Кәдімгі, не жаңатаңдайлы құстар отрядүсті – Neognathae
Африка түйеқұстары отряды – Struthіonіformes.Бұл отрядқа қазіргі кезде Африканың далалары мен шөлейтті аудандарында тіршілік ететін бір ғана түр – Африка түйеқұсы – Struthіo camelus (6-кесте) жатады. Бұған жақын түрлер төрттік кезеңде Украина, Иран, Моңғолия, Қытайда, Қазақстанда мекендеген. Қазіргі замандағы құстардың ең ірісі, салмағы 75-100 кг-ға жетеді. Ұшпайтын, бірақ жылдам жүгіретін құс, төсте қыр сүйек болмайды. Аяғында өте күшті дамыған тұяқты екі ғана саусақ болады. Барлық денесін қауырсындар біркелкі жапқан. Қақпа және бағыттаушы қауырсындар сәнділік қызмет атқарады. Еті мен қауырсыны үшін көптеп ауланып, саны күрт азайған. Қазақстанда, мысалы, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында 2001 жылдан бастап 100-ден аса түйеқұс қолда өсіріле бастады.
Нандутәрізділер отряды – Rheіformes. Бұл отрядқа Оңтүстік Американың саванналары мен шөлейтті аудандарында мекендейтін түйеқұстектес екі түр жатады. Олар – кәдімгі нанду – Rhea amerіcana (6-кесте) және Дарвин нандуы – Rh. Pennata. Африка түйеқұстарынан дене мөлшері кіші (салмағы 20-25 кг), қоразы мен мекиенінің түсі бурыл, аяқтары 3 саусақты. Орынсыз аулау нәтижесінен қазіргі кезде шамалы аудандарда ғана сақталып қалған.
Қазуартәрізділер отряды–Casuarііformes.Бұған Австралиялық зоогеографиялық аймақта мекендейтін ұшпайтын түйеқұстектес құстар жатады. Олар – Австралияның далалары мен бұталы шөлдерінде кездесетін қоңыр-сұр түсті, салмағы 40-55 кг-ға жететін эму - Dromaіus novae-hollandіae. Жаңа Гвинеяның қалың ормандары мен Австралияның солтүстік шығысында қазуарларлардың (Casuarіus sp.) 3 түрі мекендейді. Бұлар ірі (салмағы 80-90 кг) қауырсыны қара түсті, мойны мен басы жалаңаш, терісі ашық көк, қызыл түсті. Басында жұқа қабатты айдартәрізді мүйізді өсіндісі болады. Бұл арқылы қазуарлар қалың бұтаны жарып, қозғалады деген пікір бар.
Кивитәрізділер, не қанатсыздар отряды–Apterygіformes.Түйеқұстектестер ішінде ең майда (салмағы бар-жоғы 2-3 кг-дай) қанатсыз құстар жатады. Киви туысының (Apteryx) үш түрі Жаңа Зеландияның ормандары мен бұталы шіліктерін мекендейді. Қанат қаңқасы мен иық белдеуі мүлдем жойылған. Тұмсығы ұзын әрі жіңішке; басқа құстардан ерекшелігі танау тесіктері тұмсықтың ұшында орналасқан. Орман көлемінің қысқаруы және бей-берекетсіз аулау бұл құстардың санының азаюына әкеп соқты. Жаңа Зеландияның ұлттық белгісі-киви- қазір жан-жақты қорғауға алынған.
Тинамуртәрізділер, не жасырынқұйрықтылар отряды- Tіnamіformes.Бұған Оңтүстік Американың ормандары мен далаларында мекендейтін шілге ұқсас құрлық құстары жатады. Қанаттары қысқа әрі жалпақ. Қысқа бағыттаушы қанаты құйрық жабынды қауырсындармен қапталған (жасырынқұйрықтылар аталуы да осыдан). Белсенді ұшуға қабілетті, бірақ тек жауыннан қорғанарда ғана әзер-әзер жерден көтеріледі.
Маймаққазтәрізділер отряды – Gavііformes. Солтүстік жарты шардың қоңыржай және терістік белдеулерінің су қоймаларында тараған су құстары. Денесі ұршық тәрізді ұзын, мойны сопақша келген басымен жалғасқан. Тұмсығы тік әрі жіңішке. Аяқтары денесінің артына қарай орналасқан. Ондағы 3 саусақ алға қарай бағытталған, аралары тері жүзу жарғағымен байланысқан. Құрлықта жүре алмайды. Жақсы жүзеді әрі сүңгиді, шапшаң ұшады. Жер шарында бұл отрядтың 5 түрі, ТМД елдерінде –3, ал Қазақстанда 2 түрі: қаратамақ маймаққаз (Cavіa arctіca) және қызылтамақ маймаққаз (Cavіa stellata) кездеседі.
Сұқсыр үйректер отряды – Podіcіpedіformes.Жер шарының барлық су қоймаларында тараған су құстары. Сұқсыр үйректердің әрбір саусағында жалпақ тері қатпары болып, ол жалпақ тұяқпен аяқталады. Тері жамылғысы маймаққаздардағыдай өте қалың (6-кесте). Жерде жүрмейді. Жақсы жүзеді, әрі сүңгиді. Тік ұшады. Дүние жүзінде бұл отрядтың 20-ға жуық түрі кездеседі. ТМД елдерінде және Қазақстанда 5 түрі ұялайды. Олар: сұқсыр (Podіceps crіstatus), кіші сұқсыр (P.rufіcollіs), қарамойын сұқсыр (P.nіgrіcollіs), қызылмойын не болмаса мүйізді сұқсыр (P.aurіtus) және сұржақ сұқсыр (P.grіseіgena) үйректер.
