл күйім көтеріңкі, жұмысқа шабыттанып кірісудемін.
Бүгін Болат деген бақсымен танысып үйіне еріп барып массаж алдым. Жақсы жасайды екен, кешке керемет шаршағанымды сездім,
20 қыркүйек бейсенбі 2007 жыл, ашығуымның он сегізінші тәулігі
Көңіл күйім тамаша, күндіз қайнаған суға бал, лимон қосып ішіп, соңынан 2 бөтелке «таң» іштім. Ішім өтті, талай нәрсе шықты. Өзіме денемнен сасық иіс бөлінгендей болады.
Кешкі сағат 20-дан аса Рахпар келді. Бүгін мектеп директорына бардым, Аня нолевой классқа баратын болды. Оның есіл дерті мектепке барып оқушы болу.
21 қыркүйек жұма 2007 жыл, ашығуымның он тоғызыншы тәулігі
(құрғақ ашығу)
Кеше түнгі 3-ке дейін отырып жазу жаздым. Таңертең 6-30-да тұрдым. Көңіл күйім жаман емес, талай тыңайып қалыппын. Қазір Рахпар екеуміз Республика сарайында өтетін «Тяньши» кампаниясының жиынына кетіп барамыз. Мен кітаптарымды сатамын. Оқырмандар осындай жиындарға келетін сияқты. Рахпар екеуміз кітаптарымды саттық, жақсы алды. Мені автор ретінде тани бастаған сияқты. Кешке шаршаған жоқпын, үйге қалған кітаптарды арқалап тың келдім. Сатыдан түсіп шққанда лыпылдап тұрмын, өзіме ерекше бір қуаттың құйылып жатқанын сезінудемін. Күні бойы су ішкен жоқпын, бірақ онша шөлдемедім.
Кітаптың ақшасына диктофон алдым. Принтердің қағазын да алдым.
Кешкі 10-нан аса ыстық суға бал, лимон қосып іштім де, артынан 1 құмыра «таң» ішіп алдым.
22 қыркүйек сенбі 2007 жыл, ашығуымның жиырмасыншы тәулігі
Сағат таңғы 6-да тұрдым. Көңіл күйім керемет! Өзімді өте жақсы сезінемін. Еш жерім ауырмайды, жүрісім жеп-жеңіл.
Рахпар екеуміз № 95 автобуспен Жандосов пен Береговая көшесінің қиылысында орналасқан «Нархоз» университетінің залына бардық. «Тяньши» компаниясының жиыны болды. Кітаптарымды саттық, жұрт жақсы қабылдап, жақсы сатып алуда. Түстен кейін үйге қайттым. «Алтын ордадан» бір қорап (8 литр, 8 құмыра) «таң» сусынын сатып алдым. Үйге келіп ыстық суға бал, лимон қосып ішіп, артынан 2 литр «таң» сусынын іштім. Біраздан кейін ішім сұп-сұйық болып өтті.
23 қыркүйек жексенбі 2007 жыл, ашығуымның жиырма бірінші тәулігі
(құрғақ ашығу – экадаш)
Сағат 6-да тұрдым. Жақсы ұйықтадым, көңіл күйім өте жақсы.
Бүгін Рахпар екеуміз «Балуан шолақ» спорт кешеніне «Тяньши» компаниясының жиынына барамыз. Мен бұйырса тағы да кітаптарымды сатамын. Кітаптарды саттық, жаман емес. Кешке Әсел мен Серіктің үйіне барып моншаға түстік.
24 қыркүйек дүйсенбі 2007 жыл, ашығуымның жиырма екінші тәулігі
Жақсы ұйықтадым. Көңіл күйім тамаша. Сәуле Рахпады жақсы күтті, тіпті Рахпар тамақты көп жеп уланып қалыпты. Оның үстіне моншаны ыстық қылып жаққан екен соның да әсері бар шығар. Офиске келіп Сүгірәлә мен Гүлайнадан ақпарат алдып, диктофонға жазып алдым. Кешке қарай ыстық суға бал, лимон қосып іштім. Ішім өтті, тек қана су шығуда. Ішек-қарным толықтай тазаланған шығар деп ойлаймын.
25 қыркүйек сейсенбі 2007 жыл, ашығуымның жиырма үшінші тәулігі
Таңертең 6-да тұрып кітап жазуға кірістім. Көңіл күйім көтеріңкі.
