Шәкәрім өлеңдеріндегі рухани-адамгершілік қағидалары

ШӘКӘРІМ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ҚАҒИДАЛАРЫ

Сен ғылымға болсаң ынтық, бұл сөзімді әбден ұқ,
Білгеніңнің жақсысын қыл, білмегенді біле бер.
Білген ердің бол шәкірті, білмегенді қыл шәкірт,
Үйренуге қылма намыс, үйретуге болма кер.
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген Шәкәрім Құдайбердіұлы келер ұрпағына мол мұра қалдырған ақын. Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілдеде Шыңғыс тауы бөктерінде қазіргі Семей облысының Абай ауданында дүниеге келген. Шәкәрімнің туып-өскен шаңырағына да қазіргі біраз жұрт қанық. Қанық болғанда Құнанбайды, Абайды оның ұрпақтарын білу арқылы таныс.

Құнанбайдың бір әйелінен – Құдайберді, екінші әйелінен Абай туған. Шәкәрім – Құдайбердінің кенже ұлы, шешесі Дәметкен. Яғни Шәкәрім – Абайдың жақын інісі. Абайдан 13 жас кіші. Абайдың ақын балалары Ақылбай мен Мағауиядан үлкен. Жас шақтарында бұлар бірге тәрбиеленген. Әсіресе Абай тәлімін тәрбиесін қатар меңгерген. Болашақ ақындардың балалық бесігі, ұшқан ұясы – Абай мектебі. Сонымен қатар ол ауыл мектебінде оқып, білім алады. Әкесі жас шағында қайтыс болғанымен, жетімдік көрмей, емін – еркін өседі. Құнанбай шаңырағының болашақ бір иесі есепті бетқақпай көрмей өседі. Оның үстіне, Шәкәрім жас шағынан пысық, ұғымтал, алғыр болған. Сондықтан оған Абай ерекше көңіл қойып, өз жанына жақын ұстайды.

Ойшыл ақын оңаша толғанып, өлең жазып, өмірдегі, айналасындағы болып жатқан әр қилы құбылыстар мен өзгерістерді бағдарлап, саралау үшін 1909-1910 жылдары Шыңғыстау өңіріндегі Шақпақ деген жерден сая табады. Көптеген шығармаларын ақын осы кезде жазады.

Сауатын ашып, жазу өнерін игеру, кітап оқу мүмкіншілігі жетілген кезден бастап, кемеңгер Абай оны терең білім алуға бағыттап отырады. Өз тарапынан Шәкәрім де білім салаларының ілкі басқыштарына тез жетіліп, ерекше үлгеріп, ынта-жігер көрсетеді. Бойына туа біткен талантын да ерте танытады. Есіткенін ескергіштік, айтқанды тез ұғып алғыштық, ерекше ынта-жігерлілік байқалмай, есті адамдардың назарына ілінбей қалмайды. Әсіресе оқығанын тез жаттап алғыштығы. Абай ағасының шығармаларын оқып, жадында ұстағыштығы ерекше көңіл аудартқан. Шәкәрімнің өмір жолын, шығармашылығын зерттеуші Қайым Мұқаметхановтың жазуы бойынша, Шәкәрім 7 жасында-ақ ақындығынан белгі берген. Алғашқы өлеңін әкесінің өліміне байланысты шығарған. Өлеңге әуестігі ерте оянғаны ақынның өз сөздерінен де байқалады. Әуелі домбыра, гарьмонға қосып қосып дағдыланған. Қол шеберлігімен, түр ою, сурет салу өнерлерімен де ерте айналысыпты. Шәкәрімнің ақын болып айналасына танылуы 15-20 жас шамасы. Ал өздігінен ізденіп ғылымға берілуі де, өнерге ден қойып, жазушылыққа бел бууы одан кейінгі кезең еншісі. Содан әрі қарай ел аралап, ірі қалаларда болып, кітапханаларда отырып, өткен-кеткен тарихқа үнілу, тіл үйрену, ақылдың, азаматтық кемелдену баспалдақтары биіктей берген.

20-30 жастар шамасында жазған өлеңдерінің көпшілігін Абайға тікелей еліктеп шығарады.

