Адам – биоәлеуметтік жан

Жоспары:

1. Адамның тарихи дамуындағы биологиялық және әлеуметтік факторлар

2. Адамның жеке басының дамуындағы биологиялык және әлеуметтік факторлар (онтогенез)

3. Социобиология бағытының адам туралы теориясы

Адамның эволюциясы, жалпы алғанда, оның өмірінің барлық кезеңдерінде тоқтамай жүріп жатады. Бірақ қазіргі эволюция адам өмірінің әлеуметтік жағына қатысты, ал биологиялық эволюцияға келсек, адам жануарлардан бөлініп шыққаннан кейін ол шешуші рөл атқармайтын болғаны сөзсіз. Енді адамның эволюциясына оның өмірін мәдени жағынан ұйымдастыру, яғни қоғамдық өндірістің тәсілі, еңбек қызметінің дамуы, тұрмыс жағдайлары т.б. шешуші әсер ететін болды. Тіпті денсаулығы әлсіз адамдар да медицинаның көмегі арқасында қоғам өміріне белсене қатыса алады.

Табиғи сұрыпталудың күші қоғам өмірінде барған сайын әлсіреуде, өйткені денсаулық мекемелері және басқа әлеуметтік институттар жеке адамдардың биологиялық жағынан өзгергіштігін ұдайы әлсіретеді. Мысалы, Европада адамның құрт ауруынан өлімі 1840 ж. 1 млн адамнан 4000 адам болған болса, қазір 1 млн адамның 13-і ғана өлетін болды, ал бұл құрт ауруының емдеуге қарсыласуы бойынша сұрыпталуы мүлдем дерлік тоқтады деуге болады. Мұндай мысалдарды басқа аурулар бойынша да келтіруге болады.

Бүгінгі таңда, бір жағынан, сұрыпталудың салдарынан болатын генетикалық өзгерістің өте баяулауы және адамның түрліше топтарының арасында генетикалық ұқсастықтың күшеюі байқалса, ал, екінші жағынан, мәдениет пен тұрмыс жағдайларының алуан түрлілігі, әлеуметтік өзгерістердің аса жылдамдауы байқалады - мұның бәрі адамзат қоғамында жүріп жатқан мәдени эволюцияның көрсеткіші болып табылады. Сондықтан қазіргі адамның эволюциясында мәдениет шешуші рөл атқарады деп сенімді түрде айтуға болады, өйткені көптеген елдерде саяси, экономкалық және әлеуметтік өзгерістер адамдардың тұрмыс жағдайларын жақсартып, денсаулығының нығаюына алып келді, ал бұл адамның табиғи сұрыпталу процесінен тәуелсіздігіне себепкер болды. Егер жануарлар үшін табиғи сұрыпталу эволюцияның басты факторы болса, адам үшін оның рөлі - генофондыны (геннің қорын) сақтауда және денсаулыққа теріс әсер ететін мутациялық өзгерістерді болдырмауда ғана.

Табиғи сұрыпталу адамда негізінен ұрықтық клетка деңгейінде болады. Балалар негізінен генетикалық тұрғыдан дені сау клеткалардан туады. Мұның дәлелін ата-аналардың жыныстық клеткаларының ірі генетикалық бұзылысқа ұшырауы салдарынан көп жағдайда ұрықтанған тұқым клеткалары даму басталған алғашқы кезде-ақ өліп кететін фактілерінен көруге болады.

Адамның әлеуметтік бейнесінің өзгеруімен бірге оның биологиялық табиғаты да, сырт кейпі де, ақыл-ой қабілеті де өзгере ме? Денесі мен ақыл-ойы жағынан адамның жаңа ұрпағы бұрынғыларынан гөрі дамығандау бола ма? - деген сұрақтар тууы мүмкін.

Алдымен дене құрылысы жағынан алып қарасақ, Ноmо sаріеns түрінің даму тарихы барысында оның дене құрылымы мен денсаулығы айтарлықтай жақсарғаны анық: халықтың орташа өмір жасы өсті. Ертедегі дүниеде адамзатгың орташа жасы 20-22 жыл болған болса, XVIII ғасырда 30 жасқа дейін өсті. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басына қарай Батыс Европа елдерінде орташа жас шамамен 56 жылға жеткен болса, бүгінгі таңда 75-78 жасқа жетіп отыр. Ал социологиялық және медициналық зерттеулерге қарағанда, қазіргі адамның "қалыпты" орташа жасы 80-90 жыл болуы тиіс екен.

