Бөлім. Қыпшақ тілдік тобына жататын түркі тілдері лексикасының зерттелуі.

Кіріспе

Жұмыс тақырыбының ғылыми теориялық және практикалық маңызы, оның өзектілігі.Қазіргі таңда әрбір халықтың өзін-өзі тануға деген құлшынысы айырықша. Осыған қатысты түркі халықтары да өзінің өткенін, бүгінгісін қайта саралап, тілін, дінін қайта жаңғыртып, рухани қазынасын, тарихын, халықтық төлтума болмысын қалпына келтіруге ұмтылуда.

Осы кезге дейін дыбыстық, грамматикалық тұрғыдан сөз болып жүрген жақын туыстас тілдердің фразеологиялық параллельдерін осылайша салыстыра отырып зерттеу қазақ тіл біліміндегі тарихи лекикология, тарихи фразеология салаларын тың деректермен толықтыра түседі, сол арқылы тіл білімінің тарихи фразеология саласын теориялық тұжырымдармен байытып, оның келешек бағыты мен бағдарын айқындауға мол мүмкіндік береді.

Ғылыми зерттеуде қол жеткізілген нәтижелер жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде «Түркітануға кіріспе», «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы», «Тарихи грамматика», «Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы», пәндері бойынша дәріс оқуда көмекші құрал бола алады. Сондай-ақ зерттеу барысында жинақталған фразеологизмдерінің мол қоры түркі тілдерінің сөздіктерін жасауда пайдаланылуы мүмкін.

Бір кездерде біртұтас географиялық кеңістікті сан ғасырлар бойы көшпелі өмір салтына негізделген бір ғана мәдениеттің өкілдері болып саналатын түркі халықтарының дүниетанымы да уақыт көшімен бірге өркендеп, өсіп түрлі салалық, сапалық өзгерістерге ұшырасады. Жалпы бір негізден тараған тілдердің өзі түрлі ішкі, сыртқы факторларға байланысты негізгі тілдің белгілерін бірдей дәрежеде сақтай алмауы лингво-эволюцияның заңдылығы екендігін ескере отырып, түркі лексикасының бүгінгі тарихи-танымдық сипатын жіті саралау қажеттігі туындайды. Себебі, қазіргі қыпшақ тобына енетін тілдердің бір бөлігінің негізінде оғыздық сипаты бар көне бұлғар тілінің жатуы, қыпшақтану процесінен кейін де басқа туыстас тілдермен қатынаста болуы, олардың лексикалық қорындағы, грамматикалық құрылымындағы қыпшақтық қабаттың өзгерістерге түсуіне алып келді. Ол өзгерістердің қыр-сырын танытатын құнды дереккөздер халық тілінде халықтың тарихымен бірге екшелген сөз тарихи даму ерекшеліктерін өз бойында сақтап отырған осындай сөз маржандарын семантикалық, құрылымдық, танымдық жағынан салыстыра зерттеу түркі дүниетанымындағы, мәдениеті мен болмысындағы, рухани әлеміндегі, тіліндегі түрлі өзгерулердің табиғатын зерделеуге мол мүмкіндіктер ашып беретіндігі жұмыстың өзектілігін танытады.

Ғылыми еңбектерде лексиканың көне қабаттарынан келе жатқан сөздердің фразеологизмдерге қатысудағы мүмкіндігі кең екендігі орынды айтылып жүр. Алайда, түркі тілдерінің жүйесінде лексикалық қабаттарының фразеологизмдерге қатысу мүмкіндігі салыстырмалы тұрғыдан арнайы сөз болған емес. Демек, зерттеудің лексикасының көне қабаты болып табылатын соматизмдердің, зоонимдердің, нумеративтердің, түр-түс атаулары тірек болған фразеологиялық параллельдерді салыстырмалы тұрғыдан сөз етуі де дипломдық жұмыстың өзектілігін танытады.

Сонымен қатар, қыпшақ тілдік тобына тән фразеологиялық параллельдерді зерттеу түркі тілдерінің тамырластығын ғана танытып қоймайды, жалпы түркі халқының менталдық ерекшелігі мен түркілік таным ортақтығының тарихи сабақтастығын терең тануға мүмкіндік береді.

