Онтологиялық мәселелер. Құдай-Субстанция-Табиғат
Спиноза болмыстың ең соңғы себебі Құдайда деп есептейді. «Құдай... барлық заттардың бірінші себебі және өз-өзінің себебі, өз-өзі арқылы танылады». Ол Құдайдың болмысын дәлелдеу үшін онтологиялық дәлелдемелер келтіреді. Бірақ ол Құдайға пантеистік мағына береді, яғни оны бізді қоршаған табиғатқа теңейді. Олай болса, Құдай табиғаттан тыс мәңгілік өмір сүріп жатқан рухани тұлға емес, оны тек қана зерде (intelligere) арқылы ғана түсінуге болады.
Мұндай көзқарас сол кездегі Құдай жөніндегі деистік пікірлерге қарсы болды. Егер деистер Құдай дүниенің ең алшақтағы соңғы себебі деп есептесе, Б.Спиноза ол дүниенің ең тікелей жақын себебі деген тұжырымға келеді.
Табиғатпен теңелген Құдай сонымен катар субстанция ретінде қаралады. Егер Р.Декарт Дүниенің негізінде екі бір-біріне тәуелсіз субстанция жатыр, ал олардың үстіндегі Құдай екеуін бір-бірімен үйлестіреді деген болса, Б.Спиноза Құдай мен субстанцияны бір-бірімен қосып, оларды табиғатпен теңейді. Сондыктан оның метафизикалық-онтологиялық негізгі формуласы — ол Құдай, иә Субстанция, иә Табиғат,өйткені оның бәрі - бірегей.
Табиғаттың өзі Құдаймен тең болғаннан кейін, онда «Жаратушы» жэне «Жаратылған» деген діннің негізгі ұғымдары керек болмай қалады. Субстанция, я Табиғат, Б.Спинозаның ойынша, «өзіне-өзі себепті» (causa sui - латын сөзі, себеп өзінде). Онымен бірегей Құдай ешқандай жаратушылық қасиеттерімен танылмайды. Осыған орай, Б.Спиноза деизмнің де негізгі қағидаларын теріске шығарады, өйткені ол, аз да болса, Құдайдың алғашқы сатыдағы Дүниені жаратқан қызметін мойындайды.
Табиғаттан жоғары Дүниені жаратқан Құдай болмағаннан кейін, Құдайдың өзі Табиғатпен тең болған соң, ол екі ұғымды пайдаланады. Ол «тудыратын табиғат» (natura naturans) жэне «туды-рылған табиғат» (natura naturata). Бірінші ұғым - ол интуитивтік ой елегі арқылы түсінілетін табиғат. Екінші ұғым - ол сезімдік білім тудыратын бізді қоршаған жеке заттар мен құбылыстар.
Б.Спиноза өзінің болмыс ілімінде Дүниенің бірлігіне аса көп көңіл бөледі. Оның негізінде бөлінбейтін субстанция жатыр. Ол -шынайы шексіз, абсолютті ұзақтық. Болмыстың екінші жағы - бір-бірінен бөлінген, сезім арқылы бізге берілген шектелген жеке заттар мен құбылыстар. Жоғарыда көрсеткендей, бірінші екіншіні тудырады. Егер субстанция мәңгілік болса, жеке заттар уақыт шеңберінен шыға алмайды, сол шеңберде өзгереді, туады, құриды.
Б. Спиноза нақтылы заттардысубстанцияның тудырған «модустары»ретінде қарайды. Заттар-модустар арқылы субстанция өз-өзін шектейді. Ал шектеу дегеннің өзі - ол терістеу (determinatio est negatio). Нақтылы заттың шектелгені оны басқа заттардан бөледі, өзіне ғана тән айырмашылығын тудырады. Сондықтан әр зат болмыста өзінің орнын алады, өйткені ол - сол зат, басқа оған толығынан ұқсас еш зат жоқ. Сонымен қатар ол бейболмыста, өйткені басқа жағынан алғанда анықталмайды.
Субстанцияның модустарынан басқа бірнеше атрибуттары (қасиеттері)бар. Олар - созылу (extensio) жэне ойлау (cogitatio). Адам дүниені танығанда, оның осы қасиеттері арқылы нақтылықка жете алады. Сонымен Р.Декарттың екі субстанциясы Б.Спинозаның бір субстанциясының екі негізгі қасиеттеріне айналады.
Енді субстанцияның осы екі негізгі қасиеттеріне сипаттама берелік. Сонымен Б.Спиноза заттықтың негізгі қасиетін созылудан, яғни кеңістіктен көрді. Онда мынандай сұрақ ойымызға келеді: осы айтылған кеңістікте саны шексіз болғанымен, неше түрлі шектелген заттар қалай пайда болады? Оның негізгі себебін ойшыл қозғалыс пен тұрақтылықтан көреді, өйткені олардың бір-біріне деген қатынасы мен нақтылы шектелген заттарды құрайды. Расында да, әрбір заттың көлемі бар, ол бір жағынан, тұракты, екінші жағынан, үнемі козғалыста. Яғни қозғалыс пен тұрақтылық субстанцияның созылу қасиеті мен нақтылы шынайы өмірдегі заттардың арасындағы дәнекер ретінде каралады.
Субстанцияның келесі атрибуты оның «шексіз ойлау қабілетіне» келер болсақ, ол - бүкіл табиғатқа тән нәрсе. Олай болса, Б.Спиноза бүкіл дүниені тірі деп есептейді. Мұндай көзқарасты гилозоизм (hileo - грек сөзі, зат, zоо - тірі) дейді. Тек адам ғана емес, сонымен катар барлық табиғаттың заттары мен құбылыстары әртурлі деңгейдегі тіршілікте, - дейді ұлы ойшыл.