Тағы бір мысал. Социологиялық зерттеулерге сүйенсек, XX ғасырдың 50-60-жылдары өскен жастардың бойы 30-40 жылдарда өскен жастардың бойынан, орташа алғанда, 6-8 см ұзын, ал 80-90-жыллардағы жастардың бойы одан бұрынғы 60-70-жылдардағы жастардың бойынан 5-7 см-дей ұзын көрінеді. Бұл, әрине, ең алдымен, әлеуметтік-тұрмыс жағдайының жақсаруының салдары деуге болады.

Енді адамзаттың ақыл-ой қабілетінің дамуы туралы мәселені қарастырып көрелік. Евгеника (адамның тұқым қуалаушы денсаулығы және оны жақсарту туралы теория) деген ілімнің негізін салушылардың бірі, ағылшын псиохолог-антропологы Ф.Гальтон қазіргі адамның ақыл-ойы (интеллекті) барған сайын төмендейді деп сендіруге тырысады, өйткені, дейді ол, төменгі таптардың өкілдерінің ақыл-ой коэффициент-көрсеткіші (ІQ) төмен, ал олардың отбасы әдетте көп балалы болады, олай болса, қоғамдағы адамдар саны негізінен ІQ төмен сол еңбекші топтардың балаларының есебінен өсетін болғандықтан, адамдардың ақыл-ой деңгейінің төмендеуі де табиғи нәрсе деп қорытындылайды Ф.Гальтон. Бұл пікір XX ғасырдың 60-жылдарына дейін кең тарап келді. Алайда 60-жылдардың басына қарай адамның ақыл-ой коэффициенті (ІQ), әлеуметтік жағдайы және балаларының саны арасында тікелей тәуелділік бар деген пікір жалған деп мойындалды.

Қазіргі балалар бұрынғы ұрпақтан гөрі ақыл-ой жағынан дамығандау ма, қалай? — деген сұрақ бүгінгі таңда талас мәселе деп есептеледі. Кейбір зерттеушілер айтқандай, балалардың ақыл-ойының дамуы бас миының эволюциялық дамуымен генетикалық байланысты деп пайымдауға негіз болатын мәліметтер бүгінгі таңда жоқ. "Менің ойымша, - деп жазды академик Л.П.Татаринов, - ақылды балалардың көбеюінің себебі оқу-тәрбие жүйесінің жетілуі, ал оны дамытудың қажеттігі кейде тиісінше бағаланбайды". Бұл пікірдің дәлелі ретінде Москва облысындағы Сергиев Посад қаласындағы соқыр-керең-мылқау балаларды оқытатын арнаулы мектептің іс тәжірибесін келтірсе де болады. Туғаннан немесе жастайынан көру, есіту және сөйлеу мүмкіндіктерінен айрылып, қолмен ұстап көруден басқа сыртқы дүниемен байланыс мүшелерінен жұрдай болған балалар алғашында жануарлардың даму деңгейінде болды. Алайда, оқытудың арнаулы жүйесін, әдісін қолданудың нәтижесінде олар ақыл-ойы дұрыс адамдардың қалпына келді, ал кейбіреулері МГУ-дың психология факультетін бітіріп шықты.