Жастық, махаббат тақырыптарына жазған шығармалары Абай өлеңдеріне әсіресе көбірек ұқсайды. Рас ара – тұра гауһар, лағыл, пейіш, хор қызы, ай, жұлдыз сияқты халықтық теңдеулерді қолданады. Бірақ ғашық жарға деген жүрек сырын, ақ – адал ниетін, бойын билеген шын сезімдерін ұстазынша жырлайды.Шәкәрім өмірінің біраз жайы өз шығармаларында, әсіресе, «Мұтылғанның өмірі» деген поэмада жазылған.

Жасынан – ақ өлең жазуға машықтанған Шәкәрімнің алғашқы кезде жазған өлеңдерінің тақырыбы – жастық, махаббат, ауыл жастары өмірінің жақсысын насихаттап, нашарын сықақтап өлеңдер жазады. Шәкәрімнің алғашқы кітабы – 1912 жылы Семейде «Япдам» деп аталатын татар баспасынан шыққан «Қазақ айнасы» деп аталатын өлеңдер жинағы. Ақынның өлеңдерінен айтайын деген ойын тура айтатын Абай әңгімесін мирас еткені байқалады… Сондықтан өзі талай елдерді аралаған, қажы атанған ақын, «Тәңір-Құдай» деген сөздерді тура қолданады, кейбір баспадан шыққанда ондай сөздерді алып тастап, баспа өз ойларынан сөздерді алып тастап, баспа өз ойларынан сөздер қосқан.

Шәкәрімнің жан – жақты қаламгер болып қалыптасуына қазақ халқының бай ауыз әдебиеті, Шығыс пен Батыстың әдебиеті, сонымен бірге замандасы әрі ағасы ұлы Абайдың құдіретті де қуатты поэзиясы тікелей әсер етті. Шәкәрім қазақ әдебиетінде Абай қалыптастырған реалистік дәстүрді жалғастырушылардың бірі болды. Сол дәуірдің қоғамдық – саяси және әлеуметтік қайшылықтарын көре білуде, халықының қамын жеп, жастарға жол көрсетуде ол ұлы Абайдың талантты шәкірті болды.

Шәкәрім өмір сүрген дәуір қазақ халқы үшін күрделі кезең болатын. ХІХ ғасырдың екінші жартысы Қазақстанның қоғамдық – саяси, әлеуметтік – экономикалық және рухани өмірінде маңызды оқиғаларға толы болды. Мыңдаған орыс шаруаларының қазақ жеріне қоныстануы, қазақ даласын басқаруда енген өзгеріс көшпелі елдің өміріне жаңа экономикалық қатынастар әкелді. Тарихи – әлеуметтік жағдай қазақтың әдеби, мәдени өміріне де әсерін тигізбей қалған жоқ.Шәкәрім шығармашылығы осы кезеңге тұспа-тұс келді. Халқының мұңын жырлап, адам бойындағы игі қасиеттерді қастерлеп, өлеңдерінің өзегі ету- Шәкәрім лирикасының басты мұраты еді. Ақын айналасындағы жайттарды тек жырлап қана қойған жоқ, ол барлық нәрсеге терең бойлап, жамандығынан жирене біліп,жақсылыққа ұмтыла білді.

Шәкәрім – суреткер жазушы, атақты ақын. Бай да маңызды мұра қалдырған, өзіндік творчестволық жолы айрап жатқан сирек кездесер таланттың бірі.

Шәкәрім – осы тарихи кезеңнің талантты перзенті. Бұл жағынан ол халқымыздың зиялы қайреткерлері Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Омар Қарашев, Бернияз Күлеев, Шәңгерей Бөкеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұқамеджан Сералин тағы басқаларымен тағдырлас күрескер болды. Туған халқының мәдениеті, азат ел болып, еркін еңбек етіп, бейбіт өмір сүруін армандады. Сол үшін жан сала күресті, сол мақсаттан жазушылық арнасын тапты.

Шәкәрім терең ойға құрылған, күмістей жарқын жырлар жазуды мақсат тұтқан. Өлең сөздері мыс араласпаған таза күмістей, тереңнен толғап, жүрек сырын шертерліктей болуын, ұйқасы жатық болуын көздейді. Кейде ол Абай шығарған өлең өлшемдерін, шумақ түрін, ұйқастарын қолданып жырлайды.