Қыпшақ тілдік тобына тән фразеологиялық параллельдерді зерттеу - түркі халықтарының ұлттық, мәдени, санасын барынша терең таныта отырып, жалпы түркілік менталитет ортақтығын сақтауға, сол арқылы бүгінгі түркі халықтарының тарихи, рухани бірлігін арттыруға да септігін тигізері сөзсіз.

Жұмыстың мақcаты мен міндеттері.Қыпшақ тобына енетін бірінші қазақ, қарақалпақ,ноғай, екінші татар мен башқұрт, үшінші құмық, қарашай-балқар мен қырымтатарларының өзара фразеологиялық параллельдерін анықтап талдау арқылы қыпшақ тілдік тобына тән фразеологиялық параллельдерді анықтау.

Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттері шешу көзделеді:

- Қыпшақ тобы тілдерінің лексикасыны, фразеология саласындағы ғылыми-теориялық тұжырымдардың, зерттеулердің бүгінгі жағдайын, фразеологиялық сөздіктердің сипатын бағамдау;

- Түркі фразеологизмдерінің лексикасын компонентті талдау арқылы олардың құрылымындағы семалық ерекшеліктеріне талдау жүргізу;

- Түркі фразеологиясындағы өзге тілдермен қарым-қатынас салдарынан пайда болған тіларалық элементтердің, калька фразеологизмдердің табиғатын саралау;

- Қыпшақ тобы тілдеріндегі фразеологизмдердің біртектес тірек компоненттері негізінде соматикалық, зоонимдік, нумеративтік, түр-түстік түрлерін құрылымдық семанткалық тұрғыдан талдау:

- Қазіргі қыпшақ тобы фразеологизмдерін семантикалық топтарына қарай саралау арқылы, қыпшақ тілдік тобына тән фразеологиялық параллельдерді анықтау.

Жұмыстың мақұлдануы.Диплом жұмысы тақырыбы бойынша Еуразия Гуманитарлық институтында 2014 жылғы 17-18 сәуірде өткен «Ғылым және жаңа ұрпақ» атты ЖОО студенттері мен магистранттарының ХVІ ғылыми конференциясында баяндама жасалып, жинақта мақала ретінде жарияланды. [68]

Жұмыстың әдіснамасы.Зерттеудің ерекшелігіне сәйкес туыстас тілдердің фразеологизмдерін кеңірек таныстыру мақсатында сипаттамалы әдіске кең жол берілді. Сонымен қатар, ғылыми талдаудың тарихи - этимологиялық, этнолингвистикалық, танымдық, компонеттік, құрылымдық, лексика-семантикалық анализдеу, синтездеу, статистика, салыстырмалы әдістер де қолданылды.

Жұмыстың зерттеу деңгейі мен теориялық негіздері.Түркі тілдерінде ортақ семантика, лексикалық және синтаксистік құрамы бірдей фразеологизмдер кездеседі. Бұл көне замандардағы түркі халықтарының тарихи және тілдік ортақтықтарының қолтаңбасы болып табылады. Қазіргі кездерде түркі тілдерінде лексикалық параллельдерді зерттеу мәселесі едәуір нәтижелерге қол жеткізді. Х. И. Суюнчев «Карачаево-балқарские и монгольские лексические параллели», В.И. Рассадин «О характере монгольско-казахских лексических параллелей», Альберт Катчиев «Некоторые осетино-тюркские лексические параллели (по материалам ИЭСОЯ)», Н. М. Будаев «Лексические параллели японского и карачаево-балкарского языков» т.б. Ал фразеологиялық параллельдер жайында З. Г. Ураксин «фразеологические параллели в башкирском и монгольских языках», С. А. Турдакунова «Фразеологические параллели в немецком и кыргызском языках», Қ. А. Мамаділ «Кейбір түркі тілдеріндегі фразеологиялық паралельдер туралы» бірқатар еңбектерде, мақалаларда қарастырылған.

Жұмыстың құрылымы.Кіріспеден, 2 – бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Бөлім. Қыпшақ тілдік тобына жататын түркі тілдері лексикасының зерттелуі.

Наши рекомендации