Сонымен бірге ойлаудың басты органы болып табылатын мидың эволюциясын растайтын мәліметтер де бүгінгі таңда жоқ. Мидың эволюциясының тоқтағанын тікелей негіздейтін дәлел болмағанымен, бірақ Ноmо sаріеns пайда болғаннан бергі 30-40 мың жыл ішінде оның мөлшері өзгермей келе жатқаны жанама дәлел бола алады, ал оған дейінгі адам тектес маймылдардың эволюциясы кезінде олардың миы үнемі дамып, өсіп отырған болатын. Мысалы, австралопитектің миының мөлшері 500-600 см3 болған болса, питекантроптардың миы 900 см3, синантроптардың миы 1000 см3-ге дейін болды. Ал қазіргі адамның миының орташа мөлшері ересектерде - 1400 см3 әйелдерде — 1270 см3. Сонымен қатар, адамның жеке басынын дарындылығы оның миының мөлшеріне тікелей тәуелді бола бермейді. Мысалы, француздың белгілі дарынды жазушысы Анатоль Франстың миы 1000 см3 болса, ал көлемі ең үлкен ми орыстың белгілі жазушысы И.С.Тургеневтікі екен (2012 см3). Бұл фактілер миының көлемі түрліше болуы негізінде адамның ақыл-ой қабілеті жайлы баға беруге болмайтынын тағы да дәлелдей түседі. Қазіргі заманғы биологтар мен антропологтардың пікірінше, адамның түр ретіндегі биологиялық эволюциясы Ноmо sаріеns пайда болғаннан бері тоқтады деуге болады. Мұның дәлелі ретінде сол уақыттан бері адам миының өзгермегендігін, оның морфологиялық өзгерісінің аяқталғанын келтірсе де болады. Бұған қарама-қарсы пікір айтуға жеткілікті негіз жоқ.

Сонымен, антропогенез процесінің дамуы адам түрінің қалыптасуының аяқталуымен тоқтайды, ал ол бұдан 30-40 мың жылдай бұрын болған. Сол уақыттан бастап адам эволюциясының шешуші факторы ретінде топтық сұрыпталудың әсері де тоқтайды. Осы кезден бастап эволюция әлеуметтік өмірмен байланысты іске асып, адамның болашағы мәдениеттің деңгейіне тәуелді бола бастады. Эволюцияның негізін адамның ақыл-ойы және саналы іс-әрекеті құрады. Сондай-ақ, адам мен қоғамның пайда болуына байланысты генетикалық информация адамның өмірінде жетекші маңызынан айрылып, оның орнына әлеуметтік информация келгенін атап айту қажет.

Адамзатты қандай болашақ күтіп тұр, яғни түрдің дамуы тұрғысынан қарағанда, адамзаттың болашағы қандай деген сұрақка кейде кейбіреулер геномның (дамудың генетикатық программасының) әлсіреуі салдарынан жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрлері біртіндеп өледі деген пікірді айтып жүр. Бірақ, көпшілік ғалымдардың пікірінше, басты қауіп түрлердің қартаюында емес, биосфераның түрліше қалдықтармен барған сайын көп ластануында, радиациялану деңгейінің барған сайын өсуінде, т.б. экологиялық себептерде болып отыр. Генетикалық ауытқулардың салдарынан кесел нәрестелердің тууының көбеюі, ақыл-есі нашар адамдардың санының артуы т.б. генетикалық ауытқулар адамзаттың болашақ өміріне төніп тұрған басты қауіп-қатер ең алдымен біздің мәдени дамуымыздың төмендігінде екенін көрсетеді.

Адамның жеке басының дамуындағы биологиялык және әлеуметтік факторлар (онтогенез). Адамның жеке басының дамуында биологиялық факторлар мен әлеуметтік факторлардың алатын орны мен рөлі жайлы түрліше пікірлер болды және қазір де бар. Мәселен, Ч.Дарвиннің ілімін насихаттауда көп еңбек сіңірген неміс биологы Э.Геккель адам мен қоғамның дамуын негізінен анықтаушы биологиялық фактор, ал қоғам дамуы мен адам эволюциясының қозғаушы күші тіршілік үшін күрес және табиғи сұрыпталу деп есептеді. Сондықтан да дәл осындай көзқарасқа негізделген әлеуметтік дарвинизмнің тууын көбінесе Геккелдің есімімен байланыстырады.

1869 ж. евгеника ілімінің принциптерін тұңғыш тұжырымдаған Ф.Гальтон деген Ч.Дарвиннің немере інісі екенін жоғарыда ескерткенбіз. Сол Гальтон адамның болашақ ұрпақтарының тұқым қуалаушы сапаларын (денсаулығын, дарындылығын, ақыл-ой қабілеттерін) жақсартуға әсерін тигізетін факторларды зерттеуді ұсынды. Сонымен бірге озат ойлы ғалымдар евгениканың алдына гуманистік мақсаттар қойған болатын. Бірақ оның идеялары көп жағдайларда нәсілшілдікті, атап айтқанда фашистік нәсілшілдік теорияларды ақтау үшін пайдаланылды. Қазіргі заманғы ғылымда евгениканың көптеген проблемалары, әсіресе тұқым қуалаушы аурулармен күресу проблемалары медициналық генетика саласында шешімін табуда.