Қырық жасқа дейін Шәкәрім ел жұмысымен айналысып дала, қара жайларын өз көзімен көріп, ондағы әр түрлі тартыстар, қайшылықтар сырына үңіледі. Бөтен жұрт өмірін, мәдениетін білуге, ғылым жетістіктерін тануға талап қылады. Білім мен мәдениет, өнер салаларының жетістіктеріне назар аударады. Қазақ қоғамындағы үстемдер өктемдігіне, надандық кесепаттарына, қулық – сұмдықтарға қарсы шығады. Әділдік, адамгершілік, мәдениет, оқу – білім ұрандарын жырлайды. Айтып, уағыздап қана қоймай шамасы келгенінше, өзінің ізгі ойларын іске асырып та жүреді, Халықты жақсылыққа үндеп, ар – ұят сақтауға, жоқ – жітікке қарасып, қайырымдылық жасауға тырысады. Жиырма бес жасында болыстыққа сайланған тұсын еске әділ басшылық, ізгі әкім үлгісін көрсетем бе деп қиялдаған кездері де болды. Бірақ ол ойларын іске асыра алмайды. Керісінше, өзінің ырқымен жұмыс жүргізу мүмкін емес екеніне көз жеткізеді.Болыс болған кісі жоғары ұлықтар әмірін орындап отыруға тиісті болады. Ал бұл оны азаматтық еркінен айырып, әкімдер құлына айналдырады. Өзі қаласын – қаламасын, басқа болыстар сияқты, жемтікке қонған күшігіндей бұл да алым алып, салық салуға мәжбүр.

Басқа елдерде саяхат шегу ілімге, білімге зәру, өнерге сусап барған ойшыл дарынға үлкен әсер етеді. Ол аздап орысша, түрікше, арабша, парсыша білгені болмаса, батыс тілдерін білмейтін еді. Әйтсе де, зерек ақын әуелі тілмаш арқылы,кейін аударма сөздіктер арқылы өз бетімен оқығандарын түсінетін дәрежеге жетеді. Ол көзбен көріп, құлақпен естігендерін, оқып білгендерін көңіліне мықтап тоқиды.

Өнер – білім жолына белін бекем буады. Қайда білгір ғалым, өнер өрнектері бар десе, соның жөнін тануға асығады. Өмір, өнер, қоғам, жан, тән туралы жаңаша байыптай бастайды. Өз халқының болашағын ойлап, өткен-кеткеніне көз жібереді. Тарихына үңіледі. Шығыс, орыс, Батыс классик әдебиетін шұқшия зерттей оқиды. Абай мұраларына қайта үңіліп, оның тереңіне бойлап, асыл сырына қаныға түседі. Оқыған шығармаларының халқына үлгі болар дегендерін қазақ тіліне аударады.

Халық поэзиясы жасаған қаһармандық бейнелер мен лирикалық сюжеттер ақынның көңіліне қонып, жүрегіне берік ұялайды. Нәтижесінде: «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» лирико-эпикалық дастандарын жазады. Дастандардың оқиғалары сол заман әдет – салтына негізделіп, сенімді баяндалады. Кейіпкерлерінің ішкі сезіміне құрылған оқиға өрісі жинақы да әсерлі шығады.

Абай сияқты Шәкәрім де: Гоголь, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Тургенов, Толстой, Некрасов, Салтыков – Щедрин т.б. алыптарды оқып, көзі ашылып, көкжиегі кеңіген. Ол ар – ұждан, жақсылық, әділдік, кісілік жолын нұқсайтын шығармалар жазды. «Насихат», «Тойымсыз нәсіп», «Өлген көңіл – нысапсыз өмір», «Талап пен ақыл» және т.б. өлеңдері («Қазақ айнасы» жинағы) мен «Бояулы суыр», «Қанішер мен бөдене», «Ақылшы торғай», «Қасқыр, түлкі, бөдене» сияқты мысалдары сондай туындыларға жатады. Оларда әр кез ар – ұждан, адалдық, шындық жолы жеңіл, жұғымсыздық, әділетсіздік әшкере болып, мазаққа айналады.

