Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы ономастикалық атаулар
Азақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті
Баяндама
Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы ономастикалық атаулар
Орындаған: Есенгелді А.Ж.
Баделова Р.М.
Тобы:02301
Ғылыми жетекші: Тұрғанәлиева Г.Г.
Орал 2016 ж.
«Тіл саясатының жүргізілуі Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің нығаюы тұсында ең өзекті проблемалардың бірі болып табылады. Төрткүл дүниеге танылып, өзін біріне мойындатып, біріне сенім артып, әлемнің озық елдерімен тең дәрежеде иықтасып, жиырма бірінші ғасырға батыл қадам басқан еліміз үшін өз мемлекеттік тілінің мерейін таныту да – аса маңызды міндет. Тіл – өркениетті қоғам құруға ұмтылған ұлттың ұлы мақсаттарының мәйегі. Сол себепті де ел-жер байлығын мемлекет үшін игеруді сол елдің рухани күшті өрлеуінсіз елестету мүмкін еместігін ұғу қажет. Осы ретте Қазақстан Республикасындағы ономастика, топонимика саласында жүргізіліп отырған тілдік саясат мемлекеттікті нығайу, мемлекеттік сәйкестікті қалыптастыру сияқты міндеттерді жүзеге асырудағы басымдықтардың біріне айналып отыр. Өйткені ұлттық ономастика рухани байлығымыздың, этникалық мәдениетіміздің ежелден келе жатқан құрамдас бөлігі. Есімдер мен атаулар – әр дәуірдің ескерткіші ретінде халық тарихынан, ұғым-нанымынан дерек беретін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын құнды шежіре, ұлттық ерекшелігімізді әйгілей түсетін тарихи зердеміздің айнасы.» [1,6;7]
Енді ономастика ұғымының анақтамасын беріп өтейік:
Ономастика – тіл білімінің жалқы есімдерді, олардың пайда болуы мен өзгеруінің тарихын зерттейтін бөлімі. Грек тілінен аударғанда «атаулар беретін өнер» деген ұғымды білдіреді. Осы ономастиканың өзі бірнеше бөлімдерді қамтиды:
Топонимика – географиялық нысандардың атауларын, олардың туындау, өзгеру, жұмыс істеу заңдылықтарын зерделейтін ономастика бөлімі;
Антропонимика – адамдардың есімдерін зерделейтін ономастика бөлімі;
Ойконим – топонимнің түрі, елді-мекендердің (ауыл, кент, қала) атаулары;
Короним – топонимнің түрі, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атаулары.
Қазақ ономастикасының негізін қалаушылардың алғашқыларының бірі, Республикадағы ономастикалық мектепті қалыптастырушы ұстаз, ғалым, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреты, академик, профессор, ф.ғ.д. Телғожа Сейдінұлы Жанұзақтың жер-су, адам есімдері мен тегі, тайпа, ұлыс, халық аттары мен аспан денелері және ғарыш кеңістіктері атауларының шығу, пайда болу және түп-төркіндеріне арналған еңбектері оқырман қауымға белгілі. Қазіргі таңда ономастика республикадағы ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ретінде тек ғылыми-тәжірибелік, мәдени тарихи ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси маңызға да ие болып отыр. [www.cdni-arhiv.vko.gov.kz]
Қазақ көркем әдебиетінде қандай да бір шығарма болсын ономастикалық атаулардың кездесері ақиқат. Құрамы ба й, құндылығы мол тіліміздегі осындай еңбектерге шолу жасап көрейік. Мысалы, Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» пьесасындағы мына бір шумаққа назар аударсақ:
Күдікті көңілдегі таста, Арыстан,
Біз бе едік сенің жауың қасарысқан?
Алып кеп Әлібекті жауабын ал,
Өзің бол ендігі істі басқарысқан! [3:357]
Бұл – пьесадағы Айманның сөздері. Байқап отырғандарыңыздай «Арыстан, Әлібек» сынды кісі аттары кездесіп тұр. Немесе:
«Баласы ек Маман байдың мыңды айдаған,
Қызыл көл дүниені ен жайлаған
Сұр жорға, қара жорға теңселдіріп
Тұрманға меруерт маржан зер байлаған.» - деген Шолпанның сөздерінде де «Маман, Тұрман» сияқты кісі есімдері кездеседі.
Сол сияқты:
«А, мына указ туралы, петиция туралы не ойлайсыз? Басқа Қарабұжыр, Көксу... Қызылжар, Теректі болыстары да осы Жыланды болысы сияқты, біздің хабарға қарап қалды. Майқан елді осымен басып кетті.» [3:259] деген «Түнгі сарын» пьесасындағы Кәрім сөздерінде «Қарабұжыр, Көксу... Қызылжар, Теректі, Жыланды» елді-мекен атауы болса, «Майқан» кісі есімі.
Немесе, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы:
«Бұлар осы есеппен Ертіс жағалай жүрген. Құмаштың үйінен аттанысымен Дайыр өз қасынан үш кісіні бөліп, киізші Сейсеке байдың үйінде жатқан Оразбайға шаптырды.» [4:354] –деген сөйлемдерде «Ертіс» - топонимикалық белгі болса, «Құмаш, Дайыр, Сейсеке» - есімдерді білдіріп тұрған антропонимикалық атау.