1870 ж. Гальтон "Тұқым қуалаушы данышпан" ("Наследственный гений") деген кітабында терістікте тұратын адамдар нәсілдерінің дене және ақыл-ой жағынан артықшылығын, сондай-ақ ақ нәсілдердің негрлерден артықшылығын дәлелдеуге тырысты. Жоғары нәсілдердің өкілдері артта қалған нәсілдермен некелеспеуі тиіс деп тұжырымдады ол.

1918 ж. П.Попенго және Р.Джонсон деген профессорлар "Қолданбалы евгеника" деген кітапта нәсілдік жиіркеніш сезімі биологнялық себептермен анықталады, ал негрлер ақтарға қарағанда төменгі нәсілге жатады деп тұжырымдады. Фашизм жеңілгеннен кейін түрлі нәсілдердің өзара қосылысуы зиянды болуы былай тұрсын, қайта биологиялық жағынан пайдалы екендігін дәлелдеген еңбектер шыға бастады. 1950 және 1951 жылдары ЮНЕСКО-ның барлық нәсілдердің теңдігін жариялаған Мәлімдемелерінің зор маңызы болды, өйткені оларда түрлі нәсілдердің ақыл-ой қабілетінің әртүрлі екендігін көрсететін ғылыми мәліметтер жоқ екендігі, сондықтан нәсіларалық неке қауіпсіз екені айтылған.

Дегенмен, түрлі нәсілдер арасында генетикалық айырмашылықтар бар, негрлердің ақыл-ой коэффициенті (IQ) төмен, өйткені ақыл-ой қабілетінің коэффициенті тұқым қуалау арқылы, нәсілі арқылы анықталады деп насихаттаушы еңбектер әліге дейін шығуда. Шындығында, нағыз ғылыми, жан-жақты да терең зерттелген еңбектер генотиптің ерекшеліктері нәсілдік деңгейде емес, жеке адамдық деңгейде көрінетінін дәлелдеді. Әрбір адамның генотипі - әртүрлі, ерекше (тек бір ұрықтас егіздерде ғана генотип бірдей болады). Ақыл-ой коэффициентіндегі айырмашылық тек тұқым қуалауға ғана байланысты емес, сыртқы орта жағдайларына да байланысты. Р.Иннис деген белгілі қоғамдық негр қайраткері дамыған индустриялық Солтүстік АҚШ-тың негрлерінің және дамымаған ауыл шаруашылықты Оңтүстік АҚШ-тың ақ нәсілдерінің ақыл-ой коэффициентін зерттеп көргенде, негрлердің ақыл-ой қабілетінің деңгейі жоғары екені анықталған. Нәсілшілдік теориялардың жалғандығын дәлелдеген басқа да зерттеулер бар.

Әлеуметтік және биологиялық факторлардың жеке адамның эволюциясына тигізетін әсері жайлы қазіргі ғылыми әдебиетте бір-біріне қарама-қарсы екі бағыт бар. Олардың бірі панбиологизм деп, ал екіншісі пансоциологизм деп аталады. Панбиологизм бағытын жақтаушылар адамның жеке басының дамуы бүтіндей генмен анықталады деп, биологиялық фактордың рөлін абсолюттендіреді. Ал пансоциологизмді жақтаушылар жеке адамдардың бәрі дүниеге келгенде бірдей гендік қабілетпен келеді, олардың қабілеттерінің дамуында оқу-тәрбие басты, шешуші рөл атқарады деп есептейді.