Орталық мешітке барып пітір-садақа бердім. Сонан кейін «Саяхат» автобекетінің алдында бір қазақ кемпіріне құмалақ аштырдым. Ылғи 7ден түсті, мұндай құмалақты өздері «Құдайы құмалақ» дейді екен. Айтқандарының бәрі дұрыс, бәрі жақсы болады деді. Қайтарда «Алтын ордаға» соғып Сәуле Бекболатоваға Жұмабектен алған ақшаның 40000 теңгесін бердім, алдында 25000 теңгесін бергенмін. Қалғаны 45000 теңге. Үйге келіп ыстық суға бал, лимон қосып іштім. Артынан «Таң» сусынын.
26 қыркүйек сәрсенбі 2007 жыл, ашығуымның жиырма төртінші тәулігі (құрғақ ашығу)
Таңғы сағат 5-те тұрып Аллаға ниет етіп, өзім білетін Құран аяттарының сүрелерін оқып аузымды жаптым. Көңіл күйім жаман емес, еш жерім ауырмайды, шаршау деген жоққа тән. Кеше ерте жатқанмын, жақсы тынығып қалыппын.
Таңертең Аняны ертіп ауылдағы емханадағы Светаға барып, анализдерін жаздырып алдық, себебі Аннушканың есіл дерті мектепке барып оқушы болып оқу. Түстен кейін Гүлшара Смағұлқызының офисіне бардым, Ақжарқын Амангелдіқызы да келді. Екеуі де қазіргі жазып болып қалған «Табысқа жетудің кілті» атты кітаптың қосалқы авторлары. Кітапқа демеуші ретінде 1000 доллардан береміз дейді. Суреттерін, өмірбаяндарын алдым.
27 ыркүйек бейсенбі 2007 жыл, ашығуымның жиырма бесінші тәулігі (құрғақ ашығу)
Таңертең ерте тұрып Құран аяттарынан сүрелер оқып Алладан тілек тіледім. Көңіл күйім тамаша, аузыма нәр салмай су ішпегелі 2-ші тәулікке кетіп барады. Таңертең 8-30-да Аннушканы Айнұр екеуміз мектепке 0 классқа алып бардық. Мұғалімімен таныстық. Сағат 12-де Гүлшара Смағұлқызына барып 120000 теңге алдым. Сонан кейін «Табысқа жетудің кілті» атты кітабымыздың редакторы Тілеуберді Құлиев екеуміз «Алейрон» баспасына барып 110000 теңге өткіздік, екі квитанциямен. Біреуі 40000 екіншісі 70000 мыңға. Бүгін үйдің терезелерін Айнұр мен Арсений түгелдей пластикаға ауыстырыпты. Бүгінгі күнді өзім жақсы ырымдадым. Енді Жаратушы тілегімді толық қабылдап: молшылыққа белшемнен батып, биіктің-биігіне қарай самғап ұша беретін шығармын.
28 қыркүйек бейсенбі 2007 жыл, ашығуымның жиырма алтыншы тәулігі
Таңертең 6-дан аса тұрдым, душқа түскеннен кейін өзім білетін Құран сүрелерінен аяттар оқып, ыстық суға бал мен лимон қосып, артынан 1 құмыра «Таң» сусынын іштім. Көңіл күйім керемет, өзімді сергек сезінемін. Бірер сағаттан кейін ішім өтті, тағы да қап-қара қоқыстар шықты, бірақ өзім осы қоқыстар шыққан сайын жеңілдей беретінімді сеземін. Күні бойы кітап жаздым.
29 қыркүйек бейсенбі 2007 жыл, ашығуымның жиырма жетінші тәулігі
Таңертең 5-тен аса тұрдым. Ыстық суға бал мен лимон қосып артынан 1 құмыра «Таң» сусынын іштім. Көңіл күйім көтеріңкі. Ішім өтті, ылғи су.Күні бойы отырып ОРР-ді аударып, кітапқа жазып біттім. Кешке Үміт телефон шалып ертең кешкі 6-да үйлеріне шілдеханаға шақырды. Баян келін босанған, атын Жәмилә деп қойыпты.
30 қыркүйек бейсенбі 2007 жыл, ашығуымның жиырма сегізінші тәулігі
Кеше кеш жатқаннан бүгін жайырақ тұрдым, сағат 7-ге таман. Түнде жақсы түс көрдім: Көк майсалы таудың баурайы екен, таудың шуын, шөптің сыдырын, құстардың тамылжытып ән салғанын бәрін-бәрін естіп тұрмын. Бір кезде Науалыда өмір бойы тракторист болған Құдайберген Алдонғанов келіп қуанышы қойнына симай қос қолдап амандасады. Бір уақытта көк жап-жаңа тракторын айдап әкеліп таудың баурайына әкеп қойып кетеді екен. Трактор сол жерде тұрады.