«Алмас қылыш жатпайды қын түбінде» демекші қара күш қанша құлыптап ұстаса да, қара құлыпты қақ жарып, өнер нұры жарқ етті.

Иә, өнерді қапаста ұстауға, немесе мүлде жойып жіберуге болмайды деген осы. Шын көркем туынды мәңгі өмір сүреді. Ол өзінің иесіне – халқына қайта оралады екен. Кезінде жасампаз жақсы жырларымен елге әйгілі болған жазықсыз ақын ақталады. Атақты ақынымыз Шәкәрімнің асқақ үні ұзақ жылдар бойы өзін аңсап күткен қазақ даласын қайта жағыртты. Жақсылықтың жаршысы, ақыл – парасаттың кемел иесі, адамгершіл ақынның жарқын жырлары халқының игілігіне қайтарылады. Шәкәрім оқу, өнер – білімді уағыздай отырып, оған да сын көзбен қарау керектігін айтады. Шын ғылым, нағыз ғалым болады, соны тап та, содан айрылма, ал дүниені бұзатын жалған ғалымнан, залым оқымыстыдан аулақ бол деп кеңес береді.

Шәкәрім лирик ақын ретінде адамгершілік, өнер – білім, болашақ өмір, жастық пен махаббат туралы жазған өлеңдерімен әдебиет әлемінде өшпестей із қалдырды. Ақын қалдырған асыл қазынаның тақырыптық ауқымын, жанрлық кеңдігін көркемдік ерекшеліктері мен өзіндік тілдік шеберлігін ғалымдарымыз жан – жақты зерттеп, дәйекті тұжырымдап, бүгінгі рухани азығына айналдырып отыр. Жас ұрпақты рухани – адамгершілікке тәрбиелеуде бұрынғы ата – бабаларымыздың асыл мұраларын, өсиетті сөздерін, ғибраттарын алдымызға жайып саламыз. Өйткені адамгершіліктің ақ туын жоғары ұстаған бабаларымыздың тәлім – тәжірибесінің, ұстаған қағидаларының жас ұрпаққа берері мол. Сонау атадан келе жатқан ұлттық құндылығымыз. Рухани – адамгершілік байлығымыз. Абай, Шәкәрім аталарымыздың шығармаларының тұнығы осы рухани тәрбие. Ғасырлар бойы Абай тәлімі адамзатты адастырмай алдына жарық салар шырағданы болды. Абай ізін жалғастырушы адамдық жолын айнытпай танытқан Шәкәрім жырлары бүгінгі ұрпақтың бойтұмары болмақ. Шәкәрім өлеңдерінің тақырып ауқымы өте кең. Соның ішінде ойып орын алар тақырып – рухани адамгершілік мәселесіне қатысты ойлары. Ол адамгергершілік ар-ұяттты жоғары қояды. Оның өлең жолдарынан кісіліктің келбетін танытар асыл қаситтерімен сусындауға тұту, бауырыңа тарту бұл да адамгершіліктің жоғары түрі. Осы Шәкәрім өлеңдерінде қалай көрініс тапқан?

Бұл тұрғыда Шәкәрім атамыз: «Ойлансаң, барша адамзат – туған бауыр»- дейді. Ол өлеңдерінде қазағым, ұлтым, алашым деп өз жұртын бүйрегіне бұрса, барша адамзатты бауыр тұтады. «Анадан алғаш туғанымда….» өлеңінде:

Еңбекке шыда, ебін тап та,

«Сабырдың түбі – сары алтын».

Өзімшіл болма, көпті ардақта,

Адамның бәрі – өз халықтың.

Ынсап пен мейірім, әділетті,

Жаныңдай көріп, жан сақта.

Ол жолда өлсек неміз кетті,

Мақсұтқа жетпей қалсақ та. - деп туған жұртына өнерге ұсынады. « Ақын кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек анық бақ» деп білді. Оның өзі де «Жолама қулар маңайға» өлеңінде:

Адамдық борыш ар үшін,

Барша адазат қамы үшін

Серт бергем еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін – деп өз өмірінің бүкіл мәнісі еңбекте жатқанын айтады. Ал, «Адамдық борышың» өлеңінде бұл идеяны тиянақтай түседі.