Бұл мәселені қарастырғанда адамның жеке басының дамуының екі кезеңі бар екенін, ол эмбриондық (ұрықтық)және эмбриондықтан кейінгі кезеңдерден тұратынын ескеру керек. Бірінші кезең — бала туғанға дейін ана құрсағында өніп-өсу кезеңі. «Бұл эмбриондық кезеңде, - деп жазады академик П.Н.Дубинин, - организмнің дамуы генетикалық программаға қатаң сәйкес жүреді де оған сыртқы физикалық және әлеуметтік ортаның әсері (анасының организмі арқылы) әлсіз болады». Эмбриондық дамудың ең бастапқы кезінде-ақ ата-анасынан көшкен, сөйтіп ДНК-ның хромосомдарында берік орныққан генетикалық программа іске аса бастайды. Дамудың әсіресе бұл ерте кезеңінде адамның эмбрионы мен басқа омыртқалылардың эмбрионының өсіп-өнуі өте ұқсас болады. Ал адамның эмбрионы мен маймылдардың эмбрионының ұқсастығының ұзақ сақталуы олардың тарихи шығу тегінің бір екендігінің тағы бір дәлелі болып табылады.

Әрбір адамның жеке басының гендерінің жиыны айрықша болады, сол себепті ол геиетикалық табиғаты жағынан ерекше болады. Адамның қасиеттері, басқа тірі жануарлардікі сияқты, көбінше генетиптен тәуелді, ал олардың ұрпақтан ұрпаққа берілуі тұқым қуалау заңдылығының негізінде жүзеге асады. Дене құрылысы, бойы, сүйек құрылысының қаңқа ерекшеліктері, терісінің, көзі мен шашының түсі, бет-әлпеті сияқты қасиет-белгілер жеке адамға ата-анадан тұқым қуалау жолымен көшеді. Есепке деген, ғылыми зерттеу, музыкаға, әншілікке деген сияқты көптеген дарындылық, ақыл-ой қабілеттері де тұқым қуалаудың нәтижесі болып табылады.

Зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, ата-анадан балаға тұқым қуалайтын қабілеттіліктің өзі емес, нышаны екен, ат бұл нышан белгілі бір дәрежеде өскен орта жағдайларынан көрінеді. Басқа сүтқоректі жануарлардағы сияқты адамда да генетикалық материалдың иесі хромосомның ішіндегі ДНК екен. Адамның әрбір клеткасының хромосомында бірнеше миллион ген болады. Алайда, егер бала жастайынан адамдармен қарым-қатынаста болса, тиісті әлеуметтік ортада өссе ғана оның генетикалық мүмкіндіктері, нышандары жүзеге асады. Егер, мысалы, адамда музыкамен айналысуға мүмкіндік болмаса, онда оның туасы бар музыкалық нышаны ашылмай, дамымай қалады. Бұл жөнінде әйгілі орыс психологы С.Л.Рубинштейн былай деп жазды: "Нышандардың негізінде дамығанымен, қабілет, бірақ нышанның өзінің функциясы (нәтижесі) болмайды, алғышарты ретінде нышан енетін дамудың нәтижесі болады. Жеке адамның дамуына ене отырып, нышандардың өзі дамиды, яғни өзгереді және жетіледі".

Адамның генетикалық мүмкіндігінің уақыт жағынан қатаң шегі бар. Егер баланы әлеуметтендіруді (оқытуды, тәрбиелеуді) ерте бастамаса, онда қабілеті жарық көрмей, өшіп қалуы әбден мүмкін. Айтқанымызға нақты дәлел ретінде кейбір нәрестелердің белгісіз бір себептермен адам қоғамынан бөлініп қалып, қалың ормандағы аңдардың ішінде бірнеше жыл өмір сүрген фактілерін көптеп келтіруге болады. Оларды тауып алып, адамзат қоғамына қайта алып келгенмен, олар енді толық мәнінде адам бола алмаған, өйткені сөйлеу тілін дұрыс меңгере алмаған, екі аяқтап дұрыс жүре алмаған, ақыл-ойы және басқа психикалық процестер нашар дамыған. Бұл фактілер адамды адам ететін мінез-құлық формалары мен іс-әрекет қимылдары тек оқу-тәрбие процестерінің нәтижесінде әлеуметтік мұраны меңгеру арқылы ғана қалыптасатынын көрсетеді.