Жоруы: Түсіңде трактор көрсең – өзіңді алдыға жылжытпай құрсаулап ұстап тұрған шырғалаңың толығымен өз шешімін табады.
Күні бойы кітап жаздым, Қамбардікіне ауызашарға барған жоқпыз.
Ыстық суға бал мен лимон қосып іштім. Біраздан кейін ішім өтті. Цинкті қайта қабылдап жүрмін.
1 Қазан дүйсенбі 2007 жыл, ашығуымның жиырма тоғызыншы тәулігі
Таңғы 6-да тұрдым, көңіл күйім өте жақсы. Кітап жазуға отырдым. Жұмысты шабыттанып істеудемін. Түстен кейін Тілеуберді Құлиев келді, ол осы кітаптың редакторы. Екеуміз кітапты біраз қарап шықтық, кейбір ескертпелерді түзедік. Кітап жалпы дайын болып қалды. Тілеуберді бейсенбіге дейін түгел тағы бір қарап шығып үйге келетін болды, сонан соң баспаға береміз.
Бүгін Аннушка алғашқы сабағын өзі орындап қуанышы қойнына симай бөсіп жүр. Оның қуанғанына біз де түгел қуанып жатырмыз.
2 Қазан сейсенбі 2007 жыл, ашығуымның отызыншы тәулігі
Таңертең 6-да тұрып ыстық суға бал мен лимон қосып іштім. Ішпестен бұрын өзім білетін Құран сүрелерінен аяттар оқып ата-баба аруақтарына бағыштадым. Алладан тілек тіледім.
Рахпар бүгін Аягөзге жүрмекші, «Тяньши» компаниясының жұмысымен. Ғалия артынан өнімдерді алып баратын сияқты. Кітаптың жалпы нобайын жазып бітірдім, сонан кейін түнгі 12-ге дейін теледидер көріп демалдым. Кітап өзіме ұнады. Кітаптың аты: «Табысқа жетудің кілті».
3 Қазан сәрсенбі 2007 жыл, ашығуымның отыз бірінші тәулігі
Таңертең кешіректеу сағат 7-де тұрдым, бірден кітапқа қосатынды қосып, алатынды алып дегендей түзетуге кірістім. Көңіл күйім көтеріңкі. Күні бойы кітапқа түзетулер енгіздім.
Таңертең Аннушка сабақтан ұйықтап қалып қалыпты. Ойатып алып бардым. Мұғаліміне өзім жазған «Жасару құпиясы», «Аштықты ұстау – денсаулықтың кепілі», «Рух пен тәннің саулығы», «Жүйке жүйесінің тылсымдары», «Ақыл есті билеп алған жоқшылық пен кедейшіліктен қалай құтылуға болады?» деген кітаптарымды силадым. Сондай-ақ, осы кітаптарды мектеп кітапханасына да сиға тарттым. Тәтті жемістерді: жүзім ағы, қарасы, 3 лимон, 3 апельсинді біраз ғана бал қосып ыстық суға езіп, осының шырынын іштім. Артынан кардицепс (Тяньши өнімі) қабылдап, кешке 1 литр «Таң» ішіп ішімді тазаладым.
4 Қазан бейсенбі 2007 жыл, ашығуымның отыз екінші тәулігі
Таңертең 5-те тұрдым. Өзім білетін Құран сүрелерінен аяттар оқып Алладан тілек тіледім. Сонан соң, антилипидті шәйдің 4 данасын 2 күрешкеге бөліп шығарып іштім. Осы шәймен бірге цинк қабылдадым. Көңіл күйім керемет, өзімді жеп-жеңіл сезінемін. Бүгін кітапты толықтай бітірдім айта аламын. Кітаптың аты: «Табысқа жетудің кілті». Түстен кейін теледидер көріп демалдым. «Тяньши» өнімдерінің әсері ме білмеймін, өзіме ерекше қуаттың құйылғанын сеземін, әсіресе бел қуатының.
5 қазан жұма 2007 жыл, ашығуымның отыз үшінші тәулігі
Таңертең ерте тұрып өзім білетін Құран сүрелерінен аяттар оқып, ата-бабаларымыздың аруақтарына бағыштадым. Көңіл күйім керемет, өзімді жеп-жеңіл сезінемін. Цинкті молдау қылып қабылдадым. Антилипидтік шәйдан 4 тостаған, «Таң» сусынынын 1,5 литр іштім. Ішім өтті, бірақ бұрынғыдай қап-қара қоқыстар шыққан жоқ, тек қана су сияқты сарылдап шығады. Бөтен иіс жоқ. Неғұрлым тазалана берсең, үлкен дәретіңнен иіс мүлдем шықпайды.
