Діни көзқарастың ерекшелігін көрсет.
Дін- бәрінен жоғары жаратушы күшке және оның қоршаған орта мен адам баласына әсері бар деп есептейтін сенім-нанымға негізделген көзқарас формасы. Діннің мифологияға ұқсастығы бар: Әлемнің пайда болуы, жер бетіндегі тіршілік, адамның іс-әрекеті туралы адамгершілік-этикалық мәселелерді алға қояды. Қоғамды игі істерге шақыруда: мәдениеттің қалыптасуына әсер етуімен қатар адам баласын сыйласымдылыққа, әділеттілікке, төзімділікке тәрбиелеп, өзіндік парыз мәселесін түсіндіруде діннің атқарар маңызы ерекше.
Дін қазіргі заманғы адам мен қоғамның рухани өмірінде ерекше орын алады. Кеңестік таптық идеология үстемдік құрған жылдары дін біржақты зерттелгені белгілі. Діннің соңғы жылдары қарқынды дамуы, қоғамда
діни сенімді қабылдаушылардың санының көптеп артуы дінді жан-жақты зерттеуді қажет етті және бұл бағыттағы жұмыстар табысты жүргізіліп отыр. Мысалы, дінді тарих, социология, мәдениеттану, саясаттану, философия және тағы басқа ғылымдар өз ғылымдары деңгейінен, әр түрлі аспектілерде зерттеуде.
Дінді философиялық зерттеудің ерекшеліктері:
1) философия діннің адам мен қоғамның рухани өміріндегі құбылыс, қоғамдық сананың формасы ретіндегі мәнін анықтайды:
2) көзқарастың түрі ретінде зерттейді;
3) діннің пайда болуының әлеуметтік және гносеологиялық себептерін талдайды;
4) діннің қоғамда атқаратын функцияларын жіктейді;
5) сенім мен ақылдың арақатынасы мәселесін қарастырады;
6) діннің адам бойында адамгершіліктікті қалыптастырудағы рөлін көрсетеді.
7) діни сенім бостандығы мәселесін зерттейді.
Діннің анықтамасы: mеlеgо – қасиеттілік, құдайылық – Абсолютті бастаудың, Құдайдың бар екендігінен туындайтын және соған сәйкес мінез-құлық, өмір сүру тәртібін, өмір салтын қалыптастыратын көзқарас, дүниетаным; адамға күш беретін, тірек болатын, өзіне табындыратын тылсым күшпен байланыстылық және оған тәуелділік сезімі.
Дін – күрделі жүйе, ол діни сананы, діни институттарды, діни қатынастарды және діни қызметті қамтиды. Дінге: 1) діни ілім; 2) діни сезімдер; 3) діни салттар; 4) діни ұйымдар мен секталар кіреді.
Діннің даму сатылары: 1) табиғи дін – бұл кезенде табиғи күште құдайлар сияқты болып көрінді; 2) зандық сипаттағы дін – діни қағидалар мен ережелерді бұлжытпай орындау талап етіледі; 3) ақталу діні, ол Құдайдың алдындағы күнәлілік, бүкіл болмыстың қасіреттілігі және Құдайдың мейірімділігі сезімінен туындайды.
Діни сана – жаратылыстан тыс күштерге, Құдайга деген сенімен туындайтын көзқарастардың, идеялардың, нанымдардың, теориялардың жиынтығы. Діни сананың құрылымына діни психология (діни идеялардың белгілі бір жүйесімен байланысты стихиялық түрде қалыптасатын түсінікгердің, сезімдердің, көңіл-күйлердің, әдет-дәстүрлердің жиынтығы) және діни идеология (діни идеялар жүйесі, оны қалыптастыру және тарату ісімен діни ұйымдар, дінбасылар, діни қызметшілер айналысады) кіреді. Діни идеологияның маңызды бөлігі болып теология есептеледі, ол Құдай, оның қасиеттері, сапалары, белгілері туралы ілімнің жүйелі баяндалуы және негізделуі. Діни сенімге деген екі түрлі көзқарас бар. Атеистік көзқарас – дін өмір шындығын бұрмалап, фантастикалық тұрғыдан түсіндіреді десе, дінді қолдаушылар оны нағыз ақиқат, танымның ең жоғарғы сатысы, адам өмірініндегі барлық сұрақтарға жауап бере алатын, қоғамдық сананың басқа формаларының бәрінен асып түсетін формасы деп тұжырымдайды. Қазіргі қоғамда екінші көзқарас басымырақ.
Діннің пайда болу себептері мен мәні туралы мәселе философия тарихында көптеген философтардың зерттеу объектісі болды. Дін туралы ғылым – дінтануда діннің тамырлары деген ұғым қалыптасқан, бұл ұғым діннің пайда болу себептерін, әлеуметтік, гносеологиялық және адамгершіліктік мәнін ашады.
Діннің басты, анықтаушы тамыры немесе себебі ретінде көптеген ғалымдар әлеуметтік себептерді атайды. Бұл себеп алғашқы қауымдық қоғам адамдарынан жақсы керінеді. Кездейсоқтық үстемдік еткен алғашқы қауымдық қоғам адамдары табиғаттың дүлей күштеріне қарсы тұруға дәрменсіз, оларға тәуелді болды. Стихиялық табиғат күштерін билеуге, өзіне бағындыруға, қоғамдық қатынастарда күнделікті туындап отырған мәселелерді шешуге қажетті практикалық құралдары жоқ адамдардың сүйенгені өзінің санасының, қиялдауының жемісі – фантастикалық күштерге деген сенім болды. Діннің пайда болуының осы әлеуметтік себептерін қазіргі заманда да көруге болады. 90-жылдардың басында бүкіл посткеңестік кеңістікте діннің өте тез қарқынмен дамуы байқалды. Бұрынғы жүйе күйреп, жаңа бағыттар, жаңа қоғамдық қатынастар әлі анықталмаған сол кезеңде адамдардың бойын шарасыздық, қорқыныш, үмітсіздік биледі, өмірлік бағыт-бағдарын жоғалтқан адамдардың көпшілігі өздеріне қажет күш-қуатты, сенімді діннен іздеді.
Діннің гносеологиялық тамырлары болып адамның танымдық және психологиялық қызметі негіздерінде қалыптасу мүмкіндігі жағдайлары, алғышарттары, мүмкіндіктері есептеледі. Таным процесі екі жақты – танымның объективті мазмұнын және оның субъективті формаларын (түйсік, қабылдау, елестету, ұғым, пікір және т.б.) қамтитыны белгілі. Діни санада осы процестің екінші жағы басымырақ. Елестетуге, логикалық аналогиялар мен абстракциялар жасауға қабілеттілік тым әлсіреленіп, танымдық бейнелердің нақты заттардан ажыратылу қаупі пайда болады. Рационалдық танымға көбірек назар аударудың нәтижесінде ұғымдарда дүние субъективті бейнеленеді.