Адамның жеке басының дамуында тұқым қуалаудың және қоршаған ортаның атқаратын рөлін түсіну үшін генотип және фенотип деген ұғымдардың маңызы зор. Генотип — организмнің тұқым қуалаушылық негізі, оның хромосомдарында жинақталған гендердің қосындысы. Басқаша айтқанда, бұл - организмнің өз ата-анасынан алатын генетикалық конституциясы (дене құрылысы). Фенотип - организмнің жеке дамуы барысында қалыптасқан барлық қасиет, белгілерінің жиынтығы.

Фенотип организмнің дамуы іске асатын сыртқы ортамен өзара әрекеттесуіне байланысты айқындалады. Генотиптен фенотиптің айырмашылығы сол, фенотип организмнің бүкіл өмірі бойында өзгереді. Сөйтіп, фенотип генотип пен сыртқы ортадан тәуелді болады. Бір ұрықтас егіздердегідей, бірдей генотиптер түрліше ортаға тап болса, түрліше фенотиптер беруі мүмкін. Фенотипке әсер ететін факторлардың бәрін ескере отырып, адамның фенотипін құратын бірнеше элементтерді атауға болады:

а) гендерде хабарланған биологиялық нышандар;

ә) табиғи және әлеуметтік орта;

б) жеке адамның іс-әрекеті;

в) ақыл-ой (сана, ойлау).

Адамның фенотипінің құрылысы күрделі екендігін негізге ала отырып, жоғарыда аталған евгеника ғылымының пәні тек бірінші ғана элемент екенін, яғни гендердегі биологиялық нышандар ғана екенін атап көрсеткен жөн. Евгениканың өкілдері дәл осы биологиялық факторды асыра дәріптейді. Фенотиптің әлеуметтік факторлары олардың назарынан мүлдем тыс қалған. Бұл теорияны жақтаушылардың қателігі міне осында жатыр.

Тұқым қуалау мен ортаның адам дамуындағы өзара қарым-қатынасы адам өмірінің бүкіл өнбойында болады. Алайда, организмнің қалыптасу кезеңдерінде: ұрықтық өсіп-өнуі, баланың емшектегі кезінде, сәбилік, балалық, жас өспірімдік кездерінде оның маңызы ерекше болады. Міне дәл осы кезеңдерде адам тұлғасының қалыптасуы мен дамуы айрықша күшті болады.

Тұқым қуалау организм қандай болуы мүмкін екенін анықтайды, бірақ адам екі фактордың - тұқым қуалаудың да, ортаның да бір мезгілде бірдей әсер етуі нәтижесінде дамиды. Адамның бейімделуі тұқым қуалаудың екі программасының: биологиялық және әлеуметтік программалардың әсерінен жүзеге асатыны көпшілік мойындайтын ақиқатқа айналды. Кез келген жеке адамның барлық қасиеттері мен белгілері, сонымен, оның генотипі мен ортаның өзара әрекеттесуінің нәтижесі болып табылады екен, тек қанының группасы, саусақ таңбалары сияқты биологиялық қасиеттер ғана ортаның әсеріне көнбейді. Сондықтан әрбір адам әрі табиғаттың бөлігі, әрі қоғамдық дамудың жемісі.

Бұл пікірмен бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі келіседі. Талас пікір тек адамның ақыл-ой қабілеттерін дамытуда тұқым қуалау мен ортаның рөлі жайлы мәселеде. Мұнда бір-біріне қарама-қарсы екі пікір бар. Бірі – ақыл-ой қабілеттері генетикалық жағынан тұқым қуалайды деген және екіншісі — ақыл-ой қабілеттерінің дамуы әлеуметтік ортаның әсерімен анықталады деген пікір. Оның үстіне адамның ақыл-ой қабілеттерін дәл анықтау да айтарлықтай қиын іс екені анықталды, өйткені адамдардың ақыл-ой қабілеті де алуан түрлі және алуан қырлы. Мәселен, бір адам тамаша шахматшы болғанымен нашар әртіс, ақын, математик және керісінше болуы мүмкін. Оған қоса, ақыл-ой қабілетін анықтау үшін қолданылатын тесті әдістерінің кемшіліктері де аз емес екендігін атап көрсетеді көптеген зерттеушілер. Атап айтқанда, ақыл-ой коэффициентін анықтағанда әлеуметтік ортаның ерекшеліктері, адамның білім мен тәрбие алу ерекшеліктері мен дәрежесі, адамның ықыластығы, ұқыптылығы, темпераменті сияқты психологиялық қасиеттері, т.б. мұқият ескерілуі қажет. Зерттеудің нәтижесі зерттеушінің зерттелушіге қандай сұрақтар қоятынына да байланысты.