Шәкәрім шығармашылығын оқығанда Абайдың терең ойлы маржан сөздерін еріксіз түсіреді. Ол – заңдылық. Абай атамыздың «Рақымдылық, мейірбандық, әр түрлі істе адам баласына өз баласына өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» деген афоризм боп қалыптасып кеткені. Осы өзгеге жақсылық жасау, мейірімді болу идеясы Шәкәрім поэзиясынан қалайша орын алады? Бұл ой, әсіресе, ақын өлеңінде айқын білінеді. Ол су, от, жел секілді ұғымдардың екі жағын, екі түрлі қасиетін салыстырмалы түрде жырлайды да, соның айналаңа пайдасы болар жағын қала дегенді айтады.

Сусағанның сусыны бол су сықылды сұп-сұйық

Бірақ ондай болма салқын ел көңілін қалдырып.

От сықылды жылы болсын сөзіңіз бен жүзіңіз.

Бірақ ондай махаббатсыз болма өртеп жандырып.

Жел сықылды желпі жұрттың шаршағанын талғанын

Жықпа үйін, болма құйын, қылма жаман аманын

Жер сықылды пайдалы бол, пайдаласын ел сенен

Тасты жердей болма қатты, тілме жұрттың табанын, – деп насихат айтады.

Шәкәрімнің «Үш анық» атты еңбегінде ынсап, әділет, мейірім үшеуі қосылып, ұждан, ар, ақыл сөздері жиі кездеседі.

Ақыл білім осындай ар жақтарлық

Айласыз, өтіріксіз жан сақтарлық

Үзіп – жұлып ұятсыз атанбай – ақ,

Ақылмен жол табалық ел бастарлық, немесе

…Ғылымсыз болса ақыл тұл

…Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр.

…Дұрыс деме құр сөйлеп

Ақылға санат, сабыр қыл, десе ар туралы

Ақ жолдан айнымас

Ар сақта, оны біл,

немесе

Арың сатпа, теріңді сат, адалды ізде

Ғибадат пен адалдық ар үшін жи,- деп адамды нұрландыратын ақылы, не нәрсені де ақылға жеңдірсең адаспассың, бірақ ғылымсыз ақыл кем десе, ар-ұжданның ақ жолдан айнытпас серігің болатынына сенім білдіреді. «Ақылды болсаң арыңды сақта, ар-ұят керек әр уақытта» деп ар- ожданды қастерлеп, оны адамгершіліктің туы санайды.

Шәкәрім лирикасын қуаттандырып ,нұрландырып тұрған көркемдегіш құралдардың түлері көптеп кездеседі.

Шәкәрім лирикасында бейнелеу құралдарының бірі-теңеу мол қолданылған.Мысалы:

Гауһардай көзі,

Бұлбұлдай сөзі,

Жаннан асқан бір пері.

Жүзі бар айдай,

Мінезі майдай ,

Өзгеден артық сол жері. (Жастық туралы)

Сондай –ақ теңеудің «сықылды» сөзінің көмегемен жасалған түрі бар.

Сусағанның сусыны бол.

Су сықылды сұп –сұйық

….От сықылды жылы болсын

Жүзіңіз бен сөзіңіз……….

Ақын поэзиясының көркемдік қуатының бір жағы эпитетті шебер қолдануында.

Мысалы: Шын қасиет соларда

Дегенім күнә болар ма

Құбылма мінез, тайғақ ой

Екі сөз болмас оларда (Анық асық әулие)

немесе …..Саналы шерлі жүректі

Сары алтынға малған күн (Ақылдан ойға сыр тарап) деп көптеп келтіре беруге болады.Шәкәрім эпитетті қолдану арқылы ұғымға,нәрсеге бейнелілік нақтылық сипат беріп тұр.

Шәкәрім жырларын оқып отырғанда қазақтың мақал –мәтелдері, нақыл сөздері, тұрақты тіркестер ,өлең сөздерімен ұйқасын тауып,өлеңді нәрлендіре түседі. Мысалы, «есің барда еліңді тап», «Өлімнен ұят күшті», «Сабырлық түбі сары алтын», «Ит иесін қаппайды», «Ақ ісіңе адам жақ», «Жетім бала иесіз, өзі кесер кіндігін», «Шел басыпты көзімді», «Иіс білер мұрын жоқ», т.б.