Бүгін Рахпар 55-ке толды. Зымырап жатқан уақыт.
Түске таман Тілеуберді Құлиұлы келді, екеуміз жазылған кітапты талқыладық, Тілеуберді көптеген бағалы ойлар мен ұсыныстар айтты. Кітап барысы өзгерейін деп тұр.
6 қазан сенбі 2007 жыл, ашығуымның отыз төртінші тәулігі
Түнде теледидер бағдарламасын көріп, сонан соң біразға дейін ұйықтай алмадым. Күнделікті ерте, сағат 22 болмай жатқан кезде бірден ұйықтап қалатынмын. Қалыптасқан әдетті бұзсаң әсерін қолма-қол аласың. Кешегі ішкен цинктікі ме, өзімді керемет қуатты сезінемін, әсіресе бел қуатым артты.
Түсте Тяньши» компаниясының «Күміс арыстыны» халықаралық дәрежедегі лектор, компания тарапынан автокөлікпен, яхтамен және ұшақпен марапатталған – белгілі кәсіпкер Әйкеш Захарияқызы Шәукеноваға барып жолықтым. Осы қарындасымыз жазылып жатқан кітаптың редакторы болуға келісімін берді. Кешке дейін кең отырып әңгімелестік, ортақ тіл таптық. Өзінің тарихын үнтаспаға жазып алдым. Кітаптың жұмыс нұсқасын, дискті кеңірек танысу үшін өзіне беріп кеттім. Сол жерде бір қарындасымыздың туған күніне қатыстым.
Кешке үйге келіп 2 литр «Таң» сусынын және антилипидті шәй іштім. Біраздан кейін ішім суша өтті, судың өзі қап-қара.
7 Қазан жексенбі 2007 жыл, ашығуымның отыз бесінші тәулігі
Таңғы 3 болмай тұрып, өзім білетін Құран сүрелерінен аяттар оқып Аллладан тілек тіледім. Антилипидті шәй ішіп артынан 1 құмыра «Таң» сусынын ішіп кадицепс қабылдадым. Көңіл күйім керемет көтеріңкі. Жұмысқа деген ерекше шабытым бар.
Кешкі 22-ге дейін тапжылмай отырып кітап жаздым. Кешке бал мен лимон қосылған ыстық су мен «таң» іштім. Ішім өткен жоқ. Кардицепс қабылдадым, сонан кейін бе білмеймін, ерекше қуат пайда болуда.
Тараздағы Рзабектің қайынбикесімен кітап жөнінен пікіп алыстым, 100 кітапты бірден сатып аламын дейді.
8 қазан дүйсенбі 2007 жыл, ашығуымның отыз алтыншы тәулігі
Таңғы 5-те тұрып ата-бабаларыма бағыштап құран оқыдым. Көңіл күйім өте жақсы. Жұмысқа деген құштарлығым ерекше.
Қалаға барып катрижге сия құйғыздым. Әйкештің, Гүлшараның, Сәуленің офистеріне кітаптарымды сатуға апарып бердім. Түстен кейін үйге келіп ыстық суға бал, лимон қосып іштім. «Таң» сусынын соңынан.
9 қазан сейсенбі 2007 жыл, ашығуымның отыз жетінші тәулігі
(Бүгін Құран түскен қадыр түні)
Бүгін түн қасиетті Құран түскен қадір түні.
Түнде 2-ге таяу тұрып, Құран сүрелерінен аяттар оқып Алладан тілек тілеп, кітап жазу жұмысыма кірісіп кеттім. Көңіл күйім ерекше көтеріңкі.
Антилипидті шәй мен «таң» сусынын іштім. Күндізгі сағат 2-ге дейін үзіліссіз 12 сағат жұмыс істедім. Түстен кейін сағат 17-де ұйықтауға жаттым. Кардицепс қабылдадым.
Бүгін Айнұр мен Аня Елене Феодисеевна әжейдің үйіне кетті, ол кісі 91 жасқа толыпты. Әлі ойы тұнық. Ол кісі біздің құдамыз Арсенийдің әкесі Михаил Михаилұлының анасы, өте ақылды, білімді, жүрегі имандылыққа толы адам. Бұл кісілер орыс ақ сүйектерінің тұқымы.