Қысқасы, адамның (баланың) ақыл-ой қабілетін дәл және толық анықтау айтарлықтай қиын іс. Соған қарамай көптеген елдерде тәуелсіз жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелері ақыл-ой қабілеттерінің деңгейі генетикалық тұқым қуалауға да және білім-тәрбие алған ортасына да байланысты екендігін дәлелдеді.

Адамның биологиялық жағынан тұқым қуалауы туралы әңгіме жасағанда ескеретін жағдай, адамның тек жақсы нышандары ғана емес, сондай-ақ ақыл-ой кемшіліктері де көп жағдайда генотиптен тәуелді болады. Мәселен, ұрығы бірдей егіздердің біреуі шизофрения ауруымен ауырса (ақылынан адасса), онда екіншісі де сол аурумен 69% ауырады. Егер біреуінің ақылы 97% кем болса, онда бұл кемшілік екіншісінде де болады екен. Осы тұрғыдан алғанда, ата-ананың біреуінің не екеуінің де ақылы кем болса, ақылы кем балалардың туу проценті жоғары болатыны анықталды медицинада. Өз ата-анасының ақыл-есі дұрыс болғанымен, кейбір кем ақыл балалардың арғы тегін зерттегенде, олардың ата-бабасы не әжесі жағында сондай ауру болғаны, ауру солардан тұқым қуалап келгені анықталуы мүмкін.

Социобиология бағытының адам туралы теориясы. Адамның дамуы көп жағдайда биологиялық факторларға байланысты болғанымен, бірақ оны абсолюттендіріп, асыра бағалауға болмайды. Осы жөнінен алғанда соңғы кезде шыққан социобиология деп аталатын жаңа бағыттың адам жайлы теориясының көзқарастық қағидаларына талдау жасаудың сабақ боларлық мәні бар.

1975 ж. американдық энтомолог Э.О.Уилсонның "Социобиология: новый синтез" деген кітабы жарық көрді. Социобиологияның шығуы осы кітаптың шығуымен байланысты болды. Бұл кітапта адамның моральдық, еркіндік, агрессивтік, эгоистік, альтруистік сияқты әлеуметтік сапаларын жануарлар биологиясы тұрғысынан жаңаша түсіндіру концепциясын ұсынады. Мұнда жануарлар мен адам арасында мінез-құлық ұқсастығының шекарасы мен мүмкіндігін талдауға аса маңызды орын беріледі. Бұл мәселелерді шешудің кілтін дарвинизм ілімінің ұғымдары мен принциптерінен, атап айтқанда табиғи сұрыпталу ілімінен іздейді. Жануарларды зерттеудің нәтижесінде жасалған қорытындыларын адам мінезін түсіндіруге кеңінен қолданады. Методологиялық жағынан қарағанда, адамның мінез-құлық сапасы биологиялық және молекулалық генетика тұрғысынан тұрпайыландырып түсіндіріледі, яғни антропология биологияға, ал биология молекулалық генетикаға жатқызылады.

Социобиологтардың пікірінше, адамның табиғаты жайлы түсінікті негізінен өзгертетін біріккен гендік-мәдени эволюция (коэволюция) теориясы болуы тиіс. Бұл теориянын мәні мынада: адамның бойындағы органикалык (гендік) және мәдени эволюциялар процестері бірге жүруі керек, өйткені гендер мен мәдениет бұл эволюцияда өзара айырғысыз байланыста. Бірақ жетекші рөлді гендер атқарады. Адамның көптеген іс-әрекеттерінің түпкі себебі солар болып табылады. Сондықтан адам іс жүзінде алдымен биологиялық танымның обьектіс іболады. Осыдан келіп Уилсон социобиологияның міндеті «барлық жануарлардың, адамды қоса алғанда, әлеуметтік мінез-құлқының барлық формаларының биологиялық негіздерін зерттеу болуы тиіс» деп тұжырымдайды. Оның теориясының басты қағидасының мәні мынада: адамның биологиялық табиғатынан тыс, одан бұрын пайда болған "трансцендентальды" мақсаттары болуы мүмкін емес.