«Кішілеу өткір қой көзді, қызыл-күрең жүзді Жамбыл ақын Әбсәметке мәлім еді. Жамбыл Мағашпен енді танысып амандасты да, Торжорға аттың бүгінгі өнерін өз көзімен көрген жайын айтты.» [4:434]
Бұл сөйлемде Жамбыл, Әбсәмет, Мағаш – кісі есімдері, ал Торжорға – жылқыға қойылған атау.
Ендігі кезекте баяндамамыздың тақырыбына сай ХІХ ғасыр әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы қалған зар заман ақындарының бірі Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығындағы ономастикалық атауларға шолу жасайық.
Мысалы, «Байұлы Байбақты Ғұмар Қазыұлына» өлеңіндегі:
«Тәуекел хақтың ісі бір Алладан,
Хаққа шет Алла десе болмайды адам.
Атамыз Адам ата Нәбиулла,
Өтіпті одан бері неше сұлтан.
Уақытында пайғамбардың болды құран,
Әлемге он сегіз мың болды сұбхан.
Шыңғысты Майқы әкеліп хан қылыпты,
Жасалды содан берлі жетпіс бір хан.» ,[5:63] -деген жолдарда Алла – діни наным-сенім бойынша күллі ғаламды жаратқан ұлы хақ әмірші.
Адам ата – пайғамбарлардың әуелгісі, ең алғаш жаратылған пенде.
Шыңғыс – Азияда тұңғыш мемлекет құрушы хан, өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері.
Майқы – 1105-1225 жылдар шамасында ғұмыр кешкен қазақ халқының төбе биі.
Немесе тағы осы өлеңіндегі:
«Атаңыз ойды да алды, қырды да алды,
Былайғы Жемнің басы Сырды да алды.
Үргеште Мәдәмиге хат асырып,
Қара он мың қарақалпақ мұны да алды.» [5:63] деген жолдарда Жем, Сыр – өзен атаулары, Үргеш – белгілі бір мекеннің, ал Мәдәми – кісінің атауы.
«Қазтуған» өлеңінде:
Ел қияға қонғай ма?
Еділ, Жайық арасы
Кеңшілік қоныс болғай ма?!
...Астраханды қоныс етпеңіз,
Шаһарын оның алады. [5:114] деген жолдарда да «Еділ, Жайық, Астрахан» жер-су аттарын білдіріп тұрған ономастика ғылымының ішіндегі топонимикалық атаулар.
Тағы бір өлеңінде:
Аққұмдының сағасы,
Есенбайдың құмасы,
Қос Қобданың арғысы,
Ақсудың бергі маң дала –
Қазақтағы Қалқаман,
Ноғайдағы Мүлкаман,
Еламан деген биінен
Енді қалай болар деп,
Тарыққанда ақыл сұрай барған жер, - деп жырлаған.
Назар аударсаңыздар Мұрат ақын өлеңіндегі бір ғана шумақтың өзінен бірнеше ономастикалық атауларды кездестіреміз. Оған дәлел осы өлеңіндегі жалқы есімдер тізбегі. Мысалы Аққұм, Қобда, Есенбай, Ақсу – жер-су атауы болса, Қалқаман, Мүлкаман, Еламан – кісі есімдері.
Мұрат ақын Тыныштықпен айтысындағы мына бір жолдарға мән беріп қарайық:
Ар жақтан Тілеубай мен Жолым өткен,
Жерінде көкжал бөрі болып өткен.
Нарында хан баласын итше сабап,
Ер еді дүниеге қолы жеткен.
Сен Жолымды білетін бе ең, неғып өткен?
Жайықты талқан қылып жарып өткен.
Нарында хан баласын итше сабап,
Астына табанының салып өткен.
Қазақтай салт атымен қаңғырған жоқ,
Бар жинақ қара орманын алып өткен.
Ақынның бұл өлеңінде де біршама ономастикалық атаулар кездескен. Атап айтар болсақ: Тілеубай, Жолым – айтыста ақын қорғап отырған рулас белді азаматтарының есімдері болса, Нарын мен Жайық – жер-су атаулары.
Мұрат – жезтаңдай шешен, жырау, төгілген ақпа ақын. Халқының басына түскен замана ауыртпалықтарын көре де, көрсете де білген шынайы поэзия өкілі; елі, жері, халқы үшін қасірет шеккен саналы суреткер. Ел тарихын емірене жырлап, аруағы асқан ержүрек батырларының образдар галлереясын қалдырған шын мәніндегі эпик. Заманасы артқан ауыр жүгін елімен бірге арқалаған ғажап қайрат иесі. [6,608]
Әуелі жеңіп орыс елді алды,
Сартау, Астраханның жерін де алды.
Артынып Еділден соң Нарынды алды,
Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды.
Ар жақтан Қайып алды, Науша қашып,
Тарлықтың содан бері қаптағаны.
Дәуірінің ащы шындығын алқымға тіреп қоймай, ақтара суреттеп, оған деген өз көз-қарасын білдіруден де тайсалмаған осы бір өлең шумақтарында да жоғарыда айтып өткеніміздей жер-су атаулары мен кісі есімдері кездесіп тұр. Байқағандарыңыздай біз сөз етіп отырған тасқа қашағандай дәл, анық, отты жырлардың авторы, әдебиет тарихында өз мөрі бар Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығында ономастикалық атаулар аз кездеспейді.