Адам үшін-еңбегім

Өмірден барлық тергенім

Қалағаның қарап ал,

Мұрам сол, жастар, бергенім,-деп Шәкәрімнің өзі айтқандай, ақын ұрпағына рухани азық боларлық мол мұра қалдырды. Оның қарымды қаламынан көптеген өлеңдер, дастандар, мысалдар, нақыл сөз, әңгіме, проза, қара сөздер, аудармалар туды.

Адамдық борышың-

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да, білім мен өнер үйрен:

Білімсіз,

Өнерсіз

Болады ақыл тұл.

Мақтанға салынба,

Мансаптың тағы үшін,

Нәпсіңе билетпе

Басыңның бағы үшін.

Өміріңді сарп қып өлгеніңше,

Жоба тап,

Жол көрсет,

Келешек қамы үшін.

Қайтадан қайырылып

Қауымға келмейсің,

Барыңды,

Нәріңді тәңірлікте бергейсің,

Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,

Шын бақыт,

Осыны ұқ,

Мәңгілік өлмейсің!

Ақын өлеңдеріндегі оның сөз қолданысын, өлең құрылысын ашып, айқындап көрсетуде де, жыр жолдарының сындарлығын ажарландырып, оны сан қырландыра түседі.. Ақынның өлеңдері-зерттеп талдауды, талдай беруді сағынып тұрған әр сипатынын аша беруге тоймайтын бай материал.

Егер әр халықты оның ақынынан танитын болса, ақынды танытатын поэзиясы екені айқын. Ал өлең болса, барлық поэзияның жаны, қимыл-қозғалысы дер едік. Ол-ғайыптан пайда болғандай, сөз сүлейінің сырлы ағыны, жүректі жандырып, жан-жүйеңді тербеп, көңілдегі табиғат рухының бейнелі елесі. Міне ,осы сипаттың бәрін өмірдегі шынайы бейнесі, жан дүниесі, кеудесі шалқақ, асқақ пенде, өз дәуірінің асыл ұлы, төңкерісшіл, әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі Шәкәрім атамыз.

Шәкәрім өлеңдерінің негізгі объектісі – адам.Ол адамды жақсылыққа жетелеп, жақсы қасиеттерді қалыптастыруға ұмтылды. Адам мінез – құлқындағы салақтық, еріншектік, бойкүйездікті сынады. Бұл тұста оның «Сәнқойлар», «Қылжақпас», «Еріншек» деген өлеңдерін жазды.

Мысалы:«Еріншек» өлеңінде:

Еріншектен – салақтық,

Салақтықтан – надандық…

Бірінен-бірі туады,

Жоғалар содан адамдық, – деп надандықты, еріншектікті сынап, адам деген атыңа қалам десең, күн-түн демей ғылым ізде дейді.

Шәкәрім адамның өмірін үш кезеңге бөледі, Өмірдің басы – бала, ортасы – жастық, содан соң – қарттық шақ. Осының ішінде ең қуатты шақты ғылымға арнауды насихаттайды.

Ең керекті дегенің ортаншы өмір

Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.

Қапы өткізбес сол кездің бір сағатын

Өкініші қалмайды кетсе ағаттық

Күні – түні дей көрме ғылым ізде

Қалсын десең артыңда адам атың – дейді

Қай ғылымды білсеңіз де

Қазір оны елге жай.

Құр ішінде кеткеніңше

Пайдалансын өзгелер, – деп Шәкәрім атамыз жас ұрпаққа алған білім,ғылымыңды келешекте халқыңа қызмет етуге жұмсау адамдық борышы екенін баса айтады.Ақынның адамгершілік туралы ойларының қай- қайсысы да өсиет,үлгі ретінде келеді.Абай айтқан:

Талап ,еңбек,терең ой,

Қанағат ,рақым ойлап қой,-дегендегі талаптың Шәкәрім орынсыз жерге

ұмтылмайтын алты түрлі ноқтасы бар екенін айтып,олардың қызметін жайып салады.

…….Ынсап,рақым,ар,ұят,сабыр,сақтық

Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.

Ынсап деген аспайды,кем қалмайды,

Орнын таппай ол,сірә,қозғалмайды.