Гендік-мәдени коэволюция теориясы өкілдерінің теориясы бойынша, адам моральдық (адамгершілік) сезімдерін биологиялық каналдар бойынша мұраланатын сияқты. Мәселен, қандас адамдардың некелесуіне тиым салу жануарлардың мінезінде де байқалатын сияқты, олай болса, жалпы моральдық тиымның биологиялық негізі де сонда. Агоессияшылдық та сол сияқты адам психологиясына табиғи тән қасиет, олай болса, соғыс – адамға іштей тән қасиеттің сыртқы саяси көрінісі ғана. Махаббат та адамға іштей тән бірін-бірі қанағаттандыру сезімінің социобиологиялық көрінісі. Тіпті адамның санасы да тек биологиялық қажеттіліктерді орындау инструменті ретінде қарастырылады. Бұл қағидалардың бәрін қазіргі әлеуметтік дарвинизм, нәсілшілдік және евгеника теориялары өз мүддесіне пайдалануға тырысады.

Адам мен қоғамның дамуында биологиялық пен әлеуметтік факторлардың бірлігін көрсететін коэволюция шындығында бар. Ол ол ма, қайта адам (адамзат) табиғатпен бірлікте ғана дами алатынын ерекше атап көрсеткен жөн. Мұны орыс ғалымы В.И.Вернадский XX ғасырдың басында-ақ атап көрсеткен болатын, адам мен табиғаттың, оның ішінде адам мен биосфераның өзара тығыз байланыстылығын сол кісі тұңғыш ғылыми негіздеген болатын. Алайда, басты мәселе биологиялық фактордың әлеуметтікке тигізетін әсері, адамның мінез-құлқы биологиялықтан қаншалықты тәуелді екендігінде. Биология, гендер әрине адамның мінез-құлқын айқындайды, бірақ ол өзінің биологиялық табиғатынан тыс шыға алмайды. Адамның жануарлармен эволюциялық байланысы да бар, олардың мінез-құлқында белгілі бір ұқсастық та бар. Басқаша айтқанда, адамның әлеуметтік жаратылысының биологиялық негізі бар.

Алайда, социобиология бағытының өкілдері жасағандай, адамның дамуын және мінез-құлқын негізінен биологиялық терминдердің, заңдылықтардың көмегімен ғана түсіндірсек, мүлдем дұрыс болмас еді, өйткені адам бойындағы биологиялық пен әлеуметгік, біз жоғарыда атап көрсеткендей, өзара тығыз байланысты. Тағы да айтайық, белгісіз бір себептермен жануарлар тобырының қалып қойған адам нәрестесі тірі қалғанымен, бірақ адам қоғамына қайта қосылса, бәрібір толық мәнінде адам бола алмайды. Мұны растайтын фактілер тарихта баршылық. Нәресте адам үшін туғаннан бастап әлеуметтендірудің белгілі бір кезеңінен өтуі керек. Осы тұрғыдан алғанда орыс психологі А.Н.Леонтьевтің "Бала туылған кезде адамдыққа тек каңдидат қана, бірақ ол оңашада адам бола алмайды: ол адамдармен қатынаста ғана адам болуды үйренуі тиіс" — деген сөздерімен келіспеуге болмайды. Басқаша айтқанда, әлеуметтік жағдайлардан тыс табиғаттың бір өзі адамды адам жасай алмайды.

Адамның биологиялық жаратылысына әлеуметтіктің тигізетін әсерінің тағы бір жағы бар: адам бойындағы биологиялық қасиеттер әлеуметтік формада іске асып, әлеуметтік формада қанағат табады, яғни адам өмірінің табиғи-биологиялық жақтары мәдени-әлеуметтік факторлар арқылы ғана "адамдыққа" айналады. Бұл ұрпақ өсіру, тамақтану, сусындау сияқты т.б. таза биологиялық қажеттерді қанағаттандыруға да қатысты.

Наши рекомендации