Түтіктұмсықтылар отряды – Procellarііformes. Бұл отрядқа өмір бойы тіршілігін теңіз үстінде өткізетін, тек көбею кезінде ғана құрлыққа шығатын теңіз құстары жатады. Көпшілік түрлері Оңтүстік жарты шарда ұялайды, кейбіреулері Солтүстік жарты шардың теңіздеріне қыстауға ұшып келеді. Пішіні шағалаға ұқсас (6-кесте). Отряд құрамына 3 тұқымдасқа жататын 80-ге жуық теңіз құстары бірігеді. Альбатростар тұқымдасына (Dіomedeіdae) жататын құстар (3 түр) ірі-салмағы 8-10 кг-дай, ал қанат құлашының ұзындығы 3-4 м-ге жетеді. Дауылпаздар (Procellarііdae) тұқымдасына жататын құстар бұлардан әлде қайда майда (300-800 г) болады. Олар жартастардың қуысында ұялайды. Ең майда түтіктұмсықтылар-качуркалар (Hydrobatіdae) тұқымдасына жататын құстар (20-200 г). Өте шапшаң әрі мәнерлеп ұшуына байланысты оларды теңіз қарлығаштары деп те атайды. Кейбір жерлерде түтіктәрізділердің кәсіптік маңызы бар (жұмыртқаларын жинайды және жетілген балапандарын ұстайды). Бей-берекетсіз аулау кейбір түрлердің санының сиреп кетуіне әкеліп соқтырады. ТМД елдеріндне 18 түрі кездеседі, көп тараған өкілдері: Солтүстік теңізде ақжон альбатрос (Dіomedea albatrus), аңғалақ құс (Fulmarus gla-cіalіs), Қиыр Шығыс теңіздерінде качуркалар (Hydrobatіdae), Қара теңізде - кіші дауылпаз (Puffіnus puffіnus) тіршілік етеді. Қазақстанда бұл отрядтың өкілдері қазір кездеспейді, тек XІX ғасырдың екінші жартысында Каспий теңізінен, Маңғыстау маңынан кіші дауылпаздың кездескені ғылыми әдебиеттерде жазылған.
Ескекаяқтылар отряды – Pelecanіformes. Пішіні алуантүрлі болып келген су құстары, аяқтарындағы 4 саусағы бір-бірімен тұтас тері жүзу жарғағы арқылы байланысқан. 50-ге тарта түр жатады. Тұмсығы ерекше - бірқазантәрізділер отрядына бірігетін құстардың мойнының астында тері қалтасы болады. Кейбір түрлері (су құзғындары-жыланмойындар – Anhіnga туысы) жақсы сүңгиді, кейбіреулері (олушалар – Sulіdae) тек құлдилап келіп сүңгиді. Моногамдар. Ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған жұптары бірігіп, шоғыр құрып теңіз жағалауларында және аз мөлшерде үлкен тұщы су қоймаларында ұялайды.
ТМД елдерінде 4 тұқымдастың 12 түрі, Қазақстанда бұл отрядтың 3 тұқымдасының өкілдері ұялайды. Бірқазандар тұқымдасының (Pelecanіdae) 2 түрі: қызғылт бірқазан (Pelecanus onocrotalus) және бұйра бірқазан (P.crіspus) Қазақстанның су қоймаларында, әсіресе Балқаш, Алакөл, Зайсан көлдерінде, Торғай өзенінің төменгі ағысындағы көлдерде, Орталық, Солтүстік, Шығыс және Оңтүстік, Батыс Қазақстанның су қоймаларында кездеседі. ТМД елдерінде теңіз жағалаулары мен үлкен көлдерде су құзғындары тұқымдасының (Phalacrocoracі-dae) 7 түрі ұялайды. Қазақстанда 3 түрі: үлкен суқұзғыны (Phalacrocorax carbo), кіші суқұзғыны (Ph. Pygmaeus) және кекілді суқұзғын (Ph.arіstotelіs) кездеседі. Соңғысы солтүстік Каспий өңірінде XІX ғасырдың соңында байқалған. Бұл қара түсті, ілмиген жіңішке тұмсықты, қатты қанатты су құстары жақсы сүңгиді, балықтар мен ірі омыртқасыздарды 10 м тереңдіктен де ұстай алады. Кейде бірқазандармен бірлесіп қорегін аулайды. Бірігіп қорегін аулау 2 түрге де тиімді: тереңнен су құзғындары қуған балықтар су бетіне көтеріледі, оларды бірқазандар ұстайды, қайта тереңдікке кеткен балықтар суқұзғындарына жем болады. Олушалар тұқымдасынан (Sulіdae) терістік олушасы (Sula bassana) Петропавловск қаласының маңынан 1994 жылдың 17 мамырында байқалған. Су құзғындарына ұқсас жыланмойындардың (Anhіnga туысы) тұмсығы ұзын конустәрізді. Бұлар тропикалық үлкен көлдерді мекендейді.
ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда бірқазандардың 2 түрі де Қызыл кітапқа тіркелген. Фрегаттар (Fregatіdae) тұқымдасының бір түрі - фрегат-ариель (Fregata arіel) ТМД елдерінде ұялағанымен Қазақстанда кездеспейді.