Рақым жақсы көреді аяғанды,

Адамға қаттылықты ойға алмайды.

Ар демек –адамшылық,намыс деген,

Арың кетпес жағыңа қарыс деген.

Теріс ұғып жүрмесін мұны біреу,

Сөз емес күншіл болып,алыс деген.

Сабыр деген-әр іске шыдамдылық ,

Қатты керек адамға бұл бір қылық

Қол жетпей талай жан ізденеді,

Осыдан көп шығады адамшылдық.

Сақтық деген-әрқашан байқап жүрмек,

Пайда ма, не залал ма,ескерілмек.

Өргенін,естігенін есепке алса,

Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек.

Шәкәрім өлеңдері уағыз,насихат ақыл-кеңес түрінде келеді.Көбіне бұйрық райлы формасында көп кездеседі.Мысалы: «еңбекке шыда», «ебін тап», «өзімшіл болма», «көпті ардақта», «сусыны бол», «арың сатпа» тағы басқалар.

Еркіндік аңсап шын сүю,

Жирену ,мақсат,ой түю,

Қуаныш,қайғы,күлкі ашу,

Денесі сау боп,жанып-күю

Жансыздан бұлар шығар ма?-деп адамның барлық әдемі және қуатты қасиеттері оның жанын да орналасқандығын,ол адамның барлық сырлы сезімдерінің асыл қасиеттері мен қабілеттерінің қайнар көзі екендігін дәлелдейді.«Адам немене?» өлеңінде Шәкәрім былайша ой сабақтайды.Білімі кемелденген,ғылымы зымырап алға кеткен Еуропа жұртын азғындық билеп,әділетсіздік өршіп айуандықтан ұзай алмай тұрғандығын көлденең тартады алдыға

Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,

Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес,-деп түйеді.

Өмір және ақындық тәжірибесі толыққан кезде Шәкәрімнің ерекше тоқталатын тақырыптарының бастысы – адам тағдыры,адам өмірінің мәні. Бұл тақырып «Адамшылық», «Адамнан артық жәндік жаралмаған», «Адам немене?» деген өлеңдерінде көрініс тапқан.

«Адамшылық»өлеңінде:

…Мейірім – жақсы,зұлымдық жаман дейсің,

Қасқырлыққа қайтесің құр дөңгелеп?

Жаны ашып жәрдем қылмай өткен адам -

Өсіп, өшіп құлаған бір бәйтерек,- деп түйін жасайды.

Ақынның «Ғайсадай жан беретін таңның желі», «Дүние мен өмір»өлеңдерінде дүниенің өзіндік ерекшеліктері,адам дүниетанымының өзіндік даралығы көрінеді.

Ғайсадай жан беретін таңның желі,

Қайғымды желге ұшырып,тірілт мені!

Ақылым кәрілікке жабырқама,

Талпынып тағы да ақтар дүниені, – дейді ол.Бұл өлеңінде өзінің өмірге деген пікірін, көзқарасын айналадағы ортамен,табиғатпен байланыстыра отырып суреттейді. Таңғы желге қайғысын жоғалтуды,ақылына кәрілікке жабырқамауды,қайратына әр нәрсеге қарсы тұруды,тіліне барша жанға пайдалыны айтуды тапсыра отырып,ақын заманға үн қатады.

Не үкімет, немесе қауымды алдап,

Арсыздықпен не болар алған шені?! – деп аяқтай келіп,қоғамға да,адамға да қажетті сауалды жолдай келіп,заманындағы қулық сұмдық,бетперделік көріністерді жария етіп,оны шешудің жолы – адамгершілік пен әділеттілікте деп меңзейді.

Күнделікті өмірде кездесіп қалатын мейірімсіздіктен, қатыгездіктен, дөрекіліктен құтқаратын киелі кітап Абай,Шәкәрім жырлары болмақ.

Аталарымыздың асыл сөздерін аяқ асты етпей,ардақтай біліп,өмір ұстанымы етсек толыққанды азамат боларымызға еш күмән жоқ.Олай болса,қайтсек адам болмақпыз? Бұл сұраққа Шәкәрімнің тқмендегі өлең жолдарымен жауап беруге болады:

Жаман әдет тастауға ұнасалық!