10 қазан сәрсенбі 2007 жыл, ашығуымның отыз сегізінші тәулігі
Таңғы 5-ке таяу тұрып, Құран сүрелерінен аяттар оқып Алладан тілек тілеп, кітап жазу жұмысыма кірісіп кеттім. Жұмысты ерекше бір шабытпен істеудемін. Антилипидті шәй мен цинк іштім.
Түске таман жергілікті дәрігерге барып салмағымды өлшесем 90 кг, ашығуды бастағаннан бері 15 кг салмақ жоғалттым. Өзім де жеп-жеңілмін, бірақта оң қолымның қан қысымы 140/20, сол қолымдікі 150/30 болды жоғары. Таңертең цинкті көп мөлшерде қабылдағанмын, мүмкін цинктің әсері. Өзімді керемет тамаша сезінемін. Ұйықтауға сағат 21-де жаттым.
11 қазан бейсенбі 2007 жыл, ашығуымның отыз тоғызыншы тәулігі
Түнгі 2-ке таяу тұрып, Құран сүрелерінен аяттар оқып Алладан тілек тілеп, кітап жазу жұмысыма кірісіп кеттім. Жұмысты ерекше бір шабытпен істеудемін. Антилипидті шәй мен кардицепс іштім.
Күндіз қалаға «книготорг»-қа барып өткізген кітаптарыма 328000 теңге ақша түсіпті соны алдым. Сол жерге Досым Омаров келді. Ол менің «Рух пен тәннің саулығы» атты кітабымнан 50 дана сұрады. Өзінің кітаптарымен айырбастайық дейді. Тегі менің кітаптарыма сұраныс бар. Жаңадан жазып ыңғайлап қалған «Ақымақтықтан, аурудан, кедейшіліктен құтылудың басты бағдармалары» атты кітабыма қосымша сөйлейтін Жамаш Әлімқызы Төлебаеваға, Гүлшара Смағұлқызы Әбілдаеваға және Талқа Құсайынұлы Көжебаевтарға өздерінің сөздері жазылған тарауларын қарап шығу үшін апарып бердім. Талқа Құсайынұлынікін Тілеубердіге беріп кеттім.
Түстен кейін «Алтын орда» базарынан көкөністер алдым, ертең ауыз ашамын. Түнде ерте тұрғандікінен ұйқым келіп кешкі 18-де жатып қалдым.
12 қазан жұма, 2007 жыл ашығуымның соңғы 40-шы күні
Түнгі 3-те тұрдым, душқа түсіп алғаннан кейін, ауыз ашатын көкөністерімді дайындап Аллаға ниет айтып аузымды аштым. Ауыз ашу үшін: 6 қызанақты (памидор) ыстық суға матырып қайта алып шықтым, себебі қабығы тез сыдырылады. Айнұр түнде көкорам (капуста), қияр, қызанақ, сәбіз, пияз, у сарымсақ, редькаларды қосып салат жасап қойған. Аузымды алдымен 1 құрмамен ашып, артынан қызанақ жедім, соңынан салатты жеудемін. Салатқа қосымша – жүзім (кишмиш), қызанақ, қияр, құрма, банан,
Күні бойы салат жеп, көкөністен дайындалған сұйық көже ішудемін. Үлкен дәретке де үйрек сияқты жиі барамын, себебі жеген салаттарым, жүзім, банан, құрма, қияр, қызанақтар біраздан кейін ішектің ішіндегі қалған уларды сыпырып далаға шығарып тастайды. Үлкен дәретте ешқандай иіс жоқ. Тілім қып-қызыл болып тазарып кетті. Үлкен дәретпен шыққан қоқыстар ішегі қалған уларды сыпыртқы сияқты сыпырып далаға шығарып жатқанын бар болмысыммен сезінудемін.
Күні бойы тапжылмай отырып кітап жазудамын, аяқтап қалған сияқтымын.
40 тәуліктік ашығудың кереметі: осы аралықта мөлшері 230-250 беттік «Ақымақтықтан, аурудан, кедейшіліктен құтылудың басты бағдарламалары» атты кітап жаздым, бұл да ашығудың адам баласына берген кереметінің бірі екенініе мүлтіксіз сенемін. Өзімді осындай дұрыс жолға бастап жүрген Жаратушыға күніне бірнеше мәрте: Осы бергеніңіе шексіз тәубе, мың да бір шүкір!» – деп алғысымда білдіріп жүремін.