Мына мінез қалай деп сынасалық!

Тұп-тура бетімізге айтысалық!

Ашуланбай,ақылмен шыдасалық!

Кейде бірге жүрелік,кейде ойналық!

Ойнап,күліп кешікпей ой ойлалық!

Ойынымыз аз болсын ойымыз көп!

Ойдан талап етпеген іс қоймалық!

Білімді неге ойға көп көрелік!

Ақтан тауып несіпті жеп көрелік!

Артық жолыңды таба қалсақ,

Біз дағы алушыға тек берелік!

Демек, келешек жас ұрпақ идеялы да берік, еңбек сүйгіш те ақжарқын, күрескер де батыл, абзал жанды имандылық, адамгершілігі мол мұрагер етіп, тәлім-тәрбие беру ісінде ақын өлеңдерінің құдіреттілігі құрал ретінде қолданыла береді.

Иә, қорыта келгенде ақын өлеңдерінің басым көпшілігі рухани адамгершілік қағидаларға толы десек артық айтпаған болар едім Шәкәрім мұрасы жан-жақты зерделеуді тілейтін асылдарымыздың санатында

Адамгершіліктің ақ туын жоғары ұстаған Шәкәрім атамыздың тәлім – тәрбиесінің, ұстаған қағидаларының жас ұрпаққа берері мол. Сонау атадан келе жатқан ұлттық құндылығымыз рухани – адамгершілік байлығымыз.

Міне, осы сипаттың бәрін өмірдегі шынайы бейнесі, жан дүниесі, кеудесі шалқақ, асқақ пенде,мейірімді,әділ,адамгершілігі мол жас ұрпақтың бойында қалыптасқанын тілеген Шәкәрім өлеңдерінің тұнығы-рухани тәрбие

Жоспары:

Кіріспе бөлімі:

Шәкәрім –суреткер жазушы,атақты ақын.

Негізгі бөлім:

а) Шәкәрім өлеңдеріндегі рухани-адамгершілік қағидалары.

ә)Шәкәрім өлеңдеріндегі көркемдегіш құралдар

б)Шәкәрім өлеңдерінің негізгі объектісі – адам.

Қорытынды бөлім

Шәкәрім өлеңдерінің тұнығы-рухани тәрбие

Атырау қаласы Исатай ауданы Нарын орта мектебінің 9-сынып оқушысы Қаденов Данабектің «Шәкәрім өлеңдеріндегі рухани-адамгершілік қағидалары» тақырыбына жазылған ғылыми жұмысына

Аңдаухат

Зерттеу мақсаты: Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдеріндегі

рухани-адамгершілік қағидаларымен

танысу,өлеңдеріне талдау жасау

Гипотеза: Шәкәрім өлеңдеріндегі рухани – адамгершілік

қағидаларын жастарға үлгі ету.

Шәкәрім жырларының бүгінгі таңда тәрбиелік

маңызы зор екендігін дәлелдеу.

Зерттеу кезеңдері: - тақырыпппен танысу;

- тақырыпты талдау;

- ғылыми жетекшімен пікірлесу.

Зерттеу әдістемесі Сараптама

Зерттеу жаңалығы: Мектеп бағдарламасына енгізілмеген деректер,мысалдар

Зерттеу нәтижесі: Зерттеуші Шәкәрім өлеңдерінің тәрбиелік маңызы зор екендігін талдап,көрсеткен.

Теориялық және практикалық маңыздылығы: -студентттерге,

-мектеп мұғалімдеріне

пайдалануға болады

-зерттеуді жалғастыру

Түйін:

1.Шәкәрім өлеңдерінің тұнығы- рухани тәрбие.

2.Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдеріндегі рухани-адамгершілік

қағидалары қаламгердің құр қиял дүниесіне жемісі емес, әдебиет-

тегі шынайы тәрбие көрінісі.

3.Ақынның пайдаланып отырған оқиғалары-өмір шындығы,оның не-

гізі айтар ойына,идеясына қызмет етеді.

Ұсыныс

Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Анадан алғаш туғанымда» «Сәнқойлар»,«Жастық туралы», «Адам немене?» өлеңдері оқу бағдарламаларына, оқулығына енгізілсе

Наши рекомендации